МІНЕЗДІ ЖЫЛДАР


МІНЕЗДІ ЖЫЛДАР

Рымғали Нұрғали

Қалың қарлы, қатты қыстан кейінгі елжіреген кең-қолтық, жаймашуақ көктемнің буымен жан бітіп, жадырап, сай-сала, тау-тастан жөңкіле шапқылаған жазғытұрымғы мың сан бұлақтар іспетті болып, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның ауыл-аулынан небір өндірдей талапты жас Алматыға ағылған. Бәрінің де қойын дәптерінде — өлең. Әдеби кештер дуылдап өтіп жатады. Көк-қауырсын, балауса жырлар талқыға түседі. Университеттегі әдеби бірлестікте Мұхтар Әуезов өзінің кейінгі ұрпақпен сырласқан рухани, азаматтық өсиетін қалдырған әйгілі сөзін сөйлейді.
Дырдуы мол, шулы әдеби ортадан қалыс болған, шет жайлап, қашық жүрген, облыс орталықтарында оқыған жастардың ішінен шығып, кейін белгілі ақын-жазушы деңгейіне көтерілген жастар некен-саяқ. Гурьев пединститутын бітіріп, одан кейін мұғалім, журналист ретінде танылған, Алматыға жетпісінші жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, өз бетімен іздену, талмай талаптану болды.
Фариза шығармашылық эволюциясын оның әр жылдары туған поэзиялық туындыларынан айқын көруге болады. Салған жерден көркем, үздік дүниелер берді десек, шындықты аттап, жалған сөйлер едік. Алғашқы балауса жырлар, шәкірттік ізденістер, түрлі еліктеулер ізі сайрап жатыр.

Бес қаруым бойдағы – батыл жырым,
Батылдықпен аралас жатыр мұңым.
Биліктіге жұғысар ебім де жоқ,
Немесе алыс-беріс жақындығым,

— деп басталатын сыр, наз келе-келе поэзияның әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттарын ашып көрсететін жырлар шоғырына арқау болады.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт шегіп!
Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп,
Жүректердің құрсауын ағыт келіп,
Зорлықтардың зардабын шеккендерге
Әділеттен сыбаға алып беріп,

— деген жігерлі жолдармен ақынның ішкі сыры, арман мақсаты, қаламгерлік мұраты секілді мына тармақтар сарындас, әуездес жатыр:

Мезгіл-бұршақ жаныңа салып таңба,
Қайратыңнан қайысып, налып қалма,
Сені іздейтін аға бар тарыққанда,
Інілер бар дем берер жабыққанға
Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың
Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу, дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек.

Мен даланың қызы едім,
Жазығында жатпайтын көз ілер қара.
Жазира менің жанымның өзі де дала,
Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді
Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана,

— деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр.
Сол лирикалық кейіпкер өмір көріп, тірлік талқысына түседі, күреседі, алысады, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, тіпті кейде түңіліп:

Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,
Көрмегендей сырт берер – сүріндің бе,
Ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –
Өлдің бе, тірілдің бе?

– деген ащы сыр айтады.
Кейіпкер тағы да ширығады. Оның басында мұң да, қайғы да бар:

Қазық – жұмыс, қазық – үйге байланып,
Жүрегім де майланып.
Бара жатыр менің жаным күн сайын
Қасаңдыққа айналып.

Бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады?
Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал енді бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет-абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондайда кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қиянатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың ар жағында ұстаған «жіңішке» жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат, әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел кейіпкер әлеуметтік іске көңлі толады, шаңырақ астынан опа табады, сөйтіп бақыт, рақат барлығына иланады:

Туса да қилы-қилы басыма күн,
Осында сан қуанып, тасығаным.
Әйтеуір бір рахат күтетіндей
Мен ылғи ошағыма асығамын,

— деп тоқтайды.
Саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры тұтас цикл, фрагменттер – осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңқыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу.
Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген, шет елдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті.
Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын, оның ішінде жастарды жырлаған «Үйім – менің Отаным», «Революция және мен» циклдері ақынның шығармашылық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, азаматтық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.

Жайнайды дала алыбым,
Жанары – жарқын, жаны – Күн!
Ызғары кетпес әлемге дала
Таратып жатыр бойынан
Жылуы менен жарығын!

– деген тапқыр жолдар бар.
Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есепшотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны – осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ жеткізетін тірі сөзді аңсайсың. Сондықтан да шығар, Фариза — талант жүрегінен толқып туған шынайы жырлармен ұшырасқанда таза бұлақтан су ішкендей боласың.
Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық, публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын, әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем-эстетикалық ой, сиқырлы, киелі сөз сирек.
Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді:

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,
Жүрек — әлсіз, жүйке – қыл, түрімде – мұң.
Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,
Бір емдесе емдейді жанымды тек
Саумал сүттің исі бар іңірлерім.
Сонда ғана дертіме дауа тауып.
Ашылардай сарайым – үнім, демім,

— деп толқыған монологтың күшейе барып:

Қырға барсам арылып мың күнәдан
Сағыныштың шықтарын іркіп алам –
Жермен бірге мәңгілік қалатындай
Қаным таза, тілім мен жұртым аман
Сарайымды ашшы бір, інілерім,
Тезек исі, жылқы исі бұрқыраған,

— деп аяқталуы өте заңды.
Тарихи, белгілі тұлғалар өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сары жұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі – ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқыр сүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр-созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай қалатын, ақындық қуаты аз кебеже қарын, көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы, ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз. Бұл қатарда «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын»,
«Ақан сері аңыздары», «Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме», «Тартады бозбаланы магнитім» секілді шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып — Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған «Тыңдаңдар, тірі адамдар» сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эстетикалық игілік жасалған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп сан- алуан интернационалдық мектептерден тәлім алған ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр.
Жеті жұрттың тілінің қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек артық айтқандық емес, ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын таратты.
Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау – нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қаражаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әртүрлі көлеңке, әртүрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрлермен байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп «Омар Һайяммен әңгіме» «Шекспир шындығы», «Вийонның азасы» «Нерудағы наразылық» секілді шығармаларды айтуға болады.
Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдер туған.

Далам – менің қазынам, жыр сандығым,
Жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.
Сортаң жердің тұзы бар тамырында
Ашқылтымдау сондықтан жусан жырым,

— деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе?
Туған ауыл, ата-ана, өскен орта, арман-мақсат туралы бірқыдыру өлеңдердегі сарын-әуендер келе-келе Отан, халық, адамзат хақындағы жырлардың идеясына ұласады. Ұлттық дәстүр арнасындағы көркемдік кестелер, өлшем-өрнектер әлем поэзиясындағы бояу-сәулелермен, нақыш- өнермен, сан алуан жаңа эстетикалық сапамен байып, соны көркемдік игілік жасалғанын көреміз.
Жеке бастың мұң-шері, оңаша сыры ғана емес, күрескер замандастың, әлеумет қайраткерінің уақыт ауыртпалығын көтере алатын, өзі іс басында отырған азаматтың ойлары, сезімдері – жыр арқауы. Азаматтық-әлеуметтік мұраты айқын бүгінгі күннің жігерлі адамдары – ақынның сүйіп, беріліп, тебірене толғайтын кейіпкерлері.
Ақын өлеңдері орыс тіліне сәтті аударылды да, одақ оқырмандарына кеңінен таныла бастады. Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сынды туған әдебиет ақсақалдары берген баға өз алдына, белгілі орыс жазушысы, ақын Сергей Баруздиннің «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды, өз тілінің шеңберінде қалып қоймай, біздің елімізден тыс жерлерге де мәлім болды. Қазір оның өлеңдері көп ұлтты поэтикалық байлығымыздың ажырамас бір бөлігі екеніне мен сенемін» деп жазуы тегін емес деп білеміз. («Дружба народов», 1986, 12).
Бүгінде әлеуметтік мағыналы өмір кешіп отырған қазақтың ақын қыздарының шығармаларынан тамаша антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы, сапалы да құнарлы көрінісі – халқына екі томдық таңдамалы шығармаларын ұсынып отырған Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *