ЖІГЕР

ЖІГЕР

 

 

Рымғали Нұрғали

І
Жыл басында Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы профессор Намазалы Омашевтің елу жасқа толған тойының дастарқанына жиналдық. Кешегі алдымызда отырып, дәріс тыңдаған студентіміз. Енді оның шәкірттерінің де аузына ата сақал біткен. Алды республикалық басылымдардың редакторлары, радио- тележурналистер.
Үзіліс кезінде көп адамдармен, көптен көрмеген ағайындармен қауқылдасып сөйлесіп жатырмыз. Маңайына жастар үйіріліп, ақар-шақар болып жатқан бір адам – профессор Әбілфайыз Ыдырысов. Ұзақ жылдар ауыр дертпен күресіп, мұндай жиындарға бара бермеуші еді. Қазір өңі жақсы, қимыл-қозғалысы айқын, күш-қуатын қайтадан жинап алған, қунақылық бар. Бір кезде шәкірттері ортаға алып гу-гу әңгіме соғып кетті. Ұстаздарының лекцияны қалай оқығаны, практикаға барғандары, тәжірибе газет шығарғандары, түрлі қалжың сөздері, емтихан алғандағы мінездері, қатал да қыршаңқы деканмен студенттер үшін сөзге келіскендері, жастар кештерінде жеңгеймен қосылып, Төлеген мен Жібек арияларын орындауы – қойшы, әйтеуір, сан алуан өткен күндердің есте қалған елестері тіріліп қоя берді. Ең соңында, ұстаздарының ақпанның аяғы, наурыздың басында жетпіске келетіндігі сөз болып, мақала жазам деушілер көбейіп, өзара таласа бастады. Тіпті басылымдар да белгіленді. “Біз қалыс қаламыз ба?” дегенімізде, жастар жағы: “Сіз бұл кісіні біздей білмейсіз ғой”, – деді.
Солай ма еді?

ІІ
Бірер жыл (1963-1964) менің “Лениншіл жас” газетінің солтүстік облыстар (ол кезде Тың өлкесі деп аталған) бойынша өз тілшісі болғаным бар. Ұшарымды жел, қонарымды сай білетін еркетотаймын, бүгін Көкшеде жүрсем, ертең Баянға тартып кетем. Ерік өзімде. Арқаның өзен-көл, тау- тасын түгел аралап көру бақытын сыйлаған тамаша жылдар еді.
Сондай сапардың бірінде, Қостанай қаласында қонақүйде жатқанмын. Есік қағылды. Мәссаған! “Қазақстан пионері” газетінің редакторы Әбілфайыз Ыдырысов келіп тұр. Сырттай білгеніммен, бұрын ешқандай аралас- құраласымыз болмаған кісі. Сыйлайтын азамат, белгілі журналист. Орталық Комитеттің арнаулы бір тапсырмасымен сапарға келген екен. Менің осында екенімді біреулерден естіген. Астында жақсы көлік бар, мүмкіндігім болса мені де ала кетпек. Торғай атырабын, елді, жерді көрсетпек. “Құланның қасуына – мылтықтың басуы” демекші, тілшіге керегінің өзі де осындай сапар, сол күні-ақ тарттық та кеттік.
Ағамыз ақкөңіл, әңгімешіл, бауырмал адам болып шықты. Ұзын жолда ата-тегі, балалығы туралы көп әңгіме айтты. Он екі жасында Қостанайға келуі, кейін Алматыда университет бітіруі, газетте істеуі – бәрі сөз болды. Осы сапарда Әбілфайыз Ыдырысов мені Торғайдың ұлы даласымен таныстырып, елді, жерді, адамдарды көрсетіп, көңіл қанжығасын майлап жіберіп еді.

ІІІ
Алпысыншы жылдардың ортасында Алматы зиялы қауымының бас қосатын бір жері – республикалық көпшілік кітапхана болатын. Студенттер, аспиранттар, кандидаттар, докторар, академиктер, өзге жұрт – бәрі үшін небәрі үш-ақ оқу залы бар. Кейде бір орын табу үшін сағаттап тосуға тура келеді. Кейбіреулер оқта-текте бас сұқса, күнде бұл жерден табылатындар да аз емес. Сондай ізденушінің бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы Әбілфайыз Ыдырысов. Көбіне көп арнаулы бөлімде жүреді. Қарайтыны – жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ газеттері. Шаң басқан, сарғайған, тозған тігінділер. Құмырсқаның ізі секілденіп көрінетін, ширатылып жатқан араб әріптері.
Кейде ол газеттерді біз де қараймыз. Бірден ажыратып, жедел оқып кету қиын шаруа. Сонда күлеміз:
–Біздің басымызды осы батпаққа тығып қойған екі шал: Бекхожин мен Кенжебаевқа болсын обалымыз, – дейміз. – Қазіргі заман тақырыбын берсе, оп-оңай, қиналмай-ақ қорғап кететін едік.
Көп жыл еңбек етіп, қиын мезгілдегі баспасөз материалдарын сараптап шыққан Әбілфайыз Ыдырысов тарих ғылымдары бойынша диссертация қорғады.

ІV
Осы әңгімелердің басы қайырылғаннан кейін жас редакторлар:
–Ойбай-ау, ағай-ау, Әбекеңді, біздің ұстазымыздың өмірін жақсы біледі екенсіз ғой.
–Бізге мақала жазып берсеңізші.
–Еңбектерін де білетін боларсыз, – деп ортаға ала берді.
–Оларың рас, еңбектерін де бір кісідей білем.

V
Бастау көзін отызыншы жылдардан алатын қазақ журналистикасы, баспасөзі туралы Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Тұрарбеков, сатира жөнінде Темірбек Қожакеев, очерк жөнінде Төлеутай Ыдырысов, Шерияздан Елеукенов кітаптары басылды.
Осы қатарда елерлік еңбектер жазған Әбілфайыз Ыдырысов та бар. Ең алдымен, оның “Баспасөзді безендіру ісі” (1966) деп аталатын, кейін әрбір редакцияның күнделікті қолданатын құралына айналып кеткен оқулығын айту керек.
Безендіру саясаты: қаріптер және олардың сипаттамасы, көркемдеу үлгілері, газет нөмірінің архитектурасы нақты сараланды. Бұған жалғас шыққан “Редактор мен корректорға көмекші құрал” (Ә.Бектемісовпен бірге) оқулығы бірнеше рет қайта басылды. Мұнда қолжазба, оған қойылатын талаптар, өндіріске даярлау, редакциялау, корректуралық жұмыстар: автор мен редактор қарым-қатынасы, корректорлық белгі- таңбалар, оларды қолдану тәсілдері жан-жақты көрсетілді.
Ал “Фототерім” (1994) оқулығында фототерімнің ерекшеліктері, бүгіні мен болашағы, текстерді фототерімге әзірлеу, басу, жариялау және олардың технологиясы көрсетіледі.
Қысқасы, баспасөзді безендіру, қолжазбаларды даярлау, кітап етіп шығару, полиграфия, терім технологиясына қатысты қазақ тіліндегі негізгі ұғымдарды қалыптастырып, алғашқы бағдарламалар, оқулықтар жазған профессор Әбілфайыз Ыдырысов екендігін ашып айту – әділет болмақ. Мұның үстіне автор “Офсеттік шағын мәшинелер және оларда жұмыс істеу”, “Полиграфия өндірісі” деп аталатын орыс тілінде шыққан монографияларды еркін, жатық тілмен сөйлетіп, қазақ баспагерлерінің күнделікті пайдаланатын кітаптарына айналдырып берді.


Желтоқсан оқиғасынан кейін университеттерде студенттерді, ұстаздарды қудалау, жазалау тарихы – әлі жазылмаған қаралы кітаптардың бірі. Сол тұстағы ауыр салмақты жаңа өркен жастық қайратпен көтеріп кетсе, аға ұрпақтың жүйкесі жұқарды, жүрекке сызат түсті. Профессор Сұлтан Досымбеков, академик Өмірбек Жолдасбеков тәңір бұйыртқан жастарын жасай алмай, Желтоқсан кезіндегі қудалау азаптарының құрбаны болғандығын ашып айту керек.
Университеттегі идеологиялық факультеттің бірі – журналистика бөлімінің төбесінен әңгіртаяқ ойнатып, шәкірттер мен оқытушылар арасынан “жау”, “ұлтшыл” іздеген тіміскілер, ең алдымен партия ұйымының хатшысы Әбілфайыз Ыдырысовты тоқпақтағаны рас. Күнде жиналыс, күнде сілкілеу, күнде айқас. Сол қаралы оқиғалардың кесапаты күндердің бір күнінде күтпеген жерден Әбілфайызды да жыққан. Жүйкеге түскен мың сан ауырлық инсульт жасаған.
Мұндай ауыр дерттен кейін кісі қатарына қосылу – екіталай шаруа.
Бірнеше жыл қаншеңгелді сырқатпен қайтпай айқасып, ақыры оның өлім демі тырнағынан құтылып, жазу орнына оралып, қаламгерлік қайратына мінген азаматтың қажырына риза боласың. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылдың ішінде Әбілфайыз қаламы ерекше жемісті құнарлы, толымды екендігін көрсетті. Бірінің артынан бірі шығып жатқан кітаптар.
Мұхтар Әуезовтің туғанына жүз жыл толуына орай жазылған әр түрлі жанрлардағы еңбектердің үлкен бір міні – нақтылық, дәлдік, шындықтың орнын долбар, мадақ, көбік сөздің басып кетуі. Әуезов жоқ, Әуезов туралы ойдан шығарылған бірдеңелер бар; Әуезов жоқ, Әуезов табиғатына келмейтін жасанды бояулар бар; Әуезов жоқ, Әуезовтің күлгін, кісі танымайтын көлеңкесі бар, Әуезов жоқ, автордың өзі бар.
Ал, Әбілфайыздың “Әуезовке іңкәрлік” кітабында шындық сөйлеп тұр, болған нақты оқиғалар қаз-қалпында берілген. Ұлы ұстаздың алғашқы дәрісі, ұлы жазушының қудалануы – ұлы қаламгердің бір сөзінің жариялану тарихы, осындай он тарау, оң оқиға. Әуезовтың өз сөздері, өз кескіні. Ал Ыдырысов болса көлеңкеде, көп көрінбейді, көрінсе де елеусіз. Негізгі мақсат: ұлы қазақтың бейнесін ашу. Әділін айтқан дұрыс: Әбілфайыз Ыдырысов қазақ эссеистикасында “Әуезовке іңкәрлік” кітабы арқылы өз ізін қалдырды.
Әуезов туралы жақсы кітап жазып, оқырмандар ықыласына бөленген Әбілфайыз шығармашылық шабыт тапты. Соның айқын дәлелі – қолға енді тиген “Таңшолпаны”. Бұл өзі еркін, эссе стилінде жазылған шуақты, жарқын рухты кітап екен. Дәстүрлі әдебиеттану тілімен сөйлегенде, жігіт Алтай мен қыз Таңшолпанның махаббат хикаясы. Соғыстан кейінгі Алматы. Өрттен кейінгі ел өмірі. Таза сезімдер, таза көңілдер. Елуінші жылдар студенттерінің тұрмыс-салты. Сол кезең туралы жазылған С.Шәймерденов, З.Қабдолов, Ә.Нұршайықов романдарын қайталамайтын, жаңа бір сырлы дүние туғандығына қуану керек.

VІІ
Таяуда тағы кездестік. Профессор Әбілфайыз Ыдырысов жазу үстелінде отыр екен. Жақында ғана жарық көрген “Бағдарлама – өркениет өрісі”, “Сыр мен шындық” кітаптарының сүйінші даналарын көріп, дерт тауқыметіне мойымаған, жетпістің жотасына мол қазынамен көтерілген қажырлы қаламгердің толымды істеріне көңіліміз марқайды.

2000.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *