ЕСТАЙ МЫРЗАХМЕТОВТІҢ «МЕДЕТ» РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

ЕСТАЙ МЫРЗАХМЕТОВТІҢ «МЕДЕТ» РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

Махыметова Ж.А.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
zhadyra.1984@mail.ru

ХХ ғасырдың 60-70 жылдар басында алмасқан қоғамдық құрылыстар жіктеген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол заманның шындығын әдебиет әлеміне үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Естай Мырзахметов. Оның шығармашылығының ең бір биік мәселесі – прозадағы шоқтығы биік жанр – роман жазуы. Қазақ әдебиетінде өзіндік ерекше талантымен із қалдырған, проза жанрының дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерлер шоғырында ерекше орын алатын жазушының бірі — Естай Мырзахметов. Өз туындыларында адам мен қоғам, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қасіреттің бітіспес майданында ғұмыр кешіп жүрген кейіпкерлерінің тұлғасын сомдай отырып, оқырман алдында мәні терең сауалдар қояды.
Е.Мырзахметов шығармасының өмірді қамтуы, келелі мәселені қозғауы үнемі үздіксіз дамып, өсіп, тереңдеп отырады. Сондай-ақ олардың ішкі жан дүниесінің құбылысы, ымырасыз тартыс, өмір қайшылығын көрсетуде тереңдей түседі. Мысалы, «Сынық шаңғы», «Туған күн», «Қуғын», «Дәрігер жүрегі», «Аға ғибраты», «Менің інім», «Қасірет», «Адасқан», «Қараша қаздар», «Мұхамет пен Құраш», «Достарым» атты әңгімелерінде көркемдік тәсіл, диалог, тартыс, табиғат суреті кең қамтылып ерекше көп мағынаға ие болатыны байқалады.
Жазушының өмірін оқи отырып, оның жігерлігіне, рухының биіктігі мен адамгершілігіне сүйсінесің. Халқым деп соққан жүректің лүпіліне бас игендей боласың. Маңдайына жазған ғұмырында артына мол мұра қалдырған – дара тұлға.
Суреткердің арнасынан асқақтамай, қысқа да жинақы жазылған әңгіме, повестерінде адам өмірі, табиғи тазалық, адамгершілік, қазақы мінез, қоғамдық өзгерістер шынайы суреттелген [3: 122].
Естай Мырзахметов творчесвосындағы елеулі де көлемді шығарма «Медет» романы. Бұл туындысы арқылы автор кең тынысты, ауқымды дүние жазуға икемділігін танытты.
Ең басты кейіпкерлер – Медет пен Айнұр арасындағы шексіз махаббат, нәзік сезім әдемі суреттелген және сезімнің кездейсоқ, ойламаған жерден емес, саналы ойдың таразысынан туған, ақылпарасаттың қалауынан таралған сезім екенін аңғарасыз. Осы шығармадағы кейіпкерлердің мінездерін автор жақсы қиылыстырып, табиғи құбылыстарын ашады. Асыл сияқты анасының, Зейнеп тәрізді қарындасының, сондай-ақ заводтағы әріптестерінің жағымды бейнелері мен екінші топтағы Құлжабай тәрізді жігіт сымақтарының ұсқындары бейнеленеді.
«Медет» романы адамгершілікті, ерлікті қалтқысыз достық пен шынайы махаббатты жырлаған шығарма. Бұл романның басты тақырыбы екі жастың арасындағы шексіз махаббат, бір-біріне деген сүйіспеншілігі және де өмірдің талай тауқыметін бастан кешіріп, қиындылықты жеңе білетін бір топ қазақ жастары.
«Медет» романы өзіндік даралығымен, терең ойымен, айшықты көркем тілімен ерекшеленеді. Туынды оқырманды жандандырып, жүректі жетегіне ерткізіп, сезім тұңғиығына тартады. Айдай Айнұрдың зұлым Құлжабайдың арбауына түскеніне күйінесің, Ерденнің пасықтығынан жиіркеніп, Жұмат, Ақтан, Қамқаштай асыл достарының игі ісіне сүйсінесің. Замана шындығын толғаған шығарманы бас алмай оқып, кейіпкерлердің сырларына қаныққан сайын құныға түсесің. «Медет» — қазақ жастарының өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын лирикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің елеулі шығармасы деп білеміз. Медетті жазушы озық идеялы жаңа қаһарман етеді. Кезінде қалың оқырмандар қауымының қолдан түсірмей оқитын сүйікті туындыға айналып, ұл-қыздарымызға халқымыздың табиғатына тән Медет, Айнұр есімдерін берген осынау роман бүгінгі ұрпақты асқақ адамгершілік пен айнымас жан жолдастық сезімге, дақ шалмас таза махаббат пен өмірге өршіл құштарлық рухына тәрбиелейді.
Жазушы Естай Мырзахметов қоғамда бірен-саран болса да әлі күнге дейін жойылмай келе жатқан жексұрындардың бейнесін жасауға шебер. Сондай-ақ совет азаматтарына тән зор адамгершілік, қайырымдылық, шын жолдастық, жан ашырлық қасиеттерді суреттеуге шебер. Оған сөз етіп отырған туындысы, яғни «Медет» романы дәлел.
Естай Мырзахметовтің «Медет» романының шеберлігі өз алдына күрделі әлем. Мұның сыры алуан астарлы тың мағына беретін адам жанының терең суреттелуінің, ұшқыр ойының мол болуында.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдары роман сияқты әртүрлі үлкен жанрлар қазақ әдебиетінде туып жатты. Сол кездегі романдардың мазмұны жағынан ұқсастықтары әрине бар. Мысалы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы. Кейіпкерлердің бейнелерін, мінезқұлықтарын беруде ерекше шеберліктерінің ұқсастықтары бар. Автордың Меңтай мен Ерболы қазақ прозасындағы қайталанбас бейнелердің бірі. Шығарманың образдары мен сюжеттері оқыған адамға ерекше әсер қалдырады.
Автор тек Медеті, Айнұрды ғана емес, кез келген кейіпкерді табиғатпен байланыстыра суреттейді. Олардың портреттерін шеберлікпен сипаттап, іс-қимылдары, сөйлеген сөздері арқылы «жағымды», «жағымсыз» екенін бірден аңғартады. Автор қарапайым қазақ жастарының өмірдің бар қиыншылықтарынан өткізіп, ХХ ғасыр басындағы романдардағы сияқты сүйікті жарына қостыртып немесе өлтіртпейді, оны қоғаммен өзгертіп, түрлендіріп роман соңында өзіндік пікірі бар, қоғамда алар орны бар адамдар қатарына айналдырады.
Жазушы табиғат көрінісін жалаң суреттемей, кейіпкердің ішкі көңілкүйімен, толғанысымен байланыста суреттейді, табиғаттың да Айнұрмен бірге күйзелгенін бейнелейді. Өзінің оған деген авторлық көзқарасын, жанашырлығын білдіріп отырады.
Романда Айнұр ақылды, сұлу, инабатты, айдай толысып өсіп келе жатқан бұрымды қазақ қызы болып суреттеледі. Сондай-ақ жазушы портрет арқылы кейіпкерлердің сан қырлы мінезін аша түседі. Кейіпкер портретін Е.Мырзахметов өз суреттеуі бойынша ғана беріп қоймай, аңғаруы арқылы да беріп отырады. Жазушы романда қазақ жастарының сол кездегі бейнесін көрсету үшін бірнеше кейіпкерлердің бейнесін жасайды. Олар бір көргенде-ақ портетімен, мінездерімен оқырман жүрегінен орын алады. Мысалы, Ақтан, Жұмат, Сағадат, Петька сияқты т.б. Сонымен қатар Мәржапия, Ерден, Құлжабай сияқты жағымсыз кейіпкерлер де романдағы бас кейіпкерлер Медет пен Айұрдың бейнесін толық ашуда әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарады.
Жазушы шығармадағы кейіпкерлердің даралық мінездерін көрсетуде ғажайып монологтарды, ойлы тартысқа құралған диалогтарды кеңінен қолданады. Кейіпкер сөзін даралау арқылы оның әлеуметтік және жекелік бейнесін ашады. Мысалы, Құлжабай, Мәржаия, Медет, Асыл, Айнұр т.б. диалогтарын алсақ, сөйлем мәнеріндегі ерекшеліктер айқын көрінеді. Медеттің жан күйзелісін кейде шуақты, кейде бұлтты, кейде жігерлі, кейде кйрек сезімдермен қайшыластырып беретіні секілді, оның жалпы тағдырын да бірде үмітті, бірде қайғылы қылып күрделендіреді. Сондықтан оқырманда оның өміріне деген қызығушылық туады. «Ары қарай… не болады?» деген сұрақтың жетегіне еріп романды тамсана оқиды.
Романның ырғақты, әсем тілі оқушыны қызықтырады. Қиялы қияда самғаған оқырман өзін-өзі ұмытып, толығымен оқиғаға ден қояды, оның шынайылығымен тамсанып, кейіпкерлермен бірге қынжылып, кейіпкерлермен бірге қуанады.
Бір халықтың әдебиеті басқа жұрттың көркем әдебиетінен, ең алдымен, өзінің образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл – троп (құбылту). Прозалық шығарма тілінің айырықша белгілері – оның көркемдігі мен бейнелілігі сөздің көркемдік, бейнелік сипаты қандай жолмен болсын, жаңа мағынаның үстелуі, яғни сөз мағынасының метафорлануы, теңеулер, эпитеттер сөзге образдылық сипат береді [2: 35]. Әсем суреттер тізбегінің өрнектілігі сондай, тілдің көркемдегіш құралынан аяқ алып жүргісіз. Ақын тілінің шұрайлылығы да, әсерлігі де осында. Автор ойдың ішкі мүмкіндігін жарқырата ашып, оның сәнін әрлендіру үшін теңеудің алуан түрін ұтымды пайдалана білген.
1. – дай, – дей жұрнағы арқылы. «Еңсесі биік, кең цех іші аю тиген араның ұясындай гүілдейді», «Қалың еріндері желді күнгі түндіктей бүлкілдей тулап, балпылдай жөнелгенде кей сөзін ұғып, кей сөзін ұқпай қаласын», «Медеттің гипстегі әр күні, құба қалмақ заманында сіріге тігіп қойған тұтқындай, қиын халмен баяу жылжып өтіп жатыр», «Қасқыр тартқан тоқтыдай қып, бөксеңді бөксеріп тастайын, тұяғыңнан ақсап қайда барар екенсің?».
2. – ша, – ше жұрнағы арқылы. «Анау-мынау жігітті қолына алмай тымақша ататын қарулы Құлжабай өзіне өзі сенімді-ақ болатын», «Айнұрды қоян алған бүркітше әп-сәтте ұмар-жұмарын шығарамын деп дәмеленген»
Шығармада адамның жан дүниесі мен іс-әрекеттері бірге өріліп, астасып жатады. Бұл ретте ғалым-зерттеуші С.Негимов шығармашылық өнердің бояулары туралы: «Көркемдіктің бастау бұлағы, қайнар көзі – суреткердің өмірдегі әдемілікті, сұлулықты көре білуі, шебер бейнелеуі, жеткізерлік қабілеті, қиялға байлығы» деген өте байыпты тұжырымы Естай Мырзахметов шығармаларының құндылығын дәлелдейді [5. 38].
Романның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, романда жаңа заман адамдары сипатталады. Қазақи мінезді де айқын байқалады. Асыл, Шәкен, Жұмат, Ақтан сияқты кең адамдар мен Құлжабай, Ерден, Мәржапия секілді надан адамдардың бейнесі арқылы Айнұр, Медеттің образдарын толық ашады. Екіншіден, әр адамның өмірі біліммен байланысты, тек көзі ашық адам ғана қалағанына жете алатындығы бейнеленген. Үшіншіден, автор роман соңында оқырманның көз алдында дамытып, жетілген дара тұлғаны көрсетеді. Медет пен Айнұрдың ішкі сезімдерін ашу үшін адамдарды пайдаланады.
Естай Мырзахметов шығармалары – жанрдың көркемдік талаптарына жауап бере алған, замана шындығын, әлеуметтік мәселелерді, өмірдің әр сәтінде кез болған оқиғалардың мәнін көркем тілде шебер өрнектеген туындылар болды. Естай Мырзахметов — ұлттық әдебиетіміздегі проза саласына елеулі еңбек сіңіріп, қазақ әдебиетін көркемдік деңгейі жоғары туындылармен байытуға үлес қосқан шығармашыл тұлға.
Жазушы көркем прозасына тән сипаттарға мазмұн тереңдігі мен байлығы, тіл өткірлігі, оқиғаны баяндау әдістері мен шеберлік ерекшеліктері, күнделікті өмірдегі қарапайым тіршіліктен үлкен мәнді мәселе туындататын тәсілдік ерекшеліктері, көркем шығармаларына өмірдің ақиқат тұстарын арқау ете отырып суреткерлік болмысын танытатын шеберлігі, қысқа жазу шеберлігі, афоризмге айналған ойтүйіндері, теңеу, метафора, тұспал-рәміздің шеберлікпен қолданылуы секілді ерекшеліктерді жатқызуға болады.
Жалпы, Е.Мырзахметұлы көркем шығармаларында дәуір тынысын, образ танымын бейнелеуі – өз мақсатына, шеберлігіне ғана емес, интелектілігіне, өмірді қаншалықты терең зерттеп білуіне де тікелей байланысты. Жазушы көркем шығармаларындағы өршіл азаматтық рухқа, публицистикалық асқақтыққа бару үшін, ең алдымен, шығарма шырайын арттыратын көркемдік шындықтың дәрежесіне көтеріле отырып, содан кейін ғана зерделі ойларын суреткерлік шеберлікпен көрсете білді. Өмір өзегінен тамыр тарту, уақыт кескіні мен замана келбетін бедерлі бейнелеу Естай Мырзахметовтің көркем шығармаларының табиғатына кіріккен, үйреншікті қасиет болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:
1. Е.Мырзахметов Медет (роман) Көкшетау: Полиграфия басп. 2007 ж. 2. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. Алматы. Ғылым, 1991 ж.
3. Ғ.Қабышұлы, Ж.Ерғалиев, З.Мырзахметова Ел жүрегіндегі Ес-аға (естеліктер жинағы). Көкшетау:Полиграфия басп. 2008 ж.
4. Ә.Кекілбаев. Өмір, талап, шығарма. 17-том.
5. C.Негимов. Өлең өрімі. 1980 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *