ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕРДІҢ СӨЗ МАҒЫНАСЫН ЖӘНЕ СӨЗДІҢ ТІЛДІК ҚҰРАМЫН БАЙЫТУДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Бағдат МАНАБАЕВ,
Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы

ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕРДІҢ СӨЗ МАҒЫНАСЫН ЖӘНЕ СӨЗДІҢ ТІЛДІК ҚҰРАМЫН БАЙЫТУДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Діни ұғымдар, дәстүрлі наным-сенімдер, салт-сана, әдет-ғұрыптардың, моральдық-этикалық нормалардың немесе басқа да әлеуметтік себептердің негізінде қалыптасатын табу мен эвфемизмдер қай мәдениетте, қай тілде болмасын сөздік құрылымының дамуына, сөз мағынасының өзгеруіне үнемі әсерін тигізіп отырды. Мәселен, олар сөз мағынасының кеңеюіне және соның салдарынан күтпеген жерден кез келген сөздің басқа бір ұғымның соны атауына айналып кетуіне тікелей себепші болады. Өйткені, белгілі себептермен бұрынғы атауларына тыйым салынған ұғымдардың жаңа атаулары, яғни эвфемизмдер ойдан жасанды түрде шығара салған немесе тілдің сөздік қорында бұрын-соңды кездеспеген сөздер емес. Бөтен тілден енгені болмаса, олардың басым көпшілігі – тілде бұрыннан бар сөздер. Демек, табудың салдарынан туындап отыратын эвфемизмдер – семантикалық аясы кеңейген, яғни соны немесе үстеме мағынаға ие болған, бірақ айналымда бұрыннан жүрген қатардағы сөздер.
Табу мен эвфемизмдердің белсенділігі әр тілде әртүрлі дәрежеде. Кейбір тілдерде табу мен эвфемизмдер салдарынан лексика айтарлықтай өзгеріске ұшырап, үздіксіз дамып отыратын болған. Мысалы, араб тілінде сол секілді басқа тілдерде көрініс тапқан өлікке, жаназаға, қасиетті нәрселер мен кейбір хайуандардың атауларына қатысты эвфемизмдерді ерекше атап өтуге болады.
Жоғарыда мысалымызда айтып өткеніміздей, белсенді болмаса да, араб тіліндегі табу мен эвфемизмдер – сөздік құрамның лексикалық және семантикалық жағынан баюының бір жолы. Атап айтқанда,синонимдер мен омонимдердің пайда болуы табу мен эвфемизмдерге де байланысты. Өйткені кез келген ұғымның, заттың, құбылыс немесе іс-әрекеттің белгілі себептермен тыйым салынған атауларының орнын басып, оларды басқаша атауға мүмкіндік беретін эвфемизмдер бірден тыйым салынған атаулардың баламасына айналады. Осыны ескере отырып, кейбір тіл мамандары эвфемизмдерді синонимдермен байланыстыра қарастырады. Мысалы, көрнекті тіл маманы, профессор,Қазақ КСР ҒА-ның корр.-мүшесі К. Аханов эвфемизм-дер мен синонимдердің арақатынасы жөнінде: «Әртүрлі эвфемизмдер синонимдік қатарды құрастырушы сыңарлар болып қалыптасады», – дейді. Бұл пікірді қазақ тіліндегі синонимдерді арнайы зерттеуші ғалым Ә.Болғанбаев та қуаттап, эвфемизмдерді синоним тудыратын тәсілдердің қатарына жатқызады.
Осы секілді тұжырымдар басқа елдердің ғалымдарының да еңбектерінде кездеседі. Демек, бұл – көп тілдерге тән әмбебап құбылыс. Яғни, айтылған жайттарға сүйене отырып, эвфемизмдерді белгілі бір синонимдік қатарға енетін мәндес сөздердің бірі, бірақ мағынасы ең жатығы немесе сыпайысы деуге болады. Алайда бұған қарап кез келген синонимдік қатардан эвфемизм табылады деген ұғым тумауы тиіс. Өйткені тура атаулары эвфемизмдермен немесе эвфемистік синонимдермен ауыстырылып отыратын ұғымдар шексіз көп емес. Олар кез келген лексиканың белгілі бір пайызын ғана қамтиды. Мысалы: қатын — әйел – зайып – жұбай; буаз – жүкті – екі қабат – аяғы ауыр.Бұл жердегі жұбай мен аяғы ауыр деген өз қатарларындағы басқа синонимдерінің құлаққа жұмсақтау тиетіні бірден аңғарылады. Өйткені олар – эвфемизмдер.
Синонимдерге тән ерекшеліктер эвфемизмдерге де ортақ болатын жағдайлар да бар. Мәселен, мағыналарының тиянақты және тиянақсыз болып келетініне синонимдер тұрақты және контекстік болып үлкен екі топқа бөлінеді. Сондықтан да, синонимдік қатардан орын алғандықтан, эвфемизмдерді де тұрақты және контекстік эвфемизмдер деп екі топқа бөліп қараған жөн. Дәлелдерін төмендегі мысалдардан көруге болады.
өлу – қаза болу – қайтыс болу – дүние салу
саңырау – керең – мүкіс – тосаң
сол секілді араб тілінде осы тұрғыда Құран Кәрімде де өлім және қазаның түрлерін ұғындыратын бірнеше сөздер бар. Олар:
«الأخذ», «باخع نفسك», «هلك» т.б. сөздер тіпті «الموت» «өлім» сөзі елу мәрте қайталанады, сол секілді ауруды түрлерімен білдіретін бірнеше атаулары мысалы: «الطرش» саңырау, керең сөзін «صمّ» мүкіс, тосаң деп қолданылғаны сияқты. Осы мысалдардағы қайтыс болу, дүние салу, мүкіс, тосаң сөздері тігісі жатық, сыпайы мағынаға ие болып тұрған әрі ресми түрде сөздіктерге тіркелген тұрақты эвфемизмдер деуге әбден болады.
Ал контекстік эвфемизмдерге келетін болсақ, олар сөздерден табылмайды. Өйткені олар белгілі бір контексте ғана эвфемистік мағынаға ие болып, контекстен тыс жерде ол мағынасынан бірден айырылып қалады. Мұндай эвфемизмдер сөздің ауыспалы мағынасынан туындайтындықтан әрі тиянақсыз, әрі тұрақсыз келеді. Мәселен, жеке тұрғыда төсек, қанағат, тояттау, етек деген сөздерді эвфемизмдер деп ешкім айта алмайды. Өйткені олар – белгілі бір тұрақты ұғымды білдіретін бейтарап сөздер. Солай бола тұра, дәл осы сөздер белгілі бір контекске түскенде ашық айтуға ыңғайсыз ұғымдардың эвфемистік атауына айналып кете алады.
Табу мен эвфемизмдердің қызметі тілдегі синонимдік қатарлардың өсуіне әсерімен ғана шектелмейді. Олар сонымен қатар омонимдердің пайда болуына да үлес қосады. Мысалы, қазақ тіліндегі ұзын құрт, ит-құс сияқты сөздер сен сөз тіркесі белгілі себептермен табуға айналған жылан, қасқыр деген сөздердің эвфемистік синонимдері ғана емес, олар сонымен қатар, өздерімен тұлғалас, бірақ тура мағынасында тұрған сөздер мен сөз тіркестерінің омонимі де болады. Омонимдік сипат эвфемизм ретінде жұмсалып тұрған сөздердің негізгі мағынасы мен ауыспалы эвфемистік мағынасын салыстыра қарағанда өте айқын байқалады.
Эвфемизм және бүгінгі таңдағы тіл мәдениеті
Табу мен эвфемизмдер адамдардың тілге, сөзге деген талғампаздығынан туындайды. Мәселен, профессор М. Балақаев тіл мәдениеті деген ұғымға сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, салауаттылық, айқын ойлылық секілді жайттармен қатар, ізеттіліктің де енетінін баса көрсетеді. Демек, тіл мәдениеті сөйлеушіден немесе жазушыдан басқаға айтар ой пікірін дөп басып, дәл жеткізу үшін сөздерді дұрыс талғап, жүйесін тауып, орнымен жұмсай білуді ғана талап етпейді, ол сонымен қатар, адамнан ізеттіліктің, сыпайылылықтың, кішіпейілділіктің, әдептіліктің, бір сөзбен айтқанда мәдениеттіліктің ең жоғарғы деңгейін де қоса талап етеді.
Ал соңғы қасиеттердің адамның сөйлеген сөзінен немесе жазғанынан көрініп тұратын ескерсек, тіліміздегі табу мен эвфемизмдердің де бұл саладағы үлесінің қаншалықты мол екенін, демек, олардың да тіл мәдениетін дамытуда ерекше қызмет атқаратын елеулі факторлардың бірі екенін айқын аңғарамыз. Басқа халықтар секілді қазақ халқы да тіл, сөз мәдениетін өте қастерлеп, бұған әу бастан ақ зор мән беріп келген. Бұған ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан асыл мұра, халық кемеңгерлерінің тобықтай түйіндері – мақал-мәтелдер бұлтартпас дәлел. Мысалы, әрбір сөзді орынды жұмсай немесе дұрыс саптай білудің үлкен өнер, күшті құрал екенін бағалап, қазақ халқы: «Өнер алды қызыл тіл», «Қаһарлы сөз қамал бұзар» десе, адамның көңіл күйіне, сезіміне қаншалықты терең әсер ететінін дөп басып: «Бал тамған тілден у тамар», «Сіз–біз» деген жылы сөз – тірліктің ғанибеті», «Құлақтан кірген суық сөз көңілге барып мұз болар», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жаман сөз – жанға кірген тікен», – деген.
Бұл секілді халықтың асыл қазынасы тіл мәдениетінің қалыптасуына, өсуіне үнемі өз себін тигізе бермек. Олар адам көңілін жығатын немесе жігерін құм ететін зәрлі, суық, кесапатты, дөрекі немесе былапыт сөздерден бойды аулақ ұстауға, сондай-ақ ізеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке баулиды. Ал соңғы қасиеттерді қамтамасыз ететін, қандай да болмасын өрескел немесе дөкір сөздердің тігісін жатық етуге немесе кез келген ұғымды майдалап, жұмсақ жеткізуге тіліміздің сөз байлығы жетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, кез келген тіл лексиканың ерекше тобын құрайтын эвфемизмдердің рөлі күшті. Басқаша айтқанда, этикалық нормалардың негізінде қалыптасатын эвфемизмдердің барлығы да тіл мәдениеті үшін қызмет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер
1.Ибн Кәсир. Тафсир әл Құран әл Кәрим. Бейрут: – «Әндәлус дары» баспасы, 1984.
2.Қайдар Ә. Халық даналығы. Алматы: Тоғанай «Т», 2004.-560 б.
3.Әбдірахман Ә.Ә. Құран Кәрімдегі тұрақты тіркестер мен термин сөздерінің қазақ тілінде берілуі (лингвомәдени аспектісі): фил. ғыл. канд. дис. авторефераты. Алматы, 2004. – 30 б.
4.Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. Алматы, 1965.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *