Оразова Рая Қадыс-қызы.
1Абай атындағы ҚазҰПУ
шығыс тілдері кафедрасының аға оқытушысы.
АБАЙ ЖӘНЕ ШЫҒЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТІ БАЙЛАНЫСТАРЫ
Аңдатпа
Мақалада қазақтың ұлы ақыны Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттей отырып, оған әсер еткен шығыс әдебиеті мен классиктерінің ақын шығармашылығында алған орнын анықтаған зерттеуші ғалымдардың пікірлері түйінделеді, еңбектерінен мысалдар келтіріледі. Жалпы, Абай өмірі мен шығармашылығы қазақ халқының белгілі бір дәуірдегі өмірінің бейнесі дейтін болсақ, ол туралы зерттеу еңбектер мен шығармаларын жан-жақты талқылау әлі де жалғаса береді деген ойдамыз. Кілт сөздер: шығыс әдебиеті, шығыс классиктері.
Оразова Рая Кадысовна1
Аннотация
В статьи рассматривается мнения ученых исследовавшие жизнь и творчество великого народного поэта и просветителя Абая, и повлиявшей на его творчество восточная литература и восточные классики, примеры из его стихов. Если считать, что вся творчества и жизнь великого классика отражает жизнь казахского народа в определенный период, то надеемся, что исследования творчества поэта найдут свои продолжения. Ключевые слова: восточная литература , восточная классика.
Orazova R.K.1
1KazNPU named after Abai, senior teacher
RELATIONS BETWEEN ABAI AND EASTERN LITERATURE
Abstract
The article considers the opinions of scientists who studied the life and work of the great folk poet and enlightener Abay, and which influenced his work, eastern literature and oriental classics, examples from his poems. If we consider that all the work and life of the great classic reflects the life of the Kazakh people in a certain period, then we hope that the study of the poet’s creativity will find its continuation.
Key words: eastern literature , oriental classics.
Қазақ әдебиеті мен араб әдебиеті туралы сөз қозғағанда, қазақтың бас ақыны Абайға соқпай өтуге болмайды. Қазақ және шығыс елдері әдеби байланыстарын сөз ете отырып, біз Абай шығармаларының шығыстық тамырын, түп-төркінін Ислам дінімен бірге келген араб мәдениетінің Орта Азия мен қазақ жеріне енуімен байланыстырамыз. Араб мәдениетімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен ислам діні, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің Абай дүниетанымына да қаншалықты ықпал еткені жайында да ,оның шығармаларының Шығыс әдебиетімен сабақтастығы туралы да көптеген зерттеу еңбектер жазылды. Ұлы ақынның шығармаларының араб әдебиетімен байланысы жөніндегі іргелі мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеу ісіне жол ашқан ғалым М.Әуезов болды. Ол «Әр жылдар ойлары» атты еңбегінде Абай мұраларын саралай отырып, «тегінде, Абай шығармаларының барлық қор, нәрі үлкен үш арнадан құралады: бірінші, ең молы – қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – Шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер, үшіншісі – Батыс әдебиетінің үлгіөрнектері. Абай ұлағатының биікке көтерілуіне, дүниетаным көкжиегінің кеңеюіне ықпал еткен екінші арна – негізінен шығыстық араб әдебиеті десек, артық айтқандық емес» [1,199б] деген болатын. Содан бері Абай мұраларының Шығысқа қатысы жайында қазақтың бүкіл ғалымдары қалам тартқан десек артық айтқандық болмас. Бұл үшін ұлы ақынның жастық шағына үңілсе де жетіп жатыр. Зейінді шәкірттің Ахмет Риза медресесінде оқып жүргенде өздігінен ізденіп жүріп тапқан Шығыс шайырлары жас жүрегіне өшпес шұғыла құйды. Жас ақынның алғашқы өлеңдері де шығыс поэзиясы үлгісімен жазылуы тектен тек емес. Ақынның балаң кездегі Шығыс поэзиясынан жинаған тәжірибелері кейіннен ақындықтың шыңына көтерілген тұста кемелдене түсті. Ақын шығармаларының Шығыс әдебиетіне қатыстылығы жайында, әсіресе, М.Әуезов, З.Ахметов, С.Қасқабасов, М.Мырзахметов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева т.б. нақтылы ғалымдар ғылыми еңбектер жазған.
Абай Науаи, Физули ғазалдарына ерекше ден қойды, алдымен шығыстың ұлы шайырларының өзбек, түрік тілдеріндегі туындыларымен танысты. Науаи, Физулиді жете білу арқасында Фирдауси, Сағди, Қожа Хафиз шығармаларынан хабардар болды. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша ХІХ ғ. қазақ әдебиетіндегі Абай, Шәңгерей, Шәді, Шортанбай, Ақан сияқты ірі ақындардың бәрінен де шығыс ғазалдарының, дастандарының айқын сарындары сезіледі.
Енді сол классикалық мәдениетті айтқанда көз алдымызға әуелі араб халқының «Мың бір түн» ертегісі елестейтіні даусыз. Абай бұл классикалық туындының сюжеті негізінде «Әзімнің әңгімесі» поэмасын жазғанда, арабтың ертегі аңыз-әңгімелерін өңдеп, өз дүниетанымына, қазақ қоғамына орайластырып, қайта жырлағанын көруге болады. Бұл поэманы «Мың бір түн» ертегісінің назирашылдық дәстүр негізінде өлеңмен қайта жырланған туынды нұсқасы деп түсінеміз. Шығарманың басында поэма сюжетін қайдан алғаны жөнінде ақынның өзі былай баяндап өтеді: Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген, өлең ғып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайында екі жігіт
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген [61,140].
Абай туындысының «Мың бір түндегі» «Хасан зергер туралы әңгімеден» ерекшелігі Хасанды Әзім деп алып, ертегіде орын алмаған баланың тәрбиелену оқиғасын қазақтың дәстүрі мен өзінің ағартушылық идеяларына сәйкестендіріп жыл санап өсіреді, медреседе оқытады. Сонымен қатар автор бұл поэмада кейіпкерлердің образдарын мінездерін, қасиеттерін өмірде кездесетін адамның жағымды, жағымсыз қасиеттерімен сомдайды. Шығыс аңыздарының бірінің негізінде жазылды деп айтылып жүрген ұлы ақынның «Масғұт» поэмасының да түп негізі араб аңызына барып тіреледі. М.Әуезовтың пайымдауынша, «Масғұт» поэмасындағы Масғұттың тіршілік еткен шаһары — Бағдад, Һарун ар-Рашид халифтің тұсында болса керек. Араб әдебиетіндегі бұл шығарма Абайдың эстетикалық ой-пікірлерімен ұштасқандықтан, ақын қаламы арқылы қазақ жерінде қайта түлеген. Абай осы поэмадағы басты кейіпкер Масғұт арқылы өзінің қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын, өмірден түйгендерін әңгіме арқауына айналдырады [2,172б]. Адамгершілік пен әділдікті ту етіп ұстаған Масғұт «мүсәпір шалды» жабылып сабап жатқан ұрылардын арашалау үшін көзсіз ерлікке барады.
Абайдың шығармашылығына араб поэзиясының ықпалы болғанымен, ақын оларды өзінің ой өлшемінде таразыға салып, төлтума туындысына айналдырған. «Қөзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып» өлеңдерін ақын шешен тілмен шеберлеп, сүіспеншілік сезімдерді көркем көрсетеді. Сонымен қатар, «жан ләззаты», «жан шәрбаты» тәрізді сөздермен махаббат иріміне бойлай түссе де, араб ақындарында жиі кездесетін «Алланың рахметінде» өлең өрнегі өріліп отырады. «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің» өлеңдерінде арабтың классикалық поэзиясында қалыптасқан, махаббат лирикаларында көптеп жырланған «ғашық», «мағшұқ» сияқты жүректің алып-ұшқан күйін сипаттайтын ғазалдарымен сабақтасатын ортақ белгілер көрініс береді. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Білімдіден шыққан сөз» және т.б. өлеңдерінің кейбір шумақтарында Абай өлең сөздің құдіретін діни деректермен дәлелдеуге тырысады. Ақын ғибратты, мәнді өлеңді ердің данасы ғана қиыстыра алады және ондай «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін » өлеңді Тәңірі де, пайғамбар да, әулиелер де қадір тұтады деп түсінеді.
Абай тек классиктерді оқып қоймаған, арғы-бергі араб, парсы, грек тарихшыларының еңбектерімен де таныс болған. Ибн ал-Асир, Жамаладдин, Диуани, Шамсиддин Сами және басқа ғалымдардың туындыларын оқыған. Ибн аль-Асир кім дейтін болсақ, ол араб тарихшысы, белгілі шежіреші ат-Табаридің «Ал-камил фи-т-тарих» атты 12 томдық еңбегін жалғастырып, толықтырған ғалым. Тағы бір мысалды айтатын болсақ, Абай өз кітапханасына Шамсиддин Самидің 10 томдық сөздігін қолына түсіруі ұлы ақын талантын жаңа бір қырынан көрсетеді. Бұл сөздікте христиан, мұсылман діндерінің көрнекті өкілдері, атақты шайырлардың, қалалардың ғұмырнамасы және өлеңдерден үзінділер берілген. Осы сөздікке қарап, біз Абай атамыздың кең даламызда бір өзі энциклопедиялық қызмет атқарғанын байқаймыз.
М.Әуезовтың «Әр жылдар ойдарын» оқи отырып, Абайдың «күншығысым күнбатыс, батысым шығыс боп етті» деген философиялық ойының мәнін ұққандай боламыз. Ұлы ақын шығыс шайырларын 13 жасында жазған өлеңдерінде тізіп айтып, отыз жасына дейін Шығыстың классикалық әдебиетіне ден қойғанын, одан кейін орыс оқымыстыларының кітаптарын оқығанын, ал қамал алатын жасқа келгенде бүкіл дүние асты-үстіне шығып өзгергенін айтады [3,45б]. Қырық жасында өлеңді ермек емес, ұлы өнер, рухани азық деп ұғып, өзінің жазған «Жазын» Көкбайдан қайта «сатып» алған Абайдың күнбатысы қайта шығысқа айналуының үлкен философиялық, тағылымдық мәні бар. Батыстың классикалық әдебиеттерін оқып, ондағы тұжырымды ойға қаныққан ақын Шығыс дүниесіндегі ойдың феномендік астары мен жүйесін түсінген болар бәлкім?! Шығыстағы дүние-жалған философиясының мәнінің тереңдігіне үңілген болар…Шығысқа іштей туыстығын 44 жасындағы махаббат лирикаларында да байқатады. Осы тұста жоғарыда айтып өткендей, әсіресе Абай лирикасы мен Науаи ғазалдарының арасындағы көп үндестікті табуға болады. Ғалымдардың зерттеулерінен келтірілген мысалдарды алатын болсақ, «Ескендір» поэмасын жазудағы Науаи мен Абайдың өз талғамдарымен келуі, «Әліпби» өлеңіндегі араб алфавитімен тізілген ғазалдар т.б. алуға болады. Науаи «адамға деген махаббат – адамдық іс» десе, Абай «атым адам болған соң, қайтіп надан болайын» дейді. Абайдың «Мен сәлем жазамын», «Айттым сәлем Қаламқас» өлеңдерін мысалға келтіретін болсақ, Науаиден : «күннің сұлу ақша бетін көктегі тек бұлт бүркейді» деген жолдарды кездестіруге болады.
Абайдың мәнді де, мағыналы, әрі философиялық еңбектерінің бәрі де кемеліне келген шақта дүниеге келгені белгілі. Сонымен қатар Абай өзінің тиянақ таппаған тынымсыз көңілін дінге қарай бұрғанда, мұсылманшылық дініне бұрады. Тағы да «халық», «дәһри», «ләмәкан» сияқты анық исламият сөздігін пайдаланып отырады, — деп М.Әуезовтің айтқан тұжырымы да біздің ойымызды нақтылай түсері хақ [4,128б].
Сонымен, Шығыстың ғұлама шайырларымен терезесі тең түсіп отырған Абай үлкен шындықтың ақыны, ол Фирдауси, Низами, Науаи көлеңкелерінде қалып қоймай, қазақ өлеңдерінің туын тікті. әл-Фараби трактаттары тәрізді Абайдың философиялық трактаттары да қазақ қара сөзінің төл басы болды. Ол қалдырған үлкен қазына басқа ұлы ғұламалардай бүкіл адамзат баласына ортақ қазына. Ұлы ойшыл жандардың нағыз ірі туыстығы осында жатса керек.
Қазақ әдебиеті тарихына «кітәби ақындар» деген атпен кірген XIX- ғасырдың аяғы мен XX-ғасырдаң басында қазақ ақындарының үлкен шоғыры болғаны белгілі. «Кітаби» сөзі шартты түрде болса да, термин ретінде қалыптасқанын әдебиетші ғалымдардың зерттеулерінен көруге болады. Олар Бұхара, Ташкент, Самарқан, Қазан, Уфа сияқты қалалардағы мектептер мен медіреселерде білім алып, өз шығармашылықтарында ағартушылық идеяларымен ерекшеленді. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген кітәби ақындар Шығыс әдебиетінің классикалық үлгілерін қазақ даласында насихаттап, жырлауда айрықша танылады. Б.Кенжебаев кітәби ақындар жайында «Олар екі түрлі мәдениетпен танысып, екі түрлі дәстүрден нәр алған. Бірі қазақ халқының бұрынғы мәдени байлығы мен әдеби қазынасы, екіншісі мұсылмандық Шығыстың ертедегі әдебиеті», — деп тұжіырым жасайды [14,11].
Осындай ірілік пен туыстықтың үлгісін пәндер сабақтастығын сөз еткенде жалпы үш тармаққа бөліп қарасақ:
1) «Шығыс ғұламалары» тақырыбын басшылыққа ала отырып, Абай алғаш нәр алған шығыстың мол рухани байлықтарымен таныстыру, яғни Науаи, Фирдауси т.б. ұлылардың есімдері мен шығармаларын жалпы жұртқа танытып-білгізу, «болмасаң да ұқсап бақ…».
2) «Тіл – тіршілік тірегі» атты тармаққа тәрбиелік жағынан үңілсек, көп тілді білудің қазіргі замандағы зор маңызын ешкім де жоққа шығармас. Абай сусындағын шығыстың әлі де көптеген ғылымға нәр берері сөзсіз.
3) «Сүйер ұлың болса, сен сүй» тармағына үңілсек, өзге тіл әдебиеттерінің, шетел ақындарының Абайды өз тілдерінде сөйлетіп, қадірлеп-қастерлеуі, Абай өлеңдерінің философиясын өзге жұрт өкілдерінің өз мағынасында, өз дәстүрінде қабылдауы, тілдік географияның кеңдігі тарих, философия, шет тілдері пәндері үшін маңызы зор деп ойлаймын.
Әдебиеттер:
1. М.Әуезов. Әр жылдар ойлары. -А. ҚМКӘБ, 1959ж.
2. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2.- А. Жазушы, 1995ж.
3. М.Мырзахметов. М.Әуезов және абайтану проблемалары.-А. Ғылым, 1982ж.
4. А.Қыраубаева. Шығыстық қисса-дастандар.-А.: Рауан, 1997ж.
5. Б. Кенжебаев. Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары.-А. 1958ж.
6. М.Салқынбаев. Қазақ-араб әдеби байланыстары.- Астана. 2009ж.