АРАБ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ САЯСИ ТЕРМИНДЕР МӘСЕЛЕСІ

Ғазел ЖЕБЕСІН,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

АРАБ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ САЯСИ ТЕРМИНДЕР МӘСЕЛЕСІ

Саяси терминдерге жалпы түсінік.
Қазіргі күні саясаттану ғылымы – қоғамдық ғылымдардың маңызды салаларының біріне айналып отыр. Саясат мәселесіне қатысты әлем елдерінде күн санап мыңдаған түрлі оқулықтар, арнайы әдебиеттер, ғылыми басылымдар жариялануда. Солай бола тұра еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 19 жылдың ішінде негізгі саяси терминдер мен сөздерді жан-жақты қамтып, түсініктеме беретін қазақша сөздік Астана қаласындағы «Жүйелі зерттеулер институты» баспасынан 2007 жылы ғана жарық көріпті. «Саяси түсіндірме сөздікке» араб елдеріне тән көптеген саяси терминдер кірмепті. Бұл түсінікті жайт. Қай қырынан алсаңыз да өзіндік ерекшелігі бар араб әлеміне тоқталар болсақ, бұл халықтың тілін білмей, баспасөз материалдарын еркін оқи алмай осы саладағы саяси терминдер жүйесін қалыптастыру мүмкін емес.
Саясат – белгілі бір мақсатқа бағытталған коғамдық-саяси іс-әрекет. Бастапқыда мемлекеттік және қоғамдық істерді басқару шеберлігі деген мағынаны білдірді. Кейін мағынасы кеңейді, қазір бірнеше мағына береді; 1) ел мүддесін қорғауға, жүзеге асыруға, саяси билікті алуға тырысушы мемлекеттер, ұлттар, үлкен әлеуметтік топтар арасындағы қатынас саласындағы мекеме, бірлестік, жеке адамдардың қызметі; 2) мемлекет істеріне катынасу, оның қызметінің түрін, мақсат-мазмұнын анықтау; 3) мемлекет пен қоғам өмірінің күнделікті мәселелері мен оқиғаларының жиынтығы болғандықтан, саяси терминдер де осыған байланысты туа бастады. Мысалы: партия, сот, демократ, бюрократ, абориген, президент, министр және т.б. сол сияқты бірқатар терминдерді бірінші топқа жатқызсақ, екінші топқа: парламент, министрлік, конституция, әнұран, ту, бап, қаулы және т.б. терминдерді жатқызамыз. Ал үшінші топқа: саяси қоғам, дағдарыс, нарық, заңнама, интернационализм сияқты терминдерді кіргіземіз.
Термин сөздерді игерудің қаншалықты маңызды екенін әрбір білімді адам жақсы біледі. Әр термин сөз белгілі бір ұғымның, оқиғаның, саяси, рухани, тарихи, ғылыми, экономикалық хал-ахуалдың нақты сипатын беретін «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» екені белгілі. Бір ғана «әлемдік қаржылық дағдарыс» терминін алайық. Осы термин араб тілі нұсқасында бір ғана «أزمة مالية عالمية» деген сөзбен берілсе, біздің оқулықтарымыз, баспасөз және т.б. әдебиеттерімізде, ол терминнің бірнеше нұсқасын кездестіре аламыз. Мысалы, баспасөз бетінде «әлемдік дағдарыс, әлемдік қаржылық дағдарыс» деп жазылса, кейбір оқулықтар мен әдебиеттерден «дүниежүзілік қаржылық дағдарыс, дүниежүзілік дағдарыс» деген нұсқаларын кездестіреміз.
Демек, саяси терминдерді зерттеуші адам, осындай бірнеше берілген баламалары бар терминдерді кездестірген кезде, шатасауы мүмкін. Осы сөзді естігенде бір ғана мемлекеттегі емес, күллі әлемдегі тығырыққа тірелген хал-ахуал көз алдыңызға елестейді. Пайыз бен несие беру салдары, оны өтей алмай қиналған, тіпті, еңсесін езген ауыртпалықты көтере алмай, өз-өзіне қол жұмсаған немесе ақылынан алжасқан адамдар, берген қарызын жинай алмағандықтан банкротқа ұшыраған банктер, осыған орай экономиканың күрт төмендеуі, жұмыс орындары жабылып, жаппай жұмыссыздықтың етек алуы, бірақ, ислам елдеріне бұл дағдарыстың әсер етпегені, оның басты себебі пайызбен қарыз бермеңдер деген Аллаһ тағаланың әміріне адалдық екені, ислам банктерінің адамгершілік қағидаттарына сүйенетіні, осыны мойындаған әлемнің ислами үлгіге бет бұруы, т.б. еріксіз еске түсіресіз. Ал, мұның бәрін шұбырта баяндап жатпастан бір ғана «қаржы дағдарысынан қиналдым» деңізші, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар жағдайыңызды түсіне қояды. Міне, термин сөзінің құдыреті!
Немесе «террорлық, экстремистік, деспоттық іс-әрекет» деген сөзден әркімнің-ақ жаны түршігер белгілі. Керісінше, «өркениет, гумандылық» сөздері әр пенденің жанын жадыратар, адамгершілік құндылықтары жайында ой толғауға шақырар жақсы мағынадағы термин сөздер. Сондықтан осындай саяси терминдердің адамның психологиясына да тигізер әсері мол екен. Олай болса, тіл ғалымдары бұл салада талмай тер төгіп, ғылым иелері, арнайы мамандар ғана емес, халқымыздың термин сөздердің мән-мағынасын жетік біліп, оларды игеру мәдениетіне ұмтылуына ықпал еткендері жөн деп ойлаймын.
Терминдердің шығу тегі мен мән-мағынасы
«Саясат, саяси» деген терминдер бізге араб тілінен енгені белгілі. Сондай-ақ «дін, руханият, әдет-ғұрып, әділет, әлем, ғалам, сұлтан, мәжіліс» т.б. араб тілінен енген, бірақ тіліміздегі үндестілік заңдылығына орай өзгерген термин сөздер бар.
Бұдан тысқары шет тілдің ықпалымен енген сөздер бар. Оларды былай жіктесе де болады:

Халықаралық терминдерді өз ана тіліміздің күш-қуатымен қазақыландыру
Бұл жерде ескеретін бір жайт – таза қазақ сөздері, немесе тілімізге сіңіп кеткен араб сөзі мен қазақ сөзінің, немесе осы тектес сөздер мен шетелдік сөздің бірігуі арқылы жасалады. Араб тілінен енген бір ғана «саяси» деген сөздің өзінен ғана бірнеше тіркестер атауға болады. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқтамай, жалпылама топтап мысал келтірелік: Саяси нарық, саяси мінез-құлық, саяси құрбан, саяси құндылықтар, саяси қысым көрсету, (түрлі) қауымдастық, саяси құқықтық статус, саяси қақтығыс, саяси көшбасшылық, саяси бірегейлікті қалыптастыру (лат. idenfikare – ұқсату), саяси белсенділік (лат. activus — белсенді), саяси әдістеме (грек. metodos — зерттеу жолы, logos – сөз, ілім), саяси әзіл, анекдот (франц. anecdote – әңгіме айтушы, күлкілі әңгіме) сияқты сөздермен қатар: жаппай қырып-жоятын қару, халықаралық ұйым, халықаралық бірлестік, босқындар, әлемдік дағдарыс, қаржылық дағдарыс, өркениет (лат. civilis — азаматтық, мемлекеттік) жеке басқа табынушылық, саясаттағы қалжың (ағыл. humour — көңіл-күй, таңғалдырар жай), сандық әдіс, сайлау жүйесі, сайлау технологиялары, сайлау кампаниясы, сауда диссертациясы, саясаттанудың түсініктері мен категориялары, Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА), инфрақұрылым (лат. infra — төменгі, астыңғы, structura — құрылыс, орналасу), теледидар (грек. tele — алысқа, лат. video — қараймын, көремін), егемендік, мемлекеттік бағдарлама, үкімет аппараты т.б.


Халықаралық терминдердің сол қалпында қазақ
тіліне сіңісуі
Осыған орай, бір айта кететін нәрсе ежелден келе жатқан халықаралық терминдер бір кездегі ірі өркениет елдері латын, грек тілдеріндегі сөздермен қалыптасқан. Ал, Еуропадағы қайта өрлеу дәуірінен кейін әрі бүгінгі таңдағы ғылым мен технология, адамзаттық ой-сана дамуы негізінде пайда болған жаңа терминдер грек, латын, ағылшын, француз, итальян тілдері аясында қалыптасқан. Біз олардың әрқайсысын жеке-жеке жазбай-ақ шығу тегін нұсқаймыз, содан-ақ мәселенің басы ашылады деп ойлаймыз. Мысалы: Саммит, империя (лат. imperium – билік), инвестиция (лат. investire – киіндіру), интернационализм (лат. inter — аралық, natio – ұлт), квота (лат. quota – әркімге тиесілі бөлік, quot қанша), үлестеме, идея (грек. idea – түсінік, бейне), конгресс (лат. congressus – кездесу, жиналыс), консерватизм (франц. conservatisme, лат. conservo — сақтаймын, қорғаймын), сессия (лат. мәжіліс), расизм (франц. race, итал. razza – топ, жануарлар немесе өсімдіктер түрі), премьер-министр (франц. premier – бірінші), пиар-технология (ағылш. PR, public relation – жұртшылықпен, қоғаммен байланыс), парламент (ағылш. parliament, франц. parlement, parler – сөйлеу), олигархия (грек. oligarchia – шағын топтың билігі, oligas – шағын, архе өкімет, өктемдік), нигилизм (лат. nihil – ештеңе, түк те емес қалыптасқан қоғамдық ережелер мен құндылықтарды, беделді жоққа шығару), нанотехнология (грек. nanos – ергежейлі, қортық), технократия (грек. techne – кәсіп, шеберлік, kratos – билік, үстемдік; тәкелей аудармасы шеберлікке негізделген билік), шынайы мағынасы қоғамдық процестерді техникалық ұтымдылық негізде басқаруды ұсынатын билік тұжырымдамасы, терроризм (лат. terror – қорқыныш), монополия (грек. monos – жалғыз, полео сатамын), мораторий (лат. moratorius – кідіртетін), мониторинг (лат. monitor – қараушы, қадағалаушы, күні бұрын ескерту, сақтандыру) меморандум (лат. memorandum – есте сақталуы керек нәрсе), менеджмент (ағылш. management – басқару, меңгеру), масон (франкмасондық) – (франц. Frank macon – масон ерікті тасшы), мафия (итал. mafia), маркетинг (ағылш. marketing – нарық, өткізу) сұранымды қанағаттандыруға бағытталған кәсіпорындарды, мекемелерді басқару тәсілі, магистр (лат. magister – ұстаз, тәлімгер), магистрант (лат. magistrates – билік басқаруы), лоббизм (ағылш. lobby – мәжілістен тыс жерлердегі күңкіл сөздер), либерал (лат. liberalis – еркін).
Бұл мысалдар жоғарыда айтқан ой-пікірімізді дәлелдеуге жеткілікті болар деп ойлаймыз. Енді қазіргі таңда қазақ баспасөзінде қолданылып жүрген саяси терминдерді мағынасымен қоса жалпылама түрде атап өтсек дейміз. Олардың арасындағы қазақша баламасы жоқ, қазқалпында сақталған халықаралық терминдер араб баспасөзінде де кездесетінін ескерте кеткіміз келеді. Сондықтан оларды қазақ-араб баспасөзінде ұшырасатын саяси терминдер десек, қателеспейміз. Әрине, мұндай термин сөздердің мағыналары екі тілде де бірдей болып келеді.
Саяси терминдердің жіктелуі
Алдыңғы бөлімде саяси терминдердің шығу тегі мен мән-мағынасын қарастырдық. Олар қоғамдық өмірдің барлық саласын дерлік қамтиды. Себебі, саясат адамзат өмірімен жан-жақты, тығыз байланысты. Сондықтан оның араласпайтын саласы жоқ десек те болады. Жалпылай алып қарар болсақ, әлемдік саяси терминдерді төмендегідей жіктейтіндігін көреміз:
Саяси – экономикалық терминдер: Бүкіләлемдік Сауда Ұйымы (БСҰ), банк капиталы, әлемдік нарықтар, әлемдік экономика, әлемдік экономикалық дағдарыс, инвестиция, алтын валюта қоры,т.б.
Халықаралық саяси терминдер: Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), БҰҰ сарапшысы, БҰҰ-ның арнаулы өкілдігі, Еуропалық парламентаризм, Еуропа одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы,т.б.
Мемлекеттік саяси терминдер: Қазақстан Республикасының президенті, сенат депутаты, мемлекеттік хатшы, министр, парламент, уақыфтар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік одағы, мемлекеттік кадр саясаты, мемлекеттік шекара, Ата-заң, ішкі саяси тұрақтылық, т.б.
Қоғамдық-саяси терминдер: Қоғамдық-саяси жұмыстар, қоғам мүддесі, қоғамның ашық қағидалары, қоғам қайраткерлері, қоғамның этностық, діни және мәдени құрамдас бөліктері.
Саяси терминдердің қолданылу аясы
Саяси терминдерді жіктей отырып, оның қолданылу аясының өте кең екендігін байқадық. Халықаралық деңгейдегі жиын-мәжілістерден бастап, шалғайдағы ауыл өміріне араласатын, тіпті, балабақшалар да батыл еніп, бүлдіршіндерді ата-баба тарихымен, ұлттық салт-дәстүрмен, жалпы қоғамдық құндылықтармен, адамгершілік қағидаттарымен таныстыратын, мектептегі пән атын да иемденген (қоғамтану, т.б.), рухани өмірімізге өз ұстанымдарын ұсынып, экономиканың сан-саласын білімді түрде жік-жікке бөлетін саяси терминдер адамзат қауымы үшін өте маңызды екенін мойындамау мүмкін емес. Саяси терминдерді меңгеру – саяси мәдениетімізді көтереді. Ал, адамзаттың саяси мәдениеті – ерте дәуірден біздің заманымызға дейінгі адамзаттың саяси қызметінің бар байлығын бойына жинақтаған күрделі құрылым. Адамның барлық саяси қызметінің тарихи дамитын негізі, стихиялығы мен шынайылығы саяси мәдениетті білдіреді. Саяси қызмет үшін қажетті теориялық идеяларды, көзқарастарды, ұйымдастыру формаларын, қағидаттар, әдістер, құралдар, жүріс-тұрыс актілерін адамзат саяси мәдениеттен алған және ала да береді. Саясаттағы лидерлік, саяси партияларды құруда және дамытуда, саяси экономиканы алға бастырып, басқалардан озып шығатын жол қарастырғанда, түрлі салада ғылыми ізденіске түсіп, еңбектер жазғанда, баспасөз бетінде кешегі, бүгінгі, болашақтағы ұлт, мемлекет мүддесі, тағдыры, тарихы туралы ой толғағанда саяси терминдердің көмегінсіз мақсатқа жету мүмкін емес. Діни, мемлекеттік немесе ұлттық жиналыс, мереке, той-думан, немесе қаралы жиын, яки түрлі өзекті мәселелерді шешетін конференциялар, тәрбиелік мәні зор дөңгелек үстелдер, пікір алмасулар, тіпті, жай бір көңіл көтеруге арналған ойын-сауық кешінде де саяси терминдердің бірі болмаса бірін пайдаланбай тұра алмаймыз. Балабақшадағы тәрбиелік әдістемеден бастап орта, жоғарғы оқу орындарындағы оқулықтардың бәрі, көпшілікке қызмет көрсететін орындарда, қоғамдық көліктерде, мекемелердің маңдайшаларында ілінген даналық сөздер мен ұрандардың барлығы дерлік саяси терминдерге сықасып тұр. Демек, саяси терминдердің қолданылу аясы ешқашан тарылмайды, күннен-күнге дами береді деп ойлаймыз. Бұған баспасөз бетіндегі ұзынды-қысқалы хабарлардан бастап еркін көсілген көлемді мақалаларға дейін дәлел бола алады. Осы арада айта кететін бір жайт: Араб газеттеріндегі мәтіндерде түпнұсқадан оқығанда «техникалық» сипатағы қиындықтарға тап боламыз. Бұл араб жазуының өзіне тән сипатына байланысты туындайтын – қысқа дауыстыларды белгілемеу үрдісімен байланысып, оның мәтінді түсінуге толығымен кедергі жасауы мүмкін. Мысалы, сөздердің түрленуі немесе сөздердің жасалуы формаларын арнайы білімі жоқ адам мәтінді дұрыстап оқи алмайды, сондықтан түсінбейді. Сондай-ақ араб грамматикасы, қасиетті Құран Кәрімге негізделгендіктен, еуропалық үтір, нүкте, қос нүкте, сызықша, жақша, тырнақша сияқты тыныс белгілер де араб жазуында көп кездеспейді. Ол көзі әбден қанықпаған жандар үшін белгілі бір ауыртпалық тудырады. Бұл өз кезегінде белгілі бір саяси оқиғаларды дұрыс қабылдамауға соқтыруы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *