ҚАЗАҚ — ПОЛЯК ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бөкен Г.С.
филология мамандығының докторанты Шапауов Ә.Қ.
филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті.
Көкшетау қ., asya_2309@mail.ru
Қазақ әдебиетінің тарихында қазақ-поляк әдеби байланысының пайда болу кезеңі, даму жолы негізінен поляк халқының азаттық жолында күрескен ұландарын патшалы ресей үкіметінің Сібір мен Қазақстанға жер аудара бастаған мерзіміне тұспа-тұс келеді.
Бұл орайда, Польша республикасы, Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің PhD докторы Ақтай Гүлайхан: «Қазақ елі мен Лехистан арасын мыңдаған шақырымдар бөліп жатса да екі ел арасындағы мәдени, әдеби, рухани байланыстарды нығайта түсетін жайттар мол. Тарихқа тереңірек үңілер болсақ сонау XIX ғасырда-ақ поляк халқының біртуар азаматтары екі елдің байланыстарына өз үлестерін қосып, өздерінің алғашқы сара жолдарын салып кеткен екен. Олардың кейбірі ұзақ мерзімді айдауға түскен поляк ұлт азаттық қозғалыстарының өкілдері болса, базбіреулері патшалық Ресейдің отарлық дәуірінде қызметте, ал келесі біреулері жеке зерттеу жүргізу барысында өзіндік өшпес із қалдырған тұлғалар. Мәселен Адольф Янушкевич (1803-1857), Густав Зелински (1809-1881), Бронислав Залески (1819 не 1820-1880), Cеверын
Гросс (1857-ө.ж.б), Ян Виторт (1853-1903), Александр Затаевич (18691936) сынды саяхатшы біртуар азаматтардың ерен еңбектері екі елдің арасын жақындатуда мәңгі өшпес мұра болып қала берері һақ» [1:4], – деп екі ел арасындағы рухани бастаудың негізін тарихи сабақтастықта жатқандығын дөп басып айтады.
Ендеше, мұндай рухани байланыстың алғашқы қарлығашы ретінде поляктың халық әні – «Сұлу қызды» («Szła dzieweczka do laseczka») айтуға болады. «Сұлу қыз» — өткен ғасырдың ортасында қазақ және орыс тілдеріне аударылған поляк әні және содан бері ол Қазақстанда дәл осы қазақ тілінде нағыз қазақ әніне айналғанын байқаймыз. Бұл ән қазақ-поляк өнерінің үзілмес алтын көпірі іспеттес. Дегенмен, полякша, орысша және қазақша нұсқаларының арасында үлкен айырмашылық бар екенін атап айту қажет.
Қазақша нұсқасында ат жетектеп келе жатқан жігіт қызбен ибалы
түрде танысады, оған Сіз дей отырып, есімі кім екенін сұрайды:
Тоқтаңыз сұлу қыз су іздеген
Танысқым келеді менің сізбен,
Айтыңыз атыңыз кім болады, Танысып көрмегем бұрын қызбен [2]?
Қыз болса оны ғашық боп қалған жоқ па екен дейді. Яғни, барлығы қазақ халқының діліне тән нағыз әдептілік пен сыйластық шеңберінде өрбиді.
Ал енді поляк тіліндегі нұсқасында орманда құлпынай теріп жүрген қыз садақшы жігітпен танысады:
Szła dzieweczka do laseczka Do zielonego — ha, ha, ha
Do zielonego — ha, ha, ha Do zielonego.
Napotkała myśliweczka
Bardzo szwarnego — ha, ha, ha
Bardzo szwarnego — ha, ha, ha Bardzo szwarnego. [3].
Мұнан кейін садақшы жігіт үш күн тамақтанбағанын тілге тиек етіп, қыздың оны жақсы көріп, тамақтандыруын өтінеді. Алайда қыз бар тамағын өзі тауысқанын айта келіп:
Szła dzieweczka do laseczka Do zielonego — ha, ha, ha
Do zielonego — ha, ha, ha Do zielonego.
Napotkała myśliweczka
Bardzo szwarnego — ha, ha, ha
Bardzo szwarnego — ha, ha, ha
Bardzo szwarnego. [3]!-деп жауап береді.
Бұл әннің екі орысша нұсқасы сақталған. Бірінде, ол бізге аңшының бикешке қалай жармасқанын және өзін алдымен тамақтандыруды, ал содан кейін ғашық болуын өтінгені туралы айтады. Қыз бұған тіке қарсы жауап береді. Ол жігітке нанның таусылғанын, ал ғашықтық керек болса – онда байқұс мергеннің қыз сүйгеннен кейін басы ауған жаққа безіп кететінін айтады. Екіншісінде, қазақ тілінде нұсқа дәлме-дәл орыс тілінде беріледі:
Красивая дева, постой же, постой,
Хочу завязать я знакомство с тобой,
Мне подскажите вы имя своё,
Ведь я не встречался с красою такой [4:52].
Аталған нұсқаларды салыстыра отырып, өлеңнің негізгі сюжеті бір болғанымен, әр ұлттың менталитетіне орай, аударылғандығын аңғаруға болады.
Мұнан кейін қос ұлттың рухани ажырамас жолы Сібір мен қазақ даласында қасіретті өмір жолын өткізген Адольф Янушкевичпен жалғасады. Саяхатшының «Күнделіктер мен хаттар» деп аталатын кітабында оның қазақ жерін бүкіл жан-тәнімен көріп білуге тырысқаны айқын аңғарылады. Оның жазбаларынан тек қана өзі көріп білген жағдаяттарды тізбелеп қана қоймай, әрбір құбылысқа өзінше баға беріп, ой түюге, пікір қорытуға құлшынатындығы байқалады. Мәселен, А.Янушкевич 1848 жылы 17 мамырда інісіне жазған хатында қазақ тілінің қаншалықты өміршеңдігі туралы пікірлеріне келтірілген деректеріне: «Жоңғарлардың қираған ескі қалалардың орнына салынған Семейде 7 мыңға тарта тұрғын бар, олардың көбі татарлар, ташкенттіктер, бұқарлықтар. Сондықтан шіркеу біреу, ал мешіт алтау немесе жетеу. Қазақ тілі барлық жерде дерлік қолданылады. Тіпті, мұндағы сән-салтанаты асқан Ресейліктердің тең жартысы, біздің әйелдеріміздің французша сөйлейтініндей, осы тілде еркін сөйлейді» [5:23]. Демек, ежелгі қазақ жерінде кеңестік-тоталитарлық жүйеге дейін қазақ тілінің қаншалықты мәртебеде болғанын осы пікірден-ақ айқын аңғаруға болады.
Ал, саяхатшы осы жылдың 22 мамырында інісі Януариға жазған хатында иісі қазақ әулетінің өздерінің әдет-ғұрпында тазалық пен мәдениеттілікке қаншама мән беретіндігіне көңіл аудара келіп: «Қазақтың әдет-ғұрпын жетік білетін Виктор бір ережені бұзған үшін мені тамақ үстінде едәуір сөкті. Мен онымен қабаттаса құйылған су астына қолымды тосыппын. Түрегеліп емес, жүрелей отырып, әрқайсысымыз жеке-жеке жууымыз керек екен. Мен мұны білмеппін. Мені ұятқа қалдырған тағы бір қатем: қомағайланып табаққа түсе жаздап, еттің сүйегін мүже бастаппын. Шынында, әрбір көрегенді адам белдігіне байлап жүретін пышағымен әуелі оның етін турауы керек екен» [5:30], — деп жазады. Яғни А. Янушкевичтің осынау жазбаларынан ежелгі қазақ даласындағы тазалық пен әдептілікке қаншалықты мән беріліп келгендігін аңғару қиын емес.
Поляк саяхатшысының алысты болжай білу қасиетіне бүгіндері қазақ зиялы қауымы таң қалысып жүргені тағы шындық. Оның нақты бір дәлелін мына бір деректерден айқын байқауға болады.А.Янушкевич 31 мамыр күні Аягөзден жазған хатында былай дейді: «Жаңа Аягөз болса, қауызын жарған қырмызы гүлдей толысып келеді. Әскери горнизонмен әкімшілікке телінген қазыналық үйлерден басқа теректен қиюластырылған бірнеше үй бар. Бұл бара-бара далаөңіріндегі аса маңызды мекендердің бірі болатын секілді. Осы далада ғана, шамасы, Солтүстік Америка Құрама штаттарындағыдай құбылысты байқауға болады. Халқы тым көбейіп кеткен ескі Европаға бейтаныс бұл құбылыс – жаңа елді мекендердің тууы немесе жерді жарып шыға-шыға келетін саңырауқұлақтар тәрізді жыпырлап өсуі. Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – осының бәрі менің көз алдымда туып өскен мекендер» [5:57].
Одан кейін қазақ-поляк рухани үндестігін поляк ақыны Зелинский жалғастырып әкетсе, келе-келе осы әдеби-шығармашылық байланысқа қазақ даласынан алғаш рет ұлы Абай жол салған бастаманы аңғаруға болады.
Поляк халқының танымал ақыны Адам Мицкевичтен аударылған Абайдың «Тұтқындығы поляк жандаралының сөзі» деп аталатын өлеңі 1933 жылдан бастап жарық көре бастады. Бірақ әуелде бұл өлеңнің А. Мицкевичтен аударылғаны беймәлім болатын. Бұл өленді Абай мұрасының үштен бір бөлігі тарихтан мүлде өшіп кетуге айналған тұста М. Әуезовтың тікелей бастамасымен өлеңдер тобына енгізілгені белгілі. Бұл өлең о бастан тұтас күйінде аударылса да, хатқа түспей қалған. Өлеңді М. Әуезовке айтып берген Абайдың ақын шәкірттерінің бірі кей тұстарын ұмытып қалуы себепті, бүгінде аз бөлігі ғана сақталған.
Қазіргі күнде А. Мицкевичтің «С.Б. альбомына» деген шартты тақырыппен жарияланған өлеңі орыс тіліне аударылып, 1844-1883 жылдар аралығында бес рет жарық көргені анықталып отыр. Ал Абай аудармасы 1882 жылы «Вестник Европы» журналының 1-том, 2-кітаптың 606-бетінде жарияланған Н.В. Бергтің «С. Б. албомына» деген тақырыппен аударылған нұсқаға дәл келетіні анықталған. Кезінде Н. Берг аудармалары жайында сын пікірлер молырақ айтылған. Мұны А. Мицкевичтің «С. Б. альбомына» деген көңіл-күй (интимный) лирикасының мазмұнын саясиәлеуметтік сарынға қарай бұрып жіберуінен-ақ байқауға болады. Н. Берг те А. Мицкевич өлеңінің кімге арналғанын, қай мерзімде жазылғанын білмеген. Өлең ақынның қартайған деп білуі себепті, «я стар, я устал» деген сөзді қолданса, өлеңнің түпнұсқасын жолма-жол аударғандағы:
Загрохатали грозы,постоянно ненастье,
Трудно выискать на родных лугах[6], –деген күн райына қарай көңіл-күйін суреттеген көріністі аудармашы:
Ревет гроза, играет непогода,
Над головой несчастного народа[6], – деп, А.
Мицкевич дүниетанымының революция рухына қарай, өлеңнің әлеуметтік-саяси мазмұнын поляк халқының бастан кешкен ауыр тарихи жағдайына орай қоюлатып жіберген.
Н. Берг аудармасындағы осы екі жол өлең сарынын Абай тіпті нағыз ақындық шабытпен саяси-әлеуметтік сарынын мүлде тереңдетіп, поляк халқының басынан өткен азаттық жолындағы күресіне орай меңзеп:
Дүрілдеген найзағай,
Бұрқыраған жауынның
Ашылмағы бар ма басынан
Бағы қайтқан қауымның [7],–деуінде, поляк революционерлерінің тағдырын «бағы қайтқан қауымға» балап беруінде аса терең мағына жатыр. Бұған Н. Бергтегі мәтінді, яғни жоғарыдағы екі жол өлеңді төрт жол етіп аударған Абай өлеңімен жай салыстырып қарағанның өзінде қазақшасындағы әлеуметтік мағына мүлде ажарланып, көркемдік қуаттың сезім қозғар құнарлығын тануға болады.
Абай аударған «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деп аталатын бұл өлең алыстағы қазақ даласында азғана топ арасында ғана мәлім болғанымен, исі қазаққа 1933 жылдан бастап таныла бастады. А. Мицкевичтің «С.Б. альбомына» өлеңінің аудармасы жарияланған «Вестник Европы» журналымен Абай Құнанбайұлының ертеден таныс болған. Оны үзбей оқып отырғаны тіпті М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынында да айтылады.
XX ғасырдың аяғы демек Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі тіл саясатынан бастау алатын ғалым Хенрык Янковскидің еңбектері бір тәбе. Тек қана поляк тілінде емес ағылшын тілінде жазатын ғалымның Қазақ елі, тілі үшін жасаған еңбегі өте жоғары бағалану керек сияқты [1]. Мәселен, қазақ тілімен байланысты 1990 жылдардан үзбей еңбектеніп келе жатқан ғалымның тіл, Байтұрсынұлының әлемдік деңгейдегі орны туралы ұшқыр ойларынан басқа ғалымның ерекше атап өтуге лайық еңбегі 2013 жылы Абайдың қара сөздерін поляк тілінде сөйлетуі болса керек [8].
Сайып келгенде, тарих айдынында тоғысқан қазақ және поляк халықтарының мәдени-әдеби қарым-қатынастары мен рухани үндестіктерін айқындау – ынтымақтастықтың негізі болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ақтай Г. Қазақ — поляк мәдени-әдеби байланыстары// Ш.Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Шоқан оқулары – 19» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
МАТЕРИАЛДАРЫ. – Көкшетау, 2015. 17-18 сәуір. І том. – 427 б.
2. «Сұлу қыз» әні //Дос-Мұқасан [Электронды ресурс]. Электронды мәліметтер. — Алматы: Әуен, 2007. — диск (CD-ROM)
3. Szła dzieweczka do laseczka: польская народная песня(4 вариант)
[Ноты]: для четырехголосного смешанного хора или квартета
//Нотный альбом. — 2011. — № 4. — С. 60-64
4. Шла девица по лесочку (польская) Перевод: Людмила Исаева и Леонид Неверов //Песни простых людей. – Москва,1954. — С. 72 5. Янушкевич Адольф. «Күнделіктер мен хаттар».-Алматы, 2005. – 236 б.
6. Берг Н. Переводы литовских песен. – Москва, 1921. С. 201
7. Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005. – 296 б.
8. Jankowski, Henryk 2013. Abaj Kunanbajuly Słowa Almaty: Nomad Investments Ltd.