ТАЛАНТ ҚЫРЛАРЫ

І

ТАЛАНТ ҚЫРЛАРЫ

Рымғали Нұрғали

І
Кезінде байыбына барған жоқпыз, қазір ойлап көрсек, елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Қазақ университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында республиканың ең білікті оқымысты- әдебиетшілері шоғырланған екен ғой: Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин. Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір арна. Алдағы күндерде олар туралы, олардың өнерпаздық даралығы, ұстаздық шеберлігі, ғалымдық келбеті, азаматтық тұлғасы туралы жеке-жеке еңбек жазуларына еш күман жоқ. Сол шоғырдың жуан ортасында филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы, сыншы, аудармашы Темірғали Нұртазин тұр.

ІІ
Анкетадан алынған деректер: Қорған қаласында туған: орысша тоғыз класс бітірген; алғашқы колхоз бастықтарының бірі; партия қызметкерлері; Ленинградтағы журналистика институтын тамамдаған; Қазақ драма театрының директоры; облыстық газет редакторы; репрессияға ұшыраған; КазПИ, КазГУ-де доцент, профессор.

ІІІ
Т.Нұртазиннің ғалымдық, зерттеушілік, өнерпаздық тағдырында Ленинград қаласының, ондағы филология мектебінің берген білім – дерегі, нұсқаулық негізі, шешуші ықпал-әсері әрқашанда аңғарылып тұрады. Жүріс- тұрысынан, тұрмыс-салтынан бастап, еңбек ету дағдысынан адамдармен қарым-қатынасындағы мәдениеттілігінен дәстүрлі орыс университеттерінің кәнігі профессорларының мінез үлгісі, қалып сипаты көрінеді.
Текстен, архивтен, кітаптан шыққан сопы-педант оқымысты емес, өмірдің суық сынағынан өткен, өзі шоқ басқан, талант қанаты отқа шарпылған, арқасына ер батқан адамның сөзіне еріксіз сенер едің. Әрқашан әдебиетті, өнерді өмірдің көрінісі деп қарау, әлемдік мәдениет тарихының мысалдарымен астастыра көрсету, мол деректерді сұрыптай, жинақтай отыра ғылыми қорытындылар шығару – Темірғали Нұртазинге тән ерекшеліктер болатын.
Қазақ өмірін, фольклорды, әдебиетті жан-жақты да жете білу, орыс тілін ерте меңгеру, арнаулы дайындықтың түбегейлілігі Темірғали Нұртазиннің өнерпаздық тағдырына, әсіресе оның аудармашылық өнеріне зор ықпал жасаған фактор. Тұңғыш ұлттық эпопея – «Абай жолы» романының алғашқы кітаптарын орыс тіліне аударуда ол Л.Соболев, А.Никольскаямен бірігіп тарихи іс бітірді. Жүктің ауыры Нұртазиннің мойына түсті. Әуезовтің майы сорғалаған, ұлттық бояуы қанық бейнелер жүйесін, этнографиялық, тұрмыс-салт көріністерін, төгіліп тұрған жанды суреттерді дәл жеткізу үшін қос тілді тең, қатар білу үстіне, өзің жазушы, өзің суреткер болуың қажет еді. Нұртазин осы биіктен табылды.

ІҮ
Әдебиетіміздің ең көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Мұқанов шығармаларын зерттеу ісінде Нұртазин көп іс тындырды. 1951 жылы алғашқы монографиясы орыс тілінде жарияланды. Кітап орынсыз датталды. Сол зерттеу тереңдетіліп, өңдетіліп, 1958 жылы қазақ тілінде қайта басылды. Білікті ғалым бұл кітабында Мұқанов шығармаларын талдай отырып, қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және өрлеу дәуірлері жайлы терең пікірлер, соны ойлар айтты. Ғылыми дәлдік, фактілердің молдығы, эстетикалық талғампаздық – айтылмыш монографияның негізгі қасиеттері.
Көп талғам, шиырлы ізденістерден кейін туған қазақ әдебиетінің проблемалық қыруар мәселелерін қозғайтын «Жазушы және өмір» зерттеуі – іргелі еңбек.
Сыншы Нұртазин әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне арнап көптеген еңбек берді. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі өкілдерін тануда орны айрықша. Зерттеушінің Шортанбай, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жазған мақалаларында терең ойлар бар. Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов туралы еңбектер соны қырымен, жаңа пайымдауларымен қымбат. Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтар поэзияның төңірегінде ғалым айтқан толғамдар терең де дәлді. Әр кезеңде, әр белде туған зерттеулер, мақалалар «Шеберлік туралы ойлар» кітабында жинақталған.
Рас, Майлин шығармалары талай сын пікірлердің, ғылыми зерттеулердің нысаны болды. Жазушының мол мұрасы түгел алып, тұтастай қарастырған тұңғыш кітап Нұртазин монографиясы. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне көз жұмып, өте шықпайды, Олардың қисынды, қисынсыз пікірлерін екшеп, жаңа байлам жасады. Бейімбеттің ғұмырына қатысты көптеген жаңа материалдар тауып, соны деректер жинаған. Шыққан орта, алған білім, көрген тәрбиенің жазушы талантын қалыптастыруда атқарар қызметі ерекше екені аян. Ғалымның Майлиннің жастық шағын, оқуға берілген кездерін шұқшия зерттеуі табысты болды.
Бұрын Майлиннің білім деңгейі, эрудиция мөлшері деген мәселелердің беті күңгірт еді. Уфадағы «Ғалия» медресесі қандай оқу орны, онда кімдер оқыды деген сұраулардың жауабы да мәз емес-ті. Айтылмыш монографияда көптеген мәселе шешілді. Зерттеуші Майлиннің түрлі жекебас құжаттары, еңбек кітапшасы арқылы оның қанша жыл оқығандығын айқындайды. Қазақша материалдармен бірге орыс, татар, башқұрт тілдеріндегі мәліметтерді кең пайдаланып, «Ғалия» медресесінің кезіндегі үздік оқу орны болғандығын дәлелдейді.

Ү
Ұзақ жылдар публицистика, проза саласында ізденіп «Жаңа саты», «Ауыл тынысы», «Адам бекерге жасамайды», «Мұрат» кітаптарын берген Т.Нұртазиннің бұл саладағы ең үлкен арнаулы дүниесі – белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы жазған көлемді деректі романы. Автор көп уақыт Алматы, Бішкек, Ташкент, Мәскеу архивтерінде сарылып жүйеленбеген, әр жерде ашылып жатқан сан-салалы құжаттарды, тарихи деректі материалдарды қопара қарап, көз майын тауысты: том-том дүниелерді ақыл-ой таразысынан өткізе келе, тұтас қор жинады; ксерокопия, фотокопияны былай қойғанда, өз қолымен көшіріп шыққан қағаздар бір атанға жүк болардай. Бұлардың ішінде жалғыз Рысқұлов тағдыры емес, революция, азамат соғысы, коллективтендіру, Турксибке байланысты, көптеген қоғам қайраткерлеріне қатысты қызықты, тарихи материалдар бар.
Бір адам емес, тұтас ұжым тындырар іс жасалған. Большевиктік террор, ғылым, өнер, әдебиетке қаншама кесір-кесепат келтіргенін қайта құру кезеңінде, бүгінгі күндері жарыққа шығып, жария болып жатқан фактілер, деректер тағы да айқара ашып берді.
Өмір жолында, тірлік күресінде Т.Нұртазин көрген қиындық, шеккен азап аз болған жоқ, талап тұлпарына енді қонып, қылшылдап тұрған шағында, жала жабылып, қуғынға түсті, абақтыға қамалды. Тіпті еркіндікке шығып, ағарған, пәле-жаладан құтылғаннан кейін де кесапат бұлты оның басынан оңай айыққан жоқ. Орасан күш жұмсап, көп уақыт жіберіп тындырған еңбегі Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы аудармасының басылмай қалуын қиянат демей, не дейсің. Төрт том аударма қолжазба күйінде жатыр. «Жазушы» баспасына жетпісінші жылдардың басында апарып, заңды түрде тіркетіп қойған Тұрар Рысқұлов туралы жазылған деректі роман қолжазбасының жоғалып кету себебі неде? Бұл қылмысқа парапар іске кім жауап бермек. Егер жазушының үйінде сақталып қалған қолжазба негізінде роман мәтінін қалпына келтіргенімізде не болатын еді? Үлкен зерттеуші, белгілі жазушының ұзақ жылдар жасаған еңбегі әлдекімнің қоржынында кете барар ма еді, қайтер еді. Басқасын былай қойғанда, сол «бақытсыз» қолжазбаның тағдыры әлі шешілген жоқ. Кітап болып шыға ма, шықпай ма, оқырман қолына тие ме, тимей ме, — мұны «Жазушы» баспасы тезірек айтса, әділет болмақ.

ҮІ
Ұмытпасам, 1977 жылдың жазғытұрымғы аласапыран, көксоқта күндерінің бірінде Темірғали Нұртазиннің үйіне көңілін сұрай бардым. Ірі бітімді, етжеңді, зор адам арса-арса болып жүдеп қалыпты. Тек үлкен ойлы көзіндегі жарқыл мен ерніндегі кекесіңді күлкі ғана өзгермеген. Бейдауа дертпен ұзақ күресіп шаршағанмен, өмір-тіршілікке, адам-пендеге өшпенділіктің көлеңкесі де жоқ, сабырлы күйде қайран жарық дүниемен қимай қоштасып жатқан сыңай бар.
Қалжың-күлкі араластыра отырып, айтқан әңгімелерін тұйықтаған, көзі жасаурап, дауысы дірілдеңкіреп барып, сыр секілді, бақылдасу, қоштасу сипатындағы сарынға ойысқан еді.
— Арман еткен, ойға алған, мақсат тұтқан шаруалардың оннан бірін де істей алмадық, шырағым. Сүйекке біткен жалқау керенаулығымыз, ұқсатымсыздығымыз бар, көлденеңнен келген кесепат репрессия, абақты, қуғын бар, әйтеуір жетер жерге жетпедік. Ірі істерге жас кезде бару керегін ұқпаппыз. Тұрар тақырыбына кеш, тіпті кеш кірісіппін. Алпыстан асқаннан кейін архивтерді ақтару, кітапханада жүру, үйден алыстап, басқа шаһарларға бару оңай емес екен, содан асқазанды бүлдіріп алдым ғой. Шіркін, жас ғұмыр, қайратты күндер қайтып келсе, есіл уақытты уақ-түйекке, күйбең- тіршілікке жібермей көрер едім-ау. Қайтерсің, өтер өмір өтті – кетті. Мың ойланып, жүз толғанғанда, сенерің – жастар. Өзің жетпегенге солар жетсін, өзің істемегенді солар істесін деген арманмен өлгің келеді, — деп барып тоқтаған.
Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Әз ағаның соңғы сөздері әсте естен шықпайтын шығар-ау.

1987.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *