Рымғали Нұрғали
ЖЕТПІСТІҢ ЖЕТЕУІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығын бүкіл республика тойлады. Филология факультетін біз бітіргелі де бір адамның ғұмыры дерлік 46 жыл өтіпті. Тіл және әдебиет, журналистика деген екі мамандық, екі бөлім болғанмен, көп пән ортақ, бірге оқушы едік. Қазір ойлап отырсам, сол алпыс үшінші жылы бітіргендерден елімізге белгілі көп азамат шығыпты. Олардың ішінде ғылым докторлары Әлімхан Жүнісбеков (тілші), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев (тілші), ақын, профессор Өтеген Күмісбаев (шығыстанушы), профессор Лазар Керімов (педагог), Әміржан Шалтыков (саясаттанушы), Республикалық, Халықаралық, облыстық, аудандық газет редакторлары Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Нұриден Мұфтахов, Бақтыбай Далабаев (Орал), Идош Асқаров (Ақтөбе), Мәкен Өсербаева (Талдықорған), Қаһар О., Даян Қ. (Моңғолия), Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев (Көкшетау), Байтұрсын Ілияс (Қостанай), Әміржан Қалиев, Әкімжан Оралбаев, Жақсылық Темірбеков, Әнуар Жапаров, ғылым кандидаттары Нарбай Ыбыраев, Назар Қанафин, Ләтипа Ахметова, белгілі кинорежиссер Серік Жармұхамедов. Баспа, мектеп директорлары мұғалімдер, өз алдына, ақын-жазушылар бір төбе: Өтежан Нұрғалиев, Мағираш Сарикова, Өтен Ахметов, Ерғали Ахметов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жаркенов, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Жорабай Молдақұлов, бокстан Қазақстан чемпионы Айдарбек Жапсарбаев …
Ұядан бірге ұшқан курстастар туралы мына қысқаша жазба сағыныштың бір тамшысы ғана.
Құрманбайдың реализмі
Қытайдан келген екі курстасымыздың екеуі де қасқа.
Құрманбайдың басы сопақ, шашы жұмсақ, ерте түскен, самай шаштары орнында, маңдайынан төбесіне дейін түбіт қасқа. Мінезі салмақты. Қандай қалжың айтсаң да көтереді, кісі көңілін қалдырмайды.
Қабыштың басы жалпақ, самай шаштары қатты, қап-қара, маңдайынан төбесіне дейін жарқыраған айна қасқа. Мінезі шырт етпе, басынан сөз асырмайды, кімді болса да жыландай шағып алатын шақар. Құрманбай мүшел жас, Қабыш он шақты жас үлкен болғанына қарамай құрдастай болып кеттік. Екеуі мені туған інілеріндей еркелетеді, достарындай сырласады, туыстарындай жақсы көреді. Екеуі де мен үшін қазына: Қытайдағы жағдай, Шығыс Түркістанның трагедиясы, халықтың әрлі-берлі көшу тарихы, ер-азаматтар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, өзен-көлдер, тау-ормандар-баршасын майын тамызып әңгімелейді. Әсет өмірі, Шәкәрімнің ұлдары, алаш ардагері Райымжан Мәрсеков, Оспан батыр, Қалыбек Хәкім, Қажығұмар, Омарғазы жазушылар, Нариман аудармашы — бұл төңіректерде айлап айтылған сырлар бар еді.
Кейін Қабыш сырттай бөлімге оқуға ауысты, университет бітіргеннен кейін көп жылдар Шұбартау, Үржар, Талдықорған жағында қызмет етті. Бірнеше кітап, оның ішінде «Мұғалімдер» романын бастырды.
Ал Құрманбайммен 46 жыл бойы іргеміз де, көңіліміз де бөлінген жоқ. Ол
Алматыда
Орталық
стадион
жанында, аэропорт
жақта, микроауданда және орталықтағы соңғы үйінде тұрған кездерінде күн демей, түн демей қалаған уақытымызда барып, жеңгеміз Розаның шай-суын, ас- дәмін еркін ішіп-жеп, қаласақ қона кетіп, ойнап-қунап, әзілдеп, мәз-мейрам болып жүруші едік. Негізінен қалада тәрбиеленген, орыс мектебінде оқыған Роза Құрманбайдың қадірін білді, адал жар, аяулы ана болды; оған жағдай жасады, айтқанынан шыққан жоқ; үлкен ұлдарын Құрманбайдың апасының бауырына салып берді; ауырып қалған күндерінде Құрманбайды сәбидей күтті, Мира мен Нұратты үкілеп өсірді.
Құрманбай табиғатынан дарынды, аса еңбекқор адам еді. Оның бүкіл өмірі оқу-ізденумен, жазу-сызумен өтті. Біреудің алдына түсу, дүние жинау, байлық қуу, кісінің сыртынан ғайбат айту, әлдекіммен ұстасу, кектесу, өш алу дегендерден құлан таза болатын. Адалдық, тазалық, еркіндік, туған халқына махаббат – оның басты қасиеттері еді.
Қаламы қозғалмаған күні жоқ. Негізінен реализмді нысана еткен жазушының «Ай күледі», «Балбөбек», «Қайдасың, досым?», «Шынар», «Нар идірген», «Қаныш Сәтпаевтың балалық шағы», «Әсет», «Бабадан қалған бар байлық» сияқты көптеген кітаптары жарияланды. Өлең, дастан тудырды. Ертегі, әңгіме, хикаят, роман жазды. Тарихи-танымдық, этнографиялық, педагогикалық еңбектер берді. Аударма жасады. Әртүрлі кітаптар, күнтізбелер құрастырды. Бұлардың басын қосып шығарса, көп томдық шығармалар жинағы болмақ.
Құрманбаймен көп сапарда бірге болдық. Ол өте сергек адам еді. Ұзақ жолда бап талғамайтын қазанат секілді: үш-төрт сағат көз іліндірсе, қунап шыға келеді; асқа кірпияз емес, аздың өзін қанағат етеді; далаға, машина кабинасына қона салуға бар. Берекесіз көп сөйлеп, мазаны алмайды, татымды әңгімемен ауыл-аймақты разы етеді.
Менің «Ақбұзау» деп ат қойған «Жигули» машинаммен екі балам-ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және Құрманбай бар, 1975 жылы шыжыған шілде айында Алматы – Жамбыл – Шымкент – Түркістандатып сапарға шықтық. Жамбылда Әлдихан Қалдыбаев, Шымкентте Қарауылбек Қазиев күтіп алды. Қызықты кештер, әңгіме-дүкен, тамаша табиғат құшағы, жастық күндер.
Одан Ташкент – Самарқан – Бұқара – Хиуа тарттық. Бензиннің тапшы болып тұрған кезі. Құрманбай ұйғырша ұйғырдан артық біледі, өзбекше де сөйлейді. Бірден райкомға тартамыз. Жазушылар Одағының мүшесі деген кішкентай қызыл куәлікті көрсетеді де, кітап жазу үшін саяхаттап жүрміз, жағдай жасаңдар дегенді өзбекшелеп мипаздап айтады. Әр қарай мәселе қолмақол шешіледі: жатар орын, ішер тамақ, құйылар бензин түгел дайын.
Әсіресе Самарқан облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Рахимов деген азамат ерекше күтті, түбі Қашқарлық ұйғыр болса керек; Құрманбайдың Шығыс Түркістан туралы әңгімелеріне құрсан болып, бір апта алып қалып, Самарқантты, оның маңайын түгел аралатты, арнаулы демалыс үйіне жатқызды, әрі қарай баратын жерімізге телефон соғып айрықша тапсырды. Сонша құрмет көріп жүрген Құрманбай екеуіміздің аяғымызда бақайларымыз ырсиып тұрған шарқай, үстімізде алабажақ жейде. Көңіл таза, сезім-ақ.
Келесі жылы жазда Құрманбай бар, әнші Жәнібек Кәрменов бар. Жолда Талдықорғанда Дәнеш Рақышевта қонақтап, Үржар, Алакөл, Аягөз- Семейлетіп тағы саяхатқа шықтық. Ғажайып бір ән сапары еді ол.
Ғалым, әнші Құныпия Алпысбаевпен Кеген-Нарынқол жағында болдық. Еске түсіріп отырсам, он мың шақырымнан астам жерді Құрманбаймен бір машина ішінде болып өткен екенбіз.
Құрманбай алды-артына бірдей мейірмен қарайтын, адамды кісілігіне қарай сыйлап құрметтейтін көшелі кісі еді. Тағдырлары ұқсас Зия Самади, Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, бірге қызметтес болған Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, балалары қатарлас Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаевтармен сырлас, дос, ниеттес болатын. Курстастары Құреке деп түгел төбесіне көтеруші еді, тіске басар табылмай қалған қызу шақтарда оның теңбіл-теңбіл, дөңгелек тамшылары мөлдіреген түбі қасқасын рахаттана жалап отыратындар да табылатын. Бала күнінен бірге өскен, Құлжа бойында жастық шақтың қызығына ортақтасқан асыл досы, Әсет мектебін қайта тірілткен, қазақтың қобыз үнді ғажайып әншісі, ішкі сарайы тап-таза, періште мінез Дәнеш екеуінің шығарда жаны ғана бөлек еді. Бұл ғұмыр бойына созылған, қас-қабақтан, түсінісетін, көрмесе сағынып тұратын, ешқашан сызат түспеген тамаша қазақы достық болатын.
Қазақстан Жазушыларының соңғы құрылтайында Құрманбай шаршаңқы, жүрісі сылбыр, өңі қуқыл, көңілі жабырқау көрінгенмен, «ал, кеттік» деген шақыруға қарсылық білдірмеді. Сол күні Алматының бір жылауық жаңбыры толассыз жаусын. Оған қараған біз жоқ. Астымызда сүліктей қатқан, есік пен төрдей, былғары орындықты, Германиядан күні кеше ғана келген Қоғабайдың су жаңа «Мерседесі».
Түнге қарай орталықтан бас сұғар жер таба алмай, аэропорт, вокзал, Тастақтарды сенделетін баяғы Алматы емес, таяқ тастасаң кафе, казино, ресторан, «кел, іш, же, ойна» деп шамдары жарқырап, шақырып тұр. Зыр етіп, Абай көшесіне түстік те, у-шу, ырду-дырду бір кафеге кіріп кеттік. Одан кейін екінші кафе. Одан кейін үшінші кафе. Әуелде үшеу едік. Кейін басқалар қосылды. Қызу әңгіме: кім мақталды, кім сыйланды, кім кімге дауыс берді. Қызыл кеңірдек. Құрманбайдың сабырлы қалпы. «Алаш» сыйлығын алып тұрған жерінен біреулердің қызғанышынан өтпей қалғаны айтылғанда да былқ еткен жоқ. Түні бойы қыдырдық.
Кафе, ресторан жалықтырған соң, менің үйіме, Қоғабайдың үйіне бардық. Атақ, даңқ, күндестік, опасыздық, өмір, өлім, әйел, нәсіл, достық, дұшпандық, кедейлік, байлық, қазақтың тағдыры – бәрі сөз болды. Құрманбай түн ауа көңілденді. Жас кезіндегідей қолын сермеп тастап, қызыл шеке боп айтысты, ешкімге есе теңдік бермей қойды. Таң ата үйіне келгенде әйелі Розаға:
— Сен, ұрыспа, мен бүгін ақырғы рет қатты іштім, достарыммен іштім,- деді. Дауысы дірілдеді, көзіне жас келді.
Содан кейін мен Құрманбайды көрген жоқпын.
Нұриденнің сатиралық фельетондары
Ол бізден үш-төрт жас үлкен болатын. Жасы ғана емес, түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы ауылдан келген біздерге қарағанда өзгеше еді. Қапсағай, арық, бойы ұзын. Шықшыт сүйектері шығыңқы, мұрны үлкен, қоңқақ. Көзі алақандай, үлкен, кісіге суық қарайды. Қайдан тауып алатынын білмейміз, өзгелерде жоқ киім киеді: басында сұр берет, үстінде қара сулық, қолында қара қолғап, көзінде қара көзілдірік. Сол кезде экранға шыға бастаған италия киноларының кейіпкері секілді. Полицейский ме, детектив пе?
Ауылшаруашылығы жұмысына бару үшін жолға шыққан бетімізде, жүк артатын, мал таситын вагондарға мінер-мінбестен бәрімізді билеп-төстеп кетті. Өзі би, өзі қожа, тізімдеп кезекші жасап, тазалық, тәртіп орнатып, бірден серкеміз болып алды. Совхозға жеткен соң бригадирге айналып, кетті, қанша астық тазартылды, қанша, машина артылды, барлық құжаттарды өзі толтырады, кімге қанша ақша тиесілі өзі шешеді. Адал. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Алаламайды. Сөйтіп, астық жинауға барғанда, Нұриден Мұфтаховтың арқасында бірінші курсқа жаңа түскен біздер өмірі қолымызға ұстап көрмеген ақшаға қарық болдық, тіпті сол сомаға костюм-шалбар, етік, алғашқы сағат сатып алынды, одан артылғанын стипендияға қосып талғажау еттік.
Сөйтсек Нұриден университетке дейін Қарағандыда кенші болған, бірталай қиыншылық көрсе де мойымаған қайсар, тісқаққан жігіт екен.
Университеттің жалпы комсомол жиналысы өтіп, Арқаға астық жинауға қатысқан бірталай студенттерге сыйлық беріліп, марапат жасалған кезде, бірінші курс студенті, біздің топтағы Е.Қ. «Тыңды игергені үшін» медаліне ұсынылғандығы айтылғанда, өзгелер аса мән бермесе, Нұриден шоқ басып алғандай, тулап шыға келді, мінберге ұмтылды, «бұл дұрыс емес» деп орнынан түрегеліп айқайлап та жіберді: «мен бұл әділетсіздікті болдырмаймын» деп жұдырығын түйді.
Айтқаны рас екен, Нұриден әрекетті бастады. Е.Қ. қолайсыз бір жағдайға байланысты, алыстағы Маңғыстаудан жедел хабар келіп, ауылына жұмыс бітерден жиырма күндей бұрын қайтқан болатын. Нұриден сол құжатты алғызып, алдымен университет газетіне жазды. Еш қорытынды шыққан жоқ. Жастар газетіне жазды. Нәтиже болған жоқ. Мәскеуге, Жоғары кеңес төралқасына жазды. Ақыры шынында студенттердің жазғы ауылшаруашылық жұмысында толық істемесе де, жаңсақ жолмен медальға ұсынылып кеткен студентке Нұриден қоймай жүріп марапатты бергізбей тастады. Біреулер: «Шындыққа жетті. Азамат екен» десе, біреулер: «Сонша соңына түсіп, өз қалтасынан шыққандай. Қызыл көз пәле екен» деді.
Әдебиет тарихы курсы бойынша жаңа оқытушы — доцент Белгібай Шалабаев аудиторияға кіріп, орындыққа жайғасты. Үстінде бір түсті ақ матадан тігілген жеңі шолақ көйлек, шалбар, аяғында да ақ сандал. Шашы да аппақ. Бұрынғы галстук тағатын, костюм киетін оқытушылардан бөлек. Сабақ оқытуы да басқаша екен. Ұзақ-сонар өз өмірбаянын шолып кетті. Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Әлкен, Мұқаметжан Қаратаев, Хамза Есенжановтармен өзін үнемі қатарластыра айтып отырып, қазақ әдебиетшілерінің ішінде Шоқаннан кейін еңбектерін орыс тілінде жазатын екінші әдебиетші екеніне тоқталып, стол үстіне қойған, әр жерінен жібі шығып, өңі кетіп тозыңқырай бастаған жуан, қызыл күрең портфелін ашып, ішінен екі жұқалтаң кітап шығарды. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін мен мақсатты түрде орыс тілінде жазам. Сендерді де осы кітаптарыммен орысша оқытатын болам» деді. Содан кейін өз кітабы бойынша диктант жаздырды. Келесі лекцияға келгенде білдік, төрт-бес студенттен өзгеге екі қойылыпты. Оқытушымыз өз кітабын тақырып-тақырып бойынша бәрімізге бөліп берді. Сөйтіп біз өзімізді өзіміз оқыта бастадық. Негізінен кітаптан көшіріп аламыз да соны оқып береміз. Оқытушымыз анда-санда «Молодец» деп қойып, шалқайып отырады, қате айтқан сөздерді түзетеді, «Осылай әрі білім аласыңдар, әрі орысша үйренесіңдер» дейді. Ол да мәз, бізде мәз.
Бір күні кезек Нұриденге келді. Оның орысшасы бізден көш ілгері. Ешқандай қате жібермейді. Күмпілдетіп, саудыратып оқып жатыр. Оқытушы риза болып, басын изеп отырған. Кенет студенттің қолындағы қалың дәптерден кітаптан жыртылып алынған беттер сау етіп төгіліп, оның бір парағы оқытушы столына барып құласын. Оқытушының көзі бағжаң ете қалып, даусы шаңқ ете түсті: «Қолың барып, менің кітабымды қалай жыртқансың?» деді. «Көшіріп жатуға уақыт болмады, ағай. Мен сатып алдым ғой кітапты» дей бергенде, оқытушы орнынан атып тұрды. «Кітап жыртқан фашист, иттің баласы!» дегенде Нұриден өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап:
«Мен комсомолмын. Иттің баласы емеспін. Әкем соғыста өлген. Тіліңізді тартыңыз!» У-шу болды да кетті. Улап-шулап деканатқа бардық. Улап-шулап ғылыми кеңеске бардық. Ақыры басқа оқытушы келді. Бәрімізді бастап жүрген – Нұриден
Университетті бітірген соң, жолдама бойынша жан-жаққа тарадық, Нұриден Алматыда қалу мүмкіндігі болса да, сұранып, өтініп жүріп, ақыры Атыраудың облыстық газетіне кетті. Бітіргенімізге бес жыл толғанда Алматыға жиналдық, біреу сақа тартқан, біреуге қарын біткен, біреу кішігірім бастық, біреу кітап шығарып, Жазушылар Одағына мүше болған, біреу диссертация жазып, кандидат дипломын алған, біреу әлі бойдақ, біреу үш-төрт баланың әкесі, бәрінде де өзгеріс бар, өзгермеген Нұриден ғана, сол сұр берет, қара көзілдірік, қара сулық, қара қолғап, мінезі де баяғыдай: «бес жылда үш адамды соттаттым, бес адамды партиядан шығарттым, он екі адамды жұмыстан қудырдым» деп қарап тұр. «Әділет үшін күрестім. Біреуді мақтап, өтірік очерк жазған жоқпын» деген.
Облыста фельетондармен атағы дүрілдеген Нұриденнің дабыры Алматыға да жетіп, Республиканың бас газетіне арнайы шақырылды. Бұрынғы бұрынғы ма, қылмыстардың бетін ашқан, жемқорлық ініне су құйған, зорлық, әділетсіздікті әшкерелеген материалдарды қарша боратты, жақтастары да, дұшпандыра да көбейді, оған қаймығып жатқан Нұриден жоқ, Қазақстанның қай бұрышына барса да не фельетон, не сын мақала жазып келеді, бетің бар, жүзің бар демейді, құзырлы мекемелерді де, үлкен мансап иелерін де найзалап жібереді, жалғыз өзі әрі милиция, әрі сот, әрі прокуратура секілді, дерек, факт, құжат табуда тұтас тексеру бригадасының қызметін атқарып кеткендей болады. Кейде олқы соқса, қателессе, оны мойындаудан қашпайды. Асанбай Асқаров туралы әуелде жалған деректерге сүйеніп материал, жазса, кейін сол қайраткерді ақтау әрекетінің басында жүрді, Журналист-адвокат қызметін абыроймен атқарды десе болғандай.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Нұриденнің мүмкіндігі тіпті молайды. Бірінші болып заң газетін шығарды. Әділет министрлігінде істеді. Келе-келе орыс тілінде еркін жазып кетті. Әлеуметтік толғақты ойларды қозғайтын қайраткерге айнала бастағанда, халқына Нұри Мұфтах атымен кеңінен танылған биік белесте, аяқ астынан жол апатынан қазаға ұшырады. Қазақ сатиралық журналистикасының үлкен бір сеңгірі Нұриден Мұфтахов екендігінде ешқандай күмән жоқ.
Қарауылбектің лирикалық прозасы
Біз бесінші курсқа келгенде, филология факультетінің орыс бөліміне Ж. есімді бір қазақ қызы оқуға түсті. Он алты жаста екен, Қызылорда қаласынан, екі тілде бірдей. Ұзын шашын бір бунақ етіп, арқасына тастай салған. Өзі екпінді. Үнемі жүгіріп жүрген секілді. Беті сопақша келген, көзі тостағандай, өңі аққұба. Күлген кезде тістері ақсиып тұрады, бір уыс ұсақ күмісті жарқ еткізіп шашып жібергендей әсер қалдырады. Аз күннен кейін белгілі болды, ауылшаруашылығы ма, политех па, солардың біреуінде оқитын жігіті бар екен. Үлкен қалың көзілдірік киген, еңгезердей дәу қара, қаудырлаған сулық киіп жүреді, онысы жерге сүйретіліп жатады. Виноградов көшесіндегі жатақханада тұрамыз. Есік алдындағы биік теректің жанынан көреміз, этаж арасындағы баспалдақ астынан көреміз, әлгі дәу қараның кең сулығының ішінде үнемі Ж. тұрады. Сүйісіп тұрады. Бәріміз қызғанамыз. Ең алдымен сұлулық десе, ішкен асын жерге қоятын Қарауылбек қызғанады. «Ойпырмай, құжбаннан не тапты екен?» деп басын шайқайды. Таңертең Ж. университетке қарай бұрымы арқасында бұлғандап, бір шекесінде ақ бантигі ағараңдап, жүгіре басып кетіп бара жатады. Аузымыздан суымыз ағып, жабыла соған қараймыз. Бәріміз ғашық болып қалғандаймыз. Екінші семестр басталғанда болса керек, Ж. ақ бантигін тастапты, жүріс-тұрысы бұрынғыдай емес, сабыр тартқан, өңіне мұң кіргендей. Бір күні Ж. жатақханадан көрінбей қалды. Салпаң сулықты құжқараға күйеуге шығып кетіпті. Алдымен Қарауылбектің қабағы қарс айрылды. Бәріміз асылымызды жоғалтқандай күйге түстік. Қарауылбек: «Кетуін кетті ғой. Белгі қалсын. Кәне, бәріміз «Ақ бантик» деген атпен бір-бір әңгіме жазайық» деді. Конкурстық комиссия құрдық. Оншақты әңгіменің ішінен ең үздігі деп Ерғали Ахметов пен Қарауылбек Қазиевтің әңгімелерін мойындадық. Ерғали әңгімесі «Жұлдыздың» жастарға арналған санында басылды. Әдеби қауым өнерге жаңа талант келді деп қуанды. Әлі күнге дейін себебін білмей қайран қаламын, Ерғали сол тамаша әңгімеден кейін мандытып көркем шығарма жазған жоқ, мұғалімдікпен, журналистикамен ұзақ жылдар айналысты, облыстық газет редакторының орынбасары болды.
Ал Қарауылбектің жазушылығы сол «Ақ бантиктен» қауырт басталып кетті. Алғашқы әңгімелер жинағы да «Ақ бантик» (1968) аталған еді. Көзі тірісінде «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1971), «Кемпірқосақ» (1984), «Утренняя роса» (1983), кейін «Ақшуақ» (1988) деген атпен әңгіме, хикаяттар жинағы басылған. Қазқ әдебиетіндегі лирикалық прозаның талантты бір өкілі, тамаша стилист, жастықтың, махаббаттың романтикалық жыршысы екендігін көрсетіп кеткен дарынды досымыздың мінезі де қызық болатын.
Жолаушылап кетті ме, сапарда ма, Қарауылбекті телефонмен таба алмаған соң, барғаннан кейін кездесерміз деп, Шымкентке хабарсыз-ақ тартып отырдым. Орталықтағы қонақүйге жақсылап жайғасқаннан кейін, негізгі келген шаруамды тындырайын деп Әкіш Шаниннің үйіне бірден тартайын. Тоқпақтай ғана жылтыр қара шал айтқан сөздерімді селқос, мән бермей тыңдап алды да, дүрсе қоя берді: «Айтатындарың бәрі өтірік. Амантай Сатаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала. Бағыбек Құндақбаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала, кітап жазам дейсің. Мен сендерге сенбеймін. Қолда енді қалған дүниелерді ешкімге бермеймін. Кезі келер. Сонда иманы бар біреу Жұмат Шанин туралы жазар». Бүрісіп отырған жұдырықтай шалдың көзі өңменімнен өтіп, дауысы құлағымды жарып жібере жаздады. «Әуре болма, енді келмей-ақ қой» деді кетерімде орнынан да тұрмастан.
Қонақүйге қайтып, тамақ ішіп, демалғандай болып отырсам да, көңіл- күйім болмай, терезеге қарап тұрған кезімде, біреу келіп оң қолымен көзімді басып тұр. Біле қойдым – Қарауылбек, мұндай исі бар одеколонды бір сепсе, сол ғана себеді. «Қонақүйге түскенің не, масқара, сенің? Менің үйім жоқ деп естіп пе едің?» Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қасындағы жігітіне заттарымды, қағаздарымды жинатып, чемоданға салдырды да, бөлмеден итергендей етіп шығарып, көшеде тұрған «Москвич» мәшинесіне мінгізіп алып, үйіне қарай тартты. Әйелі Зоя, шешесі Ермек, екі кішкентай баласы мені көптен күтіп отырғандай қуанысып, қаужаңдап әбігер болды да қалды. Қонақ келетіндей мол дастархан жасап, неше түрлі дәм, жемісті толтырып тастаған. Арақ-шарабы, қымыз-қымыраны, қазы-қартасы – бәрі жыртылып айрылғандай. Кірпіштен салынған, арнаулы жобамен жасалған, негізінен обком қызметкерлері тұратын үш бөлмелі, жайлы, кең қолайлы пәтер алуына облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шаймерденов көмектескенін, ол кісінің Зояның марқұм папасының досы болғандығын, Зояны өз қызындай көргенін Қарауылбек зор алғыспен, ырза көңілмен айтып отырды.
Әкіш шалдың қалай қарсы алғанын естігенде, Қарауылбек бұйра шашын сілкіп тастап, үлкен танауы қоңқайып, шек-сілесі қатып күлді. Ертеңіне базарға алып барды. Бір өзбектен мәнті жегізді. Сондай дәмді болар ма, осы күнге дейін дәмі аузымда. Жеңді білектей қос қазы, жылқының сан етінен, жаясынан алды. Қымыз-қымыран алды. Армян коньягын, орыс арағын, молдован шарабын алды. Соның бәрін машинасына салды да, Әкіш Шаниннің үйіне тартты. Келе салысымен «Мына еттерді қазанға салыңыз» деп жеңгесіне тапсырып болған соң, Әкіш ақсақалдың қасына келіп жайғасты. Бірін-бірі бұрыннан біледі екен. Әңгімелері жарасып тұр. Қария маған онша мән бермей, екеуі көп шүйіркелесті. Шай үстінде бірер рюмка тамақтан өткеннен кейін үшеуіміздің де маңдайымыз тершіп, сөзіміз жараса бастады. Жас қазы, жылқы етінің иісі танауға келе бастағанда Әкіш ақсақалдың әңгімесі тіпті түзелді. Қанша дегенмен Республиканың еңбек сіңірген артисі емес пе, шыққан ортасы, ата-бабасы, Баянауыл, Семей, Омбы атырабы туралы тарам-тарам тарихты таратып айтып, Жұмат Шанин өміріне келгенде тіпті көсіліп, біреулерден көрген қиянатты, өкімет жасаған репрессияны айтқанда өңі бұзылып, даусы өзгеріп, тұтас бір трагедиялық моноспектакль көрсеткендей болып отырды. Қарауылбектің те түсі бір сұрланып, бір қарайып, сан алуан күйге түсті, өзгеше құбылып отырды.
Менің кейін Жұмат Шанин туралы кітап, деректі фильм сценарийін жазуыма мол азық берген сол ұзақ отырыс арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі есімнен кетпейді.
Қарауылбек студент кезінен ерекше жомарт еді. Ауыл қоңторғай. Елден көп болса, бес-он тиын, бір дорба ет келеді. Бар талғажау – стипендия. Студенттер үшін стипендия алған күн – той. Басқалар дүкеннен тамақ сатып алып, асханаға барып, терлеп-тепшіп жатқанда, Қарауылбек бөлмесін бейтаныс жігіттер басып кетеді: ана институт, ана техникумнен келген. Келгендерге стипендиясын пышақ үстінен қарызға бөліп береді. Басқамыз ондай қадамға бара алмаймыз, қайтармаса ертең аштан өлетіндей қорқамыз. Әр жерден келген жігіттер Қарауылбекті алдамайды, уәделі уақыттарында қайтарады.
Кейін облыстық радио-телекомитетті басқарып, жазушы болып қаламақы тауып, «қолына қарға саңғыған» дегендей кезеңде Қарауылбектің жомарттығы тіпті үдеп кетті: Шымкентке жазушы барса, өз үйіне түсіреді, Алматыға сапарға шықса, вагон-ресторанда отырғандардың ақшасын төлейді, Қырымға шығармашылық үйіне барғанда, бір маусымға келгендерге банкет береді, басқа да Атымтай жомарттығы аңызға айналды. Кісі көңілін табуға, алыс-жақынның бәрін сыйлауға асығатын да жүретін. Ғұмырының қысқа болатынын сезді ме екен?
Қоғабайдың қаламгерлігі мен баспагерлігі
Курстас досымыз Қоғабай Сәрсекеев жетпістің желкесіне шыққан мерейтойына дастархан жаятынын айтып, сол қуанышқа қатысуға шақырып жазған хатын алғаннан кейін қазіргі ішіміздегі үлкеніміз, белгілі баспагер, атақты аудармашы Мәткәрім Әкімжанов, көрнекті публицист-жазушы Болат Бодаубаев және мен мерейтой иесіне сыйлық іздеп, Астана дүкендері мен базарларын олай аралап, былай аралап, көпке дейін лайықты ештеңе таба алмай дал болдық: өрнектелген, оюланған, алтын-күміс жіппен әдіптелген талай шапанды жаратпадық; самғап ұшып кетейін деп тұрған бүркіт ұнамады; жер тарпып кісінеген арғымақты алмадық. Елеусіздеу дүкеннің күңгірттеу бұрышында тістері ақсиып, тас арасынан енді шығып, жеміне атылайын деп, атылайын деп жиырыла ұмтыла бастаған қиғаш көз, шұп- шұбар барысты шалып қалған Мәткәрім: «Міне, табылды. Нағыз сувенир осы. Қоғашқа ұқсай ма, қалай» деп күліп жіберді де, бізден келісім сұрамастан, кассаға барып, ақшасын төлей бастады. Жол билетін алдық.
Тұңғыш атом бомбасы сыналғанына алпыс жыл толуына орай, полигон құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу үшін Семейге барған күннің ертеңіне аяқ астынан қан қысымы қатты көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығып, Қоғабайдың тойына бара алмадым. Ұзақ күн сарылып төсекте жатқан адамның жолдасы уайым мен қайғы, мұң мен ой, өткен-күткен күндер елесі.
Дос қуанышын телефонмен құттықтауға ғана шама келді. Содан кейін жарты ғасырдан артық қатар, бірге сүрген өмір, соның әртүрлі мезеттері еске түсе бастаған.
Сүтке тойған қозыдай томпиған, қап-қара қайратты шашын қысқа қырықтырып, тікірейте тараған, бүйрек бет, орта бойлы, қалың қабақты, қағылез бала өзгемізден бөлекшелеу еді. Ауылдан енді келген біздердің үсті- басымыз алқам-салқам, олпы-солпы, жүріс-тұрысымыз бошалаң, ол тіпті жинақы, тап-тұйнақтай, үстіне кигені ескі-құсқы емес, бойына шап-шақ, дүкеннен бүгін сатып алғандай дүниелер, білегінде ешқайсымызда жоқ қымбат сағат. Байдың ұлы шығар деп ойлағанбыз. Кейін білдік, әкесі Сәтен соғыста өлген, жетім-жесір әйелдердің қолында өскен тесік-өкпе бала екен ғой. Асханада, той-томалақта, былайғы жүріс-тұрыста қолы ашық, оңды- солды шашып жүреді. Бұл ақшаны қайдан алады десек, ол бізге ұқсап түнге қарай бұрқыратып ұйқы соқпай, бір мекемеде әрі күзетші, әрі отжағушы болып істеп, сол жерде түнімен сабақ оқиды екен ғой. Бір атпалдай азаматтың еңбекақысын алған, оған стипендиясын қосыңыз. Баспасөзде жиі көрініп, қаламақы таба бастады. Жоғарғы курстардың бірінде болса керек, біздер де галстук байлауды үйреніп, венгрдің бе, поляктың ба сырт киімін, чехтың туфлиін киюге жарап қалғанбыз. Қоғабай бұл кезде тіпті ұзап кеткен.
Бір күні лекцияға жарқырап келді. Үстінде тіпті профессорлардың өзінде жоқ костюм-шалбар. Қай дүкеннен алғанын сұрасақ үндемейді, жымиып күле береді. Қандай материалдан тігілгенін білгіміз келгенде айтқанын түсінгеміз жоқ, каверкот деді ме, бостон деді ме, әйтеуір біз білмейтін бір мата. Тіпті қыр соңынан қалмай сұрақтың астында қалдырғаннан кейін шындыққа көзіміз жеткендей болдық: мұндай киім осы қалада классик Ғабит Мүсіреповте ғана бар екен, тапсырмамен екі-ақ данасы тігілген, шебері жебірей Мейэр.
Университет бітірген соң, дәм-тұз бұйырып, бір жылдан астам Арқа жақта республикалық жастар газетінің тілшісі болып жүргенде, бұрынғы Ақмолада үшінші курста облыстық басылымда Қоғабай тәжірибеден өткен кезде жатқан үйде мен де тұрдым. Төрт бөлмелі, қара қопсылы, жақсы салынған кең үй. Адресі Авдеев көшесі, 38. қазір Шоқан Уәлиханов көшесі, ол үй қазір де бар, бұзылған жоқ.
Алпыс төрттің жазғытұрымы еді. Пионер газетінің қызметкері Қоғабай сапарлап келе қалды. Үй иесі бойы ұзын, тарамыс денелі Саттар ағай базарда ет сатады, әйелі толық келген, алтын тістері жарқыраған салтанатты бәйбіше Әмина да сауда жасайды; екеуінің де арғы тегі бай-бағылан болғандығы үй- тұрмыстарынан, ішкен-жегендерінен, аралас-құраластарынан көрініп тұрады, қолдары ашық, жомарт. Қоғабай келгенде туған інілерін көргендей қуанып, бір қойды сойып тастады. Анау да олардың іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұр.
Үйден шықпай, бір күн – бір түн әңгіме соқтық. Студент күндер, бірге оқығандар, ертең кім боламыз, қалай жүріп, қалай тұрамыз, алда не күтіп тұр, соның бәрін шалып, ақыры аяқ астынан Торғайға тарттық та кеттік. Мен тілшімін. Қайда барам, қайдан жазам, не жазам – бәрібір.
Қалай келіскенін білмеймін, Қостанайда бір облыстық мекеме басшысына кіріп, Қоғабай жеңіл машина сұрап алды. Торғайға дейін жер қашық, жол жаман, шаршап шалдығып, түн ортасында әрең жеттік. Тура өз ауылыма келгендей болсам да, білмегенсіп, ондайды көрмегендей, үй-үйдің арасында қабырға іспеттес қаланған қарайғанды көрсетіп: «Was ist das?» – дедім немісшелеп. Қоғабай ойланбастан «Was ist қи» деп салды.
Өзі атын айтатын Мәрзия деген шешесі, үлкен екі әжесі бар екен, мен кейін дұрыстап күтпеді деген дау шығарады деп, Қоғабай ескертіп қойды ма, қонақжайлық дәстүрге жығылды ма, білмеймін, түн ортасында қойға бата сұрап, бір малды жайратты да салды. Апталап араладық: шежіре, әңгіме тұнып тұрған аңыз секілді Торғайдың қаласы, адыр-адыр шағылдар, арқырап аққан өзендер, шалқыған көлдер, ол кезде әлі таусыла қоймаған, бастарында қолдан тоқыған торғайы түбіт тақиялы қариялар, кимешекті аналар мол еді. Барлығы да шежіре, барлығы да дана, барлығы да мейірман. Арғы заман, Алаш дәуірі, 16 жыл барлығы ұмытылмаған. Тау-тас, ескі көз, кәрі құлақ бәрі сөйлеп тұр. «Ақаң, Жақаңдарды көп сұрайды екен. Байқасын. Жаман бала емес сияқты. Көктей орылып кетпесін» деп маған жандары ашыған жарықтықтар-ай десейші. Қариялар әулие ғой, біледі екен, орылып кетпесек те, маңдайға жазғанын көрдік қой.
Ерте түртінген, тіпті мектепте жүріп, өлең, мақала, күнделік жазған Қоғабайдың алғашқы әңгімелер жинағы ерте шықты. Ол кезде Жазушылар Одағында кеңесші болып істейтін маған келіп көрімдік алғаны, астындағы буфетке барып өзімізше жуғанымыз әлі есте. «Кілт» кітабында бала кезде көргендер, ауыл суреттері, алғашқы сүйіспеншілік әдемі суреттелген болатын. Одан кейін шыққан «Қараша қаздар» жинағында өскен, толыса бастаған байсалды прозашының қолтаңбасы көрінген.
Ұзақ жылдар баспасөзде басшылық қызметте болып, өзгелердің жазған-сызғанын түзетіп, өз қағаздарына қарауға мұршасы болмай шаршаңқыраған Қоғабай бір күні жұрттың бәрін таңқалдырып, республикалық газеттегі үлкен мансабын өз еркімен тастап, үйіне кетіп қалды. Ол кезде қазіргі Абылайхан көшесінде, Райымбек көшесінен төмен, вокзалға таяу жерде, шағындау үш бөлмелі үйде тұратын. Араласып тұрамыз, барып жүрем. Жазуды, өз жазуын сағынып қалған екен. Күн демей, түн демей столға отырды. Торғай даласында XIX ғасырдың сексенінші жылдарында басталған оқиғаларды көрсетуден басталатын тарихи роман жаза бастады. Бас кейіпкері халық батыры – әйгілі Амангелді.
Бір күні «Жазушы» баспасына барсам, проза редакциясының меңгерушісі Амантай Байтанаев, редакторлар Мағзұм Сүндетов, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Жайсаңбек Молдағалиев, Тұтқабай Иманбеков, «Жалынның» редакторы Қуанышбай Құрманғалиев бәрі әбігер, алдағы жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатыр екен. Жоғары жақ революцияны айтатын, коммунист бейнесін көрсететін кесек туынды керек деген қатал нұсқау берген сияқты. Ондай қолжазба таба алмай, не істеуді білмей қиналып отырған үстерінен түстім. Басыма аяқ астынан бір ой келді де, Қоғабай Сәрсекеев болып баспа директорының атына тездетіп өтініш жаздым. Қазақ даласындағы 16 жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» атты роман жазып бітірдім. Сол қолжазбаны алдағы жылдың жоспарына енгізуді сұраймын дедім. Аннотациясы қоса тіркелді. Талай қолжазбалар жылдар бойы кезек күтіп, Баспасөз комитетінде ұсталып, немесе Жазушылар Одағында тоқталып, немесе Орталық партия комитетінде кері қайтарылып, ұзақ шырғалаңға түсіп, жазудан гөрі шығаруға көп күш кетсе, құдай оңғарып, саясаттың қышыған жерінен тиетін ат қойылған романның жоспарға енуі де, жариялануы да оңай әрі сәтті болды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің қолдап жазған алғы сөзімен «Жалын» баспасынан шықты да, еңбектің бірден бағы жанды. Сәкен Жүнісов қолдады. Оқырман жылы қабылдады.
Кейін, уақыт өзгеріп, өз қолы өз аузына еркін жеткен, не айтам десе мүмкіндігі туған кезеңде автор шығарманы қиындықсыз жариялау үшін саясатты бұлдаған «Қызыл жалауды» өзгертіп, «Ақырзаман» деген атпен қайта бастырып шығарды.
Газетте, баспада, кітап саудасында ұзақ жылдар істеп, аққаптал болған, баспаханадағы темір-терсек, қағаз, бояу исі бір күн мұрнына бармаса, ішкені ас болмай, ұйқысы келмейтін кәнігі баспагер Қоғабай бұрынғы құрылымдар қаусап, жаңа қатынастар орнай бастаған тоқсаныншы жылдар басында өзгемізге ұқсап, өкіметке жалтақтап, алақан жайып отырып қалмай, батыл бір қадамдарға басты, жиған-тергенін түгел салып жүріп, алқам-салқам, тоз-тозы шыққан, ешкім қарауды қойған, ескі бір баспахананы сатып алғанда,
«шатасқан шығар» деп мұрнымызды шүйіргенбіз. Аз уақыттан кейін баспахана жүріп берді, түрлі жарнамалық, әр түрлі сусындардың этикеттері басылған өнімге сұраныс мол болды. Табыс көбейді. Кітап шығару бизнесі өрге басты. Кітап бастыру ісіндегі бизнестің көзін тапты. Кітап бастыру «Сақ» баспа корпорациясының президенті Қоғабай енді бізге шекесінен қарайды.
Жазған-сызғандарын жинақтап алдымен қалың екі том етіп шығарған автор, араға көп уақыт салмай «Төрттаған» деген жалпы атпен төрт томдық шығармалар жинағын бастырды. Таяуда мес кітап – «Қазақиясы» шықты. Мерейтойында тұсаукесер өтті.
Редактор Қоғабайдың үлкен олжасы, ерлікке парапар еңбегі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін өз қаржысына қайтадан шығара бастауы деп білу керек. Тұңғыш ұлттық газет идеяларын қайта жаңғырту, бүгінгі күндегі қазақ проблемасының шиеленістерін байсалды жазу өз алдына, қаламгер Алаш тақырыбына білек сыбана кірісіп, тарихи деректі, материалдары тың, бірнеше еңбек тудырды, олар академик Салық Зиманов сынды ақылмандардың жақсы ықыласына бөленді.
Жаймашуақ, жібек мінезді Қоғабайдың бір қитықса, иіле кетпейтіні де бар, газет тиражына ат салыспадыңдар, мақала жазбайсыңдар деп шалқайса керек, белгілі қайраткер-қаламгер Хасан Оралтай, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы және мені «Қазақ» газетінің алқа мүшелігінен ескертпестен бір-ақ күнде шығарып тастады.
Жалпы Қоғабай кез-келген адамның тілін оп-оңай тауып кете береді. Студент кезінде әйгілі профессор Темірғали Нұртазинмен дәлізде қолтықтасып алып, әңгіме соғып жүргенін көріп таңқалсақ, кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов, батырлар Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Бошай Кітапбаев, ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаевтармен араласқаны әдеттегі жағдай секілді көрінетін. Жазушылардан басы Ғабит болып, жерлестері Қайнекей, Сырбай, Ғафуларды айтпағанда, Тахауи, Сәкен Жүнісов бастаған серілердің, кейінгі буын інілері Оралхан, Жарасқан, Кеңшіліктердің оның дастарханынан дәм татпағаны жоқ шығар.
Әлдиханның балалар әлемі
Басы үлкен, кең маңдайлы, толықша келген, мінезі сабырлы, біртоға қара жігіт салған жерден ұнаған. Үндемей отырып-отырып, кенет дар еткізіп, шелекпен төккендей қылып күліп жібергенде, разы болмай көр. Жамбыл облысы, Шу ауданынан екен. Студент атанып, ауылшаруашылық жұмыстарына, Арқаға астық жинауға барғанда күллі өнерін көрсетті, білмейтін шаруасы жоқ, бригадир қайда жұмсаса да, қарсылық жасамайды, бәрін тындырып келеді. Шаруашылық басшылары да, жолдастары да дән разы. Дала қосында, кешке қарай, алакеуім, апақ-сапақ кезде сабан толтырылған тақтай төсекте теріс қарап жатып бірдеңені күнде шимайлап жататын. Қыздарға, ауылға хат жазатын шығар деп ойлайтынбыз. Сол машығын Әлдихан Қалдыбаев университетке келгеннен кейін тіпті үдетіп жіберді. Не жазады, бізге белгісіз, әйтеуір күнде қолына қалам алады. Төртінші курста оқып жүргенбіз. Бұл кезде кімнің қандай қабілеті барлығы, жазу-сызуға икемі, білім деңгейі, мінез қалпы – бәрі белгілі дәрежеде айқындалып қалған еді.
Бір күні жатақханадағы бөлменің есігін тарс еткізіп ашып, дабырлай кірген Әлдиханның қуанышында шек жоқтай көрінген. «Балдырған» журналына барып, балаларға арналған бес-алты әңгімесін көрсеткен екен, редакцияларға олар ұнапты. Бердібек Соқпақбаев: «Сен, бала, жазушы боласың», – депті. Осыны айтқанда Әлдихан қуаныштан айқайлап жіберді, еденді аяғымен теуіп-теуіп қойып, дөңгеленіп билеп кетті.
Содан кейін жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, Әлдихан бөлмеге тағы айқайлап кірді. «Байғазы, байғазы беріңдер» дейді. Бердібек Соқпақбаевтың тікелей көмегімен «Жазушы» баспасынан кітапшасы шыққан. Үлкен форматпен, әдемі безендіріліп басылған «Көк дөңгелек» атты кітапша. Ол кезде бір-екі ауыз өлеңі, елу жол хабары баспасөзде жарияланса, кеудесіне нан пісіп, есіріп шыға келетін, тіпті ішіп кететін студенттер үшін мына жаңалық айды аспанға шығарғандай болды. Алған қаламақысына достарын разы етіп, бір аптадай тойлағаны болмаса, өзгерген Әлдихан жоқ. Сол баяғы қалпы. Кешке қарай, төсекке теріс қарап жайғасып, бірдеңені шимайлайды да жатады.
Сөйтіп жүріп, 1963 жылы университет аяқтадық. Ол кезде жаңа бітіргендер жолдама қайда берілсе, міндетті түрде сол жерге жұмысқа барады. Әлдихан курстасы Жорабай Молдақұлов екеуі Қызылорда облысы, Арал ауданына орта мектепке мұғалім болып кете барды. Ол жерде ұзақ тұрақтай алмай, әскерге алынып, бұрын университетте арнаулы әскери кафедрада үш жыл офицерлік дайындықтан өткеніне қарамай, шала сауатты, дөрекі, орысшыл командирге қарсы сөз қайтарғаны үшін жазаланып, зорлық көріп, екі жыл бойы аспан айналып жерге түсетін аптапты, шыжыған сол кездегі Совет Одағының оңтүстік шекарасында, арқасынан тұзы шығып, боқмұрын бала-шағалар не көрсе соны көріп, солдат өмірінің қиындығын кешкен Әлдихан сол көргендерін қағазға айнытпай түсіріп, қазақ әдебиетіндегі тосын тақырыпта екі хикаят тудырды. Соғыс кезіндегі әскери өмір туралы әңгіме, хикаят, романдар бір төбе болғанмен, бейбіт кездегі солдаттар туралы шығарма жоқ болса, Әлдихан сол олқының орнын толтырды. Бұл екеуі де реалистік туындылар. Әскери орта, әртүрлі ұлт өкілдері, командирдің неше түрі, ақылдысы, дөрекісі, зорлық, әділетсіздік, тәртіп, қару-жарақ түрлері, киім киіс, жатын орын, сан алуан жаттығулар – осының бәрі университет бітірсе де қатардағы жауынгер болып жүрген дарынды қазақ жігітінің көзімен реалистік тұрғыда нақты бейнеленеді. Әдемі күлкі, юмор мен сатиралық сарын да мол.
Негізінен балалар әдебиетінің дарынды өкілі болып танылған Әлдихан Қалдыбаев шығармашылығының бір ерекшелігі – оқиға таңдай білу, мінезді кейіпкер табу. Алғашқы «Көк дөңгелек» әңгімесінің кейіпкері Серікбек жолдасы Мараттың дөңгелегін бопсалап, алдап тартып алып, соны басына киіп шығара алмай азапқа түседі ғой. Сол сияқты «Қос тентек», «Бауыржан деген бала бар», «Рахима» шығармаларынан ерекше мінездерді көреміз. Әдеттегідей жұмсақ бала, жақсы бала, тәртіпті бала емес, мінезді бала, қиқар бала, өжет бала, тентек бала. Қай туындысын алсаң да оқиға бар, әрекет бар, тартыс бар. Сол арқылы сенімді, қызықты бейне жасалады. Оның ішінде ауыл баласы да, қала баласы да жүр. Ескі өмір суреттері, бұрынғы мектеп, қазіргі шаһар тірлігі, жаңа мектеп, мінездерінде, жүріс-тұрыстарында айырма мол, әртүрлі толқын оқушылар, сан қырлы өмір суреттері.
Прозашы Қалдыбаев – театр сахнасына қойылған, көп жылдар көрерменді өзіне тартқан бірнеше пьеса жазған белгілі драматург. Пьесаларының ішіндегі биігі, бүкілодақтық байқауда бас жүлде алған «Шаншар атай» комедиясы. Өзге біреу ондай табысқа жетсе көзіне май бітіп, мақтаныштан жарылып кетер еді, ол оған аса мән бермей, бір бүлк етеді де қоя салады. Әлдиханның қаламдастар туралы ілтипаты да бөлекше. Әдеби тұсауын кескен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев туралы арнайы зерттеу жасады, өзімен жерлес қаламгерлерден Бауыржан Момышұлынан тартып Кәрім Баялиевке дейінгі бірқыдыру жазушылар туралы ағынан жарылып, салмақты пікір айтып, «Көңіл көмбесі» деген тартымды кітап жазды.
Әлдиханның орнықтылығы қызмет бабынан да жақсы аңғарылса керек. Ол қырық жыл бойы табан аудармастан күш-қуатын Жамбыл облыстық газетіне жұмсап, әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі қызметтердің барлығын атқарды, күнделікті журналистиканың отымен кіріп, суымен шыға жүріп, табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген роман. Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың.
Кітапты оқып шыққанда алпысыншы жылдардың басындағы Тараз атырабы, Шу бойы, Жамбыл колхозы, ондағы бір шаруа шаңырағы көз алдыма қайтадан тіріліп келгендей болды. Ауылымыз алыс біздер студент күндерде жазғы каникул кезінде болмаса, үйлерімізге басқа уақытта бара алмайтынбыз. Жақын маңайда тұратын достар шақырады. Соның бірі Әлдихан еді. Кешке пойызға отырсаң, таңертең Шуға жетесің, аржағында ауылы тиіп тұр. Барғаннан кейін білдік, Әлдихан әкесі Қалдыбайды – жезде, анасы Әміржанды – әпке, нағашы апасы Айшаны – ана дейді екен. Біздің ауылда да сондай талай балалар бар, оған таң қалған жоқпыз. Қалдыбай ақсақал алып денелі, тарамыс, ауыл арасында сирек кездесетін, өзгелерден төбесі асып тұратын, алақаны күректей, батыр бітімді кісі екен. Әлдихан мүлде тартпаған, етженді, тіпті толық, ботпиғандау, нағашыларына тартып кеткен сияқты. Қайта ағасы Шәкен әкесіне келеді. Өз рулары Дулат ішінде Шымыр, оның Күнту бұтағы. Бізге Күнту деген сөз қатты ұнап, Әлдиханға әдеби псевдоним етіп ал деп жармастық. Ол күлді де қойды. Жылдың қай уақытында барсақ та сол сүттей ұйыған қазақы шаңырақ бізді өз балаларынан артық күтпесе, кем күткен жоқ. Сол кезде көзбен көргендеріміз, құлақпен естігендеріміз, жүрекпен сезгендеріміз бір бүйірімізді жылытып, жақсы әсер, ұмытылмас сезім болып жата беруші еді. Әлдихан романын оқып шыққан соң сол тәтті мұң, тарқамас сағыныш қайтадан тіріліп шыға келді.
Аяғын сындырып алып, төсекке таңылған Әлден (Әлдихан десеңіз де болады) баланың еске түсірулері арқылы берілетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының суреті, анықтап айтқанда, Жамбыл атырабы, Шу бойы, Кербұлақ өңірінің кескіні жеткіншектің адал, пәк, таза қабылдауы арқылы көрсетілетін ауыр, жүдеу болғанымен, риясыз, иманды қатынастарға құрылған әке-бала, шеше-бала, күйеу-ене, бала-табиғат, аға-қарындас, жас сүйіспеншілік ұшқыны, еңбек рахаты, ойын қызығы, жақсы ат, жүйрік тазы, балалық арман – осы алуандас сарындар ықшам, жинақы, мәдениетті проза талаптарына орай нақты адамдар бейнелері арқылы суретті күйде, бояулы қанық тілмен, реалистік қалыпта суреттелген. Ең қуаныштысы осыдан қырық-елу жыл бұрын шет жағасын өзің көріп, ішінде болған өмір суреттеріне, жан бітіп, қолын ұстап амандасқан, қатар отырып, дәм ішкен адамдар сөз құдыретімен қайтадан тіріліп келіп, қасыңда жүргендей, әсер қалдырады. Оқиға көбіне автор атынан бірінші жақтан баяндалады, көрсетілетін жағдай зерттеумен тапқан, архивтен, басқа кітаптардан алынған, естіген, сұрап білген жәйттер емес, өзі сезген, өзі көрген, өзіне бармақ шайнатқан, өзін сүйсіндірген құбылыстар, кейіпкерлері де бұрын қасында жүрген біліс-таныс адамдарды тіпті олардың аты-жөні де аса көп өзгеріске түспейді. Автор осы бағытты барлық шығармаларында берік ұстанып отырады.
Қысқасы, Әлдихан Қалдыбаев саналы ғұмырында қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп үлес қосқан, соны мысал, ертегі, әңгіме, хикаят, романмен жанрлық түрлерді байытып, есте қалатындай жанды кейіпкерлер арқылы өмір құбылыстарын көркем бейнелеп берген, қарасөздің қабырғалы қайраткері, өзінің айрықша дарынын қалың оқырманға, әдеби қауымға әбден мойындатқан байсалды жазушы екендігін разылықпен айту әділет болмақ.
Есенбайдың сырлы өлеңдері
Әуелде бәрі ақынбыз деп кеуде соққан, жатақханада, аудиторияда, түрлі кештерде таласа тырмысып, жарыса жыр оқитын, бірер жылдан кейін әркім өз орнын таба бастады: біреу журналистикаға, біреу әдебиетке, біреу ғылымға бой ұрып, өлеңшілік адастырып кетті. Ақындықты ұстап қалған жалғыз Есенбай Дүйсенбайұлы ғана. Соған ғана енді өлең оқытамыз. Қыздарға барғанда өзіміз шығарған болып, соның жырларын заулатамыз.
«Сенің көзің әдеміден әдемі, жанарыңда шайқалады сұлулықтың әлемі» деп талай сұлуды құлаттық. Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.
Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әртүрлі сыйлықтар алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.
Таяуда жаңа кітабын беріп жіберіпті. «Ұланғайыр» деген атпен «Раритет» баспасынан шыққан жыр кітабы. Таңдамалы десе де болғандай.
«Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.
Қазақ пен өлең егіз жаралған деушілердің сөзі рас сияқты. Солай да болар мүмкін. Өйткені сонау ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі жырға дейін небір сұлу да үйлесімді, ұйқасты да ойлы сөздер емін- еркін төгілген. Қазақтың бүкіл бітім-болмысы, дүниетанымы мен ой толғамы, салты мен дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі, ғұмыр кешкен кеңістігі, сайын даласы, ата қонысы сол өлеңінің бойына сыйып кеткен сияқты. Дәлірек айтқанда, қазақ поэзиясының бойынан қазақтың иісі аңқып тұрады. Сондай ұлттық табиғи бояуы қанық өлеңдердің авторы – Есенбай Дүйсенбайұлы дер едім. Ақын қалың оқырманнан, әдебиет сүйер қауымнан өзінің әділ бағасын алды.
Есенбай өлеңдерінен нағыз қарапайым қазақы болмысты аңғару қиын емес. Өзімізге таныс, көкірегімізге бұл күндері сағыныш боп орныққан кәдімгі ауыл бейнесі, дала келбеті ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. «Бозала таң мен бозторғай» өлеңіндегі тұтас сурет осы ауыл, дала таңының көрінісін көз алдымызға әкеледі.
Домбыра-дала қуанған
Бозжорға дейтін күй төгіп,
Бойжеткен-орман, ну орман
Бозала суық бүркеніп.
Міне, қазақ даласының Есенбай кеңістігіндегі бітімі. Ақынның көркемдік танымындағы даланың домбыра эпитетімен кескінделуі соншалықты нанымды. Сол даланың бозжорға дейтін күй төгетіні тіпті шындық. Көкжиек-көл, боз атқа мініп, құйғыта шауып келе жатқан Қуаныш, бозала таңда оянған өмір – мұның бәрі де поэтикалық бітімі жарасымды өрнектер. Табиғаттағы өзгерістер, маусымдардың – қыс пен көктемнің, жаз бен күздің алма-кезек ауысуы сондай қарапайым, сондай тартымды жолдармен беріліп, еріксіз өзіне үйіреді. Ақынның сәуірі:
Қаз дауысты аспанның
Қанатынан суыл кеп,
Кеудесінде жас талдың
Жапырақтар уілдеп,
— немесе, келесі бір өлеңде:
Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып,
Сәуірлерде сәулелі саздар ағып,
Табиғаттың келеді көктемдерін
Қаңқылдаған қанатты қаздар алып.
деген шумақтармен бейнеленсе, қыркүйектегі сурет, күздің суық лебі өткінші өмірмен қатарластырыла суреттеледі:
Қыркүйегің демде қарып барады,
Қыр астында шеңбер ағып барады.
Жастық шуын белдер алып барады,
Жапырақты желдер алып барады.
«Айналдырған алмай қоймас» деп келді…
Анау бір қарт дүниеден өтті енді.
Ару қызды алып қашты махаббат,
Аққу-қаздар алып ұшты көктемді.
Табиғаттағы әрбір сәтті қалт еткізбей қағып алатын ақынның қырағы түйсік көзіне шалынған суреттер тізбесі тіптен көп. Ары қарай оқып қарайық:
Желдің шөлін басады жаңбыр әні,
Махабат та таңды тек таңға ұрады.
Өмір деген құмарын бал аралар
Гүл ернінен от ішіп қандырады.
Болмаса:
Ақжақұт аспанынан аунаған нұр,
Сұрасам, берер ме екен тау маған жыр?
Айта алмай күдіктенем…
Үміт деген
Үлпілдек ақша бұлт па жаумаған бір?
Ақын табиғат-ананың бір сәт қайталанбас сұлулығын дәлдікпен көрсетеді. Әркім болжай алмайтындай мұндай дәлдік, алдымен, әсемдікті тани және түйсіне білетін ақынның сезімталдығын һәм шеберлігін қажет етеді. Есенбай көзі көріп, танымы қабылдаған суретті оқырманының сезіміне әсер ете отырып жеткізе біледі:
Кетті қайда жалтарып,
Қараңғылық дірілдеп?
Таңдайынан бал тамып,
Таң келеді сібірлеп.
Туған жер табиғатын ақынның бәрі де жырлады. Әрқайсысы өзінше жырлады. Сол ата қонысты жырлауда ақын ақиқат пен әсемдікті қатар өріп, нақты бейне жасайды, шындық болмысты шырайландырып, поэтикалық бояуын қанықтырады. Есенбай ақын жырлауындағы туған жер, дала болмысы табиғилығымен, қарапайым да әсерлі өрнегімен ерекшеленеді. Бұл сипат Есенбайдың адам өмірінің неше ықылымынан бергі, шешусіз сұрақтарына көңіл бұруынан, адамның ішкі болмысына, жан дүние сырларына үңілуінен, көзі шалған құбылыстарға символикалық астар бере отырып, тың ойды айтуымен танылады. Ақынның талантын таразылайтын басты өлшем – шынайылық десек, сол шындық таза қалпында ашылып, өлең болып төгіледі. Бозала таңды, бозторғайды қайталай жырға қосқан ақынның боз түсті әлемі өз алдына бір арна. Бозала таң, бозторғай ұя салған бозаң, бозбауыр аспан, боздала, Бозінген, Бозжусан, бозбала шақ – бұл поэтикалық қалып Есенбайдың ақындық өрісінің бітім-болмысы.
Бозбауыр аспан иіп бір,
Рахат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тобылғыдан аласа,
Тораңғыдан биік тұр.
Толқын-толқын күйіне
Тоқсан тарау сыйып тұр.
Тылсым тартып дүние
Тыңдай берді ұйып қыр.
Тағы оқи берсек:
Өзіңсіз күндер оза ма,
Отырмын тағы ой толғай.
Таңымның аты – Бозала,
Торғайдың аты – Бозторғай.
Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты – Боздала,
Жігіттің аты – Бозжорға,
Баланың аты – Бозбала.
Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен:
Жорғаның аты – Бозжорға,
Күйдің де аты – Бозінген.
Әрі асып бұлттан ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты – Бозжусан.
«Бозала таң – бозжорғам», «боз дәурен» деп толғаған ақын «Төрт бояу» өлеңінде боз түсті таңға – тіршіліктің басталған шағына, өмірдің сәбилік кезеңіне тели отырып, бозбаланың ат мініп, ақ жолға бел буған шағын, қызыл іңір мен қараңғы түннің көркемдік ұғымындағы қалпын өмірмен байланыстыра жырлайды. Боз түстен басталып, ақ түске, сосын қызыл… қара түстерге ауысатын уақыт мезеттері мен адам өмірінің кезеңдері сәтті үйлесім тауып, қатар өрілген жырдың әсері тамаша. Бөбек дүниеге келген бозала таң, қызартып, қуырған қызыл іңір, көңіл суынған қараңғы түн… бұдан әрі үміт түнін жамылып үй сыртында бозарып, қыз күткен бозбала сырлы бір әлемге тартады. Сол бояуларды жырға қоса отырып ақын:
Көріп тұрып көктегі ала бұлтты,
Табиғаттан таптым бір даналықты:
Боз, ақ, қызыл һәм қара – төрт бояудан
Адамзаттың тағдыры жаралыпты,
— деп ой түйеді. «Жауа алмай кеткен бұлттар-ай», «Тамыз тамшылары», «Құмда», «Таңғы жол», «Есіктің алды», т.б. өлеңдер тізбегінде осындай сырлы да сазды суреттер көп-ақ.
Поэзия сұлулық пен ақиқат, шыншылдық пен кіршіксіздік, жақсылық пен парасат жарасымдылығын мұрат тұтқан біртұтас рух майданы десек, әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған, санасының қалтарысына қатпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны – тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі – поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік.
Поэзиялық туындылар қарапайым тілмен айтқанда сезімдер мен түйсіктердің нақты көрінісін көрсететін, сан алуан ағымдар мен сәулелерден туып, өзінің түрлік-пішіндік ерекшелігімен айқындалатын туындылар екені белгілі. Өлеңінің мазмұны далалық бояуға қанық, суретке бай ақын ізденісінің бір қыры осы пішіндік тұрғыда да бай мазмұнды. Дәстүрлі тармақ, қалыптасқан ұйқас шарттарынан өзгеше өрілген мына бір өлеңінің Абай жазғандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі» айтпаса да анық:
Ай көрдім, жаңа туған арай көрдім!
«Жаңа айда жарылқай көр,
Ескі айда есіркей көр!» —
Ел сөзі еске түсіп қарай бердім.
Өлең техникасын қапысыз меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Жаңа түр іздеймін деп, мазмұнын, кейде ұйқасын ақсатып алатын өлеңшілер толып жатыр. Бұл жағынан келгенде Есенбай алдыра да, шалдыра да қоймайды. Қалыпты ұйқастан шығып, бірінші тармақ пен төртінші тармақты жай ұйқастыра салуға болар. Есенбай ұйқасының ішкі үйлесімінің өзі құлпырып тұр. Пішін жаңалығын іздегенде мазмұндық үйлесім желісін бұзбай, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңді тудырған ақынға риза боласың. Мына бір-екі шумақтан ғана тұратын жапон хайкуларын еске түсіретін (бірақ олардан мүлде бөлек) әсем өлең соған айғақ:
Жаңағы талдырмаш таң,
Жаңбырлы аспан
Жалт етті
Жан сусынын қандырмастан.
Әндетпей күміс күн де,
Пүліш-бүлде
Қыр мүлгіп,
Қызыл іңір тұр үстімде.
Үш, яки бес жолдан тұратын хайку, танка сияқты жапон поэзиясының пішіндік түрлері өз бойына күллі суретті сыйдырады. Өздерінше айтқанда, әлемнің кішкентай моделі сияқты. Біз мұны текке айтып отырған жоқпыз. Ұлттық поэзиямыздың көркемдік мүмкіндігінің өрісі барынша кең екеніне сілтеп отырмыз. Жоғарыдағы төрттағанды өлеңде бір қарасаң, табиғаттың құбылмалы сәттік көрінісі, екінші жағынан таңнан басталып, түнмен тәмамдалар уақыт, яғни соған қарай икемделе бейнеленген өмір суреті бар.
Ақынның туған жеріне, қимас достарына, қиын тағдырлы әкесіне, аяулы анасына, апасына – баршасына арналған өлеңдері шынайы тебіреністен, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен- сазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған, шынайы, табиғи. Өмір мен соған еліткен көңілдің қас-қабағын бағып, тынысын қапы жібермеген аңғарғыштық, сезімталдық бар. Туған жерге деген ыстық сезім, риясыз көңілді қызыл сөзбен емес, жүрекпен жеткізген әсем бір өлеңі осы ойға мегзейді.
Жетісудің көктемі
Күнде нөсер, көк мекен,
Біздің ауыл шөптері
Шөлдеп тұрған жоқ па екен?
Осылайша туған Ақтөбесінің жазда жаңбырға зәру екендігін еске алған ақын перзент сол туған далаға деген сағынышын әдемі тілегімен ұштастырады. Алматыға арман қуып келген алаң көңіл бозбаланың көкірегіндегі таусылмас махаббат пен сағыныш еріксіз ауылын еске алдырады.
Ту көтерді жанарым,
Туып-өскен жақты аңсап,
Жаңбырына қаланың
«Жарқамысқа аттан» сап.
Жетісудың жаңбырлы шағын, көкорайлы келбетін көре тұрып, ауылындағы аптапты еске алғанда ақын жылы әзілді ұмытпайды.
Алматының гүлзары
Алатаулы дүр мекен.
Біздің ауыл қыздары
Күнге күйіп жүр ме екен?
Дала – халықтық болмыстың, ықылым заманнан еркіндік пен өрлікке құмар ұлттық рухтың символы болса, дала бауырындағы ауыл – оның қызу да қызықты тіршілікке толы және бір жанды, төл көрінісі. Ауыл — халық рухына бас иіп, соған тәу еткен, кіндігі осынау алтын қазыққа байлаулы қазақ баласының жүрек тереңінде сақтаған қазыналы алтын сандығы. Сол дала, сол ауыл ақынның поэтикалық кеңістігінде сағынышты сазды, кіршіксіз тазалықты, еркіндік пен асқақтықты бойына сіңірген тұрақты көркем болмысқа айналған. «Арғынбай тоғайы», «Сахнасы өмірдің», т.б. өлеңдерін осы сөзіміздің дәлелі етеміз. Ұлттық дәстүрді ардақтап, қазағын қадір тұтқан қай ақын да бір кездегі сән-салтанаты келіскен ауылдағы, дала өміріндегі табиғилыққа, қала өмірінен мүлде бөлек ерекшеліктерге салқын көзбен қарай алмаса керек. Ақын үшін табиғат, оның аясында емін-еркін шалқыған ауыл – ұлттық қанық бояулар қазынасы тәрізді. Жусан иісі, тау самалы, дала аптабы, жөңкіле көшкен бұлттар, қызыл іңір, арайлы таң, қысқы кеш, ұлыған боран, көшіп бара жатқан көктем, сәуірдің жаңбырлы аспаны… Мұның бәрі ақынға шабыт берер, жүрегін тербетіп, қимас сезімге толтырар суреттер.
Дарынды ақын Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің үздік аудармасын жасады. Тәжірибелі, талантты редактор қазір қазақтың жүз романын қайта қарап, баспадан шығарғалы жатыр.
Болаттың романтикасы
Артық-ауыс сөз жоқ, мінезі жұмсақ, қақ-соқта ісі болмайтын, қой аузынан шөп алмас момын санап жүрген курстас досымыз аяқ астынан айды аспанға бір-ақ секіртті. Ол кезде екі ауыз өлеңін, не жирыма-отыз жол хабар- ошарын газет бетіне бастырған жігіттің кеудесіне нан пісіп, Алматыға симай кететін шағы.
Жуастан жуан танытып, бүкіл республика оқырманын таңырқатып, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласымен “Лениншіл жастың” бетіне шыға келгенде, бәріміз таң қалдық. Екінші курс студенті көзі тірі классик Ғабиден Мұстафин, белгілі сыншы, жазушы Темірғали Нұртазин шығармаларында орынсыз қолданылған бөгде сөздерді тап басып ажыратып, олардың қазақша баламасын мөлдіретіп тізіп берген. Әділ айтты.
Арада көп уақыт өткен жоқ, сол “Лениншіл жас” өзінің 1959 жылғы 15 июльдегі санында былай деп жазды: “Лениншіл жас” газетінің редакциясы осы жылғы 9 июльдегі санында КазГУ-дің студенті Б.Бодаубаевтың “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласын жариялап елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің мақаласын жариялап отыр”.
Сәбеңнің соққысы аз болғандай, журналдар, газеттер “жас ұлтшылды” жапа-тармағай мүйіздеп, есінен тандырды. Болат Шу бойында шөп шауып жүргенде, бұл жағдайды естіген ауылдың бас көтерер үлкендері: “Қарағым, мына газеттердің түрі жаман, сені ертең соттатып жіберуі мүмкін. Бұрынғы ағаларыңнан әулие емессің. Бір амалын ойлану керек. «Сәбит өзі де бала- шаға өсіріп отырған ақсақалды кісі емес пе, алдына барып жығылып, кешірім сұрасаң, аналарға қойыңдар деп айтар», деген кеңес береді де, Болат Алматыға келіп, Жазушылар одағының есігін аңдиды, ішіне кіруге қорқады, екі-үш күн далада жүреді, бірақ Сәбит Мұқановты кездестіре алмай салы суға кетіп, үйіне қайтып оралады.
Ал оқырман қауым қатты қуанған, әдебиет аспанында жаңа жұлдыз болып жанар деп үміттенген Болат Бодаубаев сол алғашқы аяусыз соққылардан соң әдеби сын жазуын пышақ кескендей тыйды да, көп жыл журналистикамен айналыса жүріп, көркем прозаға кештеп келді.
Бүгін жазушы Болат Бодаубаевты қалың оқырман жақсы біледі. Тұстас қаламдастары біз де жақсы білеміз. Білгендіктен де шығар, жазушы атынан журналист деген кәсіби мамандығын қоса тіркейміз. Ризашылықпен, сүйінішпен айтамыз. Өйткені, лиро-романтикалық сазда талай көркем әңгіме, повесть ұсынып танылған, талай-талай деректі көркем проза туындылары бар жазушының жан-дүние пернелерін басып, табиғи талантын ашқан факторлардың бірі де осы журналистикаға тән ерекшеліктері. Болат өмірбаяны мен шығармалары, байқап-байқап қарасақ, қатар өріліп отырған сияқты. Ол әдебиетке көлденеңнен емес, өмірдің тура өзінен келген жазушы. Романтика қуып барып, Рудныйда екі жыл жұмыс істеген. Оның басты-басты көркем туындыларында (“Желсіз түнде жарық ай”, “Май жаңбыры”) тазалық, сыршылдық, қаламгерлік көркемдік сипаттарымен бірге қазіргі өмірдің нақты моральдық-этикалық, адамдық-имандық мәселелерінің астасып жүретіні де сондықтан. Еңбек ардагерлері, өнер қайраткерлері туралы кезінде жарық көрген көркем очерктерін, шығармашылық портреттерін қалың оқырман жақсы біледі. Кезінде оның қаламынан туған тіл, әдебиет, мәдениет хақындағы проблемалық мақалалары да игілікті қызмет атқарған еді. Көркем әдебиетке жетпісінші жылдарда түбегейлі ойыса бастаған Болат Бодаубаевтың қаламгерлік көзқарасын, өзіндік дүниетаным қырларын әуел баста сол деректі прозасы мен мақала, эсселері танытқан. Қалың оқырман көңіліне олар берік ұялаған.
Көркем әңгіме, повестерінде автор сол бір сыршылдық желілерді, адам жан-дүниесінің сәулелі сұлулығына деген іңкәрлік сезімін жоғалтпай, қай шығармасының да өзекті әуен-ырғағындай айналып-соғып отырады. “Шақырады жол алға” повесіндегі Бақыт, “Желсіз түнде жарық айдағы” Батталхан, “Жаңбырдан кейіндегі” Аңсағандар әр шығарманың дара кейіпкерлері болғанымен, үндестіріп, белгілі бір арқау желіге байлап тұрған қасиет те сол ар алдындағы тазалық, сұлулыққа іңкәрлік. Мінез-құлқы әрқилы жаңағы кейіпкерлердің өмірдегі мұрат бірлігі, адалдығы, арманшылдығы тіршіліктің сан-қатпарлы қалтарыстарындағы кісілік кейпі, адам баласына деген мейірімдері тұтас тұлғаны көзге елестетердей. Бұл жазушы туындыларының өзекжарды сазын түзеп, құлақкүйін келтіріп отырған көркемдік олжа, құнарының белгісі. Тақырып әрқилы (“Жаңбырдан кейін”, “Қайрақбай ата”, “Талғаттың атасы”, “Нағима”, “Торы биенің қымызы”, т.б. әңгімелері), ондағы сюжеттік бітім мен мінез-құлық көріністері де әрқалай, бірақ соның бәрін жинақтап, бір өзекті арнаға құйып тұрған суреткерлік мұрат-аңсардың айқындығы мен мөлдірлігі. Бұл жазушы қаламының лайықты қасиеті, толымды сипаты.
Шағын пікірде қаламдас, қатарлас құрбымыздың бүкіл шығармаларын түгендеп, түстеп жату мүмкін емес. Шарт та емес. Мақсат оның өзіміз байқаған көркемдік суреткерлік ерекшеліктеріне назар аудару. Әйтпесе, тізе берсе Б.Бодаубаевтың көркем шығармалары мен деректі туындыларында қозғалған, сөз болған проблемалар да, тақырып жүйесі де бір қыдыру. Көркемдік ізденіс самғаулары да әрқилы. Соның бәріне ортақ, түйіп айтатын бір белгі – нәзік, кей сәттерде ашық сыршылдықты реалистік прозаның талаптарымен ұштастыра келіп, өмірдің өз сурет, романтикасына барынша жақындай түсетіні.
Бүгінде белге шыққан журналист-жазушының әдебиет әлеміндегі үлес өрнегі тек мұнымен шектелмейді. Ол белгілі аудармашы, әдебиетті насихаттаушы. Композитор Еркеғали Рахмадиев туралы жаңа көлемді кітап бітірді.
Халқымыздың рухани қазынасының ата-тегі әдебиет мүддесі үшін де, қоғамдық қызметімен де жан сала араласып жүрген қаламдасымыздың шаңқай түсі алдағы ізденіс арналарының кеңдігін, алар асуларының еңселілігін меңзейді.
P.S. Бір факультетте бес жыл бірге оқып, бірге бітірген жетпіс түлектің мінезі, кейінгі тағдыры, жеткен биігі жетпіс бес түрлі ұзақ хикаят іспеттес. Мен соның жетеуін ғана сөз етт