Гүлім ИМАШЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Нұр-Мүбарак университетінің доценті
АРАБ ТІЛІНІҢ АЛҒАШҚЫ КУРСЫН ОҚЫТУДАҒЫ
ТИІМДІ ӘДІСТЕР
Еліміз егемендік алғалы алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынас жасап келеді. Соның ішінде Араб елдерімен де саяси, мәдени, экономикалық тығыз байланыс орнатқан.
Халықаралық қатынастарда тілдің басты міндет атқаратыны даусыз. БҰҰ-ның алты тілінің бірі – араб тілі бүгінде еліміздің аймақтарында оқытылуда. Шет тілі ретінде оқытылатын араб тілінің алғашқы курсын жүргізудегі тиімді әдістерге тоқталсақ. Бұл тілді оқыту барысында араб тілінің практикалық курсы пәні жүреді. Бұл пәнді жүргізу кезінде:
1.Практикалық сабақ;
2.Зертханалық сабақ;
3.Лингофондық сабақ;
4.Өзіндік, бақылау, тіл дамыту сабағы түрлері кездесіп отырады.
Осылардың ішінде – практикалық, лингофондық, зертханалық сабақтар жиі жүргізіледі. Грамматиканы жетік меңгерту үшін практикалық сабақтың грамматикалық сабақ түрі қолданылады.
1. Зертханалық сабақта студенттер оқытушының көмегімен аса күрделі деген нәрселерді үйренеді. Бұл сабақта сұрақ-жауап, салыстырмалы әдістер пайдаланылады. Зертханалық сабақ бір семестрде бір рет ұйымдастырылады.
2. Лингофондық сабақтар жаңа заманғы техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған кабинеттерде (компьютер, аудио-видео таспалар, теледидар) жүреді. Студенттер тілдің интонациясын, әуезділігін қабылдап, бірін-бірі оқығандарын тыңдап, құлақтарын төсілтіп, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу нормаларын мұғалім көмегімен үйренеді.
3. Практикалық сабақ. Пәнді оқытуда жүретін негізгі сабақ болып табылады. Онда екі топқа бөлінетін студенттермен көп жұмыс істеуді оқытушылардан талап етіледі. Практикалық сабақ кешенді әдістер бойынша жүргізіледі. Осы кешенді әдістер өз нәтижесін береді. Жалпы әдіскерлерге белгілі кешенді әдістерден тұратын практикалық сабақтың құрылымы мынадай:
1. Тыңдалым. Мұғалім мәтінді бірнеше рет қайталап оқиды. Егер мүмкіндік болса, бұл мәтінді студенттер жазылған үнтаспадан тыңдайды. Тыңдалымға мұғалімнің өзінен гөрі, басқалардың оқығандарын ұсынғаны абзал, өйткені мұғалімнің даусына үйренушілер бейімделіп кетеді. Бастапқы курстарда жай лайықтап оқу қажет болғанымен, кейіннен тілдің өзіндік нормасы бойынша оқыған дұрыс болады. Сонымен практикалық сабақты, ең алдымен тыңдалымнан бастаған жөн. Тыңдалымға қанша уақыт арнауды мұғалім өзі шешеді. Басында 20-30 минут, соңынан 10-15 минут арнаса жеткілікті.
2. Жазылым. Әдістің бұл түрі жазуға бейімдеу үшін бағытталған. Бұнда алдына ала тыңдалған мәтінді студенттер дәптерлеріне жазады. Егер кітап болмаса мұғалім мәтінді әрқайсысына ұсынады. Бұл жазу кезінде студент күрделі, ерекшелігі мол араб тілінің жазу қиындығына төселеді. Қатесіз жазуға машықтанады. Мысалы, төрт көрініспен келетін араб әріптерінің әрқайсысының өзіндік айрықша белгілері, жазуда харакатсыз (қысқа дауыстылардың белгісі), жалғауларсыз қағазға түсірілуіне, жазу ерекшеліктеріне көңіл қойылады.
3. Оқылым. Бұл кезеңде лексикалық тақырып мәтінін студенттер кезектесіп оқиды. Бұл әдісті жүргізгенде мұғалім мына жайттарды ескеруі тиіс: а) дыбыстардың дұрыс оқылуы, эмфатикалық, көмейлік, жуан, жіңішке дауыссыздарының айтылу ерекшеліктері; ә) екі тілде бар дыбыстарды түсіндіру; б) екі тілдегі айтылу жағынан ұқсас дыбыстарды түсіндіру; в) өзіне тән дыбыстардың дыбысталуын түсіндіру; г) әр сөздің өз мағынасымен оқылуы (араб тілінде харакатсыз келген кезде сөз түбірлерінің негізгі дауыссыз дыбыстары бір-бірімен ұқсас болып келеді).
4. Айтылым. Естіп, жазып, оқып біраз дағдыланып қалған студент үшін ең қиыны – айту, сөйлеу кезеңі. Сондықтан студент айтылымға келгенде жақсы нәтижеге жете қоймағандықтан, әдістің бұл түрін жиі қолданып отыру керек. Айтылымды тірек сөздермен бастап жүргізу – басты ереже. Мәтін тірек сөздерімен құрастырылып, ол сөздердің жиі келуіне аса мән беріліп, көңіл аударылуы қажет. Айтылымға қойылатын басты өлшемдер бар. Олар мыналар: 1) қате айтса да, студенттің қатесін дұрыстап, уақыт алмау. Әдістің басты мақсаты студенттің батылданып, сөйлеп кетуіне жағдай жасау. 2) айтылымда фонетикалық жаттығуларды, әртүрлі тренажерларды (бұл тренажерлар айтылуы қиын сөздерді дұрыс айту үшін дайындалады) алдын ала ұсыну. Айтылымда студентті белгілі бір баллдық жүйе бойынша бағалап отыру. Дұрыс айтқан сайын студенттің балын көбейтіп отыру. Сонда ғана студент көп балл жинауға ұмтылады.
5. Сөйлесім. Бұл әдістің алғашқы курста өз қиындықтары бар. Сондықтан курстың басында әдістің бұл түрін енгізуге болмайды. Біраз уақыт айтылымды меңгеріп, дағдыланған студенттерге қарапайым сұрақ беру арқылы бастауға болады. Бұл әдістің құрылымы монолог, диалог, одан әрі полилогқа ұштастырудан тұрады. Бұл әдіспен студенттерді төсілдіре беру, олардың өзіне деген батылдығын, ізденісін молайтады. Бұл әдісті көбіне екеуара жүргізген кезде студент мынадай басты нәтижеге қол жеткізеді:
1. Ол сұрақты қабылдап, түсінеді. Қабылдау, түсінуге жету – үлкен жетістік.
2. Өзінің санасында сақталған тірек сөздермен мәтіндегі синтаксистік конструкцияларға сүйене отырып, сөйлем құрауды үйренеді;
3. Оқытушыға да тілдесетін аудитория табылып, шағын мәтінді көптеп талдауға мүмкіндік туады;
4. Бір-бірін бағалап, сабақтан тыс уақытта сөйлесуге жағдай туса, яғни ситуация болса, сөйлесе бастайды.
Енді сабақтың құрылымына келейік. Практикалық сабақта тақырыпты меңгеру үшін лексикалық тақырып таңдау қажет. Сабақтың тақырыбы лексикалық тақырып болса ғана студенттердің қызығушылығын туғыза аламыз және нәтиже бірден байқалады. Лексикалық тақырыпты үйретуді белгіленген минимумнан бастаймыз. Мысалы, «Мен студентпін». Мәтіндегі сөз құрамының саны есептеліп, мәтіндегі сөйлемдер алдын ала аудиторияның тілді үйренген деңгейіне лайықталады. Мысалы, бірінші лексикалық минимум 20 сөзден, екінші лексикалық минимум 30 сөзден құрылған. Сонда лексикалық мәтін құрылымы оңайдан қиынға принципі бойынша құрылуға тиіс екенін байқаймыз.
Сабақты құрған кезеңде кешенді әдістің әрбір түріне алдын ала уақыт белгілеп, әдістің барлық түрін қамтуға тырысу қажет. Мәтінді құрған кезде грамматикалық ерекшеліктерді меңгеру үшін арнайы грамматикалық сағат бөлген жөн. Грамматикалық сабақта да басқа әдіс түрлері қолданылады. Егер студенттерге таза грамматиканың өзін ұсынатын болсақ, студенттің талпынысы мен қызығушылығын төмендетіп, тілді меңгеруге деген ұмтылысын басып тастаймыз. Сондықтан студенттерге лексикалық тақырыптар, әртүрлі топиктар ұсынумен қатар грамматиканы араластыру шарт. Кешенді әдістің әрбір түріне белгілі бір мөлшердегі сөздер беріледі. Берілген сөздерді дұрыс және белгіленген уақытқа сәйкестендіріп, тез оқу топтың ішінде өзара бәсеке туғызып, студенттер тырысып, жақсы нәтижеге жетуі мүмкін.
Грамматикалық сабақ. Бұл сабақта мәтінде кездесетін грамматиканың алғашқы ерекшеліктері, іс-қимыл тәсілдері, категориялары ұғындырылады. Мысалы, мәтіндегі сөздің түбірін тауып, қандай мағына беретінін, қандай өзгерістерге ұшырап тұрғанын, белгілі, белгісіз халін анықтап, қағидасы түсіндіріледі. Әсіресе, араб тіліндегі етістік категориясы өте күрделі сала, сол себепті осыған көп жаттығу түрлерін ұйымдастыру аса қажет. Етістіктің баптарын, әр баптың берілетін мағынасын, жасалу жолдарын және етістік түрлерін (толық, бұрыс, бос, хамзалы, қосарланған) анықтап, одан есімдердің қандай үлгімен жасалатыны түсіндіріледі. Араб тілін үйрету осы қалыпта жүрсе, студенттердің еңбектенуі, талаптануы күшейіп нәтижеге қол жеткізе бастайды.
Шет тілін оқыту барысында студенттердің ана тілін меңгерудегі тәжірибесіне сүйену керек. Тіліміздегі араб сөздерінің молдығы Ана тілінде жақсы сөйлейтін студентке бұл тілді жан-жақты меңгеруге септігін тигізеді.