МЕНІҢ ПРОФЕССОРЫМ

Рымғали Нұрғали 

МЕНІҢ ПРОФЕССОРЫМ

Баспасөз министрлігінің мәселе шешетін ең жоғарғы органы – коллегия мәжілісі. Сол бас қосуға барлық баспа директорлары, бас редакторлары, баспахана директорлары, кейде жетекші мамандар шақырылады. Кітап шығару ісінің бүге-шігесін білетін, шаруашылық мәселелерін бақайшығына дейін шағатын кәнігі редакторлар, баспагерлер, инженерлер, экономистер көсіліп сөйлеп кеткенде, бір төбенің шаңын бір төбеге қосады. Дайындалған мәтіндердің сапасы, көркемдік, ғылыми деңгейі туралы сөздерді ұғып, біліп отырғаныңмен, өндірістік мәселелер, баспахана жағдайлары, қағаз, бояу, желім, қатырма, олардың түрлері айтылып жатқанда, кейде түсініп, кейде түсінбейсің. Баспагерлік мамандықтың арнаулы оқуларын бітірген, осы салада ұзақ жылдар істеген Маляр, Шостак, Римель, Белиловский дегендер сайрағанда, оларға ілесер бір-екі-ақ қазақ бар. Біреуі — Әнуарбек Тілеулесов, газет-журнал баспасының директоры, Мәскеуде баспагерлік институтын бітірген маман, екіншісі – «Қайнар» баспасының директоры Хайдолла Тілемісов, журналист. Екеуі де қарасаң көз тоятын нартүйедей жігіттер.
Осындай мәжілістерде саңырау кісіге ұқсап отырмау үшін мамандардың кеңесімен арнаулы әдебиеттерді алдырып қарауға тура келді. Баспахана техникасы, кітап шығару технологиясы, өндіріс экономикасы – мұның бәрі ұшы-қиыры жоқ мол дүние екен. Бірін біле бастасақ, екіншісі, үшіншісі шығады. Таусылмайды.
Негізінен мемлекет екі тізгін, бір шылбырды өзі ұстап, қажетті қаржыны пышақ үстінен бөліп беріп, нені, қашан, қанша шығаруды жоспарлап, қадағалап отырса да, баспалар ісіне нарық ызғарының лебі жете бастағандығы шаруашылық есеп, өнімнің өтуі, қызметкерлер санын ықшамдау сияқты талаптардан байқала бастаған кезеңнің сырын баспа директорлары ішінен алғаш ұққан адам – Хайдолла Тілемісов екінші қатардағы, аса сұранысы жоқ ауыл шаруашылығына арналған кітаптарды бастыру ісінің өзін дөңгелетіп әкетті. Қазақстан ғана емес, Одақтағы ең үздік баспалар қатарына шығарды. Табыс табудың көздерін ашты; еңбек ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетті; қызметкерлерді ынталандырды. Ең жоғары еңбекақыны қайнарлықтар алды; сыйлық үстіне сыйлық; асханадан тегін тамақтану; Қапшағайда өз демалыс үйі бар.
Осы істердің сырын білмек оймен Хайдолла Тілемісовтің жұмыс орнына әдейі бардым. Кіреберіс жайнап тұр. Еденде кілем, есік-терезе, қабырға – бәрі жарқыраған. Хатшы қыздың құрал-саймандары, телефоны, столы – бәрі әдемі.
Көп тостырған жоқ, Хайдолла өзі есік ашып кіргізді. Кабинеті министр кабинетінен кем емес, тіпті артық десе де болады. Сапалы, сәнді мебель.
Қымбат диван, кресло, кітап сөресі, оның ішінде өз баспасының өнімдері. Шәй іштік. Көп сөйлестік:
— Хайдеке, осының бәрін қайдан білесіз?
— Бүкіл тіршілігің осы іске байланысты болған соң, білуің керек.
— Басқа директорлар неге мұнша білмейді?
— Не деуге болады? Олар да білетін шығар. Дегенмен баспагерлік олардың бас шаруасы емес қой. Біреуі – жазушы, біреуі – аудармашы, біреуі
– идеолог, біреуі – журналист. Менің көп жылғы өмірімнің мәні – баспагерлік. Шынын айтқанда баспасыз өмірімді елестете алмаймын.
Сол күннен бастап Хайдолланың құлағынан тыныштық кетті. Өз еркінен тыс біздің кеңесші, ақылманымызға айналғанын білмей қалды. Бір жолы:
— Баспа шығарған кітаптың бәрі пайда әкеле алмайды. Жақсы, сапалы, керекті кітаптың өзі көп таралмауы мүмкін. Кейде бір кітап он кітапты, тіпті жүз кітапты асырайды. Мәселен, жылда шығатын «Ауыл кеші көңілді» деген ән текстері кітабы – малтапқыш кітап, — деді.
Біз де ойландық. Көпшілікке жазылу арқылы тарайтын энциклопедиялық томдар пайда әкелмейді, кеткен шығынды өтесе шүкіршілік етесің. Дайындалып жатқан бір еңбектің аты келіспеді: «Үй шаруашылық энциклопедиясы». Кісіні тартпайды. Көп ізденістен кейін аты табылғандай болды: «Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы». Әдемілеп безендірдік. Жақсы суреттер бердік. Осы кітаптың 100.000-дық тиражы қолма-қол тарады. Бірнеше рет басылды. Кітап Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, Түркияға сатылды. Энциклопедияның қаржысы көбейді: қызметкерлер жоғары жалақы, сыйлық алды.
Сол кезде бірінші болып қатты қуанған Хайдолла Тілемісов:
— Ұстаздан шәкірт озды деген осы. Сендер табыс жөнінен «Қайнардан» асып барасыңдар. Жарайсың, — деді.
— Менің профессорым үйреткен ақылдың арқасы ғой.
— Қайдағы профессор? Университетте сырттай оқып бітірген адамды профессор деп мақтағанды сенен көрдім.
— Профессор, нағыз баспа ісінің профессоры сіз емессіз бе? Мына көрші Қытайда ғылыми баспада 10 жыл істеген редакторға – доцент, 20 жыл істегенге – профессор атағын береді, оны білесіз бе?
— Мынауың жақсы дәстүр екен. Сонда анау Мұқан Мамажанов, анау Әбілмәжін Жұмабаев, мына мен шынымен профессор болғанымыз ба? – деп рахаттанып күлген болатын.
Әртүрлі іссапарларға да бірге шықтық. Әсіресе Мәскеу қаласында жылда өтетін Халықаралық кітап жәрмеңкесіне көп бардық. Әр баспа көрмеге жеке дайындалады; апаратын кітаптарын іріктейді, жарнамалар жасайды, келімді-кетімді қонақтарға дәм-тұз, арақ-шарап әзірлейді. Сол кезде ең салатанатты павельон, ішіп-жемі ең мол дастархан «Қайнар» баспасыныкі болушы еді. Қазақ кітаптарын басқа тілдерге аудартып бастыру, өзге тілдерден қазақша аудару келісімдері жасалады. Ескі таныстар, байырғы достар бас қосады. Әлемдік кітап шығарудың соңғы жаңалықтарымен танысасың. Осы кездесулерде Хайдолла Тілемісов кез келген елдің баспагерімен қай мәселе төңірегінде тең сөйлеседі.
Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толғанына орай Қостанайда өткен тойда Хайдолламен бірге болдық. Сол кездегі облыс әкімі Балташ Тұрсынбаевтың қонақтарды түгел арнаулы автобустарға мінгізгенін жаратпай Ғафу ақын:
— Жеңіл мәшине құрып қалған ба? Мақтап жүрген батырың бәрімізді бір қораға қамады ғой, — дегенінде, Хайдолла:
— Сабыр ет. Бұл Қостанайдың жағдайы басқа екенін өзің де білесің ғой. Өзімізден өзгелер көп. Солар өрекпімесін деп ойлаған шығар, — деп басу айтты.
Бейімбет ауылына жеткенде таңқалмаған кісі қалған жоқ. Мыжырайған жер кепе, құлаған қораларды бір күнде итеріп, күреп тастап, тыңнан ақшаңқан ауыл көтерілген. Кірпіштен салынған үйлер кең аула, қора-жай. Жарқырап тұрған мектеп пен медресені көргенде Хайдолла Ғафу ақынға:
— «Волга» мініп келіп, тау-тау ет жеп, шелек-шелек арақ ішіп, ұзақ-ұзақ сөз сөйлеп, түк белгі қалдырмай той өткізген қандай, автобусқа отырып келіп, мынадай шаһар тұрғызылғанын көрген қандай, — дегенде, есті ақын сөзге тоқтап:
— Бәрекелді. Әрбір тойдан осындай белгі қала берсе, құдай риза, біз риза, — деді.
Қостанайға қайтып келген бетте Хайдолла бірнеше адамды туыстарының үйіне қонаққа шақырды, ішінде мен де бармын. Кең дастархан, ақ пейіл, тамаша отырыс. Әсіресе Ғафу ақын ерекше көңілді отырды. Өзі сүйіп айтатын әндерді тартынбай-ақ салды. Оның ішінде Қасымның «Дариға, сол қызы» да бар. Домбыра Хайдоллаға ұсынылды.
Ол әуелі шертпе күй әуендерін тартыңқырап отырды да, артынан ән сала бастады. Бірі-бірінен өткен сұлу әндер, таныс сарындар төгілді. Хайдоллада мұндай биік дауыс, жақсы өнер бар деп тіпті де ойламаған екенмін, таңғалып отырмын. Біраздан кейін көпшілікке беймәлім терме, толғау үлгісіндегі әуездерді сорғалатты.
— Ойбай-ау, баспа директорының ішінде бір халық артисі өліп жатыр екен ғой, — дедім. Ғафу жалт қарады:
— Сен білмеуші ме едің? Бұл ағаң соғыстан кейінгі жылдарда Қостанай филормониясында әнші болған ғой. Сұлу қыз, сұлу келіншек бәрі соңында жүрген. Ал жүз жігітке қарамаған, паң сұлу қазіргі жеңгеңді Хайдолла осы ғажап әншілігімен жүгендеген, — деп қалды.

2003.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *