ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘӨК: ЖАБЫҚ ӘКІМШІЛДІК — АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАР МӘСЕЛЕСІНІҢ КӨТЕРІЛУІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘӨК: ЖАБЫҚ ӘКІМШІЛДІК — АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАР МӘСЕЛЕСІНІҢ КӨТЕРІЛУІ

С.Х. Байдильдина –
т.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ Отан тарихы кафедрасының доценті

Кеңестер Одағының әскери-өнеркәсіп кешенінің тарихын «қырғи-қабақ соғыстың» басталуымен өмірге келген жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдардың (ЖӘАҚ) пайда болу және даму тарихынсыз елестету мүмкін емес. Солардың бірі жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдардың ерекше категориясын құраған жабық қалалар тарихы. Ең алдымен, екі ұлы держава КСРО мен АҚШ арасындағы жанталаса қарулану жолындағы бәсеке барысында, екінші жағынан елдің қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында қалыптасқан осы құрылымдар туралы жазуға да, айтуға да болмайтын еді. Мұндай «мәртебе» ерекше құпия қаулылар негізінде беріліп, олар тіпті ел картасында да кездеспейтін.
Орта машина жасау министрлігінің қарамағында болған, жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл нысаналар «тар жол тайғақ кешуді» бастан өткерді.
КСРО әскери-өнеркәсіп кешенінің аймақтық бөлімі ретінде қалыптасқан қазақстандық жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдар тарихын зерттеп жазудың да уақыты жетті. Оны төмендегідей себептермен түсіндіруге болар еді:
1. ХХғ. 90-жылдарына дейін Кеңестер Одағында жабық, құпия болып келген тақырыпты зерттеу мүмкіндігі бүгінде анық болып отыр. Ол жаңа мұрағаттық қорларды пайдалану мүмкіндігінің тууы. Дегенмен, бұл жерде қазақстандық зерттеушілер үшін үлкен проблемалардың туындайтындығы да жасырын емес. Мәселеге қатысты мұрағат қорлары мен құжат-деректер толығымен дерлік Ресей Федерациясының орталық мұрағаттарында шоғырланған. Бұл белгілі бір қаражатты, іс-сапарларды қажет етеді. Ал соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасы Президенттік Мұрағаты мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында пайдалануға қол жеткізілген қорлардың тақырып төңірегінде берері шамалы.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенттік Мұрағатынан республиканың әскериөнеркәсіп кешенінің қалыптасуында шешуші фактордың бірі болған алғашқы қорғаныс өнеркәсібі зауыттары мен кәсіпорындары туралы мәліметтерді ғана кездестіруге болады. Дегенмен, бұл мұрағат деректерінің қорғаныс өнеркәсібі зауыттары мен кәсіпорындарының пайда болу және қалыптасу тарихын жазуға, осы өнеркәсіп орындарының республиканың ӘӨК-нің қалыптасуындағы ролі мен орнын анықтауға мүмкіндік беретіндігін, әрине, жоққа шығара алмаймыз.
Мұрағат деректері жекелеген кәсіпорындар мен өндіріс орындарының пайда болуы мен дамуын зерделеуге, республикадағы қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттарының қалыптасу тарихы туралы нақты мағлұматтар алуға және ӘӨК-не қатысты проблемалар кешенін оқып-үйренуде жаңа деректер мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді[1]. Тың деректерді ғылыми айналымға енгізу нәтижесінде «Қазақстанның әскери-өнеркәсіп кешені: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары» сериясымен жарық көрген мақалалар топтамасында әскери өнім шығарушы алғашқы зауыттардың тарихы, олардың елдің қорғаныс өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызы, соғыс жағдайындағы материалдық – техникалық ахуалы, әлеуметтік – тұрмыстық инфрақұрылымдары, проблемалар мен нәтижелерді талдау мүмкін болды .
2. Соңғы жиырма жылдықта көрші Ресей Федерациясында тақырып төңірегінде бірқатар іргелі зерттеулер жарық көрді. Оларда КСРО-дағы атом жобасының ғылыми, техникалық, материалдық проблемалары мейлінше жан -жақты ашып көрсетілген[2]. Бұрын құпия болып келген мұрағат қорларының бай деректері ғылыми айналымға енген. Аталмыш еңбектерде ҒЗИ мен кәсіпорындар қызметі зерделеніп, осы салада еңбек еткен адамдардың есімдері алғаш рет аталады. Уран проблемасы төңірегіндегі ғалым мамандардың, атом өнеркәсібінің жұмысын реттеп отырған мемлекеттік қайраткерлердің ролі айқындалады. Дегенмен, ол еңбектерде КСРО ӘӨК-нің басты буыны болып келген Қазақстан ӘӨК-і туралы ештеңе айтылмайды десе де болғандай. Демек, бұл қазақстандық зерттеушілердің еншісінде деген сөз.
Жалпы бұл проблема бойынша алғашқы еңбектер 1950-жылдардың соңы 1960-жылдардың басында-ақ ядролық қаруға ие АҚШ, Ұлыбритания, Германия елдерінде жарық көре бастаған. Олардың қатарында В.Гольдшмидт, Л.Р.Гровс, Р.Кларк, Х.Гастерсон, т.б. бар. Авторлар өз еңбектерінде алғашқы атом бомбасын жасау барысындағы проблемаларға, неміс физиктерінің сәтсіздіктерінің себептеріне, атом бомбасының әскери мақсатта пайдаланылуына ғана емес, сонымен қатар бейбіт өмірде қолданылуына тоқталады[3]. Х. Гастерсон еңбегі назар аударарлық. Ол ғалым физиктердің екі позициясын бөліп көрсетеді. Альберт Эйнштейн сияқты ғалымдар тобы адамзат санасы ядролық қаруды жасап, пайдалану үшін пісіп-жетілген жоқ, бұл салада зерттеулер жүргізу ертерек деп есептесе, екінші топ, керісінше, бұл бағытта жұмыс жүргізу қажет, ядролық қаруды пайдалану мүмкіндігі кезкелген агрессорды тоқтатудың басты құралдарының бірі деп есептеген екен.
3. Жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдардың зерттелу деңгейіне шолу жасай келе, көрші Ресей Федерациясында жекелеген жабық қалалар мен кәсіпорындар тарихының зерттеу нысанына айналғанын байқаймыз[4]. Оған негіз де бар. Кеңестік жабық қалалар феномені күрделі, әрі көп қырлы. Жабық қалалар тарихы субмәдениет (субкультура) ретінде қарастырылуда. Бұл қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымы ғана емес, ондағы тұрғындардың моральдық-психологиялық келбеті, өмір сүру салты да мүлдем басқа еді. Байқоңыр (Заря, Ленинск, Қызылорда-50, Ташкент-90 деген де құпия атаулары болған), Приозерск (Н.Хрущевтың «Наша ракета, можно сказать, попадет в муху в космосе» деп мақтанышпен айтқан сөздері осы Сарышағандағы құрылымға байланысты еді.), Курчатов (құпия атаулары – Москва-400, Семипалатинск-21), Степногорск (өте құпиялылығы себепті арнайы құжаттарда қаланың аты бірнеше рет өзгеріп отырған: Макинск-2, Целиноград – 25, Ақсу), т.б. жабық, құпия қалалары мен поселоктері болған еліміз үшін осы бағыттағы зерттеулер біздерге де қажет.
4. КСРО-ның күйреуімен ЖӘАҚ құпия болудан қалып, 1992 жылы Ресей
Федерациясының арнайы заңымен олардың тізімі бекітіліп жарияланды. Бұрынғы Кеңестер Одағының аумағындағы жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдар тізіміне шолу тақырыптың ауқымдылығы мен өзектілігін айқындай түседі. Егер Қазақстанда олардың саны 12-ні құраса, Өзбекстанда – 1, Қырғызстанда – 2, Тәжікстанда – 1, Латвияда – 1, Украинада – 7, Эстонияда – 2, Белоруссияда – 2 ғана болған[5]. Осы 12 қазақстандық ЖӘАҚ-дың ішінде ең болмағанда Курчатов, Байқоңыр, Степногорск, Приозерск сияқты ірі, әрі ел арасында белгілі болып қалған қалалар тарихын зерттеп – жазу бізге де қажет-ақ.
5. Тақырыптың өзектілігін айқындай түсетін тағы бір фактор – ол олардың ондаған жылдармен жалғасқан әлеуметтік-экономикалық, моральдық-психологиялық салдарлары мен зардаптары болмақ.
Қырық жыл бойы Семей ядролық сынақ полигонында жүргізілген сынақтар жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған табиғатқа орны толмас зиянын тигізіп, халық арасында түрлі аурулар мен өлімнің күрт өсуіне әкеліп соқтырды.
Семей мен полигонға жақын Павлодар, Шығыс Қазақстан Қарағанды облыстарының аумағы экологиялық апат алаңдары болып танылды. Аумақтағы қатерлі ісік аурулары, анемия, түрлі тері аурулары, қан және тамыр патологиялары, ерте қартаю, психикалық аурулардың жоғары деңгейі – полигонның қасіретті зардаптары. Ол зардаптар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.
2005жылдың 24маусымындағы Қазақстан Республикасы Парламентінің «Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағы тұрғындарының денсаулығын қорғау және әлеуметтік қолдау туралы» Анықтамасында сынақ зардаптарының деңгейі нақты да анық көрсетілген[6].
КСРО атом өнеркәсібінің ардагері, ұзақ жылдар Ұлттық ядролық орталықта қызмет еткен Жанболат Гильманов Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деп есіне алады: «Тәжірибе алаңында 113 жарылыс болды, оның 30-ы жер үстінде. Арнайы көпірлер салынып, танктер, самолеттер орнатылып, арнайы бункерлерге жануарлар орналастырылды. Жарылыстан кейін алаңға ғалымдар мен әскери адамдар келіп, радиацияның жануарларға әсерін зерттеуге кіріседі. Барлық радиоактивті шаң желмен бірге Шығыс Қазақстан аумағына қарай кететін… »[7]. Осы БАҚ- на берген сұхбатында Саржал селосының тұрғыны, сол жылдары радио байланысшысы қызметін атқарған Эмиль Эннер былай дейді: «Кезекті жарылыстан кейін екі көл пайда болды, кейін оларды «атом көлдері» деп атап кетті. Селоға қайтып оралғанда терісі қап–қара болып күйген үй жануарларын көретінбіз. Оларға қарау сондай аянышты еді. Байғұстар одан кейін ұзақ өмір сүрмейтін…».
Осылайша, Кеңестер Одағының тұтас ядролық кешенінің қалыптасуы мен дамуы, кеңестік атом бомбасы мен өнеркәсібінің пайда болу тарихындағы қазақстандық жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдардың орны мен ролін көрсету, нақтылау, жаңа мұрағат деректерін ғылыми айналымға енгізу, олардың тарихын жазып-зерттеу қажет деп ойлаймыз.
__________________________
1. Байдильдина С. Қазақстанның ӘӨК: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары (№ 621 зауыт) //Хабаршы. Абай атындағы ҚазҰПУ, №1(24), 2010. 36-40-беттер; Байдильдина С. ВПК Казахстана первые заводы оборонной промышленности «АЗТМ НКТМ СССР, начало 40-х гг. ХХв. //Казахстан — Спектр, №3, 2010, с. 126-131; Байдильдина С. «Қазақстанның ӘӨК: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары (Солтүстік Қазақстан облысы бойынша) ХХғ. 40жылдары// Материалы международной научно-теоретической конференции «Садыковские чтения» 24 сентября 2010г. Стр. 205-209; Байдильдина С. № 692 Ақтөбе рентген зауыты //Материалы международной научно-практической конференции «Касымбаевские чтения. 21 декабря 2010г.Стр. 206-210.
2. Симонов Н.С. Военно-промышленный комплекс СССР в 1920-1950-е годы: темпы экономического роста, структура, организация производства и управление. М.: РОССПЭН,1996.; Быстрова И.В. Советский военно-промышленный комплекс: проблемы становления и развития (19301980-е годы).Издательство: Институт российской истории РАН,2006.; Быстрова И.В., Рябов Г.Е. Военно-промышленный комплекс СССР // Советское общество: возникновение, развитие, исторический финал. 1997. Т. 2. С. 151.; Круглов А.К. Как создавалась атомная промышленность в СССР, М., 1995; Атомная отрасль России: события, взгляд в будущее. Ред. И.К. Ходаков. М., 1998.;
Котельников Р.Б., Тумбаков В.А. Атомный проект СССР — древо целей, ресурсы, усилия, результат (1945-1950 гг.) // Наука и общество: история советского атомного проекта (1940-1950 гг.). Вып. 2. М., 1999. С. 320-330; Новоселов В. Н. Создание атомной промышленности на Урале. Челябинск, 1999; Алексеев В.В. Атомный комплекс в контексте истории России. Екатеринбург, 1999, т.б.
3. Гольдшмидт Б. Атомная проблема. Политические и технические аспекты. М. Атомиздат 1964г. 180с.; Кларк Р. Рождение бомбы. М. Госатомиздат 1962г. 168с. //www.alib.ru/bs.php4?uid.; Гровс. Теперь об этом можно рассказать. М., Атомиздат, 1964 г. Сокращенный перевод с английского О.П. Бегичева; Гастерсон Х. Ливермор глазами антрополога // ВИЕТ. 1995. № 2. С. 88-105. //www.ecsocman.edu.ru/data/448/514/1219/Prog_Alexandrov.doc, т.б.
4. Ильин В.Г. Город как концепт культуры. Дисс.докт.социол. наук. Ростов-на-Дону, 2004; Рясков С.А. Социокультурное развитие закрытых городов Урала (Вторая половина 1940-х-середина 1980-х годов): Дис. … канд. ист. наук: 07.00.02: Екатеринбург, 2004; Кузнецов В.Н.Общественнополитическая жизнь в закрытых городах Урала (вторая половина 40 — середина 50-х гг.) Екатеринбург, 2004; Крамаренко В.Н. Государственная политика СССР по созданию и развитию закрытых административно-территориальных образований в 1945-1991 гг. (на материалах Нижнего Поволжья): Дис. … канд. ист. наук: 07.00.02: Астрахан-2007; Реут Г.А. Становление и развитие г.Железногорска (Красноярск-26) как закрытого административно-территориального образования атомной промышленности (1950-1991 гг.): монография / Г.А.Реут, А.П.Савин; КГПУ им. В.П.Астафьева. — Красноярск: КГПУ им. В.П. Астафьева, 2007. — 278 с.; Мельникова Н.В. Закрытый город: население и его менталитет (1950-1960 гг.): Институт истории и археологии УрО РАН, 2001.т.б.
5.ЗАТО на бывшей территории СССР. ru.wikipedia.org/…/Закрытое_административнотерриториальное_образование/.
6. Справка «Об охране здоровья и социальной защите населения, проживающего в зоне влияния бывшего семипалатинского ядерного полигона», 24 июня 2005г., Парламент Республики Казахстан. poligon.kz/certificate.shtml
7. И спустя 20 лет Семипалатинский полигон косит жизни и надежды …
www.yk.kz/news/show/4343?print

Резюме
Cтатья посвящена проблемам изучения истории закрытых административно-территориальных образований (ЗАТО) в Республике Казахстан. По мнению автора, данная проблема в недавнем прошлом считалась одной из наиболее закрытых тем в исторических исследованиях. Лишь в конце 1980-х годов, в силу открытия новых архивных фондов, стало возможным приблизиться к пониманию того, какую роль военно-промышленные комплексы (ВПК) играли в развитии экономики страны.
В Казахстане во второй половине ХХ века были созданы крупнейшие предприятия ВПК, построены центры, закрытые города с соответствующей инфраструктурой.
Исследование истории ЗАТО особенно актуально в наши дни, поскольку указанная тема широко исследуется и изучается в открытой печати на постсоветском пространстве.

Summary
The article is devoted to the formulation of the problems of studying the history of closed administrative and territorial entities in the Republic of Kazakhstan. According to the author, the problem in the recent past was one of the most closed topics in historical research. Only in the late 1980’s, by the opening of new archives, it became possible to approach an understanding of the role the defense industry played in the development of the country’s economy.
In Kazakhstan in the second half of the twentieth century were created by the largest enterprises of the MIC were constructed his points, closed the city with adequate infrastructure.
The study of history BUT especially true today because this issue is widely studied and taught in the open literature on post-Soviet space.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *