БҰҒЫ МҮЙІЗ. БЕС МОЙНАҚ

Рымғали  Нұрғали 

БҰҒЫ МҮЙІЗ. БЕС МОЙНАҚ

Қырық жылдан астам уақыт білетін адамың өмірдің алты асқарын артқа тастап, биік белесте тұрғанда ең алдымен оның жасаған еңбегін, қалдырған ізін, адамдық қалпын, азаматтық келбетін айту парыз болмақ.
Қазір Қазақстанға есімі кеңінен мәшһүр Уәлихан Қалижанов көпшілікке ең алдымен журналист-публицист ретінде танылды. Алматы облыстық «Жетісу» газетінен басталған қаламгерлік сапар республикалық балалар («Қазақстан пионері»), жастар («Лениншіл жас»), жалпы ұлттық («Егемен Қазақстан») газеттерінде бас редакторлықпен жалғасты. Үш бірдей республикалық басылымды басқарған жалғыз журналист десек те болады.
Басылым жұмысын идеялық шеберлік тұрғыдан ұйымдастыру, автор тарту, ел өміріндегі көкейкесті мәселені мезгілінде көтеру, материалды бабына келтіріп редакциялау, мол таралымды қаржылай қамтамасыз ету, қаламақы тәртібін сақтау, ең бастысы билік қаһарына ұшырамау, көпшілік алғысына бөлену — бұлардың бәрі бас редактор мойнындағы орындалуы қиын, ауыр жүк. Сондықтан да талай дарынды редактордың жүрегіне салмақ түсіп, олар өмірмен тіпті ерте қоштасты.
Тиесілі редакторлық қызметпен сабақтастырып, дара шығармашылықты қоса ала жүру ілуде біреудің қолынан ғана келетін қиямет шаруа. Табиғи дарын, табандылық, еңбекшілдік ұштаспаса ештеңе де бітпейді. Күнделікті баспасөзде ұзақ жылдар бойы үздіксіз жарияланған публицистикалық мақалаларының үстіне Уәлихан Қалижанов қаламынан туған «Бейбітшілік туы астында», «Президент» деректі кітаптар, «Сенімен және сенсіз», «Шеңбер» прозалық шығармалар, «Ақмолла», «Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым» монографиялары, бірнеше аудармасы басылды.
Тұтастай алғанда редактор У.Қалижанов қазақтың жаңа баспасөзінің дамуына, оның еркіндік жолына түсуіне көп еңбек жұмсап, жас буын қаламгерлердің өсіп шығуына қамқорлық етті; көсемсөздің уақыт талабына орай өзгеруіне, соны өрістерге беттеуіне мұрындық болды. Кейде ерекше батыл қадамдар жасады: билікті орындармен ақылдаспай-ақ бір-ақ түнде «Лениншіл жас» атауын «Жас Алаш» деп өзгертіп жіберді; талай шенеуніктердің шиқанын қанатқан Шерхан мен Камалдың хаттарын, басқа да азулы дүниелерді қорықпай басып, ақыры сондай себептер сылтау болып, Бас редакторлықтан кеткені көпшілікке аян.
Редакторлықтан басқа жұмысқа ауысқаннан кейін Уәлихан жүнжіп кетпеді. Ұзақ жылдар жазып жүрген докторлық диссертациясын бітіріп, қорғады. Депутаттық додаға бақандай-бақандай азаматтармен жарысқа түсіп, жеңіп шықты. 1999 жылғы науқанның шет жағасын біз де көрдік. Алматы облысындағы сайлаушылармен кездесуде баспасөздің күші, публицист, редактор беделі, даңқы, абыройы дегеннің не екенін анық ұққанбыз.
Бұдан әрі қарай Уәлихан Қалижанов өміріндегі жаңа белес – депутаттық кезең басталған. Қазір ол республика парламентіндегі ең ысылған, тәжірибелі, маманданған депутаттардың бірі. Шекара, оралман, нарық, отбасы орайында көтерген, шешкен мәселелері оның азаматтық парызын адал орындайтын шын мағынасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері екендігін көрсетеді.
Ағайын туыс, дос-жора, замандастары арасында Уәлиханды ерекшелендіретін бауырмалдылық пен қайырымдылық. Жұмыс орны, мансап дәрежесіне орай құбылып, өзгеру оған жат. Оның маңында мектеп, университетте тапқан достары, қызметке орай ағайынгершілікпен қауышқан сыйластары, інілері, құрдастары, ағалары, тіл тапқан, ұғысқан, құрметтескен, қаумалаған қалың қауым байлығы бар. Мүмкіндігіне орай ол қарайласқан, қол ұшын берген жақын-жуық ағайын-туыстарын былай қойғанда, қаншама көгенкөзге жақсылық жасады.
Кезінде журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов көп сырқаттанып, төсек тартып ұзақ жатып қалды. Бала-шағасы, әйелі, қызметтестері, әріптестері көзден таса қалдырмай бақты, жанына дауа іздеді, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол тұста Уәлиханның күн демей түн демей, аға сырқатына ем іздеп, шарқ ұрғанын, артынан барлық дәстүр-салтты сақтап, жөнелтісуге күш салғанын көргенде, халқымыздың бір белгілі адамының «Уәлихандай інінің алдында Алла бүгін алып кетсе де арман болмас еді» деген сөзін көпшілік естіген болатын.
Бірнеше үйдің ортасында еркелеп өскен жалғыз қыз, Үмітжанмен отасқан Уәлихан оның қарт әке-шешесін ерекше құрметтеп сыйлады. Ноқта, жүген көрмеген қаһарынан хан қаймығатын Арқаның тарпаң шалын Алматыға тілін тауып, көшіріп алып, пайғамбарды күткендей мәпелеп, құрметтегені, кейін ақ жауып арулап о дүниеге аттандырғаны жастарға сабақ боларлық тағылым. Көп бастықтардың кеңсе көлігін әйелдері дүкен аралауға мінсе, Уәлихан машинаға балаларды толтырып алып, бір кездері өзі оқыған № 12 мектепке жылдар бойы тасығанын да көргенбіз. Бір қарағанда ол өмір жолында Ақбозатпен желіп келе жатқандай әсер етеді. Расында да бұл сәтті тағдыр. Емшекте әкеден қалу, енді ержеткенде жалғыз ағадан айырылу – бұлар оңай соққы емес-ті. Ат жалында ойнап, биік мансапқа жеткен шақта, аяқ астынан, жазықсыз соққы жеу талай жігітті есеңгіретіп кетсе, Уәлихан тізгінді тез тартып, бәрін қалпына келтіре білді. Кек алуға болатын еді. Олай жасаған жоқ. Кешіре білу қазақтың жақсы қасиеті деп ұқты.
Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың қабілетті шәкірт тауып, оған нақты тапсырма беріп, жұмыс істетіп, жетектеп әкететін, әуелі елеусіз сұрақтар қойып, өзіне тартып, білмеген нәрселер үшін қыжыртпай, кешіріммен қарап, нені, қайдан оқитынын түсіндіріп, асықпай жүріп, бірте- бірте бойын үйретіп, асауды бастықтырғандай етіп, алқам-салқам, қамсыз жүрген, дәрістерде айтылатын нәрселерден басқада көп шаруасы жоқ студентті аз уақытта сынға салып, қызықты ізденіспен қол-аяғын шырмап, зерттеушілікке қарай бағыттап жіберетін ерекше ұстаздық дарыны бар еді. Аудитория, кафедрадағы сабақ, кеңес өз алдына, көше, баулардағы әңгіме, сұхбат профессор үйіндегі жұмыс кабинетінде, дастархан басындағы жылы- жылы сұхбаттарға жалғасып, әуелгі ұстаз бен шәкірт келе-келе әке мен бала, аға мен інідей жақындасып кететін. Сол ынтымақтан ғылыми зерттеулер, диссертациялар, кітаптар, мақалалар туып, кейін ол қазақ әдебиетін зерттеудің Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған тарихи мектебі деп аталған болатын. Тез қозғап жіберуге лайық жеңіл-желпі тақырыпты Бейсекең ұсынбаушы еді. Ол кісі ең алдымен болашақ шәкіртін байқап көріп, мінезі қандай, өтірік айта ма, айтпай ма, уәдеге тұра ма, тұрмай ма, сабырлы ма, мақтаншақ па, істі аяғына дейін жеткізе ме, жеткізбей ме, сөйлей біле ме, жаза біле ме, сыр сақтауға қалай, кісі сыртынан сөз айта ма, айтпай ма, өсек таси ма, тасымай ма, мансапқа қалай қарайды, қызмет үшін ғылымды сатып кетпей ме, ең бірінші қазақтың ұлттық мұрағаттарына берік пе, берік емес пе – осыларды анықтап алмай ұлы ұстаз кім көрінгенді иектетпейтін. Сол сынақ мектебінен өткізіп алып, айларға, жылдарға созылатын тәрбиесін бастаушы еді.
Әуелі курс жұмысын, артынан диплом жұмысын жаздырып, бірнеше рет ғылыми конференцияларға қатыстырып, зерттеушілікке жаттықтырып алып, Уәлиханды бұрын ешкім тереңдеп бармаған қазақ, башқұрт, татарға ортақ ақын Ақмолланы зерттеткен Бейсекең бұл арнаны кейін тереңдетуге болатынын жақсы білген болатын.
Кейін, Уәлиханның докторлық диссертациясын аяқтауға біз мұрындық болдық.
Дінді апиын, усойқы деп жариялаған жетпіс жылдың ішінде руханияттың мыңжылдық тарихы бар бір тармағына балта шабылды. Иман, обал, сауап, күнә, тәуба, алла, жұмақ, тозақ сияқты мәңгілік ұғымдар қасақана жойылып, оның орнына социализм, коммунизм, интернационализм, жоспар, бесжылдық тәрізді науқанға қызмет ететін жалған ұрандар адам санасына зорлап сіңірілді. Осы бағытта тау-тау кітаптар жазылды, радио қақсап тұрды, теледидар ауыз жапқан жоқ, айлар-жылдарға созылған жиналыстар өтті, күллі мемлекеттік қызмет бір әуенмен зарлады.
Сондай есеңгіреген заманда діннің өркениеттегі орнын айтуға тиым салынып, бұл мәселе зерттеушілер айналып өтетін жабық аралға айналды. Тіпті айтыла қалған күннің өзінде бағыт біреу: дін тек қана жамандалады. Тарихи санадағы, философиядағы, әдебиеттегі, мәдениеттегі діннің орны көрсетілген жоқ. Фольклордан, әдебиеттен алла, пайғамбар, сайтан ұғымдары сызылып отырды. Діни сюжетті шығармалар бастырылмады. Басқаларды былай қойғанда Абай, Ыбырайдың өзіне ауыз салды.
Коммунистік идеология құлағаннан кейінгі жақсы бір бетбұрыс діннің адамзат тарихындағы қызметін, моральдық-тәрбиелік күшін мойындау болды. Осы арнадан келіп, бұрын айтуға тыйым салынған қазақ әдебиетіндегі діни арналар, сарындар, сюжеттер, идеялардың нақты жазушылар шығармаларындағы көріктісін Уәлихан Қалижанов табанды түрде жан- жақты, биік теориялық-методологиялық деңгейде зерттеп шығып, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Бірыңғай зерттеушілікпен отырған адам емес, ұзақ жылдар республикалық үш басылымды басқарған редактордың жұмысбастылығы, уақыт тапшылығы еңбекті ерте бітіруге көп қиындық келтірді. Әртүрлі кітапханаларда, архивтерде жатқан материалдарды жалғыз Алматы емес, Ресей, Татарстан, Башқұртстан мұражайларынан іздеу, табу, ескі қадым қаріптерімен жазылған дүниелерді ажыратып оқып, пікір қорыту, тұтас әдеби ағымның танымдық, тарихи, эстетикалық бағасын беріп, негізгі ерекшеліктерін көрсетіп, басты-басты белгілерін ажыратып беру үшін көптеген мәтіндік (текстологиялық) талдаулар, компаративистік саралаулар, филологиялық қорытындылар, әлеуметтік тұжырымдар жасалды. Жұмыс нәтижесі студенттерге арналған шағын оқу құралдары, ғылыми мақалалар, көлемді монография түрінде жарық көрді.
Арнаулы ғылыми мекемелерде жан-жақты талқыдан өткен диссертацияның қорғауы да оңай болған жоқ. Бас редактор жазған еңбекке шүйілушілер аз емес еді. Әр дерегіне, әр тұжырымына, тіпті үтір, нүктесіне дейін қадалған. Сондайдың боларын сезіп, кейбір ағаларға құлаққағыс жасағанбыз. Дода десе бүйірі қызып кететін профессор Темірбек Қожакеевке «бұл жолы тізгінді тарта отырсаңыз» деп қалжыңдаған едік. Уәде көпке бармады, әуелде сабырлы отырған Темекең біраздан соң қамшыны бассын, бір өзі оннан асырып сұрақ қойсын. Кеңестің басқа мүшелері де сұрақты жаудырып жатыр. Әдебиеттегі діни ағым мәселесін бәрі сағынып қалған секілді. Сол мәселені дәл бүгін, осы қорғауда шешіп тастағылары келетін секілді. Дау да көп, сөз де көп. Бірнеше қайтара сөйлеп кеткен шешендер де бар. Ол кезде академиктер Зейнолла Қабдоловтың, Зәки Ахметовтің тұғырдағы шағы. Профессорлар Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев шайнасып қалады. Әншейінде екі-үш сағатта дөңгеленіп, төбесі көрініп, нәтижесі шығуға айналатын докторлық диссертация қорғау Уәлиханның тұсында бес-алты сағатқа созылып кетті. Жанкүйерлер қорқа бастады. Жоқ, қауіп бекер екен. Ізденуші әр сұраққа, әр күдікке уәж тапты, орнымен, дәлелмен жауап берді. Жақсы редактордың жақсы зерттеуші екендігін мойындатты. Тізесі дірілдесе дірілдеген шығар, бірақ тұжырымынан жаңылған жоқ. Негізінен, Абай, Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп, Нұржан Наушабаев, Ақмолла Мұхамедияров, Шәді Жәңгіров, Шәкәрім Құдайбердиев, Мақыш Қалтаев, Әбубәкір Кердері шығармаларын арқау ете отырып, қазақ әдебиетіндегі ХІХ ғасырдың жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық ағымның қыры мен сырын, негізгі даму сипаттарын айқындап шықты.
Диплом қорғап, университетті бітіргеннен кейін Уәлихан Бейсенбай Кенжебаевты ауылына шақырды. Бұрын да талай сапарға шығарда «Волганы» жарқыратып қоятын Саша бұл жолы да дағдысынан айнымаған. Өйткені Бейсекең, әсіресе Меңжамал шешей тәртіпті, тазалықты жақсы көреді. Осыны біліп алған шофер жігіт алыс жолға шығарда, Бішкек, Ыстықкөлге барарда ерекше дайындықпен кіріседі. Ол бір естен кетпейтін қымбат күндер еді. Бейсекеңнің үлкен қызы Шолпанның күйеуі, Қазақстанның бас прокуроры Мұхтар орта жолда күтіп алып, атасын, енесін, қасында біз секілді ере келгендерді хан келгендей төбесіне көтере күтіп, сыйлайтын.
Енді университетті жаңа ғана бітірген жас жігіттің ауылына келе жатырмыз. Кірпияз, тамақты талғап ішетін Бейсекеңнің, өз үйінде көлденең қылшық жатқызбайтын, ыдыс-аяққа, дастарханға титтей кір жұқтырмайтын Меңжамал шешейдің жағдайы не болмақ деп іштей қауіп ойлап келем. Қаскелең, Ұзынағаш, Қарақастекті басып, тау жолымен бөктерлеп отырып, межелі жерге – Жангелді ауылына тез жетіп бардық. Бейсекеңнің жер-су, ел, бұл атыраптың өткен-кеткені, батырлары, ақындары, билері туралы қойған сұрақтарына Уәлихан білгенінше жауап беріп отыр. Түсетін ауылға жақындағанда жас жігіт сәл қобалжып, дауысы өзгеріп: «Аға, мына біз келе жатқан жолдың алғашқы сорабын менің әкем салдырған сияқты. Колхоздастыру кезеңінде бригадир болған екен. Содан бұл жер «Қалижанның жеті қырқасы» атанып кете барыпты» деді. «Еңбектің ұмытылмағаны қандай жақсы» деді де, Бейсекең біразға дейін алыс ойға кетіп, томсарып отырды.
Жангелді деген алқам-салқам қазақы көп ауылдың бірі болғанмен, бізді тосып отырған үйдің жарығы бар, ауласы кең, маңайы күл-қоқыстан таза, еңселі, шатырлы шаңырақ екен. Бөрік киген ақсақалы, шаршылы бәйбішесі, орамалды келіншегі, мұртты жігіті, қара борбай жалаңаяқ баласы бар бірқыдыру адам есік алдынан қарсы алды. Үлкендері төс қағысып амандасып, кішілері сәлем беріп, алыстан екі туып, бір қалған жақындары келгендей қауышып жатыр. Үй иесі соғысқа қатысып, бір қолынан айрылып келген Уәлиханның немерелес ағасы екен. Толықша келген бәйбішесі домаланып, жаны қалмай, қонақтарын күте бастады. Меңжамал шешей жадырап кетті: тап-таза, қабырғалары ағартылған, қырық-елу қонақ сыйып кететіндей кең бөлме, жағалай жерге төселген атлас-жібек көрпе-жастық, бір шеті кетіліп сынбаған ыдыс-аяқ, шәйнек, кесе, ең бастысы өзі арнайы пісіргендей дәм-тағам, артық тұзы, бұрышы жоқ, жаңа сойылған малдың етінен баппен пісірілген туралған ет, котлет қатар қойылған; жеміс-жидек, көкөністің не бір түрі жайнап тұр, құрт, ірімшік ұмыт қалмаған, күрең бауырсақ, тоқаш томпиып тұр; қымыз тіл үйіреді, шұбат бабында.
Дәм ішіп, демалғаннан кейін, аяңшылы, жорғасы, желістісі бар бес-алты атқа мініп, бірнеше қыр асып, көпшілік басына барып, ағашқа әлем байлап, тәу ететін Бұғы мүйіз, Бес мойнақ тауының бауырындағы «Әулие бұлаққа» зиярат еткенде Бейсекең: «Осындай айрықша энергиясы болатын қасиетті нүктелер болады. Олар айналасына күш береді, рух қосады. Кезінде ондай жерлердің қасиетін жақсы сезіп, біліп, бақсылар, сопылар, әулиелер, ақындар, жыраулар мекен еткен. Ақан серінің, Шәкәрімнің оңаша қоныстанған жерлері де осындай қуаты бар атыраптар» деп ой тастаған болатын.
Түнге қарай Бейсекең үйге қонбай, аулаға төсек салдырып, бір ұстаз, оның екі шәкірті жұлдызды аспанға қарап жатып, ұзақ уақыт сырласып еді.
Содан бері қырық жылдай уақыт өтсе де, сол түн менің әлі көз алдымда. Ұлы ұстаз айтқандай Бұғы мүйіз, Бес мойнақ, Әулие бұлақтың сыйқырлы қуаты Уәлиханды өмір бойы қолдап, қоршап, дем беріп келе жатқандай көрінеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *