МАХМУД ӘЛ-ҚАШҒАРИДЫҢ «КИТАБ ДИУАНИ ЛУҒАТ АТ-ТУРК» КІТАБЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН ҚЫРЛАРЫ

Асхат ҚАНБАЕВ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің магистранты

МАХМУД ӘЛ-ҚАШҒАРИДЫҢ «КИТАБ ДИУАНИ ЛУҒАТ АТ-ТУРК» КІТАБЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН ҚЫРЛАРЫ

Махмуд әл-Қашғаридың «Китаб диуани луғат ат-турк –كتاب ديوان لغات الترك » еңбегі екі тілді, яғни түркіше-арабша сөздік. Бұлай деп айтуымыздың басты ceбeбi сөздікте түрік сөздері, сөз тipкecтepi араб тілінде түсіндірілген. Ал ғалымдардың екі тілді сөздіктерге берген анықтамасына қарайтын болсақ, осы пікірдің рас екендігін көруге болады. Мысалы, араб лингвисі доктор Ахмад Мухаммад әл-Мағтуқтың екі тілді сөздікке: «Екі тiлді сөздік деп: сөздік мақала бір тілде беріліп, оны түсіндіретін немесе анықтайтын сөздер екінші бip тілде берілген сөздікті атаймыз», – деп анықтама берген /3. 21/. Белгілі қазақ лексикографы Мырзаберген Малбақов егер «сөздік мақалаға» берген анықтама немесе түсініктеме энциклопедиялық анықтама түрінде берілсе, оны дефиниция деп атағанды құп көреді. /4. 52./ Ал «Китаб диуани луғат ат-турк -كتاب ديوان لغات الترك » сөздігі болғандықтан осы сөздіктен сөздік мақалаға берілген анықтамаларды дефиниция деп атау нақтырақ болады деп ойлаймыз.
Енді сөздіктің қолжазбасынан алынған фотокөшірім мен Асқар Құрмашұлы Егеубайдың қазақ тіліне аударған нұсқасын салыстырып, сөздіктегі араб тілінде берілген дефиницияларға тоқталу арқылы «Китаб диуани луғат ат-турк» كتاب ديوان لغات الترك — екі тілді сөздік екендігіне мысал келтірейік.
Бірінші мысал:
ӘБ\\АБ اب\\أب сөздік мақалаға берілген дефиницияның арабша қолжазбасындағы нұсқасымен оның қазақша аудармаларын салыстырайық.
Қолжазбадағы мәтінді жазу
«Китаб диуани луғат ат-турк -كتاب ديوان لغات الترك » қолжазба арабша нұсқасы :
اب\\أب حرفُ تأكيد و مبالغةٌ، إذَا وَصَفَ الشيْءَ بالحَسَن الُمبَالغَةُ جِدّاً. يقال «أب آذكو نانك » أي شيء حسن جدّأ.
و يقال أب اق أي أبيض ناسع جدّا بالغزية.
أب حرف يقوم مقامة لا يقال منه أب بو أب أُل – معناه لا هذا و لا ذاك. أُب حرف تأكيد في اللون يقال منه في كلام جيكيل أُب أروناك أي أبيض إيقاق
أُب أُب حرف يقال عند أسرة الحمار و هذا بمنزيلة قول العرب لَعاً و معناه انتعيش. \2.15\
Асқар Құрмашұлы Егеубайдың аударған қазақ тіліндегі нұсқасы:
أب — АП//ӘП: қуаттап, күшейткіш қосымшасы. Бip нәрсені мақтап, аса жақсы екендігін білдірмекші болса, «أب آذكو نانك » «Әп әзгү нәң» — Ізгі нәрсе бек жақсы нәрсе – дейді. Оғыздар таза, әппақ нәрсені «ап ақ أب أق» – дейді.
أب – ӘБ: «жоқ, емес, не» мағыналарында қолданылатын жәрдемші сөз (жәрдемші сөз арабша түпнұсқада жоқ), «аб бұ аб ол: не бұл; не ол; немесе бұл да емес, ол да емес».
أبْ – YП//ҰП: реңге қатысты қолданылатын үстеме, қосымша сөз.
«أب أُرنك Үп үрүң – Әп ақ» (шігілше). Арабша түпнұсқада في كلام جيكيل яғни, جيكيل Жикил тілінде (сөзінде) деп келген.
أبْ أبْ – OП – OП//ҚОП — ҚОП: (Әуп — Әуп; қаз.тіл. А.Е.) есектің аяғы тайып кеткенде, оны тұрғызу үшін айтылатын сөз, «тұр-тұр» деген мағынаны білдіреді. Арабтардың «لعاً – (Ләән) — қоп» деген сөзіне тура келеді.
Қазақша аудармада кате кеткен. Өйткені қолжазбадағы إنتعيش «интағиш» деген араб сөзі қазақ тіліндегі «қоп» деген сөздің мағынасын бермейді. Ол қазақша «тұру», «қайта жандану» және «қалпына келу» деген мағыналарды береді.
أب — «Әб» (Аб) сөздік мақаласына берілген арабша дефиницияны талдап қарайық: осы арабша берілген мәтіндегі қою қара әріптермен берілген сөздер түрік сөздері, қалған сөздер арабша берілген түсініктемелер.
Автор алдымен сөздің грамматикалық категориясын анықтап, оның қай сөз табына жататынын айтқан, яғни ол сөздің араб тіліндегі асырмалы шырайдың және нақтылау мағынасын беретін «حرف — харф» (қосымша) екендігін баяндаған.
Бұл сөздің тілде қалай қолданылатындығына мысал келтіру арқылы أب — «Әб» (Аб) сөзінің мағынасын ашқан. Сөздің тілде қолдануына мысал келтіру сөздің мағынасын ашудағы негізгі түсініктемелердің бірі.
Сол кездегі түркі тайпаларының тілдік ерекшеліктерін айқындау. Оғыз және Шігіл (Жикил) тайпаларында ол сөздің қолданылу жолын анықтау арқылы түркі тайпаларының арасында сол кездің өзінде ерекшеліктердің бар екендігіне көңіл аударған.
أبْ أبْ – OП – OП — أُب أُب حرف يقال عند أسرة الحمار و هذا بمنزيلة قول العرب لَعاً و معناه انتعيش. – осы қос сөзін түсіндірген кезде арабша баламасын берген.
Екінші мысал:
«Китаб диуани луғат ат-турк — كتاب ديوان لغات الترك » қолжазба (арабша) нұсқасының кирилл әріптерімен жазылуы:
Арабша нұсқасы: Әлб: эш-шужағ, уа фиһи әл-мәсэл яғида элжақ жуғидә. Мағнэһу тухтэбэру эл-баталу ғиндә эл-мулэқати эл-ғадуу. Кэмэ эннэ хулмэ әл-хэлими южаррабу фи эл-жидэли (1, 22).
آلبْ: الشجاع’ و فيه المثل : «آلْبْ ياغيدا آلجق جغيدا». معناه تختبر البطل عند الملاقة الغدو. كما أن حلم الحليم يجرّب في الجدال. /1.22/
Асқар Егеубайдың аударған қазақ тіліндегі нұсқасы:
آلبْ — АЛП: алып, батыр. «Алп йағыса, алчақ чоғысіа: алп иағыда, алчақ чоғыда — Батыр жауда, момын дауда (білінер).» (2, 70).
Араб тілінен тура аудармасы: мейірімдінің жұмсақтығы дауда сыналатыны сияқты батыр жауды кездестіргенде сыналады.
Автор түркі тіліндегі алб (алып) сөзінің араб тіліндегі баламасын берген, алып сөзіне қатысты айтылатын мақалды келтірген. Бұл автордың сөздік құрау жүйесін жақсы меңгергендігін аңғартады.
Махмуд әл-Қашғари Китаб диуани луғат ат-турк — كتاب ديوان لغات الترك сөздігінің кіріспесінде сөздіктің құрамы мен құрылысы жөнінде кеңінен тоқталған. Бірақ ол орта ғасырдағы араб тіл білімі және араб сөздіктері негізінде сөздігін құрастырғандықтан оған талдау жасауды, мағынасын ашу керек деп ойлаған жерлерге сипаттама түсініктеме беруді, сөздіктің қазақ, ұйғыр, өзбек, түрік және орыс тілдеріндегі аудармаларының кейбір маңызды деп тапқан жерлерін салыстыру және оларда кеткен қателіктерді көрсетуді мақсат еттік.
Махмуд әл-Қашғаридың «Китаб диуани луғат ат-турк — كتاب ديوان لغات الترك » құрастырудағы мақсаты
3ифа-Алуа Әуезова «Диуанның» орысша аудармасына жазған алғы сөзінде сөздікті түзудегі мақсатын түркілердің әскери жетістіктерімен байланыстырады /6, 15-16/. Сонда түркілердің әскери күшке айналуы сөздікті құрастыруға негізгі мақсат болған ба деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Әуезованы бұл пікірге итермелеген әл-Қашғаридың Аллаһ тағаланың билікті түркілердің қолына бергендігін айтқаннан кейін «Түркі тілін үйренуді ақыл талап» етеді деген сөзі болуы мүмкін. З. Әуезова тағы бip жерде: «Диуанның негізгі мақсаты – араб тілді оқырманға жаңа империя кезінде сұранысқа ие түркі тілін таныстыру», – деп /6, 25/ тағы да түркі тілін үйренуді саяси жағдаймен байланыстырады. Бірақ әл-Қашғаридың сөздеріне терең үңіліп, кеңінен талдасақ, оның негізгі мақсаты түркі тілін үйрену сол уақыттағы заман талабынан туындаған сұраныс емес екендігіне көз жеткізуге болады.
М. әл-Қашғари ислам халифатындағы әскери және саяси биліктің біріншіден түркілердің қолына өте бастаған заманда өмip сүрді және оның өзін де әскери істен мол хабардар болды. Ол өзінің кітабында жауынгер және түркі дүниесін шарлап, ерді жастанып, найзаның ұшымен күн көрген сардар ретінде таныстырады. Біздің ойымызша, әл-Қашғаридың сөздікті түзуге итермелеген ең басты себептер:
1. Ол түркі тайпалары тұратын аймақтарды шарлап, ол жерлерде тайпалармен етене араласып, әр тайпаның тілін таза меңгеріп, олардың арасындағы айырмашылықтарды анықтағаннан кейін өзінің араб тіліндегі сөздіктер секілді түркі тілінің сөздігін құрастыруға шамасы жететіндігіне сенімді болған. Ол өзінен кейін артынан сауап жолдап тұратын, адамдарға пайдалы бір ғылымды мирас етуді ойлайды. Әл-Қашғари: «Бұл кітапты өшпес естелік және мәңгілік үлес болсын деп, Аллаһ тағаладан медет сұрай отырып, оны «Китаб диуани луғат ат-турк — كتاب ديوان لغات الترك «деп атап қойдым» — деген/1,21/.
2. Ислам дінінде білім алу – ғибадат, артынан адамзатқа пайдалы, өзінен кейінгілер игілігі үшін ғылыми мұра қалдыру – мол әрі қияметке дейін үзілмей жететін сауап.
Өйткені Аллаһ тағала ғалымдардың дәрежесін көтерген және Мұхаммед пайғамбар: «ғалымның ғибадат етушіден артықшылығы толған айдың қалған жұлдыздардан артықшылығындай. Пайғамбарлар, пайғамбарлардың мұрагерлері, динарды да, дирһамды да мұраға қалдырмады. Олар ғылымды мұраға қалдырды. Кімде-кім оны (яғни ғылымды) алса, үлкен үлес алды», – деген /Абу Дауд, ғылым кітабы, 3158-хадис/.
Басқа хадисте: «Адам қайтыс болғаннан кейін оның артынан үш нәрседен сауап барып тұрады: өзіне дұға етіп тұратын салиқалы ұрпақ тәрбиелесе, адамдарға пайдалы ғылым қалдырса және қоғамға қажетті жақсы ic істеп кетсе» деп келген /Муслим, 3084-хадис/. Бұл – әл-Қашғаридың ең негізгі мақсаты. Оған қоса Мұхаммед пайғамбар: «Білім алуды әрбip мұсылманның парызы», – деп айтқан /Ибн Мәжәһ, ғұламалардың артықшылығы кітабы, 220-хадис/.
3.Әл-Қашғари сөздігін құрастыруда арабтарға түркі тілін үйрену үшін қажетті еңбек жазуды мақсат етеді. Ол түркі тілін үйретудің маңыздылығын бірнеше пікірлермен қуаттайды:
1) Түркі тілінің араб тілі секілді сөздік қоры мол, араб тілімен шешендігі жағынан да теңесе алатын құдіретті тіл екендігін дәлелдегісі келетіндігін ашық айтады. Ол осы екі тілді ұшқан құстың қос қанатына теңейді. Яғни ол түркі тілі мен араб тілін салғастырғысы келді және ол мақсатына белгілі бір дәрежеде жетті. Әл-Қашғари екі туысқан емес екі тілмен салғастырумен қатар, туысқан бірнеше түркі тілдерін де салыстырған. Оның айқын дәлелі осы еңбегі. Сондықтан салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімінің негізі Еуропада емес, шығыста пайда болған. Еуропалық ғалымдар шығыс ғалымдарының идеяларын ары қарай дамытты, оның заңдылықтары мен жүйесін құрды, зерттеді. Бірақ негізін қалаған жоқ.
2) Ол өз пікірін хадиспен дәлелдегісі келді. Асылы мұсылмандарда және олардың ғылыми – діни еңбектерінде дәстүрге айналған бір тәсілдері бар. Ол-ғалымның өз пікірінің дұрыстығына Құран Кәрімнен және хадистен дәлел келтіру. Себебі мұсылмандар Құран Кәрімді Аллаһтың сөзі деп сенеді, ондағы келген кез келген нәрсені ғылыми шындық деп қабылдайды. Өйткені олардың нанымында Құран Кәрім де, ғылым да Аллаһтан. Сондықтан Құран Кәрім мен ғылым бір-біріне қарсы келуі мүмкін емес. Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) ең басты міндеті сол Құран Кәрімді адамдарға түсіндіру. Сондықтан оның сөздері (хадистері) шындық.Әл-Қашғари осы әдістен немесе осы дәстүрден ауытқымай және Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) ақыр заманның белгілері туралы айтқан хадистерінде түркілерге қатысты: «Түркінің тілін үйреніңдер. Өйткені олардың ұзақ билігі болады», – деген сөзін келтіреді. Әл-Қашғаридың ғылыми аманаты оның осы сөзді Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) нақты айтты деместен, оны бұхарлық сенімді имамнан және найсабурлық ғалымнан естігендігін және ол хадистің сахих (Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) анық айтқан хадисі) не сиқа секілді терминдерін қолдануы оның бұл ілімнен хабардар екендігін көрсетеді. Негізі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) айтқан бүкіл хадистері жинақталып, кітапқа түсіп, ғұламалар оларды Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) айтқандығы нақты анықталған сахих, анықталғаны онша нақты емес хасан, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с) телінгендігінде күмән бар дағиф және нақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) айтпаған маудуғ деп үлкен төрт топқа бөлген және осы аталған әр топқа арнайы жинақтар да жасалған.
3) Егер бұл хадис дәлел ретінде алуға жарамайтын (маудуғ) болса, түркі тілін үйрену уақыт талабы деп түсіндіреді Ол: «Егер ол хадис сахих болмаса, онда оны (түркі тілін үйренуді) ақыл талап етеді», – деген /1.2/.
Әл-Қашғари сөздігін өзi өмip сүрген замандағы мұсылмандардың халифы Абдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Муқтадиге (1075-1094) арнағандығын айтады.
Махмуд әл-Қашғаридың сөзтізбе құрастыруда ұстанған тәсілі
Махмуд әл-Қашғари алдымен сөздікті құрастыру үшін біраз жылдар тер төккенін және сөздікке алынған сөздерді (реестр) әліпбилік ретпен бергендігін айтқан. Сонымен қатар М.әл-Қашғари сөздің мағынасын ашуда өлең жолдарын, хикмет-(даналық) сөздерді, мақал-мәтелдерді қолданғандығын айтады. Махмуд әл-Қашғари түркі тіліндегі сөздерді белгілі ережелерге бағындырып, сөздікті үлкен сегіз кітапқа сыйғызғандығын айтады. Ол: «Бұл тілді (яғни түркі тілін) бүкілімен сегіз кітапқа сыйдырдым. Олардың біріншісі «һамза кітабы». Оны (яғни һамза кітабын) Аллаһтың кітабын басшылыққа алып, алдымен жаздық».
Әл-Қашғари сөздігін:
Бірінші: һамза кітабы;
Екінші: Сәлим кітабы ;
Үшінші: Мудаъаф кітабы;
Төртінші: Мисал кітабы ;
Бесінші: Зәуәту әс-сәләсә кітабы ;
Алтыншы: Зәуәту әл-арбаъа кітабы;
Жетінші: Ғұнна кітабы;
Сегізінші: Әл-Жамь бәйна әс-сәкинәйн сияқты тарауларға бөлген.
Араб тілінде «китаб» сөзі негізі кітап деген мағына береді. Сонымен қатар бip кітаптың немесе бip ғылымның саласына арналған үлкен тарауды да «китаб» деп атай береді. «Диуанда» ол сөзді осы жерде «тарау» деген мағынада қолданған. Әл-Қашғари осы сегіз тараудың әрқайсысын іштей есімдер және етістіктер деп екіге бөліп қарастырылған. Алдымен eciмдерді одан кейін етістіктерді жазғандығын айтқан. Орта ғасырларда бүкіл әлемде әcipece мұсылман елдерінде ғылым тілі ретінде араб тілі қолданылатындығын ескере отырып, терминдерді араб тілінен алғандығын ескертеді. Heгiзi араб тілінде үш: — исм (есім), фиъл (етістік) және харф (көмекші сөз) сөз табы бар.
Исм (Eciм) — араб тілінде шаққа, уақытқа байланыссыз, заттық түсінікті білдіретін, өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар сөз табы.
Фиъл (Етістік) — араб тілінде біреудің немесе бip нәрсенің қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы.
Харф (Көмекші сөз) — араб тілінде жеке тұрғанда мағынасы жоқ, eciм және етістікпен тіркесіп грамматикалық мағынаға ие болатын сөз табы /8,78/.
Әл-Қашғари түркі тіліндегі сөз табы туралы ашық айтпағанымен, сөзтізбеге енгізген сөздерді eсiм және етістік деп бөлгеніне қарағанда, ол түркі тілінде екі сөз табы бар деген пікірді ұстануы мүмкін. Бірақ бұл әлі нақтылауды талап ететін болжам. Ceбeбi ол есімдердің қатарына харфтарды жатқызған. Соған қарағанда ол сөз табын арабтардағы секілді үшке бөлуі де мүмкін. Мысалы, Диуанның бірінші сөзі осы харфқа жатады: әб — күшейткіш мағынаны беретін көмекші сөз деп, харфты қазақ тіліне қосымша деп аударған. Ал келесі сөзде оны жәрдемші сөз деп аударған (Қашғаридың есім мен харфке қатысты пікірін нақтылау, әл-Фарабимен салыстыру керек).
Махмуд араб тіл біліміндегі терминдерді және араб әдеби тілінің сөздіктерінің тәсілдерін басшылыққа алғанмен, оларға сын көзбен қарап, толық еліктеместен, оларды саралап, өзіне керектісін, халыққа пайдалысын таңдай білген. Яғни ол араб сөздіктерімен жетік таныс болған. Ол түркіше–арабша сөздігін құрастырған кезде халықтың қолданысында бар түркі тілінде кездесетін сөздерге араб тілінде түсініктеме беруді мақсат еткен. Сондықтан формаға (уазнаға) тура келгенмен тілде жоқ сөздерді Халил секілді әріптердің басын құрастырып, түзіп шығу тәсілін қолданбауды жөн деп тапқан. Себебі ол сөздігін арабтарға немесе араб тілі арқылы түркі тілін үйренуді мақсат тұтқандарға арнаған.
Ең алғашқы араб тілінің түсіндірме сөздігін құрастырған ғалым — Әл-Халил ибн Ахмад әл-Фараһиди (100-175 х.ж.с.) еді. Ол өз сөздігін «Айн» әрпімен бастағандықтан «Айн» деп атады. Халил өзіне дейін жазылған тақырыптық сөздіктерде реттілік пен тәртіптің жоқтығын аңғарғаннан кейін, араб әріптерін санап кез келген сөз араб әліпбиінде бар әріптерден тысқары болмайтындығын ескере отырып, жаңаша бір тәсіл ойлап тапты. Сөйтіп сөздікті әріптердің дыбыс мүшелерінен шығу тәртібі бойынша реттеді. Кеңірдектен шығатын әріптерден бастап ретретімен ерін әріптеріне дейін орналастырады. Яғни сөзтізбен әріптердің дыбысталу ретімен жасады.
Халил алдымен екі әріпті одан кейін үш әріпті, содан кейін төрт әріпті, сосын бес әріпті сөздерді жазды. Әрбір сөзде сол сөздің әріптерінің ауысып келгенін, яғни орын ауыстырып келгенін жазды.
Махмуд әл-Қашғари халил секілді «муһмәл» (бірнеше әріптерден тұратын, белгілі бір формаға (уазнаға) тура келгенмен мағына бермейтін сөз) сөздерді сөздігіне кіргізбеу себебін: «Ол тәсіл (яғни халилдің муһмәл сөздерді жазу тәсілі) толығырақ (яғни тілдегі бар барлық сөздерді толық жинауға мүмкіндік береді). Бірақ бұл құрылыс яғни сөздіктің құрылысы дұрысырақ, өйткені қолданыста жоқ сөздерді жазудың керегі де жоқ және адамдарға жеңіл әрі тартымды. Сондықтан қолданылатын сөздерді жаздым да қолданылмайтын сөздерге көңіл бөлгенім жоқ», – деп түсіндіреді /1,3/. Бұл қолданыста жоқ сөздерді айтып отыр. Халил «Айн» сөздігінде араб тіліндегі осы секілді сөздердің барлығын жинақтаған. Қашғаридың тек қолданыстағы сөздерді ғана сөздігіне кіргізгенімен, түркі тілдеріндегі бар сөздерді толық қамти алғандығын орыс ғалымы В.А. Звегинцев: «И хотя в дальнейшем Махмуд говорит, что он отказался от этой мысли в целях достижения краткости изложения, фактически им дано почти полное собрание слов северо-восточных тюрских племен, входивших тогда в состав государства караханидов»,– деп бағалаған /10, 69/.
Бірақ Махмуд халилдың алдымен екі әріпті, одан кейін үш әріпті жазу тәсілін қолданған. Махмудтың осы тәсілге еліктегенін қазақ ғалымы Ә. Құрышжанов та айтқан/11.57/.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Махмуд иби әл-Хусаин әл-Қашғари. Китаб диуани луғат ат-турк (колжазбаның факсмильді фотокөшірмесі). Анкара, 1990.
2. Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі (Диуани лұғат-ит-түрік): 3 томдық шығармалар жинағы / Алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. Егеубай. – Алматы: Хант, 1997 – Т.І. – 600 б; Т.2. – 528 б.
3. Махмуд ал-Кашгари. Диван лугат ат-турк (Пер. и предисл. З.-А. Ауэзовой. Ин¬дексы Р. Эрмерса). Алматы: Дайк Пресс, 2005.
4. М.Малбақов Бір тілді түсіндірме сөздіктердің
құрылымдық негіздері. Алматы, 2002.
5. З.-А. Ауэзова. Становление тюркской лексикографиии в рамках арабских канонов// Казахстанская арабистика: зарождение и развитие (Материалы международной научно-практической конференции). Алматы, 2005. С.8-11.
6. Қалиев Б. Сөздіктер // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ хабаршысы, № 2 (6) 39-43 б.
7. Советская тюркология. 1972. № 1. С. 130-139; 1973. № 1. С. 5-9;

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *