ВИСТ… ПАС… МИЗЕР…
Рымғали Нұрғали
–Кеше көрген кісің бүгін жоқ. Бүгін көрген кісің ертең жоқ. Жан- жағыңнан оқ жауып жатқан секілді. Баудай түсіріп, қырып жатыр. Жер- көктің бәрінен қан жауып тұрғандай. Газет атаулының бетінен өлім сорғалап тұр. Радиодан ажал төгіледі. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз: халық жауы, фашист, шпион, қыру, жою. Кеше ғана бүкіл ел болып, төбеге көтерген, ардақтап аспанға шығарған азаматтардың қол-аяғын шынжырлап, абақтыға тықты. Дүние-мүлкін қаттап, тартып алып, бала-шаға, үрім-бұтағын торғайдай тоздырып қаңғыртып жіберді, жер аударды, түрмеге салды.
Тыныштық кезде адамның үш ұйықтаса ойына келмейтін сұмдық жағдайдарды көрдік. Екі туып, бір қалған ағайындар бірінің көзін бірі шоқыды. Ұстазын соттатып жіберген шәкірт аға төсегінде масайрады. Жас жалмауыз ұлы ақынның түбіне жетіп, оның бала-шағасын ақ қар, көк мұзда далаға айдап шығып, қалған-құтқан қол жазбасын дәретхана қағазы орнына пайдаланды. Әр шөптің басын шалып жүрген бір дүмбілез ақын бар еді, кісінің көзіне тура қарамай, үнемі төменшіктеп жүретінінен-ақ сезіктенуші едім, сол мұндар қанды-қырғын науқан кезінде құтырып шыға келді, талайдың түбіне жетті, тіпті маған ауыз сала бастады. Сөйтіп қайтсем орға түсірсем деп, далбасалап, тіміскілеп жүріп, өзі айдалып кетті сорлы.
Сол мұндар көп азап шегіп, көп жылдар бойы ит қорлық көріп, азып- тозып қайтып келді. Азаматтығымды аяғаным жоқ, пәтер алуына, жазған- сызған дүниелерінің басылуына көмек бердім, бірақ әлі де өзін суқаным сүймейді, көргім келмейді, сөйлескім келмейді, қарсы кездессе бұрылып кетемін.
Өңің түгіл, түсіңде көрсең жүрегің жарылып кететін зұлымдықтарға дүние толып кеткендей болды. Бірақ адам итжанды деген рас. Тіліңді тістеп, көрсең де көрмегендей, естісең де естімегендей, білсең де білмегендей адам кейпінен басқа бір үндемес, сезбес, ұқпас мақұлық кейпіне ауысқандай болып, мәңгүрттеніп кетеді екен адам. Бір күн, бір ай, бір жыл емес, ұзақ уақыттар, тұтас замандарға созылғандай әбілет, албасты, жын басқандай болып, мелшиіп меңіреуге айналасың. Ешкімге сәлем бермейсің, сәлем алмайсың, сыр бөліспейсің, жұрт көзіне түсіп ешкіммен қыдырмайсың, топ ішіне кірмейсің. Мен білген азаптың бір түрі осы – үнсіздік қасіреті. Тұтас ұрпақтың буынына түскен жұлын құрт осы кесепаттан қиылды, көптеген көгенкөз ешкімге сенбейтін, не құдайға, не үкіметке пейілі жоқ, рухани сорлыға айналды.
Қанша оңашаланғанмен, ешкіммен араласпаймын дегенмен, жазушылар ортасы, ағайын-туыс, жекжат-қайынжұрт, сапар – еріксіз адамдармен қатынасқа түсіреді. Әсіресе, Абай атаң айтқандай, қазақтың өзге жұрттан тілі ұзын. Дастарқан басында ет жеп, шай ішіп, оп-оңай тұрып кету жоқ, бір күндік жұмысқа бергісіз ұзақ отырыс басталады. Уақ-түйек, өсек-аяң айтылады, әр түрлі сыбыс сөз болады, кісі сыртынан әңгіме қозғалады. Біреу мақталады, біреу датталады. Біреуді мүсіркейсің. Біреуді жек көресің. Ылғи аңдыған көз. Ылғи елеңдеген құлақ. Ертеңіне айтқаның түгіл айтпағаның қалаға, далаға тарайды. Кейде ет қызуымен, шыдай алмай, кейде әділет үшін күйіп кетіп, шындықты айтып тастайтын кездер болады. Әйтпесе жала, ғайбатпен күйіп кеткендер туралы бірдеңе айттың дегенше, құрыдым дей бер. Өсек-аяң болып тараған сөздердің құйрығын ұстау оңай емес шығар, ал енді арнаулы мекемелер жасырын қызмет ететін, сол үшін ақы-пұл, атақ- абырой, шен-шекпен алатын, қасыңда жүретін, сенімен үнемі араласу мүмкіндігі бар пенделерден аяқты қалай тартасың? Жасырын, жымысқы қызметте бар-жоғын ол саған сездіре ме? Бұл өзі жақыннан жау іздеткен, өзіңе-өзің сенбеген күйге түсіретін ыбылыс зындан.
Қанша тырбанғанмен ол шұңқырдан шығу мүмкін емес. Еріксіз біреулермен араласасың. Еріксіз қонаққа барасың, барғаннан соң, өзің де шақырасың. Қалай аузын буған өгіздей болы үндемей отырасың? Мен шашымды алдыратын, кейде моншаға бірге баратын Исаак Абрамович дейтін жебірей бар еді, соған бір жолы қалжыңдап қонақта сөйлемей отырудың әдісі бар ма дедім. Бармау керек деді. Бұл жарамайтын әдіс. Тамақты тез ішіп, кетіп қалу керек деді. Бұл да жарамайтын әдіс. Ақыры тапты, жебірей емес пе? Карта ойнап үйрену керек болды. Ұзақ ойналатын переферанс деген бұрынғы ақсүйектердің, қолы бос мырзалардың ойыны бар екен. Әлгі жебірей сол ойынды маған үйретсін. Бұрын қолыма карта ұстап көрмеген басым әңкі-тәңкі. Ақыры үйрендім. Қонаққа барсақ, карта суыра бастаймыз. Басқа сөз жоқ, ала қағаз, қарындаш, бес-он тиын ақша.
«Вист, пас, мизер» деп шұлғимыз да отырамыз. Сөз, өсек, әңгіме, дау- дамай – бәрі адыра қалады. Вист-пас, мизер. Өзім іштей менің соңыма салынған жансыз сенсің-ау деп қауіптенетін біреу бар еді, құдай ұрғанда, әлгі де преферансты үйреніп алып, төртінші қол ретінде домаланып отыра қалатын болды. Мұхтар болса ежелден ұстаздықпен, жазушылықпен қатар шұғылғанған кісі, оның үстіне әйелі орыс, көп қазақы қатынасқа түсе қойған жоқ, университетте лекциясы, академияда ғылымы бар – қолы да тимейді. Сәбит күндіз-түні бұрқыратып жазатын тынымсыз жазушы; мен болсам, ұзақ жылдар өкімет қызметін істемей, үйде отырдым, және шабыт, күй, жағдай келмесе, күнде жазуға жоқпын. Аңшылық, биллиард дегенмен әуес болдымның түкпі сыры серілік көңілден туса, карта деген уақыт жейтін кесепат заман дертінен, мезгіл азабынан жабысқан пәле деп біл. “Вист, пас, мизер”.