ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ӨНЕРДЕГІ КЕМЕЛДІЛІК ІЛІМІ

Жұлдызай МЕЙІР,
философия ғылымдарының кандидаты,
Нұр-Мүбарак университетінің доценті

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ӨНЕРДЕГІ КЕМЕЛДІЛІК ІЛІМІ

Өнер – адамның тіршілікке қатынасы деңгейіндегі шығармашылығы. Өнерден өмірді танимыз. Өнер туындыларында өмірдің мәні мен тұрмыс-тірішіліктің мазмұны көрініс табады. Өнердегі негізгі ұстаным-дүниені тану. Бүкіл тіршілігімізді нұрландырып келген өнер дүниелік кемел зерденін айғағы, биік ойдың тұғыры. Өнердің алғашқы нышандары сезімдік түйсік пен қабілеттердін көрінумен өмірге қажетті рухани дүние нысандарын жасауға лайықты талпыныстармен айқындалады. Адамның сана сезімінің өсіп тұжырымды байыпты әрекеттерге баруы өнерлі ойды тудырады. Табиғи заттарды өңдеу оны қажеттілікке қарай үйлестіру өнерлілікке бастайтын шығармалық акт. Қандай зат болмасын оның табиғи күйін саналы пайымдау оны өңдеу адамнан ойлылықты, шығармашылқты талап етеді. Өмірлік заңдылықтар негізіндегі табиғи дүниелерді игеру – өнерлі ойдың көрсеткіші. Өнерлі ой толғаныстары адамды еңбекке баулуымен рухани сезім дүниелеріне ықпал етіп өмірге деген ынталылықты арттырады.
Сезім – дүниені қабылдаудағы, зерделеудегі ойлау қабілеттерінің негізгі бөлігі. Табиғат құбылыстарын оның табиғи сұлулығын зерделеу біліктілікке жетелеумен әсемдік, көркемдік сияқты түсініктерді қалыптастырып, тұрпайы дөрекеліктен, анайылықтан сергек сезімталдылыққа, шынайылыққа тәрбиелейді. Шынайылық – табиғилықтың алғы шарты. Шығармашылықтағы табиғилық-кемелділік. Өнердегі шынайылық табиғилықты бейнелейді.
Әл-Фараби дүниені табиғи тану жолы өнер деп тұжырымдайды. «Табиғи заттарды тану оларға тән дербес, белгілерді айқындау білім түріндегі ақиқат. Ол ақиқат, абсолют, дербес қағидаларға сүйенеді», – дейді.[1]. Кез келген білім заттың, құбылыстың болмысын тануды және оның анықтамасы негізінде материясын білудің қажеттілігін көрсетеді. Өнердегі табиғилылықтың анықтамасы оның мәні мен мазмұныңда, оның формасы әркеттегі себептілік жағдайын білдіреде де оны тудырған мақсатты себепті бейнелеумен жеке белгілерін айқындайды. Себептердің болуы – тудырушы яғни өнердің болмысы айқындалып, формасы негізінде ол зат немесе құбылыс күйіне енеді. Мысалы, болған оқиға негізіндегі дүние келген музыкалық шығарма белгілі интервалдар жүйесі арқылы құрылған дыбыстық белгілер шығармалық болмысын айқындап, формасы ретінде ән не күй болып дүниеге келеді. Ғылыми дәлелдер, табиғи дене немесе құбылыстың өзіне тән дербес белгілілері арқылы тануға болатынын көрсетеді. Өнер немесе басқа осыған ұқсас дүниелердің түрлері толық белгілі болмайды, оны тек ақылмен анық тануға болады. Оның да негізгі мақсаты білімді кемелдендіру. Білімді Әл-Фараби табиғи және практикалық деп бөледі. Табиғи білімнің теориялық бөлігі кемелділікке жетелейді. Ал кемелділік – адамның ғана қолынан келетін биік шың. Әрине, егерде ол адамның жан кемелділігі болса ғана. Адам адам болғандықтан өзіндегі белгілі қасиеттері арқылы ақылға қонымды дүниелер жасау арқылы дүние мәнін түсіндіріп таза жанның (табиғи) игілігіне айналдырады.
Әл-Фараби «Музыканың ұлы кітабында» «Әуеннің негізгі прициптері сезім, тәжірибе арқылы алынған астрономия, оптика, медицина ғылымдарының теоретиктері сияқты, көптеген прициптері табиғи жаратылыстанудан оның себептерінен белгілі болады», – дейді [2] А.Көбесов.
Заттардың барлығы өз жаратылысына байланысты табиғи жай күйден, өзіне лайықты мән-мазмұнымен белгілі. Сол сияқты дыбыстарда да табиғи немесе жасанды болып, адамдардың қабылдауында әртүрлі болып есітудің белгілі денгейіне ықпал етеді. Егерде дыбыстар табиғи түрде жетсе, онда қабылдау потенциясының кемелділігін көрсетумен одан белгілі деңгейде анық қанағаттанушылық сезімі қалыптасады. Жасанды дыбыстар легінен құлаққа жағымсыз, яғни, табиғилығы жоқ жарамсыз дыбыстардың барлығына көз жеткізімез. Мысалы, табиғи: құстың сайрауы, судың сылдыры, күннің күркіреуі т.б Ал табиғи емес жасанды дыбыстар адамның қолымен жасалған у-шуға сәйкестерді атауға болады.
Әл-Фараби бойынша табиғи мен жасанды әуендер туралы жасалған тұжырымдар қабылдау үшін кемелділік көрсеткіші бола алған яғни есту сезіміне жағымды болған әуендерді табиғи құбылыстың көрсеткіші ретінде танытады. Ал табиғи емес немеce жасандылықты қабылдау түйсіктерінің әдеттегідей емес, есту, сезу сияқты потенциясының табиғилықтан ауытқыған түрлерін айтып түсіндіреді. Адамның барлық сезімдік потенциялары жаратылысынан өзіне лайықты табиғилығымен белгілі болатынын пайымдатады.
Кез келген әуен үлгілерінің мән-мағынасына талдау жасағанда, онда музыкаға негіз болған тональдық дыбыс қатарлары барлығын, сонымен қатар негізгі дыбыс қатарларын толықтырып тұратын қосымша дыбыстардың барлығын көреміз. Әл-Фараби музыкадағы дыбыс қатарларын киімдегі жіп пен арқауды, құрылыстағы ағаштар мен кірпіштер арқылы түсіндіреді. Яғни негізгі дыбыс қатарларын «Усуль әлхан уа мәбаади’ әһә» деп атап, ал қосымша дыбыс қатарларын «тазай-йдат әлхан» деп көрсетеді [3].
Кез келген заттың негізі ішкі мәні болатынындай әуенніңде ішкі арқауы музыкалық тілмен айтқанда тональділігі болады. Тональділік негізгі дыбыстар қатарынан құралады. Орындаушы егер де негізгі дыбыс қатарынан аутқып кетер болса, онда ән немесе әуен өзінің табиғи кемелділігін жоғалтады. Кейде музыкалық шығарманы орындаушылардың айта алмай тональдігінен шығып кеткендегі естуге жағымсыз болып жататындығы көпшілікке белгілі. Фараби музыкалық шығармада о бастан негізгі өзінің тональділігіне сәйкес негізгі дыбыс қатарлары арқылы қалыптасып отыратын өз заңдылығы барлығы көрсетеді. Тональділікті дауысқа лайықтап төмен, жоғары, түсіруге, көтеруге болады. Қосымша дыбыс қатарлары әуеннің негізгі дыбыс қатарларын толықтырып, әрлеуге, әуенге көркемдік беріп естуге жағымды кемелді дыбыс реттерін құруға мүмкіндіктер жасайды. Әннің мәнді болуына ондағы ойдың мазмұнын ашуға көмектеседі.
Әнді немесe әуенді талдаудағы негізгі дыбыс қатарлары мен толықтырушы дыбыс қатарларына байланысты түрлі аккордтардың болатынын әл-Фараби айтады. «Иқтиранаат» бірнеше дыбыстардың бір мезгілде орындалатынын тағы да «тартибат» – бірінен соң бірі жалғасып орындалатын дыбыстардың барлығына тоқталады [4]. Әуендегі мұндай әдістің қолданылуы музыкаға байланысты оның өз заңдылықтар мен ережелері барлығын көрсетеді. Негізгі дыбыс қатарларынан алынған аккордтар үндістігі үйлесімді дыбыстар легін құрайды да музыкалық теория бойынша консонанс деген ұғыммен түсіндіріледі. Аккордтардың консонанстық түрін әл-Фараби «иттифақ ән-нағaм уә та ахииһа» деп атайды да оларды кемелді дыбыс қатарларына жатқызып, түрлі асыл тастарға [5] теңейді. Мұндай аккордтардың болуы үйлесімділіктің достастығы деп тұжырым-дайды. Кемелді консонанс аккордтармен қатар дыбыстардың үйлеспейтін құлаққа жағымсыз түрлері бар оларды диссонас аккордтар деп атайды. Диссонанс дыбыстар жағымсыз қарама-қайшылықты, өмірдегі толып жатқан келеңсіз көріністерді айғақтап тұрғандай естуге ыңғайсыз, жан дүниеңді әркі-тәркі ететіндей жағдайларды елестетеді. Мұндай диссонанс аккордтар-ды әл-Фараби «танаафур ән-нағам уә табаайнуһа» деп тұжырымдайды[6]. Жоғардағы айтылғандардан ой қорытатын болсақ, яғни консонанс «мулә’ има әт-тартиб» және диссонанс «мунафара әт-тартиб» деп Фараби тұжырымдағандай өмірдегі барлық заттардың өз жаратылысы белгілі тәртіп бойынша болатынындай әуендердің де өзіне тән жаратылысы тәртібі барлығына көз жеткіземіз.
Әл-Фараби тіршілікте барлық заттардың мәнді-мәнсіз, табиғи жасанды болатынындай музыкалық дыбыстардың да табиғи жасанды, кемелді – парықсыз болып келетіні дәлелдейді. Кемелді табиғи консонанс дыбыстар біртектілікті айғақтауымен жаратылыстың мәнділігін көрсетеді деген тұжырымды пайымдатады. Кез келген жаратылыстың мәнділігі тек өзінің ғана тіршілік етуімен шектелмейді, ол айналасындағыларға өзінің тектілігін басқаша айтсақ, қажетілігімен мәнді көрініп, жаратылыстағы өз орнымен ерекшелене алады. Сол сияқты музыкалық дыбыстардан тұратын саздың немесе әннің, әуеннің мәнділігі өзінің адамзат баласының тіршілігіндегі өз орнымен, тәрбиелік-тағылымдық қызметтерімен қуат беріп рухын шыңдайды.
Кемелділік көп жағдайда ішкі ой мен сезіммен (парасатты оймен) байланысты. Кемелділік адамның парсатты ішкі ой әлемінің шынайлығы. Адамның биофизиологиялық ерекшеліктері арқылы мінез-құлық деңгейлерінде көрініс беретін ішкі ой, сезім өмірде із-түссіз жоғалмайды. Ол міндетті түрде тіршілікте орын алады. Жақсылық пен жамандық сияқты құбылыстар ішкі әлем дүниесінің табиғи шыншылдығын анықтайды. Адамдарды біз сыртқы ісіне қарап бағалаймыз, ал ішкі дүние әліміне, ешкімге көрінбейтін ойларына мән бермейміз. Сондықтан да адамгершілік кодексімізде ішкі ойдың жауапкершілігі туралы айтыла да бермейді. Жаман әрекет жаман ойдан шығады, онда неге жақсы ойлауға тырыспаймыз. «Жақсы сөз жарым ырыс» дегенді неге ұмытқанбыз. Немесе қазақтың «малымды алсаң да ниетімді алма» деген тұжырымы нені меңзейді. Жақсы ойдан жақсы ниет қалыптасады, ниеті жақсыға Аллаһтың әрқашан рақымы бар. Аллаһтың рақымдылығы тіршіліктегі бар жақсылықтың кепілі. Олай болса жақсы ой адамшылықтың деңгейін қалыптастыратын құбылыс. Адами кемелділік ішкі әлемнің жауапкершілігі, шынайлығы, табиғилығы.
Адам кемелділік дәрежесіне көтерілген сайын ішкі әлем арпалысын сезініп, өзіне көбірек үңілуімен өзінің толымсыздығын сезініп, өз-өзімен күреседі. Мұндай арпалыс сезімін басынан өткермеген адам кемелділік деңгейінің не екенін ұқпауы да мүмкін. Ішкі ой-сезім кемелділігі аккордтағы консонанс яғни кемел дыбыстар үйлесімділігін көрсетеді, адами кісілік дәрежесін анықтайды. Аккордтағы диссонанс-жағымсыз дыбыстар көптеген адам баласының кісілік дәрежесінің кемелденбегенін пайымдатады. Адамның кемелдену үрдісіндегі проблеманың бірі – рухани тәуелсіздігі. Рухани тәуелсіздік –адамның бостандығы. Әлемдік деңгейдегі жеті дананың бірі – Периандр Коринфский «Бостандық деген не? деп сұрақ қояды да оған өзі «Ар-ұяттың тазалығы» деп жауап береді. Ар-ұят – ішкі дүниенің ең қасиетті құбылыстары. Шын мәніндегі рухани тәуелсіздіктің айқын көрінісі кемелділік, ал кемелділік таза жанның, жүректің ой-ниеттің жоғарғы сатысы. Ой-ниеті дұрыс емес адамдар әрқашан өз пиғылының құлы болып қалады да барлық жағымен-диссонанс қылықтарға, яғни екіжүзділік, қызғаншақтық, айлакерлік сияқты әрекеттерге барады.
Әл-Фараби табиғи тазалық мәселелеріндегі кемелдену процесін ең алдыңғы орында қарастырады. Кемелдену процесіндегі адамның табиғи адамгершілік тәрбиесін алға шығарумен адамның өзін-өзі рухани жетілдіруі қажеттілігін пайымдатады. Рухани кемелдену табиғи дыбыстар үндестігі сияқты адамзат баласына аса қажетті. Ол әрқашан адамның өзіне-өзі үңілуімен басталады. Жақсылық-консонанс, жамандық-диссонанс. Ол адамның өз бойында. Ең бастысы осындай мәселелерді шынайы ажырату арқылы, оны танып-түсіне білу.
Әл-Фарабидің музыкалық дыбыстар негізіндегі жасаған ой-тұжырымдары қарапайым ойдың табиғи көрсеткіштері арқылы шынайлықтың түпнегізін пайдымдатады. Музыка мен адамның ішкі дүние әлемінің сезімдік қасиеттері бір-біріне байланысты. Адам жанына барынша ықпал ететін музыкалық туынды көркем ойдың нәтижесі екендігін танытады. Көркем ой ол – адамның белгілі дәрежедегі тіршілік етуіндегі құбылыстардың жемісі. Себебі адам тіршілігі өмірдегі құбылыстарды өнермен өрелестіре тану негізінде қалыптасқан. Мысалы, Абайдың өлеңдері, Құрманғазының күйлері, Әбілхан Қастеевтің суреттері халықтық дүние-таныммен тығыз байланысты. Бұл туындылар өмір мен әлем туралы, толғаулы ойдың кемелділік көрінісі.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. А.Көбесов Әбу Насыр әл-Фараби. –Алматы, 2004. — 60- б.
2. Бұл да сонда, 63 — б.
3. Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап (Ж.Сандыбаев аудармасы). Алматы, 2008.- 79-б.
4. Бұл да сонда.
5. Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап (Ж.Сандыбаев аудармасы). Алматы, 2008.- 80 — б.
6. Бұл да сонда, 73- б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *