XIX ҒАСЫРДАҒЫ ДІНИ ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕКТЕР ХАҚЫНДА

Жумажанова Ф.Т.
1Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филол.ғ.к., аға оқытушы

XIX ҒАСЫРДАҒЫ ДІНИ ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕКТЕР ХАҚЫНДА

Андатпа
Әрбір ұлт мәдениеті мен әдебиетінің өзіндік өсу, қалыптасу жолы және өзіне тән ерекшеліктері болады. Сол секілді қазақ әдебиеті де дәстүрлі діни наным-сенімдермен тығыз байланыста дамыды. Ұлттық әдебиетіміздің діни-сеніммен тығыз байланысы халық болып қалыптасқан кезден бастап, Кеңес өкіметі құрылған жылдарға дейін жалғасып келді. Қазақ елі дербестік алғаннан кейінгі уақыт талабы, замана ағымы осы кезге дейін тарих тереңінде қалған рухани мұраларымыздың барлығын қазіргі ұрпақ игілігіне жаратудың мезгілі жеткендігін дәлелдеді. Бұл мақалада ХІХ ғасырдағы кейбір діни зерттеу еңбектер қарастырылады.
Кілт сөздер: дін, діни зерттеулер, иман, ислам, шариғат, діни көрініс

Жумажанова Ф.Т.1 1КазНУ имени аль-Фараби, к.ф.н.,старший преподаватель

К ВОПРОСУ О РЕЛИГИОЗНЫХ ИССЛЕДОВАНИЯХ XIX ВЕКА

Аннотация
Как культуре, так и литературе каждого народа характерны такие явления, как развитие, формирование, а также специфические особенности. И казахская литература как неотъемлемая часть казахского народа не стала исключением. Она развивалась в тесной связи с традиционными религиозными местными верованиями с периода формирования самого народа и далее включила в себя и период формирования и существования советской власти. После обретения независимости перед страной встала задача возродить, а точнее продуктивно «использовать» все духовное наследие, которое все еще находится в глубине истории, на благо уже сегодняшнего поколения. В настоящей статье рассматриваются некоторые религиозные исследования XIX века.
Ключевые слова: религия, религиозные исследования, иман (вера), ислам, шариат
(мусульманское законодательство), религиозная картина

F.T.Zhumazhanova1
ON THE ISSUES OF RELIGIOUS STUDIES OF THE XIX TH CENTURY
Abstract
Both culture and literature of each nation are characterized by such phenomena as development, formation, as well as specific features. And Kazakh literature as an integral part of the Kazakh people was no exception. It has been developed in close connection with traditional religious local beliefs from the period of the formation of the people themselves and further included the period of the formation and existence of the Soviet union. After gaining independence, the country faced the task of reviving, or rather productively “utilizing” all the spiritual heritage that is still in the depths of history, for the benefit of today’s generation. This article discusses some of the religious studies of the 19th century.
Keywords: religion, religious studies, iman (faith), Islam, Sharia (Muslim law), religious picture
Қазіргі кезде қазақ әдебиеттану ғылымында діни ағартушылық ағымдағы ақындардың шығармалары, рухани мол мұралары зерттелу үстінде. Себебі дін, ғылым, өнер өмірді тану деп аталатын бір бүтіннің құрамдас бөліктері жеке өркениетті ел болу үшін дін, ғылым, өнердің үш тағаны бірін-бірі жоққа шығармайды, қайта толықтырып отырады. Дін адамның жан дүниесінен бастап қоғамдағы бүкіл процестерді бір қалыпқа түсіруге тырысса, әдебиеттің де түп мақсаты адамды қоршаған шарттылықтарды жеңіп, жан бостандығына жол ашу екені белгілі. Қазақ әдебиетіндегі ислам, шариғат мәселелерін сөз ету үшін қазақ арасына ислам дінінің қай уақытта келгендігіне көңіл бөлу керек. Осы мәселе жөнінде ғалым былай дейді: «Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған, басқа мұсылмандардың тіліндегі діндер түрде шығарған. Ертегі өлеңдерді қазақтың ертегі жырларының түріне салып, қазақ тіліне аударулары дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы білдіру мақсатпен істелген іс» [1, 316]. Ғалымның осы пікірін М.Әуезов былайша толықтырады: «Қазақ арасына ісләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты суюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған; ықылас қоймайтын болған». Олай болса, ислам дінінің қазақ арасына кіруі жөнінде айтылған бірсыпыра зерттеулерге сүйене отырып ой тұжырымдаған орынды болмақ. Осы мақсатпен ежелгі дәуір әдебиет зерттеушілердің еңбектерінен бірер мысалдар келтіріп көрелік.
Бұл жөнінде қазақ даласындағы ислами әдебиеттің тууын арнайы зерттеушілер мынадай тұжырым жасайды: «ҮІІ ғасырда дүниеге келіп, көп ұзамай көрші жатқан елдерге таралған ислам діні өзімен бірге ұлы өркениет пен тың мәдениетті алып келді. Осы имани сенімді қабылдаған халықтардың әдебиетінде жаңа бағыт, тың серпіліс пайда болды. Бүгінде әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған мұсылман шығыс сөз өнерінің асыл жауһарлары осы діннің ықпалында дүниеге келгені аян. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтарының әдебиетінде Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат аттүрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман кітабы», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы», Бурхануддин
Рабғузидың «Қиссасул әнбия», сейф Сараидың «Гулистан бит-түрки», Құтыбтың «Құсрау
уа Шырын», Хусам Кәтибтың «Жұмжұма сұлтан», Махмұд бин Ғалидың «Нахжул фарадис» секілді әдеби жәдігерлері пайда болды.
Қарахандықтар билігінен бері ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өмір сүрген ақындардың жырлайтын басты тақырыптарының бірі – діни мазмұндағы шығармалар еді. Өткен ғасыр ақындары – Шәді Жәңгірұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Кердері, Жүсіпбек Шайхисламұлы діни медреселерде тәлім алып, көкірек көздерін қасиетті Құранмен суарды. Олар хақ дінді өз шығармаларында жырлау арқылы бұл сенімнің қазақ халқының арасына тарауына айтарлықтай дәрежеде өз септігін тигізді» [2, 3-4].
Әрбір ұлт мәдениеті мен әдебиетінің өзіндік өсу, қалыптасу жолы және өзіне тән ерекшеліктері болады. Сол секілді қазақ әдебиеті де дәстүрлі діни наным-сенімдермен тығыз байланыста дамыды. Ұлттық әдебиетіміздің діни-сеніммен тығыз байланысы халық болып қалыптасқан кезден бастап, Кеңес өкіметі құрылған жылдарға дейін жалғасып келді. Қазақстанның дербес ел болып, шаңырақ көтеріп, хандық құру кезеңін тарихшы ғалымдар ХҮ ғасыр деп көрсетіп жүргенінен әрі қарайғы тарихқа жүгінсек, қазіргі қазақ жерін біздің мемлекет пайда болмай тұрып, түркі тілдес тайпалар мекендегенінен хабардар боламыз. Сол түркі тайпалары, яғни біздің халқымыз Ислам діні келген уақыттан бастап, жаңа дін Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған.
Ислам діні мен шариғаты жайында жазылған ғылыми зерттеу еңбектерді талдап саралар болсақ, әуелі қазақтың көрнекті ағартушы ғалымы, Ы.Алтынсариннен бастау алатынын көреміз. Қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі Ы.Алтынсариннің «Шараитул-ислам» атты кітабы – Ислам дінінің қағида-шарттарын қазақ балаларына арнап, лайықты етіп жазған тұңғыш оқу құралы. Оны автор 1884 жылы Қазан қаласында араб қарпімен бастырып шығарды. Аталған еңбек Ы.Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін, 1894 жылы орыс таңбасы-кириллицамен қайта басылып шығады. Ұлы ағартушының бұл еңбегі бір ғасыр бойы бірнеше буын ұрпақтың назарынан тыс қалып, архивтің қоймасында шаң басып, сақталып келді.
Қазақ елі дербестік алғаннан кейінгі уақыт талабы, замана ағымы осы кезге дейін тарих тереңінде қалған рухани мұраларымыздың барлығын қазіргі ұрпақ игілігіне жаратудың мезгілі жеткендігін дәлелдеп отыр. Сондай құнды жәдігерлеріміздің бірі – «Шараиту-уль-Ислам» кітабы. Аталған еңбектің жазылуы жайында автордың өзі: «…Мұның соңында бұл кітапты жазып шығарған себебіміз әркімге мәлім Кәләм шариф һәм үлкен ғылыми кітаптар араб тілінде жазылыуы. Араб тілін әркімге білмек һәм қиын, һәм көп қара халыққа мүмкін де емес… қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен һәм қараңғы туғандарымызды түсінікті тілменен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістік», – деп жазды [3,9]. Аталған оқулық кезінде қазақ балаларының мұсылман дінінің ереже шарттарын үйреніп, біліп, оны өмірде қолдануына дәнекер болса, кейін ұзақ жылдар бойы жарияланбай, зерттелмей келді, атала қалған күннің өзінде дінді уағыздау деп түсіндіріліп, лайықты көңіл бөлінбеді. Тек коммунистік жүйеден кейінгі кездерде ғана тарихи мұраларға әділ қараудың заманы келген тұста, әсіресе, ұлы ағартушының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында ғана ғалымның ғылыми, әдеби мұраларын толыққанды зерттеуге көңіл бөліне бастады
Ы.Алтынсариннің еңбегінде қамтылған мәселелерден жасалатын түйін – автордың ислам діні қағидаларының халыққа ең керекті, ең басты жерлерін таңдап ала білгендігінде. Араб тіліндегі еңбектерде шариғатқа төмендегідей анықтама беріледі:
. الشرع في اللغة عبارة عن البيان والإظهار يقال شرع الله كذا أي جعله طريقا ومذهبا ومنه المشرعة. الشريعة [4167.] العبودية وقيل الشريعة هي الطريق في الدين )ص هي الائتمار بالتزام
«Әш-Шаръ» сөзі араб тілінде бір нәрсені баяндауды әрі қандай да бір нәрсені ашып көрсетуді білдіреді. Мысалы, Аллаһ тағала осылайша шара десек онда Аллаһ тағала осылайша жол көрсетті, жол салып берді деп түсінеміз. Міне осы сөзден «әл-машраъ» сөзі шығады. Бұл «Шариғат» сөзінің түбірі. Шариғат дегеніміз Жаратқанға құлшылық етуде ұстануы тиіс қағидалар жиынтығы. Кейде мұны дін жолы деп те атайды.
. الشرع لغة: البيان واصطلاحا: تجويز الشيء أو تحريمه أي جعله جائزا أو حراما. الشارع مبين الأحكام الشرعية والطريقة في الدين. الشريعة ما شرع الله تعالى لعباده. المشروع ما أظهره الشرع والدين ما ورد به الشرع من التعبد
[570.]ويطلق على الطاعة والعبادة والجزاء والحساب. )ص
Шаръ сөзінің тілдік мағынасы бір нәрсені баяндау, түсіндіру. Ал діни терминдік мағынасы бір нәрсені рұқсат ету немесе оған тыйым салу. Басқаша айтқанда бір нәрсенің адал не арам (харам) екендігін білдіру, баян ету. Міне сондықтан да «Әш-шаариъ» сөзі діни үкімдердің баяндалуы. Ал «шариғат» сөзі діндегі ұстанатын жол. Шариғат Алла Тағаланың пенделеріне баяндап түсіндіргендерінің жиынтығы. Әл-машруъ сөзі діндегі құлшылықтарға қатысты амалдар баяндап түсіндірілген мойынсұну, құлшылық ету, орындаған іске берілетін сый немесе жаза, есеп-қисапты білдіреді.
Осы араб ғалымдарының шариғатқа берген анықтамаларын оқып, аудара отырып Ыбырай Алтынсарин мен Шәкәрім Құдайбердіұлының өз еңбектерінде қазақ халқына ислам діні туралы мағлұмат беруде орынды пайдаланғандығын байқауға болады. Ол өзі өмір сүрген тұстағы қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түспес үшін және де қазақтың жазба тілінде татар, өзбек тілдерінің орынсыз қолданылуына жол бермес үшін халыққа түсінікті тілмен осы зерттеу еңбекті құрастырып діннің тәрбиелік мүмкіндігін молайтты. Сонымен қатар қалың қауымға иман-ғибадаттың мәнін қазақ тілінде дұрыс ұғындыруға тырысты. Оның бұл бағыттағы қыруар еңбегі өз нәтижесін берді де. Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегі қалың оқырманның қолына тиген соң қазақ халқы Құран Кәрімнің аяттары мен сүрелерінде айтылған сөздерді түсінбесе де жатқа айту дағдысын қойып, оның мазмұнына үңіле түсті. Ислам дінінің жақсы жақтарын түсіндіру бағытында жасалған бұл еңбек – осы бағытта жасалған құнды дүниелердің тырнақ алдысы ретінде тарих қойнауына енді. Аталған еңбектің кеңестік дәуірде біржақты бағалануының салдарынан көпшіліктің қолданысынан түсіп қалды. Алайда, осы құнды дүниенің араға жүз салып қайта оралуы – мәдени, рухани өміріміздегі баға жетпес үлкен қуаныш. Бұл еңбек – сонымен қатар қазақ әдеби тілінің әу бастағы табиғи сұлулығының тамаша бір үлгісі. Терең білімділікпен жазылған еңбектегі қаламгердің аудармасында берілген баламалар да көңілге қонымды.
Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегінен кейін қазақ тілінде дін ілімі туралы кітаптар шыға бастады. Соның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» атты еңбегі. Профессор М.Мырзахметовтың осы кітапқа жазған алғы сөзіндегі: «…қазақ ағартушылары мен Ы.Алтынсариннің «Шариат-уль ислам» кітабы мен одан кейін дүниеге келген Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» бір аңғардан соққан желдің бағдарындай межені ұстағаны сезіледі. Немесе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағыдардың творчествосындағы кейбір саяси-әлеуметтік рухтағы ағымдардың туындау себебі де жүйелі түрде жүргізіле бастаған миссионерлік саясаттың етек алуынан пайда болған құбылыс болатын-ды. Бұлар да уды умен қайтаруға болады деген танымалы күрес тәсілін ұстанған тәрізді» – деген пікіріне сүйенетін болсақ, Ы.Алтынсарин мен Ш.Құдайбердіұлы аталған еңбектері арқылы дін мұсылман халқын мәңгүрттіктен құтқаруға қарлығаштың қанатымен су сепкендей еңбек ете білді. Шәкәрім Құдайбердіұлының бұл шығармасы ислам, шариғат қағидаларын қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізу мақсатында жазылған екінші еңбек. Сөйтіп, Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегіндегі имандылық мәселесін Ш.Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде толықтыра түсті. Екінші кітапта имандылық мәселелері кең ауқымда қамтылған. Оның басты ерекшелігі де осында. Еңбектің кіріспе сөзінде автор былай дейді: «Алла Тағала барша адам баласына бір Алла Тағаланың барлығын, бірлігін һәм өзін жаратқан иесі екенін біліп иман келтіріп, құлшылық қылсын деп жаратқан… Оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан естіп білген шығарсыздар. Олай да болса біздің қазақ халқының өз тілімен жазылған кітап жоқ болған соң араб, парсы кітапты білмек түгіл, ноғай тіліменен жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман ғибадат турасын шамам келгенше қазақ тіліменен жазайын деп ойландым. Бұл кітап әрбір қазақ оқуға оңай болып әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп Алла Тағаланың рахметінен үміт еттім. Амин» [6, 7], – дей келеді де автор имандылық дегеннің не екендігін түсіндіруден бастайды. «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, онан басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықласпен нанбақ», – деген сөзі Ы.Алтынсариннің иман сөзіне берген анықтамасымен үндесіп жатқаны даусыз.
Жоғарыда сөз болған еңбектерде екі автордың да бес парызға ерекше мән бергенін байқадық. Бес парыздың бірі ораза ұстаудың сауап екендігі туралы Құран Кәрімде де өте көп айтылған. Осы сөзімізге Құран Кәрімнен бірер мысал келтіруге болады:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أنُزِلَ فيِهِ الْقرُْآنُ هُدىً لِ لناَّسِ وَب يَنِاَتٍ مِنَ الْهُدىَ وَالْفرُْقَ انِ
«Рамазан айы сондай бір ай-кім, бұл айда адамдарды тура жолға бастайтын, хақ пен нахақты ажырататын уә хақтың дәлелдері келтірілген Құран түсірілді» (Құран Кәрім,
Бақара сүресі (2) 185-аят)إنَِّا أنَزَلْنَاهُ فيِ ليَْلَةِ الْقَدْرِ
«Күдіксіз, Құранды қадір түнінде түсірдік» (Құран Кәрім, Қадір сүресі (97), 1-аят
حم. 1 وَالْكِتاَبِ الْمُبيِنِ .2 إنِاَّ أنَزَلْنَاهُ فيِ لَيْلَةٍ مُّباَرَكَةٍ إنِاَّ كنُاَّ مُنذِرِ ينَ
«Ха мим. Ол ап-анық Кітапқа ант болсын! Біз оны (Құранды), шынында, мүбәрәк бір түнде (Қадір түнінде) түсірдік! Шынында, Біз онымен (Құранмен) ескертушіміз» (Құран Кәрім, Дұхан сүресі (44), 1-3 аяттар). عن أبى هريرة رضى الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: «إذا جاء رمضان فتحت أبواب الجنة، و غلقت أبواب النار، و صفدت الشياطين.» رواه البخارى و مسلم
Әбу Хурайрадан (р.а.) келген риуаятта Алланың Елшісі (с.а.у.): «Рамазан айы келгенде жаннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылып, шайтандар кісенделінеді»- деді. Сахих әл-Бұхари мен Муслим. Олай болса, Ы.Алтынсарин мен Ш.Құдайбердіұлының да Рамазан айы мен ораза туралы кеңірек сөз етуі тегін емес. Олар қазақ халқына оразаны не үшін ұстау керек екендігін түсіндіре білді. Қаламгерлердің бірінші жетістігінің өзі – осы.
Ы.Алтынсарин мен Ш.Құдайбердіұлының еңбектерінен кейін М.Тұрғамбайұғлының «Пайғамбарлар заманы» атты еңбегі жарық көрді. Ислам дінінің енуі, пайғамбарлардың өмірі мен қызметі жөнінде Мәнән Тұрмағамбайұғлының «Пайғамбарлар заманы» атты еңбегінде кеңінен сөз болған. Кітаптың «Таратушыдан» деп аталатын беташарын (алғы сөзін) жазған Халжан Қоңыратбаев. Таратушы былай дейді: «Бұрын балаларымыз ноғайша, «аср сағадат» оқығанда көп сөзіне түсіне алмаушы еді. Сондықтан пайдасы да кем еді. Енді тәңірім өзімізден жазушы берсе жазған кітаптарын біз әрленіп (үйреніп болу керек) тарата бермейтін неміз бар. Түркі қауымының ішіндегі ең саф болып тұрған жалғыз қазақ әдебиеті екен осы алтынды таза гауһардай қымбат қазақ әдебиетіне қылған хызметіміз бүтін түркі қауымдарына қылған хызметіміз болып табылады ғой» [7, 3].
Ислам діні ҮІІ ғасырдың басында Арабия түбегінде пайда болды. Ол уақытта бұл аймақтағы Мекке мен Ясриб (Медине) қалаларында арабтармен қатар басқа діндерге құлшылық ететін, өзге де халықтар мекен ететін. 51 беттік кітаптың құрылымы 19 тараудан тұрады. Автор «Сөз басында»: «Тарих кісінің көңілін оятады, жүректі тербейді. Бұрынғы жанның үстіне жаңа жан кіргізіп жасартады. Тарих кісінің пікірін ашады; зор қиял кіргізеді, алдыңғы жақтан үмітті арттырады, көңілді кеңейтіп ұзақшыл қылады, бір күндік ғана жаман ойдан құтқарады. Тарих кісінің мінезін түзейді. Әрлендіреді, шыдамды қылады. Өткір сөзді, жүректі қылады, намысты арлы қылады. Тарих кісінің ұлтын сүйдіреді, ұлтшыл қылады, ұлт ісіне аянбай кірісетін сабырлы, сабаз кісі қылады. Тарих кісінің дінін жақсы көргізеді, діндар қылады. Діндегі артықшылықты үйретеді», – дей келіп, өткен тарихтың болашақ үшін аса қажет дүние екендігіне көңіл аударады [7, 5]. Автор Ислам дінінің қашан, қайдан келгендігін, оның адамзат баласы үшін пайдалы жақтарын нақты мысалдар арқылы түсіндіре білген. Осы мақсатпен Арабстан елі туралы толық мағлұмат беріп, араб халқының өзіндік ерекшеліктеріне назар аударады. Ислам дінін қабылдағанға дейінгі араб халқының әдет-ғұрпы мен ол елде үстемдік құрған басқа діндердің тарихынан да мағлұмат береді. Ислам дінінің оңай пайда болмағандығы сол тұстағы қиыншылықтар арқылы ашыла түскен. Пайғамбардың дүниеге келуінен бастап сөз еткен автор халықтың сол тұста пайғамбарларға аса зәру болғанын өмір шындығы арқылы жеткізе білген. Пайғамбар дүниеге келгенен кейін оны асыраушы әйелге бергеніне, оның тәрбиесіне жеке-жеке тарау арнау арқылы оның өсу-толысу кезеңінен біршама мағлұмат беріледі. Пайғамбардың пайғамбарлыққа дейінгі хал-жағдайынан хабар бере отырып, оның ел билеудегі шеберлігі ашылған. Пайғамбарға уахи илаһидың келуі арқылы оның дінге үндеу жүргізе бастауы, кәпірлердің сөзіне қарсы тұрып олармен арада болған сан-алуан күрестерді нанымды суреттей білген автор Ислам дінінің қалыптасу барысындағы қиыншылықтарды аша түскен. Кәпірлердің ұйым құрып қастандық жасауы мен Хамза мен Омардың иманға келуін сөз ету арқылы автор Ислам дінінің қалыптасу тарихынан хабар берген. Бұл кітапта ислам дінінің тарихымен бірге оның пайдалы жақтары кең түрде сөз болғандықтан тәрбиелік мәні де зор. Осындай Ислам дінінің тарихы мен тәрбиелік мәнін кеңінен сөз еткен кітаптардың қазақ тіліне аударыла бастауы арқылы оқушы қауым діннің тарихынан хабар ала бастады.
Қорыта айтқанда Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» мен Ш.Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» атты еңбектері – қазақ халқына имандылық жөнінде ана тілінде толыққанды мағлұмат берген құнды дүниелер. Бұл еңбектер мұсылманшылықтың негізгі шарттары мен парыздарын алғаш рет түсіндіруге ұмтылыс жасауымен бағалы. Себебі, шала сауатты қазақ халқын қолына Құран ұстаған шала молдалар шариғатта солай деген деп тура жолдан адастыра бастады. Аталған еңбектер дер шағында жазылғандықтан, бұқара халық шариғаттың не екендігін өздері оқып түсінді. Араб, парсы сөздерін түсінбесе де жатқа айтатын қазақтар ендігі жерде Құран аяттары мен сүрелерінің не жайында айтылып жатқанын ұға білді. Ы.Алтынсариннің тұңғыш бастамасын Ш.Құдайбердіұлы өз тарапынан толықтыра түсті. Ол Құран Кәрімнің аят, сүрелерін сол қалпында келтіре отырып, өз бетінше түсіндіруге тырысты. «Мұсылмандық шартына» ақынның өзінің көңілі толмағаны оның кейінгі жылдары Шығыс пен Батыстың рухани мұрасын терең игергендігінен туындағаны анық. Алайда, ақын қазақ халқына имандылықтың не екендігін, Алланың бар екендігін, оның бірлігі мен сипатын ақылмен ойлау керектігін, Алла Тағаланың періштелері мен пайғамбарларының болғандығын қарапайым тілмен нанымды түрде бейнелей білді. Ахырет күнінің болатындығын, қияметте тіріліп, жалған дүниеде жасаған істеріңнің есебіне қабырда жауап беретіндігіңді шынайы бейнелей білді.
Ы.Алтынсарин мен Ш.Құдайбердіұлы көркем шығармаларында да осы ақ жолды ұстана отырып ар ілімін көтере білді. Мұның өзі сол тұстағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің баға жетпес қазынасы болып табылды. Сондықтан да аталған еңбектер қашан да өз бағасын жоймақ емес. Аты аталған қаламгерлер қазақ әдебиетіне Мұхаммед пайғамбардың жанды бейнесін алып келді. Баяндау, әңгімелеу әдістері арқылы олар аңыздарға жан бітірді. Жиырма сегіз пайғамбар туралы аңыздардың өмірден алынған тарихи шындық екендігіне оқырманның көзін жеткізді. Олай болса, аталған еңбектердің бірінші жетістігі – қазақ әдебиетіне Мұхаммед пайғамбардың образын алып келуі. Екінші жетістігі – Құран Кәрімдегі мадақ, мінәжат үлгілерінің қазақ әдебиетіне енуі.

Әдебиеттер тізімі:
1. Байтұрсынов А. Шығармалары.– Алматы: Алаш, 2003. – 1 т. – 408 б.
2. Қыдыр Т. «Орта ғасырдағы қазақ даласында ислами әдебиеттің тууы және қалыптасуы (ХІ-ХІІ ғғ.): филол. ғыл. канд. автореф. … – Алматы, 2005. – 27 б.
3. Ыбырай Алтынсарин. Мұсылманшылықтың тұтқасы. (Шараит-ул-ислам. – Қазан. – 1884). – Алматы: ТПО Қаламгер. – 1991. – 80 б. .4 الطبعة الكتاب : التعريفات. المؤلف : علي بن محمد بن علي الجرجاني. الناشر : دار الكتاب العربي – بيروت
الأولى ، 1405 هجري. تحقيق : إبراهيم الأبياري. عدد صحفات الكتاب 333 ص. الكتاب : الحدود الأنيقة والتعريفات الدقيقة. المؤلف : زكريا بن محمد بن زكريا الأنصاري أبو يحي .5
الناشر : دار الفكر المعاصر – بيروت. الطبعة الأولى ، 1411. تحقيق : د. مازن المبارك. عدد كل صفحات الكتاب 1.
85 ص
6. Халифа Алтай Ғақып ұлы. Ғибадатул ислам.– Алматы: Берен, 1994. – 128 б
7. Тұрмағамбайұғлы М. Пайғамбарлар заманы. – Орынбор. – Хусейн мәтбағасы, 1915.
– 51 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *