КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІН ТИІМДІ ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ

КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІН ТИІМДІ ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ

Искакова Г.Ж., Букаева А.А.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
G.Ristina@mail.ru

Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Соңғы жылдары әдіскер-ғалымдар қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен қатар, студенттердің кәсіптік мамандығын ескере отырып игертудің тиімді жақтарын қарастыруда.
Тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары:
• студенттер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;
• кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;
• қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;
• күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты іс қағаздарды жазуды үйренеді;
• болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.[1:36]
Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Ш.Құрманбайұлы, М.Мамаева, А.Сыбанбаеваның “Қазақ тілі” болашақ заңгерлердің кәсіби тілін қалыптастыруда олардың келешек қызметінде қолданатын сөздер мен сөз тіркестерін, заң терминдерін меңгерту басты мақсат етілген алғашқы мамандыққа арналған оқулық.Сондай-ақ, Г.Ә.Мұратованың заң, құқық қорғау салалары мамандарына арналған Қазақ тілі оқу құралы белгілі бір дәрежеде мамандыққа сәйкес кәсіби лексиканы игертіп, қазақ тілін сөйлеу құралы ретінде меңгертуге арналған құралдардың бірі. Көркем шығармалар мен ғылыми еңбектер бойынша іріктеліп алынған мәтіндер және оларға қатысты құрастырылған әр түрлі тапсырмалар жүйесі модульдік технологияға сәйкестендірілген. Сонымен қатар студенттердің өзіндік жұмысы түсіндірме, фразеологиялық, аударма сөздіктер арқылы іске асады. Шағын хабарлама жасау, жоспар құру, белгілі бір тақырыпқа шығарма, баяндама, тезис, реферат, конспект жазу тапсырмалары болашақ мамандардың жазбаша тілін дамытуда, өз ойын, пікірін жеткізуде басты орын алады. Студенттердің өз бетімен ізденіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруі кітап соңындағы заң терминдерінің қазақшаорысша қысқаша сөздігі арқылы жүзеге асады.
Кәсіби бағытта тілді меңгертуге арнайы бағдарламалар жазылмаса да жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгертуге бағытталған типтік бағдарлама негізінде оқытылып жүр.
Кәсіби қазақ тілі пәнін заңгер мамандығының студенттеріне оқытарда ғылыми стильден бастап, қолданбалы лингвистикалық арнайы мәтіндермен жұмыс түрлерін меңгерту, қазақ тілінің грамматикасын дұрыс пайдалана білу жұмыстары жүргізіледі.
Заңгер мамандығы тек қана заңдарды білумен шектелмейді. Кез келген заңгер құжаттармен жұмыс істей білуі, яғни сауатты жазып қана қоймай, кеңес бергенде, түсіндіргенде, ұсыныс айтқанда ауызша кәсіби тілді қолдана білуі тиіс.
Шешендік сөз арқылы жарыссөзде, сотта шындыққа жету мүмкіндігі ғасырлар қойнауынан жеткен билер шығармашылығынан көрінсе, әсер ету тілі арқылы нақты шешімге қол жеткізу мүмкіндігі дәлел, айғақ, жауапкершілікті сезінуде эмоциялық құралдың қатарына да тіл жататынынын айқын дәлелі болады. Заң терминологиясында жарыспалылыққа жол беруге болмайды. Заң тілі әр нәрсені өз атымен атағанды қалайды. Заңгер, төреші, қазылық айтушы «ақты – ақ, қараны – қара деп» айтуға тиіс. Ол үшін заң терминологиясына дәлдік, бірізділік керек. Ғылымның барлық саласы тілдің нақты, дәл, ұғыныңқы болғанын қалайды. Арнаулы саланың қай-қайсысына да жобалап, астарлап, мақалдап немесе бейнелеп айту тән емес. Құқықтық норманы бұрмаламай, дәл жеткізіп, құқықтану саласындағы кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін заң тілі де нормаланған, терминологиясы мен оралымдары орныққан, жүйеленген арнаулы тіл болуы керек. Ал, заңгерлер мен құқықтанушылар сол кәсіби тілді жетік меңгеруі қажет.
Заң мәтіндері, оның ішінде, қылмыстық кодекс мәтіндері ойды беру тұрғысынан суық қабылданатын ерекшеліктерге толы келеді.Заң мәтіндері жекелеген салаларға қатысты құқықтар мен ерекшеліктерді анықтап берумен шектеледі. Жеке сала мәтіндермен салыстырғанда қылмыстық құқық кодексінде тікелей барлық қылмыс түрлерін қамти отырып, сол қылмыс түрлері жасалған жағдайда соларға қатысты қарым-қатынасты реттеп беретін болғандықтан, қылмыстық кодекс мәтіндерінің тілі барынша суық үдерісте жазылып, тыңдаушы немесе оқушы тарапынан да сол бағытта қабылданады.
Қамау, оқшаулау, мәжбүрлеу, кісі өлтіру, өзін-өзі өлтіру, өзіне-өзі қол салу, әскери қызметтен жалтару, ұрып-соғу, психикалық зардап шегу, зорлау, науқасқа көмек көрсетпеу т.б. сияқты сөздер мен сөз тіркестері халық арасында суық қабылданады.
Мамандыққа сай қазақ тілін меңгертуде студенттердің сөз байлығын молайту төмендегі жұмыс түрлері арқылы жүргізіледі: а) сөздік жұмысын жүргізу; ә) мәтіндерді оқу арқылы тіл ұстарту; б) көрнекі құралдарды, үлестірмелі карточкаларды пайдалану арқылы тіл ұстарту.
Студенттердің сөздік қорын байытып, тілін ұстартуда шешуші рөл атқаратын жұмыстардың бірі — сөздік жұмысы. Сөздік жұмысы арқылы тыңдаушының мамандыққа байланысты тіл байлығын молайтумен қатар, дұрыс жазуға да дағдыландыра аламыз. Студенттерге үйрететін жаңа сөздің мағынасын келесі жолдармен меңгертуге болады: 1) сөздердің мағынасын антоним сөздер арқылы түсіндіру; 2) Синоним, омоним сөздердің мағыналық айырмашылықтарын сөйлем ішінде келтіріп, түсіндіру.
Студенттердің сөз байлығын молайту дегеніміз — сөздердің лексикалық тұлғасының тізімін жалаң түрде үйрету емес, әрбір үйренген сөзінің студент сөйлем ішінде, сөйлесуге динамикалық қолданылу әр сабақтың 2-тақырыпшасы етіп берілген грамматикалық материалдағы ережелерді, анықтамаларды жаттап талдау үшін емес, сөйлеудің құралы ретінде ғана беріліп отырады. Оқытушы студентке сөздердің бір-бірімен байланысу жолдарын грамматикалық талдау арқылы түсіндіріп отыру
қажет. [2, 213-218]
Заңгер мамандығына арналған «Қылмыстың сипаты» атты практикалық сабақтың бір үлгісіне тоқталатын болсақ:
І. Сөздікпен жұмыс және жаңа сөздермен сөз тіркестерін,сөз тіркестерінен сөйлем құрастыру жұмыстары жүргізіледі.
Үлгі:
Тірек сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтаңыз:
Қылмыс сипаты – характеристика преступления сыныптау – классификация қауіптілік дәрежесі – степень опасности
онша ауыр емес қылмыс не очень тяжкое преступление ауырлығы орташа қылмыс – преступление средней тяжести аса ауыр қылмыс – особо тяжкое преступление жіктеледі – делиться

а) Берілген сөз тіркестерімен сөйлем құраңыз. Дәрежесіне қарай қасақана жасалған қасақана жасалған әрекет бас бостандығынан айыру бас бостандығынан айырудан аспайтын бас бостандығынан айыру көзделсе
бас бостандығынан айыру түрінде

ІІ. Мәтінмен жұмыс түрлері жүргізіледі: мәтінді дауыстап оқу, мәтіннен тірек сөздерді жазып алу, тірек сөздер арқылы сөйлемдер құрастыру, мәтін бойынша пікір алысу, мәтіндегі айтылған ойға қарсы пікір айту немесе айтылған пікірді қолдау,берілген мәліметке толықтыру енгізу және т.б.
Үлгі: Мәтінді оқып шығып, қысқаша мазмұндаңыз.
Қылмыстарды сыныптау. ҚК 10-бабында көрсетілгендей, қылмыс сипаты мен қауіптілік дәрежесіне қарай төрт сипатқа (категорияға): онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстарға жіктеледі. «Жасағаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыс деп танылады».
Ал егер қасақана жасалған әрекет үшін бес жылдан аспайтын мерзімге, абайсызда жасалған әрекет үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру көзделсе, ол – ауырлығы орташа қылмыс деп танылады.
Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза – он екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын жаза кесілетін қасақана жасалған әрекет — ауыр қылмыс деп танылады.
Жасалғаны үшін осы Кодексте он екі жылдан астам мерзімге бас юостандығынан айыру түріндегі жаза немесе өлім жазасы көзделген қасақана жасалған әрекет аса ауыр қылмыс деп танылады. (ҚК 10-бап)
Байқағанымыздай, қылмыстық заң қылмыс санаттарын жаза түріне соның ішінде бас бостандығынан айыруға байланысты ажыратады екен.

Қылмыс санаттары Қасақана жасалаған қылмыс Абайсызда жасалған қылмыс
Онша ауыр емес қылмыс Екі жылдан аспайтын
мерзімге бес жылдан аспайтын мерзімге
Ауырлығы орташа қылмыс Бес жылдан аспайтын
мерзімге Бес жылдан астам
мерзімге
Ауыр қылмыс Он екі жылдан аспайтын мерзімге
Аса ауыр қылмыс Он екі жылдан астам мерзімге немесе өлім жазасына

ІІІ. Лексико-грамматикалық тапсырмалар беріледі. Кәсіби тілді мамандыққа сәйкес қатынас құралы ретінде үйретуде берілетін тапсырманың қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға қарай сатылай өсуі арқылы жүргізілетін жұмыстардың жүйелілігі мен жалғастығы, алған білімдерін тәжірибеде пайдалана алу сияқты ұстанымдар басшылыққа алынуы керек.
Үлгі:
а) 1,2 – абзацтағы күрделі сөйлемдерді жай сөйлемге айналдырыңыз.

ә) Мәтіннен мына сөздердің қарама-қарсы мағынасын табыңыз. аса ауыр — қасақана жасалған – ең жеңіл жаза – жеңіл қылмыс – бас бостандығын беру –
б) Сөйлемді аяқтап, қылмыс сипатын көрсетіңіз.
Ең ауыр жаза он екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана ………. . Он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза ….
в) Сын есімнің шырай категориясын еске түсірейік:
Жай шырай суық
Күшейткіш шырай сұп-суық
Салыстырмалы шырай суықтау, суығырақ
Асырмалы шырай тым суық, өте суық, аса суық

г) Болжалды сан есім жасалуын еске түсіріңіз.
Он шақты, онға жуық, оннан аса, оннан астам, жүз шақты, жүз шамалы, жүзге таяу, жүзге жуық, жүздей.

ғ)Қылмыстың зардабы» дегенді қалай түсінесіз. Пікіріңізді білдіріңіз. Мына үлгілерді пайдаланыңыз.
Менің байқанымдай, менің ойымша, белгілі болғанындай, … деп ойлаймын.

д) Мақал-мәтелдерді есте сақтаңыз.
1. Ұры ұрлығын қойса да, ұры аты қалмайды. 2. Жақсылық таудың басында, жамандық табан астында.
3. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан.
4. Жамандық айтып келмейді.
Кәсіби бағытта берілген мәтіндер міндетті түрде тапсырмалар арқылы бекітіледі. Ол тапсырмалар мәтіннің мазмұнын ашуға, мәтіндегі ақпаратты шығармашылық ізденістер мен толықтыруға, мәтіндегі деректерді адамдармен тілдескенде қолдана білуге арналған болуы тиіс.
Қорыта келе, мамандыққа байланысты мәтіндер арқылы студенттердің келешек мамандығы бойынша өте қажетті, пайдалы мағлұмат берілетін болғандықтан, студенттер өз мамандығына байланысты мәтіндерді қызыға оқиды. Мамандыққа байланысты мәтіндер студент білімін толықтырып қана қоймайды, ғылыми тілін дамытады.

Пайдаланылған әдебиет:

1. Ф.Оразбекова Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. Алматы, 2005 ж.

2. С.М. Иманқұлова Білім беру жүйесіндегі тілді меңгерту әдістерін саралау. «Қазақ тіл білімі:лингвистикалық парадигмалар және лингводидактика» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. – Алматы, 2014.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *