Қазақ тіліндегі шылау түрлерін оқытудың көкейкесті мәселелері

«Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналы, №5, 2017 ж.

Қазақ тіліндегі шылау түрлерін оқытудың көкейкесті мәселелері
Қ.Қадырқұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақ тіліндегі сөз таптарын оқытудың ерекшеліктері сабақ барысында айқындалып, нақтылана түсетіндігі баршаға мәлім. Оқыту үдерісі ғылыми тұжырымдардың шешіміне бағына бермейді. Ғылымға қарағанда сабақ өту барысындағы тосын шешімдер мен кездейсоқ тұжырымдардың әрқайсысы бір — бір зерттеу тақырыбы болатындай көрініс береді. Кез келген тақырыпты түсіндіру кезінде тыңдаушының көкейінде күмәнді сұрақ қалмау үшін тілдің қолданыстағы қызметін оқулықтағы ережелерден жоғары қоя білген дұрыс. Қабылданған қағидалар мен қолданыстағы тілдік құбылыстардың қайшы тұстары жиі ұшырасады. Солардың бірі- қазақ тіліндегі шылау түрлеріне қатысты кереғар тұстар. Шылау дегеніміз – толық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын және сөздерге қосымша мән үстеп тұратын көмекші сөздер. Барлық оқулықтарда осы мазмұнда ережелер берілген.Одан әрі …шылаулар сөз тіркестерін құрауға тең компонент бола алмайды, өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды [1], …шылаулар түрленбейді және басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды [2], …Қайсібір сөздер түбірше, оңаша жұмсала алмай, басқа бір түбір сөз, үстеулі сөз, жалғаулы сөздердің біріне қосалқы болып қана жүре алады. Ондай сөздерге көбінесе жаңадан үстеу де, жалғау да жалғанбайды[3],…шылау түрленбейді (шылауға жалғау жалғанбайды) [4], — деп жалғаса береді. Ал қолданыстағы мысалдарға назар аударып көрейік: 1.Талқыдай аяғындағы тозуға қараған кенеп ботинканың жер шұқылап кеткен ақ жем тұмсығынан көз алмай, дымың құрып тұратынсың – ды(Ә.Нұрпейісов). 2.-Әй, Айна, несін жасырайын, мен ғашықпын , — деді Ерік шашынан сипап. – Тағы да ма? — Тағы да масы қалай? (О.Бөкей). 3.Өзгені қайдам, өз басым осындай ырым-жырымға сенгіш – ақпын. 4.Айтқан бетінде орындап тастағанға не жетсін! 5. Одан кейінгісін бір біліп, бір білмеймін. 6.Үйде екеуміз ғанамыз (Қаз.әдебиеті). Сөйлемдердегі ерекшеленіп асты сызылған септеуліктер мен демеуліктер тәуелденіп те, жіктеліп те, септеліп те тұр. Сонымен қатар, сөз түрлендіретін, сөз тудыратын жұрнақтарды да қабылдаған. Осыдан кейін шылаулардың түрленбейтіндігіне кімнің көзін жеткізе аласың. Көркем шығармадағы тілдік оралымдарға шылаулар түрленуі арқылы көрік береді. Жасанды емес, табиғи қолданыстың көрінісін байқаймыз.
Шылауларды қызметі мен қосымша мағынасына қарай үш түрге топтаймыз да, олардың әрқайсысының ерекшелігін сипаттаймыз. Септеулік шылаулар бағыныңқы қатынастағы сөздерді де, сөйлемдерді де байланыстырады. Бұл туралы негізгі оқулықтарда ортақ пікір қалыптасқан. Алайда кейбір септеуліктердің (тәрізді,сияқты,секілді) басыңқы сөйлемнің баяндауышы болып келетіндігін ескере бермейміз: …Сол абыройдың түсіп біткенін, ендігі жерде оны қайта көтеруге Абылайдың кәрі аруағының да септігі тие қоюы екіталай екенін сұлтан сезетін секілді. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды, әлгі сыбыс шындыққа саятын сияқты (З.Шүкіров). Септеулік шылаулардың белгілі септік жалғаулы(атау,барыс,шығыс, көмектес) сөздерден кейін келетіндігі күмән тудырмайды. Сондықтан сөз тіркесінің байланысу тәсіліне септеулік шылауды ғана жатқызғанымыз жөн. Ал жалғаулық шылау туралы ереже олардың қолданыстағы қызметіне сай келе бермейді. Өйткені ереже: жалғаулықтар тиянақты формада келіп, өзара тең тұрған сөздерді,сөйлемдерді (яғни бірыңғай мүшелерді,салалас сөйлемдерді) байланыстырады, солардың арасындағы грамматикалық қатынасты білдіреді[1],…Жалғаулық шылаулар сөз бен сөзді,сөйлем мен сөйлемді салаластыра (тең дәрежеде) байланыстырады. Жалғаулықтар бірыңғай мүшелердің немесе салалас құрмаластың сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады[2],- дейді. Соңғы жылдары мектеп оқушыларының оқу құралына айналған «Қазақ тілінде»(шың –кітап)[4] жалғаулықтардың сөз тіркесін де байланыстыра алатындығын атайды да, мысал келтіре алмайды. Осыдан болар, салалас құрмаластардың жалғаулықты түрі бар да, сабақтастың жалғаулықты түрі ешбір зерттеу еңбектері мен оқулықтарда аталмайды. Бірақ шартты мәндегі егер, онда жалғаулықтарымен,шартты рай формасынан кейін келетін да, де шылауларымен салалас құрмалас сөйлемді қалай құрастыратынын ойласақ, жалғаулық шылаулар қызметінің күрделене түсетінін мойындаймыз: Егер күндердің күнінде сен душар болатын қылбұрау мойынға түспесе, аты жақсы алланың жарылқағаны да (О.Бөкей). Кешегі күні қызылдардың бекінісін бұза алмаса да, олардан бұратала беті қайтпағаны белгілі(Ә.Нұрпейісов). Келтірілген сабақтас құрмалас сөйлемнің сыңарлары жалғаулық шылаумен байланысқанын көріп отырмыз. Сондықтан жалғаулықтар туралы ережені салалас құрмаластарды ғана байланыстыруымен шектеуге болмайды. Жалғаулық шылаулар бірыңғай мүшелерді -байланыстырғанымен, сөз тіркесін байланыстыра алмайды. Септеулік пен жалғаулықтарды салыстырмалы түрде оқыта келіп, олардың сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыруын — ұқсастығы, біреуінің сөз тіркесін, екіншісінің бірыңғай мүшені байланыстыруын — айырмашылығы ретінде алсақ, шылаудың бұл екі түрін түсіндіру қиындық туғызбайды. Шылаудың үшінші түрі — демеулік шылаудың басты ерекшелігі- реңктік мән беруінде. Олардың сөзді де, сөйлемді де байланыстыру қабілеті жоқ. Сөзге де,сөйлемге де экспрессивті мән беруіне қатысты түрленуі демеуліктердің бір-бірімен қатар қолдана беруінен-ақ байқалады. Яғни бір сөйлемге бірнеше эмоциялық мән бере алады деген сөз: 1.Кәзір түгіл ол кезде де Аралдың жынды желінде мәлім жоқ – ты. 2.Күндердің күнінде халық шеккен қасіретке ескерткіш қойылатын болса,келешек ұрпақ тек аралдықтарға ғана қояр – ау!(Ә.Нұрпейісов). 3.Бұл өмір солай өзгермейтін шаттық, шадыман күлкі деп қана ойладық- ау(Т.Нұрмағамбетов). 4.Өмір бақи денесіне таяқ тиіп көрмеген ол осынау ер азамат атаулының жұдырығын керексінгендей де ме… 5.Әкесінің ұлым деген сөзін…мүмкін, естігені де жақсы ма еді-ау… өмір қадірін түсінер ме еді! (О.Бөкей). Бірінші және екінші сөйлемдерде шектік, көңіл-күй,шақтық мәндегі үш демеулік берілген. Әсіресе даралау мәніндегі(шектеу) екі демеулік(тек,ғана) бір сөздің екі жағынан келіп, сол сөзге ғана ерекше оқшаулау мәнін беріп тұр. Қатар келген демеуліктер өздерінің бастапқы берер мәнін өзгертіп,құбыла түседі. Төртінші мен бесінші сөйлемдердегі сұрау мәніндегі демеулік болжалдық мағына үстемелеп, сөйлемдердің эмоциялық бояуын қоюландыра түскендей. Шақтық мән беретін ды,ді шылаулары барлық уақытта еді көмекші етістігінің қызметін атқарады да, барлық уақытта өткен шақ формасын иеленеді.Бұл шылаулардың жалпы қолданыстағы үлгісі есімшенің –атын, -етін формасындағы баяндауыштан кейін дефис арқылы жазылу болатын(баратын –ды, келетін- ді).Кейін есімшенің өткен шақ формасынан соң да, модаль сөздерден соң да келетін тұстары көрініс берді. Бұрын тек үшінші жақтан кейін қолданылса, енді екінші жақтан кейінгі нұсқасы пайда болды. Қолданылу аясының кеңеюіне орай ты,ті демеуліктері қатарға қосылды. Бұндай құбылыстардың бәрі төмендегі мысалдардан айқын көрінеді: 1.Өзің де не боп, не қойғанын біліп жатқан жоқсың – ды. 2.Талқыдай аяғындағы тозуға қараған кенеп ботинканың жер шұқылап кеткен ақ жем тұмсығынан көз алмай, дымың құрып тұратынсың-ды. 3.Кәзір түгіл ол кезде де Аралдың жынды желінде мәлім жоқ-ты. 4…Қалақ бет қараның алдында бұнан бұрын да болғаны бар-ды(Ә.Нұрпейісов). 5.Торығамын деп ойлаған да жоқ-ты (Т.Нұрмағамбетов). Демеулік шылаулардың септеулік пен жалғаулықтан ерекшеленетін тұсы – сөйлемнің барлық тұсынан(басында,ортасында,соңында) еркін орын алатындығы. Сонымен бірге демеулік шылаулардың бір-бірімен қатар қолданыла беруі(тағы да ма)де оларды шылаудың басқа түрінен оңашалай түседі. Ал екі жалғаулық, екі септеулік бір сөйлемде қайталанғанмен, қатар келмейді. Бірақ септеулік пен жалғаулық қатар қолданылатын тұстар жеткілікті(Іс үстінде білдірмейтіндері болмаса,екеуі содан бері әрі бақас, әрі күндес деуге болады).
Шылауларды оқытудағы тағы бір күрделі мәселе – олардың емлесі. Егер шылаулар өзінің алдындағы негізгі сөз таптарына ешбір жалғаусыз тіркессе, бөлек жазылады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Біздің назарымызды аударатыны — олардың қай кезде бірге жазылатындығы.Бұрыннан жиі айтылатын ма, ме, ба ,бе,па,пе демеуліктері жіктік жалғауының алдында мы, мі, бы, бі, пы, пі түрінде бірге жазылатынынан хабардармыз. Әйтсе де, жалғаулық шылаулардың, бірер оқулықта айтылғаны болмаса, жіктік жалғауының алдында бірге жазылатынын оқыту үдерісінде ескере бермейміз: Сен маған бақыттасың,қайғыдасың//Өмірсің,таусылмайтын бай мұрасың. Өлермін сол сезіммен,маған десе//Аспаннан қара жерге ай құласын…Сен маған күлкідесің, ашудасың//Ойым жоқ сенен өңге басымда шын(Ф.Оңғарсынова). Бұл тұста аталған демеуліктер мен жалғаулықтардың бірге жазылуын өздерінен кейін келген жіктік жалғауының әсерінен деп дәлелдейміз. Бұл — барлық уақытта жіктік жалғауының алдында келген шылаулар өзі тіркескен сөздермен бірге жазылады деген сөз емес. Өйткені мен ғанамын, сен ғанасың секілді үлгідегі тіркес сөздердің көмекші сыңарын бірге жаза алмаймыз. Кейде шылаудан кейін қосымша келсе, олар алдындағы сөздермен бірге жазылатыны жайлы пікірлер де кездеседі[1]. Келген бетте, күні бойы, тағы да масы қалай, саған қарағанда сияқты күрделі сөздердің шылаулық сыңарлары түрлі жалғау тұлғасын қабылдағанмен, бөлек жазылатынына күмән тумайды. Бұлармен қатар, дефис арқылы жазылатын демеуліктер де түрленген жағдайда дефисін сақтап қалады: 1.Үлкендердің сөзін тыңдауға әуес-ақпыз (С.Мұратбеков).2. Өзгені қайдам,өз басым осындай ырым-жырымға сенгіш- ақпын. 3. Осының — ақ барыпты — мысы мен келіпті мысы таусылмайды екен (Қаз.әдебиеті,13.08.2008 ). Дефис арқылы жазылатын демеуліктердің ды,ді,ты,ті түрінен басқалары (ау,ай,ақ,мыс) буын үндестігіне бағынбайтынын да ескерген орынды. Академиялық грамматикада[1], академик Н.Сауранбаевтың оқулығында[5] мыс түрінде берілген демеулікке қазір міс сыңарын телушілер кездеседі. Қандай негізге сүйеніп алғандығы белгісіз әрі нақты мысал келтіруден қашқақтайды. Осы тұста -ау,-ай,-ақ демеуліктерімен келген сөздердің буынға қалай бөлінетіндігі жөнінде де айта кеткенді жөн санадық. Себебі шылаудың басқа түрлеріне қарағанда аталмыш демеуліктер алдындағы сөздердің буынға бөліну ырғағына бағынып,дауысты дыбыстардан соң кейінді ықпал арқылы буын ығысу немесе дауыссыз дыбыстардан кейін буын алмасу үдерістерін жасауымен ерекшеленеді: осы- ақ (о- сақ), келіпті — ау (ке –ліп- тау), сен- ақ(се- нақ), қарағым- ай (қа- ра- ғы -май). Әрине, жазылғанда бастапқы қалпын сақтайды. Бұл демеуліктер қазақ тіліндегі тұйық буындардың сөз ортасы мен соңында келмейтінін тағы бір дәлелдейді.
Қазақ тіліндегі шылау түрлерін оқытудың біз айтпақ болған ұстанымдары:ережеден тілдік қолданыстағы шылау түрлерінің ерекшеліктерін жоғары қою; шылау түрлерінің әрқайсысына тән тұлғалану қабілеттіліктерін көркем шығарма мысалдарымен дәлелдеу; шылау түрлерін бір-бірімен салыстырмалы түрде оқытып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айшықтау; шылау түрлерінің емлесіндегі үдемелі үдерісті нақты мысалдармен көрсетіп, солардың негізінде қағидалар ұсынып отыру; сөйлемішілік шылаулар жиілігі мен қосарлы тұлғаларының стильдік қызметіне назар аудару; сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру деңгейіне және реңктік мағына беру мүмкіндігіне қарай шылау түрлерін топтастыра білу; шылау түрлерінің емлесін олардың қызметтік аясында қарастыру және буын алмасу мен буын ығыстыру құбылыстарындағы ерекшеліктерін фонетикалық жүйеге негіздеу.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақ тілі грамматикасы, Ғылым Академиясы, Ғылым баспасы. Алматы -1967ж. 264 б.
2.Исаев С.М.,Қазақ тілі, Рауан баспасы, Алматы – 1996 ж. 236 б.
3.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер,Мем.тіл.дамыту инст.Алматы – 2010 ж. 608 б.
4.Қазақ тілі(шың кітап), Шың кітап баспасы, Алматы- 2015 ж. 312 б.
5.Сауранбаев Н, Қазақ тілі, Оқу-педагогика баспасы,Алматы -2000 ж. 220 б.
6.Мүсірепов Ғ,Өмір жорығы,Жазушы, Алматы 2003 ж. 256 б.
7.Нұрпейісов Ә, Соңғы парыз,Жазушы, Алматы — 1999 ж.472 б.
8.Шүкіров З, Сыр бойы, Қайнар,Алматы — 2006 ж. 432 б.
9.Бөкей Оралхан,Кербұғы, Атамұра, Алтаты — 2003 ж. 204 б.
10.Нұрмағамбетов Т,Ата қоныс, Жалын, Алматы — 1977 ж. 168 б.
11.Сайын Мұратбек, Жабайы алма, Атамұра, Алматы — 2002 ж. 400 б.







Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *