ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ
ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Өріккүл САНДЫҚБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ізденушісі

ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ
ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақ халқы қашаннан бала тәрбиесіне, ұрпақтың дұрыс қалыптасуына ерекше мән берген. Сондықтан баланы бастан тәрбиелеу керек деген даналық сөз қалдырған. Жастарды ел болашағы ретінде жасынан қайратты, қайырымды, ақылды, адал, әділ, өнерлі етіп өсіру мәселесі қай кезде де айрықша мәселе болған [1].
Қоғамның қалыптасуы мен мемлекеттің өркениеттілігін арттыру үшін ондағы адамдардың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жетілген болуына баса назар аударылады. Бұл тұрғыда, біздің еліміздің болашағы жастардың белсенділігі қандай бағытта дамуы керектігі өзекті мәселелердің бірі екені даусыз.
Адамзат тарихына үңілсек, діннің пайда болуы, өнердің қалыптасуы, мәдениеттердің туындауы, өркениеттілікке ұмтылыс сияқты адамзаттың дәрежелердің астарында адамның түпкі рухани сұранысы жатыр. Сондықтан ең бастысы адамзат үшін рухани дамудың орны ерекше. Рухани дамуға анықтама берген С.Е. Нұрмұратов: «Рухани даму – ол күнделікті асулардан адам деген атқа лайықты түрде өте білу», – дейді [2]. Нәпсіқұмарлық, пайдакүнемдік, мансапқорлық және т.б. адамның шынайы табиғатына жат келетін қасиеттер қазіргі заманда адамның болмысын билеп алған. Міне осыдан арылуға тырысқан адам – рухани дамудың алғашқы қадамдарын жасауға талаптанған адам деген тұжырым жасайды.
Ежелден қалыптасқан рухани қазынамызды, дала өркениеті мен қазіргі әлемдік өркениеттің үндесе, үйлесімді дамуын ғылыми негіздерге бағыттай отырып қарастыру заманның талабынан туындайды. Ел ішіндегі осындай шаралардың көрінісі – жастардың патриоттық сезімінің оянуы, сананың қалыптасып келе жатқаны. Тарихшылардың айтуы бойынша, жалпы тарихи сана, қоғамдық саналардың бір түрі әрі тарихи процестердің рухани жағы нақты іс-әрекеттерден туындайтын категория болып табылады. Ал қазір, рухани тұрғыдан толыққанды азаматтарды қалыптастырудағы елеулі шаралардың бірі өткенді жаңғыртатын отандық тарихтың, ұлттық-рухани құндылықтардың әртүрлі деңгейдегі оқу орындарында оқытыла бастауы болып отыр.
Еліміздің тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде алыс-жақын шетелдермен тығыз экономикалык, саяси және мәдени қарым-қатынас орнату барысында ұлттық мүддемізге тоғыспайтын көптеген жат қылықтар мен сенім негіздерінің дендеп енуі жастардың тәрбиелік бағдарына барынша кері ықпал жасауда.
Бүгінгі таңда шындығында да әр елге тиімді, аймақтық, ұлттық тұрақтылық пен қауіпсіздігін, күрделі мәселерді шешуге көмектесетін стратегия қажет. Мәселенің, өзектілігі, геосаяси ахуалдан туындаған этникалық және мәдени өркениеттіліктің даму факторларымен байланысты. Өздігімізге оралудағы үрдісте даму бағытымыз көп жақты болып кеткендігін ескеруіміз қажет. Елімізде және көрші елдерде де, әсіресе, жастардың дүниетанымы, біреулері тарихи санадан көзін тауып, өмірлік ұстанымдарын дәстүрге бағыттаса, екінші біреулері білім беру саласынан батыстық үлгіде келе жатқандықтан, еуропалық үлгіде дамуда. Осыған байланысты жастардың көпшілігі өркениеттілік деп түсінетін үлгіден қалыс қалмауға тырысады. Мұның белгісі ретінде тіл мәселесін көрсетуге болады. Енді бір жағынан тарихтан халқымыздың рухани өмірінде елеулі орын алған дін мәселесі қабаттасып отыр. Әсіресе ислам мәдениеті барлығымызды мұсылмандық өнегелік өсиеттерінің негізін қазіргі жағдайда даму үрдісіне үңілуге мәжбүрлеуде. Кейбір «исламдық» зиянды ағымдардың ел ішін араздастыруға бел буғандығы халықтың тұтастығы мен мемлекеттің тәуелсіздігіне төнген үлкен қауіп деп түсінген жөн. Қазіргі кездегі терроризм, діни фундаментализм, экстримизм сияқты халқымызға бұрыннан жат ұғымдардың әлемдік саясаттың күн тәртібінен түспеуі, сол ұйымдардың қатарынан жастардың көптеп орын алуы мәселесі алаңдаушылық тудырары сөзсіз. Сондықтан қазақ жастарының белсендігі қандай бағытта дамығаны дұрыс деген сауалға ойлана отырып жауап беру қажет.
Қазақстан Республикасындағы қазіргі жағдайға келер болсақ; әртүрлі этникалық және көп конфессиялық көрсеткіштер, елді демократиялық бағытта дамуға ықпал етуде. Діни сенімге қызығушылық қоғамның әр тобында оянды. Дәстүрлі діндер мен дәстүрлі емес ағымдар жаппай миссионерлік сарында қызметтерін жалғастыруда. Бұлар елдің жас буынына басым бағыт береді. Себебі олар елдің болашағы жастардың қолында екендігін біледі.
Еліміздің мәдениетінің дамуында өмірімізде ерекше орны бар өзгерістер басталды. Аз ғана уақытта асқан асуларымыз, алған белестеріміз, қол жеткізген табыстарымыз, рухани жетістіктеріміз де аз емес. Мұның жас ұрпақ үшін маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда әр азаматтың өзін жас ұрпақтың алдында жақсы, ұнамды жағынан көрсете білуге ұмтылып, оны жақсылық пен адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баули білсек, болашағымыздың дұрыс бағытта болатындығы шындық. Төл мәдениетімізге қайта мойын бұрған кезеңде жастардың ойдағыдай қалыптасуына кедергі болатын жайттар да аз емес. Олар – ана тіліне шорқақтық, салт-дәстүрге менсінбей қарауы. Осының нәтижесінде ата-ана мен баланың арасындағы құрмет пен түсіністік азайып, отбасын құрудағы кемшіліктер, ажырасулар, жетім балалардың көбеюі сияқты сүреңсіздіктер етек алып барады. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері салт-дәстүрге мұқият қараған.
Халық арасындағы сыйластық, кішіпейілділік, жомарттық, ізеттілік сияқты тәрбиелік ұғымдарды батыстық өркениеттен іздей алмаймыз. Сондықтан батыстан да халқымыздың игілігіне қажетті дүниелерді ғана сұрыптап алу қажет деп санаймыз.
Ж. Мүтәліпов: «Сырттай қарағанда Шығыс пен Батыстың өзара ұқсастықтары жоқ сияқты болып көрінуі де ғажап емес. Оның басты себебі, рухани мәдениет туындыларынан бастап олардың тұрмыс-салтындағы, дүниетанымындағы, салт-дәстүрлеріндегі, наным-сенімдеріндегі және т.б. кейбір алшақтықтардың бірден көзге түсетіндігінде болуы керек. Ендеше әлемдік мәдениет пен өркениет проблемаларымен шұғылданып жүрген ғалымдар Шығыс пен Батыс мәдениетінің арасында орын алған қарама-қайшылықтарды баса көрсете бермей, «жалпы адамзаттық мәдениетті» қалыптастыру мақсатында жүзеге асырып жатқан ғылыми талпыныстарға, игі шараларға өз үлестерін қоса білсе нұр үстіне нұр болар еді» деген тұжырым жасайды [3].
Алайда Батыстың ғылым мен технологиясымен қатар Шығыста басты басымдық болып саналатын адамгершілік ұстанымдардың да дендеп кіріп жатқаны белгілі. Сондықтан мемлекеттің өсіп-өркендеуінде тек қана материалдық игіліктер жеткіліксіз болады. Әсіресе, әлемдік деңгейде жаһандану үрдісіне қарсы тұру мүмкін емес. Сондықтан біздің еліміз сияқты халқы аз әрі саяси бодандықтан жақында ғана босаған мемлекеттер үшін өзінің ұлттық-рухани ерекшеліктерін сақтай отырып қана ұлттық, елдік, мемлекеттік тәуелсіздігін сақтап қалуға болатындығын айта кеткен дұрыс. Қазіргі кезде оның бір көрінісі – «Мәдени мұра» бағдарламасы.
Жоғарыда айтылғандардан жастар, тек өз халқының мәдени, рухани құндылықтарын дәріптеу керек деген сөз емес. Халқының ұлттық ерекшеліктерін құрметтеп, оны өз бойына сіңіре отырып, басқалардың құндылықтарына да силастықпен қарау адамзаттың жоғары нышаны, құндылығы, адамгершілігі болып табылады. Біздің көздеген мақсатымыз, жастарға мәдениеттің не екендігін үйретіп, өзге халықтармен ынтымақты қарым-қатынас жасауға, салтын құрметтеуге, бейбітшілікке баулу. Мәдениет – кез келген халықтың айнасы.
Жастар үшін назарда ұстайтын мәселелердің бірі, шетелде білім алатын мамандардың өз ұлттық құндылықтарын дәріптеуі болып табылады. Олай дейтініміз, діни-мәдени салада білім алатын түлектер шетелдердің салтын, санасын бойларына сіңіреді, елге оралғаннан кейін сол қалпында басқаларды үйретуге, талпынуға құштар келеді. Сондықтан әрбір азамат елдің мәдени, діни, экономикалық мүддесі тұрғысынан қараса, өте орынды болар еді. Басқаша айтқанда, елдік мүдде, тәуелсіздік, мемлекеттілік барлық діни салттан, сенімдерден әрқашан жоғары тұруы керек. Әсіресе, Қазақстан Республикасының заңдарының осал тұстарын пайдалана отырып, жат сенімдер мен өмірлік қағидаттарын, мәдениетін енгізуге тырысу, тек жеке топтық мүддеге қызмет ету азаматтылыққа сай келмейді.
Сондықтан жан-жақты жетілген адам мәселесі – бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда өзінің маңыздылығын жоймаған өзекті мәселелердің бірі. Соңы жылдары біздің елімізде, жалпы дүниежүзіндегі түбегейлі өзгерістерге байланысты бұрыңғы құндылықтар өзінің мән-мағынасын жойса, жаңа құндылықтар әлі бой көтере алған жоқ. Тек саяси-әлеуметтік немесе экономиикалық емес, рухани өмір тұғысынан да қазіргі жағдайда өмір сүріп жатқан біздің ел үшін бүгінгі күн талабына сәйкес келетін жан-жақты жетілген адамды немесе ұлы Абай айтқандай «толық адамды» тәрбиелеу қазіргі Қазақстан үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады [4].
Адамның бүкіл жануарлар дүниесінен негізгі ерекшелігі – адам өзінің бүкіл өмірінің барысында өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек деген пікірді толықтырар болсақ, адамды жануарлардан даралайтын құндылықтар шеңберінде, ұлттық салтқа сай жетілдіру деп түсінгеніміз жөн. Ал дұрыс бағытты адам жастық шағынан бастағанда ғана толыққанды жетілген адам деңгейіне көтерілуге мүмкіндігі болары сөзсіз. Шығыс халықтарында адамның адамдық деңгейі оның рухани жетілгендігімен өлшенетіндігі де осы жетілген адам, толық адам деңгейіне ұмтылуға қолғабыс етері даусыз. Сондықтан жас буынды барынша рухани, құндылықтық тұрғыдан тәрбиелеу оларға дұрыс бағдар беру болашаққа сеніммен қараудың басты тетігіне айналуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, Отанына опасыздық жасайтын, барлық рухани құндылықтарды материалдық байлыққа ойланбастан айырбастайтын, білімділікті адамгершіліктен жоғары қоятын ұрпақ жетілетіні шындық.
Елімізде жаңа азаматтықты қалыптастыру процесі – мемлекеттіктің негізгі басты ең бір көкейкесті, өзекті мәселелерінің бірі. Соның ішінде жастар арасындағы мемлекет, тәуелсіздік ұғымдарының мәніне ерекше көңіл бөлу. Қазақстанның гүлденуі, прогрессивті тұрғыда алға жылжуы көбінесе, сол мемлекеттің гүлденуіне, жастардың қандай қарқынмен, қандай азаматтық көзқараспен қатысуына, алдағы жас ұрпақтың санасында азаматтық тұрғыдағы басым құндылықтарға байланысты болмақ.
Жалпы жастардың құлықтары, олардың тұжырым, болжамдары азаматтық байланысқа және өзіндік түсінігіне қарап белгілі болады. Қандай да болмасын қоғамның жалпы міндеттерінің бірі – болашақ жастардың ұлттық, адамзаттық, қоғамдық құндылықтарды ұстана отырып, халықтың бірлігі мен елдің тәуелсіздігіне басымдық беруге оларды баулу, осы бағыттағы әлеуметтік-мәдени шараларға көңіл бөлу жастардың құндылықтық бағдарын анықтауға жәрдемдесу болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маданов Х. Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері. – Алматы: «Қаржы қаражат», 1995. – 136 — б.
2. Нұрмұратов С.Е. Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік философиялық талдау. – Алматы, 2000. – 62 — б.
3. Мүтәліпов Ж. Шығыс пен батыстың арақатынасы туралы мәдениеттанымдық ұстанымдардың қалыптасуы // Әл-Фараби философиялық-саясаттанулық және рухани-танымдық журнал / 2006 №2 (14), — 29 — б.
4. Байтенова Н.Ж. Шығыс философиясында жан-жақты жетілген адам ілімінің өзіндік ерекшеліктері. // Қазіргі заман адамының рухани ізденісі / халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы, 2006. – 18-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *