Дина ЕСЕНЖАН,
филология ғылымдарының кандидаты,
Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің доценті
КОНЦЕПТ ЖӘНЕ ӘЛЕМНІҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ ХАҚЫНДА
Тіл білімінің жаңа саласы – когнитология /әлемнің тілдік бейнесі туралы ұжымдық санадағы білімдер жиынтығын зерттеу ғылымы/ өзінің ғылыми-терминологиялық құрылғысын тудыруда. Әр тілдің әлемдік тілдік бейнесін зерттеуде соңғы уақытта белсенді дамып келе жатқан концепт ұғымы осындай құрылғының тірегі қызметін атқарады. «Концепт» түсінігін бірнеше қырынан: лингвистикалық, мәдени және философиялық-танымдық түсінік ретінде қарастыруға болады.
Н.Д.Арутюнова концептіні анықтауда мынадай тәсілді ұсынады: ол құндылықтар жүйесі мен түйсігі, өнер үлгілері, өмір тәжірибесі, идеология, дін, фольклор, ұлттық дәстүр секілді бірқатар факторлардың өзара әрекеттесуі нәтижесі болып табылатын үйреншікті философиялық түсінік ретінде концептіні қарастыру керектігіне назар аударады. Сонымен, концепт «өз алдына адам мен әлем арасында делдал болған мәдени қабат» құрайды [1,3]. Сондай-ақ лингвистикалық түсінік ретінде, «концепт» өте жағымды ментальды мәндерді [ 2,88], яғни біз соның көмегімен әлем туралы ой түзуде қолданылатын бірліктерді, тілдің дәрежелі негізін құрайды [3, 16] және санада түзілетін үлгіні нысанға ала отырып, сөздің жалпы бейнесін тудырады [4, 21]. Концепт ментальды құрылымдарды қарастыруға мүмкіндік жасайды.
«Концепт» термині айтарлықтай ұзақ уақыттан бері С.А. Аскольдов, Ю.С.Степанов, Н.Д. Арутюнова, А.Вежбицкая, В.А.Маслова, Р.М.Фрумкина, В.Н. Телия, Е.С. Кубрякова, А.Ислам және т.б. ғалымдардың қолданылымында тұрақты кездеседі. Алайда бұл терминнің әлі күнге дейін нақты анықтамасы жоқ. Өйткені бұл мәселе санамен тығыз байланысты, ал сана болса, ол – шексіздік. Жыл өткен сайын концеп терминінің мағынасы толығып, сан қырынан зерттеліп келеді. Әлемдік тіл білімінде концептіні алғашқылардың бірі болып С.А.Аскольдов зерттеді. Ол концептінің ең маңызды қызметі-орынбасушылық деп есептеді, өйткені ойша пайда болатын концепт ойлау процесі кезінде бірнеше затты бір текке кірістіреді. Концепт деректі заттармен қоса, шынайы әрекеттердің немесе заттың кей тұстарын кірістіруі мүмкін. Д.С.Лихачев Аскольдовтың пайымдауын негізге ала отырып, концептіні «тіл иесінің ауызша және жазбаша сөйлеу кезінде тірекке алатын мағынаның алгебралық бейнесі» деп қарастыруды ұсынды [5,281]. Шетелдік авторлар еңбектеріндегі «концепт» терминінің балама аудармасы 70-жылдардың ортасында ағылшын әдебиетінен сол кезеңдегі отандық тіл біліміне енгізілді. Ол уақытта ағылшын тіліндегі concept сөзін «түсінік» деп аудару ұсынылды. Лингвистикалық әдебиеттерде «концепт» термині түрліше түсіндіріледі, сондықтан да аталған терминнің көптеген анықтамасы бар. Бір ғалымдар концептінің астарында мәтінде жасырылған адами және оның ұлттық, мәдени, мамандандырылған, жас мөлшеріне сай және т.б. тәжірибелері негізінде қарым-қатынасты жеңілдетуші көптеген құралдардың «орынбасарларының», мағыналардың бірнеше алмастырғыштары бар деп түсіндіреді [6, 4]. Кейбір ғалымдар концепт – бұл біздің нысанды толықтай күлі экстензияда білуіміз деп есептейді [7, 97].
Әйтсе де зерттеуімізде концептіні когнитология тұрғысынан да анықтау маңызды. «Қысқаша когнитивтік терминдер сөздігінде» жүгінсек, онда бұл терминге мынадай анықтама беріледі: «Концепт – бұл адамның ақыл-ойында сипатталған әлемнің бүкіл бейнесінің, адамның есі мен тілінің, концептуалды жүйесінің, ментальды лексиконының, сананың мазмұнының шапшаң түрдегі бірлігі » [8, 90]. Мағыналық жағынан алғанда концептінің басты және шеткері аймақтары туралы айтуға болады. Сонымен қатар шеткері аймақ басты аймақтан жаңа туынды мағыналарды алшақтатуы мүмкін. «Сыртқы» және «ішкі» өрісті тұстар концептінің негізгі, басты элементін құрайды. Концептінің «ішкі» тұсы берілген сөздің барлық қолданылымының прототиптік мағынасының тірегі, ал «сыртқы тұс» оның барлық мағыналарының категоризациясының үлгісі қызметін атқарады. Концепт түсінікті қамтиды, бірақ онымен тамамдалмайды, керісінше сөздің жалпы мазмұнын қамтиды. Адам «түсінік», «бейне», «құндылықтар», «пікірлер» әлемінде өмір сүріп, соларға сүйене отырып, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасайды, ой әлемінде де концептілер арқылы әрекет етеді..
Концепт пен түсінік сөздері тек ішкі қалыптарымен ғана бірдей: латынша concipere «ұрықталу» етістігінен шыққан conceptus сөзін аударғанда «түсінік» деген мағынаны білдіреді. Ғылыми еңбектерде бұл сөздер кейде синонимдер ретінде бір-бірінің орнын басады. Алайда бұл жағдай өте сирек қолданылатындықтан қазіргі таңда аталған ұғымдар анық шектелген. Өйткені, концепт пен түсінік әртүрлі ғылымдардың термині болып табылады. Түсінік термині көбінесе логика, философия секілді ғылымдарда қолданылады. Концепт термині қазақ тіл білімінде 90-жылдардың басынан белсенді қолданыла басталды және мәдениеттануда бекіді.
Концептінің негізгі сипаты тіл мен мәдениетті зерттеуге тірек бола тұра, өзі не тілдік, не мәдени салаға, не бір уақытта олардың екеуіне де жатпайтындығы болып табылады. Концепт – бұл таным элементі, ментальды бірлік. Концепт нысанның бар белгілерін сипаттаушы мәнмен байланысты. Кез келген концепт мазмұны жағынан бай және мәдениет әлемімен тығыз байланысты болады. Әр халықтың әлем туралы тілдік бейнесінде отыз-қырықтай концепт болады. Барлық концептіде түрлі дәуірлер мен уақыттар туыдырған ойлар мен пікірлердің табы сақталады. «Концепт – бұл адам санасында ұйыған мәдениет. Басқа қырынан алғанда концепт – бұл адамның өзі мәдениетке енетін, тіпті кей жағдайларда мәдениетке ықпал етуші құралы». Академик Ю.С.Степанов ұсынған бұл анықтама концептіні мәдени-менталды-тілдік бірлік ретінде зерттеуге негіз береді. Концептінің түсініктен айырмашылығы концепт ойланылады және бастан кешіріледі. Концепт – бұл көңіл-күй, ұнату мен жиреніш, кейде қайшылықтар құралы. Жоғарыда қарастырылған анықтамалар бір-бірін жоққа шығарушы болып табылмайды, олар тек концепт қалыптасуының түрлі әдістеріне баса назар аударады. Осылайша концептінің қалыптасу барысы адамның болмысты танудағы білім нәтижелерінің санада сығымдалып қордалануы және дінде, идеологияда, өнерде, т.б. бейнеленген мәдени құндылықтармен ара қатынасы .
Концепт мәдениетті жинақтау,өңдеу, сұрыптау, сақтау, табыстау бірлігі боып табылады. Сондықтан ол өзге ментальды бірліктерден ерекшеленіп, өзіне тек ұлт үшін мәнді құрамдарды қамтиды. Концепт жиынтығын сипаттау құндылықтар жүйесін сараптауға мүмкіндік туғызады. Тек бағалау нысаны болып табылатын шынайы болмыс құбылысы концептіні тудыруға негіз болады. Өйткені нысанды бағалау үшін адам оны өз басынан «кешуі» керек, ал «кешу» мен бағалау кезеңі мәдениет иесі танымында қандай да бір концептіні тудырушы кезең болып табылады. Концепт құрамына мәнді құрамдардан басқа, бейнелі және зейінді элементтер енеді. Зейінді элемент шынайы немесе жорамалдағы нысан туралы шындыққа негізделген ақпараттар арқылы қалыптасады. Концептінің бейнелі құрамы болмыс танымы тәсілімен байланысты. Аталған элементке тілде бекіген барлық аңғырт көріністер; концептіні сипаттайтын тілдің ішкі қалыптары; «орнықты бейнелер» енеді.
Сонымен, концептінің бірнеше ерекшеліктерін атап көрсетсек, концепт – бұл қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін, тек санадағы нәрселердің өзара байланысын анықтаушы ментальды репрезентация; ол – ойланылатын, сезім тудыратын, бастан кешірілетін бірліктер; концепт сөз атты қауызбен қапталынылады.
Концептілер тілдік тұлғаның жеке танымында да, тілдік топтың ұжымдық танымында да жүзеге асады. Концепт адамзат тәжірибесін сипаттайтын ақпараттық құрылым мен сана бірлігі болып табылады. Сана тәжірибені қалыптастырады. Сана мен тәжірибе ұжымдық та, жеке де бола береді. Олай болса, жеке және ұжымдық концептілер бар деп айтуға болады. Ал ұжымдық концептілер өз кезегінде микротоптас, макротоптас, ұлттық, өркендеуші, жалпы адамзаттық болып бөлінеді. Концептінің екі тобы да зерттеушілер үшін өзінше қызықты болып табылады. Дегенмен, ұжымдық концептіге қарағанда жеке концептілердің бай әрі сан қырлы болатындығын айта кету қажет. Өйткені ұжымдық сана мен жинақталған тәжірибе негізінде сол ұжымға енетін жеке тұлғалар жаңа тәжірибе мен сананың шартты туындысын береді.
Басқа қырынан алғанда, ұжымдық концептілер де едәуір қызықты болып табылады, өйткені дәл солар ұжымдық санада жалпы білімді (бейнелер, нанымдар, жорамалдар, үміттер және т.б.) қалыптастырады.
Концептологияның ең басты сұрақтарының бірі тіл бірліктері мен концетілердің байланысы туралы мәселе болып табылады. Сөз бен концепт жалпы көрініске ие деген пікір, концепт – бұл сөз және сөз емес деген кереғар пайымдауға негіз болып, ғылыми талас тудырады. Ұлттық мәдениеттің кейбір сөз-концептілердің суреттелуі сол мәдениеттің концептілерімен байланысты болуы мүмкін. Зерттелініп отырған сөздің басқа сөзге қатысын сипаттай отырып біз қызықтырушы сөздің жарым-жартылай түсіндірмесін аламыз. «Сөз» бен «концепт» терминдері А.Вежбицкаяда бірінің орнын бірі басушы болып табылады. Ол мынадай түсініктерді енгізді: «концепт-минимум – бұл қатардағы тіл иесіне тән сөздің мағынасына жартылай ие болуы» және «концепт-максимум – сөз мағынасына толықтай ие болуы». С.А.Аскольдов концепт сөзге сәйкес келеді десе, Д.С.Лихачев әрбір жеке концепт үшін жеке сөздік мағыналар бар деп бекітеді. Әр концептіге нақты лексикалық бірлікті сәйкестендіру міндетті болмайды. Бұндай жағдайдың болуы да мүмкін емес, өйткені ой мен сөздің арасында сай келмеушілік бар. Мысалы, орыс тіліндегі «синий» мен «голубой» сөздеріне ағылшынның «blue» сөзі сай келеді, алайда бұл жағдай ағылшындар осы түстерді ажырата алмайды дегенді білдірмейді..
Тілдік белгілер қарым-қатынас барысында концептіні күшейтуші, жандандыра түсуші құрылғының қызметін атқарады. Концептіні толық көлемде және жалпы пішінде сипаттаушы тілдік бірліктер бар. Мұндай бірліктер концептінің атауы болып табылады. Дегенмен концепт атауы – бұл концептінің жалғыз күшейткіш құралы ғана емес. Кез келген концепт түрлі тілдік пішінде жүзеге асуға қабілеттілігімен сипатталады. Концептінің сөзде таңбалануы көп көріністі болған сайын бұл концепт ескі болып табылады. Сонымен қоса аталған тілдік ұжым шеңберінде оның құны мен маңыздылығы арта түседі.
Санада сақталған, жеке ұлттың сүйегіне сіңген, қанында , жанында бар концептілердің өміршеңдігінің айғағы сол тілде сақталған тілдік бірліктердің /фразеологизмдер мен паремиялардың/ мол болуы деп санаймыз. Концепт өзінің тіршілігі барысында кейбір тілдік бірліктермен байланысын үзуі, сонымен қатар өзіне жаңасын тартуы мүмкін. Сонымен, концепт сананың жемісі, идеалды құрылым, ол мәдениетте негізделіп, тілде таңбаланады, затталады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Арутюнова Н.Д. Язык и мир человека. М., 1993.
2. Фрумкина Р.М. Цвет, мысл, сходство: Аспекты психолингвистического анализа. М.: Наука, 1984.
3. Берестнев Г.И. О новой «реальности» языкознания // Филолоогические науки, 1997.
4. Сергеева Е.В. Интерпретация термина «концепт» в современной лингвистике. М., 1998.
5. Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка //Известия РАН. Серия литературы и языка. Т.52, №1, 1983.
6. Аскольдов С.А. Концепт и слово. От теории словесности к структуре текста. Антология. М., 1980.
7. Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурный аспекты. М., 1996.
8.Кубрякова Е.С. Демьянков В.З. Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г. Краткий соварь когнитивных терминов. М., 1996.