ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АРАБ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ОМОНИМИЯ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ДЕҢГЕЙІ

Абзал ӘМІРОВ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университеті
шығыс тілдері кафедрасының ізденушісі

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АРАБ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ОМОНИМИЯ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ДЕҢГЕЙІ

Тірек сөздер: омоним, лексика, тіл білімі, семантика, грамматика, ассимиляция

Араб тіл білімінде омонимияға арналған еңбектер VIII-IX ғасырдан бастау алады. Ал қазақ тіл білімінде лексикологияны Кеңес Одағы тұсында, яғни XX ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеу ісі қолға алынды. Орыс тілі білімінде В. В. Виноградов, Л. А. Булаховский, М. М. Фалькович, Н. Ф. Шумилов, Н. Ю. Шведов, А. А. Хаматова, Б.Н.Головин, ал қазақ тіл білімінде көрнекті ғалым К.Аханов, сондай-ақ А. Құрманалиева, Р. Садықбеков, А. Тілеукеев Ә. С. Әлметова, М. Г. Нұрбердиев т.б. омонимия құбылысына қатысты ғылыми зерттеу еңбектер жазған.
Қазақ тіл білімінде де омонимдер жайындағы алғашқы пікірлер 1958 жылдарда жарияланып, жалпы тіл білімі, лексикология, лексикография еңбектерінің арнайы бөлімдерінде ғана омоним туралы айтылды. Қазақ тіл біліміндегі омоним туралы тұңғыш мақала жариялаған ғалым К. Аханов: «Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөздер омонимдер деп аталады» десе (1,3; 2,113), Т.Р.Қордабаев материалдық ұқсастықтары, бірліктері ғана болмаса, мағыналық жағынан бір-біріне ешқандай ұқсастықтары жоқ сөздерді омонимге жатқызып «Омонимдердің мағыналыры бір сөздің әртүрлі мағыналары емес, оның әр мағынасы әртүрлі сөз болады», – дейді (3,67). Сондай-ақ омонимге байланысты қазақ тілінде М.Белбаеваның «Қазақ тілінің омонимдер сөздігі» 1988 жылы жарық көрді.
Ал жалпы тіл білімінде омонимия құбылысын зерттеуге арналған еңбектерде, омонимге берген анықтамалардың әртүрлі болғанымен, омонимдер барлық тілде болған соң ортақ заңдылықтар негізінде пайда болатын құбылыс болып, аса үлкен айырмашылықтар байқалмайды. Мәселен: В.В.Виноградов: «Термин «омонимия» следует применять к разным лексичесим единицам, совпадающим по звуковой структуре во всех своих формах»—десе (4, 12), О.С.Ахманов: «Омонимы как два и более слова, состоящие из фонемных рядов и различающиесия только сематически или грамматиески одновременно»—дейді (5, 3).1925 жылы шыққан Литературная энциклопедияда: «Омонимы—слова, имеющие одинаковые звучание, но различные по значению», – деп анықтама береді. Ал Е.М.Галкина-Федорук: «Омонимами называются слова, одинаково звучащие, но имеющие различные значение», – дейді (6,14). Омонимге осы тәрізді анықтама берген ғалымдар көптеп саналады.
Омонимия лексикологияның өзекті мәселелерінің бірі. Омоним тілдің сөздік құрамының дамып, өсуіндегі ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ендеше, омонимия құбылыс лексикалық қорды байытудың бірден бір жолы екені анық.
Омонимнің басқа тілдерде болуы тәрізді, араб тілінде де бар екендігін ғалымдар мойындап бекіткен.
Араб тілінде омонимді المشترك اللفظي – аль-Муштарак аль-лафзый немесе الاشتراك اللفظي аль-Иштирак аль-лафзый деп атап, екі сөздің тіркесі арқылы жасалады. аль-Иштирак аль-лафзый сөзінің тілдік мағынасына кеңірек тоқталсақ, Х.К.Барановтың арабша-орысша сөздігінде оның бірнеше мағыналарын береді мысалы: 1-соединение – қосылу, жалғау; 2-(со)участие – қатысу, қосу, қатыстыру,тілектестік, 3- اللفظي ~ грам. омонимия; ал лафзый- слово, словесный, произносительный, речевой — сөз, ауызша, айтылатын, сөйлеу. (7,402-б.)
Г.Ш. Шарбатовтың арабша-орысша оқыту сөздігінде: лафзун муштарак –многозначное слово арабшасы ذو أكثر من معني
В.М.Борисовтың орысша –арабша сөздігінде:مشترك لفظي -Муштаракун лафзыйун — м. лингв., омоним إشتراك لفظي — Иштиракун лафзыйун- ж. лингв. омонимия
Араб тілінің түсіндірме сөздіктеріне көз салсақ; Муштарак сөзі «аль-Уасит» сөздігінде үш мағынасы көрсетілген: 1-маһмум-мазасыздық, үрейлік; 2-амрун муштарак-ортақ іс; 3-лафзун муштарак- бір сөздің бірнеше мағынасы болу (8,380 б.).
Лисанул араб сөздігінде муштарак сөзі, иштарака етістігінің тұйық етістігі, ал исм муштарак дегеніміз, бір сөзге көптеген мағыналардың қатысуы мысалы: көз сөзі көптеген мағынаны береді
Журжанидің «ат-Тағрифат» деген кітабында муштарак сөзі: «көп мағыналы мәнге ие болған сөз, мысылы: көз көптеген мағыналарға қатысы бар, ал көп сөзінің кері мағынасы аз дегенді білдіреді», – деп берілген.
Мунжид сөздігінде бұл сөзді: Онда сенің және басқаның үлесі болған нәрсе,ал тілдегі муштарак сөзі: бір сөзге көптеген мағыналар қатысатын сөздерді айтамыз мысылы: көз [9,384-б.].
Жоғарда келген сөздіктерден омонимия туралы түсіндірменің ілегі осындай. Тіл ғалымдарының омонимге берген анықтамалары бірдей емес. Мысалы: المشترك اللفظي هو ما اتفق لفظه و اختلف معناه
Біреулері: «Бір сөздің бірнеше мағынаға ие болуы»десе,
المشترك اللفظي هو ما يوضع بجزر واحد و له معان متابعدة екіншісі: «Түбірі бір, бір-біріне алшақ мағыналарға ие сөз», – дейді.
Жалпы араб тіл білімінде омонимияға арналған еңбектер VIII IX ғасырдан (I-II хижра) бастау алады.
Сол уақыттан бері тілдегі бұл құбылысты зерттеуші ғалымдардың қаламдарынан талай ғылыми еңбектер жарық көрді. Бір ғалымның еңбегі Құран Кәрімдегі омонимдерге арналса, екіншісінікі, пайғамбардың хадис шарифіне, ал тағы бір ғалымның еңбегі жалпы араб тіліндегі омонимдерге арналған.
Осы күнге дейін жеткен сол кітаптардың ең ескілерінен бастап тілге тиек етер болсақ, мыналарды жатқызуға болады:
1. аль-Уджуһ уан-Назайр филь Құраниль Карим («Құран Кәрімдегі омонимдер мен синонимдер»); Муқатиль ибн Сулейман аль-Бальхи, қайтқан жылы 150 хижра жыл санауы бойынша (767 жыл). Бұл кітап Түркия кітапханаларының бірінде сақталынған қолжазба болып табылады. Доктор Абдуллаһ Шаһата осы кітаптың көшірмесін Каир қолжазбалар институтынан алып, оны өңдеп, толықтырулар енгізе отырып, 1975 жылы жарыққа шығарған.
2 .аль-Уджуһ уан-Назайр филь Құраниль Карим («Құран Кәрімдегі омонимдер мен синонимдер»); Харун ибн Муса аль –Азадий, қайтқан жылы 170 хижра ж.б. (786 жыл).
3. Ма иттафака лафзуһу уа ихталафа мағнаһу мин ал-Қуранул Мажид («Құран Кәрімдегі сөзі бір, мағынасы басқа-басқа сөздер»); Мубаррад, қайтқан жылы 285 хижра ж.б.(898 жыл.) Автор бұл еңбегінде омоним сөздердің тек Құран Кәрім аяттарында екі не одан да көп мағынамен қолданған аясын ғана зерттеген. Сол үшін ондағы сөздерді саусақ пен санарлық десе болады.
4. аль-Ашбааһ уан-Назайр филь альфазил Қурания әлләти тарадафат мәбәниһа уа танаууағат мағаниһа ( «Құрлымы» ұқсас және мағыналары түрлі Құран сөздеріндегі омонимдер мен синонимдер»); Сағалиб; қайтқан жылы 429 хижра ж.б. ( 1037 жыл).
Ал, Хадис Шәриф бойынша тек бір кітап қана сақталған екен ол: аль-Ажнас мин каламул араб уа ма иштабаһа филь лафз уахтилафа филь мағна («Сөзі бір, мағыналары өзге араб тіліндегі жалпы есімдер» ); Абу Ғабайд Қасим ибн Салам қайтқан жылы 224 хижра ж.б. ( 838 жыл). Кітаптың көлемі үлкен емес, ішіндегі омоним сөздердің бас-аяғы 150 сөзді қамтыған жиырма екі беттен тұрады. Мұнда, автор құр омоним сөздерді атап, ешқайсысына мысал бермеген.
Ал, жалпы араб тіліндегі омонимдерге арналған еңбектерге:
1. ма иттафака лафзуһу уа ихталафа мағнаһу («Сөзі бір, мағынасы басқа-басқа сөздер») Абу Ғумайсил аль-Ағраби, қайтқан жылы 240 хижра ж.б. (854 жыл.) автор бұл кітабында 300 омоним сөзді келтірген.
2. Мунажжад филь луғатил арабиа, Курағ, қайтқан жылы 310 хижра ж.б. (922 жыл.) Бұл тақырыпты біршама ауқымды зерттеген ең ескі кітап. Онда 900-ге жуық сөзді келтірген.
3. мухтасар аль-Ужууһ филь Луға («Тілдегі омонимдердің мұқтасары»); аль-Хауаризми, қайтқан жылы 387 хижра ж.б.(997 жыл.)
4. Дилалатуль альфаз д. Ибраһим Анис Каир 1984 ж. және т.б..
5.Муғжам аль-Муштаракуль лафзи филь луғатуль арабия («Араб тіліндегі омоним сөздігі») Абуль Халим Мухаммад Қунбус, Байрут, 1987 ж.
Жоғарыда аталған Құран Кәрімге байланысты еңбектердің аттарына қарасақ, омоним сөзін термин ретінде қолданбаған. Бұл кітаптарда көбіне терминнің анықтамасы берілген. Өйткені, Құран Кәрімге лафзый сөзі қолданбайды, оның орнына калима сөзі жүреді.
Бірнеше ғылымды қатар алап жүре білген XVI ғасырдың көрнекті ғалымы Жалалуд-дин ас-Суюти, омонимге байланысты «Муғтарик ақран филь муштаракиль Құран» атты еңбек жазған. Ол Құран Кәрім ғажайыптарының бірі деп, омоним сөздерді есептей отырып: «Бір сөздің жиырма және одан да көп мағынасы болу, бұл адамзат тілінде жоқ», – деген [8,514- б.].
Араб тіл білімі ғалымдары омонимияның тілде бар құбылыс жайлы бірнеше тұжырымдарды айтады:
а). Болуы әбден мүмкін, өйткені,оның тілде кездесуіне адам ақылы теріске шығармайды.
ә). Тілде бары рас, себебі бір сөздің әу бастағы мағынасы бір мағына ғана берген болса, кейін келе ол сөзді, біреу басқа мағынаға қолданған. Сөйтіп, ол сөз екі жақта екі түрлі мағынамен пайдаланылып, қолдану аясы кеңейген. Бұл тұжырым тілдің үнемі дамып ( баяу болса да ), жетіліп, толығып отыратынына дәлел бола алады.
б). Бір сөзді естушіге түсініксіз екі ұшты қылып жеткізу үшін керек. Өйткені, ашық айтса зиян тигізу мүмкін.
Қытайлар мен гректер лексикографияның негізін салуда арабтардан бірнеше жүз жыл озған болса да, арабтар Еуропаға қарағанда осы мәселе жеті ғасыр көбірек уақыт бұрын қойған екен. Тұңғыш араб лексикографиясының негізінің қалануы ҮІІІ ғасырға жатса, тұңғыш Еуропа лексикографиясы ХІХ ғасырда ағылшын тілінде жазылған лексикографиялық сөздік болып табылады [3,1].
Жалпы араб тілінің сөздерінің өзі үш үлкен тарихи кезеңде жинақталып жазылған. Сол кезеңдердің біріншісі 1 хижра ғасырының аяғынан басталады. Бұл кезеңде хадис шарифтер және өлеңдер мен мақал-мәтелдер топтастырылған.
Олардың жинақталуы төмендегідей болған. Тілге жаны ашыр ғұламалар жинақталатын сөздерді сахара арабтарының ауызынан тікелей жазып алған. Өйткені сахара арабтары бөтен ешкіммен араласпаған. Кей жағдайда өзгелердің араласуымен тілдері әсерленбеген елдер тілінен жиналған. Бұл кезеңде сөздермен, бірлік тұлғалар реттелмеген, тәртіпке келтірілмеген жағдайда мардымды жинақталмаған. Бұл кезеңдегі алға қойылған мақсат араб тіліне бөтен кірме сөздерден бұрын, алдымен тек таза араб сөздерін жинақтап жазып алу бағыты қарастырылған.
II кезеңде реттеудің, тәртіпке келтірудің біраз түрі жүзеге асырылған. Мысалы: жазылуы бірдей сөздер (омонимдер) мен антонимдік байланысты сөздерді жинақтап реттеу жұмыстары жасалынған.
Ал III кезеңде реттеліп толықтырылып қалпына келтірілген түсіндірме сөздіктердің негізі салынған. Бұл кезеңде өткен екі кезеңде жазылған материалдарға сүйеніліп және оған қоса материал жинақтап, реттеліп толықтырылған.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Санат, 1993, — 498 б.
2. Аханов К. Омонимдердің және олардың жасалу жолдары. Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958, 6-тамыз, 36-45-б.
3. Қордабаев Т.Р. Тілдің структуралық элементтері. Алматы, 1977.109 б.
4. Виноградов В.В. Об омонимии и смеженых явлении. Вопросы языкознания. 1960, N5,с. 3-17.
5. Ахманова О.С. Словарь омонимов русского языка М:) «Совет. Энциклопедия», 1976, 448 с.
6. Галкина-Федорук Е.М. Современный русский язык. Лексика. М.:МГУ., 1957-№ 2.-С.107
7. Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь. М:изд. «Русский язык» 2002.
8. әль-Муғжамуль уасит. Төртінші басылым, Шуруқ әд-дәулә, 2005.
9. аль-Мунжид фил луға уаль иғлам , дар аль машриқ, Ливан, Бейрут 2005.
10. Мухаммад Нуруддин Аль-Мунаджад, Аль-Муштарак әль-Лафзи филь Құран Дамаск-Бейрут, 1999.
11. Муштарак аль-Ақран баспа: даруль Мағариф фи Иғжазил Қуран; Жалалуд-дин ас-Суюти, 1-т.
12. Белбаева М. Қазақ тілінің омонимдер сөздігі. Алматы: Мектеп, 1988. — 192 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *