ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АСПАЗДЫҚ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ
ТІЛДІК СИПАТЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АСПАЗДЫҚ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ
ТІЛДІК СИПАТЫ

Жұмағұлова Ө.А., Қайырбекова И.С.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
J_Omirgul_A @mail.ru

Қазіргі қазақ тіліндегі аспаздық метафораларды ұлттық ерекшелігіне байланысты сипаттау тілдің ішкі мүмкіндіктерін жаңа қырынан танудың бір жолы болып табылады.
Орыс тілінің бейнелі жүйесін зерттеуші Е.А.Юринаның «Вкусные метафоры» атты монографиясында: «Мы увидим себя и свою жизнь в зеркале кулинарных образов: глаза – миндалины, нос – картошкой, губки – ягодки, волосы – спагетти (это у итальянцев), щёчки – баурсаки (такие пончики у казахов). Мы увидим, как варимся в собственном соку, бурлим в кипящем котле повседневных дел, обстряпываем делишки, сбрасываем лапшу с ушей и сияем как масленый блин, урвав свой кусок пирога. Так говорит наш язык о нас посредством кулинарной метафоры. Так говорим мы о себе, глядя в зеркало пищевых образов», – деген пікірі тағам атауларының образ тудырудағы әлеуетінің маңыздылығының айғағы [1:7]. Бұл бір жағынан метафораның әмбебаптық сипатымен байланысты болса, екінші жағынан тағам атауларының этнолингвистикалық табиғатымен астасып жатады. Бұны этнолингвист-ғалым А.Жылқыбаеваның:«Ұлттық ерекшеліктің басқа салалармен салыстырғанда ұзағырақ сақталатын материалдық мәдениетінің бір саласы тағам атаулары», – деген көзқарасы жоғарыда берілген пікірмен үндестік тапқан [2].
Қазіргі қазақ тіліндегі тағам атауларының метафоралануы болмыстың кез келген нысанын таңбалауда бейнелі сипатымен ерекшеленеді. Мысалы, Бауыр сөзінің екі негізгі мағынасы және алты метафоралық мағынасы қалыптасқан: 1.Адамзат, жан-жануардың ас қорыту, қан тарату қызметтерін атқаратын ішкі мүшесі. – Бауыр – адам денесіндегі ең үлкен без. Бауыр адам өмірінде зор роль атқарады. Оның клеткалары үлпілдек, өте нәзік келеді (Е.Оразақов, Дәрігер). 2.Тағам ретінде пайдаланылатын, бас табаққа салынатын үй жануарларының ішкі мүшелерінің бірі. – Бас табаққа жылқы, сиыр, қой еттері кіреді.
Мүшелі еттерден тоқпан жілік, жамбас, омыртқа және бауыр салынады (Ауызекі тіл).
ТМ.1. Бірге туған қандас, ағайындас адамдар. – Ұлтуған азар кетті, жылай-жылай, Қаңғырып, өттік пе деп елге сыймай. Бауыры бірге түскен шыдата ма, Егілді Бектас боздап о да қоймай (И.Байзақов, Ақбөпе).
2. Жасы кіші іні, қарындас, үлкен аға. – Қу бауырды қия алмай, Қайрылып келді қасына (Қыз Жібек).
3. Жан-жануардың бауыр орналасқан iшкi жағы. – Саршұнақтың бауыры ақшыл сары ( Ауызекі тіл).
4. Таулы, жоталы биiк жерлердiң ой жағы, етегi, алқымы. – Ел бауырға түсiп келе жатқан кез (М.Әуезов, Абай жолы).
5. Жүзiк, бiлезiк, қамшы сияқты заттардың iшкi жағы, бауырдағы. – Әлде сенің де жауырының қышып тұр ма мынаны көрген соң,- деп, Нұрымға жылан бауыр алты өрме қамшыны көрсетті (Х.Есенжанов,Тар кезең).
6. Машина, трактор, комбайн, танк сияқты техникалық құралдардың астыңғы жерге тиер жағы. – Алып машина жалтыраған болат бауырымен балқып жүзіп келе жатқандай (З.Иманбаев, Кең аймақ).
Келтірілген деректерден бауыр тағамдық метафорасының бейнелі уәждемелік парадигмасында `ішкі мүше` және `жақындық` семасы негіз болатын екі метафоралану үлгісі анықталады: Бауыр → бауыр (ас қорыту, қан тарату қызметтерін атқаратын ішкі мүшесі) → бауыр (бас табаққа салынатын үй жануарларының ішкі мүшелерінің бірі) → бауыр (жанжануардың бауыр орналасқан iшкi жағы)→ бауыр (жүзiк, бiлезiк, қамшы сияқты заттардың iшкi жағы, бауырдағы)→ бауыр (машина, трактор, комбайн, танк сияқты техникалық құралдардың ішкі, жерге тиер жағы);
Бауыр→ бауыр (бірге туған қандас, ағайындас адамдар)→ бауыр (жасы кіші іні, қарындас, үлкен аға) деген сегіз түрлі мәндегі заттық парадигмада жұмсалатынын айғақтайды.
Метафораның тілдік және танымдық қызметінің маңыздылығын профессор Б.Хасанов көрсеткен: «Тіл тарихын зерттеуде метафораның мәні зор, оны сөйлеу мәдениетіміздің бір көрінісі ретінде, образды ойымыздың дамуы мен қалыптасуын көрсететін элемент түрінде арнайы қарастыру қажет» [3: 4].
Тіл білімінде метафора деп белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың атауы екінші бір зат не құбылысқа атау болып ауысуын көрсетеді.
Метафораның ғылыми айналысқа енуі ерте кезеңнен басталса керек. Мәселен философ Аристотель метафораны ұқсату негізінде өзгеру деп бағаласа [4:66], Цицерон метафораның бейнелі сөз тудыру ерекшелігін атаған [5:55]. Ал Неаполитан ойшылы Джамбатиста Вико (1663-1744) метафораны мифпен тығыз байланысты деп санаған [5:83]. Метафораны қолданғанда санада екі түрлі зат турлы екі түрлі ойдың қалыптасатыны жөнінде шетелдік ғалым А.Ричардс атап өтеді. Метафораның нәтижесінде жаңа мағына пайда болатынын ескерте келе, бұл құбылысты қолдана білудің өзі өнер деген шешімге келген [5:46]. Ғалым Ф.Уилрайт метафораларды заттар мен құбылыстардың адам санасындағы символдары деп пайымдайды [6:100], батыс ғалымдары Дж.Лакофф және М.Джонсон метафораны когнитивтік феномен деп сипаттап, бейнелі ойлауда метафора мен метонимия тәжірибеде дәлелдебеген ұғымдарды таңбалайды деп шешеді [7:87]. Осы ретте тағам атаулары мен ыдыс-аяқ түрлерінің метафоралануы негізінде қазақ халқының таным ерекшелігінің тереңдігі байқалады. Қазақ халқының танымал ақыны Қ.Мырзалиевтің: «Бір-ақ қазан қайнайды екі үй үшін, Екі үй үшін келеді бір дастархан» деген өлең жолдарында аспаздық атаулар ауыспалы мағынада қолданған. Бұл – қазақтың этникалық ерекшелігін танытатын мәдени лексика. Келтірілген тілдік деректе берілген қазан атауының негізгі мағынасы – тамақ пісіруге арналып, шойыннан я мыстан жасалған ұстауға қолайлы, төрт құлағы бар, көлемі әр түрлі, бетінде қақпағы бар ыдыс. Осы негіз метафоралану арқылы бірнеше тілдік бірліктерді қалыптастырады. Қазан үй (тамақ пісіретін үй; ас үй) деген лексикалық диалекті жасайды: – Екі жағында қоржынның екі басы секілді екі бөлме, ортасында қазан үй бар-ды (Ө.Қанахин, Жер басып жүрсем) [8: 501].
Ау қазаны (қабадан аудың ең асты, түбі) деген кәсіби сөзді тудырады: – Рахметқалидың ау қазанына толық жеткен қолы тарғыл өгіздің кескініндей бір зор нәрсеге шап ете түсті (Қазақ әдебиеті) [8: 501].
Бу қазаны (атмосфера қысымынан жоғары қысымда бу алу үшін пайдаланылатын қондырғы) деген терминдік атауға негіз болған. – Олар қысқа мерзім ішінде заводтың қосалқы цехтары – құрылыс, механика, электр, транспорт және бу қазаны цехтарын қатарға қосты
(С.Тәжіғұлов, Асау Ертіс) [8, 501].
Өмір қазаны деген қолданыста поэтикалық метафора ретінде күнделікті өмірде шынықты, шыңдалды деген мағынада жұмсалады. – Бауырым, сен әлі өмір қазанында қайнап піспеген жассың, тәжірибең де аз болар (М.Ғабдуллин, Сұрапыл жылдар) [8: 502].
Бұл тілдік деректерде қазан ыдыс-аяқ атауының метафоралануының бейнелі уәждемелік парадигмасында `тамақ пісіретін` семасы негіз болатын қызмет ұқсастығы арқылы метафоралану үлгісі анықталады: Қазан → қазан үй (тамақ пісіретін үй; ас үй);
Ау қазан кәсіби атауында `пішін ұқсастығы` семасы негіз болатын қазан → ау қазан (қабадан аудың ең асты, түбі) метафоралану үлгісі арқылы жасалады.
Бу қазаны терминдік атауының метафоралануында `ұғым ұқсастығы` семасы арқылы (атмосфера қысымынан жоғары қысымда бу алу үшін пайдаланылатын қондырғы) метафоралану үлгісі негіз болған. Осы сема өмір қазаны деген поэтикалық метафораның тууына уәждік белгі болады да поэтикалық бейнені жасауда дерексіз құбылысты бейнелеуде деректі затқа тән құбылыспен астастырады.
Қазақ тіліндегі тағам атауларының метафоралану үдерісі нақты тілдік деректер негізінде зерделеніп, көптеген бейнелі атауларды тудырады. Себебі адам өзінің өмір бойы жинаған тәжірибесін тілдік бірліктерді жасауда молынан пайдаланады. Белгілі бір тілдік таңбада сол нысан туралы ұлт өкіліне таныс білім қоры жинақталады.
Орыс тіл білімінде ғалым В.Г.Гак метафораның қызметін екі жақты қарастырған жөн деп санаған. Біріншісі оның нысанға атау болуы, екіншісі көркем сөзді қалыптастыру тәсілі ретінде танылуы [9:11]. Тілдің бейнелігін арттыруда метафора қаншалықты маңызды болса, оның аталым жасаудағы қызметі де өте маңызды.
Тіл біліміндегі когнитивті бағыттың өкілі В.Н.Телия: «Метафоралану үдерісі – әрқашан көптеген айнымалы факторлары болатын күрделі когнитивті-аталымдық жағдаят», – деп тұжырымдайды [10:34].
Адам өз тәжірибесіне қарай заттар мен құбылыстарға өзіндік бағасын береді және санасында қалыптасқан бейнелерді, нақты немесе абстрактілі ұғымдарды өзара салыстырып отырады, ұқсастық іздеуге бейім болады. Метафоралануда пайдаланатын лексикалық құралдар тілдік, онтологиялық және мәдени факторлармен тығыз байланысты болады.
ХХ ғасырдың басында қазақтың біртуар ұлы А.Байтұрсынұлы: «Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз заттарды деректі затша, бернесіз заттарды бернелі затша сипаттайды, жанды затты жанды заттай ғамалайды. Шолақ ақыл, найзағай ойнайды, қазанның құлағы, ошақтың бұты деу дерексіз заттарды деректі затша, жансыз заттарды жанды затша, бейнесіз затты бейнелі затша қалыптау, ғамалдау, бернелеуден шығып, әдетті сөзге айналып кеткен. Осы сияқты өң берілген сөздер, көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек», – деп көрсеткенмен [11: 239], бүгінгі күні метафораланудың тілдік сипаты толық шешімін тапты деп айту қиын. Бұл ойымызды тілші Б.Қасымның пікірі де қуаттай түседі: «Тілдегі сөзжасам мен аталымды метафора тұрғысынан зерделеу тілде кенжелеу, назардан тыс қалып келеді. Метафораны зерттеушілер көбінесе бейнелеу, көркемдеу құралы, тәсілі ретінде қарастырады» [12:255]. Ғалым Ж.Манкеева: «Әр ұлттың айналадағы дүниені танып-білуі, әлемді тану тәсілі, рухани санасы, бүкіл болмыс-бітімі сол ұлттың тілімен тығыз байланысты екені анық. Осымен байланысты ұлттық дүниетанымның тілдің терең құрылымдарынан, оның бай сөздік қорынан, лексикасынан көрініс табуы заңды», – деп санайды [13:276]. Осындай ұлттық дүниетанымның тілдік сипатын «Тілдік бейнелер аясындағы қазақ халқының тағамдық дәстүрі» атты лингвомәдениеттану сөздігінен алынған сөздік мақаладан байқап көрелік:
КҮРІШ, зат.
I.Негізгі мағынасы.
Суда өсетін дәнді дақыл. – Дария бойындағы дүйім ел өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері қарай күріш шаруашылығына түбегейлі бет бұрды (www.alashainasy.kz/economica/5163/). II.Бейнелі мағынасы.
КҮРІШТЕЙ. НБ. сын. Күріш тәрізді. сын. 1. Мол, көп. – Наурыз көжеге дәнді дақыл пайдаланатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек
(http://www.kuttybolsyn.kz/resmi-merekelerge/nauryz/nauryz-turaly/).
2.Ақпейіл. – Тірлік тілін табасың ұрыспай-ақ, Ыстық сәлем жолдадым күріштей ақ (http://baq.kz/kk/blog/about/94).
3.Бытыраңқы. – Админдеріміздің денсаулығы мықты, нерві жүйесі пружинадай үзілмей, арамызда күліп-ойнап, бастысы мантыдай түйілмей, күріштей шашылмай жүрсін (aitaber.kz/blog/blog/4583.htm).
4.Әдемі. – Сылдырап аққан бұлақ сынды әсем үні еміс-еміс естіліп, сәл ғана жымиғанда, күріштей тізілген аппақ тістерінің тау шыңындай ұштары ғана көрінетін (almaty-akshamy.kz?p=1406).
5.Жадыраңқы. – Ендеше бір-бірімізге жылы сөзді көп айтсақ, бағанағы күріштей жайнап кетеміз (bsh.kz/news/1363079289.html).
6.Ірі, көлемді. – Кіндік әкемнің күріштей әріптерімен өрнектелген ұзын-шұбақ тізімнің дәл орта тұсында «Рауан» деген есім тұр
(on.kz/u48326/blogpost/30986).
7. Бүкпесіз. – Ақ параққа төгілген ақ күріштей анық та, қанық мөлдіреп тұрушы еді (kharjaubay.wordpress.com/2011/02).
8.Көркем. – Әріптері күріштей тізіліп, әп-әдемі болып жазылыпты (massagan.com/angimeler.php).
9. Көңілсіз. –Түскі автобуспен келіге түйген күріштей қауызы ұшып ауылға қайтып келген болатын (textarchive.ru/c-1716606-pall.html).
10. Адал. – Оның «Ұлбала» атты деректі повесі (1976) қазақ әйелінің мүбәрак болмысын, көңілі күріштей кіршіксіз аппақ жан дүниесін құштарлықпен жырлады (elarna.com/koru_kk.php?id=225974).
ТІСТЕРІ АППАҚ КҮРІШТЕЙ. ФБ. Маржандай тізілген аппақ тістер туралы. – Сақалы аппақ күмістей, Тістері аппақ күріштей. Қызыл ала шапаны, Сағындым Аяз – Атаны (Фольклор).
III.Лингвомәдениеттанымдық түсініктеме
Күріш – негізгі ауылшаруашылық дақылдардың бірі. Күріштің Қазақстанда Алакөл, Үштөбе, Маржан, Алтынай сорттары өсіріледі, халыққа танымалы − Маржан сорты.
Оңтүстік Қазақстанда өсірілетін бұл дәнді дақыл сол аймақтағы халықтың негізгі тағамы болып табылады. Ұлттық тағам бешбармақты дайындағанда кейде қамырдың орнына күріш салынады. Бидай тұқымдастарынан кейін күріш дәнді дақылдардың ішінде маңыздылығы жағынан екінші орынды иеленеді.
IV.Типтік бейнелі көріністер.
1. Күріш аппақ, маржандай тізілген тіс, әдемі жазумен ассоциацияланады.
2. Күріш ақпейілдік, тазалық пен адалдықтың эталоны болып табылады.
3. Күріш молшылық, бірлік пен айқындықтың символы болып табылады.
4. Күріш адамның психоэмоциялық жағдайын сипаттау үшін қолданылады [14:96].
Демек, этномәдени лексика ретінде танылып жүрген тағам атаулары және олардың метафоралануы тіл тұтынушы халықтың өзіндік ерекшелігін танытатын мол ақпараттан тұратын күрделі семантикалық құрылым болып танылады.

Әдебиет:

1 Юрина Е.А. Вкусные метафоры. Монография. – Көкшетау, 2013.-238 б. 2 Жилкубаева А.Ш. Термины питания в казахском языке. Автореф. дисс. канд. филол.наук.- Алма-Ата. 1991.
3 Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. – Алматы: Мектеп, 1966. – 205 б.
4 Аристотель. Об исскустве поэзии. – М.: Наука, 1957. –183 с.
5 Ричардс А. Философия риторики //Теория метафоры. – М.: Прогресс, 1999. С. –44-100.
6 Уилрайт Ф. Метафора и реальность // Теория метафоры. – М.:
Прогресс, 1999. С. –100-153.
7 Лакофф Дж., Джонсон М. Метафоры, которыми мы живем. – М.: УРСС Эдиториал, 2004. –256 с.
8 http://e-history.kz/ru/publications/view/1139
9 Гак В.Г. Метафора: универсальное и специфическое // Метафора в языке и тексте. – М.: Наука, 1988. С. –11-26.
10 Телия В.Н. Метафора как модель смыслопроизводства и ее экспрессивно-оценочная функция //Метафора в языке и тексте. — М:Наука, 1988. С. –20-52.
11 Байтұрсынұлы А. Тіл құрал. – Алматы:Сардар, 2009.- 348 б.
12 Қасым Б.Қ. Күрделі зат атауларының мағыналық құрылымы және сөзжасамдық үлгілері.– Алматы: Абай ат. Алматы мемлекеттік университеті баспасы, 2000. – 153 б.
13 Манкеева.Ж.А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Абзал-ай, 2014. – 640 б.
14 Тілдік бейнелер аясындағы қазақ халқының тағамдық дәстүрі. Лингвомәдениетану сөздігі/Бас ред. ЮринаЕ.А./ – Көкшетау: Ш.Уәлиханов атындағы КМУ баспасы, 2014. – 195 б.
15 Мырзалиев Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы,
1989. –Т.2. Домбыра: Алақан: Өлеңдер. – 432 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *