ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК
МҰРАҒАТЫНЫҢ ЖЕКЕ ҚОРЛАРЫНДАҒЫ МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН
ТУРАЛЫ ҚҰЖАТТАР
Ақтаева Ләззат Сүлейменқызы
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының
Бас директоры
Құрметті де қадірлі жерлестер!
Сұлу Көкше жерінде дүниеге келіп, қазақ еліне қалтқысыз еңбек еткен Мәлік ағамыздың мерейлі тойы құтты болсын! Көкше елі атына сай қазақтың көк туын көкке өрлете беруіне тілектеспін!
Әр нәрсенің, әсіресе уақыт өлшемінің де өзіндік тарихы бар. Тарих біздің айналамызда, тарих біздің өзімізде, тарих өткенде. Ал біздер, оны келешек ұрпақ үшін сақтауға тиіспіз.
Бүгін, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі, КСРО педагогика ғылымдары академиясының академигі, ҚазақССР-нің еңбек сіңірген қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерей тойын атап өтіп жатқанда, туған еліміздің ең үлкен құжаттық жинақтарын сақтап отырған Қазақстанның ең көне мұрағатының бірі туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі осы мұрағатта Мәлік Ғабдулллиннің жеке мұрағаты, жеке қоры сақтаулы.
Орталық мемлекеттік мұрағат 1921 жылы құрылған, біздің мұрағаттың қорында 1 миллион 500 мыңнан астам құжаттар мен істердің сақтау бірліктері сақтаулы. Ең көне құжаттар 18 ғасырдың 30 жылдарына
қатысты.
Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңнің құжаттары негізінен патшалық отаршылдық әкімшілік ұйымдарының қорларын: Орынбор шекаралық комиссиясының, Ішкі қазақ ордасын басқару жөніндегі уақытша Кеңестің, Сібір қазақтарын шекаралық басқарудың, Далалық генерал-губернаторы кеңсесінің, округтік приказдардың, облыстық және уездік басқармалардың және т.б. құрайды. Мұрағатта барлығы кеңес өкіметіне дейінгі кезеңнің 772-ден астам қорлары сақталған.
Мұрағаттық құжаттар қазақ қоғамында өзіндік орны бар белгілі біртуар тұлғалар: ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбаев, көрнекті ғалым және саяхатшы Шоқан Уәлиханов, ағартушы, педагог, фольклоршы Ыбырай Алтынсарин туралы сыр шертеді.
Мұрағат қорларының өзіндік ерекшеліктерінің бірі – тарихи құжаттардың көптілдігінде (қазақ, орыс, шағатай, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар, араб, қытай, моңғол, манжұр, ағылшын, неміс және т.б. тілдеріндегі құжаттар).
Кеңестік кезеңнің қорлары мұрағат құжаттарының негізгі бөлігін құрайды. Атап айтсақ, 1919-1991 жылдардың Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеті, Казақ АКСР-ның Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі, халықкомдар, министірліктердің және басқа да республикалық ұйымдардың қорлары.
Жекеменшікті және жеке мұрағаттар иелерінің мемлекеттік сақтауға өткізген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, әдебиет және өнер қайраткерлерінің, қарапайым азаматтардың құжаттық мұралары –мұрағаттың тарихи-мәдени құндылықтары болып есептеледі.
Қазіргі таңда мұрағатта 130 мыңнан астам мұрағат істерін құрайтын 330 қорлар мен топтама жеке мұрағаттары құрылып, сақталуда. Олар – Қаныш Сәтбаев, Ілияс Жансүгіров, Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегелдинов, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Александр Затаевич, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Олжаса Сүлейменов, Ивана Щеголихин, Морис Симашко, Дөкенбай Досжанов, Шәкен Ниязбековтердің жеке қорлары, сонымен қатар олардың арасында Мәлік Ғабдуллинің де жеке қоры ерекше орын алады.
М. Ғабдуллиннің жеке қорының құжаттары 1986 жылы Қазақ КСРнің Орталық мемлекеттік мұрағатына оның ұлы Баттал Мәлікұлы Ғабдуллиннің сый ретінде берген құжаттары негізінде мемлекеттік сақтауға алынған болатын. Аталған құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жұмысы 1987 жылы жүзеге асырылады.
Өңдеу жұмыстары барысында 1931-1985 жылдарды қамтыған 1035 істерден тұратын №1 тізімдеме құрылды.
Қорда М.Ғабдуллиннің қолжазбалары, хат алмасулары, өмірбаянына қатысты құжаттары, оны қызықтырған мәселелер бойынша жинаған құжаттары, ол туралы, фотосуреттері орын алды.
Құжаттар тоғыз бөлімдер бойынша жіктелді.
Бірінші бөлімге «М. Ғабдуллиннің ғылыми қызметіне қатысты құжаттары» енді. Бұл құжаттар – кітаптары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары; мақалалары, очерктері мен естеліктері; ұсыныстары, пікірлері; баяндамалары мен сөзжарыстарының мәтіндері; өлеңдері, М.Ғабдуллиннің орыс тілінен аударған аудармалары, оның шығармаларының аудармалары; Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жазба кітапшалары, блокноттары мен күнделіктері.
2,3,4-ші бөлімдердің құжаттары «Хаталмасулар» , «М.Ғабдуллиннің хаттары» және «М. Ғабдуллинге жазған хаттар» — әліпбилік ретпен жүйеленіп тіркелді.
«Сыйға берілген жазбалары» авторлардың әліпбилік ретімен жүйеленіп, 5-ші бөлімге енді.
6-шы бөлім «М. Ғабдуллиннің өмірбаянына қатысты құжаттары» болып табылады. Бұл оның «Жеке құжаттары»: М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағының батыры атағын Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медальін қоса тапсыру (1943 жылдың 30 қаңтары) жөніндегі КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы, 1947 жылдың маусым айының 24-дегі Ғылыми Кеңес отырысының № 8-ші хаттамасынан үзінді, М. Ғабдуллинді Қазақ КСР еңбек сіңірген ғалым құрметті атағымен марапаттау жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы (1981 жылдың 21 маусымы), ғылыми еңбектерінің тізімі, өмірбаяны және т.б.
«Қызметтік қайраткерлігі құжаттары» 1958/59 оқу жылдарындағы және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының атқарған жұмыстарының қорытынды есептерінен тұрады. Ғабдуллиннің 8 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» — «Казахская литература» атты оқулығын жариялау туралы Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министіріне, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес әскері
жауынгерлерінің ерліктері жайлы әңгімелерін жариялау туралы әскерикөркемдік әдебиетінің комиссия төрағасына жазған хаттары, М. Ғабдуллиннің баяндамалар стенограммалары, кафедра отырыстарының хаттамаларынан көшірмелері және басқалары.
«Депутаттық қызметінің құжаттарына» М. Ғабдуллинді КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатына (Павлодар облысы) ұсыну, Қазақ КСР
Жоғарғы Кеңесіне №4 Сталин сайлау округi отырысында сайлау алдында сөйлеген сөздерінің мәтіндері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты М. Ғабдуллиннің атқарған жұмыстары туралы есебі және т.б. құжаттары енген.
«Қоғамдық қайраткерлігі құжаттары» М. Ғабдуллиннің КСРО педагогика ғылымдары академиясының мүшесі ретіндегі қызметін көрсетеді. КСРО педагогика ғылымдары академиясының толықтай мүшесі ретіндегі 1970, 1972 жылдардағы атқарған жұмыстары туралы есебі бар.
«Мерейтойлар туралы құжаттарында» 50,60 жылдық мерейтойларына байланысты құттықтаулар мен мақалалары ұсынылған.
7-бөлім «М Ғабдуллиннің өзін қызықтырған мәселелері жөнінде жинақталған құжаттары» негізінен газет қиындыларынан тұрады.
8-бөлім — «М. Ғабдуллин туралы құжаттарды» — оның ғылымизерттеушілік жұмыстарына берілген ескертулер құрайды.
9-бөлім — «М. Ғабдуллиннің фотосуреттері» М. Ғабдуллиннің әр түрлі тұлғалармен түскен фотосуреттерінен тұрады.
М. Ғабдуллиннің мұрағаты әруақытта зерттеушілерді қызықтырады. Зерттеушілер үшін мұрағаттар ерекше тартымды күшті, сондай-ақ осындай дереккөздерді сақтайды. Олар ғалымның құжаттарын: естеліктерін, күнделіктерін, философиялық ойлар жазбасын, жақындарының хаттарын қомағайланып қарайды.
Ғалымның жеке мұрағаты, біз үшін, оның өмірі мен қызметі жайлы баға жетпес ескерткіштерін сақтап қалды. Құжаттардың аса бір маңызды негізгі түріне тоқталып өтсек, біріншіден Мәлік Габдуллиннің туыстары мен достарына жазған хаттары, екіншіден Мәлік Ғабдуллиннің өзіне жазылған хаттары.
Мысалы, Мәлік Ғабдуллиннің 47 хаттарының ішіндегі бір хатына тоқталсақ: 1945 жылдың 22-ші маусымы деп белгіленген КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиум төрағасы А. Қазақбаев мырзаға Ұлы Отан соғысының мүгедектерін марапаттау туралы жазылған хатында: «Қызыл әскер жауынгерлері неміс басқыншыларына қарсы күресте ауыр жарақаттар алып, Ұлы Отан соғысының мүгедектері атанды. Мен Ұлы Отан соғысының аяқ-қолсыз қалған, марапатталмаған көптеген мүгедектерін көрдім. Ондай адамдарды әр аудандар мен қалаларда кездестіруге болады. Сол себепті сізге нақты бір ұсыныспен жүгініп тұрмын: соғыс майданында ауыр жарақат алған және артынша мүгедек болған, Отанымыз үшін соғыс майданында ерлікпен қаза болып, мемлекеттік марапаттауларға ілінбегендерді әскери ордендермен марапаттау қажет. Оларға марапаттауды жергілікті Кеңестер мен әскери комиссариаттар ұсынуы тиіс»-деп жазған.
Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының арасында көптеген хат алмасулар болған. Бауыржан Момышұлы өзінің хатында « Қарағым, қара тентегім Мәлігім», ал Мәлік Ғабдуллин «Ардақты Бауке!» деп бірбірін еркелеткен. Бауыржан Момышұлының жеке қорында 1943-1967 жылдарды қамтыған 74 парақтан тұратын ісі сақталған, бұл – Б.Момышұлының ұқыптап жинап сақтаған Мәлік Ғабдуллиннің хаттары. Мәлік Ғабдуллиннің Бауыржан Момышұлына жазған хатынан үзінді келтірсек: «Aрдaқты Бауке! Быйылғы жыл-қуаныш пен шаттықтың, бақыт пен рахаттың, Жеңіс пен табыстың сәті түскен жылы болды». 1949 жылдың 29 маусым айында «Жамбыл» туралы романының аудармашысы, ақын Павел Николаевич Кузнецовқа, Борис Полевовқа «Менің майдандық достарым» атты кітабын қазақ тілінде жариялағаны жөніндегі хаттарын және т.б. атап өтуге болады.
Мәлік Ғабдуллиннің жеке қорында оған жазылған 98 хаттары сақтаулы. Хаттар хронологиялық ретпен орналасқан. Жіберілген хаттардың арасында туысқандарының (М.Ғабдуллиннің әкесі), Көкшетаудағы таныстарының (Нұртай Баймағанбетов, Уәлихан Жауаров), жауынгер достарының (Яков Герасименко, Балтабек Жетпісбаев), журнал мен газеттердің қызметкерлері мен редакторлардың (Мұзафар Әлімбаев ,Әшімбай Түймебаев), жазушылардың (Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және т.б.) хаттары бар. Әзілхан Нұршайықов 1944 жылдың 20 сәуір айындағы хатында былай деп жазған:«… оның хатын алды және оған зор денсаулық тіледі, оларды немістер қоршауға алайын деген кезде, ол келесі жолдарды жазды:
Қажыта алмас ешнәрсе жауынгерді.
Қаруы бар қолында жігіттерді. Қоршау тұрған құрсауға түссек тағы Тынбай құрта береміз немістерді.
Онан кейін ауқымды және басымды айқын толқынды ғалымдар, зерттеушілер, профессорлар (А. Измаилов – Қырғыз КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, С. Раджабов – Низами атындағы Ташкент мемлекеттік институтының педагогика кафедрасын меңгеруші, педагогика ғылымдарының кандидаты, В.Столетов – КСРО Педагогика академиясының президенті, Қ.И. Сәтбаев – Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті және т.б.) орын алған. Сонымен қатар Мәлік Ғабдуллиннің хаттары мен оған жазған хаттар қазақ, орыс, араб және латын тілдерінде жазылған.
Ғалымның жеке қоры, яғни мұрағаты – Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп үйрену үшін аса бағалы дереккөз болып табылады. Мұрағат құжаттарынан оның Алма-Аты қаласындағы Педагогикалық интитутының студенті кезінен КСРО Педагогика ғылымдарының академиясының толықтай мүшесіне дейінгі барлық өткен өміржолын көруге болады.
Табиғатта бір адамның қандай да хат алмасулары бүкіл әлем, әр тұрған мекенжайлары бойынша таралуы мүмкін: олар бір мұрағаттық деңгейде топтасып сақтала алмайды, оның жазған хаттарынан гөрі Мәлік
Ғабдуллинге жазылған хаттарды табу оңайырақ болады. Оның танымал қазақ жазушыларымен: Бауыржан Момышұлы, Есмағамбет Исмаилов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсрепов, Дмитрий Снегиндермен жеке байланыстарын қадағалай отырып, жоғарыда аталған тұлғалардың жеке қорларында сақталған Мәлік Ғабдуллиннің көптеген хаттары мен жеделхаттарын кездестіруге болады. Ғалымның ғылыми қызығушылығы, оның қоғаммен байланысы, академиялық, шығармашылық қайраткерлігі туралы, оның өмірі мен шығармашылығын баяндайтын хаттарына деген ілтипаты мен қызығушылығын тудыратын – хаттары айғақтайды.
ХАТТАРДЫҢ ХАЛЫҚТЫҒЫ
Майра Жаноразқызы,
Педагогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Республикасы ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры
Хаттардың халықтығы сауаттылыққа, бүтін сөйлем құрауға баулиды емес пе?
«Отан соғысы жылдары майдан даласынан оқ-дәрінің иісін арқалап келетін «алтыннан ардақты, күмістен салмақты»… деп басталатын үшбұрыш үшбу хаттарды қандай ғана зор сағынышпен тосатын едік. Ауылдың шал-кемпірлері жиналып, кешқұрым мейірлері қанбағандай, тағы бір жаңа сөз, жаңалық табылып қалардай қайта-қайта оқытатын. Жадырап та жабырқап, бірде толып, бірде солып отыратын сол аяулы бейнелер әлі күнге көз алдымда, көкірек түкпірінде.
Әне, үшбу хаттың құдірет күші!
«Досың саған хат жолдап, сен оған жауап жазбасаң, ұсынған қолын қағып жібергеніңмен бірдей», деген А.Чехов. Толстой, Достоевский бастаған орыстың үлкен жазушыларының том-том болып шыққан, жазысқан хаттарын оқығанда ерекше сүйіспеншілікке бөленесің. Сол заманның тарихы, тағылымы, адамаралық қарым-қатынас ахуалы, ғашықтық сезімі, шығармашылық табыстары, пенделік көңіл-күйлері айна-қатесіз көрініс табады. Алдыңнан олар өмір сүрген дәуірдің лебі ескендей.
Қазақта ол игі дәстүр әлі күнге қаз басып кете алмай жатыр. М.Әуезов пен С.Мұқановтың жазысқан хаттары алуан сырды ішіне бүккен қалпы жұртшылыққа жетер емес. Бәлкім, өткен уақытпен бірге қадірі арта түссін дейтін шығар.
Жалпы, хат жазысу кісіліктің келбеті» деген жолдарды Ділдә Матайқызының кітабынан оқыған едім.
Қазір хаттарға көп мән бермегенмен, қолымызға тиген Мәлік (Ғабдуллин) хаттарын оқығанда, еріксіз толғанасың. Тіпті, таң қаласың. Профессор Серік Негимовтің жазғанындай, Мәлік өмір мен өлімнің шекарасында қар жастанып, мұз төсеніп жүргенде жан-дүниесін тебіренткен ойларын, табандылық, төзімділік көрсеткен ерлердің өнегелі, батырлық ісқимылдарының, жауынгерлердің сезімді селт еткізерлік сөздерін, «окопты – кабинет, жерді – орындық, тізесін – үстел» етіп, мүмкіндігінше, қазқалпында, суымай тұрғанда, ізінше қойын дәптеріне түсіріп отырған.
Көптеген хаттар көшірмесі, күнделік дәптерлері жойылып кетуін Мәлік Ғабдуллин былай суреттеген: «Біз Новосвинюхово деревнясын шабуылдап алмақ болдық. Нәрсе-қараның бәрін шанаға қалдырдым, қолыма тек автомат, граната, оқ қана алдым. Таң ата ұрысқа еніп кеттік. Күндіз немістің бірнеше самолеті келіп біздерді бомбалады. Осы бомбаның бірі біздің ротаның шанасына түсіп, барлық нәрсемізді жоқ етіп жіберді. Соның ішінде менің «күнделік дәптерлерім» де кетті».
Қолымыздағы бар хаттарына көз жіберсек, қаһарлы күндердің шежіресіндей болашақ ұрпақ үшін айрықша қымбат. Бірде досының ерлігіне риза болып, пікірін қолдаса, бірде өз ақылын айтады. Енді бірде қарапайым сөзбен ғана ойын межеге жеткізіп, даналық танытады. Өзінің қазақ ұлтынан жаратылғанын мақтан тұтып, сол ұлтты қастерлеуге үндейді. Өрт пен оттың бел ортасында жүрсе де, оның бар тілегі өз ұлты мен елінің тыныштығы, рухани байлығының біліктілігі екенін жеткізеді.
Бір хатында: «Ұлтын жасырушылық, өз ұлтын, халқын сүймеушілік –дүниеде ең барып тұрған тексіздік. «Қазақпын» деген сөзді мен ұлтын сүю, халқының батырлық, ерлік, салтын, дәстүрін сүю, өз ұлтына адал қызмет ету, өз ұлтының басқалардан артта қалмай, солармен қатарлас (кейде олардан асып түсуін) болуын көксеушілік, соған ұмтылушылық, халықтар достығын қадірлеп, қорғап отырушылық, досқа досша көмектесіп, достың жауымен өз жауынша күресушілік деп түсінемін» (12.09.1944 ж. Майдан), десе, енді бірде: «Қадірлі Н. Халық үшін күресу адамнан өжет, өткір болуды, бұл жолда көптеген қиыншылық, қысымдарды көруді керек етеді. Халық ісі адамнан қорықпай, тайсалмай ерлік жасауды, бұл жолда өзінің жеке басының қамын ойлауды да тілейді. Осының бәріне шыдаған жөн, сонда ғана мақсат – халық ісін орындау арманын, адал ниет, шын көңіл, әділ жүрекпен орындайсың. Мен майданда әділдік, шындық, ақиқат үшін соғысып, қан төгіп жүрмін. Жағымпаздық жасаймын деп өтірік айтар жайым жоқ. Әділдік үшін басымды бәйгеге тігемін» (05.05.1943 ж. Майдан), деп адамдық асыл қасиеттерді жоғалтпауын тілеп, адалдық пен әділдікті пір тұтады. Осындай жауына қатал, қайсар да өжет Мәлік бірде аяулы анасын аңсайды: «Шынын айтайын, мен анамды жақсы көремін. Анамды ойлағанда екі көзден жас мөлтілдейді. Менің анам Әлия деген кісі еді. Ұзын бойлы, әдемі ақсұр адам еді. Одан жеті ұл, үш қыз тудық. Солардан қалған мен ғана, өзгелері жасында өлген. Мен өзім ұлы шешем Мадиянның қолында өстім. Бірақ, оның маған өз анамды сүюіме бөгет болған жоқ. Анам да маған мерейлі еді. Кейде ақылын айтса да, кейде ақылмен ұрысып, қателерімді көрсететін. Сол анадан мен он алтымда айырылдым. Анам ауырып өліп кетті. Мен анамның алдында екі үлкен нәрсеге борыштымын…»
(08.05.1943 ж.), дей келе, түсініктеме береді.
Бұл хатты оқығанда тебіренбеу мүмкін емес. Анасын құрметтеу – адамдықтың асқақ шыңы.
… «Сен соңғы бір хатыңда «елдегі әңгімеге несіне араласасың депсің. Алда бауырым-ай, өзің қызық екенсің ғой. Сөз саптауыңа қарағанда, «сен соғыста жүрген әскерсің. Сол ісіңді білсейші, басқа мәселеге араласпа дегің келеді, білем. Қой, бауырым, олай етуге болмайды. Менің әскери адам екенім рас. Ал әскер адамы әдебиет, мәдениет мәселесіне араласпасын, өз ісімен болсын деген жаман пікірді есі дұрыс адам баласы айта қоймас…».
Шындығында, елі үшін қан төгіп жүрген адам, елдің жайына қалайша жайбарақат қарауы тиіс?
Кейбір хаттарынан Мәліктің көрегендігін көрсек, кейде ел басында жүрген азаматтардың ақылды да парасатты, білікті болуын армандағанын байқаймыз.
… «Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды», дейтін еді Бауыржан. Осы бір алтын сөз-ау. «Майданда делегат болып келген бір қазақтан әдебиеттің жайын сұрағанда Сәбит, Абай туралы роман жазды, Мұхтар «Балуан Шолақ» деген поэма жазды…
Бұдан әрі мен одан еш нәрсе сұрамадым. Бұл әңгімелер нені көрсетеді? Одан көрінетін әңгіме мынау: біздің кейбір бастық болып жүрген адамдарымыз қазақ әдебиетін оқымайды, білмейді. Ондайлар халықтың тарихын, әдет-ғұрпын, салтын біледі деп айту қиын. Шынында, халық ісі үшін еңбек сіңірсем десең – өткендегі жүз жылға көз жібер, сол кезде не істелді екен, солардан қарап шық. Сонан кейін алдағы елу жылға көз жібер, сол кезге нендей нәрселермен келуіміз керектігін, не істеуіміз тиісті екенімізді ойла. Бұлай ету тарих алдындағы, халық алдындағы және болашақ алдындағы борышты түсінді деген сөз болады» (16.04.1944 жыл. Майдан), деп кейбір әкімсымақ адамдардың сән дүниесіне жан дүниесінің сай еместігіне қынжылады. Біздер әлі күнге дейін осындай адамдарды кездестіреміз.
Ал, Мәскеуден жазған мына бір хатында: «Мәскеуге келе жатып жолда екі үлкен қалада болдым. Ол қалалар Вильнюс пен Минск еді. Екеуін де аралап көрдім. Менің көзіме ерекше түскен нәрсе мынау болды: Вильнюс пен Минскінің үлкен-үлкен көшелері, қоғамдық үйлердің ішкі және сыртқы қабырғалары неше түрлі ұрандармен безендіріліпті. Ол ұрандар орыс, беларус, литва халықтарының орнаменттерімен әшекейленген екен. Тіпті, жарасып-ақ тұр. Мұны көргеннен кейін, біздің Қазақстан қалалары да осындай шығар, олар да қазақтың ұлттық орнаменттерін қадірлі, тиісті дәрежеде пайдаланатын болар деп ойладым…» (24.09.1945 жыл. Москва), деген екен. Әлі күнге дейін қажетті мәселелердің бірі боп келе жатқан жағдайды, Мәліктің соғыс жылдарындаақ ұсыныс жасағанына қайран қаласың. Дарынды жан қаруы мен қаламын қатар ұстаса, тек ел үшін, өз ұлты үшін екендігін еріксіз мойындайсың. Оның бізге жетпеген хаттары қаншама?…
Қай хатын оқысаң да, жеке адамға емес, халқына арнап жазғандай. Себебі, оның аман-саулықты ғана біліп қоймай, еліне деген елгезектілігін, халқына деген махаббатын көреміз. Нар тұлғалы ер-азаматтың елім деп елжіреген жүрегі, ұлтым деп ұшқан қанаты, ана тілім деп тебіренген телегей теңіз толқыны, туған жерім деп жарқылдаған жалынын сезіп, мақтан тұтамыз. Оның халықтың ұлы екенін қарапайым хаттары-ақ паш етіп тұрғандай.