ЕЖОВ ПА, КАГАНОВИЧ ПЕ?


ЕЖОВ ПА, КАГАНОВИЧ ПЕ?

Рымғали Нұрғали

–Бұрынғы қазақтың қол бастаған батыры, сөз ұстаған биі қан майданда мерт болса болған шығар, ал абақты, түрме деген азапты орындары патша заманынан кейін басталған құқайлар ғой. Әріректе. Сейтек, бертінде Мәди темір тордың аржағында торықса, төңкеріске дейін Алаш басшылары Ахмет, Міржақыптар да ол жердің азабын тартып көрген. Сәкен шеккен қиянаттар белгілі. Жезмұрт, Сталинді айтам, бас-аяғы он шақты жылдың ішінде қазақ зиялыларын торғайдай тоздырып жіберді. Алдымен Алашордаға Ленин берген кешірімді естен шығарып, баспа, оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде халық үшін шын беріліп еңбек етіп, оқулықтар жазып, көркем шығарма тудырып жүрген зор білімді, айрықша талантты қайраткерлерді көгенге тізгендей етіп, жиырмасыншы жылдардың аяғында түрмеге тықты, олар Солтүстік мұзды мұхит маңында қорлық көрді, Ақтеңіз – Балтық каналын қазу жұмыстарында мерт болды. Сол алғашқы қамаудан Жүсіпбек, Міржақып қайтпай қалды. Тірі келген Ахмет, Мағжан, Халел бірер жылдан соң отыз жетінің қақпанына қайта түсті. Әлихан, Әлімхан түгел кетті. Бұлардың ескі қоңырауы бар – ұлтшылдық қозғалыс көсемдері, Совет өкіметін қолдамаған деген желеу ұмытылмайды.
Ал енді қып-қызыл коммунист Сәкеннің жау, шпион екендігіне сеніп көр. Күні кеше қасында болған, бірге жүріп, тұрған Бейімбеттің дұшпандығына қандай дәлел бар? Ашынып, күйіп кеткен соң “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” демей не дейсің?
Ол сөз әлі мойынға бұғалық түспеген кезде айтылған. Ондай әрекетке бармақ түгіл қарақан басыңды қалай аман алып қалу мұң боп кеткен. Қадап айтайын: Мүсірепов біреудің обалына қалды дегенді естідің бе? Естіген жоқсың. Қанша архив ақтарсаң да еш жерден мені күйдірердей бір жапырақ қағаз таппайсың. Әуелі қызметтен кетірді, одан кейін партиядан шығарды. Енді ұстап әкететін шығар деп, жылы киім, жол-жабдық, азық дайындатып қойдым. Үй-ішімен, ағайын-туыс, дос-жармен қоштасқандай райдамын. Ананы әкетіпті, мынаны әкетіпті, деген хабар дүңк-дүңк етеді. Ең жаман нәрсе – үрей. Одан да жаман нәрсе – тосу. Есік тырс ете түссе – саған келе жатқан әзірейілдей көрінеді. Ішіп-жеуден қаласың, ойын-күлкі жоқ, ұйқы болмайды. Қараптан қарап отырып берекең кетеді, дүниенің қиюы қашады, жынданып кете жаздайсың. Уақыт өтпейді, күн батпай қояды, түнде кірпігің ілінбейді. Белгісіздік зілбатпан болып салбырап, үстіңнен баса береді, баса береді. Қашанғы жаншыласың, күндердің бір күнінда далаға шығасың. Көшден көше аралап, сенделіп жүру басталады. Қарсы кездесіп қалған адамды танымайсың, біреулер сәлем береді, оны елемейсің. Артыңнан атыңды айтып, айқайлап, бірдеңелерді сұрай ма, күле ме, шақыра ма – оны бәрібір, естімейсің де, тоқтамайсың. Көбінесе ой дейтін ой да жоқ, көп елес, сағым ішінде жүресің. Ұсталып кеткендермен сөйлесесің бе, солардың шыңғырған дауысы құлағыңа келе ме, өзіңді желкелеп әкетіп бара жата ма… Сол көп жүріс, сенделіс, ақыры келіп есіңді жиғызады. Бірте-бірте жүйелі ойлар туғандай болады. Күні бойы сенделіп, ақыры әбден шаршап оралсам, біздің үйдің қақпасына ілінген екі болашақ депутаттың суреттері жартылай жыртылып салбырап тұр екен. Ежов па, Каганович пе, ұмыттым. Жүрегім зу ете қалды. Халықтың екі қалаулысының суретін жыртқан – Мүсірепов. Оның жаулығын осы әрекеті-ақ дәлелдейді. Ату жазасына бұйрылсын!. Біреу осылай деп айқайлап тұрған секілді. Жан-жағыма қардым, ешкім жоқ. Расында да менен көрсе қайтем? Жыртпағанымды қалай дәлелдеймін. Аулада Николай деген тентек бала бар еді, соны тауып алдым да, суретті көрсетіп:
–Сен бе жыртқан? – дедім.
–Жоқ!
–Ақша берсем, табасың ба жыртқан кісіні?
–Табам.
–Жоқ, таппай-ақ қой. Мә ақша. Енді жыртқызба.
–Бұл көп ақша ғой.
–Көп болса да ал. Тек жыртқызба.
–Құп болады, командир. Сайлау өткенше суреттер күзетіледі, – деп Николай ақшаны жып еткізіп қалтасына салып алды. Ол алдаған жоқ, екі болашақ депутаттар суреттерін күнде жаңалап, желімдеп, іліп тұрды.
Мен болсам, бірте-бірте үрейден, белгісіздіктен құтыла бастадым, оның артынан соғыс басталып кетті.
1992.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *