ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ КӨРКЕМДІК СИПАТЫ

ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ КӨРКЕМДІК СИПАТЫ

Аубакирова Ботагөз Кәрібайқызы
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
a.b.k_1967@mail.ru

Шешендік өнер – ежелгі Грекия мен Рим заманынан бермен көптеген халықтардың мәдени, рухани, өмір тіршілігіндегі өнердің бір түрі. Грек шешендiк өнерiнiң игi әсерi арқасында көне Римде де бұл өнер дами бастады, үлкен күшке ие болды. Цицеронның мәлiмдеуiнше, Римде сөз құдiретiне ие болған адамға тәңiрiндей табынған. Олар ”адамды даңққа бөлейтiн екi қасиеттi өнер бар: бiрi — қолбасылық, екiншiсi- шешендiк” деп бiлген [1,205], яғни бұл елдерде шешендік өнерді «риторика» деген атпен жеке пән ретінде оқыған. «Риторика» ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған. Көнe Рим шeшeндiк өнeрдiң ұшар шыңы дeп Цицeронды таниды, яғни Марк Тyлий Цицeрон — шeшeндiк өнeрдiң көнe римдiк тeорeтигi. Ол өзiнiң шeшeндiк өнeр қақындағы ұлы ойларын ”Шeшeндiк өнeрдiң үш трактаты” eңбeгiндe зeрлeп қалдырды.
Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi III ғасыр Рим мен Грек елдерiнде эллиндiк дәуiр деп аталып, әдеби-мәдени құндылықтардың алмасуымен сипатталады. Бұл сипат шешендiк өнерге де тiкелей қатысты. Байырғы салалары: бейнелі сөз, шешендік сын, шешендік өсиет, шешендік нақыл, шешендік дау, шешендік толғау. Әр қайсының әсерлі өңі, сұлулығы, татымдығы, дуалылығы, зерделігі адам ой жүйесіне, жан-дүниесіне, сезіміне мықты қозғау салады, жүрек тебірентеді. Тыңдаушының еркі мен сезімін билейді, толғандырады. Шешендік сөздер ағып тұрғаан поэзия. Ақ өлеңмен өрілген сөз тұнығы: сырлы теңеу, астарлы сын, жинақы ой, жұмбақты меңзеу, қисынды толғам. Бәрі тіл құдіретінің, пікір түйінділігінің, таңғажайып ой толғағының әмбебап туындысы. Өмір құбылыстарына байламды шешендік сөздер орны-орнына қойылса шебер шендестіріледі. Сырланып, әрленіп, татымы нәрленсе ойды шалқытып, сезімді тербеп адам көңілін ұйытады. Сұлу, өрнекті әр шешендік сөздің өзіне тән терең мағыналы және астарлы жүктемесі бар. Жүйелі, байыпты айтылса досқа пір, дұшпанға зіл, шат көңілге шабыт, қам көңілге демеу, батырға айбынды ұран болар әрі тәтті, әрі қатты, әрі майда, әрі өткір алмас тіл.
Шешендік — ұшқыр ойдың қас қағымда тілге оралымдылығы, байламы; дер кезінде дәл мағынасын дөп басар бейнелілігі; мәнді, ойлы сөздердің мәйекті мақал мен мәтелге айналуы; дау-дамайда қазылық, мәмілегерлік; ара қатыста елшілік, жаугершілікте бітімгерлік; ұрпаққа, қалың қауымға өсиет, ал шешен — тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын халық қалаған сөз шебері. Ел-жұртты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу қиын. Оны қазақ теңеп те, бейнелеп те, асқақтатып та айта білген. Ел намысын қорғаған ерлерді «нар», «арыстан»,»ерім», «азаматым» деген сияқты теңеулермен мадақтап, ардақтаумен бірге әділді «қара қылды қақ жарған»; шешенді «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»; шеберді «темірден түйін түйген»; жомартты «атын түсіп беретін мырза»; адалды «сүттен ақ, судан таза»; сұлуды «ай мен күндей»; әдептіні «қыз мінезді жігіт»; бәйбішені «бес биенің сабасындай»; баланы «тойған қозыдай»; бойжеткенді «оймақ ауыз, күлім көз», деп дәріптеген.
Шешендік сөз мынадай талаптарға жауап беруі керек:1.Белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпты қозғайтын және шаршы топ алдында ауызша айтылған сөз болу. 2.Әңгіме өзегінің дәлелі (аргумент) болуға тиіс, соның арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан соң ойлантып, ақырында белгілі бір харекетке ұмтылдыруды көздеуі қажет. 3.Тыңдаушыларға жақсы әсер етіп, құлақ құрышын қандыратын, сүйсіндіретін эстетикалық қасиеті болуы игі.
Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше. Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған. Қазақ елі ежелден төрт құбыласы тең іргелі ел, ірі ұлыс болғаны белгілі. Осы көшпенділер өркениетін орнатуға зор ықпалын тигізіп, ұрпақтарына үлгі боларлық рухани, мәдени асыл мұраны сақтап жалғастырған дала қайраткерлері – ойға ұшқыр, тілге шешен бишешендері болған. Ел тұрмысын, салт-дәстүрін, дүниетанымын жетік біліп, билер, бабалар сөзін жадында сақтап, осы қасиеттерімен ел көңілінен шыға білгендер ғана би атанған. Би-шешендер туралы ғалым Серік Негімұлы: «Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы нағыз шешенбилердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас. Ол – тәртіптің тұтқасын ұстаушы, ұлттың салт-дәстүрін, рухани болмысының қасиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ережеқағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйреген, қызғыштай қорғайтын, жақсылыққа үндейтін үлгілі ұйымдастырушы» — деген. [1. 465б.].
Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқыланған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген. Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Халық мақалдарында: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды», – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз [2].Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген. Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ.. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл», – деп толғайды. Бұлар – «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі». Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау: …Көш бастау қиын емес – Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес – Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын – Шешімін таппас дау бар, –деп дұрыс аңғартады [3]. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді»,– деді. Демек бұл қастерлі мұра – шешендікпен айтылған билер сөзі ұмытылмайды, қай кезде болса да халық жадында деген. Мыңдаған, жүздеген жылдар өтсе де, Бәйдібек, Қазыбек, Байдалы билердің, Домалақ ана, Гауһар, Ақбикеш, Айбике аналардың, Қабанбай, Бөгенбай, Ағынбай батырлардың есімін жұрт әлі де мақтанышпен айтып отырады. Шаршы топта сөз бастау қиын: Тауып айтсаң, мереке қылады, Таппай айтсаң, келеке қылады десе, шешені судай төгілген халықпыз. Түгел сөздің түбін түсірген, аталы да, баталы да сөз қалдырған түп атамыз Майқы бидің ұрпағымыз. «Сылдырап өңкей келісім» деп Абай айтпақшы, өлең сөзге дес бермеген, ауылдың алты ауызын аңыратып, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен бітіретін данышпан халықтың перзентіміз. Ата-бабамыз жаудан қаймықпаған, сөзден тосылмаған. Ерттеулі атына міне сала жауға шапқан, шынайы шешендік өнерге машықтанғандар. Біз – шешендік өнерді сүйетін де, оны бағалай білетін де халықпыз. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демей ме дана халқымыз?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешіп бере алатын қайран қазақ халқы! Шешендік өнерді ең асыл өнер деп бағалаймыз біз өзіміз. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығарған халқымның өресі биік, өрісі кең, шығар асуы жоғары десек, нағыз бағасын бергеніміз ғой. Иә, көпті көрген, көп жасаған қазақ қариялары оқымаса да көкейге тоқығандарын, жастарға үйретуден жалықпаған [4].Талапты жастар үлкендерден, қариялардан өнер-білім үйренуді өздеріне міндет, мұрат тұтқан, жақсының атын ерттеп, қасына ерген. Олардан үлгі-өнеге алуды ар-намыс санамаған. Үлгілі, аталы сөз кемеңгер ой мен шебер тілден ғана тумаса керек-ті.Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде шешен сөзіне жан-жақты сипаттама беріп, оларды бес түрге бөліп саралаған. Олар: Біріншісі, саясат шешендік сөзі — шешендердің жиналған қауымды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығару мақсатымен айтылған сөз. Екіншісі, билік шешен сөздері — шешендердің сотта айыпкер адамдарды ақтау, иә қаралау мақсатымен сөйлегенде сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздер. Үшіншісі, қошемет шешен сөзі – біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі. Төртіншісі, білімір шешен сөзі – білімділердің, ғалымдардың мазмұнды сөйлеген сөздері. Бесіншісі, уағыз — дін жайынан сөйлеген ғұламалар, молдалар сөзі [6]. Осы би-шешендер сөздерін ел аузынан жинап, тіл қадірі мен сөз қадірін жете түсінген, оларды жеке мұрасына сақтап бізге жеткізгендердің бірі – белгілі фольклорист, ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Қазыбектің екінші билігі» деп аталатын шешендік сөзінде Сібір бойына келе бастаған орыс шаруаларын жақтыртпай соғыс ашпақшы болған қазақтар бір шешімге келе алмаған соң үш жүздің билерін шақыртқан екен. Осы мәселе жөнінде билер оңаша шығып, жұмбақтап сөйлейді. Ұлы жүзден Төле би, — Алар ма ед мына көлдің қуын атып. Мұндағы көл – Сібір бойының жері болса, қуы – келе бастаған орыс шаруалары, яғни қуын атып алу – қоныстанған шаруаларды қуып жіберу, немесе соғысу. Кіші жүзден Мама би, — Тигізе алмай жүрмесек суына атып, — деп, бұл соғыстың нәтижелі болатындығына сенімсіздік білдіргенін көреміз. Яғни, оғы қуына тимей, суына тиіп — күшіміз зая кетер деп күдіктенеді. Орта жүздің Қазбегі, — Арылмастай пәлеге қап жүрмесек, суда жүрген перінің қызын атып, — дегендегі пері – ақ патша болса, қызы — сол патшаның адамдары. Арылмастай пәлеге қап жүрмесек деп, бұларды шауып алған жағдайда орыс патшалығы соғыс ашып қазақ елі үлкен пәлеге ұшырайтынын болжап тұр. Қазыбек бидің бұл сөзіне Төле би , — Қазыбек, сен соғыспауға байладың-ау!- депті. Сонда Қазыбек, — Біз орыспен қалай соғысамыз? Пайғамбарымыздың ғаділшілік орыста қалады, дегені бар емес пе? «Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыға қалса», қолының ұшын беретін көршіміз орыс болса, жаман болмас! – деп ойлаймын, – деп соғыстың басталуына тоқтау салғанын көреміз. Демек, мұндағы Қазыбек бидің сөзі екі ел арасындағы соғыс отын өршітпей саясат мәселесін шешуге ықпал етті. Ал
«Қазыбектің үшінші билігінде» Ұлы жүз бен Кіші жүз арасындағы даулы мәселеге билік айтуға Ұлы жүздің төбе биі Төле би мен Кіші жүздің биі Мама таласады, сонда Қазыбек би «Ұлы жүзді қауға берде, малға қой. Кіші жүзді найза бер де, жауға қой. Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой» — деген аталарының өсиетін білмейтіндігін беттеріне басып, төре беру жолы өзінікі екендігін айтады. Бұл сөзді үш жүздің адамдары бір ауыздан қабылдапты. Сонда Қазыбек би, — Уа, Үйсін: Төле би, сен атадан үлкен болып тудың. Ініңнің бір еркелігін көтеретін жөнің бар. Оны ойламай, жылқысын неге қуып аласың? Уа, жарқыным Мама би, сен атаның қара шаңырағында қалған екенсің, ағаңның көзінің тірісінде жеңгеңді неге зорлықпен әкетесің? «Даугердің адалы құстай ұшатын да, арамы мұрттай ұшатын.» Сен, Мама би, қатыныңды қайтар, сен Төле би, жылқыны қайтар. Екі жағында иесіне табыс болмаған, екі аяқты түгіл, төрт аяқты қалмасын! – деп, билік айтыпты. Бұл жердегі Қазыбек бидің сөзін билік шешен сөздерге жатқызамыз. Қазыбек би атабаба салтын, өсиетін жетік білетіндігін дәлелдеп, төрелік айтуға, даулы мәселелерді шешуге Орта жүз билерін қою керектігін бабалары өсиет қып кеткенін атайды.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларындағы «Қазыбектің төртінші билігі» мен «Қазыбектің бесінші төрелігі» деген сөздері де — билік шешендік сөз. Ал осындағы «Қазыбектің «Тәңірі алдына барғанда» сөзінің әсері» деген сөзін уағыз шешендік сөзбен қоса билік шешендік сөзге де жатқызамыз, себебі мұнда Қазыбек би алдымен билікке қатысты сөйлеп, соңында уағызбен аяқтайды [5].
Би-шешендер сөздерінің үлгілері бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған тіл мәдениетінің биік шыңы болып табылады. Қазақ жұрты – жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Қазақ шешендік өнері — атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп тереңінде шайқалған інжу маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жұпталып көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады, ал шешендер әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, көптің көкейіне қонақтаған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды керекті, келеңді жерінде жаңартып кәдеге жаратады [6]. Қазақтың шешендік өнерінің піспегі – шешен билер де, күбісі – халық. Ел есінде жүрген шешендік нұсқалардың туындыгері – шешен-би. Халық заманы озған сайын сөз үлгілерін талқыға салып, қырлап, өңдеп, құлпыртып әкеліп, кейде тіпті сан-саққа жүгіртіп әркімдердің атынан айтады. Осындай әдеби-халықтық, фольклорлық сұрыптаулардан кейінгі біздің заманымызға келіп жеткен шешендік сөздер шымырқанған қымыздай жұтылған, таңдай татарлық дүниелер болып келеді. Бишешендер – шешендік өнердің негізгі доминанты, яғни қозғаушы күші [7]. Шешендік сөз – адамзат тарихындағы рухани материалдық мәдениеттің дамуының негізгі құралдарының бірі. Шешендік сөз — сөзбен барша жетістіктерге жеткізетін өнердің саласы. Шешендік өнер — адамзат өркениеті тудырған рухани-мәдени құндылықтардың бірегейі. Сондықтан шешендік өнер мен оның тарихы-адамзат мәдениеті тарихының сабақтас бір бөлігі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Негимов С. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 2000.-465б.
2.Қосымова Г. Қазақ шешндік өнерінің негіздері. – Алматы: Білім, 2003.256б.
3.Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 6 том.Павлодар: «Эко», 2005.113-119б.
4.А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. Алматы «Ана тілі» баспасы, 1992.Б.444.
5.Негимов С. Шешендік өнер.- Алматы: Ана тілі, 1997.
6.Қалимұқашева Б.Д. Шешендік өнерге баулудың дидактикалық принциптері. Бастауыш мектеп.-Алматы: Мектеп, 1999.-№ 10.- Б. 10-12.
7.Шешендік шиырлары — Алматы: Қайнар, 1993.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *