ТҮНГІ ҚОНАҚТАР

ТҮНГІ ҚОНАҚТАР

Рымғали Нұрғали

Үшеуміз. Үлкеніміз — Амантай Сатаев. Драматург – жазушы. Ұзын шашын шалқасынан қайырған, кісіге күлімсіреп қарайтын, екі иығына екі кісі мінгендей деп мақтайтын дәудің өзі, шойындай ауыр қолдарымен бір салып қалса, кез келген адамды шөке түсірер еді. Мінезі жұмсақ, ешкімге әлім жеттік жасамайды, ой қуатын да, бой қуатын да бүгіп қалып, кімді де болсын еркелетіп отырады. Адамды кемсітпейді, кекетпейді, қорламайды.
Ортаншымыз – Рамазан Тоқтаров. Романист – прозашы. Бұл да иықты, мойны жоқ десе де болады. Қап-қара шаштары бұйра-бұйра болып, кейде иығына дейін төгіліп жүреді. Аяқ астынан шар етіп күліп жібергенінде, тосын адам шошып та қалуы ықтимал. Әсіресе біреудің кемшілігін, білместігін көргенде үндемей қалу, кешіре салу деген жоқ. Не бетіне айтып салады, өзі жоқ болса, сыртынан сөз етуден де қашпайды. Олқылық атаулыға шегі қатқанша, санын шапалақтап, айқайлап тұрып күліп, өзінің де, өзгенің де айызын қандырады. Оған ілесіп, қалай мәз-мейрам болып отырғаныңды сезбей қаласың.
Алматыдағы опера және балет театрының қарсысындағы әйгілі қонақүйдің үшінші қабатындағы үйреншікті жерімізде ұзақ отырып қалталарымызды түгел қағып бітіріп, одан кейін таныс сатушыға қарызға батып, буфет жабылатын болған соң, бір-бірімізді қимай, олай-бұлай айналсоқтап жүріп, үйді-үйімізге де қайтпай, таусылмайтын әңгіменің қызығы да аяқталмай, бойдағы қызу да басылмай тұрған бір сәтте Амантай:
— Әй, шалдар, маған бір идея келді, — деді.
— Қандай идея? — дедік екеуміз бірдей.
— Айтқаныма көнсеңдер…
— Көнейік.
— Иә, көнейік.
— Ендеше мен сендерді бір жерге қонаққа апарам. Қайда барамыз, оны сұрамайсыңдар. Уәде ме?
— Түн ортасында қайдағы қонақ?
— Келіншектердің біреуінің үйіне апарсаң, жақсы болар еді.
— Ал, кеттік.
Жүріп келеміз. Көлік тоқтайтын түрі жоқ. Оған төлейтін тиынымыз да жоқ. Күләш Байсейітова көшесімен төмен түсіп, консерваторияға таяғанда, солға бұрылып, тартып келеміз. Көп жүрген де жоқпыз. Кімнің үйі, қайда барамыз — әлі белгісіз. Сырттағы жұрт Актерлер үйі деп атайтын ғимаратқа келіп, жоғары қабатқа көтерілдік. Амантай қоңырауды шырылдатып тұрып басты. Бірталайға дейін жауап болмады. Тағы зарлатып басты. Ар жақтан жақтырмай келе жатқан адамның дыбысы білінді. Шаңқ ете түскен әйел дауысы естілді:
— Бұл кім екен? Кім? Кто там? Вам кого? Так поздно… Кінәлі адамдай дауысын жұмсартқан Амантай:
— Бұл біз ғой, біз, жеңгей. Мен – Амантай Сатаев.
Ауыр есік сықырлап ашылып, аржағындағы әйел жүзіндегі әбігер мен үрейін тез басып, бойын оп-оңай жинап, өзгерген қалыппен:
— Қорқып қалдық қой. Осыншама кештетіп… Мезгілсіз уақытта… Тым болмаса телефон соға салмадыңдар ма? – дегенде ғана Шахмет Хұсайынов пен Бикен Римованың үйіне келгенімізді біліп, әрі қысылған, әрі ұялған кейіппен Амантайға жақтырмай қарадық. Ештеңеге сасатын түрі жоқ сары дәуіміз ыржиған болады.
Дәлізде туфлилерімізді тастап, сырт киімдерімізді шешіп үлгергенімізше, бөлмелердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жана бастады. Үстіне жеңілдеу шапан, қолында таяғы бар Шахмет ағамыз аузын ашып, көзі күлімсіреп, бізге қарай аяқ басты. Түрі жүдеулеу екен.
— Оу, серілерім-ай, серілерім. Сен, Бикен, қызық екенсің. Маған отыз жыл қатын болғанда, сонша жыл актриса бола жүріп, әлі күнге дейін серілік табиғатын түсінбепсің-ау. Телефон соғу, күні бұрын хабар беру-ол анау Тәжібай баласы секілді шал-шауқандардың әрекеті емес пе? Сал-серілер қашан хабар беріп, ауыл-ауылға барушы еді? Оу, Бикен, баяғы серілерді айтпай-ақ қой, бүгінгі заманның серісі хабар беруші ме еді – деп өзі жазған көп пьесалардың бірінен монолог оқығандай мәз болған, қуанған күйде Шахаң бірімізден соң бірімізді құшақтап, шопылдатып бетімізден, тіпті шүршитіп ернімізден сүйіп, біздің келуімізді асыға, сағына күтіп отырғандай болды да қалды. Дереу залға қарай шақырды. Алғаш сәттегі қысылып- қымтырылған күйіміз, ұялғандай болған қалпымыз мынадай сөздерден кейін қолма-қол айығып, бойымыз жазылып, өзімізді еркін сезіне бастадық. Сонда да болса, Рамазан ұшқырлығына басып:
— Шаха, Бикен жеңгей, мезгілсіз уақытта келген берекесіз жүрісімізге кешірім сұраймыз. Тіпті мұнда келетінімізді білген жоқпыз. Мынау Амантай зорлап әкелді ғой болмай, — дей бастағанда, Шахаң саусағын шошайтып:
— Әй, Рамазан, мен сенің этикетке жүйрік екеніңді жақсы білем. Французша оқығаныңды әрқашан көрсетіп жүресің. Зейін Шашкин романын сынағанда да сол білімпаздығың қысты ғой, ә. Келгендеріңе қуанып қалдым. Кешірім-мешірім деген сөздерді қалтаңа салып қой, — деп сылқ-сылқ күлді, бір түйреп өтті.
Әуелде абдырап қалған Бикен жеңгей енді құстай ұшып, бәйек қағып, жүгіріп жүр. Стол үсті әп-сәтте түрлі дәмге, арақ-шарапқа толып кетті. Есік ашқандағы халат емес, үстінде сыйлы қонақтарды қарсы алғанда, салтанатты кештерде киілетін тығыздау, қызыл қоңыр матадан тігілген келісті көйлек, аяғында шәркей емес, қасықтай қоңыр күрең туфли, құлақта – сырға, саусақта – сақина, білекте – білезік, қырықтың ішіндегі сүйікті бәйбіше жайнап тұрған қалпымен отағасына мейірлі жүзбен бұрылып:
— Ал… – деп көзін сүзіп қарай берді.
Шахаң төрде өзі отыр. Жеңілдеу шапанын тастап, үстіне торкөзді пиджак киіп алыпты. Люстра сәулесі түскен кең де қасқа маңдайы жарқырап көрінеді. Жас кезінде сұлулардың есін тандырған әдемі келбеті алпыстың жуан ішіне кіргенде де тектілік сипатын сақтап қалған. Паң, асқақ, сабырлы.
— Иә, Бикен, сен не ұғып отырсың қәзір? – деп әйеліне сұрақ тастап қарады.
— Не ұғайын, қонақтар келіп, соларды күтейін деп отырмын.
— Одан басқа?
— Амантай болмаса, мына екеуі бұрын есік ашпаған.
— Одан басқа?
— Еркелегендері жақсы.
— Одан басқа?
— Сіз де көңілденіп қалдыңыз.
— Бір драматург, бір актер болашақ пьесаның көрінісін дайындап жатқандайсыздар – деді Амантай. Сөз бөлгенді жақтырмаған Шахаң:
— Әй сен қоя тұр, — деді де әр қарай кетті.
— Шындыққа енді жақындайын дедің. Бір-ақ дәл ақиқатты айта алмадың. Ақиқат мынау – мен тірі екенмін. Мен әлі өлмеппін.
Мені де іздейтін, іздеген кезде күн-түн демейтін, қолайлы-қолайсыз демейтін жігіттер бар екен, қалған екен олар. Шәкен кеткеннен кейін бұл есікті бейсауат ешкім ашпаушы еді. Серілік өмір сол Шәкенмен бірге өлген шығар, мен де өлген шығармын деп ойлаушы едім. Мен өлмеппін әлі, бәйбіше. Мынау Алматыда, миллион тұрғыны бар алып шаһарда Шахметтің үйі бар деп, қыстың көзі қырауға, ұйқы басқан ыбылыс түн қараңғылығына қарамай, осында тартып бір кеткен серілерім-ай, менің. Шәкеннің көздері мені де тірілттіңдер, ой, ерлерім, серілерім. Қане, тартыңдар, серілік үшін, — деп, толғанып барып, біздерге алдыртып қойды.
Алғаш көрген кездегі Шахаңның қуқыл жүзіне қан жүгіріп, шын қуанған адамның шырайы анық көрінді. Шалқып сөйледі:
— Шекспир айтқандай, өмір деген итің анда-санда осылай бір серпіп тастап отырмасаң, түрме ғой. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан да зарлаған. Сегіз сағат кеңсе қызметі, одан кейін бірдеңе жазам деп тесіліп тағы отырасың, бір күндік жұмыспен тепе-тең, бірін-бірі өтірік мақтайтын қазекемнің қонағы тағы бар, қу тіршілік қамы, қатын-бала шаруасы, тас қамал қала қыспағы – жынданып кетуге болады ғой. Көлденең көздер жазушылар, суретшілер, артистер ішіп кетеді, көп әйел алады дейді, біздің шын жағдайымызды білмегендіктен айтады ғой. Ел үшін, жер үшін толғанасың, басқа адамның қайғысы – сенің қайғың. Жазу-сызудың азабы, хатқа түсіру миһнаты — өлшеусіз. Сонда құтқарар жол – серілік. Сендер қырыққа келген жоқсыңдар. Нағыз жазатын, нағыз беретін кездерің осы. Сері Шахмет бір кезде шал болам, таяққа сүйеніп, көтерем өгіз құсап осылай отырам деп ойлады дейсің бе? Бәрі бір қалыпта, мәңгі жап-жасыл боп тұрады деп ойлаған.
— Шаха, інілеріңіз келіп, шабытты отырсың ғой. Қайдағы кәрілік сізге. Кеше Сапекеңді көрдім, сізден он жас үлкен, тіп-тік, шаштары қап-қара. Әлжаппар құрдасыңыз домаланып репетициядан шықпайды. Кейде Азиктің өзін тыңдамай, режиссер да болып кетеді.
Шахаң күліп жіберді:
— Әлжаппар пьесасын жазып алсын. Оған қайдағы режиссерлік. Сен де Тәжібайбаласы екеуің орынды-орынсыз мақтай бересің. Оданда режиссер болам десе, мына Амантайдың қолынан келіп қалар еді. Ұмытпасам, осы сенен басқа Мәскеудің архив институтын бітірген қазақ бар ма? – деді.
Жылы үйге кіріп, дәмді тамақ жеп, коньяк ішкен Амантайдың бетінің ұштары қызарып, өзі көңілденіп, алқам-салқам, кең пейілмен, езуінен күлкі жиылмай отырған:
— Кім білсін оны, — дей салды. Басқа біреу болса, кеудесін соғып «мен ғана» деп шыға келер еді. – Маған қайдағы режиссерлік, Шаха. Қазіргі жігіттер бәрі өзімізден басталады деп жүр ғой, — дегенде Шахаң:
— Оттапты оларың. Жұматты қайда тығып қояды екен? Өзі драматург, өзі музыкант, өзі режиссер. Нота сауатын білген алғашқы аз қазақтың бірі. Драма, опера театрларының негізін қалағанын дұшпаны жоққа шығара алмас. Қазақ фольклорын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын ерекше жақсы білгендігінің үстіне өз бетімен оқып, ізденіп театр, сахна мәдениетін игеріп алып, алғашқы өнерпаздарымыз – Қаллеки, Серке, Елубай, Құрманбек, Күләштарға ұстаз бола білді. Зобалаң заманның қара пышағына ілінбегенде, талай тамаша туындылар беретін еді. «Қыз Жібек», «Ер Тарғындарды» Брусиловский иемденіп жүр ғой. Рас, ол Ленинград консерваториясын бітірген, қабілетті музыкант, дарынды композитор. Ал, әрбір оқиғаға орай, кейіпкер мінезіне сәйкес халық әндерін оған тауып берген адамдар көп, солардың ішіндегі ең біріншісі – Жұмат Шанин, — деп барып маған қарады.
— Ойбай-ау, сен ол кісі туралы кітап жазғаныңды ұмытып, мен не айтып отырмын. Дүкен аралауға аяқ жүрмейді, өздерің бермейсіңдер. Ақын да, жазушы да, зерттеуші де Тәжібайбаласына кітаптарын сыйлайды да жатады. Әбекең көңілі түссе, көлкөсір мақтауды да аямайды ғой. Содан дәмететін шығарсыңдар. Сенің кітабыңды Тәжібайбаласынан оқыдым.
Кітабымды әрі қарай әңгіме етуді ыңғайсыз көріп, Шахаңның сөзін бөліп жібердім.
— Қазақ театры режиссурасын көп жылдар басқа ұлт өкілдері ұстады емес пе? Соколовский, Гольдблат, Мадиевский, — дегенімде Шахаң басын изеп:
— Иә, иә. Солай, солай, — деп барып:
— Әрине, тұңғыш режиссерлік жоғары білім алған Асқар Тоқпановтың еңбегі ерекше аталу керек. Мұхтардың, Қаллекидің тікелей көмегімен «Абай» трагедиясын сәтті сахналады. Одан кейін көп уақытын сахналық өнерден гөрі ақылгөйлікке жіберіп алды.
Бізге:
— Алыңдар, жеңдер, ішіңдер, — деп қана, көбіне күйеуінің жадырағанына қуанып, аса көп әңгімеге килікпей отырған Бикен жеңгей осы тұста бір тіл қатты.
— Шаха, сізбен дауласуға бола ма? Асқар ағам Алматы ғана емес, бірнеше облыстық театрларда істеді. Рас па? Табиғи қабылеті болғанмен, театр, сахна эстетикасы дегендерден бейхабар талайлардың көзін ашты. Қаншама мәдениетті актерларды дайындады. Бір шоғыр режиссер және бар, — деп біздерге жағалай көз тастап, бұл байламды қабылдадық па, қабылдамадық па, соны байқап болып, Бикен жеңгей әрі қарай кетті.
— Бұрынғы орыс, жебірей режиссерларын көрдік қой. Спектакль техникасын тамаша білгенмен, ұлттық рухтан мүлде мақұрым болатын. Құдайға тәуба, Әзірбайжанымыз сахна заңдарын білуде олардан асып түспесе, кем емес. Қазақтың баласы ғой, тілі де сынып келеді. Ал анау Бәйтен, Есмұқан, Жақыптар екі жағына бірдей жүйріктер, — деп тоқтады.
Алдымен разы болған Шахаң:
— Браво, Бикентай, браво, — деді. Біз де бір ауыздан:
— Дұрыс айтасыз, — дедік.
Әңгіменің толастағандай сәтінде Рамазан алдымен шаңқ етіп күліп алып, содан кейін Шахаңа бағжиыңқырап қарап:
— Аға, мына сұраққа жауап беріңізші. Негізінен есеп-қисапты жақсы білетін мұрынды елдің өкілдері көп айналысатын жанрды қайдан тауып алдыңыз? Шахмат ойыны секілді бәрі есепте. Кейіпкер есепте, оқиға есепте, көлем есепте. Бір пьеса жазу оңай емес, сіз қаншасын жаздыңыз? Ғұмырыңызды осыған арнағанға өкінбейсіз бе? – деп салды.
— Қаламгердің тағдыры қызық қой. Ән мен күйдің, сал мен серінің ортасында туып өстік. Өзім де ән салдым, күй шерттім. Сері болдым. Сол өнерге театр жақын екен. Шындап келгенде алғашқы қазақ театры – фольклорлық театр ғой. Жиырма бесте жазылған «Шабуыл» пьесасынан кейін драматургия ағысы тартты да кетті ғой мені. «Орақ», «Шолпан», «Марабай», «Алдар көсе», «Есірткен ерке», «Біздің Ғаниды» жаздық. Олар сахнада қойылды. Үш жылдай Мәскеудің театр институтында оқыдым. Облыстық театрларда істедім. Алғашқы қазақ киноларының қатарындағы «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасынданың» сценарийлерін мен жазғанымды білесіңдер ғой. Шамасы, жанрдың өзі сұлу әйел секілді ме дедім, қолына бір түссең жібермей қояды, — деп күлді Шахаң.
— Сонда роман Рамазан үшін, зерттеу Рымғали үшін сондай болғаны ғой, — деді Амантай.
— Мүмкін, — деді Шахаң бір жымиып. — Әйтпесе немене мен өлең жаза алмайды дейсің бе? Қасымдай болмағанмен, басқа көп өлеңшіден кем түспес едім. Мұхтар мен Ғабитке жету қайда, қарасөзде өзгелермен жарысуға болар еді.
Драматургтың бақыты да, соры да сахнада. Өлең, қарасөз өз алдына жеке өмір сүре береді. Ал пьеса сахнаға қойылмаса, ол өлі дүние деу керек. Драматург мәтінін режиссер бір қидалайды, актер бір мыжғылайды, тиісті орындар тағы кескілейді, сөйтіп пьесаның қашан спектакльге, қойылымға айналғанша көрмейтін құқайы жоқ. Одан кейін Львов, Қуандықов, Құндақбаев секілді білгіштер тағы үкім айтады. Ал жастар қу болып алған. Кім туралы жазуды біледі. Әй, Рымғали, сен драматургия туралы жазған кітабыңды маған бердің бе? Берген жоқсың. Тәжібайбаласының үйінен «Трагедия табиғаты» деген еңбегіңді алып оқыдым. Әбділда, Әлжаппар, Шахмет түгіл, Ғабитке де пысқырып қарамайсың. Мұхтар, Мұхтар, Мұхтар… Дұрыс — Әуезов ұлы жазушы, ұлы драматург. Ал оның алды, қатарласы, жалғасы бар емес пе? Жақсысы қайсы, жаманы қайсы – ашып айт. Одан ешкім өліп кетпейді.
Сәл қысылып барып:
— Шаха, бәріңізді де жазып жатырмын, — дедім. Шахаң тіпті қатты кетті:
— Атақ алу үшін, диссертация үшін жазатындарыңды білем. Рамазан тағы теріс атқыды:
— Қазіргі сыншылар, зерттеушілер тауықсоқыр ғой, көз алдындағы бүгінгіні көре алмайды. Қанша кітап жаздым. Бір ауыз жылы сөз естіп көргем жоқ.
Ушығып бара жатқан таласты Амантай сейілтіп жіберді:
— Шахаң екеуміз бақыттырақ екенбіз. Пьесамыз қойылса, залға адам толады. Жұрт қол шапалақтайды. Ал мына Рамазан кірпіш кітаптарын кім оқып, кім не деп жатқанын білмейді.
Шахаң қайта бір сергіп:
— Амантай, сен олай деме. Рамазанның көп қалам ұстағандардан алған тағылымы, тәрбиесі бөлектеу ғой.
Осы уақытқа дейінгі қазақ жазушыларының ішінде бұл француз классиктерін түп нұсқасынан оқитын бірден бір жазушы екені рас. Телегей- теңіз француз әдебиетіндегі тәжірибелерді бізге әкеп орайымен қолданса, көзін тапса, түптің түбінде бұл дудар бас прозамызға үлкен олжа салады деп сенем.
Амантай, сен жиырмадан аса берген бозбала кезіңде Құрманғазы туралы киносценарий жазып бәрімізді қуанттың. Сол шабысыңмен кете бергенде, талай белден асатын едің. Архивке көміліп қаза бересің, қаза бересің. Ол жағын Әлкей ағаңа түгелдей беріп қойсаңшы. Бізге архившы Амантай емес, драматург, сценарист Амантай керек, — дегенде жуан сары інісі бұл сөздерді мойындағандай болып, тіпті қызарып, сипалақтап қалды.
— Дұрыс, Шаха, дұрыс. Өзім де соны сезіп жүрмін. Бірақ тарих қойнауына кіре бастасаң, бір деректен бір дерек қызық, қымбат көрінеді.
— Тарих жазатын зерттеуші табыла жатар. Сахналық әдебиет жасайтын драматург керек бізге, — деп Шахаң бір тоқтады.
Ішке ел қонып, көңіліміз жайланған тұста Бикен жеңгей:
— Қалған әңгімені кабинетке барып айтыңыздар. – Бұйырса, ас та пісіп қалар, — деді.
— Бәйбіше дұрыс айтады. Ал тұралық. – Шахаң кабинетке бастап кірді. Стол үсті көп қағаз, қолжазба, кітап.
— Ал жайғасыңдар, — деді де, Шахаң тағы сөзін жалғады.
— Кейбір қаламгерлер тез жазып тастайды. Мәселен, Ғабит әйгілі пьесаларын бір айға жеткізбей бітірдім деп жүр ғой. Менікі басқаша. Алдымен баратын тақырып туралы ізденем. Көп топырақ қазам. Өзгелердің жазғанын, түрлі дерек көздерін қараймын. Амангелді, Ғани туралы жазарда архивтерде де отырдым. Үкілі Ыбырай үшін көп ел араладым. Қазір есіл- дертім Әл-Фарабида, шетелдерде, Түркияда, Арабияда көп материал бар дейді, олар қолға түспейді. Қолға түссе де, тіс батпайды. Ал қазақша, орысша, өзбекше дүниелерді түгел қарастырдым. Өзбекте Хайруллаев деген мықты ғалым бар екен. Көп нәрсе жазыпты. Ал Ақжан Машанов пен Ағын Қасымжанов одан да ілгері кеткен. Әл-Фарабидың өз еңбектерін оқыдым, зерттеулерді қарастырдым. Бірақ мұның бәрі өлі материал. Мен тарихи пьеса жазуым керек. Тартыс. Бейне. Идея. Осылар керек. Сахналық туынды жасауым қажет. Елдің тарихи санасын көтеретін пьеса берсем деймін.
Ақыры құдай айдап келіп қалдыңдар енді мен сендерге ұйқы да бермеймін, келіндерге де қайтармайын. Бикеннің көтерген қазаны оттан түскенше, пьеса тыңдайсыңдар, — деп Шахаң шынымен-ақ жаңа жазылып жатқан шығармасын өзінің қарлығыңқы дауысымен оқи бастады.
1972 жылы Кеңсайда Шахмет Хұсайыновтың денесін Жер-ана қойнына беріп тұрған қаралы күнде үш інісі Амантай, Рамазан және мен содан бір жыл бұрынғы қаңтардың таң атқанша ұйқысыз өткен түнін мұңайып еске алдық. Әз ағаның бой жазуы, біздермен бақұлдасуы сияқты сәт екен ғой.

2004.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *