АС-СЫҒАНАҚИ – АРАБ ТІЛІ
ГРАММАТИКАСЫН ЗЕРТТЕУШІ

Шамшәдин КЕРІМ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры

АС-СЫҒАНАҚИ – АРАБ ТІЛІ
ГРАММАТИКАСЫН ЗЕРТТЕУШІ

Әл-Хүсейн бин Әли бин Хұжжаж бин Әли Хусам әд-Дин ас-Сығанақи (1314 жылы дүниеден өткен) – исламтану, фиһқ, усул-фиһқ, ақида саласындағы үлкен дін оқымыстысы болумен қатар, араб тілі жайлы қалам тартқан лингвист. Бұған дәлел-айғақ ретінде ғалымның еңбектерін айта аламыз. Бізге ғұламаның тілтану бойынша үш шығарма жазғаны белгілі болып отыр. Олар:
1. «Муассил фи шарх ал-Муфассал» – аз-Замахшаридің араб тілі грамматикасы туралы кітабына жазған түсінігі. Әбу ал – Қасым Махмұд ибн Омар аз-Замахшари /1075-1143/ атақты оқымысты, филолог. Оның қысқаша «әл-Муфассал» атпен белгілі «әл-Муфассал фи санат-ил ирааб» (грамматика туралы егжей-тегжейлі кітап) 1119-1121 жылдары жазылған. Аса танымал бұл еңбекте араб тілінің грамматикасы барынша толық түсіндірілген. Кітапқа жасалған шархтар өте көп.
2. «Ан-Нажах ат-Тали тилуа ал-марах» араб тілінің морфологиясы хақындағы кітап.
3. «Китаб-ул-Мухтасар» – морфология ілімінен қысқартылған кітап. Морфологиясы турасындағы жұмыстарды санамалайтын «әл-һидая», «әл-Кашф» атты кітаптарда бұл еңбек туралы мәлімет келтірілмеген. Тек ас-Сығанақидің жоғарыда аталған «ан-Нажахының» алғы сөзінен оның осындай кітабы болғандығын білеміз. Алайда оқымыстының бұл кітабы сақталды ма, сақталмады ма, ол анық емес. Дегенмен алдындағы екі кітабының қолжазбалары сақталған. Оқымыстының екі еңбегі де соңғы кезде жеке-жеке арнайы зерттеу өзегіне айналды. Соның нәтижесінде Сауд Арабия Корольдығы Мекке қаласындағы Уммул-Қура университетінің араб тілі факультетінде докторлық және магистрлік дәреже алу үшін дисертациялық жұмыс жазылып қорғалды. Алғашқысы – Ахмад Хасан Насрдың «Муассил фи шарх ал-Муфассал» хақындағы 1998 жылы қорғалған докторлық диссертациясы [1], екіншісі – «ан-Нажах» турасындағы Әбду Аллаһ Осман Әбдур Рахман Сұлтанның 1993-1994 оқу жылындағы магистрлік жұмысы [2].
Біз бұл мақаламызда ғұламаның екінші кітабына ғана сөз етпекпіз. Еңбектің толық аты қолжазба нұсқалардың сыртқы беттерінде екі түрде беріледі: біріншісі – «Китабу-н–Нажах фи илми-с-сарф», екіншісі-«ан-Нажах ат-Тали тилуа ал-марах». «Нажах» араб тілінде «жетістік, табыс» деген мағынада, яғни бірінші атын қазақшалағанымызда «Морфология іліміндегі табыс кітабы», ал екіншісі «Марахтан» кейінгі келген табыс» болады. «Марах» сөзіне келсек, Ахмад бин Әли бин Масудтың «Марах-ул-аруах» атты қысқартылған морфология жайлы кітабына байланысты қойылған. Бұдан әрі кітапты қысқартылған атымен «ан-Нажах» деп береміз. Себебі «ан-Нажахты» зерттеген Әбду Аллаһ Осман Әбду Рахман Сұлтанның сөзіне қарағанда, ас-Сығанақи мен Ахмад бин Әли бин Масудтың морфологиялық еңбектерінің мәтіндеріндегі үндестік айқын. Демек ас-Сығанақиге аталған кітабын жазуда «Марах-ул-аруақтың» ерекше ықпалы тиген. Ол өз ізашарының бірде сөз тіркестерін пайдаланса, кейде оны кеңейтіп, мысалдармен анықтай түседі немесе кейбір бөлімдерін түсіндіреді. Осы тұста «ан-Нажахтың» толық аты қолжазбалардың сыртқы беттерінде екі түрде жазылғандықтан кейбір зерттеушілер шатасып, айталмыш туындыны жеке-жеке екі еңбек деп санап жүргендігін айтып кеткен жөн.
Әбду Аллаһ Осман Әбду Рахман Сұлтан Шастарбти кітапханасындағы және Түркияның Улуд-дин көшірмесіне сипаттама берген. Біз Түркия кітапханаларында «ан-Нажахтың» басқа да нұсқалары бар екенін анықтадық. Дәлірек айтсақ, Сүлеймания мен Баязит мемлекеттік кітапханаларынан, Стамбул Орталық кітапханаларынан табылды. Сүлеймания кітапханасында сақталған нұсқаның Әбду Аллаһ Осман Әбду Рахман Сұлтан сипаттаған екі нұсқамен салыстырғанымызда, Түркияның Улид-дин кітапханасындағы деген екінші нұсқамен бір екеніне көз жеткіздік. Меніңше ол кітапхана атын шатыстырып отырған сияқты, себебі Түркияда «Улид-дин» деген кітапхана жоқ.
Ас-Сығанақи осы шығармасын жазу кезінде әртүрлі қайнаркөздерге, әдебиеттерге табан тіреп, жүгінген. Олар – негізінен шархтар, грамматика, морфология саласындағы кітаптар. Олардың бастыларына тоқталып өтсек, атақты ғалым, филолог, әдебиетші аз-Замахшаридің кітаптары: «әл-Муфассал фи санаат ил-ираб», «Муқаддимат ал-адаб» атты араб тілінің түсіндірме сөздігі, «әл-Кашшаф ән-хақаиқ ит-танзил» атты Құран Кәрімге тәпсірі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ахмад бин Әли бин Масудтың «Марах–ул-аруах» атты қысқартылған морфологиялық кітабы мен «ан-Нажахтың» арасында сәйкестік анық байқалады. Ас-Сығанақиге тіл саласындағы Ахмад бин Мұхаммад Майданидің «Нузһат ут-Тарф фил илим-ис Сарф» мен Әбд-Ар-Рахман ибн Әнбаридің «ан-Инсаб фи масаил-ил-хилаф» атты жұмыстарының тигізген әсері көзге ұрады. Оқымысты Басра мектебінің көрнекті өкілі Әбу Бишар Әмр ибн Усман ибн Қанбар Сибауейһидің (753-756 жылдар шамасында дүниеден өткен) араб тілінің грамматикасын тұңғыш байыпты, кең сипаттап шыққан атақты «Китабын» да пайдаланған. Сибауейһидің өзінен бұрынғы филолог әл-Халил ибн Ахмадтан дәріс кезінде естіген пікірлерді келтіріп, оның ұстанымын дамытқаны, сөйтіп бір жүйеге түсіргені мәлім. Ас-Сығанақидің «ан-Нажахта» көп сүйенгені – аз-Замахшаридің жоғарыда көрсетілген «әл-Муфассалына» жасалған түсіндірмелер. Сол шархтар қатарында ашық айтпаса да өзінің «әл-Муассалының» кейбір мәтіндерін қолданады. Сондай-ақ әл-Фахур-уд-Дин әл-Асфандәридің «әл-Муфассалды» түсін-дірген «әл-Муқтәбәса фи мә илтәмә фи шарх-л Муфассал» атты кітабын үш жерде қолданғанымен, тек бір тұста ғана кімнен алып отырғанын атап өтеді. Әл-Асфанәридің толық аты-жөні – Әбу Асим Әли ибн Омар ибн әл-Халил Әли-әл Фахур-уд-Дин әл-Асфандәри. (1298 жылы дүниеден өткен). «һадиятул-арифинде» ол туралы: «шақырылған фақиһ (шариғатшы). Әсфижар қаласынан, Әсфижар – Мәуреннаһрдегі үлкен қала» деген мәліметті ұшыратамыз. Зерттеушілер әл-Асфандәриді ас-Сығанақидің тәлім алған ұстаздардың санатына қосады. Ас-Сығанақи 1293 жылы әл-Асфандәримен Кас қаласында кездескен. Ал-Асфандәри одан ғылыми атағына лайықты куәлік жазып беруін өтінген. Алайда ас-Сығанақи оның ғылыми мәртебесін жоғары санап, куәлік жазуды ыңғайсыз көреді. Дегенмен ал-Асфандәри одан қайта-қайта сұраған соң ас-Сығанақи оның өтінішін қанағаттандырады.
«Ан-Нажахта» автор иек артқан «Муфассал» шархтарының бірі – әл-Жендидің «Ақидул фи шарх Муфассал» «Муфассалды» түсіндіру кілті [3]. Әл-Женди – Сыр бойындағы ескі шаһарлардың бірі Женттің тумасы, әдебиетші, тілші ғалым, 1300 жылы дүниеден өткен, толық аты-жөні. Ахмад бин Мухаммад бин Умар бин Қасим Шараф-ад-Дин. «Ан-Нажахта» негізінен етістік, оның формалары, жіктелуі жайында баяндалады. Әр бөлімнің соңында етістіктердегі әлсіз әріптердің орны, бір әріптің екінші әріпке айналуы, әріптердің белгілі бір себептермен түсіп қалуы арқылы болатын жайттарды мысал келтіре отырып, жан – жақты түсіндірілген. Сондай-ақ етістікті жіктеу барысында алуан түрдегі өзгеретін және өзгермейтін жағдайларын, жасалу формаларын көрсеткен. Ал есім сөздердің формаларына тек маңызды болған жағдайларда ғана қозғалған. Оқымысты алғы сөзінен кейін морфологиялық жіктелудің маңыздылығын, бір сөзден бірнеше сөз тіркестерін жасауға болатындығын, етістіктің білудің қажеттілігін айтады.
Кітап етістіктің жеті түрлі формасына арналған жеті бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Дұрыс етістіктер» өзек болған. Етістіктің «фә», «айн», «ләм» әріптері әлсіз, қосарланған және һамзалы әріптерсіз келетіндігін растайды. Бөлімде етістіктің өткен шақ, осы шақ, бұйрық райдағы үш түрде келуі, олардың өзгеретін, өзгермейтін себептері дәлелмен, ғалымдардың тұжырымдармен байыпталады. «Рафғ» не «насб» есімдіктері болмаса да, өткен шаққа байланысатын есімдіктер аталады. Осы шақтың «әл-Фаил» есіміне ұқсастығы, осы шақ пен келер шақтың қатынасы, айырмашылықтары сараланған. «Нун ән-Нисуа әйел тегіне қолданылатын нун» әрпі және «нуна әт-такид екілік түрге қолданылатын нун» әрпі әріптерінің жасалу жолдарына тоқталады.
Осы шақтың жасалу жолын, «алиф», «нун», «йа», «та» әріптерінің бірімен алдымен басталуының себебін анықтаған сынды «бес етістікте» «алиф», «уау», «йа» әріптерімен қоса өзгеретіндігі сөз болған. Бөлімде бұйрық райдың осы етістігінен пайда болатын сөз тіркестері де ескерілген.
Егер осы шақтағы етістіктің екінші әрпі «сукунды» болса, онда дауысты қозғағыш «һәмзә» әрпінің қосылатына да тілге тиек етілген. Бұйрық рай етістіктері өзгермейді дегенді ескерте отырып, Басра мектебі ғалымдарының тұжырымдарындағы айырмашылықтарды келтіреді. Одан әрі бұйрық райдың ауыр және жеңіл «нун» әрпімен бекітілетіндігін құптайды. Оның белгісіз етістіктерді артынан ілестіретінін айтады. Белгілі етістік кезіндегі формасында өзгертуге болады деп түйеді. Бөлімде «әл-Фаил» есімі және үш әрніптен тұратын басқа етістіктер туралы да оқи аламыз. «Әл-Мафғул» етістігі есімінің формалары мысалмен бірге сипатталады.
«Қосарланған етістіктері» атты екінші бөлімде қосарлану жолын пайдалану және одан бас тартатын уақыт турасында табамыз. Үшінші бөлімде «Мысал етістіктердің» бес баппен келетіндігі еске салынады. Төртінші бөлімде «Бос етістіктердің» түрлі баптарда келетінін өзек еткен. Өзіне тең жоқ, әлсіз әріптердің алуан түрге иеленетініне, бос өткен шақ етістігінде әлсіз, ауысатын әріптерге тоқталады. Сондай-ақ осы шақ, бұйрық рай, «әл-Фаил», «әл-Мафғул» есімі хақында сөз қозғайды.«Әл-Мафғул» есімінен «уау» әрпінің түсіп қалатындығы мәселесіне қатысты тілші ғалымдар Сибайеуһи мен Ахфаштың пікірлеріндегі өзгешеліктерді айқындайды. Бесінші бөлімде «жеткіліксіз етістіктер» әлсіз әріптер жағынан түсіндіріледі. Сөздің үш түрлі айтылуына байланысты, оны жеңілдету үшін «уау» және «йа» әріптері сукунды болатындығы дәлелмен тұжырымдалады. Сондай-ақ бос етістіктердегі әлсіз әріптердің жәзимімен бірге түсіп қалуы себебі қарастырылады. Осы шақ, бұйрық рай, «әл-Фаил», «әл-Мафғуль» есімі жайында, «өзгермейтін белгісіз етістігінің» қағидасын ұсынады. Алтыншы бөлімде «қос бұрыс етістіктер» «бөлінген», «қосарланған» деп екіге топтастырылады.
Осы бөлімде бұйрық рай, «әл-Фаил» есімі мен «әл-Мафғул» есімі, өзгермейтін белгісіз етістігіне мысалдар келтірілген. «Екі нун әт-Таакидтің екілік түрге қолданылатын нун» де ескерусіз қалмаған. Жетінші бөлімде «һамзалы етістіктер» түрлері қысқаша айтылып, һамзаның үкімдері, жеңілдетілуі, өзгеруі мен жұмсақтығы сөз болған. Осы шақ пен бұйрық райға мысалдар келтірілген соң, «әл-Фаил» есімі мен «әл-Мафғул» есімі, өзгермейтін белгісіз етістікке назар аударылған. Одан әрі бөлімде һамзалы «фа», «айн», «ләм» әріптері, һамзаның сөз басында, ортасында, аяғында жазылуы жолдарын келтіреді. Әріптердің ауысуы мен әлсіздігі, оның «уау», «йа» не «алиф» әріптеріне тигізер әсері туралы морфологиялық мәселелерге үңіледі. Харакаттарды беруге байланысты араб тілі мектептерінің ұстанымдарын айтып, оның не дауысты, не дауыссыз күйінде жазылатындығын атап өтеді.
Дәстүрлі араб тілі білімінде екі ірі: Басра және Куфа мектептері болғаны мәлім. Ас-Сығанақи аталған екі мектептің ішінен басралық жолды бағдар етіп ұстанған. Оның айғағы ғалым лингвистикалық бір мәселелер де «оларда мынандай, бізде мынандай», – деп екі жақтың да ойларын қатарластыра келтіреді, «оларда» дегені – Куфа, ал «бізде» дегені – Басра мектебі жолындағыларды меңзегені. Десек те оқымысты басралықтардың кейбір тілдік мәселелерге қатысты тұжырымдарын түгелдей қабылдай бермейді, керісінше күмән тудырған көзқарасқа қарсы жауап қатып, талқыға салып, өз қисындарын дәлелдейді. Хусам әд-Дин өзінің алдындағы мол ғылыми теориялық жетістіктерінен жеті іс игере отырып, басралық мектептік әдістемесіне арқа сүйеп, белгілі орныққан үрдісті жалғастырушы, дамытушы ғалым болған. Сол себепті «ан-Нажахтағы» пайымдауларды араб грамматистерінің озық дәстүрінен, тәжірибесінен бөле-жара бөлек дүние деп қарау жөнсіздеу. Кейбір мәселелерде Куфа мектебінің пікірлерін қуаттап отыруы ас-Сығанақидің бір ғана бағыттың көзқарасына тәуелді болып қалмағандығын, ізденіс үстінде еркіндікке бойұрғанын, қалыптан тыс өзінше ой түйген тілші болғанын байқатады.

Пайдаланылған әдебиеттер
1 — الموصل في شرح المفصّل للإمام حسين بن على حجاج السغناقي. دراسة وتحقيق. رسالة مقدمة لنيل درجة الدكتوراه في اللغة العربية. أحمد حسن احمد نصر 1998م. المملكة العربية السعودية، جامعة أم القرى مكة المكرمة.
2 — النجاح التالى تلو المراح لحسام الدين السغناقي، تحقيق ودراسة: رسالة مقدمة لنيل درجة الماجستير في النحو والصرف. عبد الله العثمان عبد الرحمن سلطان. العام الدراسي 1412-1414 هـ. المملكة العربية السعودية، جامعة أم القرى مكة المكرمة.
3 — الٌليد شرح المفصل. تأليف تاج الدين أحمد بن محمود بن عمر الجندي. المملكة العربية السعودية. المجلد الأول 2002م.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *