ҚАЗІРГІ ТАРИХИ РОМАНДАРДЫҢ КӨРКЕМДІГІ
Жүсіпов Н.Қ., Ибраева А.Т.
Павлодар қ., С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
nartai1970@mail.ru
aiko_tarbinovna@mail.ru
Әлем әдебиетіндегі тарихи шығармалар үрдісін ұстанған XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасының роман жанрындағы туындылары ұлттық сөз өнерінің тынысын кеңейтіп, рухани толыға түсті. Әлем әдебиетінің ұлылары саналған Л.Толстой, А.Пушкин, Р.Тагор, Ә.Хэмингуэй, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, т.б.сынды суреткерлер шығармаларына тән тарихи шындық поэтикасы көркемдік үндестігі байқалатын қазақ прозасының жаңа туындылары тәуелсіз қазақ әдебиетінің өркениеттегі өзіндік тұғырын бейнелей түседі. Бұл — ұлттық мәдениетіміздің жалпыадамзаттық дамудағы жетістіктерінің биігі деп білуіміз керек. Әдеби процесс-әлем халықтары әдебиеттері дамуындағы елеулі туындылардың поэтикалық ерекшеліктері жинақтала танылатын шығармашылық ізденістер арналарын тұтастандыра танытатын ұғым. Ғалым Т.Тебегенов: «Әдеби процесс — рухани құндылықтар тарихы… Әдеби шығарма — өткен мен бүгінді, болашақты тұтастай елестететін өзекті мәселелерді қамтитын көркемдік-эстетикалық тағылымы мол халық дүниетанымының айнасы» [1, 11 б], — дейді. Демек, әдеби процесс ұғымының аясында халық тарихының барлық кезеңдеріндегі сөз өнері шығармашылығының үздіксіз дамуындағы қозғалысы, көркемдік болмысы қарастырылады. Сөз жоқ, рухани мәдениеттің негізгі арнасы көркем шығармалар — үздіксіз туындап жататын әдеби даму қозғалысының жемісі.
Қазіргі қазақ романы — ұлттық сөз өнері тарихындағы алдыңғы толқын суреткерлер қалыптастырған көркемдік үрдістің жалғасқан көрсеткіші. Әрине, қазақ сөз өнері алыптары да әлем әдебиеттеріндегі суреткерлер тағылымынан өнеге алды. Қазіргі қазақ романдарындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселелерін ғылыми-теориялық тұрғыда қарастырудың өзектілігі осындай әлемдік классикалық үрдістер ықпалдастығы, сабақтастығы жүйесімен байланысты бағаланады.
Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи шындық поэтикасы бағдарымен жазылған І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», 3.Шүкіровтің «Сыр бойы», Қ.Шабданұлының «Қылмыс»,
Д.Досжановтың «Ақ орда» Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», М.Мағауиннің «Мен», Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», «1986 жыл», С. Елубаевтің «Ақ боз үй» және т.б. романдар ұлттық әдебиетіміздің әлемдік тәжірибедегі үлгілермен үндестігін айқын аңғартады. Бұл романдарда ұлттық тарихымыздағы қайраткерлер тұлғаларының, оқиғаларының барлығы да шындықты көркемдік шешіммен өрнектеудегі қаламгерлер шеберліктерін, өзіндік мәнер- машықтары танылды. Бұл орайда, белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Т.Н.Рахымжановтың пікірі эпикалық шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесіндегі өмір шындығы бейнеленуінде авторлық ұстанымдар табиғатын кеңінен түсінуге мүмкіндік береді: «Қазіргі романның көркем бейнеленген объектісі – қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстар, адамның жан қозғалысы, орталық және қосалқы кейіпкердің ішкі «менінің» өсу, кемелдену эволюциясы болып табылады [2, 219 б]. Бұл пікір қазіргі қазақ романдарындағы тарихилықты, деректерді мол қамтып жеткізетін эпикалық авторлық баяндаулар болмысын дәйектей түседі.
Тарихи – деректі роман жазуда ерекше туындылардың бірі – Т.Сәукетаевтың «Айқараңғысы» романын атауға болады. Роман 2011 жылы жарық көрді. Романда қазақ халқының басынан кешкен тарих жолдарының оқиғалары бастау болып, 1986 жылғы ызғарлы да, қанға боялған алаңдағы оқиға суреттеледі. Роман отыз төрт тараудан тұрады. Әр тарауға тақырып қойылған. Романның басты кейіпкерлері Әзиз Сұлтан мен
Сәбира. Романның басында «Бұлтты жарып Күнді ашқан,
Түнді жарып Айды ашқан
Жас Қазақ,
Өр дауысыңнан миллион жүрек оянған,
Көз жасыңнан
Көк байрағым боялған» деген эпиграф берілген. Бұл сөздерден романдағы баяндалатын оқиғаның сырын, қараңғы түнекте тұншыққан елдің бұлқынысын, ашу – ызасы менбостандық таңы алда деген бір тұспалды байқауға болады. Ең бастысы, романның «Айқараңғысы» деп аталуы да көп ойдан хабар беретіндей. Себебі «Айқараңғы» сөзінің ұғымы табиғат пен адам болмысы табиғатының өларалық құбылысын танытатын табиғи құбылыс. Жазушы да осы қағидаға сүйенген сияқты.
Жазушы өмір шындығы мен көркем шындықты бір – бірімен жымдастырып, жігін білдірмей үйлестіре білген. Романда бейнеленген образдар мен суреттелген қиғалар, мінездер мен қимыл – әрекеттері расында да өмірде дәл солай болғандығына шүбәсіз сендіреді. Бұл романды жазуда көздеген мақсаты, ұстанған авторлық позициясы болғаны анық. Қазіргі қазақ романдарының көрнекті үлгілерінің бірі Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсасындағы Кенесары ханның көркем бейнесі шығармашылық үрдістегі тарихилықпен тығыз тұтастықпен сомдалған. Тарихи тұлғалардың күрделі тағдырлы іс-әрекеттері, мінезқұлық қасиеттері, кескін-келбеттері ұлттық-этнографиялық негіздерін сақтай отырып, суреткерлік-көркемдік шешіммен жазылатыны танылады. Көркем бейненің сомдалуында тарихи деректілік желісі сақталады. Аталған «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы халық тарихындағы көрнекті тұлғалардың сомдалуы осы заңдылық бойынша бағаланады. «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы тарихилық негізінде жазылған көркем бейнелердің бірі — хакімнің баласы Әбдірахман. Романда Әбдірахманның әкесі Абайдың рухани демеушісі, үміті болғаны көркемдік тәсілдермен берілген. Мысалы, Абайдың түсінде Әбіші әкесінің өлеңдері жазылған парақтарды асықпай жинастырып отырған жағдайында көрінеді. Романда тарихи тағылымды дерегі ретінде Әбдірахман Алматыда ауырып жатқанда Кенесары ханның баласы Сыздық сұлтанмен дидарласқаны, сұхбаттасқаны туралы бейнеленген.
Жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың тарихи тұлғасын әдеби көркем бейне тұрғысында көрсетуге жақсы күш салған. Тарихи тұлғалардың көркем шындықпен бейнеленуіне негіз болатын түпкі негіз — олардың жазып кеткен сөздері, тарихи мұралары және олар жайында жазылған тарихи деректі материалдар. Сол сияқты 2001 жылы жарық көрген романдар тобында Тілеуқар Қосуақтың «Әйел айтқан хикая» романы тақырыбының даралығымен, баяндалатын шындық құбылыстар тобының молдығымен ерекшеленеді. Шығармада көрініс тапқан оқиғалар желісі қоғам ақ пен қызыл болып соғысқан кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңге созылады. Тарих кейіпкерлері — Ақынай әже, Гүлжауар ана, Үкілімай сұлу тағдыры.
ХХ ғасырда ел басынан өткен ауыртпалық, соқтықпалы кезеңдер, олардың қилы шындықтары осы үш әйелдің өмір жолы, тағдыр — талайы арқылы көрсетіледі. Үш әйел өмірі үш түрлі дәуірге сәйкес келеді. ХХ ғасырдың басында бірі, ортасында екіншісі, соңында үшіншісі белсенді тіршілік кешті. Үш кезең — үш түрлі дәуір, үш түрлі тарих. Бірақ кезең басқа, дәуір өзге болғанымен, үш әйелдің басынан өткен өмір — тағдырының қуанышы мен өкінішінде, бейнеті мен зейнетінде, арманы мен алданышында өзгеріс те, айырмашылық та жоқ сияқты. Үшеуі де жарық дүниеден бейнет кешіп, азап шегіп өтті. Жазушының өмір туралы, өмірдің жалғандығы туралы айтайын деген көкейкесті ойы осындай көркемдік шешіммен өрістейді.
Ал Тұрсынәлі Рыскелдиев «Ұлы көш» романында ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңде Қытайға ауған қазақтардың басынан өткен қан қилы бөтен тағдыр шырмауы, атамекеннен ауып, тарыдай шашылған туған — туыс, жұрағат — жегжаттардың аштан, көштен қалған запыран ғұмыры суреттеледі. Романның басты қаһарманы — Ақтоты. Ата жұрттан кеткенде аузынан ана сүті арылмаған алты жасар қыз еді, ал атамекенге оралғанда сексеннен асқан кейуана болды. Бір әйел тағдыры — Ұлт анасының тағдыры іспеттес. Жазушы осы қым — қиғаш әйел ғұмырын терең бір сезіммен сипаттайды.
Тарихи тұлғалардың өмірде болған оқиғаларын көркем шындықпен бейнелеуде, сөз жоқ, қаламгерлер өздерінің қиялынан туындаған ойларды да поэтикалық өріммен қосатыны ақиқат. Көркемдік ойлау кеңістігінде адамның психологиясындағы түйсіну, елестету, болжау, шешім жасау, қорыту, т.б. сан алуан танымдық мәселелер үйлесіммен жүйеленеді, адамдардың ықылым замандардан бергі ақыл-ойынан туындаған адамгершілік — ұлттық дүниетанымы жетістіктері қорытылады. Кейіпкерлердің көркем жинақталған тұлғаларына тарихи санада қалыптасқан ойлау әлемінің болуы мүмкін мәселелері үйлесіммен беріледі. Бұл – көркем шығарманың адам жан жүйесін қамтудағы, ұлттық дүниетанымы мен палсапалық көзқарасын танытатын поэтикалық — көркемдік басты позициясы.
Көркем характердің күрделілігі арқылы шығармалардың мазмұны мен пішінде өнер тілімен бейнелеуде жазушылар шығармашылық шарықтаудың мол күрделі шешімдерін жасайды. Тарихтағы болған оқиғаларды, тұлғаларды әдеби бейне тұғырында сомдауда тарихи шындық поэтикасының күрделі, кешенді амалдары қолданылады. Бұл – жазушы еңбегінің аса күрделі болмысы ретінде саналып, ұлттық жоғары бағаға ие болатыны сөзсіз.
Ұлт тарихы мен адам әлемі, қоғамдық-кезеңдік көріністер, өмір шындығы мен көркемдік шешім, ой мен сөз, тіл-стиль бедері айқын да нанымдылығымен әсер етуі басты өлшем болады. Шығармашылық иесінің көзқарас пен қолтаңбасы айқын, өмір тәжірибесі мол, ақыл-парасат көкжиегі, қиял қанаты мен шабыт шалқарының арна-ауқымы кең болуыжазушы еңбегінің жарқырай көрінетін даңқты да тұғырлы бел-белестері болып табылады.
Дәуірдің әлеуметтік қайшылықтарын көре білу, ірі характерлер ашу, поэтикалық жаңа формалар туғызу жөніндегі ізденістер әр уақытта болатын жағдай. Бүгінгі біздің замандасымыз қандай адам, оны қоршаған ортаның тағдыры, ол қандай принципке құрылған, адам өз өмірінің қызығын, тіршілігінің мақсатын неде деп түсінеді, нені армандайды, не нәрсе оны толғандырады? Бүгінгі күннің көркем әдебиеті күн тәртібіне қойып отырған басты проблемаларының бірі — осы.
Үлкен суреткер қашан да қоғамда болып жатқан өзгерістерді көрмей тұра алмайды, ал көрген шындығын толық аңғарып болмай, оның қайшылықты сырларын терең ашпай, көркем шығармаға арқау етуге хақысы жоқ. Тарихи оқиға желісі зор көркемдікпен жазылса ғана, келешек ұрпақ көз қарашығындай сақтап оқиды, ұлттық сөз өнерінің мұнара белесін мәңгі жоғары ұстайды.
Әдебиеттер:
1. Тебегенов Т.С. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. – Алматы: Білім, 2001. – 332 б.
2. Рахымжанов Т. Романның көркемдік әлемі. – Алматы: Рауан, 1997. – 223 б.
3. Қирабаев С.С. Әдебиет және дәуір талабы. – Алматы: Жазушы, 1976. – 300 б. 4. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. – 376 б.