САЛЫСТЫРМАЛЫ АСПЕКТІДЕГІ АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ
ТІЛДЕРІНДЕГІ ИДИОМАЛАРДЫҢ АУДАРЫЛУЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ашкенова А.Қ., Қайрат Г.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
Көкшетау қ.
A_ashkenova@mail.ru, gulsaule_kairat@mail.ru
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екендігі бәрімізге аян. Ал мемлекетіміз көп ұлтты болғандықтан қазақ тілімен қатар орыс тілі ұлтаралық, ал ағылшын тілі халықаралық байланыстар тілі болып табылады. Aғылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағытбағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге iзденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз. Oсыған орай, ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестерді қазақ тіліне берудің түрлі әдіс-тәсілдері де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғы шарттар қатарын құрауда. Дегенмен, ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестердің қазақ тіліндегі баламаларын тексеру бүгінгі тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ. Себебі еліміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде.
Қазақстан Республикасының азаматтарының болашағы үштұғырлы тіл саясатымен тығыз байланысты. Қазақстан халқы қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін меңгерер болса, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Себебі, қазақ тілі – ұлттығымыздың белгісі, елдігіміздің айғағы, сондықтан оны білу басты міндет. Ал, орыс және ағылшын тілдері біздің болашағымызға, әсіресе, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуымызға өз септігін тигізеді. Орыс тілі бұрынғы Кеңес дәуірі кезінде одақтас елдердің ортақ тілі ретінде қолданылып келді, қазіргі кезде өз алдына жеке мемлекет болып, тәуелсіз өмір сүруге қадам басқан Еуропа мен Азияның бірсыпыра елдерін өзара байланыстыратын тіл ретінде қалыптасып отыр. Ал, ағылшын тілі бүкіл дүниежүзі халықтарын табыстыратын ортақ тіл болғалы әлдеқашан. Біздің еліміздің дүниежүзіндегі дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін және де сол елдермен экономикалық, мәдени, т.б. байланыстар орнату үшін ағылшын тілін білу өте маңызды [1].
Заманауи ағымға байланысты кез келген салада аудармашы мамандығының атқарар рөлі өте зор. Ағылшын тіліндегі идиомаларды аудара білу тек көркем аударма саласындағы аудармашыға ғана қажет деп ойлау қате түсінік болар еді. Өйткені, идиома тек көркем шығармаларда ғана емес, сонымен қатар, ауызекі тілде де кеңінен қолданылады. Демек, кез-келген салада кездеседі деп айтуға болады. Дегенмен, шет тіліндегі идиоманың мағынасын түсіну сол тілді үйренушіге оңай емес. Идиоманың мағынасын түсіндіріп беру аудармашының өзіне де қиын соғып жатады. Идиоманың мағынасында берілген сөздерге қарап емес, сол сөздердің қалай қолданылып тұрғанына мән бере отырып, аудару керек. Идиома арқылы белгілі бір елдің мәдениетін оқып-тануға болады [2, 17 б.].
Фразеологизмдердің дайын қалпында жұмсалу белгісі – тұрақты тіркестер қарым-қатынас процесінде, сөйлеу кезінде жасалынбайды, даяр қалпында біртұтас (бүтін, бірлік) единица ретінде жұмсалады. Фразеологиялық етістіктің бұл қасиеті оны еркін сөз тіркесімен салыстырғанда анық көрінеді. Мысалы: тамақ ішу, қолды жуу, үй тазалау және to love music, clever man, to build houses деген еркін сөз тіркестері қарым-қатынас процессінде, сөйлесу кезінде бір-бірімен емін-еркін тіркесіп айтылуынан жасалса, ас адамның арқауы, түймедейді түйедей ету, қой аузынан шөп алмас т.б. тәріздес сөз тіркестер тіркескен күйінде, бүтін күйінде жадымызда айна қатесіз сақталады да, сөйлеу кезінде олардың сыңарлары (сөздер) сөйлеушінің қалауы бойынша тіркеспейді, бүтіннің бөлшектері тәрізді бұрыннан тіркесіп қойған қалпында, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай бір тұтас күйінде қолданылады. Мұндай қасиет тұрақты тіркестерге ғана емес, сонымен қатар лексикалық бірлік (единица) сөзге де тән. Мысалы: әдемі, жылдам, үндемеу, talk, laugh, smile деген сөзде және бұларға белгілі дәрежеде синонимдес болып келетін «үріп ауызға салғандай», «көзді ашып жұмғанша», «жұмған аузын ашпау», get a talk with, give a laugh, give a look, force a smile тәрізді фразеологизмдер дайын қалпында жұмсалу қасиетімен сипатталады. Мысалы, қазақағылшын тілдеріндегі тұрақты тіркестерді салыстырсақ:
kill two birds with one stone- екі қоянды бір оқпен өлтіру;
cat and dog life- ит пен мысықтай өмір;
to pick up one’s ear- құлақ түру;
to abound іn courage — жүрек жұтқан болу;
to meet adversіtіes wіth — бәлеге шалдығу, қырсыққа іліну;
to take advantage of somethіng – бірдеңенің пайдасын көру; justіfy somebody’s confіdence — біреудің сенімін ақтау;
talk nonsense, talk rubbіsh, talk rot – аузына түскенін оқтай [6].
Тұрақты сөз тіркестерінің ішінде идиомалар ерекше орын алады. Бұл жайлы академик І.Кеңесбаев былай дейді: «Идиомалар әрбір тілдің өзіне тән категориясы болуымен қатар, бұл категория – басқа сөз тіркестеріне қарағанда анағұрлым көнеленген категория. Басқаша айтқанда, бірнеше сөздің тобы идиома болу үшін көп замандар болу керек, өйткені, идиоманың шеңберіне енген сөздер дерексізденіп өзінің тікелей мағынасынан айрылу үшін белгілі бір мерзімдік шарт керек. Әр тілдің өзіне лайық идиома сөздері болу үшін, сол тілге бұл шарттан басқа халықтың салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-күй, мәдени дәрежесі, ортақтылығы керек екендігі белгілі нәрсе» [2, 21 б.].
Идиома – бөліп-жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер. Құрамындағы сөздердің мағыналарында метафралық, парадигмалық ерекшеліктер болатын мәтелге бейім келетін тіркестер.
Идиомалардың дамуының негізгі екі түрі бар:
1) Белгілі бір халықтың ұлттық ерекшелігіне орай жасалып, қалыптасады. Бұл әр тілдің өзіне тән ішкі даму үрдісімен байланысты болады.
2) Халықаралық қарым-қатынастың дамуы әсерінен идиомалар бір тілден екінші бір тілге ауызекі сөйлесу арқылы немесе жазбаша түрде ауысып отырады.
Идиомаларды бір тілден екінші бір тілге аударған кезде әр халықтың тілдік ерекшелігіне мән беру керек. Сонымен қатар, белгілі бір идиоманың қай тілге тән екенін және оның қалай қалыптасқанын білу қажет және де мағынасын түсінбей жатып, аударма жасауға болмайды [3, 46 б.].
Сонымен идиома дегеніміз – бір тілдің сөздік қорындағы ең қымбат қазына, байлық деп айтсақ болады. Сондай-ақ, идиомалардың жиынтығын сурет көрмесіне теңеуге болады. Өйткені, көрмедегідей әрбір идиоманың мағынасына үңіле отырып, тұтастай бір елдің салт-дәстүрін, тарихын, әдетғұрпын, аңыз-ертегілерін, табиғатын және тұрмыс-тіршілігін оқыпүйренуге мүмкіндік туады.
Жалпы аударма кезінде төмендегідей мәселелерге мән беру керек:
— идиоманы аударған кезде оның жалпы мағынасын беру. Мысалы: to pull oneself together – өз-өзін қолға алу;
— идиоманың мәндес баламасын беру арқылы аударма жасау.
Мысалы: be unable to hurt a fly – шыбынды да ренжітпеу;
— идиоманы бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аудару немесе сипаттамасын беру. Мысалы: to cherish a snake in ones bosom – сұр жыланды бауырына басу [4, 15 – 38б.].
Сонымен қатар, ағылшын тілінде көне грек мифологиясынан енген сөз образдары да көп кездеседі. Осындай сөз орамдарының ең алғаш қай тілде, қандай мағынада қолданылып, қалыптасқанын жақсылап біліп алмайынша, оларды бірден аудара салуға болмайды.
Идиомаларға анализ жасап, аударма жұмыстарын жеңілдету үшін грамматикалық тұрғыдан сөз таптарына бөлу және классификация жасау арқылы қарастырған өте ыңғайлы. Мысалы:
1. Ағылшын тіліндегі идиомаларды мынадай сөз таптарына бөлу арқылы қарастыруға болады:
— idioms using adjectives: yellow-haired – сары шашты;
— idioms using nouns: open as a day – тайға таңба басқандай (анық);
— idioms using verbs: to count on the fingers – саусақпен санарлықтай; — idioms using prepositions: without batting an eye – беті бүлк етпестен [5, 8 — 11б]. 2. Мынадай классификация жасау арқылы жіктеуге болады:
— Parts of the body idioms: in the twinkling of an eye – қас пен көздің арасында; to lie through one’s teeth – беті бүлк етпей өтірік айту;
— Colour idioms: a bolt from the blue – аспаннан жай түсендей болу;
— Animal idioms: to rain cats and dogs – жаңбыр шелектеп жауу;
— Idioms to do with health and illness: to lick one’s wounds – жан жарасын жазу;
— Idioms to do with emotions: to have one’s heart in the right – адал ниетті болу;
— Idioms to do with food: first fruit – тырнақ алды еңбек;
— Idioms to do with countries and places: to be behind the times – заман ағымынан қалыс қалу;to sink through the floor – жер жұтып кеткендей;
— Idioms in jokes: fell head over heels in love – ғашық болу [6, 43 – 76 б.].
Бір тілден екінші тілге аударма жасау барысында аударманың әдістәсілдерін тиімді қолдана білу керек. Жалпы аударма жасағанда, ең басты рольді контекстің атқаратындығын есте ұстау өте маңызды жайт. Аударма жасау тәсілі аудармашыдан жақсы білім ғана емес, сонымен қатар, интуициялық көрегенділікті де қажет етеді. Идиомалар өзге бір елдің салтдәстүрі мен мәдениетін көрсететіндігі белгілі, сол себепті оларды аудару барысында аса үлкен жауапкершілікпен қарау керек, мұқият болу қажет. Әрқашан олардың мағынасын жеткізу мақсатында барлық әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет. Себебі әр тілдің ерекшеліктерін мұқият қарастырып алмайынша, сапалы аударма жұмыс шықпайды. Қос тілдің грамматикалық ерекшеліктерін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ескере отырып орындалған жұмыс қана сапалы, құнды шығарма болып есептелмек. Демек, әлем аренасында бәсекеге қабілетті, білімді әрі білікті азамат болу үшін үштұғырлы тіл саясатына аса назар аударып, мақсат-бағдарымызды іске асыруымыз қажет. Болашақта ел мүддесіне, ел абыройын асқақтатуға үлесімізді қосу үшін қолымыздан келгенін аямай, аянбай еңбек етіп, білім алып, оны шындап қазақ тілі,туған тіліміздің мәртебесін асқақтату – біздің мақсатымыз. Ендеше, сапалы білім мен озық тәжірибелерімізді одан әрі дамытып, әлем шыңдарын бағындыра берейік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. vitalion.kz/web.
2. Абдыгаппарова С.К. Язык и культура. — Алматы, 2002.
3. Голуб И.Б. Стилистика современного русского языка. — Москва. 1986.
4. Пархамович Т.В. 1000 русских 1000 английских идиом. — «Попурри», 1996.
5. Kucharenko V.A. A Book of Practice in stylistics. — Moscow, 1986.
6. Oxford idioms. Dictionary for learners of English. — Oxford University Press, 2010.