ЖҰБАТОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті
ҚҰРАН КӘРІМ – ҚАЗАҚ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРЫН БАЙЫТУ КӨЗДЕРІНІҢ БІРІ
Ислам орта ғасырлардан бастап күні бүгінге дейін мұсылмандардың рухани өмірінің алтын діңгегі болса, оның қасиетті кітабы болып табылатын Құран Кәрім – бүкіл адамзатқа ортақ рухани, мәдени құндылықтарды танытатын, адамгершілік принциптерін бейнелейтін мұра. Классикалық араб тілінің нормаларын бекіткен бұл ислами жәдігер арабтардағы шешендік өнердің қайталанбас үлгісі болып есептеліп, күні бүгінге дейін мұсылман халықтарының менталды әлеміндегі ғаламның концептуалдық бейнесінің өзегін құрауда, дүниетанымына орасан зор әсер етуде.
Исламды қабылдаған көшпелілер өркениеті мұсылман өркениетіндегі субмәдениетті түзеді. Ислам қазақ мәдени синкретизмінде де жүйетүзуші өзек болып келеді. Х ғасырдың екінші жартысында протоқазақтар ислам дінін қабылдайды. Міне, бүгінгі күні қазақтардың исламды қабылдағанына мың жылдан асып отыр. Ислам қазақ халқына не берді деген мәселе бүгінгі күні ең өзекті тақырыптардың біріне айналып келеді. Қоғамдық ғылымдарды зерттеушілер ең алдымен исламның түркілердегі ғылым мен мәдениеттің дамуына серпіліс беріп, мықты қозғау салғанын алға тартады /1,137/. Ортағасырлардағы мұсылмандықты қабылдаған түркілер өздерінің қоғамдық-мәдени және рухани өмірінде, мемлекеттік-құқықтық, моральдық-тұрмыстық нормалары мен әдет-ғұрыптарында мұсылман канондарына сүйенді, сакралды мәтін ретінде Құран Кәрімді таныды.
Күні кешеге дейін қазақтардың ислам өркениетіндегі орны мен рөлі деген мәселе қоғамдық ғылымдардағы «атаңдақтардың» бірі болып келгені мәлім. Бұл мәселені зерттемей халықтың тарихы, мәдениеті, тілі, әдебиеті, саяси және этникалық дамуы секілді мәселелерді жан-жақты ашу мүмкін емес екенін айтудың өзі артық. Соңғы уақытта исламның рөлі мен Құран Кәрімнің қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, дүниетанымына әсері деген мәселеге мәдениеттанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар ден қойып, зерттей бастады. Осы орайда А. К. Сұлтанғалиева, Н. Нұртазина, М. С. Орынбеков, А. К. Ахметбекова, А. Ж. Жақсылықовтардың зерттеулерін /2/ атауға болады.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, этнографиясында, тілінде халықтың дүниетанымы, оның рухани тіректері мен мұраттары шынайы да дұрыс бейнеленеді. Қазақ мәдениетінің ислами мазмұнын ашып, зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып, күн тәртібінен түспей келеді.
Ұлттың өзін-өзі тануы мен рухани құндылықтарын қайта қарастырып, пайымдауын зерттеу, оның ішінде Қасиетті Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі дискурсқа әсері туралы мәселе қазақ тіл білімінде әлі қолға алынбай отыр. Құран Кәрім тілінің образдылығын, оның экспрессивтілігін, ондағы прецедентті феномендерді пайдалану арқылы тілдік құралдарды үнемдеу, дәйектеу мәселелерін зерттеу қазақтардағы ғаламның тілдік бейнесін толық қалпына келтіріп, «көмулі» жатқан ақпараттар қабатын «аршып алуға» мүмкіндік береді.
Егер фразеологизмдер ұлт мәдениетінің айнасы болса, сол айнада қазақ халқының дүниетанымындағы ғаламның діни бейнесі көрініс табуы шарт. Сондықтан қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіне үңілетін болсақ, Құран Кәрім мен хадис секілді діни жазба ескерткіштерден бастау алатын кірме фразеологизмдер көптеп кездеседі. Бұл өз алдына арнайы зерттеуді қажет ететін күрделі де үлкен тақырып екені белгілі, сонымен бірге діни білімді де қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан біздің бұл зерттеуіміз көтеріп отырған мәселені толық қамтитын, аяқталған, толық зерттеу деп айтудан аулақпыз. Бұл алдағы зерттеулердің басы ғана болмақ. Мәселенің күрделігі сонда, бұл түркітанудағы тарихи фразеологизм мәселесімен тығыз байланысты, себебі Орталық Азиядағы исламның тарихы қазақ этносы қалыптасқанға дейінгі кезең – түркілер дәуірінен басталады. Тарихи фразеология – фразеологияның ең аз зерттелген саласы. Ал тілдегі белгілі бір кезең аралығындағы синхронды құбылыстың дамуындағы тенденцияларды, оның әртүрлі аспектілерінің даму ерекшеліктерін, тілдің зерттеліп отырған кездегі жағдайының тарихи негіздерін, бастауларын, яғни тілдің зерттеліп отырған тұстағы ахуалын тану үшін оған дейін орын алған ахуалдар жиынтығын білу бұлжымас қағида.
Қасиетті Құран Кәрім тілінің мұсылман халықтарының тіліне әсері, оның ішінде фразеологиялық қорды байыту көздерінің бірі ретінде атқарған рөлі белгілі шығыстанушылар Е.Э.Бертельс, Н.И.Пригарина, Г.Ф.Благова, татар ғалымы Р.Ф.Исламов зерттеулерінде сөз болады. Ал қазақ тіл білімінде діни лексика, діни фразеологизмдер мәселесі академик Р.Сыздық зерттеулерінде қарастырылып келеді. Ғалымға қазіргі қазақ тілінде діни әдебиет, оның ішінде сопылық әдебиет арқылы келген деген жорамал айтуға мүмкіндік берген бірқатар фразеологизмдердің ішінде Құран Кәрім мен хадистер арқылы келгені шәк туғызбайды. Атап айтсақ, қыл көпірден өту, хақ үмбеті, екі дүние, хақ бұйрығы, махшар күні, шайтан азғырды, хақтан қорқу /3, 102-103/ секілді тұрақты тіркестердің ислам діні арқылы келгені шындық. Ал Құран Кәрімді қазақ фразеологиялық қорын байыту бастауларының бірі ретінде тану мәселесі әлі қолға алынып зерттелмеген мәселе.
Құран Кәрім арқылы келген тұрақты тіркестер танымдық және эмоционалдық жағынан маңызды прецедентті феномендер – мәтіндер немесе олардың үзінділері рухани құндылықтар болып табылады, бұлар халықтың мәдени жадындағы маңызды ақпараттардан хабар беретін кодтар. В.Д.Ушаков атап көрсеткендей, Құран Кәрімнен алынған сөз өрнектерін, тұрақты сөз тіркестерін пайдалану барлық мұсылман халықтарының әдебиетінде кең орын алған кәнігі құбылыс болғаны мәлім. Құран Кәрімнің түркі халықтарына, оның ішінде қазақ әдебиеті мен тіліне тигізген әсерін, оның репрезентанты ретіндегі фразеологиялық кірмеліктерді зерттеу – қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі. Құран Кәрім мен хадистерден келген кірме фразеологизмдерді зерттеуді осы жазба дүниелер тіліндегі араб фразеологизмдерін танудан бастау керек. Бұл мәселеде бізге материал беретін, сүйенетін зерттеу ретінде Құран Кәрім материалдары негізінде классикалық араб тіліндегі фразеологизмдерді зерттеген В.Д.Ушаков/4/, қазіргі араб әдеби тілінің құрылымдық-семантикалық сипатын қарастырған В.С.Морозова /5/ еңбектерін атауға болады.
Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдердің бірқатарының Құран Кәрімнен енгені дау туғызбайды, олардың шыққан тегі айқын. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде Аллаһ сөзімен келген адамның басы Алланың добы», жәрекім алда, Алланың әмірі/үкімі/бұйрығы, Алла бағын ашты, Аллаға жазды, Аллаға шүкірлік қылды, Аллаға тәуекел қылды, Аллаға шүкірлік қылды, Алладан пәрмен тіледі, Алла жар болды, Алла нәсіп етті, Алла рақым қылды, Алланың кәрі/қаһары тиді, Алла сақтады, Алла тағала, Алланың сүйген құлы секілді толып жатқан тұрақты тіркестердің этимонын Құран Кәрімнен табамыз. Бұлар араб тілінен сол күйінше өзгертілмей алынғандар не болмаса калькаланғандар, ал енді біреулері Құран Кәрім реминисценциялары болып табылатын семантикалық кірмеліктер. Мұндай кірме бірліктердің бірқатарының прототипі түпнұсқа тілдегі, яғни Құран Кәрімдегі бірнеше компонентті тұрақты тіркестер болғанымен, түркі, соның ішінде қазақ тіліне өте ертеде енгендіктен, күнделікті өмірдегі ауызекі тілде жиі қайталанып қолданылуы себепті дефразеологиялануға ұшырап, фраземадан лексемаға айналған бірліктер. Мұндай лексикалық бірліктер қатарында бісміллә/бісмілдә, субханалла, астапыралла, иншалла, бәрекелді, ассалаумағалейкум, машалла, әлхамділла секілді одағай ретінде танылып жүрген бірліктерді, лә илләһа иллә алла секілді сөйлем үлгілерін атауға болады. Тіл білетін мамандар болмаса, бұл сөздердің негізінде Құран Кәрімдегі клишелер, сәлемдесу үлгілері секілді фразеологиялық тіркестер жатқанын қабылдаушы тілдің иелері біле бермеуі де мүмкін. XV ғасырдағы Бабыр шығармаларында мол кездесетін мұндай тілдік бірліктерді Г.Ф.Благова формулалар деп бөліп алып қарастырады. Атап айтсақ, иншаалла, әлхамду лиллахи, рахмату лиллахи алайхи секілді діндарлық көзқарасты танытатын формулалар жиі қолданылатын тіркестер екен/ 6/.
Орта ғасырлардағы ескерткіштерден бастап, күні бүгінге дейін қолданыста бар, қазіргі кезде лексема түрінде танып жүрген тұрақты тіркестердің ішкі формасы, яғни сөзбе-сөз аудармасы қазіргі тіл иелеріне қызықты екені рас. Мәселен, болашақта орындалатын іс-әрекетке ниет еткенде айтылатын иншалла сөзінің этимоны арабтың ’ин шā’а ’Аллаһу /’ин «егер» шылауы, шā’а «қаласа» етістігі және ’Аллаһу «Алла», жалпы саны үш компоненттен тұратын фразеологизмі. Сол сияқты қазақ тіліндегі бәрекелді одағай сөзінің этимоны «Алла саған құт берсін» мағынасындағы бāрака ’аллаһу фūки / бāрака «берекет берсін» ’аллаһу «Алла», фūки «саған»/ мағынасындағы діни формула. Сол секілді Құран Кәрімдегі астапыралла/астапыралда сөзі де ’истағфара ’Аллаһу «Алла сақтасын», ассалаумағалейкүм ’ассалāму ‘алāйкум ««сізге сәлем, саулық/берсін/» мағынасын беретін түрақты тіркестер. Бұл тілдік бірліктердің қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына бағынып, меңгерілгені соншалықты, жаттығы сезілмейтін элементтерге айналған.
Ал кірме фразеологизмдердің енді бірқатарын Құран Кәрім аяттарынан аударылып алынған толық және жартылай калькалар деп бөліп алуға болады. Мұндай калькаларға тура жол, тозақ оты, бұ дүние, ақырет күні, махшар күні, хор қызы, жаннатқа кіру секілді толып жатқан тұрақты тіркестерді жатқызуға болады.
В.Д.Ушаков Құран Кәрім мәтініндегі фразеологизмдердің шамамен үштен екісі адамның көңіл-күйін бейнелі түрде жеткізу тәсілдеріне құрылғанын айтып, соның ішінде жағымсыз көңіл-күй мен жағдайға байланыстыларының жағымдыларынан басым түсіп жататынын ескертеді. Ал адамның психологиялық көңіл-күйіне қатысы жоқ номинативті тіркестер саны Құран Кәрімде көп емес көрінеді, олар шамамен бүкіл фразеологиялық оралымдардың төрттен бірін ғана құрайды екен /4, 12/. Құран Кәрімдегі номинативті фразеологизмдер қатарында термин мен терминдік тіркестер ретінде танылып жүрген тұрақты тіркестер саны көп емес және олар дін саласына қатысты болып келеді. Мысалы, йауму д-дин «дін күні» (1,4; 15:35), йауму л-қийāма «қиямет күні»(4:109, 5:64) /4, 69/.
Құран Кәрім фразеологизмдерінің басты ерешелігі олардың басым көпшілігінің метафоралық, бейнелі мағынаны білдіруі. Әсіресе зат есімдердің сын есімдермен тіркесіп келуі арқылы жасалған тұрақты тіркестерде нақты заттар дерексіз ұғымдарды білдіруде қолданылатынын орта ғасырлардағы араб риторикасының теоретигі Әбделқаһир Джурджани көрсетеді. Құран Кәрім тілінің мұндай ерекшелігін білу қазақ тіліндегі діни фразеологизмдердің табиғатын танып, мағынасын түсінуге көмектесетіні белгілі. Мысал ретінде сирāтун мустақим (1:6; 2: 213) «тура жол» тіркесінің араб тілінде «дін, иман» мағынасын беруде қолданылатынына назар аударады, ал адамдар арасына дінді таратушы пайғамбарлар Құран Кәрімде сираджун мунирун «жарық шырақ» тұрақты тіркесімен беріледі (33:46). Қазақ тіліндегі тура жол, тура жолға салды, тура жолға бастады тұрақты тіркестерінің мағынасын «дұрыс бағыт», «дұрыс бағыт берді» деп түсіндіріледі: Би мен бектің сәні жоқ, Елін қорғай алмаса, Тура жолға салмаса, Ыстығына күймесе, Суығына тоңбаса (Дулат) [ҚТФС,520]. Қазақ тілінде тура жол деген тұрақты тіркестің мағынасы «дін» деп тура түсіндірілмесе де (оның себебі де бар), мысалдардың контексінен тура жолдың қазақ дүниетанымында адамгершілікке бастайтын жол екенін көреміз, ал адамгершілік, моральдық құндылықтар дін арқылы бекиді емес пе? Ал қазақтардың мейірі түсе жақсы көрген, жақын тартатын адамдарға қатысты айтылатын «шырағым» қаратпа сөзінің Құран Кәрімдегі «жарық шырақ» тұрақты тіркесімен байланысты болуы да мүмкін.
Қазақ тіліндегі «қайғы-өкініш ұялады» мағынасындағы жүрегіне дерт түсті, «жанына жара салды» деген мағынада жұмсалатын жүрегіне дерт салды фразеологизмдеріндегі жүрек, дерт сөздері өздерінің тура мағынасындағы лексемалар емес, бұл сөздер физикалық тән ауруын емес, «қайғыру, өкіну» секілді рухани, жан күйзелістерін білдіреді. Мысалы: Қор қылуға құдіреттен, Жүрегіме түсті өрт. Тайды аяғым ескі серттен, Түсті емсіз, қатты дерт (Абай). Абай қолданысындағы жүрегіме түсті өрт, жүрегіме түсті дерт тұрақты тіркестері «қайғы, өкініш» секілді эмоцияларды берудегі метафоралық семантикасында қолданылуда. Дерт пен жүрек сөздерінің қатысуымен дәл осы мағынасындағы фразеологизмдерді Құран Кәрімнен да кездестіреміз. Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 10-аятындағы Фи қулубиһим марад «жүректерінде дерт бар» есімді фразема Халифа Алтай аудармасында жүректерінде күншілдік дерті бар деп толықтырылған (2:10) /7, 3/. Мәида сүресінің 52-аятында да «жүректерінде дерті бар мұнафиқтардың» деп келетін тұс бар/5:52/, яғни жүрегінде дерті бар адам аурудан азап шегуші емес, ол мұнафиқ, яғни екіжүзді пенде. Мұндағы марадун сөзі «ауру», «кесел» деген тура мағынасында қолданылып тұрған жоқ, Құран Кәрім «ауру» сөзімен медицинадағы физикалық тән ауруын емес, рухани кеселді, яғни сенім мен иманның әлсіздігі, екіжүзділік секілді рухани дерттерді айтып тұр. Құран Кәрімдегі «жүрек» адамның дертке шалдыққан анатомиялық мүшелерінің бірі емес, адамның жан дүниесінде болып жатқан сезімдердің, ой пиғылдардың орыны, тұрағы. Бұл мағыналарды анықтаудағы детерминант ретінде мәнмәтін, Құран Кәрімнің аудармалары көмектеседі/4,84/.
Қазақ тілінің фразеологиялық қорындағы көңілі күпті, жүрегі күпті тұрақты тіркестері: көңілі күпті «ренішті; мұңды-шерлі», – деп түсіндіріледі. Жолың болсын, жолбарысым жортқанда, Өзіңнен өзге ойы жоқ, Жас тілеуін жат жолына сарп еткен, Көңілі күпті, көзі жасты Құртқаң да (М.Әуезов, ҚТФС, 278). Ал осыған ұқсас күпті сөзінің қатысуымен жасалған жүрегі күпті болды фразеологиялық тіркесін фразеологиялық сөздік 1. тамақтан бейжай болды, кекірігі азды; 2.қорықты, жүрегі лоблыды деп түсіндіреді. Бұл тұрақты тіркестерге ортақ компонент күпті сөзі көңіл, жүрек сөздерімен тіркесіп келеді. Күпті көңіл «күмәнды, күдікті көңіл»/ҚТФС,294/ 1.тамақты көп жегеннен мазасызданып, жайы кетті; 2. зарырықтырды, көңілін күдікті алаңға толтырды /ҚТФС,294/. І.Кеңесбаев күпті сөзін күп сөзімен байланыстырып, оның мағынасын: «Күп» деген о баста үлкен астау, бөшке; «күп» дегенмен «күбі» түбірлес болуы керек. Қырғызша: «күпчөк болұп ішіп кетті» десе, қазақта «Күпшек санды күреңді Табияға жаратқан»/Бұқар/ деген бар», – деп баяндайды. /8, 294/. Алайда, біздің жорамалымыз бойынша, жүрегі күпті, көңілі күпті, күпті көңіл тұрақты тіркестері Құран Кәрімдегі «қулубуна ғулфун» тұрақты тіркесінің калькасына ұқсайды.
Бұл келтірілген тұрақты тіркестерге ортақ сема «күмандану, көңілі жайлы болмау». Құран Кәрімде адамзатқа жіберілген Мұса, Мәриям ұлы Иса пайғамбарларды адамдардың көбінің иман келтіріп, қабылдамағаны туралы айтылатын мәнмәтінде келіп, адамдардың оларға берген жауабы түріндегі мынадай аятта қолданылған: уа қалу қулубуна ғулфун бәл лә‘анаһум Аллаһу бикуфриһим фақалилан ма йу’минуна /2:88/. Бұл аятты Халифа Алтай: «Олар: жүрегіміз перделі» деді. Жоқ, Алла қарсы болуы салдарынан қарғады. Сондықтан азы ғана иман келтірді/7, 13/, – деп тәржімелейді. Ғулфун сөзін Халифа Алтай перде/лі/ деп аударады. Негізінде ғулфун сөзі арабтың «орау, бірдеңенің ішіне салу» деген мағынадағы етістігінен жасалған есім. Құран Кәрімнің орыс тіліндегі аудармаларында қулубуна ғулфун «наши сердца оболочки, «Сердца наши необрезены», «сердца наши неприкосновенны» түрінде аударылғанын келтіре отырып, В.Д.Ушаков «дінді қабылдамау» идеясының Құран Кәрімде «оралған жүрек» образы /образ «сердец», заключенных в оболочки/ түрінде берілген деп түсіндіреді. /4,87/. Құлубуна ғулфун түркесі «Ниса» сүресінің 155-аятында да келеді: фабима нақдиһим мисақаһум уа куфриһим би’аййати ллаһи уа қатлиһиму ланбийаа биғайри хаққин уа қаулиһим қулубуна ғулфун бәл таба‘а Алла алайһа бикуфриһим фалә йуминуна иллә қалилан/4:155/ «Дегенмен олардың серттерін бұзулары, Аллаһтың аяттарына қарсы шығулары, пайғамбарларды жазықсыз өлтірулері және жүректеріміз перделі деулері себепті Аллаһ, әрине, олардың жүректерін мөрлеген. Сондықтан өте азы ғана иман келтіреді/Халифа Алтай, 103/. Сонымен, біздің пайымдауымыз бойынша, жүрегі күпті, көңілі күпті тіркестеріндегі күпті сөзінің бастапқы формасы Құран Кәрімдегі ғулф «орау», «қап», «орайтын/нәрсе/» сөзі болса керек. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бөтен ғ, ф дыбыстарының фонетикалық игерілуіне мысалдар көп. Сол секілді соңындағы -ты\-ті жұрнағы шер/шерлі, зер/зерлі, хайр/қайырлы, зийа/зиялы секілді мысалдарда араб, парсы сөздеріне жалғанып, сын есім туғызу қызметінде жұмсалатынын да білеміз. Бұл келтіріп отырған дәлелдеріміз арабтың ғулф сөзінің өзінің бастапқы мағынасынан ығысып, «иман, сенім болмаған жерде орын алатын күмән, шәк» мағыналарына ие болғанын аңғартады. Құран Кәрімде жабулы, ораулы, тұмшаланған нәрсені жағымсыз деп бағалау коннотациясы бар. Сондықтан Құран Кәрімде иман келтірмегендерге қаратып «құлақтары керең», яғни «құлақтары жабық», «жүректері құлыптаулы», «көкіректерінде, көздерінде перде бар» деген сөз тіркестерімен беріледі, жабу, тұмшалау, жасыру Құран Кәрімде құпталмайтын әрекеттер, жағымсыз образдарға қатысты қолданылады.
Құран Кәрімді қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің табанында жатқан ақпараттарды, образдарды, символдарды анықтауға, ана тілімізді, осы кезге дейін «мұсылмандығы шамалы» деп есептеліп келген халқымыздың шын мәніндегі менталдық дүниесін тануға мүмкіндік беретін мәдени код деп айтса да болады. Қазіргі қазақ тіліндегі исламға байланысты, оның қасиетті кітаптары Құран Кәрім мен хадистер арқылы қабылданған кірме фразеологизмдер қабатын зерттеу халықтың дүниетанымына тереңірек бойлауға мүмкіндік беретін қызық та керекті жұмыс.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Орынбеков М.С. Верования древнего Казахстана. -А., 1997.
2. Султангалиева А.К. Ислам в Казахстане: история, этничность и общество. А, 1998;Н.Нуртазина. Орынбеков М.С. Верования древнего Казахстана. Алматы. 1997.А.Ахметбекова. А.Йасауидің өмірі мен шығармашылығы. А., 1996; Жаксылыков А.Ж. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. А, 1999.
3. Сыздықова Р.Ясауи «Хикметтерінің» тілі. –А: Сөздік-Словарь,2004. -552 б.
4. Ушаков В.Д. Фразеология арабского классического языка (докторская диссертация). –М., 1989.-С.392.
5. Морозова В.С. Структурно-семантическая характеристика современного арабского литературного языка (кандидатская диссертация).-М.,1985.-С.208.
6. Благова Г.Ф. «Бабур-наме»: язык, прагматика текста, стиль. М, Издательская фирма «Восточ.литература» РАН, 1994. – С.404.
7. Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған Х.Алтай.Медине Мунаууара, 3561.
8. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А, 1977.