МЕКТЕБІ БАР ҒАЛЫМ

Рымғали  Нұрғали

МЕКТЕБІ БАР ҒАЛЫМ

Қазақ филологиясындағы белгілі, беделді, белді ғалым — Мырзатай Серғалиев. Ол ғылымға көлденеңнен қосылған көкатты емес, қазақтың ұлттық университетінде оқып жүріп, дарындылығымен ұстаздар назарына ілігіп, оқытушылыққа қалдырылған. Тіл пәндерімен қоса логикадан дәріс берген сирек мамандардың бірі. Жастай кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми ортаға мәлім болған. Ал докторлықты 3 рет қорғаған жалғыз қазақ. Саяси айып кесірінен докторлықты 2 рет қорғаған тарихшы Ермұқан Бекмаханов, қызғаныш пәлесінен докторлықты 2 рет қорғаған тілші Аққал Хасенова бар. Ал Мырзатай Серғалиев 3 рет қорғады. Дарынсыздар, іші тарлар, пәлеқорлар, арыз-жаласынан жапа шекті. Бірақ мойыған жоқ. Денсаулық кетті, шаршады. Бәрібір жеңді. Доктор болды. Профессор толық болды. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне сайланды. 30-дан астам ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын тәрбиелеп, өзіндік бағыт, мектеп қалыптастырды. Декан болды. Екі бірдей университетте кафедра басқарды.
Тілшілікпен қоса әдебиетші-сыншы, эссеист-жазушы ретінде де танылды.
Проф. М.Серғалиевтің түркологияға ерекше үлес болып қосылған синонимияға қатысты күрделі еңбектерін, тіл білімінің өзге де салаларына арналған зерттеу, мақалаларын талдау-таразылау тілші-мамандардың міндеті. Біз тілші һәм әдебиетшінің стиль, стилистика, әдебиет, көркем шығарма орайындағы кейбір еңбегіне қатысты бір-екі ауыз сөз айтайық.
Ғалым-тілшінің өнімді еңбек берген бір саласы – синтаксис және стилистика. Бұл ретте оның синтаксистік деривация және синтаксистік синонимия, синтаксистік омонимия мен синтаксистік синонимияның арақатынасы, сұраулы сөйлем мен хабарлы сөйлем синонимдігі, пікір және сұраулы сөйлем, сөйлем мүшелері туралы жаңа мақалаларында айтылған пікірлер мен тұжырымдар сонылығымен, ғылыми дәлелді түйіндерімен ерекшеленеді.
Қазақ тіл білімінде ерекше орны бар Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, белгілі тілшілер М.Балақаев, С.Кеңесбаев, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова зерттеулерінің маңызын ашып беруде М.Серғалиев мол еңбек сіңірді. Университетте қазақ тілін оқыту, қазіргі термин жасау, баспасөз, теледидар, радио тілі туралы ғалым пікірлері көпшілік көңілінен шығып отыр.
Тілші-ғалым ретінде М.Серғалиевтің ерекше ден қойып, тиянақты зерттеген бірқыдыру мәселенің ішіндегі ең өзекті сала – көркем әдебиет тілі, оның ішінде жеке жазушылардың тілі, тіл мәдениеті, стиль және стилистика. Әдебиет табиғатын, оның бейнелілік сипатын терең сезінетін сыншы Мырзатай тілші көзімен қарағанда басқа әдебиетшілер байқамаған тың құбылыстарды ашады. Дөп басып, дәл айтады. Ой-пікірлері, дәлел тұжырымдары көңілге қона кетеді. Бұл ретте зерттеушінің “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі”, “Көркем әдебиет тілі” деген зерттеулеріндегі құнарлы ойлар мен бағалы байламдардың жалпы филологиялық құндылығы мол. Тілші-ғалым нақты материалдар – Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан”, С.Шәймерденовтің “Мезгіл”, Т.Әлімқұловтың “Ақбозат”, Қ.Найманбаевтың “Көкем екеуміз” шығармаларының мәтінін ала отырып, теңеу, метафора, қайталау, көркем бөлшек, диалог табиғатын мінез, бейне жасау шарт- талаптарына орайластыра ашады, диалекті сөздерді орнымен қолданып, әдеби тілді байыту жолдарын көрсетеді.
Ерекше ойлар синонимдік қатарлар түзілісін айқындағанда жоталана түседі. Бұл пікірлерін ғалым Мұхтар Әуезов шығармаларынан алынған сан алуан мысалдармен тиянақтап, ұғындырып береді. Ал сындағы шеберлік, публицистік пафос академик Мұхаметжан Қаратаев еңбектерін талдау кезінде айқындалады.
Тілші-ғалымның соңғы шыққан зерттеулерінің бірі – “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі” кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы “М.Әуезов тіл туралы” деген тарауда ұлы жазушының тіл туралы ойлары, нақты пікірлері жинақтала тұтас қаралады. Әуезовтің бейне жасау үшін, өмір құбылыстарын нақты, дәлді, сенімді беру мақсатымен сөзді қалай қолдану керектігі туралы теориялық талап-тілектері жіктеліп көрсетілген. Ал “М.Әуезовтің тілі туралы” деп аталатын екінші тарауда қаламгердің лексикалық байлығына ерекше мән беріліп, сөз қолданыстың нақты түрлері, теңеу, метафора жасау әдістері, синонимика, инверсия, сөйлем құрылымының әртектілігі, әдеби тілді дамытудың жаңа тәсілдері, түрлі түстерді берудегі амалдар, мақсатты қайталаулар, стилистикалық фигуралар, синтаксистік құрылымдар орайындағы жаңаша пайымдаулар бар.
Автордың әртүрлі көркем шығармаларға жазған нақты да дәлді рецензиялары мен кең де кемел ойлы әдеби мақалаларымен жақсы таныс оқырман қолына “Сөз сарасы” кітабын алғанда Мырзатай Серғалиевтің сыншылық дарынын әбден мойындады.
Қазіргі қазақ әдебиетінің әңгіме, хикаят, роман жанрларының даму бағдарын нақты шығармалар мәтінін тиянақты талдау арқылы көрсету – бұл кітаптың басты сипаты. Сыншы құбылыстарды реалистікпен бейнелеген шығармаларды зият тұтатынын ашық көрсетеді. Талдау нысанасы: Ә.Әбішев, Б.Соқпақбаев, Ғ.Малдыбаев, М.Шаханов туындылары, алғаш рет соны, тың пікірлер айтылады. Сол сияқты қазақ әдебиеттануы мен сынында сапалы еңбектер берген Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, С.Талжанов, С.Қирабаев шығармашылығы қаламгерлік портрет үлгісінде сипатталады. Әрбір ғалым-сыншының өмір жолы мен ғылыми еңбектері қатар-тең әңгімеленеді.
Қысқа бір көрініс, ситуация, жағдай, езу тартқызар юмор, адамның жақсы мінездерін дәріптеу, үлкенге — құрмет, ініге – ізет – М.Серғалиевтің эссе үлгісінде жазылған “Өнеге” прозалық кітабының жақсы сапалары. Автордың өзі көлеңкеде тұрады, өзгені мадақтау, құрметтеу басым.

2003.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *