СЫН САРДАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ ӨЗІНДІК ІЗДЕРІ
Исина А.О.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
kok325504@ mail.ru
Қазақ әдебиеті теориясының қалыптасуы бүгінгі кемел шағына жетіп, биіктерге көтерілуі оның ірге тасын қалап, ғылым ретінде қалыптастырған ардақты есімдермен да тығыз байланысты және олардың әрқайсысының орны ерекше.
Отызыншы жылдардан басталған Е.С.Ысмайыловтың әдебиетші ғалым есебіндегі шығармашылық мұрасына шолу жасасақ, әдебиеттанудың қай саласының болмасын өзекті мәселелерін қозғай білгендігі байқалды.
Қазақ әдебиеттануының қалыптасуы кезеңінің ең бір қиын шағы еншісіне тиген ізашар аға буынды сол кездегі жағдай әмбебап (универсал) ғалымдар етіп қалыптастырғаны тарихтан белгілі жайт.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті тарихына жеке тарау болып енген «Қазақ фольклоры» деп аталатын зерттеу ауыз толтырып айтуға тұрарлық аса маңызды еңбек деуге болады. Бұған дейін қазақ халқының ауыз әдебиетін түгел қамтып, жүйелі түрде сөз еткен мұндай тұтас зерттеу жоқ еді.
Халық ақындарын өнерлеріне қарай жіктеп бөлуде Мұхтар Әуезовпен қатар Е.Ысмайыловтың да көрсеткен тапқырлығы аз емес. Солардың бір тобын әнші ақындар деп атап және олардың талант табиғатын түсіндірудегі Е.Ысмайылов еңбегі ерекше қымбат.
Сыншылдық ойдың базарлы болуына жағдай жасап, жауынгер жанрды дамыта түсуге әрқашан мұрындық болды.
Осылардың үстіне М.Әуезовті баталы бағасын қосуға да болады. Естеліктерді зерделей оқысақ, қазақ әдебиеттануының қай саласында болмасын Есмағамбет Самұратұлының абыройлы іс атқарғанын көреміз
[1:18].
Ғалымның енді бір жүйелі зерттеулері – әдебиет теориясына қатысты еңбектері. Бұл саладағы мұраларын үш топқа қарастыруға болады:
1) 1934 – 1939
2) 1940 – 1941
3) 1941 – 1959
Ең бірінші зерттеуі 1934 жылғы «Әдебиет майданы» журналының № 11 – 12 санында (З.Шашкинмен бірігіп жазған) «Абайдың поэтикасы» мақаласымен басталды. Мұнда Абай өлеңі алғаш жүйеленіп, шын мәнінде теориялық тұрғыда тұңғыш талдау жасалынды. «Лирика мәселесі» (1936), «Әдебиет теориясы» (1936), «Өмірді білу, ірі образ жасау» (1937), «Драматургия мәселесі» (1939), «Келелі үш мәселе» (1939), «Кемеңгер Абай» (1940) тәрізді ғылыми теориялық мәні терең мақалалары жарыққа шығып, әдебиет теориясының қалыптасу тарихындағы болашақ зерттеулердің негізіне барлау жасалынды. Нәтижесінде 1940 жылы Зейін Шашкинмен бірігіп жазған «Әдебиет теориясы мәселелері» кітабы жарыққа шықты.
«Әдебиет теориясы мәселелері» кітабы 5 тараудан тұрады. Алғашқы тарауда өнер, әдебиет теориясы туралы ғылымның жалпы даму тарихына шолу жасайды. Әдебиет туралы ғылымның түп тамыры біздің ғасырдан бұрынғы V ғасырда болған философиядағы софистер көзқарастарынан бастап, Платон, Аристотель, Зикфрон, Граций, Бруно, Буало, Ген, Ницшенің теориялық еңбектеріне шолу жасайды. Екінші тарауда мазмұн мен формаға, стиль мен көркемдік әдістерге, жанрларға тоқтала келіп, олардың әрқайсысының тарихи жетілу процесіне көңіл аударады. Әсіресе, әдебиеттің жанрларына талдау барысында орыс әдебиетінің үлгілерімен бірге қазақ ақын-жазушылардың шығармаларын мысалға алады. Дегенмен лириканы жіктегенде орыс әдебиетінің поэзия түрлері басымдау жатыр: романс, сәлем хат, өлең ән, бақташылық өлең, ода, т.б. Автор өзі де еңбектің кіріспесіндегі «бұл әдебиет теориясын жазуда сүйенген негізгі материялымыз орыс тіліндегі еңбектер болды. Кітаптың кейбір бөлімдері жеке әдебиет мәселелері Тимофеев, Виноградов кітаптарынан және әдебиет энциклопедияларынан алынып отырды» деп ескертіп жазады [2:8]. ІV бөлімдегі «Көркем тіл» яғни шығарманың тілін талдауға арналған пікірлері өте құнды. Көркем тілді 3 бөлікке жіктеп талдайды:
1. поэтикалық сөздік; 2. поэтикалы семантика;
3. поэтикалы синтаксис.
Алғашқы бөлікке көркем әдеби сөйлеу түріндегі сөздердің образды, әсерлі ұғым беретін қалпына орай – синоним, омоним, антоним, архаизм, диаклектизм, варваризм сөздер жатқызылады. Поэтикалы семантикада көркем әдебиеттегі ауыстыру мағынасында қолданылатын (троп) айқында, эпитет, теңеу, ауыстырулар, кейіптеу, меңзеу, мысалдау, мысқылдаулар сөз болады. Үшінші бөлігінде сөйлемдердің тура, бұрма мағынасында қолданылуының үстіне түрлі жағынан ауыстырылып, құрылуына сәйкес қайталау, инверсия, түйдектеу, сөйлегенде дауыстың не көтеріңкі, не төмен бәсеңдеу тұрған кезеңіне лайықтап қарауды интонацияның құрамына кіргізеді.
«Өлең құрылысы» тарауында өлең құрылысының түрлеріне (тоникалық, силлабикалық) тоқталып, оның ішінде орыс тіліндегі оқулықтар мен теориялық кітаптардың тікелей ықпал әсерімен жазса да мысал, дәлеледемелері төл әдебиетімізден алынуы оқулықтың құнды ғылыми еңбек екенін танытады. Сонау дәуірден бастап әдебиеттану ғылымының негізгі саласының бірі – әдебиет теориясын ұлттық әдебиетімізде қалымтасуына алғашқылардың бірі болып ат салысқан, ірі қадам болып саналады.
Е.Ысмайыловтың сан-салалы шығармашылық жолын зерттегенде ғалымның теоретик, фольклорист, сыншы екеніне көзіміз айқын жетті. Атап айтқанда білгір ғалым зәбір-жапа шегіп жүріп, тарих қойнауына барлау жасайды. Ежелгі түркі халықтарына ортақ мұраларды XV-XIX ғасырдағы қазақ хандығы тұсындағы әдебиет үлгілері зерттеуге барды.
«Ақындарда» мынадай ойлар бар: «Қазақтың көне әдебиет нұсқаларында жырау қазақта ақындықтың ең көне түркі болғанға ұқсайды. Өйткені қазақтың батырлары жырында алғашқы ақынның аттары: Сыпыра жырау, Шалкиіз жырауы. Әйгілі жыраулар поэзиясына фольклортанушы тұрғысынан келген ол Сыпыра, Асанқайғы, Қазтуған, Бұхар жайында айтқанда осы көзқарасты ұстанады. Әдебиет тарихына осы көзқарас тұрғысынан қарап енгізеді.
Халық поэзиясында ақындық стиль, дәстүр мәселелері сөз болғанда, батырлық, эпикалық жырларды дамытушы Нұрпейіс, лирикалы поэмаларды жазушы Исаны айтпай болмайды.
Халық ақындары бұрынғы ауыз әдебиетінің жақсы дәстүрін сақтап дамыта отырып, бүгінгі жазба әдебиеттен көп үлгі алады, жазба әдебиеттің бүгінгі халық әдебиетіне шығармашылық әсері үлкен, сондай-ақ жазба әдебиетөкілдері халық әдебиетінен де, әсіресе халық әдебиетінің тіл байлығынан үздіксіз үлгі алып келеді. Халық ақындарының бірқатары кеңес дәуірінде оқып, білім алу арқасында жазба поэзияның ақындық, шығармашылық мәдениетін меңгеру дәрежесіне көтеріледі.
Е.Ысмайыловтың XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеуі үш бағытта жүргізіледі. Бірінші — әдеби мұраны жинаушы, жариялаушы және кітап етіп шығарушы; екінші — оқу құралдарын (хрестоматия) құрастырушы; үшіншісі — оқулық жазушы.
Дәстүр сабақтастығына орай Абай мұрасын — М.Әуезов, Сұлтанмахмұтты-Ж.Аймауытов, Махамбетті — Х.Досмұхаммедов, Қ.Жұмалиев, Нармамбет туралы — Е.Ысмайылов ыждағаттаумен айналысты.
Нармамбет ақынның әдеби мұрасын жинап кітап етіп бастырған ғалым оның бетін айқындап «Нармамбет ақын» атты алғысөз жазды. «Нармабет Абайдан кейінгі, Абайдың реалистік мектебінде тәрбиеленген ақын» деп бағалы қорытынды жасады. «Нармамбет өлеңдері» (1939)
Е.Ысмайыловтың жинақтылық еңбегінің көрнектісі және ол жинақ ғалымды XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеуге алып келген фактордың бірі [3:67-71].
С.Мұқановтың кемеңгер ақынның поэзиясын зерттеген Х.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, З.Қабдоловтың өмірпаздық өмірбаянына барлау жасаған. М.Сильинконың, Абайдың орыс әдебиетімен шығармашылық байланысын шолған З.Ахметовтың, қара сөзіне назар аударған Х.Сүйіншәлиевтің, Абайдың дүниетанымы мен эстетикалық ойына көңіл бөлген М.Ғабдуллиннің, педагогикалық көзқарасын пайымдаған Т.Тәжібаевтың, Абайдың революцияшыл-демократ орыс достарымен қарым-қатынасын баяндаған А.Жиреншиннің, сондай-ақ Абай шығармашылығы туралы ойлар айтқан Құдайберген Жұбановтың, Б.Кенжебаевтың және тағы басқа көптеген авторлардың еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының қарқынды өркендеу арнасындағы ең мәнді олжалар екенін атап, төңкеріске дейін Абай шығармаларының қалай насихатталғаны, сын елегінен өткені жайлы білеміз.
Қазіргі қазақ ақындарының ішінде домбырасыз, ән-күйсіз жырлайтыны сирек. Қобыз, домбыра ақындардың ежелгі шығармашылық серігі. Ақын белгілі бір тақырыпқа ұзақ дастанды бастап жырларда әуелі домбыраны қағып, күйлеп белгілі бір ән, күйдің сарын, сазына, нақышына келтіріп тартып алады.
Қазақ әдебиеттану ғылымының ірі қайраткерлерінің бірі Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов бар өмірі мен өнерпаздығын қиын да тың тақырып сынға, әдебиеттануға арнапты. Өмірде өзі де қиын жолдарды өтіп, тағдыр тәлкегіне түссе, алған тақырыбы да қиын, дәуір жүктеген талап – тілек, қазақ әдебиетінің керегесін көтеріп, шаңырағын биіктету болыпты.
Әдебиетке 30 жылдардың бас кезінде келген Ысмайылов көркем шығарма, шағын өлең, газет мақалаларының ішкі сырына терең бойлап, жетістігіне қуанса, кемістігіне қатты нали пікір айтқан, әдебиетті өрлетуде көздеген өрелі шыншылдығы, ақжүрек турашылдығы талай авторлармен алакөз де еткен. Бірақ, сыншының өз басынан гөрі әдебиетке түскен олжасы әлдеқайда мол.
1934-1939 жылдары негізгі қызметі «Коммунист» журналында болғанымен қазақ әдебиеті сыны мен ғылымында шыр айналды. Жастықтың желігімен «Тұлпар жыры», «Еңбек жемісі», «Жаз еркесі» атты үш өлеңдер жинағын шығарған Е.Ысмайылов: «Менің бұл творчестволық тәжірибем» жалын поэзияға ешқандай үлес болып қосылмағанмен екі түрлі міндет атқарған сияқты. Бірі – іздену, творчестволық барлау жасау, екінші көркем әдебиетті эстетикалық тұрғыдан түсінуге база жасау. Демек, поэзиядағы азды – көпті шәкірттік тәжірибенің өзі сынға, әдебиетануға келер жолдарынды кеңейтіп жібергендей болды» — деп жазды [4:55].
Есмағамбет Ысмайыловтың еңбекқорлығына, білімдарлығына сүйсініп, қатты ризалық танытқан классик жазушы – М.Әуезов былай деп жазыпты: «Мен сені қазақ әдебиеті ғылымының айнымас, қажымас жылдар жүрсең, арымас жегіндісі – еңбек торысы деймін. Сол үшін сүйемін, бек бағалаймын».
Бұл Е.Ысмайыловтың ғылыми жолындағы қызығы мен азабы, бейнеті мен зейнеті көп еңбегіне білдірілген зор ілтипат, үлкен құрмет.
Әдебиеттер тізімі:
1. ЫсмайыловЕ. Халық қазынасын жинау жолында.- Алматы: «Жазушы»,
1996. – 18 б. 2. ЫсмайыловЕ. Сын мен шығарма. Мақалалар жинағы 1960ж. – 8б.
3. ЫсмайыловЕ. Ақындар. Монография. — Алматы: «Жазушы», 1956. – 67-71 б.
4. Кәкішев Т. Сын ман ғалым сардары. — Алматы, 2001. – 55 б.