ТАУДАН ТҮСКЕН АДАМ

Рымғали  Нұрғали  

ТАУДАН ТҮСКЕН АДАМ

Гүл алаңы. «Аққу» кафесі

— Иә. Мен іздедім. Уақытың бар ма? Онда қазір жолығайық. Комсомол мен Мирдың қиылысына жарты сағатта кел. – Арғы сөз естілмей кетті, автомат-телефон сақұр-сұқыр етті де, үзіліп қалды.
Ол кезде мен Фурманов пен Ташкент көшелерінің қиылысындағы екі бөлмелі үйде тұрам. Троллейбусқа міндім де айтқан жеріне әп-сәтте жетіп барсам, Бердібек Соқпақбаев күтіп тұр. Көкшіл, сарғыш жолақтары бар шолақ жең көйлек, жеңіл шалбар, қайыс шарқай киген жазушының тығыз қалың бұйра шашының самайына ғана түскен бірер тал ақ болмаса, өзге міні жоқ, қырықтың бел ортасындағы қылшылдаған қылыштай жігіт ағасы ойнақшыған жарау аттай, жүріс-тұрысы сергек, екпінді, батыл.
Анық сенбісің дегендей өткір көздерін қанжардай қадап, ай-шайға қаратпай, өзі сөйлеп, дөңгелетіп әкетіп барады.
— Мен кеңсе қызметінде қазір жоқ кісімін. Анда-мында не болып жатыр, соған қызықпаймын да, сондықтан көп нәрседен хабарсызбын! Машқар Гумеров деген балалар жазушысы бар, білесің бе? Өзі Башқұртстанда туған, молданың баласы, ұлты татар болғанымен қазақ ауылында өскен, қазақша жазады. Пейілі түзу адам. Жақсылық хабарды анда-санда сол айтып тұрады. Сол кеше телефон соқты. Сүйінші бер дейді. Мақталдың дейді. Жуасың дейді. Бір сөзін ұқсам бұйырмасын. Ақыры түсіндіріп, жеткізіп берді. Жыл қорытындысының жиналысы болған екен ғой. Ондай жиналыстарға кезінде мен де барғам. Шалқақтап Сәбит, ыңыранып Ғабит, ернін жымырып Ғабиден, айқайлап Тахауи, бақайының басына қарап Әбдіжәміл, одыраңдап Олжас келеді. Біздің жазған-сызғанымыздың мазмұнын айтып беруді ғылым санаған, кейбір сөмке сүйреткендерін жанына ертіп, екі қасының арасы қосылардай болып түйлігіп Мүсілім шығады. Осы жиналысқа қатыспаса бірдеңеден құр қалатындай жініккен, жазушылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар қаптап кететін. Сұлу әйелдер, сыпа жігіттер, баспагерлер, журналистер, студенттер, пенсионерлер. Әрқайсысын өз орнына шегелеп тастаған, өзгермей, құлаш-құлаш тізімдері бар, соцреализмді мадақтайтын баяндамасын Мұқаметжан баппен, салмақпен оқыса, оның ізін баса шыққан інілері Серік, Зейнолла, Баламер, Рахманқұл, Тұрсынбек саясаттың түбін түсіреді. Бұрын сан рет естіген, талай құлақты жауыр қылған сөздер. Бірер сағат тыңдағаннан кейін, әбден мезі боп, шыға қашқың келеді. Сол уақта бір тентек шығып, өзінің мақталмағанына қарсылық білдіреді, бір тентек шығып, біреудің жағасынан алады. Бір тентектен кейін бір тентек. Шығарма талдау, әдебиетке баға беру жағы азайып, жағаға жармасу жағы кейде бел алып кететін осындай жиналыстардан алыс жүргенді мақұл көрдім.
Анау Машқар менің сол мінезімді білмейтіндей, келгенің де жақсы болатын еді, керемет мақталдың, жылдың ең үздік романы деп «Өлгендер қайтып келмейді» аталды. Жылда кітабы шығатын анау тақыр бас прозашы «Әй, бала, Байтанаев, Жұмақанов, Бақбергенов секілді ағаларыңның шығармаларына соншалықты шүйліктің, сонда шынымен «Өлгендерді» үздік туынды деп санайсың ба» деп баяндамашыны қылқындырғандай болғанды, жас жігіт те таймастың өзі екен: «Әділін айтқанда, «Өлгендер қайтып келмейді» бір жылдың емес, көп жылдың үздік туындысы, кезеңдік шығарма, қазақ прозасының мазмұндық-формалық жаңа үлгісі» деп сөзінен қайтпай, қайта бұрынғыдан бетер өршеленіп кетті дейді Машқар. Осының рас-өтірігін өз аузыңнан естиін, — деп Бердібек бағанадан айтып келе жатқан әңгімесін шорт үзіп бетіме қарағанда, Жазушылар Одағының алдындағы Гүл алаңына айналып жүргенбіз.
— Татар досыңыз әдеби жыл қорытындысында болған нәрселерді дұрыс жеткізген, — дедім бұрын жүздесіп, көп сөйлесіп көрмесем де, сырттай шығармалары арқылы ғана таныс талантты ағаның алдында бой сақтап. Бұл сөзге айызы қанбаған Бердібек қайтадан өзі сөйлеп кетті.
— Сендер, батыстың қазақтары деймін, бауырмал болатын, біріңнің сөзіңді бірің тастамайтын себептеріңді мен таптым. Алдымен жер жағдайына келейік, іргелеріңде қырық жылғы кегін кешпейтін құба қалмақ, төбесін ойып жатсаң қыңқ етпейтін түрікмен, басы асау башқұрт, ойындағысын іске асыру үшін орта жолдағының бәрін күйретіп отырып бір-екі ғасырда сонау Тынық мұхитты асып, Аляскаға дейін жеткен омырау орыстардың ортасында бірліктерің болмаса бір-ақ күнде түтіп жейтін еді ғой. Бұл тарихи жағы. Орыстың темір тұмылдырығы алдымен батыс қазақтарына келді, сол үшін басқару жүйелері жасалды, шенеунік ауруымен бірінші болып ауырдыңдар, ертерек оқыдыңдар. Бұл саяси жағы. Басқаны айтпағанда, төркіндері алыс, бірақ туыстықтары жоқ қатын-қалаштың өзі барған жерлерінде бір-бірімен апалы-сіңлідей ауыз жаласып жүреді. Жер шалғай, ағайындарың Алматыға екі күннің бірінде келе алмайды, қанша сағынсаң да елге жиі бара алмайсың. Сондықтан батыс қазақтары өзгемізге қарағанда шоқ жүреді, жиын жүреді, кішісі үлкенін тыңдайды, ұнатсын-ұнатпасын бір-бірімен тату. Бұл адамгершілік жағы, — деп қайырғанда, мен алдымен жазушы ағамның тапқырлығына разы болып, іштей ойланып барып тіл қаттым.
— Тауып айттыңыз. Бір-ақ қатеңіз бар.
— Қате? Қандай қате?
— Мен батыстың қазағы емеспін.
— Қой-ей, қалай батыстың қазағы емессің? Бас-аяғың түгел Ғали.
— Мұның мәнісі былай, Беке. Баяғы «Ақтабан-шұбырындыдан» кейін қазақ есін жиып, бұрынғы мекеніне Арқа, Тарбағатай, Алтайға қайтқан кезде Арғын, Найман, Кереймен қоса Алшын, Үйсіннің де кейбір ұрпақтары жаңа жерлерге бет бұрған. Біреу еліне өкпелеген. Біреу жаңа өріске қызыққан. Сондай шағын көш Жағалбайлы, Қаңлы әулеттері біздің ата-бабаларымызбен Қарқаралы, Дегелеңнен қоныс тепкен. Менің әкемнің шешесі — әжем Рабиға деген кісінің сүйегі Жағалбайлы. Бойы ұзын, тарамыс қара кемпір еді. Ел жұртты аузына қаратқан домбырашы. Тоқсан асып, біз ес білгенде қайтыс болды. Сол жарықтық өзі тапқан ұлдарына Нұрғали, Бекқали, Оразғали, Молдағали, Заманғали деп ат қойғаны аздай, қыздарына Шәбілғали, Аққали деп жер көкте жоқ, қыз балаға қоймайтын аттарды қойыпты. Немерелері де түгел Ғали: Тұрсынғали, Рымғали, Жеңісқали, Айғали. Менің аға-інілерімнің тұсында ғана Ғалилардан құтылдың, — дей бергенімде, Бердібек ішек-сілесі қатып, айқайлап, мәз болып:
— Ойбай-ау, сенің әжең Колхозбек, Совхозбек, Моторбай, Фермахан, Коммуна, Сиез, Мэлстерден асырып жіберіпті ғой, — деп дауысы қатты шығып кеткенде, қасымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар күлкімізге разы болып, қандай уайымсыз кісілер дегендей жалт-жалт қарап қалған.
— Мен сені батыстың жігіті деп ойлағам. Лайық болсам да, болмасам да, Тахауи жүрген жерінде мені мақтайды. Бір сөзіне сенсем де, бір сөзіне сенбеймін. Артықтау айтатын шығар досы болған соң деймін. Екінші жағынан қатар жүрген соң бағаламаймыз. Зор дарынды, мол білімді сұрапыл адам. Орысша кетсе, жебірейдің өзін жаңылдырады. Мінбеге шықса, шешендігі қандай. Проза секциясының бастығы сол ғой. Інісіне мені тапсырып, Тахауй мақтатты деп ойладым. Сонда сен өзің сеніп мақтадың ба? – деп Бердібек бетіме бажырайып тұр. Алғашқыдай емес өзіне, айтқан сөздеріне бойым үйреніңкіреп қалған.
— Шайнап бергенді ойланбастан қылғытып жұта салатын бала деп ойлағансыз ғой.
— Өй, сен түгіл талай бастық көмекшілері оннан, мұннан көшіріп, қиыстырып берген нәрселерді өз бастарынан шыққандай етіп, ойланған, толғанған болып мінбеге шығып, күнде оқып, газетті былай қойғанда, кітап етуді дағды қылып алды. Сөзге иелік, ойға иелік, пікірге иелік жойылып, көзге көрінбейтін, тасада тұрған біреулердің күшімен, дарынымен жасалған көсемдік пайда болды. Миллиондарды қырып тастаған, жердің тегершігін кері айналдырған анау Жезмұрт бар оқығаны діни семинария десек те, барлық сөзін өзі жазған. Қазір қоқиып, кресло мінгеннің дастархан басында айтылатын тосын, өлген кісіге жоқтауын, жиналыстағы баяндамасын дайындап беретін бір-бір құлаққа сыбырлайтын кеңесшісі, құлақкесті құлы бар, — деген Бердібектің басқа жерде айтыла бермейтін, оқыс байламдарын тежемек ниетпен сөзін бөлдім:
— Беке, менде оның екеуі де жоқ. Не айтсам да, не жазсам да мына шақша бастан шыққаны.
Тағы да әр шөптің басын бір шалып, Гүл алаңын көп айналдық. Жалпақ, үлкен орындықта төбедей болып жазушы Әлжаппар Әбішев қасындағы қазақта аса сирек кездесетін ерекше ұзын бойлы, қасқа бас, белгілі партия тарихшысы Әбді Тұрсынбаевқа зіркілдеп, қолын сермеп, бірдеңелерді өршелене дәлелдеп отыр. Олардың дауы қай дау екенін білетін кісідей Бердібек жұмсақ жымиып күледі, екі шалға, аса жақындамай, қиын замандардың кезінде Әлжекең айтыпты дейтін «Орденді жазушылар бөлек шығып сөйлесейік» деген ұрдажықтау бір әңгімені еске түсіреді.
Гүл алаңының ортасындағы граниттен қашалып биік тұғырға орнатылған шойыннан құйылған, аспан зәулім, оң қолын созып, болашақты мегзеп, шабыттанған Ленин ескерткішінің маңайы кептерлерге жем шашқан, улап-шулап жүгірген бүлдіршіндер мекені; одан әрірек, тыныштау орындықтарда бастары қалтылдаған зейнеттегі кемпір-шалдар, қаға берістеу көлеңкеде әрлі-берлі өткендерде пысқырып та қарамай, бірін-бірі тізелеріне отырғызып, қысылмай құшақтасып, еркін сүйісіп, мауыққан мысықтай көздері жұмылып кеткен ғашықтар. Ағаштары бойлап өскен, сан алуан гүлдері неше түрлі иіс шығарып құлпырған, жиек-жиегінде сылдырып су аққан бұл жер алаң емес, үлкен сквер, кішігірім бақ, қаланың дабыр-дұбыр у- шуынан қашып, салқын тыныштық іздеген кәрі-жасты көресің. Әсіресе жолдың арғы бетінде тұрған Жазушылар Одағында, сол ғимаратқа орналасқан газет-журналдарда, баспаларда істейтін қаламгерлер қолдары қалт етсе, біресе жалғыз, біресе топ-топ болып, әңгіме-дүкен құрып, осы маңда жүреді. Бұлардың да өздеріне тән секілді болып кеткен негізгі аймағы бар. Ол бақ шетіндегі қолдан жасалған хауызда екі аққу жүзіп жүретіндіктен «Аққу» аталған, буфетінде түрлі арақ-шарап, сыра, жеңіл-желпі тіске басар, кофе, шай сатылатын кафе. Сексеуілдің шоғына пісетін шашлыктың ет, сарымсақ, бұрыш, түтін исі шығып, алыстан мұрын қыдықтап, ауыздан су ағызып, өзіне тартатын сиқыры бар сияқты. Сыртқа қойылған жеңіл, таза столдарда шоқ-шоқ болып, гу-гу әңгіме соғып отыратын қаламдастар жиі бас қосатын қолайлы, арзан, ауыз жылытып, жүрек жалғайтын бұл нүктеде бәрі оңай, бәрі тез; сарғайтып күткізіп қоятын әрі қымбат ресторан да, ішімдікке тиым салып қойған асханада емес. Соған баратынымызды іштей біліп келем.
— Коньяк? Арақ? Шарап? Сыра? Қанша? – деді Бердібек құйрық қалтасынан көнетоздау, әр жері қажалған әмиянын суырып, ішінен ақша алуға бейімделіп.
— Өзіңіз? – дедім.
— Маған бәрібір ғой.
— Бүгін сабағым бар. Елу грамм коньяк алсаңыз жетеді.
Жуантық денелі, бет-аузы түгел күліп тұратын буфетші ағамызды таниды екен. Әп-сәтте айтқанымызды алдымызға әкеп қойды.
— Ағалық-інілік қатынасымыз ұзағынан сүйіндірсін, — осылай тілек айтқан Бердібек екеуміз бір-бір тал сосисканы енді аузымызға сала бергенде анадай кетіп бара жатқан екеу бізді көріп, алыстан сәлемдесіп, оқыс бұрылып, столымызға рұқсатсыз-ақ отыруға бет алды. Біреуі елуге келсе де, шашына ақ кірмеген, ет алып, май жимаған, қаншырдай қатқан ауыл тазысы секілді, шыжыған ыстықта қатқан қара костюм киіп, ақ көйлекке қызыл галстук таққан, жеп-жеңіл, ширақ, қағылез, белгілі ақын, көбіне ән мәтіндерін жазады. Екіншісінің бойы одан аласа, тор-тор, мыж-мыж қоңыр көйлегін жеңін шиыршықтап түріп алған, шалбарының тізесі шығып кеткен, беттерінің ұшы қызарыңқырап, көздері кілегейленіп, талайдан тарақ көрмеген шаштары жылбысқыланып тұр, әндерін елдің бәрі айтатын композитор десең, білмейтін адам сенбейтіндей.
Бізді көргендегі қуаныштары су сепкендей басылды, Бердібек қасымызға отырмаңдар дегендей ишара жасады да, әмияннан суырып көк түсті, шытырлаған үш сомдықты композитордың қолына ұстата салғанда екеуі де қайтадан жадырап, олжаларын жасыра алмай, суатқа құлаған шөліркеген жылқыларша аяқтарын шапшаң басып буфеттен бір-ақ шықты. Ұмытпасам, ол кезде әлгі ақшаға бір бөтелке арақ келсе керек.
Бердібек екеуіміздің танысып, ұзақ жылдар ағалы-інілі кісілердей сыйласып, аралас-құралас жақындасып кетуімізге дәнекер болған жетпіс жетінші жылғы Әдеби жыл қорытындысында
жасалған баяндамадағы
«Өлгендер қайтып келмейді» романы туралы мәтін «Қазақ әдебиетінде», «Лениншіл жаста», бір жинақта, менің кітабымда басылып шыққан сайын «Аққу» кафесіне барып, қайта-қайта жууға сылтау болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *