М.ЖАМАНБАЛИНОВТЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨРКЕМДІК ҚУАТЫ
Қажыбаева Г.К.
Көкшетау қ.,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Әдебиеттің назардан тыс қалып келе жатқан саласы қайсы деп ойлансақ, ең алдымен балалар әдебиеті ойға оралады. Мұның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, кеңестік дәуірде жаппай қазақ мектептері, балабақшалары жабылып, ұлттық тілде білім алу бәсеңдеу негіз болса, екіншіден, балалар ақын-жазушылар шығармашылығының баяу зерттелуі. Ал шынына келсек, балалар әдебиетінің ең өнімді жазылған кезеңі – 196080 жылдар десек, қазақ балалар әдебиетінің мазмұндық жағынан толысқан, заман, қоғам шындығын, баланың болмысын суреттеудегі әдіс-тәсілдердің байыған, көркемдік ізденістердің кеңейген тұсы да XX ғасырдың 60-80 жылдары еді. Әдебиеттің даму белесінде өмірге келген шығармалардың тақырып аясы кеңіді, оқиғалар желісінің қызықтылығы, шымырлығы, құбылмалығы, характерлердің даралығы өсті, балалар әдебиетіне бір топ балалар қаламгерлері келді. Осындай гүлденген әдеби даму, кемелдену үдерісінде балалар әдебиетінің классигі М.Жаманбалиновтың шығармашылық тұлғасы, балалар әдебиетіне әкелген жаңалығы ерекше.
Ақынның балаларға арналған қай туындысы болмасын, қазақ балалар әдебиетінің қалыптасу, даму үрдерісінде балалардың қабылдауына қонымдылығымен, көркемдік-эстетикалық құндылығымен ерекшеленетін шығармалар. Әдеби процестегі соны даму М.Жаманбалинов шығармашылығына да қатысты.
М.Жаманбалинов – өлеңнің шағын түрін дамытушы ақын. Жиырмаға жуық жинақтарында баланың тілін жетілдіретін, қиялын ұштайтын, көңіл көкжиегін кеңейтетін шығармалар көп. Автор өлеңдерінде табиғат құбылыстары, жан-жануар, түрлі хайуанат, құстар, өсімдіктер жайындағы алғашқы түсінікті суреттеп көрсететін танымдық қасиетімен өзгешеленеді. Қазақ балалр әдебиетінде таныс және бейтаныс бейнелер жайындағыөлеңдері – бүлдіршіндер мен балдырғандарды табиғатпен алғашқы таныстырушы. Ақын өлеңдерінің ерекшелігі: балалардың жас ерекшелігіне қарай күрделенуінде, белгілі бір оқиғаға құруында, бейнелі сөздердің қолданысы балалардың жас ерекшелігімен тұтасып, қабылдауына лайықталуында.
М.Жаманбалинов – ертегі жанрын дамытушы ақын. Оның қаламынан түрлі жастағы балаларға арналған ертегілер туды: «Ай мен күн», «Қорқақтың кеселі», «Мықтылардың мықтысы», «Түйе жылдан қалай құр қалды?», «Жұмбақ сыры», «Дәрігер аю мен қорқау қасқыр», «Жираф пен піл», «Бала пілдің қалаға саяхаты», «Бір байдың ақшасы мен шақшасы туралы». «Ай мен күн» ертегісінде Айдың Күн нұрын қызғанып, жұлдыздарды бастап, Күн ұйқыға кеткенде, жалғыз тастап кетеді. Күн көзі айды, Жұлдызды іздеп шықса да таппайды, содан бері Ай өзі де Күннен ұялып, Күн шапағын шашқанда аспаннан жоғалады екен. Шағын ғана ертегіде автордың айтар ғибраты мол. Ол: балаларды қызғаншақтықтан сақтандыру. Ертегіде бүлдіршіндердің қабылдауына қонымды келер ықшамды да нақты, тағылымды ой бар. «Қорқақтықтың кеселі» ертегісінде құрбақаның әрекеті арқылы қорқақтықты сынға алады. Орман еліне жау шапқанда барлық аң жауға қарсы тұрғанда, құрбақа ғана қиыршық құмды жастанып, түйір тастарды үстіне үйіп, тығылып жатады, содан тер сорғалап ақса да, бұйығып жата береді. Осыдан кейін тер сіңген құм түйірі тасқа айналып кетеді. Содан тасбақалар өрбіген дейді. Ақын ертегіде қорқақтық мінездің зиянын көрсетумен қоса , ел қорғау, жер қорғау идеясын көтереді. Кіші жастағы балаларды елін, жерін құрметтеу, бағалауға баулу мәселесі айтылған. «Мықтылардың мықтысы» ертегісінде «тау , өзен , жер мықты ма?» деген сауалдың жауабын іздеген Дәулет ертегі шешімінде еңбектің озықтығын, еңбек иесі адамның мықтылығына көз жеткізеді. Автор еңбектің қадірін алға шығарады. «Түйе жылдан қалай құр қалды?» ертегісі ойнақылығымен, бүлдіршіндердің түсінуіне жеңілдігімен әсерлі. Мұнда тышқан әрекеті арқылы ептілікті үлгі етеді. «Жұмбақ сыры» ертегісі арқылы бірлік пен шындық жайлы балалардың түсінігін қалыптастыруды көздесе, «Дәрігер аю мен қорқау қасқыр» ертегісінде қанағаттың пайдасы жайлы ғибратты ой айтады. Ертегі оқиғасы шапшаң өрбуімен, динамикалы сипатымен ерекшеленсе, «Жираф пен піл» ертегісінде бала қиялының көкжиегін кеңейте түсерлік өтірік өлеңмен бастап, асыра суреттеу (градация) тәсілін бала қабылдауына сай қолдануымен тартымдылықты тудырған. Жираф әрекеті арқылы содырлықты сынға алады. Ақынның қай ертегісі болмасын әрекетке толы, сюжетті. Оның ертегі кейіпкерлері – балалар театрына не мультфильмге сұранып тұрған дайын персонаждар.
М.Жаманбалинов – эпик ақын. Ақынның «Есер ханның өмірі мен өлімі», «Күж жалмауыз бен Білек батыр» ертегі поэмалары, «Батыр ұстаз» реалистік поэмалары бар. Балалар эпикалық поэзиясындағы жетістіктің бірі – ерлік пен елдіктің мәнін түрлі қырынан көркем бейнелеу десек, автор «Күж жалмауыз бен Білек батыр» ертегі поэмасында өзіне дейінгі әдеби дәстүрді кеңейтіп, тың көркемдік бейне (Күж жалмауыз, Білек батыр, Қарын уәзір) жасайды. Ертегіні халық поэзиясының көне түрі – өтірік өлеңмен бастауы, қарама-қарсы құбылыс – ізгілік пен зұлымдықты жұптап суреттеуі, мифтік нышандарды ( Күж жалмауыздың көмейінен түйе, пілдің өтуі, адамдарды арбасымен, астықты қамбасымен жалмауы) градация тәсілімен өрнектеуі, ұлттық бояуы қанық, ұлттық танымтүсініктегі мезгіл өлшемдерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қолданысы, ертегі тілінің бейнелілігі арқылы бала санасына қатыгездік пен ізгіліктің мәңгілік тартысын, қара күшпен жеңуге болмайтындығын, ақыл, мейірім ғана жеңіске жететіндігін жеткізеді. Ал «Есер ханның өмірі мен өлімі» ертегі поэмасында даналық пен пасықтық, мейірімділік пен озбырлық, ақылдылық пен ақымақтық, әділдік пен әділетсіздік тартысын бала қабылдауына тартымды да ықшамды өрнектейді. Халықты ақымақ санаған ханның ақымақтығын сатиралық, психологиялық суреттемелермен жеткізеді. Ертегі поэмасының мазмұны орта сынып оқушыларының таным-түсінігіне, қабылдауына лайық. «Батыр ұстазда» Ұлы Отан соғысының батыры Серікбай Мүткеновтің жауынгерлік ерлігін, азаматтық тұлғасын, отаншылдық сезімін мінездеу, портреттік суреттеулер, кейіпкерлер әрекетін қарама-қарсы қоя суреттеу әдісімен ашады.
М.Жаманбалинов – фольклорлық ұсақ жанрды (жұмбақтар мен жаңылтпаштарды, санамақтар мен шарадаларды) өркендетуші ақын. Жұмбақтары тұспалданып отырған заттың сапа, белгі нышандарын тап басып сипаттауымен және бейнелігімен, ұлттық нақыштың қанықтығымен ерекшеленсе, жаңылтпаштары балабақша жасындағы, кіші мектеп жасындағы балалардың жас ерекшелігін ескеруімен, ойнақылығымен, есте тез жатталып қалуымен өзгешеленеді. Ал шарадалары балалардың сөздік қорын молайтуға, тілдерін дамытуға, шапшаң ойландыруға үлес қоспақ. Балалар әдебиетінің қисыншысы, ақыны, сыншысы К.И.Чуковский балаларға арналған өлеңдердің жанды суретке, тірі қимылға, сан алуан
бояуға толы болуын талап еткен. Осы тұрғыдан алғанда,
М.Жаманбалиновтың балаларға арналған қай өлеңі болсын, суретті, динамикалы, образды. Ақын өлеңдерінің үлкен бір шоғыры – табиғат суреттері, құбылыстары. Табиғат сұлулығын паш етудегі өлеңдері ойнақылығымен, суреттілігімен, жандылығымен ерекшеленіп тұрады. «Бұйра бұлттар» өлеңі шағын болса да суретке толы. Бұлттың қалай көтеріліп бара жатуы, қалай түйілуі баланың көз алдыңа әкелерлік сурет.
Көтерілді еңістен
Бұйра бұлттар ақ маңдай.
Мың отар қой
Өріске
Беттеп бара жатқандай [3:81].
Қимыл-қозғалысқа толы жанды, мінезді сурет бар. Табиғат құбылысын өрнектеуде «мың отар қойға» балауы, ұлттық нақыштағы сөз өрнегін қолдануы да өлеңнің сәтті шығуына ықпал еткен. Ақын баланы табиғат құбылысына үңілдіріп, таным көкжиегін жетілдіруге жетелейді. Шағын өлеңде «бұйра», «ақ» көріктеуіштерін қолданысы бүлдіршіндердің бұлт сипатын ашатын сөздерді меңгеруіне, сөздік қорларының толығуына әсер етпек.
Табиғат құбылыстарын суреттеп жырлап ғана қоймай, ақын бала қабылдауына ықшамды келер ой айтады. Екі құбылысты жұптап, салыстыра суреттеу әдісін кең қолданады: Бақшаның сәні де,
Көркі де – күнбағыс. Күнұзын бәрі де,
Қарайды күнге алыс.
Ұқыптап тараған,
Әдемі кекілді,
Ұстазға қараған,
Шәкірттер секілді [3:83].
«Күнбағыс» өлеңінде күнге қараған күнбағыс пен ұстазға қараған шәкірт, яғни екі түрлі құбылысты салыстыра өрнектеп, күнбағыстың күнге қарап өсуі – танымдық сипатпен ұштасса, ұстаздың шәкіртке қарауында – тәлімдік сипат астарланып жатыр. Күнбағыстың көркін ұстазға қараған кекілді балаға теңеуінде бала жанына әкелер жылылық та бар. Автордың «Күркіреді күн, күн», «Күн күркіреп, жар салды», «Жаңбыр» өлеңдерінде табиғат құбылысы – күннің күркіреп, жауынның жаууы бейнелі суреттелуімен ерекше.
Күркіреді күн, күн, Терезелер шың-шың. Жауды жаңбыр топ-топ, Шелек-шелек көп-көп.
Жон арқанды тос-тос
Күнбағыс, тез өс, өс! [3:81].
Шағын ғана өлең шымыр өрілуімен қоса, бүлдіршіндердің көкейінде тез жаттап қалуымен, ықшамдылық сипатымен ерекшеленеді. Өлеңдегі қос сөздер мен еліктеуіш сөздерінің қолданысы бала эмоциясына әсер етерлік мәні бар. Күннің күркіреуі, терезелердің тың-тың соғуы, жаңбырдың топтоп жаууы – дыбыс ерекшелігі болса, «күнбағыс өс, өс» деуі де бала назарын жауыннан кейін өсімдіктердің тез өсуіне аудартады. Өлеңдегі күн-күн, тың-тың, топ-топ, көп-көп, тос-тос, өс-өс сөздері өлеңге әсерлі ұйқас берумен қоса, әуезділікті арттыра түскен. Бүлдіршіндердің тілін сындырып, жаттықтыруға ықпалы бар, әрі жаттауға да жеңіл, тілге орамды.
«Күн күркіреп, жар салды» өлеңінде жан-жануар, өсімдіктер тіршілігінде жауынның пайдасы қызықты өрнектелген. Кішкентай оқырманына тазалықты дәріптеу үшін табиғаттың тосын да әсем құбылысын алады. Күннің әрекетін жандандырып, оқиғаны қарқынды бастауымен балалардың назарын аударып алады. Өлеңде лепті сөйлемдердің қолданысы оқиғаны динамикалы жеткізуге ықпал жасап тұр. Баланың танымына табиғаттағы жан-жануар, өсімдік тіршілігіне жауынның әсерін жеткізумен қатар, табиғаттағы барлық құбылыстың бірібірімен сабақтастығын да астарлап отыр. Күркіреген күнді сөйлету арқылы табиғатты жандандырып, бала эмоциясына әсер ете отырып, тазалықты паш етеді. Сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндер табиғаттағы қызықты құбылыспен таныса отырып, ағаштың, аңдардың түрлерінен де мағлұмат алады. Автор бала қабылдауына жауыннан кейінгі табиғат құбылысын жанды суретпен жеткізген. «Ш», «т», «с», «к» аллитерация қолданысы өлеңге эмоционалды-экспересивті бояу бере түскен. Кейіптеу тәсілін ұтымды қолданған. «Жаңбыр» өлеңінде оқиға дүркінділігі, динамикасы басым.
Сатыр-сұтыр,
Шатынап,
Жарқ етіп күн, бір тынды. Орман, тоғай, атырап, Дір етті де, сілкінді.
Ал қара бұлт торланған, Нөсеріңді төк енді!
Жел – хабаршы,
Орманға,
Жеткізуге жөнелді [3:81].
Балдырғандар өлеңді оқыған сәтте-ақ күнделікті өздері көріп жүрген табиғаттың қатал құбылысының ерекшелігіне көз жеткізеді. Жауын жауар шақтағы табиғат құбылысын «сатыр-сұтыр», «шытынап», «дүр етті», «сілкінді», «қара бұлт», «торланған» бейнелі де қимыл-қозғалысқа толы сөз өрнектерімен аша түскен. Жаңбыр жауар кездегі желді хабаршыға балауы оның шапшаң, жылдам сипатын ашуға қызмет етіп тұр. Ал келесі бір «Жаңбыр» өлеңінде бұлттың ерекшелігін, жауынның пайдасын өзгеше бір қырынан ашады:
Айбарлы бұлт түйілді.
Жерде ойнатты құйынды. Аспан отпен қол қойып,
Бұлтқа ақырып бұйырды:
-Суар егін,
Бақшаны,
Көшедегі бас шаңды!
Бұлт бұйрықтан аспады.
Жаңбыр жауа бастады [3:101].
Өлең шумағындағы бұлттың айбарлы болуы, бұлттың түйіліп келіп, құйынды ойнатуы, аспанның отпен қол қоюы, бұлтқа ақыруы – шарттылық. Ақын тағы да табиғатқа жан бітіріп, қатты жауар нөсердің ерекшелігін баланың көз алдына образды әкеле білген. Кейіпкері – бұлт. Қаһарлы, айбарлы мінезімен ерекше. Бұлтқа жан бітіре отырып, бүкіл бақшаны суаратын бұлтқа деген ризашылық сезімді де туындатпақ, сол арқылы табиғаттың әрбір құбылысына зер салуға үңілдірмек.
Ақын өлеңдеріндегі көркемдік айшықтардың молдығы жыл мезгілдерін суреттейтін өлеңдерінен көрінеді. Жыл мезгілдерінің бірі – қыс көрінісі «Алғашқы қар» «Қыс келді», «Қыс» өлеңдерінде бейнелі, образды, жанды. Табиғат айшықтарын өрнектеуде ақынның суреткерлігі танылатын өлеңнің бірі – «Алғашқы қар». Өлеңде қыстың әсем бір көрінісі – қардың түрлі-түрлі пішінде жаууы суреттелген.
Ақ қанатты көбелек, Ұшып жатыр көлбеңдеп. Қонып жатыр төбеге,
Қонып жатыр көлге де.
Қонып жатыр түп талға, Қонып жатыр терекке. Сыйда-сыйда бұта да
Кетті әппақ желек боп [3:28].
Өлеңде «керемет, керемет» деген сөз қолданыс балалардың қуанышын береді. Қарды «ақ қанатты көбелекке» балауы, қардың көбелекке тән болып алынуы бала эмоциясына әсері мол. Қардың «ақ қанатты көбелекке» балануы нәзіктікпен, яғни табиғаттың сұлу да өте бір нәзік құбылысымен ұштасып жатыр. «Көлбеңдеп», «шыр көбелек айналып» бейнелі сөз өрнектері қардың жауу сипатын көрсетеді.
Табиғаттың әсем бір құбылысын суреттей отырып, туған жер табиғатын сүю, әсемдікке баулу ойы айшықты суреттермен көмкеріліп жатыр. Пейзаж – балаларды елжандылыққа тәлім-тәрбие беру құралы десек, ақын өлеңінде де осы идея алға шығарылған.
Түйіндер болсақ, табиғатты әр қырынан жырлайтынын, көңілді, мейірімді сәттерін, долы кездерін өрнектейтінін ескерсек, М.Жаманбалинов шығармаларында қысты да, көктемді де, көлді де, бұлақты да, табиғатқа әр беруші құстарды да, өсімдіктерді де, түрлі хайуанаттарды да көтеріңкі көңілмен, нәзіктікпен, мейіріммен суреттейді. Ол нені суреттесе де, дербес (индивидуалды) шабытпен жырлайды. Табиғат мінездерін өзінше қабылдап, кішкентай оқырмандарының сезіміне, танымына, қабылдауына, логикасына сыйымды да әсер етерліктей суреттер туғызады. Табиғатты шебер суреттеуші ақын – бірде табиғатқа сүйсінуші, бірде сырласушы, енді бірде жіті бақылаушы, бірде табиғат құбылысын бала қабылдауына жылдам жеткізуші. М.Жаманбалинов – табиғат суретшісі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жаманбалинов М. Айна бұлақ.- Алматы:ҚМКӘБ,1956.- 39 Б.; Кішкене достарға.Алматы: Жазушы,1956.-40б.; Ақын бала.-Алматы:Жалын,1983.- 4б.; Ашық күн.-Алматы:Жалын,1984.-238 б.; Балғын күндей балақан.Алматы:Жазушы,1974.- 58б.; Батыр ұстаз.-Алматы:Жазушы,1972.-47б.; Менің інім.- Алматы:Жазушы,1970.
2. Ергөбеков Қ.Арыстар мен ағыстар.-Алматы:Өркениет,2003.-368 б.Б-131.
3. Жаманбалинов М., Дүйсенбиев Ә. Өлеңдер, ертегілер. – Алматы: Балауса, 1992. –432 б.