Көшпелілердің саяси ұйымы және жоғары билік түсінігі

Телеуова Эльмира Тешебаевна, т.ғ.к.,
ҚазҰУ-дың доценті
teleuova@mail.ru.
3762797
87776951304

Көшпелілердің саяси ұйымы және жоғары билік түсінігі

Қазақ қоғамын көшпелі қоғам моделі тұрғысынан қарағанда сыртқы сипаты қарапайым социумды құрағанымен, ішкі жағынан көлбеу иерархиялық билікті, пирамида тәрізді әлеуметтік қатарларды құрайтын күрделі қоғам ретінде қарастырған жөн.
Орталық Азияның далалық аймағының тарихы номадтық пасторализммен тікелей байланысты. Дала ресурсын тиімді пайдалануда экономикалық арнайы жүйе қалыптастыра білген көшпелілер қоғамы сыртқы бақылаушыларға примитивті болып көрінуі қалыпты жағдай. Оның басты себебі отырықшыларға көшпелілер тұрмысы түсініксіз болды, бұл жағдай олар туралы мағлұматтардың жаңсақ және дұрыс түсіндірілмеуіне әкелді. Көшпелілер тарихы — қозғалыс мезгілі мен мал шаруашылығын жүргізуді және экономикалық шектеулер мен саяси ұйымын заңдылық ретінде қабылдай білуімен тығыз байланысты. Көшпелілер империясының саяси құрылымында жоғары билеушінің ішкі дәстүрлі саяси ұйымды сақтау арқылы билігі жүзеге асты. Ішкі дәстүрлі билік тайпалық ұйымның саяси ықпалына тәуелді болды. Көп жағдайда зерттеушілер көшпелілердің жаңа империясы құрылғанда тайпалық билік жүйесі жойылып, оның орнына экономикалық мүддеге негізделген мемлекет құрылуы тиіс деп түсіндірді. Бірақ көшпелілердің құрған империясындағы сасяси ұйымның тайпалық бірлікте қайталануы көптеген таласты пікірлердің туындауына әкелді. Тайпалық билік түрі бұл мемлекеттің сыртқы сипаты деген тұжырымдар қарастырылды. В.В.Радлов көшпелілердің саяси ұйымын жоғары деңгейдегі иерархияға негізделген локальді басқару түрі ретінде қарастырады[1]. Сонымен қатар жоғары билікті В.В.Радлов билеушінің жеке қабілеттімен байланыстырады. Көп жағдайда көшпелілерде жеке билеушінің өлімінен кейін мемлекеттің ыдырап кетуі немесе әлсіреуін осымен байланыстырады. В.В.Бартольд дала билеушісінің көшпелілердің бірігуінде ықпалды роль атқарғанын жеке тұлғаның таңдалуын ерекше атап өтеді[2]. Бұл ірі жорықтардағы жеңістер немесе Түрік қағанаты тұсындағы «ел» идеясын жүзеге асырған билеушінің тұлғасымен байланысты болды. Зерттеулерде көшпелілердегі жоғары билеуші әскери қолбасшы ретінде қарастырылып, оның ел ішіндегі өзге атқаратын қызметі арнайы қарастырылмады. Сонымен қатар көшпелілер құрған мемлекеттерде әулеттік билік түрі болғанына қарамастан ғасырлар бойы тайпалық ұйымның жаңа мемлекеттің пайда болуында қайталануы мемлекет және тайпалық ұйым мәселесі көшпелілер тарихының күрделі тақырыбына айналды. Көшпелілердегі мемлекет мәселесі маркстік тарихи ұстанымның зерттеушілері үшін таласты тақырып болды. Көшпелі қоғамның тайпалық базисі жойылып, оның орнына таптық қатынастардың пайда болуы бірсызықты тарихи түсінкте мемлекет қалыптасуы тиіс еді. Бірақ көшпелі империя құлап, оның орнына қайта дәстүрлі тайпалық өмір сүру жүйесі қайталанды. Көшпелілердегі саяси көсемділік таптық теңсіздік негізінде немесе билеушінің жеке қабілеті арқылы жүзеге асуы, мемлекеттің пайда болуы ішкі дамудың нәтижесі ретінде қарастыруды көздейді. Көшпелілердегі саяси ұйымның күрделілігі көшпелі мал шаруашылығының сұранысынан әлде қайда жоғары тұрды. Зерттеушілер көшепелілер мемлекетінің эфемерлік табиғатын ерекше атаса да, көптеген дала империялары өздерінің ұйымдастырушыларынан да ұзақ кезеңде өмір сүрді, ғұндар, түрік және монғол империяларының биліктегі әулеті отырықшы көршілеріне қарағанда тұрақтылығымен ерекшеленді. Сонымен қатар жоғарыда аталған империялар (монғол империясынан басқасы) ірі отырықшы қоғамның ықпалынсыз өзінің мемлекеттік құрылмын қолданған дала империясы болып тарихта қалды. Көшпелілерге қатысты антропологиялық зерттеулерде мемлекеттік институттардың падйа болуы көшпелі және отырықшы қоғамның арқатынасының жемісі ретінде қарастырылды. Бұл тұжырым бойынша отырықшы елдерді жаулап алу немесе олармен қатынас орнату нәтижесінде мемлекеттік институттар пайда болуын, көшпелілердегі мемлекеттің пайда болуының ішкі динамикасында билеушінің дүниеден өтуінен кейін мемлекеттің құлдырауын алғышарт ретінде ұсынды. Бірақ көшпелілер империясы отырықшылардың саяси ықпалына қарамастан мемлекеттік және тайпалық иерархияны сақтап қалуы және олардың әрқайсысының жеке функцияларының болуы бұл мәселенің тұжырымдық жағынан зерттеу қажеттілігін көрсетеді.
Көшпелі қоғамдағы әлеуметтік ұйымдасуды мемлекеттің қалыптасуының алғышарттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда мемлекет қалпын зерттеуде, көшпелі қоғамдағы билік мәселесі оның күрделі көсемдік арқылы қоғамдағы билік механизмдерінің жүзеге асуы қарастырылуда. Мемлекеттің пайда болуындағы интегративті және қақтығыстық тұжырымдар, мемлекеттің анықтамасындағы басты шарттар ретінде территория, демография тағы басқа факторлар мен қатар көшпелі қоғамдағы биліктің мәнін талдауды, орта ғасырлардағы қоғамның күрделі әлеуметтік белсенділігінің ықпалын баса назарға алуға тиісті тұстарын ашып береді.
Көшпелілер империялық мемлекет құрды. Ғұн империясы, Түрік және Монғол империясы өзінің территорриялық кеңдігімен ерекшеленіп, билік жүргізудің күрделі қатынастарын қалыптастырды. Көшпелілер құрған империяның ерекшелігі әлеуметтік ұйымында тайпалық қатынасқа негізделген генеалогиялық көпсатылы иерархиялық белгінің болуын; империядағы үштік және екілік әкімшілікке бөлінуі; әскери- иерархиялық қоғамдық ұйымның болуын; биліктегі мұрагерлік жүйесінің ерекшелігі, құрылтайдың қызметіне Н.Н.Крадин өзінің зерттеулерінде баса назар аударады[3]. Томас Дж.Барфильд көшпелі империясының ұйымы «империялық конфедерация» түрінде және ол сырт жағынан алғанда автократиялық болып көрінгенімен, ішкі құрылымы тайпалық қатынасқа негізделген деп көрсетеді[4].
Көшпелілер тұрмысы, мәдениеті және әлеуметтік-саяси құрылымы сырттан қарапайым болып көрінуі заңдылық. Сондықтан болар көшпелілер қоғамы алғашқы даму сатыдағы әлеуметтік ұйым ретінде қарастырылу басым болды. Көшпелілер қоғамының даму деңгейі қандай болды деген сұрақты эволюциялық тұжырымды қолдайтын зерттеушілер жиі талқыға салды. Оған қатысты түрлі көзқарастар да айтылды. Зерттеушілердің бір бөлігі көшпелілір ерте мемлекеттік деңгейге жетті десе, екіншілері көшпелілір өркениеттік деңгейге көтеріле алмады деген қорытындылар жасады. Қазіргі таңда бұл сұрақтың мазмұны өзгерді. Көшпелілір тарихын зерттеушілер арасында көшпелілер қоғамы күрделі әлеуметтік ұйымдасуын дәйектей келіп көсемдіктің шарттылығы арқылы «мемлекет»- деген ұғымға қатысты берілетін басты анықтамаларға жаңа тұжырымдар енгізді. Меншіктің болуы немесе әлеуметтік қайшылықтар емес, көшпелі қоғамдағы билік мәселесіне баса назар аударады.
Көшпелі қоғам өзіне тән ұйымдасуы, ішкі реттеушілік қызметінің құқықтық мәдениетте орын алуы, көшпелі қоғамның күрделі қатынастарға негізделген әлеуметтік ұйым болғанын көрсетеді. Әлеуметтік ортаның өзара тығыз байланыстылығы, көшпелелердің өмір сүру кеңістігінде қоғамның әр мүшесінің қызметі мен жауапгершілігінің алғашқы шарттылығы айқындалады. Осы уақытқа дейін мемлекеттің табиғи құбылысын, мемлекеттің басты белгісі ретінде территориялық анықтамасын қарастыруда оның аумағы арқылы белгіленсе, қазіргі таңда терртиторияның болуы жеткілікті және әсіресе көшпелілерге тән өзгеріп отыруы ескерілуде. Тарихта барлығы үнемі өзгеріп, қозғалыста болады. Көшіп-қонып көрмеген — жер қадірін не білсін, көшсе қона білмеген, қонса көше білмеген, ақылыңа көнбеген — жұрт қадірін не білсін?! Көшпелілер санасында көшіп-қону қалыпты жағдай. Көшудің басты шарттары және оның бағыттары мен тәсілдері ертеден қалыптасып әдеттік-құқықтық қатынастарда орын алған. Сондықтан көшпелілірде шекараның құқықтық негізі болды. Оның анықтамасы нақты бекіністер арқылы емес, дәстүрге негізделді. Себебі көшіп-қону маршруты ғасырлар бойы қалыптасып, өзгермейтін түрге енді. Ол шаруашылықты ұйымдастырудағы басты заңдылық болды. Көшіп-қону дәстүрі қатаң сақталып отырды. В.П.Юдин көшпелі тайпалардағы көшіп-қону маршрутының өзгеруінің себебі саяси қарсылықтың сипаты ретінде қарастыру қажеттігіне тоқталады. Қазақ хандығының құрылуында Әбілхайырдың саясатына қарсы Жошы ұрпақтары Керей мен Жәнібек бастаған тайпалардың өзінің көшіп-қону бағытын өзгерткені белгілі. Мұндай саяси қарсылықтар көшу арқылы шешілгенін Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Қасымның билігі күшейген тұста Бұрындықтың кетуі, Тақыр ханның кетуі т.б.
Жоғары билікке келу жолы көшпелілер арасында аса қиын болды. Себебі оның генеологиясы мен қатар (меритократия)жеке басының қабілетінің ықпалы орасан болды. Көшпеліліердің билік жүйесіндегі қарысылық әрекеттер көптеген әдебиеттерде айтыла беретін қақтығысқа әкеле бермеген. Көшпелілер көп жағдайда билікке қарсылықты бейбіт жолмен шешуге тырысқандығы туралы дәстүрлі ауызша тарихи деректерде кең сақталған. Саяси қарсылық ретінде елден өз еркімен кеткен Асан Сәбитұлы немесе Жиембет жырау арқылы анық көруге болады. Осыған орай көшпелілердің саяси биліктегі тартысы қақтығысқа әкелді деген жаңсақ пікір қалыпатаспауы тиіс, көшпелілір келісім жасауды білмесе сөзге тоқтауды, сөз қадірін ұғынуға үйренбес еді. Көшпендінің ділінде ең алдымен сабырлық, сөзде тоқтамға келу, кеңес алу, қарапайымдылық жоғары билеушісінен қарапайым қоғам мүшесіне дейін тән болған. Көшпенді үшін алғашқы сөз болып табылады, жоғары билеушілерге өзінің кеңесін берген жыраулар, билердің Дала тарихында ерекше орын алуы да осыдан шығар. Көшпелілердегі билікке жетудің генелогиялық шарттарына қоса жеке билеушінің ел арасындағы беделі маңызды орын алғаны. Оның «алтын ұрықтан» шығуы мен қатар ел-жұрт арасында жоғары мәртебеге ие билеуші ғана биліктің тұрақтылығын қамтамасыз ете алды.
Қытай деректерінде көшпелілердің билеушілері ашкөз ретінде сипаттай келіп, көшпелілердің жоғары билеушісі сараң деген атқа қалудан сақтанған деп көрсеткен. Көшпелілердің билеушілерінің тұрмыста қарапайымдылығы туралы Сұлық қағанға келеген араб елшісінің, қазақтың хандары туралы мұсылман, орыс, қытай деректеріндегі мағлұматтардан көре аламыз. Жасына қарай сөйлейтін, үлкенді құрметтейтін көшпелі қоғамда жас билеушілерге саяси мансапқа жетуде тосқауылдар көп болды. Европа тарихында әулеттік билік жас шамасына қарамай билікке мұрагер болу құқығын берді. Әрине Дала тарихында билеуші әулеттен болуы толығымен саяси билікте мұрагерлікті қамтамасыз етпеді. Себебі көшпелілерде билік ағадан ініге өту, немере ағасынан інісіне өту жүйесі сақталды. Сондықтан билікке барлық жағынан мәртебесі жоғары билеуші келді. Дала билеушілерін біз жас күнінде мұрагерліктің жолымен емес, саяси ахуалға сай іс-қимыл жасай білген, әскери қолбасшылығы арқылы танылған немесе Мөде сияқты «ысқырғыш жебелерді» ойлап тауып, оны өзінің әскери жорықтарында тиімді пайдалану арқылы билікті өз қолына алғандығын көреміз. Олардың арасынан сяньбилердің билеушісі 40 жасқа дейін өмір сүріп 26 жыл билік құрған Тяньшихайды атасақ болады. Оның дүниеге келуі, билік жолындағы күресі туралы деректердегі мағлұматтардан Шыңғысхан тағдырына ұқсас тұстарын кездестіреміз. Тяньшихай сияқты 25 жасында билікті өз қолына алуға ұмтылған Аттиланың батыс елдердің тарихында алатын орны ерекше. Әрине бұл билеушілердің ешқайсысы тумасынан билікті мұраға алған жоқ. Олар өздерінің билік жолындағы күресте жеке қасиеттерін пайдалану арқылы билік тізгінін қолына алды. Олардың әрқайсысының өміріне қатысты көптеген аңыздар пайда болды. Дала тарихын жасаған жеке тұлғалар қатарына дүниеге келуінен, билікке жету жолындағы өмірі аңызға айналған Шыңғысханның алатын орны ерекше. Темучжиннің арғы тегі аңыз бойынша Алан-Гаоның кіші баласынан басталады. Алан-Гаоның бойына баланың бітуін көктен түскен жарықтан болуын деректерде бірін-бірі қайталап, Шыңғысханның билікке келуінің өзі көктен келген әмір деп қоғам ішіндегі «Шыңғысшылдық» дүниетанымның қалыптастырғанын В.П.Юдин айтып өтеді[5]. Әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысхан билік үшін күресте өмірлік тәжірибесін тиімді пайдаланды. Достықты, одақтастықты бәрін билік жолында қолданды. Оның бойындағы жақсылыққа кенелтуші, ойшыл қасиетімен қатар қатыгездігі, кекшілдігі билік жүргізуде айқын білінді. Ол сұрапыл заманда билікке жету жолындағы күресте жеңімпаз болды. Көшпелі қоғамға тән рулық санаға қарсы тұруы, оның жастайынан руластарының олардың отбасына жасаған сатқындығы ықпал етсе болар. Ол тайпалық саяси биліктен елді мемлекеттік деңгейдегі билік институттарын қалыптастыруға барлық күш жұмсағанын байқаймыз. Шыңғыс хан әлемді бағындырушы деген баға беруден бұрын көшпелілердің өз тарихында мемлекетшілік саясаттың негізін қалаушы, дала тарихындағы тайпалық саяси құрылымнан мемлекеттік құрылымға өтуге жолын салған билеуші.
Осындай билеушілер қатарына Әмір Темірді жатқызамыз. Әмір Темір өмірі қилы оқиғаларға толы билеуші ретінде тарихта қалды. Оның өміріне арналған деректерде шығу тегін Шыңғысхан заманынан бастап, билік жүргізуде «Жасаққа» мойынсұнып «әмір» титулын ғана иеленген түріктің даңқты қолбасшысы. Оның заманы түрік тайпаларынан шыққан билеушілірдің билікке ұмтылу кезеңі ретінде қарастыруға болады. Моғолстандағы дулат тайпасының әмірлері де осы кезеңде билік үшін күресте белсенділік танытты. Әмір Темірдің билікке келуі оның саяси тартыста билікті уысынан шығармайтын тұлға болғандығының айғағы. Тіптен өзінің ережелерінде бір мемлекетте екі билеуші болуы мүмкін емес, биліктің берік болуы өзіңнің қабылдаған жарлығыңды ел алдында өзің жариялауға міндеттісің, әйтпесе мұны визирлер өзіңе қарсы пайдаланып, билік үшін тартыста ұтыласың деп көрсетеді. Билікті сұлу әйелге теңеген, Әмір Темір билеушінің бойында ел тұтастығын сақтай білуде сақтық, төзімділік қасиеттері болуын атап, қоғамды он екі санатқа бөліп қарайды. Әр санаттың қоғамда алатын орнын анықтап, олардың ел ішіндегі қызметін нақтылаған, оларға жеңілдіктерді жасауды қарастыра келе мысалы, салықтан босату сияқты мәселерді тұтастай шешуді көздеген.
Қазақ ордасының мемлекеттік өрлеуі Қасым хан тұсына келеді. Мемлекеттің қалыптсауындағы демографиялық фактор да, Қасым ханның есімімен байланысты. Сонымен қатар бұл кезең қазақ елінің өзнің құқықтық негізінің орныққан тұсы. Қасым хан жоғары билігін заң қабылдау арқылы нығайтты. Қасым ханның Мөде, Бумын қаған, Шыңғыс хан сияқты ел ішіндегі беделінің өсуі бойындағы жеке қабілеті ретінде қарастырған жөн.
Мырза Хайдар өзінің еңбегінде Жошыдан кейін Дешті Қыпшақты өзіне толығымен бағындарған билеуші ретінде Қасым ханды атайды[6]. Қасым ханның жеке бойындағы қасиеттері туралы Бинаи, Ибн Рузбихан, Бабыр, Хондемир сияқты авторлар қолбасшылық қасиеті, ержүректілігі, қарапайымдылығы мен адамгершілігін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар қазақтың жеке билеушілерінің қоғам ішіндегі беделін көрсететін ауызша және жазбаша деректердегі мағлұматтар жеткілікті.
Көшпелі қоғамдағы жоғары билікті әлеуметтік-саяси және дүниетанымдық категорияларға бөліп қарастыруға болады. Билеуші және билеушінің құты көшпелі қоғамның идеологиялық түсінігін көрсетті. Жоғары биліктегі идеологиялық бағыттың қалыптасуы көшпелілердегі жоғары билеушінің бейнесін «тәңірі», «құт», «жол» дүниетанымдық ұғым арқылы түсінуде зерттеулерде қалыптасқан әскери қолбасшылықтан, ел басқару қызметі тұрғысынан қарастыруды қажет етеді.

Зерттеулер тізімі:


1. Раннее государство, его альтернативы и анаологи: Сборник статей / под редакцией Л.Е.Гринина, Д.М.Бондаренко, Н.Н.Крадина, А.В.Коротаева.-Волгоград, 2006. 426 б.
2. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Соч., т.І,М., 1963.
3. Крадин Н.Н. Кочевые общества (проблемы формационной характеристики). РАН. Дальневосточное отделение. Институт истории, археологии и этнографии народов Дальнего Востока. — Владивосток: Дальнаука, 1992.- 239бб.; Крадин Н.Н. Империя Хунну. — М.: Логос, 2001.- 310бб.
4. Барфилд Т.Дж. Мир кочевниковскотоводов.//Раннее государство, его альтернативы и анаологи: Сборник статей / под редакцией Л.Е.Гринина, Д.М.Бондаренко, Н.Н.Крадина, А.В.Коротаева.-Волгоград, 2006.415-441 бб.
5. «Алтын тобчы» 185 бет. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. 2 том. Алматы, «Дайк-Пресс» 2005.
6. Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. А. 1999.326 бб.

 


РЕЗЮМЕ

Автор рассматривает становления и формирования институтов власти кочевых обществ. Самобытность и специфика казахского общества, его государственно-политического строя были определены предшествующими этапами развития кочевых народов Казахстана. Исследована проблема формирования института верховной власти в государствах на территории Казахстана.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *