МЕТАФОРАНЫҢ ДЕРИВАЦИЯЛЫҚ СИПАТЫ
Мусин Л.К.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Lais68@mail.ru
Сөзжасам процесі – әуелдегі тілдің шығу кезеңімен бірге дамып келе жатқан күрделі құбылыс. Сондықтан қазақ тілі сөзжасамы тарихы, ішкі даму заңдылықтары бар, сөз тудырушы тәсілі мен қалыбы қалыптасқан қазақ тіл білімінің кешенді бір саласы ретінде танылады [1,2, 6].
Обьективті өмірдегі заттар мен құбылыстардың ерекше қасиеті мен сапасы атаудың арнайы семасында номинативтік белгі арқылы белгіленеді. Танылған зат пен құбылысты атау үшін маңызды белгілер бөлініп алынады. Осы маңызды белгілер жиынтығы арқылы атау жасалады. Демек, жаңа мағына жасалу үшін мына шарттар орындалады:
1) заттың не құбылыстың белгісін, қасиетін атауға деген тілдік қажеттіліктің болуы;
2) танылған ұғымды атау үшін ұқсас сөздер мен атаулар
іріктеледі;
3) іріктелген атау туынды сөздің себепші негізі болады, себепші негіз бен туынды сөз арасында мағыналық және тұлғалық қатынас орнайды.
Жалпы мағыналылықтан жеке лексемаға айналу – сөзжасамдық процесс негізінде іске асатын күрделі тарихи құбылыс. Ол үшін мынадай факторлар қажет:
1. Сыртқы факторлар – жаңадан танылатын заттарға атау бергенде ұқсас заттардың атын пайдалану реті.
2. Ішкі тілдік фактор – жақын, ұқсас ұғымдардың аталуы негізінде іске асады, бірте-бірте жеке номинативті мағынаның тууына себепкер болады.
Жоғарыдағы деректерге сай – тіліміздегі күрделі жасалымдардың құрылымдық жағын тану да өзектілігімен ерекшеленеді. Өйткені, мағына мен форманың тұтасуына қандай факторлар әсер етеді, не түрткі, негіз болады деген мәселелерді шешу бүгінгі лингвистиканың басты міндеттерінің бірінен саналады. Осымен байланысты тілдің сөзжасам жүйесінде орын алатын лексикалық күрделі жасалымдардың қалыптасу процесін тілдің ішкі мүмкіндігінің жүзеге асуы тұрғысынан қарастыру мазмұн мен тұрпаттың өзара арақатынасын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Туынды сөз ( құрылымы күрделі атау) – сөзжасамдық жүйенің кешенді бірліктерінен тұратын, көнеден келе жатқан түрлерінің бірі.
Заттың күрделі атауы – тілде туынды лексема ретінде қалыптасқан сөздер. Дәлірек айтқанда, лексикалық күрделі атауларды қалыптастыру дегеніміз – тілдік қордағы бар байырғы сөздерді, сөзжасамдық құралдарды қолдану, пайдалану, сол арқылы жаңа атау жасау. Заттың күрделі атаулары бүкіл тілдік деңгейлердің: зат => таным => ұғым => мазмұн => мағына => белгі => таңба => сөзжасамдық заңдылықтар т.б. жиынтығынан тоғысып, бір-бірімен байланыста түзілетін лексикалық бірліктер. Сөзжасам негізінде жасалған күрделі атауларды даяр тілдік бірліктер десек, олардың ішкі мағыналық құрылымы – жаңа күрделі аталымдардың табиғатын айқындауға жол сілтейтін, шешуге мүмкіндік жасайтын негіз. Ол күрделі атаудың мағынасын қалыптастырудағы негізгі құрал.
Демек, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздердің өзінде семантикалық аспект көрініс табады. Бірақ мұндай ерекшелік барлық аналитизм арқылы пайда болған сөздерге тән емес. Егер екі сөз тең дәрежеде байланысса, онда таза аналитикалық тәсіл (берілген анықтамалардан шығатын болсақ) деп айтуға болады. Мысалы, қыстыгүні, күздігүні, биыл, бүгін, тоқсан, сексен, әрбір, әркім т.б. Ал саңырауқұлақ, итмұрын, кәріқыз, балабақша, тараққұйрық, егеуқұйрық т.б. көптеген аналитикалық құрылымды туынды біріккен тұлғалы сөздерге тек сыртқы ғана емес, ішкі де (семантикалық) бірігу, тән екендігін жоққа шығара алмаймыз. Бұндағы біріккен сөздің жаңа лексикалық мағынасы компоненттер мағынасынан туындамаған.
Қазіргі қазақ тіліндегі аталым тәсілі ретінде метафора белсенді қызмет атқарады. Метафора ұқсастық негізінде жасалған сөздің ауыспалы мағынасы ғана емес, ол – тілде өзімен бірге күрделі құбылысты ала жүретін құбылыс. Болмыстың жаңа обьектісін дайын тілдік бірліктер екінші рет қайта қолданысқа түседі, бұл қайта тілдік айналымда сөздің ішкі мағыналық құрылымы мен лексикалық мағынасы арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Тепе-теңдіктің бұзылуы дегеніміз – жаңа мағынаның бастапқы кіндік мағынадан мағыналық алшақтағаны. Бастапқы кіндік мағынадан алшақтаған сайын мағынаның күңгірттенуі, ауысуы, жасырын күйге түсуі келесі жаңа мағынаның дамуына негіз болады. Жаңа мағына негізінде жаңа ұғым жатыр, бұл ұғымдар атаушы адамға, өзге адамдарға түснікті болуы үшін тілдің сөздік қорында бар сөздерді пайдаланып атаған. Метафора ұғымға атау ғана бермейді, сол ұғымды анықтап, табуға көмектеседі. Бұл бір жаңа ұғымды түсініп, тез қабылдау үшін болса, екіншіден – тілдік үнемділіктің нәтижесі. Ұғымның атау болып қалыптасуына себепші уәж таңдалынып алынады. Осыдан келіп, бұл жерде адамның ғаламды танып, тілдік бейнесін жасауға қатысын көреміз. Жаңа атаулардың жасалуына оның ерекшке белгілері таңдалынып, бейнелеу, бағалау, ұқсату, суреттеу секілді тәсілдерді қолдану барысында қазіргі мағыналары ауыс, басқа ұғымға ие болған метафоралық жасалымдар пайда болады.
Метафора – дүниені, болмысты танудың көзі. Оның поэтикалық және тілдік деп аталатын екі түрі бар. Метафора ұқсату заңдылығына негізделеді. Ұқсату философиялық тұрғыдан заттардың, құбылыстардың немесе процестердің бір қасиетіне қарай ұқсастығын тану әрекеті ретінде танылады. Метафорада ұқсастық тілдік бірліктердің тілден тыс сипатына байланысты. Аталымдардың қоршаған әлем заттары мен құбылыстары арасындағы әр түрлі ұқсастықтарды тануда, оны тілде белгілеуде адамның бай тәжірибелік қоры ескеріледі. Ұқсастықтар шынайы болмыс нысандарын тануда, оларды таңбалауда және ұғымдарды қалыптастыруда көмекке келеді. Итмұрын, қылышбалық, айнакөз (балық) сияқты біріккен сөздерден нысандардың сырт пішіні белгілі бір заттар мен құбылыстардың қасиеттерімен, белгілерімен салыстыру барысындағы танылған ұқсастық атауға белгі болып жатса, жанашыр, қантөгіс, баскесер сияқты атауларда іштегі мағыналық құрылымға еніп тұрған ұғымдардың метафоралылығы ассоциациялы таңдалған. Жан ашу, қан төгу, бас кесу белгілері ассоциациялы түрде өзге бір ұғым, түсініктерге жетелеп, сөзжасамдық тәсілдер арқылы атау дәрежесіне жеткен. Бұл жрде ұқсастық ұғымдардың бір-біріне қатыстылығынан туындаған. Жанашыр (қамқоршы) жан ашу (есіркеу), қантөгіс (соғыс) қан төгу (қырып-жою), баскесер (кісі өлтіруші) бас кесу (өлтіру) ұғымдарға қатысынан аталымға жеткен. Тіл бірліктеіне негіз болған қимыл әрекеттің таңдалынуы олардың қалыпты жағдаят ретінде үнемі қайталанып отыруында.
Метафораның тәсіл ретіндегі басты мақсаты заттар мен құбылыстарға атау беру болғандықтан, олардың жасалуында ұқсастық сезім мүшелері механизмінің (адамның көру, есту, иіскеу, ұстау т.б. қабілеттері) көмегімен жүзеге асады. Ұқсастықтар көзге көрінетін белгілерге ғана негізделмейді, сонымен қатар түйсікпен танылатын адамның жоғары ассоциациялық ойлауында жүзеге асатын салыстырулар негізінде де танылады. Аталым бірлігінің тундауы адам танымы, психологиялық процестер мен ұлттық дүниені тану әрекетінің нәтижелі көрінісі болғандықтан, кез келген метафоралану арқылы жасалған атауға бейнелілік тән. Аталым метафоралылығында заттар мен құбылыстар ұқсастығы бейнелілік тудырады. Бейнелілік – метафораға тән басты қасиет. Бір категорияның өз шіндегі ұқсастық бейнелілік тудырмайды, яғни метафора әр түрлі категориядағы нысандардың ұқсастығынан туындайды. Мысалы, өсімдікті аттың құлағына ұқсатудан атқұлақ, құралды кемпірдің аузына ұқсатудан кемпірауыз аталымдары туындаған.
Қазақ тіліндегі күрделі сөздердің жасалуындағы метафоралардың қызметіне қарай Б.Қасым мынадай классификацияны ұсынады:
Атауыштық метафоралар. Бұнда күрделі сөздерді жасауда ұқсату, салыстыру, құбылыстың түрлі белгілері қолданылады
(ботакөз, бөріқарақат, бізқұйрық, егеуқұйрық, бізтұмсық, жұлынқұрт т.б.)
Танымдық метафора (ғаламшар, бойтұмар, беташар, тұсаукесер, атамекен, атажұрт, қарашаңырақ, көкжал т.б.)
Экспрессивті-бағалауыштық метафора (жексұрын, оқжылан, жолбике, көртышқан) [5, 260].
Тілдік метафора зат пен құбылысқа берілген атау өзінің негізін бастау тегінен (референтінен) үзбесе ғана пайда болады. Сонымен, ұғымдық, мағыналық абстракцияларың негізінде метафора жатады.Ал олардың тілдегі қызметі затқа, құбылысқа, адамға сипаттама беруден басталса, нәтижесі сол құбылыс, я заттың атауымен аяқталады. Қазақ тіліндегі мағынасы дерексіз термин, атауыш сөздердің біріккен түрі, негізінен, метафора арқылы жасалған.
Міне, осыдан келіп метафораның тілдік табиғатын, атауыштық қызметін зерттеу басталады. Сөйтіп, метафора атауыш сөздер қорын толтыратын кейінгі атау болып қалыптасады. Мұның өзі мағына өзгеруінің логикалық түріне жатады. Метафора пайда болғанда сөздің архисемасы көмескіленеді немесе ауыстырылады да, керісінше дифференциалды сема доминанттық сипат алып, ол жаңа атауға негіз болады.
Қазақ тіліндегі мағынасы дерексіз термин атауыш сөздердің біріккен түрі, негізінен метафора арқылы жасалған, Бұған аналитикалық құрылымды семантикалық тәсіл көмекке келеді. Себебі, бұл сөздердің жасалуында сыртқы формасына қарай – аналитикалық тәсіл десек, ал мағыналық бірігуге негіз болған – метафора екенін байқай аламыз. Бұл қатар ақсақал, ақсүйек, бойкүйез, бақталас, дүниеқоңыз, ақкөңіл сияқты атаулардан тұрады. Олардың алғашқы көрінісі фразеологизмдерден бастау алады. Сөйтіп, айналада пайда болып жатқан заттар мен құбылыстар тілдік таңбаны тек сөз тұлғасында ғана емес, сипаттама-бағалауыштық қызметтегі фразалық тіркестер тұлғасынан да алады.
Қазақ тілінде аналитикалық құрылымды семантикалық тәсілге негізделіп метафоралану арқылы жасалған туынды біріккен тұлғалы сөздерге мынадай мысалдар келтіруге болады: балмұздақ, балтатұмсық, жылантамыр, ақсақал, ақсүйек, бойкүйез, қарғыбау, жанкүйер, балабақша, қолтаңба, бойтұмар, беташар, тұсаукесер, атамекен, атажұрт, қарашаңырақ, көкжал, жолбике, көртышқан, итмұрын, атқұлақ, кемпірауыз т.б.
Әдебиеттер тізімі:
1. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы: Ғылым, 2002. — 192 бет.
2. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. — Алматы: Рауан, 1998. — 382 бет.
3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1974-1986.
4. Жәркешова Г. Біріккен сөз бен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі. — Алматы: 1960. – 126 бет.
5. Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негізі. Фил. ғыл. докт. дис.. — Алматы: 2002 – 313 бет.
6. Зайсанбаева Г. Метафоралы аталымдардың когнитивті аспектісі. Фил., пед. ғыл. докт. дис. (автореферат) — Алматы: 2004 – 25 бет.