АБАЙДАҒЫ ТАҒДЫР МӘСЕЛЕСІ

Мұхитдин ПАТТЕЕВ,
теология докторы, Нұр-Мүбарак
университеті ректорының кеңесшісі

АБАЙДАҒЫ ТАҒДЫР МӘСЕЛЕСІ

Абайдың қысқа да нұсқа, қанатты сөздерге толы қара сөздері кейінгі ұрпаққа қалдырған код нөмірлері секілді. Сол қара сөздердің жиырма сегізінші сөзінің кодтарын ашып көрмекпіз. Бұл тақырыпта тағдырға қатысты үш мәселе қозғалған. Әуелгісі – ұлы Жаратушының адам баласының бірін бай, енді бірін кедей етуі, біреуді есті, біреуді есер етуі. Яғни, «біз Құдай тағаланы ғайыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді Құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір Құдайдан тілеп, еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры — залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір, екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен». Бұл – исламдағы иман негіздерін тану ғылымының терең мәселесі. Абай осының өзінен Ұлы Жаратушының әділдігін аңғарасың, дейді. Біреуге аз, біреуге көп беруі Аллаһтың әділдігіне қайшы емес. Біріншіден, біреуге көп, біреуге аз беру арқылы Ұлы Жаратушы өзінің «толық еркі» бар екенін танытады. Әлемнің тізгінін қолында ұстаған Аллаһ мүлкін қалаған жағына жұмсайды. Оған мына қазынаңды мына жерге, ана бір дәулетіңді ана жаққа жұмса дейтін сенің қауқарың жоқ. Өйткені, дүние-мүлік Аллаһтікі. Сосын адамдар Аллаһқа алдын ала беріп қойған бір нәрсесі болса, онда Оған наразылық айта алар еді. Әділетсіздік біреудің құқы табанға тапталғанда болады. Екіншіден, адам баласына берілген себеп мүмкіндіктерін де ұмытпау тиіс. Себептер Аллаһтың қойған заңы. Мысалы, біреуге атасынан мирас қалады, енді біреу жаман мінезді адам болса да, бірақ мал табу қабылеті өзгеден үстем болуы мүмкін. Сонымен қатар, Аллаһ кейбір жанға лайық болып тұрса да оған ешнәрсе бермейді. Бір әлсіз хадиста: «Аллаһ дүниені қалағанына, ілімді қалағанға береді», дейді. Және дүние жалпы жақсылық емес. Ол залал да болуы ықтимал. Бір кедейді байлық тура жолдан тайдыратын болса, ондай байлықтың не қажеті бар. Енді біреуге жарлылық тура жолдан ауытқытар болса, онда оған байлықтың болғаны жақсы. Міне, осыны білген Жаратушы біреуге береді, біреуге бермейді. Небір адамдар бар, байлыққа масаттанып, өзін үстем санап, терең шыңырауға шықпастай болып құлаған. Мұндай залымға дүние азабын ауырлату үшін беріледі.
Кейбір момынның ауру болуы, залымның сау болуы да осы секілді. Құдайым, неге мені ауру еттің, өзгеге денсаулық бердің? дей қоятындай ешкімнің дау айтар құқы жоқ. Егер Аллаһтың саған бергендерінің қарымы ретінде бір нәрсе бергеніңде, онда қарсылық көрсетіп, әділ бол дей алар едің. Бірақ, Құдай сақтасын, бұлай деуге ешкімнің құқы жоқ. Негізінде Аллаһ адамзатты жоқтан жаратып, тас етіп, жәндік етіп жаратпай, адам етіп жаратып күллі әлемді иелігіне берген. Абайдың сөзімен айтсақ «жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандарды пайдаланатұғын ғақылды инсанды жаратыпты». Яғни, адамда ақыл бар, өзгеде бұл жоқ. Осының бәрін көре тұра, оған қарсылық білдіріп, неге маған бір көз, оған екі көз бердің деу әдепсіздікке жатады. Әрі бұл дүние мәңгілік мекені емес. Сондықтан Аллаһ бұл жерде бір көзіңді алса, ақыретте сабыр еткенің үшін, тамаша сый-сыяпат береді. Негізінде, бұлар имани мәселелер. Сондықтан иман етпеген жан мұндай тақырыптарды түсіне алмайды. Әрі қарай тағдырға қатысты мәселе былай өрбиді: «Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандыққа бұрып жібереді екен. Осының бәрі Құдай тағаланың ғайыпсыз, мінсіз ғафур рақымдығына, әділдігіне лайық келе ме?» Әлбетте, лайық келеді. Міне, осы сұрақтарға Абай нақты былай жауап берген: «Сен жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес, деп, нанып, ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ». Иман саласы ғылымын зерттеушілердің бірнеше кітап етіп жазған мәселені бір ауыз сөзге сыйдырған бұл да Абайдың даналығы. Иә, Құран Кәрімде де «Аллаһ біреуді тура жолға салса, ешкім оны тайдыра алмайды. Ол кімде-кімді қисық жолға тастаса ешкім оны тура жолға сала алмайды», – дейді. Хадисте де пайғамбарымыз: «Жүректер Аллаһтың саусақтарының арасында, қалаған жағына бұрады», – дейді. Бірақ бұл сөздерді теріс түсінгендер «адам баласының еркі жоқ, робот секілді», деп, ойлап қалуы әбден ықтимал. «Адам – Алланың добы» деген жаңсақ ұғымды сөз де тағдырды біле алмаудан туындаған сөз. Бұл мәселені ұғу үшін алдымен мына негізді білу қажет. «Толық ерік» және «мысқал ерік». Ұлы Жаратушының еркі өзіне тән толық, кәміл. Адамның еркіне келсек болмашы бір мысқал ғана. Егер Аллаһ адамға осы ерікті бермегенде, адам да өзге әлем секілді санасыз қалар еді. Енді «жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес» сөзіне келейік. Аллаһ тағала адамға екі жол берген. Бірі жақсылық, шыңы жаннат. Бірі жамандық, түбі жаһаннам. Бейне бір бұл екеуі бірі шыңға, енді біреуі шыңырауға қарай тартатын екі түйме секілді. Бір адам мысқал еркімен жақсылық түймесін басса, Аллаһ та толық еркімен соны жаратады. Енді бірі жамандыққа түймесін басса, Аллаһ та соны жаратпақ. Бірақ Аллаһ ол екеуіне зорлықпен ықпал жасамайды. Қалауын өз еріктеріне қалдырады. Яғни, жақсылық та, жамандық та бейне бір сарайдың электр шамдары секілді. Сол шамдардың бәрін алдын ала дайындаған Аллаһ тағала. Адам жақсылық шамның түймесін басса, бүкіл сарай жарыққа бөленеді. Бірақ, сол түйме басылғаннан кейін де барлық электр қуатты жүргізіп, сарайға жарық берген – Аллаһ тағала. Мысқал еркімен жамандық түймесін басқан адам да, мені жолдан тайдыр дейді. Аллаһ та өз заңы бойынша тайдыру ісін жаратады. Бірақ Аллаһ жақсылық түймесін басқанға разы, жамандық түймесін басқаннан разы болмайды. Барлық істі жаратушы Аллаһ, бірақ таңдаған ісіне мейіл еткен адамның өзі. Құранда «Сендер өздеріңді өзгертпейінше, Аллаһ сендерді өзгертпейді» дейді. Яғни, Ұлы Жаратушы қараптан қарап, бұзық елді түзік ел етпейді. Түзік елді де бұзық ел етпейді. Азаттықты берген Құдай байлық пен мансапты да беріп, ел түзелер деп, үйде жатуға болмайды. Әркімнің ақысы кәсіп еткеніне қарай. Бұл Аллаһ тағаланың қойған бұлжымас заңы. Елдің үлкені мен ақсақалы жиылып бірігуге бет бұруға мейіл етсе, Аллаһ та оларды солай бұрады. Яғни, жаратады. Елдің берекесі кетіп, әркім өз жайын күйттей бастаса, Аллаһ өзінің қойған заңы бойынша бастарына залым біреуді әкеліп зар илетеді. Өйткені, ел солай қалаған еді. Бірақ, Құранда «Әрбір жақсылық Аллаһтан, әрбір жамандық да адамның өзінен», – дейді. Яғни, жақсылық түймесін басқан адам, мұның бәрін жасаған менмін дей алмайды. Жамандық түймесін өз қалауымен басқан адам да, мұны Аллаһ тағала жасатты дей алмайды. Сондықтан жақсылық жасаған адамның мақтануға құқы жоқ, жамандық жасаған адамның да мен емес деп қашып құтылуға сылтауы жоқ. Абай «ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес», – деп, қандай тамаша айтқан. Яғни, бір адам Құдайдың қойған заңымен жүрмей, қыста желең тер күйінде далаға шығып ауырса, Құдайым-ай, бұл ауруды қайдан ғана беріп едің? деуге құқы бар ма?. Ауруға себеп болған өзі, бірақ, сол ауруды жаратқан Аллаһ тағала. Иә, «адамды сүй, Аллаһтың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?!» деп сол Абай атамыз айтқандай, Аллаһтың әрбір ісі хикмет пен даналыққа толы. Әлемді жоқтан жаратқан Ұлы Дос ешуақытта хикметсіз іс жасамақ емес.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *