КҮЛКІ ҚҰДІРЕТІ

КҮЛКІ ҚҰДІРЕТІ

Рымғали Нұрғали

Қазақ театры тарихында Серке Қожамқұловтың алатын орны зор. Ол құдіретті күлкінің иесі еді. Біз оны бүгін ғана көріп, енді бағалап, жаңа танып жатқанымыз жоқ. Замандастары кезінде Серке жайлы, оның актерлік өнері туралы, совет мәдениетінің айдынындағы орны хақында не деп еді? Бірнеше пікір:
Мұхтар Әуезов, 1927 жыл: «Қарашешеннің мінезін көрушіге өте айқын сұлу бояумен ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты. Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, сылбыр, еріншек, кең қолтық балпаң қазақты сахнада жан бітіріп, тірілтіп, жылпың қылып жібере алады».
Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Жансүгіров, 1933 жыл: «Серке – арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның уәзірі, бидің тоқпағы, жуанның тарпаңы – осы сықылды кейіпкерлердің рольдерін ойнаса, жақсы шығады».
Шаяхмет Құсайынов, 1949 жыл: «Серәлі – халықтан шыққан өнерпаз. Оның өнер майданындағы қызметі мен өмір желісін шола қарасақ, халықтық сипатты шын бейнелеу жолында актердің туған халқының басынан өткізген тарихи оқиғаларға тікелей араласып, халықпен бірге өсіп, біте қайнағанын көреміз».
Ғабит Мүсірепов, 1982 жыл: «Сері-ағаң сахнаға шыға бергенде-ақ көрермен жұртшылық ду көтеріле алақан соға бастайды. Қуана соғады. Адамды қуанта алсаң, күлдіре алсаң, жігерлендіре алсаң, сүйіндіре алсаң – нағыз артист пен нағыз жазушының нағыз бақыт сезінер кезі осы. Сері- ағаңның соңғы елу жыл өмірі осыған қолы жеткен үзігі жоқ бақытты кезеңі».
Европа мен Азияның ортасын бөліп жатқан арқалық іспетті Орал тауларының оңтүстік сілемдерінен бастау алып шығатын сан-тарау тұма, бұлақ, қайнарлардың бірі батысқа қарай тартып, аяғын кеңге салып, кейін дария сулы ақ Жайық атанса, екінші бір жылға Шығысқа беттейді де, арнасын толтырып алып, Үй өзені болып кетеді. Сол ағысы баяу, кей тұстарда айдын көлдерге теңдес, терең қарасулары тұнжырап жататын, шоқ- шоқ ақ қайыңдары, төбе-төбе қызыл қарағайлары үйірлеген жылқыдай көз тартатын сыпайы өлкенің бір пұшпағын жұмысқа көнбіс, еңбекке икем жандар мекен еткен.
Ескі территориялық бөлініс бойынша бұл атырап Қостанай облысы, Шұбар болысына қараған. Әуелде Қарабалық, кейін Комсомол ауданы атанған жерлердің Қараадыр деген мекенінде бір атадан тараған, өсіп-өніп, көбейіп алпыс үйге жеткен Оңғар әулетіндегі Қожамқұл шаңырағында 1896 жылы жазға салым, мал төлдеп, кемпір-шал аққа, бала-шаға уызға жарыған, ерте туған қозылар жотада секіріп ойнай бастаған, құрт-құмырсқа тіріліп, қызыл-жасыл қанатты көбелек ұшып, аспанға бу көтерілген май айында бір перзент дүниеге келді. Ұл туды. Атын Серәлі қойды.
Бір күні алты-жеті жастағы қозы қуып жүрген Серәлі шешесі Айкүнге жылап келіп, «Балалар мені текесің, серкесің деп мазақтайды, енді мені Серке атамаңдар», — деп мұңын шағады. Сонда анасы: «Баламысың деген, кеше ғана Үйдің өзенінен қалың қой қамалып тұрғанда, ай мүйізді көк серке бастап жөнелді емес пе? Өзің көрдің, құлыным. Кейін топ алдында жүретін жігіттің Серкесі болсаң, арман бар ма?» — дегенін әйгілі актер естелік ретінде өз балаларына айтып отырады екен.
Революциядан бұрын Омбыдағы, Орынбордағы, Уфадағы, Қазандағы, Москвадағы, Петербордағы әртүрлі мектептерде білім алған қазақ интеллигенттерінің алғашқы өкілдерінің бір тобы таза орыс тілінде тәрбие көрсе, екінші тобы татар тілінде тағлым алды.
Хат танымаса да, білімге құштарлығы зор Серкенің «Уәзипа» медіресесіне түсуіне жездесі Жүсіп Темірбеков жәрдем етеді. 1905 жылғы революциядан кейін медіреселерде мұсылман догматтарымен қоса, әртүрлі пән негіздері де оқытылатын болған. Қазан қаласында 1907 жылы татардың «Саяр» атты тұңғыш тұрақты театр труппасы құрылған. Олар ел аралап жүріп, «Заңғар шал», «Ғалиябану» секілді әртүрлі тұрмыс-салт суреттері мен ән-би сахналары қатар жүретін қойылымдар көрсеткен. Бұлардың ең алдымен татар-башқұрт жастарына, олармен медіресе-мектептерде бірге оқитын қазақ жігіттеріне де әсері аз болмаған.
Троицкідегі «Уәзипа» медіресесінде арнаулы драмалық үйірме жұмыс істеп, әртүрлі сауық кештерін ұйымдастырады. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы, іздегенге — сұраған» дегендей, Серке осы тамашаның бел ортасында. Тақпақ айтады. Шағын рольдер ойнайды.
Серке Қожамқұлов тағдырында, оның азаматтық позицияларының, таптық көзқарастарының қалыптасуына Әліби Жанкелдин сарбаздарының қатарында болған 1919 жылдың жасаған ықпалы орасан зор. Әлеуметтік мәселеге партиялық, таптық тұрғыдан баға беру, сөз бен істің бірлігі, ғайбат, өсек, күншілдіктен аулақ жүру, идеяға, социализм ісіне берілгендік, қажыр, қайрат, еңбек сүйгіштік, мақсат жолынан таймау – жас кезінен қалыптасқан бұл сенім сипаттарынан, мінез ерекшеліктерінен Серке Қожамқұлов өмір бойы бір елі де ажыраған жоқ.
Қазақтың советтік жастарының алғашқы буынының оқу іздеп мәдениетке талпынып, шарқ ұрған кезде ат басын тіреген алғашқы шаһарларының бірі – Орынбор. Жарыққа ұмтылған, талап, үміт жағасына қарай желкен көтерген иелер көкқауырсын осы қаладан тоят тапты. Білім дариясына шөлден бас қойды да, сусынын қандырар-қандырмастан қайтадан атқа мініп, жаңа өмір үшін күрес майданына аттанды. Сол толқынның ішінде Татар халық ағарту институтының студенті Серке де бар. Бір айтқан сөзді қолма-қол қағып алып, ертеңіне сол қалпында саңқылдатып, жайнатып айтып шығатын қазақтың бұл бозбаласы татар профессоры Фатих Каримовтың көзіне түседі. Білімпаз зиялы қабілетті жігітті орыс, татар театрларына өзі ертіп апарады, өнер тарихы туралы кітаптар оқытады.
Бұрын «Уәзипа» медіресесінде, Әліби Жанкелдиннің «Қызыл керуен» тобында ойын көрсетіп дағдылана бастаған Серке енді Бейімбет өлеңдерін жұрт алдында оқып ысылып, «Жебір болыс», «Бетім-ау, құдағи» секілді шағын скетч, күлдіргі ойындарда роль ойнай бастайды. Сондай кештердің бірінде оған Сәкен Сейфуллин тіл қатады:
— Өй, сенің атыңның өзі қызық екен. Серке дейсің, а? Көне грек театрын сен секілді серкелер, теке-бұқалар жасағанын білемісің? Қалжыңдаймын. Жалпы театр деген Европа елінде наным-сенім, аңыз-тарих, мифтен туған ғой. Қазақтың ұлт театрын осы сен секілді жігіттер жасайды, ертең-ақ. Сонда халқымыздың бар байлығы, ән мен жыры, тұрмыс-салты сахнаға шығады, — деген.
Арада бір-екі-ақ жыл өтті. Қазақстан Халық Комиссариатының арнайы шақыруымен 1925 жылы қазан айында Серке Қожамқұлов Қызылорда қаласынан бірақ шықты. Содан бастап, 1979 жылдың желтоқсанына дейін, қашан дүниеден көшкенше оның барлық тіршілік тынысы, қуаныш рахаты, күллі болмысы қазақтың тұңғыш ұлттық театрымен кіндіктес болды.
Алпыс жыл ғұмыры сахнада, көрерменнің көз алдында өткен хас шебердің творчестволық жолынан нендей ғибрат алуға болады, тағлым сабақтары қандай деген заңды сауалдардың жауабын тауып айту бір кісінің қолынан келе қоятын оп-оңай шаруа емес, бұл ең алдымен театр, өнер зерттеушілерінің алдында тұрған үлкен міндет, қала берді, қатарлас, үзеңгілес еңбек еткен актерлер әулеті шұғылданатын іс.
Өмір рахаты, тіршілік қызығына алданып, театрдан қол үзіп кеткен небір қабілетті адамдар болғанын қазақ қауымы жақсы біледі, әсіресе, үй- күйсіз, мардымсыз жалақымен, көшіп-қонып, ел аралап ойын көрсетіп жүрген алғашқы кезеңде арнаулы білімі бар, сауаты жоғары Серке сынды жігіттің қандай қызметке кетем десе де мүмкіндігі бар еді.
Ауыздарымен құс тістеп, қолдарымен жұлдыз қаққан, жүзіктің көзінен өткен таланттар шоғыры ортасына түскенде де Серке қысылып, қымтырылмады. Өз орнынан, өз биігінен табылды. Қазақтың халықтық өнеріндегі, тұрмыс-салт, күнделікті болмысындағы, фольклоры мен әдебиетіндегі тәжірибелер мен дәстүрлерді, рәсімдер мен жораларды қорыта отырып, ұлттық режиссураның алғашқы іргетасын қалаған зор дарын Жұмат, күміс көмей, жез таңдай, әншілік құдіреті Әміре, қарасөздің пайғамбары Қалыбек, телегей-теңіз ақындық иесі Иса, қанжардай жарқыраған қимыл- қозғалыстың пірі Елубай, ақындық, серіліктің, жастық-жалынның алдына жан салмас актері Құрманбек тобына күлкі құдайы боп Серке қосылды.
Кейде қазақ театры алғашқы кезде 20-30 жылдарда қара дүрсіл, натурализм, провинциализм шырмауындағы театр болды деген әбес, нигилистік пікірлер айтылып қалады. Рас, дәл бүгінгідей қойылым жинақылығы, ырғақ тұтастығы, декорация, музыкалық көркемдеу, ансамбльдік сипат, бір сөзбен, режиссерлік тұтас шешім жетпесе жетпеген шығар-ау, ал бірақ ұлттық характерлер даралығын көрсету, дәуір кескінін таныту, қазақ тілінің әуездік, мақамдық ырғақтық, дыбыстық табиғатын ашу, халықтық шыншылдыққа келгенде дау айту қиын шығар.
Кейбіреулер бірді-екілі, шикілі-пісілі қойылымның жетекшісі болса, режиссермін деп төсін қағып, жұлқынып шыға келеді ғой. Ал Серке Қожамқұлов 1926 жылы 13 қаңтар күні жексенбіде, Қызылордадағы Маркс пен Энгельс көшелерінің қиылысында орналасқан кинотеатрда алғаш рет Қазақтың ұлттық театрының шымылдығы ашылған күні «Еңлік-Кебек» трагедиясының билер сценасын өзі әзірлеп қойғанын, режиссер болғандығын елеусіз факт ретінде ғана сөз арасында айтар еді. Ол ол ма, 20-30 жылдар арасында театр сахнасына бір басы 20 спектакль қойғанын да ешқашан көлденең тартқан емес.
Мұның себебі неде? Елеусіз жүріп іс тындырған адамның қарапайымдылығы ма? Әлде өз еңбегін өзі ескермеу ме? Қашанда Серке Қожамқұлов өзінің табиғи дарынының қадыр-қасиетін, күш-қуатын, мүмкіндік-болашағын терең ұғып, қастерлеп, бағалап, шыңдап, өрістете білген. Киелі өнер – актерлік талантының жолына барлық азаматтық қажыр- қайратын тұтас жұмсаған. Актерлік – оның ұзақ өмірінің жарқыраған Темірқазық жұлдызындай. Режиссерлік үшін арнаулы оқу, өнердің сан- саласынан жүйелі білім қажет бола бастаған, талап күшейген тұста, бұрынғы әрекеттерінен қиналыссыз тиылып, жас та талантты інілері Құрманбек, Қанабек, Шәкендерге жол берді. Әсіресе, Москвадан оқып білім алып, арнайы театр режиссері деген диплом алған Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтер театрға келген кезде Серкенің бұрын режиссерлік еткенін біреу біліп, біреу білмейтін.
Өнер табиғатында бәйге жарыс, бәсеке сипаттары бары ешкімнен жасырын сыр емес. Көп алдына шығып, қауым талқысына түскен соң озған, алға шыққан жақсы. Сөреге жетсе, көмбе басында үкі тақса деп аңсайды. Кешегінің сал-серісі, ақын-шешені ат мініп, шапан кисе, бүгінгі өнерпаз да даңқ тұғырына көтерілгісі келеді.
Осының бәрін біле тұра Серке Қожамқұлов елу жасын, алпыс жасын атамаған. Той жаса, жиналыс өткіз, атақ бер деген талап-тілекпен ешбір есікті ашып, ешбір қызметкердің мазасын алмаған. Ол тұстар ақындардың, жазушылардың, актерлердің мүшел тойларын гуілдетіп өткізетін кез. Алғаш рет Серке Қожамқұловтың айтулы тойы – 70 жасы Құрманбек Жандарбековтың тікелей ұсынысымен, партия, совет, мәдениет ұйымдарының ықыласымен, қолдауымен өткізілген болатын.
Біреулер ат арылтып, тон тоздырып, өмір-бақи іздеп-сұрап таба алмайтын атақ-абырой, даңқ-мерей Серке Қожамқұловтың ұзақ жылғы еңбегінен кейін, зор таланттың халқына берген өнерпаздық жемісіне орай бірінен кейін бірі заңды түрде, тоғыз-тоғызымен, үйір-үйірімен келіп жатты:
«Қазақ ССР-ның халық артисі, СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, КПСС ХХІІ съезінің делегаты, үш Ленин ордені, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендері, барлық өмірдің, тынымсыз әрекеттердің, өнердегі жемістердің қорытындысындай болып, 1976 жылы Семейде, Абай, Мұхтар аулында гастрольде жүргенде Серке Қожамқұловқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді деген қуанышты хабар жетті.
Әртүрлі пьесаларда ауыл адамдарының, қоңыр төбел қарабайырлардың, жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің бейнелерін ойнай жүріп әбден дағдыланған Серкенің жаттанды ізге түсіп, өзін-өзі қайталап кетпей, үнемі ізденіс, толғану, өсу, өрлеу үстінде екенін Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясындағы Қоңқай образын сомдап шығарып беруі тамаша дәлелдеген болатын.
Бұл образ актердің ұлттық репертуардағы ізденістерге классикалық драматургия сонары тәжірибесінен кейін қайта бір оралуы тұсындағы ғажап өнерпаздық олжасы еді.
Қорланғандар мен тапталғандар, пұшаймандар мен сорлылар – кешегі қазақ ауылындағы осы әлеуметтік топтың от басы, ошақ қасындағы отырыс- тұрысын, төрде көсілген төрелер маңындағы пұшайман жүз, қоңыр қабағын, қора-қопсы төңірегінде бала-шаға, кемпір-шалға қожаңдап, жуандар алдында құрдай жорғалаған мінезін, жүрек сыры, ішкі әлемін бес саусақтай білетін актер әлеуметтік кескіні айқын, психологиялық құбылыстары сенімді халық өкілі – Қоңқайдың бір жағынан күлкі – деп ішек-сілеңді қатыратын жарқын, ашық бояулы юморлық сипаты бар, екінші жағынан көзіңе жас келтірер трагедиялық сарынды зор реалистік қуатқа толы калссикалық сахналық образын жасады.
Көптеген іргелі елдердің кейінгі ұрпағына алтынмен апталған, күміспен күптелген ғажайып сарайлар, мәрмәр тастан қашалып салынған керемет ғимараттар, отырықшылықтың құдіретінен туған тамаша қалалар жетсе, көшпелі жұрттардың дәулеті құмға сіңген судай жұтылып жоғалған. Мың жылдар бұрын хас шеберлердің қолынан шыққан мәдениет ошақтарын жүдетпей, қастерлеп, қадірлеп, аялап ұстап отырған орыс, Еуропа, Орта Азия халықтарының киелі дәстүрлерін көзбен көрген шақтарында, Мәскеу, Санкт- Петербург, Самарқанд, Бұқараны аралаған кездерінде іштей түйген сырларын, халық тарихына деген өнерпаздық көзқарастарын, өз суреткерлік позициясын актер Серке Қожамқұлов бірнеше сахналық бейнені сомдау үстінде шығармашылық жаңашылдықпен іске асырды. Бұл сөз ең алдымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қарабай образына қатысты айтылуы керек.
Қазақтың етек-жеңі мол даласында сан ғасырлар отар-отар қой, табын- табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдаған небір мыңғырған байлар өтті. Сол дәулеттен оның өз басы не рахат көрді, жұртына қандай шарапаты тиді, тарихта не белгі-із қалдырды деген драматургтың нысаналы ойына актер тарапынан жаңа әуез, жаңа идея, жаңа тұжырым қосылып, сараңдық, қаттылықтың ұлттық ерекшелігі ғана емес, адамбаласылық сипаты ашылды. Әлеуметтік мән, философиялық тереңдік жан-жақты реалистік актерлік ойын үстінде көрінді де, психологиялық сарап көрерменді дән риза етті. Содан кейін көп ұлтты театр қызықшылары бір ауыздан Серкенің Қарабайын, Бальзактың Гобсегімен, Мольердің Сараңымен салыстыра бастады, тіпті заңды түрде қатар қоятын да болды.
Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының 1922, 1943, 1956 жылғы үш нұсқасынан текстерін салыстырып қарағанда өзгеріске түспеген, ең алғашқы қалпын сақтаған билер диалогтары, билік сценасы ғана екендігін көреміз. Қазақ өнерінің ғасырлар бойы қарыштап дамып, образдық-стильдік жүйесі, лексикалық байлығы, ырғақ-интонация қалыбы әбден кемеліне келген бір саласы – билер сөзі, шешендік. Синтез бен анализ, даралық пен жалпылық, фактілерді тізе отырып қорытынды шығару, дерексіз жәйттерден нақтылыққа көшу, шежіре, аңыз, тарихи мысал, аналогияны пайдалану, куәні келтіру, дәстүрге сүйену, беделді арқа тұту – осылар тектес сан алуан жалпы юриспруденция, риторикада бар тәсіл-амалдардың үстіне қазақ шешендері, қазақ билері қорқыту, шошыту, салмақ тастау, сескендіру, үміттендіру, дүдамал қалдыру, алаңдату, есін алу, емеурін білдіру, ишарат ету тақылеттес психологиялық әсердің мың-сан түрлерін ғажап шеберлікпен қолданған.
Билік айтарға келгенде қазақ дәугері қай мезгілде жетті, қасында кімдер бар, киген киімі, мінген аты, ер-тұрманы қандай түсте – мұның бәрінің өз мағынасы, өз салмағы бар.
«Еңлік-Кебек» трагедиясының алғашқы нұсқасы жазылар тұста азулы даугерлердің соңғы ұрпақтарының көзі тірі кезі, арғы замандағы ардақты аталар мен билердің жүріс-тұрысы, мінез қалыбы, сөз мақамының ұмытылмаған шағы: небір тоқсан толғау, көкейкесті сөздердің бір қылшығы да құрымай ел-жұрттың аузында жүрген мезгілі; сондықтан да халықтың даналық қазанынан жас Мұхтар өз керегін қарпып алған. Сом алтындай жарқыраған сөз жауһарларын кейін қырнап, жонудың қажеті де болмай қалған.
Трагедия авторы кешкен өнерпаздық хәлге ұқсас творчестволық процесс Еспембет би образын сахнаға шығарған Серке Қожамқұлов басынан да өткен. Өмірден өзі көрген, етене жақсы білетін орта өкілінің жүріс- тұрысын, қимыл-қозғалысын, іс-әрекетін зерттеумен актер арнайы айналысқан жоқ. Бұл оған айрықша таныс нәрсе. Күні кеше тергеуші боп істеген кезде қылмыскер мінез-құлқының сан алуан құбылысын көрген; адам тағдыры безбенге түсіп, екінің бірін таңдайтын, тіпті жаныңдай көретін жақынының өзін қылмысы болса, өлімге бұйыратын, қылыш жүзін табанмен басатын қатерлі сәттерді бастан кешкен. Айыпкер-айыптаушы арасындағы психологиялық тартыстардың сан алуанын жас жүрекпен сезіліп білген сот қызметкері болған Серке үшін Кебек – Еспембет арасындағы көп күйлер, әуез, сарындар айқын еді. Сөйте тұра актер қиналды. Ой азабына түсті. Тебіреніс тұңғиығына батты. Ақырында қазақ сахнасының қара тастан ойып алғандай скульптуралық бір мүсінін дүниеге келтірді.
Серке Қожамқұлов жасаған Еспембет тұлғасын күні бүгінге дейін әдебиетшілер, театр сыншылары қисық-қыңыр, бойлауық бидің бейнесі деп жүр. Осы дұрыс па? Актердің сол ролін сахнадан көрген адамдар әлі де бар. Бір сәт еске түсірейік. Қисық, қыңыр, бойлауық Еспембет. Солай ма? Солай ғана ма?
Найман биінің бойында бұл сипаттар бар. Адам ретіндегі ерекшеліктері. Сонда біз әлеуметтік психологияны неге ұмытамыз? Сахналық образға жан-жақты қараған кезде Еспембеттің ең алдымен әлеуметтік тип екенін, қоғамдық тұлға екенін көресің.
Қазақ ескілігіндегі кеселді түйіндер, зіл қара пәлекеттің шоғырындай, әлеуметтік қайшылықтардың көк шодыр безіндей көзге түсетін бұл адам – идеяның, позицияның, сенімнің құлы ретінде сомдалады. Серке бейнелеген Еспембет образының жалпылық, адамбасылық сипаттары ерекше. Реакция, фашизм, нәсілшілдік, империализм, қанаушылық, жер бетінен өшпей тұрғанда Еспембетшілдік те өлмек емес. Ұлы актер қара дүлей күш, тас жүрек, қаныпезерді сомдау арқылы сені шошыта, түршіктіре отырып, гуманизм, адамгершілік идеясын айтады. Махаббат, еркіндік үшін күреске шақырады. Елжіреген ет жүректі, толқыған сезімді қатыгездікке, өлімге, қиянатқа қарсы қояды. Серке сомдаған Еспембет образының осындай рухани сабағы, гуманистік тағлымы бар.
Қазақ театрының ұйытқысы болған алғашқы алып топ өкілдерінің тағдыры әртүрлі: Әміре, Жұмат, Иса табиғат берген өнерлерін түгел ашып беріп үлгермей ерте опат болды; Құрманбек, Қанабек, Күләш, Манарбек опера өнерінің негізін салды; Қалыбек, Елубайлар дегеніне жетіп көз жұмды. Алпыс жыл театрда еңбек еткен Серке Құжамқұлов қазақ актерлерінің барлық буынымен сахнада қатар ойнады. Бір кезде Жұматты – Мәт аға, Қалыбекті – Қалеки. Елубайды – Еллеки деп, кейін Бикенді- Бикман, Сабираны – Сапсұби, Шаханды – Шаханский, Тұңғышбайды – Тұңғышбаевский деп еркелете қалжыңдар еді.
1979 жылдың 25 желтоқсан күні Серке Қожамқұлов «Ана – Жер ана» қойылымында Ақсақал ролін ойнады. Ол оның 84-тің үстіндегі шағы еді.
Алты күннен кейін 31 желтоқсанда таңға жақын қазақ күлкісінің құдіретті иесі – Серке Қожамқұлов көз жұмды.
КПСС-тің ХХҮІІ съезі совет өнерінің алдына биік мақсаттар, келелі міндеттер жүктеді. Ұлттық және интернационалдық сипаттардың телағыс дамуының айдынына көтерілген қазақ совет театрының социалистік реализм принциптерін берік ұстанып биікке өрлеуіне тағы бір кепілдік – ұлы актер Серке Қожамқұлов дәстүріне беріктігі. Оның ілгері өрістетуі деп білеміз.
Сахнада 200-ден астам, экранда 20-дан астам роль ойнаған, ұлттық, классикалық репертуарда бірдей жорға шыққан Серке өнерпаздығы – аса зор тағлымды өнерпаздық, реалист актердің тынымсыз жолы. Зор шеберлік мектебі.

1987.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *