МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРТАНУ ҒЫЛЫМЫ

МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРТАНУ ҒЫЛЫМЫ

А.Ы.Есмағұлов,
филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті

Аса көрнекті фольклортанушы, педагог ғалым, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен жемісті шығармашылығы арнайы зерттеліп, қарастырылып келеді. Ұлағатты ұстаз, әскери мемуарист, жалынды публицист, ғұлама білімпаздың бай мұрасы жан-жақты да байсалды қарастырылып, өзінің лайықты ғылыми бағасын ала берері мәлім. Отанымыздың тағдыр – талайы безбенге түскен сәтте ерліктің талай тамаша үлгілерін көрсеткен азаматтың ғажайып тұлғасы, ерен ерлігі де атаусыз қалған жоқ: оған КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1943 жылы 30 каңтардағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Правда» газетінің сол жылғы 25 сәуірдегі санында Борис Полевойдың «Эпостың тууы» деген очеркі жарияланған-ды. Содан кейін Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі жайында көптеген очерктер, суреттемелер, хабарлар жазыла бастады. Олардың бірсыпырасы әр кезде жеке кітапша болып та басылды. Казактың Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты мен Қазақстан Жазушылар Одағы 1943 жылы Мәлікке арнап жинақ құрастырып шығарды. Мұнда С.Мұқановтың,
Қ.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, Ә.Әбішевтің, М.Сильченконың, Н.Смирнованың мақалалары, Нүрпейістің, Исаның, Асқардың, Ғалидің, Әбділдәнің, Диханның, Қалижанның т.б. арнау өлеңдері жарияланған болатын. Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдарда Доскей, Шашубай, Сапарғали, Жақсыбай, Есенсары тәрізді халық ақындары батырды дәріптеген жыр-толғаулар, дастандар шығарған. Ержүрек жауынгердің майдандас достары Бауыржан Момышүлы, Балтабек Жетпісбаев өздерінің кітаптарында ол туралы тебірене жазған-ды. Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі, мағыналы өмірі, шығармашылығы адамдарды әлі де шабыттандыра бермек. Саттар Сейтхазин мен Мыңбай Рашев поэмалары, Әзілхан Ыүршайықовтың деректі повесі жарық көрді. Соғыстан соңғы уақыт М.Ғабдуллиннің шығармашылығындағы үздіксіз өсу, өрлеу жылдары болды. Ол 1947 жылы «Қобыланды батыр жырын зерттеу проблемалары» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанса, 1958 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті» атты зерттеуі үшін филология ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. М.Ғабдуллинге 1952 жылы доцент, 1961 жылы профессор атағы берілді. 1959 жылы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланып,
1961 жылы Қазақ КСР-ның ғылымға еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағын алды. Соғысқа дейін ат жалын тартып мінген әрбір азаматтың өмірбаянын, егер ол майданнан аман-есен оралса, шартты түрде 3 кезеңге бөлуге болады: балалық, студенттік шағы, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейбіт еңбек жолдары. Соғыс ер-азаматтың ерлігіне, батылдығына ғана емес, адамгершілігіне, гуманистік саналылығына да сын болған. Кімнің де болса бойындағы жақсы-жаман қасиеті, мінезі, қылығы қысылтаяң шақта, жанталас жағдайда айқын көрініп қалатыны бар. Мәлік алғашқыда батареяға, кейіннен ротаға саяси жетекті бола жүріп, өзінің әділдік, адалдык, бауырмалдық, қамқорлық, табандылық, байсалдылық, сабырлылық, сезімталдық, сергектік, жайдарылық, ақ көңілдік, елгезектік тәрізді абзал қасиеттерін де молынан танытқан еді. Сондай бола тұрып, кемшілікке кеңшілік жасамайтын. Ұлы Отан соғысының басталғанына 34 жыл өткеннен кейін бір кездегі әскери тілші, кейіннен бүкіл әлемге белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Борис Николаевич Полевой отты жылдарды еске түсірген әңгімесінде Алексей Мересьев, Лиза Чайкина есімдерімен қатар Мәлік Ғабдуллинді де атап былай дейді: «Қазақтың жас фольклорист ғалымы М.Ғабдуллин – соғыс кезінде әйгілі панфиловшілер дивизиясына өз ерлігімен келген жауынгер – туған даласында өзі де фольклор қаһарманына айналды». Ғалымның журналистік қызметтен Ұлт мәдениеті институтына (1938) ауысқандағы мақсаты – туған халқының халық ауыз әдебиетін зерттеу ісімен түбегейлі айналысу еді. Ол қазақтың халық шығармашылығы өте бай, бірақ, ғылыми жағынан қолға алынбай жүрген тың сала екенін жақсы білген. Фольклортану қиын да жауапты ғылым екенін түсінген М.Ғабдуллин бұған саналы түрде барған болатын. Ол тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен ел аузында, халық арасында шашырап жүрген қастерлі қазына – фольклор нұсқаларын жинау қажеттігін дұрыс аңғарған болатын. Өйткені, ол кезде жиналған, жарияланған халық мұрасы мүлде аз болатын. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинау бірдің емес, көптің ғана қолынан келетін іс болып табылады. Сондықтан, бұл игілікті іске ел ішіндегі оқыған, көзі қарақты, зиялы азаматтарды кеңінен қатыстыру шарт. Міне, осы мақсатпен М.Ғабдуллин сол кездегі елге көп тарайтын газеттің бірі «Төте оқуға» арнайы мақала жазған. Газеттің 1938 жылғы 21 тамыздағы санында жарияланған «Халық әдебиетін жинайық» атты осы мақаласында ол Қазақ КСР Орталык аткару комитетінің қаулысымен Ұлт мәдениеті институтының халық шығармашылығын зерттейтін Жамбыл атындағы бөлім ашылғанын қуана хабарлаған болатын. Осы бөлімнің алдында тұрған міндеттер жайында айта келіп, жұртшылық болып халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға атсалысайық, сөйтіп олардың тәуір нұсқаларын баспа жүзінде жариялауға, зерттеуге үлес қосайық деген пікір қозғағаны мәлім. Сонымен бірге, ел аузында айтылып жүрген ертегі, аңыз, мақал-мәтел, жыр-дастан, өлең-термелерді жазып алудың ғылыми тәртібін түсіндірген. Ғалымның бұл айтқандары осы уақытқа дейін өзінің мәнмаңызын жойған жоқ. Өйткені, халық мұрасын жинау ісі әлі де жүргізіліп келеді, алдағы кезде де жүргізіле бермек. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1940 жылғы 28 қаңтардағы санында жарияланған «Халық фольклоры жайында» деген мақаласында М.Ғабдуллин фольклортанушы ғалым әрі жинаушы, әрі зерттеуші болу керек екенін тағы да ескертеді. «Фольклорда, әсіресе, батырлар жырын зерттеуде біздің алдымызда бірнеше күрделі міндеттер тұр», -деп жазды ғалым… «Ең алдымен осы күнге дейін жиналмай халық аузында қыдырып жүрген жырларды жинап алу керек. Бір жыр бірнеше вариантта болатыны анық. Ғылыми зерттеу үшін сол варианттардың бәрі де өте қымбат бағалы. Біз иемденіп «өзіміздікі» деп жүрген жырлардың біразы көршілес елдерден де кездеседі. Алдағы күнде зерттеу жұмысын түзгенде батырлар жырының өзімізде бар варианттарын ғана пайдалану, олардың қай жерде, қалай айтылатынын салыстыру және бір жырдың бірнеше басылғандарындағы қосындыларды, өзгеріс-жамауларды салыстырып зерттеу аздық етеді». Ғалымның, осы айтқан пікірінің дұрыстығын көп жылдық зерттеу тәжірибелері айқын танытты. Мысалы, Алпамыс, Қозы Көрпеш-Баян сұлу дастандарының өз тілімізде варианттары болумен катар өзбек, қарақалпақ, башқұрт, таулы алтай халықтарында да әр түрлі нұсқаларының кездесуі бұған толық дәлел болады. М.Ғабдуллин өз мақаласында былай деген еді: «Шынын айту керек, фольклор туралы жалпылама әңгіме айту, жалпылама шолақ қорытынды жасау оңай, ал, жеке жырды алып талдау, сол жөнінде зерттеу жазу анағұрлым қиын». Бұл даусыз шындық еді. Осылай бола тұрса да, М.Ғабдуллин өзіне тән батылдықпен оңайға емес қиынға барды, зерттеу тақырыбы етіп «Қобыланды батыр» дастанын алды. Оның «Қобыланды батыр» жайындағы алғашқы ғылыми мақаласы «Әдебиет және искусство» журналының 1940 жылғы 3-ші санында басылған. Мұнда ол жалпы батырлар жырына байланысты келелі пікір қозғап, жырларда айтылатын ұнамды қаһарман – халық батырларының бәріне тән ортақ қасиет – олардың қара басы үшін емес, көпшілік қауым үшін, жаулап алу үшін емес, қорғау үшін күресетіндігін дәлелдеген. Батырлар жауласуға емес, достасуға бейім тұрған. Досқа адалдық, сертке беріктік, бір сөзділік, қайсарлық, ант үшін, ар үшін жан беруге де әзірлік батырлардың бойындағы басты ерекшелік. Зерттеуші халықтың сүйікті қаһармандарының осындай гуманистік сипаттарын ашуға талаптанады. Ғалымның тағы да бір елеулі пікірі батырлар жырын шығарушылар, орындаушылар жайында. «Батырлар жайындағы жырды халықтың қақ ортасынан шыққан, халық мүддесін көксеген ақындар шығарғаң, сондықтан ол жырлардың осы күнге дейін құнды болып келе жатқаны ақиқат нәрсе». Демек, батырлар жырын шығарушы халық мүддесін жырлаушы ақындар екен. Олай болса, «Жыр айтушы дарынды ақындар, дейді. Ол – өздерінен бұрын болған ақындардың жырлағанын қайтадан айтып бермейді. Сол жырдың жалпы желісін, ұзын-ырғасын, мазмұнын толық жаттап алады, оны айтқанда көтермелеп-әсірелеп, кейде жұрттың ұғымындағы жырдан да басым етіп айтады». Бұдан біз жырдың негізін әуелбаста бір ақын шығарғанмен, кейін оны айтушы, орындаушы жыршыжыраулар өңдеп, өзгертіп, өз жанынан қосып жырдың толықтырылған нұсқасын немесе вариантын жасайтындығын аңғарамыз. Әрине, мұндай жағдайда жырдың авторы біреу емес, бірнешеу болған. Сондықтан, оның алғашқы шығарушысы ұмытылып, авторы көпшілік яғни халық болып кетеді. Бұл дәстүрлі фольклор шығармаларының бәріне де тән белгілі қағида. Зерттеуші осыны қазақ халқының батырлар жырына байланысты нанымды дәлелдейді. Ғалым мұнан кейін «Қобыланды батыр» туралы бірнеше мақала жариялаған. 1941 жылдың басында шағын кітапша да шығарған. Ұлы Отан соғысы М.Ғабдуллинді жаңа қырынан танытқаны мәлім. Ол бұрын «Қобыланды» жырын зерттеуші ғалым ретінде белгілі бола бастаса, енді өзі де сол батырдай аты аңызға айналған қаһарман дәрежесіне көтерілген. «Мәлік талантты жас ақын, ауыз әдебиетін жинап, зерттеп жүрген Қазақстанға белгілі жас ғалым еді,-деп жазады Б.Полевой «Правда» газетінде жариялаған очеркінде. Ол қазақ эпосы мен қазақ әдебиеті жайында бірталай еңбек істеп, оларды баспасөзде жариялаған болатын. Елімізге соғыс жарияланар қарсаңында кандидаттық диссертациядан мойнын бұрмай, көзін аудармай отырған кезі еді. Жас ғалымның жүрегіне сонша ыстық тиетін үлкен еңбек аяқталуға да жақын қалған болатын. Институттағы дос-жолдастары, белгілі профессор, әдебиетшілер, тіл мамандары Мәліктің еңбегін бірауыздан тегіс ұнатып, енді тек өңдеу ғана қалған-ды». Міне, осындай жағдайда қаламды қаруға алмастырған ғалым да майданда ерен ерлігімен көзге түскен еді. Бірақ, ол өзінің бұрын бастаған игілікті ісін уақытша тоқтатуға мәжбүр болғанымен, есінен шығарған жоқ. Елдің ерлік дәстүрін, халық қаһармандарының өнегесін, ақындардың патриоттық жырларын жауынгерлер арасында насихаттаумен болған. М.Ғабдуллин «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 27 қаңтардағы санында жарияланған «Қазақ мақалының күші» атты мақаласында халық даналығының осындай рухани куатын паш етеді. «Біз қас жауды қарумен де, халықтың қаһарлы сөзімен де қиратудамыз»,- деп көрсеткен ғалым өз мақаласында. Демек, жауынгер ғалым майданда «толарсақтап су кешіп, белуардан қан кешіп» жүрсе де халықтың қастерлі шығармашылығына деген ықыласын кеміткен жоқ, қайта оның тәрбиелік мәнін, өміршеңдік құдіретін бұрынғыдан да тереңірек түсіне білген. Әскери кызметтен босап келгеннен кейін ол «Қобыланды батыр» жыры туралы зерттеуін қайта қарап тиянақтаған болатын. Бұл еңбектің толықтырылған нұсқасы 1948 жылы жеке еңбек болып басылған. Ғалым алдымен бұл қаһармандық дастанның да басқа батырлар жыры тәрізді бір ғасырдың жемісі емес екенін, өзінің қалыптасу, даму барысында халықтың қоғамдық өміріне, таптық мүддесіне байланысты бірсыпыра өзгерістерге ұшырап отырғанын, әрбір тарихи кезеңдердің, дәуірлердің әсерін, әлеуметтік сапасын бойына жинап жетіле келе осы күнгі нұсқаларына ие болғанын орынды ескерткен еді. Жырды Марабай Құлбайұлы, Мергенбай, Біржан Толымбаев, Нүрпейіс Байғанин, Айса Байтабынов, Мұрын Сеңгірбаев, Көшелек Еламанов, Шапай Қалмағамбетов, Құлзақ Аманкелдіұлы тәрізді көптеген атақты жыраулар ауызша жырлап, өздерінің варианттарын жасаған. Зерттеуші осыдан кейін «Қобыланды батырдың» ел аузынан жиналып, хатқа түсіп, баспада жариялануы мәселесіне кеңінен тоқталған. Жырдың бір нұсқасын Марабай жыраудан жазып алып, оның үзіндісін алғаш жариялаған Ыбырай Алтынсарин екен. Ол жырдың Тайбурылдың шабысын суреттейтін бөлігін «Киргизская хрестоматия» (1879) деп аталған еңбегіне енгізген болатын. Осыдан кейін жырдың әр түрлі варианттарынан алынған үзінділер «Дала уалаяты газеті» (1889), «Туркестанские ведомости» (1899), «Тургайская газеті» (1901) және «Орынбор оқымысты комиссиясының еңбектерінде» (1910) басылған. Ал, жырдың Біржан Толымбаевтан жазып алынған толық варианты 1914 жылы Қазан, Троицк қалаларында жарық көрген. Кезінде осы жырға В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, П.А.Фалеев пікір айтып, жырдың құндылығын сөз еткен-ді. «Қобыланды» жырын жариялау, зерттеу ісі кеңес дәуірінде қолға алынды. Бірақ, алғашқы кезде жырдың тууына орыс патшасы Иван Грозныйдың 1551 жылы Қазан қаласын өзіне қаратып алу себеп болған деген теріс тұжырымдар орын алып келген. М.Ғабдуллин «Қобыланды батыр» туралы зерттеуін осы тақырыпта кандидаттық диссертация жазып корғағаннан кейін де тоқтатқан жоқ. Бұл оның аса сүйікті тақырыбы болған. Ғалым көлемді де ғажайып көркем дастанды зерттеуге отыз жылдың ішінде әлденеше қайта оралып, бұрынғы жазғандарын толықтырып, жетілдіріп отырған. Ғалымның Қобыланды жырына байланысты зерттеулерінің соңғы нұсқасы 1972 жылы жарияланды. Осы еңбегінде ол 1950-1960 жылдары жүргізілген зерттеулерде «Қобыланды батыр» оқиғасына Қазан қаласының ешқандай қатысы жоқ екендігі анықталғандығын айтқан болатын. Жырдың сюжеті қызылбастар (ирандықтар) мен қыпшақтардың арасында ХІІІ-ХІҮ ғасырда болған қақтығыстардың негізінде туған. Бұл әрине, өткен оқиғаларды деректі түрде бейнелеген тарихи жыр емес. Солай бола тұрса да, жырда аталған кезеңнің, ондағы әлеуметтік жағдайлардың елесі байқалатыны рас. Зерттеуші осы пікірін көптеген ғылыми фактілермен дәлелдейді. Алғашқы нұсқалары сонау шамандық, әр түрлі мифтік ұғымдар үстемдік еткен дәуірлерде пайда болған «Қобыланды батыр» жырының бес ғасырдай уақыт бойғы даму тарихында қаншама варианттары дүниеге келген. Олардың ұқсастық-айырмашылықтары қандай? Жыраулардың өзіндік стилі дастанның көркемдігіне қалай әсер етті? Аумалы-төкпелі заманның алмасып жатқан уақыттың таңбасы нені танытады? Яғни, зерттеуші бұл мәселелердің төңірегінде кең толғап, келелі ой түйгені ақиқат.
Ғалымның осы «Қазақ халқының батырлық жыры» монографиясына
1972 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбектің құндылығы – халық эпосын зерттеуде кеңес фольклортануының соңғы жетістіктеріне сүйеніп, тың тұжырымдар түюінде.
М.Ғабдуллиннің қазақ фольклортануында аса бағалы үлес болып қосылған қабырғалы еңбегі «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». Аталған еңбектің ғылыми мэні ерекше. Жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған оқу кұралы ретінде жазылған осы еңбек 1958 жылы жарыққа шыққан болатын. Кейіннен түзетіліп, толықтырылып 1964, 1974 жылдары қайта басылғаны, бізге мәлім. Рас, қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті жайында бұдан бұрын да жазылған зерттеулер бар болатын. Бірақ, олардың көпшілігі фольклорда жеке жанрлар (эпос, айтыс, өлең-жыр т.б) тұрғысынан алып қарастыратын шағын зерттеулер немесе мақалалар ғана болғандығы аян. 1948 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған бірінші томын шығарған. Мұнда дәстүрлі ауыз әдебиеті жанрлар және дәуірлер бойынша жүйелеп баяндалғанымен ғылыми методологиялық, тарихи нақтылық жағынан кейбір қате-кемшіліктерге жол берілген. Ол кезінде баспасөзде, көпшілік талқысында қатаң сыналды. Сондықтан да, бұл том қайта жазылып, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі М.О.Әуезовтың басқаруымен екінші рет басылған болатын. Соңғы басылымда жұртшылықтың пікірлері ескерілді. Бұл том қазақтың дәстүрлі фольклорының тарихын кең қамтып, байыппен бағдарлаған құнды еңбек болып қалғаны мәлім. Алайда, фольклортану тарихы мен оның оқу құралын жазу принциптері бір емес және М.Ғабдуллин аталған еңбегінде көп жанрларды, тақырыптарды қайта қарап, олардың анықтамаларын, дәйектемелерін өзінше тұжырымдаған, бұрынғы зерттеулерді орынды пайдалана отырып, тыңнан ізденген, жаңадан жазған. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқу құралының соңғы басылуында ғалым оқырмандарына мынаны ескерткен болатын: «Біз мұнда ауыз әдебиеті үлгілерін түріне (жанрына) қарай алдық. Ал, сол аталған түрлерінің, қайсысы ерте, қайсысы кеш туды деген мәселе, яғни тарихи дәуірге қарай жіктеу жайы өз алдына зерттеуді керек ететін болғандықтан бұл еңбекте тереңінен қарастырылмады. Әрине, студенттерге халық ауыз әдебиеті жөнінде неғұрлым толығырақ мәлімет беру үшін оны жанрларға жіктеп баяндау тиімді. Бірақ, сол жанрлардың қайсысы қай кезде пайда болғанын кесіппішіп айту қиын. Бұл ұзақ уақыт сарыла зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, ғалым халық ауыз әдебиетінің жанрларын тарихи дәуірлерге бөлмей тұтас алып, көптен қалыптасып келе жатқан жүйемен талдаған болатын.
«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томында жарияланған «Қазақ совет фольклорының даму жолдары» атты көлемді ғылыми мақаланың авторының бірі ретінде М.Ғабдуллин Қазан революциясынан кейінгі жаңа заманда туып дамыған халық поэзиясының табиғатына жан-жақты талдау жасады. Мақалада кеңес фольклорын жасаушылар еңбекші халық және сол қалың бұхараның ішінен шыққан талант иелері – халық ақындары екені айтылған. «Кеңес дәуірінің алғашқы күндерінен бастап коммунистік партия ұлы Ленин және кеңес үкіметі халық шығармашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөліп, шексіз қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде Қазақстанда да халық поэзиясы бұрын болып көрмеген жаңа биікке көтерілді. Ғасырлар бойы халық жасап, сақтап келген мұраны ғана үйреніп, кейінгі ұрпақтарға жеткізуші болып келген жыршы-жырау, өлеңші ақындар енді жаңа дәуірдің рухымен шабыттанып өздерінде жарқын заманның жақсы күнін жарыса жырлап, жаңа тақырыпқа жарасымды толғау, терме, жыр-дастандар шығарды. Уақыт ілгерілеп, өмір талабы өзгерген сайын олардың тақырыптары да байып, кеңейе береді. Қысқасы, халық поэзиясы заманның шапшаң қарқынына ілесіп, уақыт талабына үн қатып отырды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезіндегі халық поэзиясының майдан мен тылдағы белсенді жауынгерлік қызметі оның өміршеңдігін, шығармашылық қуаты сарқылмайтындығын көрсетті. Ал, соғыстан кейінгі буыны қаулап өсті, әрбір аудандарда, ауылдарда құрылған көркем өнерпаздар ұжымдары мен халық театрларының саны арта түсті. Бұл халық шығармасының болашағы шексіз мол, өлшеусіз зор екендігін көрсетті, -деп ой түйеді ғалым жеке бөлім ретінде берілген осы мақаласында. Одан әрі, — осылай бола тұрса да, оның кеңес фольклорында едәуір өзгерістерге ұшырағанын көру қиын емес»,-деп ойын жалғастырған. Бұған қазіргі фольклорда жеке ғалым шығармашылығының өріс алуы халық поэзиясы мен әдебиетінің өзара ықпалының артуы, осыған байланысты дербес және ұжымдық шығармашылық, дәстүр мен жаңашылдық жайында жаңа ұғымдардың шығуы себеп болды. Әдебиет сияқты фольклор да адамдардың сана-сезіміне, рухтың қалыптасуына әсер етеді. Демек, жаңа жағдайда жаңа міндет атұаратын болғандықтан фольклордың табиғатына, болмысына жаңа өзгерістердің енуі де заңды. 1969 жылдың күзінде Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты В.И.Лениннің туғанына 100 жыл, Қазақ КСР-ның құрылғанына 50 жыл толуына арналған ғылыми шығармашылық конференция өткізді. Конференцияның негізгі тақырыбы қазақ кеңес фольклорының даму барысы жайында болды. Осы насихатты ұйымдастырушылардың бірі М.Ғабдуллин конференцияда «Қазақ советтік ауыз әдебиеті 50 жылда» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым «Қазақ халқының советтік дәуірде туған ауыз әдебиеті социалистік өмірімізді, еңбек адамдарының коммунизм орнату жолындағы ерліктерін көркем түрде суреттей алатын, сөйтіп халық тілегіне толық жауап беретін әдебиетке айналды», -деп мәлімдеді өз сөзінде. Содан кейін ол жаңа дәуірдегі халық ауыз әдебиетін (кеңес фольклорын) тудырушылар халық ақындары екенін, яғни олардың өлең-жырлары мен толғау-дастандары, айтыстары кеңес фольклорының ауқымына енетіндігін айта келіп, коммунистік партия мен кеңес үкіметінің шексіз қамқорлығы арқасында ақындардың шығармашылығы қарыштап өскендігін атап өтті.
1972 жылы М.Ғабдуллиннің ұйымдастыруы және жетекшілігімен «Қазақ фольклористикасы» атты аса құнды еңбек жарыққа шықты. Бұл қазақ фольклоры туралы ғылымның даму барысы, оның көрнекті өкілдері жайында жазылған тұңғыш еңбек еді. Осы еңбекте ғалым қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, академик жазушы С.Мұқановтың жиырмасыншы жылдардағы шығармашылығына байланысты мақала жариялады. Ол мақаласында ғалым 1968 жылы Душанбе қаласында өткен «Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеті мен фольклорының өзара ықпалы» атты мақаласында дәстүрлі ауыз әдебиетінің жазу шығармашылығына әсері және оның қазақ фольклоры туралы зерттеулері әңгіме болды. С.Мұқанов батырлар жыры мен ғашықтық жырлардың жас кезінде өзіне қалай әсер еткенін «Өмір мектебі» трилогиясында жазғаны мәлім. Ол жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ көптеген мақалалар жазып, қазақ әдебиеті мен фольклорының тарихы, жай-күйі және болашағы туралы елеулі пікірлер айтқан болатын. Ол «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты мақаласында (1924) рухани мәдениетті жасаушы халық екенін, бұхараның арасынан шыкқан талант иелерін қадірлеп, олардан үйрену керектігін ескертеді.
«Қазақтың пролетарлық әдебиеті туралы» еңбегінде (1931) фольклорды шығармашылықпен шешудегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесін қозғады. Өзінің алғашқы көлемді шығармаларын («Тұрмыстың тұлпары», «Октябрьдің өткелдері» т.б.) дәстүрлі жыр үлгісінде жазды. Бірақ, ол ақынның жаңа мазмұнды шеруіне бөгет болған жоқ. Жазушының өзге шығармаларында да фольклордың тіл байлығынан, сюжетінен үйренгені байқалады. «Батырлар жыры» (1939) жинағын құрастырып, ғылыми алғы сөз жазуы, қазақтың ауыз әдебиеті хрестоматиясын (1938) жасауы, кейінірек «Айтыс» (1942) жинағын түзіп, оған көлемді мақала беруі жазушының фольклорға деген ықыласы әсте кемімегенін көрсетеді. Ол өзінің «Тағы да поэзия туралы» (1954) зерттеу мақаласында кеңес дәуіріндегі қазақ фольклорының тағдырына катысты аса бағалы пікір түйді, -дей келіп, С.Мұқанов жайлы пікірін М.Ғабдуллин былай қорытады: «Кеңес дәуірінде Жамбыл бастаған халық ақындарының шығармаларын, кеңес ауыз әдебиеті үлгілерін мысалға ала, жаңа заманда қазақтың кеңес фольклоры дамып отырғанын дәлелдеді». Ол Жамбыл шығармашылығы туралы арнайы мақала да жазды». Аса дарынды қаламгердің шығармашылығында фольклордың қаншалықты мол орын алғанын жанжақты талдау арқылы М.Ғабдуллин халық ауыз әдебиеті тоқыраған нәрсе емес, өмірге белсене араласатын жанды құбылыс екенін тағы да айқындай түсті. Халық поэзиясының алыбы Ж.Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған республиқалык ғылыми-шығармашылық конференцияда (1972) ұлы акынның мұрасы және бүгінгі фольклорымыздан алатын орны жайында бірнеше мазмұнды баяндамалар тыңдалған еді. Солардың ішінде М.Ғабдуллиннің «Жамбыл творчествасындағы каһармандық сарындар» деген тақырыпта жасаған баяндамасы өзінің ғылыми сонылығымен ерекшеленеді. Қазақ халқының батырлық жырын көп зерттеген ғалым көне дәстүрдің жаңа дәуірге жалғасқан нышанын Нүрпейіс, Нұрлыбек, Доскей, Иса тәрізді көптеген халық ақындарының шығармашылығынан табады. Олар бұрынғы батырлардың да кеңес заман ерлерінің де жарқын образдарын жасаған тамаша жырлар шығарғаны мәлім. Осылардың ішінде Жамбылдың шығармашылық қызметі айрықша орын алады. Ғалым Жамбылдың халық поэзиясында ежелден қалыптасқан дәстүрді жаңа белеске көтергенін айтады. «Оның басты тақырыбы — өзінің туған халқының өмірі болды. Сондықтан да, ол тарихи тұлғалар — «Өтеген батыр» мен «Сұраншы батырдың» ерлігін жырлап, халық өмірінің елеулі кезеңдерін зор шығармашылық шабытпен суреттеді. Революциядан бұрын жырлап келген бұл дастандарға ақын кеңес дәуірінде қайта оралып, олардың мазмұнына өзгерістер енгізді, идеясын айқындай түсті. Дәстүрлі батырлар жырында («Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» т.б.) басты қаһарманның алысатын жауы қызылбас немесе қалмақ болып келетін. Олар қан майданда кескілесіп женген жауларын тек қана дұшпан деп қарайтын, таптық топқа бөлмейтін. Жамбыл «Сұраншы батыр» дастанында таптық коғамның сырын, халықтың әлеуметтік көзқарасын аша түскен. Зерттеуші бұл пікірін дәлелдеу үшін жырдың оқиғасынан мысал келтіреді. Қоқан ханы Құдияр мен қырғыз ханы Орманның күш біріктіріп Жетісу халқына шабуыл жасауы, сөйтіп елді талауы қанаушылардың таптық мүддесінен туған озбырлык. Ақын бұл шындық оқиғаны шебер суреттейді. Бұрынғы дастандарда халықтар достығы әңгіме болмайтын. Ал, мұнда Жамбыл Сұраншы мен Жолордың достығы арқылы ортақ жауға қарсы күресте еңбекші халықтың күш біріктіруін жыр етеді. Бұл екі батырдың ғана емес, орыс пен қазақ халықтарының арасындағы айнымас достық үстінде суреттеледі. Сондай-ақ, жырда қазақ пен қырғыз халықтарының да достық қарым-қатынастары тарихи негізде баяндалады; Міне, бұл жәйттер Жамбылдың батырлар жырындағы калыптаскан дәстүрді жаңа мағынада дамытып жетілдіргенін, сөйтіп елеулі шығармашылық жаңалық ашқанын көрсетеді. Жамбыл социалистік Отанды қорғау тақырыбын да ақындық тапқырлықпен, шеберлікпен жырлады. Отан соғысына дейінгі шығарған толғау-дастандарының өзінде-ақ Ленин өсиеттеріне адал. коммунистік партия баулып өсірген отаншыл патриот қаһармандарының жарқын образын жасады. Бұл қазақ кеңес фольклорындағы айтарлыктай жаңалық еді», -деп Жамбыл шығармашылығына жоғары баға береді.
Дарынды ғалымның соңғы жазған және көзі тірісінде жарық көрген мақаларының бірі — «Қазақ фольклористикасының даму жолдары» деп аталады. Бұл жоғарыда аталған «Қазақ фольклористикасы» еңбегінде жарияланды. Ғалым мұнда халқымыздың ауыз әдебиеті туралы революциядан бұрын да бірен-сарандап пікір айтушылар болғанымен әдебиеттану ғылымының дербес саласы ретінде қазақ фольклортануының тек қана кеңес дәуірінде қалыптасып, дамығанын еске салады. Сөйтіп, бұл ғылымның өсу жолдарын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырады. Ғалым қазақ кеңес фольклорының қалыптасуын сөз еткенде соғысқа дейінгі дәуірді екі кезеңге бөлгені мәлім. Алайда, ол туралы ғылымның даму кезеңдері басқаша болуы да түсінікті. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ел ақындары еңбекші халықтың ғасырлар бойы еңсесін басқан, езгіден құтылғанын, өз тағдырын, билігін қолға алғанын, өмір, тұрмыс, жаңалығын жырлады. Отызыншы жылдардан бастап халық поэзиясының тақырыбына бесжылдықтар белесі, өндірістер өркені, Отан қорғау дабылы қосылды. Сондықтан, бұл мерзімдердің межесін отызыншы жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңдерге бөлудің жөні бар.
Осылайша, бүгінде ғасырға толған толымды да бүкілхалықтық тойы бүтін әлемде ерекше шаттықпен аталып жатқан шақта Ұлы ғалым өзінің ұзақ жылдар бойындағы ғылыми еңбектерінің ең сүбелісі – фольклористика екендігін, осы салаға ғалымның айрықша көңіл бөліп, мол еңбек еткендігін атап өтуді жөн көрдік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *