КЕҢ ТЫНЫСТЫ АҚЫН

КЕҢ ТЫНЫСТЫ АҚЫН

Рымғали Нұрғали

Қазақ әдебиетіне Абай, Мұхтар сынды екі алтын діңгек, қос алыпты берген Шыңғыстау атырабының қарттары күні бүгінге дейін жеңіл әзіл, ерке мақтаннан құр емес:
–Бар десек те болмайды өзі. Енші беріп, машина мінгізіп жіберейік дейміз. Қалаға кетсе, шабыт құсын ұшырып алатындай көреді, білем. “Жүрекадырдан” шықпайды ғой бұл Шәкір ақының. Осында жатып-ақ кітап жаза береді.
Сол ақын Шәкір Әбенов 1900 жылы қазіргі Семей облысы, Абай ауданына қарасты Құндызды деген жерде туған. Арабша ерте хат таныған. Семейдегі приходская школада 3 жыл оқыған. “Борсықтар” деген өлеңі 1916 жылы “Айқап” журналында басылған.
Колхоз құру, ауылды советтендіру істеріне белсенді араласқан Шәкір Әбенов Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барып, Брянскі майданынан жаралы болып елге оралады. Қайтадан колхозда, совхозда істейді, шығармашылық жұмыспен айналысады. Ақын қаламынан туған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кейпін батыр”, “Таң шебер – Жапал”, “Ортақ арал” поэмалары әр жылдары басылып шықты.
Ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Музыка мамандары Шәкір Әбеновтің айтуымен көптеген ән мен күйлерді нотаға жазды. Ақын көп жылғы жемісті еңбегінің зейнетін көрді.
Шәкір Әбеновті қалың жұртшылыққа ақын ретінде танытқан күрделі шығарма – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасы. Бұл туынды тұңғыш рет 1937 жылы жарияланған болатын.
Халық санасына әбден сіңген, небір жүйрік жыршылар, дүлдүл ақындар жырлаған ғашықтықтың ғажайып тарихына Шәкір Әбенов қаймықпай барып, тамаша поэма тудырды. Ол тұста Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Тайыр сынды сұңқарлар, Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Төлеу секілді не бір ақиықтардың көзі тірі кезі.
Ұлттық әдебиетте орын тепкен қызық құбылысты көреміз. Поэмадағы қаһармандардың негізгілері – жырдың көптеген нұсқаларында кездесетін дәстүрлі кейіпкерлер. Сюжеттің жалпы ағысында ерекше бұра тартар, тыңнан салған арналар жоқ. Сөйте тұра, шығарманың ішкі түзілісі, көркемдік бітімі сонылығымен, дара құнарымен әсер етеді.
Шәкір Әбеновтің табиғи ақындық дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиетінің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі ұштап, өрбітіп өсіргендігін көру қиын емес. Мұның үстіне өлең мәдениетіндегі Абай мектебінің сарынын ә дегеннен аңғаруға болады.
Тілдің лексикалық байлығы, сөз байламының кестесі, ұйқас ырғақ шеберлігі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының негізгі қасиеті. Оқиғаларды баяндауда эпостық дәстүрден гөрі, жазба әдебиеті сабақтарын ерекше ескеретіндікті көреміз. Қодар, Қарабай портреттерін жасау кезінде жарасымды әсірелеу қолданылады.
Қазақ дастанында Еңлік – Кебек, Қалқаман –Мамырдан кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады. Осы бегілерді Шәкір Әбенов поэмаларынан да табуға болады. Халық жырында келте, қысқа қайырылатын жәйттерді ақын тереңдетіп, байытып, әуезге әуез, сарынға сарын қосып, ұлғайтып, жаңа бояулармен құлпыртып, жаңғыртып жіберген, Қозының Баянды іздеп келе жатқандағы хикаялары, жолбарыс соғып алуы, қалмақ шалмен кездесуі, қойшылық әңгімелері, балуанға түсуі – тың дүниелер. Жалпы Шәкір Әбенов поэмасында фольклор мен жазба әдебиеті дәстүрінің жақсы тоғысуын көруге болады.
Ақындық таланты эпикалық жанрда жарқырап ашылған тарланның көптеген өлеңдерінде лирикалық, сатиралық, юморлық пафостың мол екендігін көреміз, эпиграмма, қағытпа, арнау өлеңдері бір төбе.
Ақындық дәстүрдің жалғастығын сөз еткенде Шәкір Әбенов поэзиясында Абай ықпалы әр түрлі деңгейде аңғарылатынын айту керек. Тақырыптық тұрғыдан Абай, Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы объектімен “Кейпін батыр” поэмасындағы өмірлік материал әуендес, сарындас. Шығарма арқауы – қылышынан қан тамған Ақсақ Темір заманындағы бір оқиға. Бас кейіпкер Кейпіннің шыққан тегі, ауыр тағдыры, тіршіліктегі шырғалаңдары романтикалық сюжетке лайық дүниелер. Кездейсоқ ұшырасып, оқыстан табысқан Гүлнармен арадағы сүйіспеншілік шебер бейнеленеді. Қазақ әдебиетіндегі өзге елдер тұрмысын бейнелейтін интернационалдық сипаты айқын шығармалардың ішінде «Кейпін батыр» поэмасы өз ерекшелігімен, айқын идеясымен, шеберлік кестесімен дараланып тұрмақ.
Кең тынысты, мол оқиғалы, көп кейіпкерлері “Таң шебер – Жапал” поэмасында да көркем сурет, ақындық олжалар бар.
Фольклорлық тарихи, шежіре-аңыз сюжеттеріне жазған ақын поэмаларының әлеуметтік тынысы кең, эстетикалық мақсаты айқын, тарихты көне күндерді жақсы білетін ақынның, биік көркемдікті нысана еткен қаламгердің қолтаңбасы көрініп тұрады.
Ақын Шәкір Әбенов соңғы кездескенімізде:
–Жаңа кітаптың атын “Шыңғыстау” қойдым. Кір жуып, кіндік кескен жерім. Бауырында сексен жыл ғұмыр кештім. Ылғи қарыздар адам секілді болам да тұрам, – деді.
Рас, ақын қашанда туған жеріне қарыздар.

1980.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *