МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН – ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ
Қадыров Ж.Т. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ, Петропавл қ. zhkadyrov_777@mail.ru
Алтаев А. А.
Петропавл кәсіптік колледжі Шапауов Ә.Қ.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
Көкшетау қ.
Мәлік Ғабдуллин есімі – қазақ руханиятында терең із қалдырған жарқын тұлғалардың қатарынан орын алады. Тағдыр оған барлығын да сыйлаған. Ақыл-көрікті де, батырлықты да, батылдықты да, терең парасат пен мейірімділікті де, күш-қайрат пен асқан жігерлікті де, пайымды ой мен ұшқыр алғырлықты да-бәрін аялай берген.
Өз дәуірінің биік зияткерлік ақыл-ойы мен болмысының нарқасқасы. Ғылым немесе әдебиет саласы бола ма, немесе қоғамдық өмір саласы бола ма, қандай саланы алмасақ та, өзінің алғырлығы мен ізденгіштілігімен, іждаһатымен кез-келген істе бетінен қалқымай тереңге баратын Мәлік Ғабдуллин болмысына таңқалмасқа шарамыз жоқ. Кез-келген таланттың маңдайына бұйыра бермейтін осындай сирек болмыс оны әрбір істің шебері болуға ұмтылдыратын.
Кешегі «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» Ұлы Отан соғысы жылдарында аспирантурада оқып жүрген жас жігіт жазып жүрген ғылыми еңбегін жиып қойып, өз еркімен майданға сұранады. Майданнан да үлкен ерліктер көрсетіп, Кеңестер Одағының батыры, 1946-51 ж.ж. және 1963-73 ж.ж. аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет және өнер институттарында директор, бөлім меңгерушісі, 1951-63 ж,ж, аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ректоры болды.
Осындай сан-салалы лауазымды қызметтерде жүріп те ол ғылымнан қол үзбеді. Ғалым М.Ғабдуллиннің қаламынан «Қобыланды батыр», «Қазақ халқының батырлық жырлары», «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (фольклор бөлімі) сияқты еңбектер туды.
Мәліктің қазақ фольклоры саласындағы ең соңғы еңбегі «Қазақ халқының батырлық жыры» (1972-Т.Сыздықовпен бірігіп жазған) Қазақ ССР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.
«Жеке зерттеулері ішінен М.Ғабдуллиннің «Қобыланды батыр» жыры туралы еңбегін бөліп атау орынды. Мұнда ғалым эпостың генезисі, көпстадиялығы, вариант-нұсқалары, тарихи шындықты елестету дәрежесі, қаһармандар қатары, көркемдік ерекшеліктері жайында қызғылықты пікірлер қорытты, эпостың көп қырларын өзінше пайымдап түсіндіреді. Сонымен қатар ол орта мектептердің сегізінші классына арнап оқулық та жазған» [Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі. Естеліктер. Астана, 2002 жыл].
Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолына қарап отырсақ, оның ғылым жолына ерте түскенін байқаймыз. Сонау соғысқа дейінгі аспирантурада оқыған жастық жылдарының өзінде-ақ, ол қарымды зерттеуші, болашақ білікті ғалым екендігін сол кездердегі ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары мен баспасөз беттерінде шыққан материалдарымен танытқандығын байқаймыз.
1937 мен 1938 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімшесінде ғылыми қызыметкер болып жүрген кезде, Омбы, Санкт-Петербург қалаларындағы сақталған қазақ руханиятына қатысты көне мұрағат, жәдігерліктерді ақтарыстырып , ізденушілік сорапқа түседі. Қазақтың біртуар жарық жұлдыздары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлихановқа қатысты тың деректерге кезігеді. Алғашқы қазақ баспасөздерінің бірі «Дала уалаятында» жарияланған әдеби мұраларды саралап зерделейді. 1938 жылдың 7-11 маусым күндерінде КСРО Ғылым Академиясының Этнография институтының ұйымдастыруымен сол кездегі Ленинград қаласында өткен конференцияда Мәлік «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген тақырыпта ғылыми хабарлама жасайды [1: 123]. Жас ғалымға орыстың ірі ғалымы академик Ю. М. Соколов: «Ғабдуллин Мәлік халық әдебиетін өте жақсы көреді. «Қолынан іс келетін жастың бірі» — деп баға береді. [2: 57].
Жас ғалым халық әдебиеті мұраларын ел аузынан жинауға үлкен ғылыми мән береді. Осыған байланысты сол кезде шығатын « Төте жазу» деген газеттен Мәліктің « Халық әдебиетін жинайық» деген мақаласы жарияланады. Халық мұраларының толық нұсқасын жинауға ден қояды. Оның «Қобыланды батыр» мақаласы 1939 жылы « Әдебиет және искуство» журналының екінші санында жарық көрсе, 1940 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің алтыншы санында «Халық фольклоры жайында» деген зерттеуін жариялайды. Мәлік Ғабдуллин аспиратураның соңғы жылдарында (1940-1941 ж.ж) «Едіге батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларының тарихы тек төркіндері» деген тақырып бойынша еңбек етеді. Осы орайда, әлемдік фольклордың үздік үлгілерімен кеңірек танысып, Ф.И. Буслаев, А.Н.Миллер, А.Н. Веселовский т.б. зерттеушілердің фольклор теориясына қатысты еңбектерін оқып, танысады [1: 127].
Ғалымның жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарына арнап жазған ауыз әдебиетінен оқулық кітабы күні бүгінге дейін олардың қолынан түсірмес құнды еңбек болып отыр. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығының алты тарауында ауыз әдебиетінің негізгі жанрлары жан-жақты сараланып, шәкірттерге мол мағлұмат беріледі. Білікті ғалымның бұл оқулығы жөнінде белгілі әдебиеттанушы-ғалым Рахманқұл Бердібаев былай деп жазады: « Қазақ халқының ауыз әдебиетінің ғасырлар бойы жасалған байлығын бір кітап көлемінде әрі ғылыми жағынан дәйекті етіп, әрі қалың оқушыға түсінікті етіп жазып шыға білгені- Мәлік Ғабдуллиннің фольклорист ретіндегі ұзақ жылдық ізденістерінің күрделі қорытындысы. Бұл-энциклопедиялық сипаты бар еңбек. Ғалымның ауыз әдебиетінің жанрлары туралы жазған әр кездегі алуан түрлі мақалалары, зерттеулері өзіннің бас қорытындысын осы оқулық кітаптан тапқандай десе, ал, әдебиетші-ғалым Көбей Сейдеханов: «Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті»оқулығы он алты жылдың ішінде үш рет қайта басылды. Демек, бұл кітап жүздеген жастардың туған халқымыздың дәстүрлі фольклоры жайында терең мағлұмат алуына көмектеседі. Осы тамаша оқулықтың білім бұлағынан әлі талай ұрпақ сусындай берері кәміл. Кітаптың құндылығы қазақ фольклорының жанрларын түгел қамтуында және олардың ғылымдық сипатын, даму тарихын жүйелі баяндауында»-деп, ой тұжырады. Сан қырлы талант иесі Мәлік Ғабдуллин өзінің ғалымдық қырларын өзінің төл саласы болып кеткен фольклористика саласындағы еңбектерімен ғана емес, көркем әдебиет, әдеби үдеріске қатысты сыни көзқарас, ойпікірлерімен де байқатты. Ғалымның сыншылдық, әдебиеттанушылық сарабдал ой-пікірлері, парасат-пайымы, зерделі түйсігі Мәлік Ғабдуллиннің қазақ әдебиетінің алып жазушылары М.Әуезовке, С.Мұқановқа, Ғ. Мүсіреповке, әдебиетші-ғалым Е.Ысмаиловқа, замандас ағасы Б.Момышұлына жазған хаттары сияқты эпистолярлық мұраларында айқын байқалады.
Оның осы аталмыш тұлғаларға сонау соғыс кезінде жазған хаттарының өзінен М.Ғабдуллиннің зерделі әдебиетші екендігі аңғарылады. Мысалға Мәліктің Мұхтарға жазған хаттарының біріндегі жазушының « Қарақыпшақ Қобыланды» пьесасы жайындағы ойпікірлерінен оның сыншылық қарымын байқағандай боламыз. Мәлік Ғабдуллиннің 1955 жылғы 28 қазан күнгі « Қазақ әдебиеті»газетінің № 43 санында Мұхтарға арнап хат түрінде жазылған мақаласында проза мен поэзиядағы ұлттық характер, жаңаша түр мен ырғақ жайындағы толғанысты ойлары оның сарабдал да байсалды әдебиетші екендігін танытты. Ғалым қазақ прозасы мен поэзиясындағы ұлттық характер туралы: «Әрбір халықтың (мейлі ол ұлы, не кіші халық болсын, бәрібір) өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктері, ұлттық мінезі, қасиет-характері болады ғой.
Халқымыздың ұлттық характері менің байқауымша, «Абай», «Ботагөз», «Оянған өлке», «Шығанақ» романдарында аса жарқын, өте шебер суреттелген. Құнанбай мен Игілік, Абай мен Асқар, Олжабектер образынан қазақ халқының өкілдерін, олардың өздеріне ғана тән ұлттық характерін, ұлттық ерекшеліктерін көреміз.
Ал жоғарыда айтылған төрт романнан басқа кесек шығармаларда ұлт характері айқын түрде бейнеленген деп айту қиын. Мәселен: «Сырдариядағы» Дәулет пен Айбаршаны, «Миллионердегі» Жомарт пен Алманы алып салыстырайықшы. Бұл образдар көп жерде бір-біріне ұқсап жатады емес пе?
Ұлттық характерді суреттеу прозамызда осы жағдайда болса, ол біздің поэзиямызда әлі қолға алынбаған мәселе екені байқалады.
Әбділда, Хамит, Тайыр, Диқан, Жұмағали т.т.сияқты ақындарымыздың жап-жақсы поэмалар жазғанын білеміз. Ол поэмаларды сүйсіне оқимыз, жоғары бағалаймыз. Несі үшін? Көбіне жаңа тың тақырыпқа жазғаны үшін жақсы көреміз. Шынына келгенде аталған ақындардың поэмаларында кейіпкерлердің ұлттық характері көбіне ашылмайды. (Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Бірақ, бұл хатта орын тар),» -деп, жазса ал поэзиядағы жаңаша түр мен ырғақ жайында: «Біздің ақындарымыз советтік өмірді, соцалистік жаңа дүниені жырлау үшін поэзияға жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа екпін іздеді. Отызыншы жылдардың бас кезінде қазақ ақындары социалистік құрылысты жаңаша жырлауды мақсат етті де: «Трактор тыр-тыр; мотор гүр-гүр; немесе шахтада шақ-шақ, қайлалар тақ-тақ» деді. Бұл секілді өлеңдер ол кезде көп болатын. Соларды қазыр оқып отырсаң күлкің келеді. «Осы да поэзия ма?» дейсің.
Я, ол поэзия еді, социалистік жаңа құрылысты жаңаша жырлауды көксегендіктен, жаңа түр іздегендіктен туған еді. Сондықтан да біз ол кездегі поэзияны айыптауға тиісті емеспіз»-деп, отызыншы жылдардағы құрғақ декломацияға құрылған, ұраншыл поэзияның жай-жапсарынан хабар береді [3: 67].
Өз кезіндегі поэзияның табыстарын жоққа шығармай, жоғары бағалай отырып, олардағы жетпей отырған нәрсенің-көркемдік екенін баса айтады. Мәлік Ғабдуллиннің батыл сыншылдық ойлары поэзиядағы белең алған кінәратты сипаттар туралы мынадай ойларынан айқын байқалады: «Биыл «Әдебиет және искусство» журналы мен «Қазақ әдебиетінің» беттерінде бүгінгі поэзиямызға арналған бірнеше мақала басылды. Жаңағы мақалалардың авторлары поэзиямыздың табысы мен кемшілігін айта келіп: «Өлең өмірлі болсын» дейді. (Бұл өмірлі өлеңге арналған көңіл айту секілді естіледі). Өлеңнің көп жасауын, өмірлі болуын тілеушілік тегін айтылған сөз емес, одан: бізде әлі де болса құнсыз өлеңдер көп жазылады дегенді аңғарамыз. Мұндай құнсыз, көркемдігі жоқ өлеңдердің дүниеге келу себебі, менің ойымша, мынада жатыр. Кейбір ақындарымыз өлеңдерін мазмұнға, мағынаға, ойға құрмайды, құрғақ риторикаға салынады. Мазмұн мен мағына, ой жатпаған өлеңде қасиет те, қуат та жоқ дер едім» [3: 49].
Бұл жолдардан біз М.Ғабдуллиннің талғампаз әдебиетші, сергек сыншы, туған әдебиетінің жай-күйіне алаңдайтын шын жанашыры екенін бағамдай түсеміз.
Ғалымның әдебиетті, әдеби үдерісті, көркем шығарма табиғатын, қаламгерлік еңбекті терең бағалай алатынын оның С.Бақбергеновке, Ә.Әбішевке, Н.Ғабдуллинге, М.Иманжановқа, Қ.Мырзалиевке,
М.Базарбаевқа жазған хаттарынан да байқаймыз.
1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №7 санында жарық көрген «Абай» романы» –қазақ әдебетінің зор табысы» деген
М.Ғабдуллиннің мақаласы осы жылға елеулі мақалаларлдың бірі болды. Бұл мақаласымен ол өзін көрнекті сыншы ретінде танытып, әдебиеттанушылық болмысын ақғартып өтеді.
1949 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай» романына Сталиндік сыйлық беріледі. Осы қаулы жарияланысымен ҚК(б)П Алматы қалалық комитеті мен Қазақстан Кеңес жазушылары Одағы бірлесіп «Абай» романына арналған әдебиет кешін өткізеді. Осы кеш туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылғы 29 сәуір күнгі санында «Абай» романына арналған әдебиет кеші деген» үлкен бет ұйымдастырылған. Әдебиет кешін Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғ.Орманов ашты. Кеште филология ғылымының кандидаты М.Ғабдуллин «Абай» романы-қазақ совет әдебиетінің озық шығармасы» деген тақырыпта баяндама жасады. КСРО Совет жазушылары Одағының басқармасы атынан жазушы С.П.Бородин, Қ.К.(б)П Алматы қалалық комитетінен С.Жүніссбеков сөз сөйледі. («Абай» романына арналған әдебиет кеші «Социалистік Қазақстан» 29 апрель,1949жыл).
Қазақ ССР Ғ.А.вице президенті С.Кеңесбаев. Қаз ГУ ректоры Т.Тәжібаев, жазушылардан Ә.Әбішев, Қ.Әбдіқадыров, Д.Снегин құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге осы 29 сәуір күнгі «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Ә.Әбішевтің «Ортақ қуаныш», С.Бородиннің «Жақсы кітап-жан азығы» деген құттықтау мақалалары жарық көрді. («Социалистік Қазақстан» 29 апрель, 1949жыл)
Романда әділ бағалауда құнды боп саналатын осы жылғы С.Бородин, Ғ.Мұстафин, Т.Нұртазин мақалаларымен бірге М.Ғабдуллиннің аталмыш мақаласын да романды бағалаудағы елеулі дүниелердің қатарына жатқызуға болады.
М.Ғабдуллин «Абай» романын объективті бағалай отырып, оны «Абай» шын мәніндегі мәдениеті роман. «Абай» романы тек қазақ әдебиеті емес, жалпы совет әдебиетінің табысы» деген зор баға береді. (Ғабдуллин М. «Абай» романы Совет әдебиетінің зор табысы». «Әдебиет және искусство» №7,1949жыл)
Ғалымдағы осындай абыройлы еңбектері үшін ол филология ғылымдарының докторы, прфессор, СССР Педогогика ғылымы академиясының толық мүшесі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атақтарына ие болды.
Мәлік Ғабдуллиннің фольклористика саласының ғана білкті де білімдар маманы болып қалмай, әдеби үдеріс, әдеби сын саласында да байсалды да тиянақты ой-пікір, тұжырым, қағидалармен ерекшеленетін салауатты сыншы, білгір әдебиетші екенін де танытты.
Сан қырлы талант иесі Мәлік Ғабдуллиннің ғалымдық болмысы, ғылыми өрісі сарқылмай, уақыт озған сайын, күн өткен сайын өзінің өміршендік сипатын жоғалтпай жаңғыра, жаңара, жарқырай түсетініне кәміл сенеміз.
Әдебиет:
1. Негимов С. Мәлік Ғабдуллин (Өмірі мен шығармашалығы). – Алматы, 2001. — 221 б.
2. Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі. Естеліктер жинағы. – Алматы, 2000. –199 б.
3. Ғабдуллин М. Шығармашылық және эпистолярлық еңбектер.
Көкшетау 2005. – 148 б.