ЕРКЕШ ИБРАҺИМНЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІГІ

ЕРКЕШ ИБРАҺИМНЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІГІ

Магистрант Махыметова Ж.А., 4 курс студенттері Айтыбаева Н., Иманбаева Ә.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
zhadyra.1984@mail.ru

Елінің Еркеші, жұртының еркесі атанған, кешегі өткен Сәкен Сейфуллин, Жақан Сыздықов, Саттар Сейітхазин сынды ақындардың ізін жалғастырған, Көкшенің кербез ақындарының бірі Еркеш Ибраһим Ақмола облысының Балқашин ауданында 1930 жылдың 7 қарашасында дүние есігін ашыпты. Еркешті тағдыр маңдайынан сипап аялай қоймаған. Ата-анасынан сәби кезінде айрылып, Атбасардағы үй-күйі жоқ балаларды тәрбиелейтін мекемеде білім алып, ер жеткен. Тағдырдың жазуымен жасынан Ақмола жағына қоныс аударғаны болмаса, ақынның кейін өзі қимастықпен еске алғанындай, «Біздің ата қонысымыз — Арықбалық ауданындағы Ақан көлінің батыс беткейі» екен депті. Сондықтан болар бала Еркеш, журналист Еркеш, ақын Еркеш жер шоқтығы Көкше өңірін жанындай сүйіп өтті. Сонау 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтап, журналист мамандығын алған жас жігіт Көкшетауын аңсап, елге қайта оралады. Мансап қумады, атаққа құмартпады, егер табиғат ананың бойға берген таланты болса күндердің күнінде жарып шығарына сенді. Сөйтіп, осындағы облыстық газетке қызметке орналасады [1:23]. Еркеш студент кезіндегі өзінің тырнақалды өлеңдерінен-ақ жарқ етіп көрінген ақын. Басқаны айтпағанда студент Еркештің баспасөзде жарияланған «Қол шана» атты өлеңі сөз зергерлерінің, поэзия алыптарының назарына іліккен. Өлеңде ауылдың қарапайым көрінісі суреттеледі. Бала Еркеш шанадан аударылып қалады.Содан соң ол;
Шымыр қыстың аязды бiр кешiнде, Соңғы тепкен сырғанағым есiмде. Ауылдың дәл iргесiнде төбе бар, Жүрдiм ойнап сол төбенiң төсiнде, – деп бастаған автор:
«Содан бері мен сырғанақ теппедім, Шанамды да іле қуып жетпедім.
Балдан тәтті балалықтың базары Елемеппін сол шанада кеткенін»,- деп философиялық ой түйеді.
Қоғам қайраткері, әдебиет жанашыры, белгілі сыншы Ілияс Омаров осы өлеңді оқыған, әрі жиі еске алып отырған. Еркештің алғашқы осы өлеңінен-ақ оның қалам қарымын тани білген Ілияс Омаров: «Бас-аяғы төрт ауыз өлеңде сырғанақпен бірге кеткен, аударылып артта қалған балалық, алда күтіп тұрған күдік пен үміт ақынның эмоциялық ой ағысын аңғартып, философиялық терең мағынасымен уақыт пен өмірдің динамикалық ұшқыр қимылын айқындайды. Жазылуы қарапайым. Бірақ сұлу әсемдік жалған әшекейде емес, жалпы жұрттың жүрегіне жаратылыстық қалпында жететін бояусыз қарапайым шындықта», — дейді. Бұл университетті жаңа бітірген Еркешке берілген зор баға еді [2: 4].
Шын талант қайткенде де жарып шығады. Ауылда жүрген Еркеш өзін мойындата білді. Соның мысалында көкшелік ақынның жыр-кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты.
1966 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екi томдық «Қазақ совет поэзиясының антологиясына» атақты ғалым, филология ғылымының докторы М.Қаратаев «Жыр арнасы» деген тақырыппен үлкен алғысөз жазып, оның қазақ әдебиетi тарихында ана тiлiнде тұңғыш шығып отырған антология екенiн ерекше атап көрсеткен екен. Сол уақытта жыр сүйетiн бүкiл қазақ қауымының қолдан түспес сүйiктi дүниесiне айналған. Сондықтан бұл еңбекке ақынның ақыны деп бағаланған автордың ғана өлеңi кiргенi өзiнен өзi түсiнiктi болар. 1951 жылы тұңғыш өлеңi республикалық «Лениншiл жас» газетiнде жарқ ете түсiп, 1958 жылы «Қарлығаш» атты бiрiншi жинағы шыққан, одан кейiн 1960 жылы «Көкше суреттерi», 1961 жылы «Өмiр өлмейдi» деген жыр кiтаптары жеделдете жарық көрген көкшелiк ақын Еркеш (Ибраһим) Ебiкеновтің есiмi ел есінде. Аталмыш антологияға Еркеш Ибраһимнiң оннан астам таңдаулы өлеңдерi ақынның суретiмен және шағын аннотациямен берiлiптi. Оның жоғарыда айтып кеткен «Қолшана» деп аталатын қып-қысқа өлеңi сол екi томдыққа кiрген екен. Сондай-ақ «Көкшетау көріністері», «Жұлдызды жылдар», «Көктем күлкісі», «Махаббат теңізі», «Оқжетпес» жыр-жинақтары көпшіліктің сүйікті көркем дүниесіне айналды. Еркеш өлеңдерi асқақ әуен, сұлу жыр ретiнде көкiрегiмізде хатталатыны сондықтан болар.
Ебекенов Еркештің кітаптары елеусіз жатып қалмады, бірден өз оқырмандарына жол тапты. 1969 жылы Ирина Озерованың аудармасымен орыс тілінде «Звездные годы» жыр кітабы жарық көрді.
Ақындықпен қоса журналистиканы бірге игерген Ебекенов Еркеш өлкенің «Тың өлкесі», одан соң респубикалық газет «Социалистік Қазақстанның» Көкшетау облысындағы меншікті тілшсі болды. Е.Ебекенов журналистика саласында да мерейлі биікке көтерілді. 1972 жылы КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Кейін ол «Социолистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауысып, кеншілер ордасына жетпісінші жылдың ортасында көшіп барды.
Қазақстанның индустрия орталығына, өндірісі сол кезде дүрілдеп дамып жатқан өңірге келу, қайнаған қызу еңбек ақын шабытын тасыта түсті. Е.Ебекенов жарқ етіп жаңа қырынан көрінді. Себебі, алып индустрия орталығындағы қазандай қайнаған ерен еңбек ақынға қатты әсер етті. Ол жөнінде ақын былай дейді:.
«Осы екен ғой аңсаған өшпейтұғын ақ жалын, Неге ендеше Көкшетауда осылайша жанбадым. Жоқ, ақынға, шын ақынға керек емес көк орай, Оған да бір мартен керек өзі үшін көк жалын».
Жоқ, бұл ақынның туған жерін жатсынуы, болмаса кемсітуі емес, Қарағанды шахтерлері мен Теміртау болатшыларының қажырлы еңбегіне сүйсінуі, құдіретті еңбекті аспандата көтеруі болатын.
Негізі лирик ақын тек еңбекті ғана жыр етіп қоймайды. Оның өз Көкшесіне деген сағыныш оты жүрек түбінде маздап жататын. Сондықтан да болар ақын Қарқаралыны көргенде өзін Көкше баурайында жүргендей сезініп, еркін тыныстап сала береді. «Қарқаралы» атты өлеңінде:
« Аңсағаным саған қашан жетемін деп.
Тауыңа қашан тәжім етемін деп. Кеудемде кернеп жүрген құмарлықты, Бұрқырап қашан төгіп өтемін деп. Аңсағам түскен сайын сен есіме, Арман боп айналғансың елесіме.
Әніңді талай қабат шырқағанмын,
Көкшенің шығып алып төбесіне,- дей келе,
Қараймын бұлдыраған бұйра шыңға,
Бір сыр бар жанарыңның қиғашында,
Жатыр-ау Көкшетауға ұқсас болып,
Текшелеп тастарыңды жинасың да»,- деп осы екі сұлу өлкенің бірбірімен егіздігін, айнымас ұқсастығын жыр жолымен өрнектейді. Ақынның «Шайтанкөл», «Көсемтас», « Сарыадыр», «Ағады Нұра, ағады» және басқа да өлеңдерінде Арқа төсіндегі табиғаты ерекше, өзіндік орны бар өңірдің келбетін сүйсіне жырлайды.
Ақынның өндіріс тақырыбына жазған «Аңыз ата», «Оттың тууы», «Алау» атты поэмалары қазақ поэзиясына қосылған тың құбылыс болып танылды.
Расында да Ебекенов Еркештің 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Теміртау толғауы» атты жыр кітабындағы «Аңыз ата» эпикалық туындысы қазақ поэзиясындағы тың формада жазылған дүние еді.
Еңбекті жырға қосқан Еркеш ақын өзінің шығармашылық кемел шағында, 1986 жылы 56 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Жалпақ жұртына есімі Еркеш Ибраһим болып танылған Ебекенов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі. Еркештің жалынды жырлары елуінші жылдардың басынан бастап сексенінші жылдардың ортасына дейін республикалық газет-журналдар бетінен бір түскен жоқ. Қалың оқырманы ыстық ықыласпен қабылдаған он бестен аса жыр жинағы және оннан астап публицистикалық жинақтары жарық көрді.
Өлең дегенде кімнің құлағы елеңдемейді. Өлең – әдебиеттің көне саласы, бірақ жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы. Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі бар, өзіне лайық үні бар.
Ғажап жырларымен халықтың жүрегінен орын алған Еркеш Ибраһимнің (Ебекенов) өн бойынан өлең құйылып тұратын өзгеше дарын иесі болатын. Бірыңғай өлеңге берілген, өлеңмен өмір сүрген ақын күн сайын жыр жазбай отыра алмайтын еді. Бір күнде үш-төрт өлең жазатын, кейде тұтас толғау, дастандарды да бітіріп қоятын кездері де кездескенде екен. Жазғандарының көркемдігі де көпшіліктiң көңіл шуағына бөленгенін байқаймыз. Шынайы сезімге, ыстық махаббатқа, жастық жалынға толы ақын жырлары ерекше жылылық қуатымен елді елең еткізеді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы, алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келіп, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерген қуатты ақын Еркеш Ибраһим ширек ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында осы биігінен төмен түскен жоқ. Көпшіліктің көңіл төрінен орын алып, асыл қазынасына айналған жырларында әрбір жанның жүрек қылын шертер нәзік сезімдерін оятқан-ды. Оның өлеңдері әр көңілде әсем саз боп толқыды, ән боп шалқыды. Сазгерлеріміздің көптеген әндерінің мәтінін жазды. Атап айтар болсақ Еркеш ағамыздың сөзіне жазылған «Көкшетау» әнін вальстің королі атанған Шәмші Қалдаяқов шығарған еді. Ақындардың ішінде Көкшені ең көп жырлаған Еркеш Ибраһим. Еркеш ақын поэзия тұлпарын ерттеп мiнгеннен бастап құлашты кеңге сiлтедi, өзi сияқты жүйрiктермен үзеңгi қағыстыра отырып, әдебиет майданының алдыңғы легiнен табылды. Ғалым М.Қаратаев «соңғы он жыл iшiнде әдебиетiмiзге үш толқын жас ақындар ұрпағы келiп орнығыпты, – дей келiп, – солардың iшiнен көз тартар талантымен танылған көрнектiлерiн ғана айтсақ, алдыңғы толқында Iзтай Мәмбетовты, Ғафу Қайырбековты, Аманжол Шәмкеновты, Еркеш Ибраһимдi… атар едiк» – деп жазса, бiз сөз етіп отырға асыл ағамыз сол алдыңғы топтың көрнектi өкiлі болып табылады[3:
5].
Арқалы ақын Еркеш ағамыздың қаламынан талай тамаша өлең туындап, көлемi үлкен, татымы жоғары поэма, дастан сияқты кесек дүниелер де қалың оқырманға жол тартып жататын. Ең әуелi «гәккулетiп», әндетiп «Гәкку» дастаны келдi өмiрге. «Гәкку» деп аталған осы дастаннан басталған ақынның эпикалық кесек туындылары «Бiр келiншек», «Жас қазақ», «Өмiр өлмейдi», «Қызыл генералдар» атты поэмалар болып сап түзеді. Осылардың барлығында да негізгі айтатыны туған өлкесінің елі үшін жанын пида еткен тұлғалар еді. Өйткені ақын тегіне тартады. Ал оның бабасы елінің азаттығы үшін күрескен Кенесарының бас батыры, сарбазы болған қазақтың данагөй шежірешісі Мәшһүр Жүсіптің «Мес» кітабында суреттелетін Ақпанұлы Кенжебай болса, оның шөбересі Еркеш ақын да осал болмаса керек.
Кенжебай батырдың ерлігіне сүйсінген Кенесарының батыр інісі, ешкімге бас имеген Науан батыр (Наурызбай) өзінің басқаға ұстатпайтын ақ берен мылтығын сиға тартыпты. Көкше жерін ынтық жүрекпен сүйіп қорғаған бабасы сияқты Еркеш ақын да өзінің Көкшесін өмірінің ақырына дейін сүйіп өтті, жырлап өтті.
Көкшетауға кербезім деп жыр арнап:
…Кербезім, Көкшетауым, құдіреттім, Сыланған айна көлім, сүгіреттім.
Ерке шың, ерке гүлддім, ерке сырлым,
Сені кім сынай алар бірі көптің, — деп тебірене сыр шертеді.
Алайда бүгінде сексен бес жылдығы аталып жатқан ақынның атында бірде-бір көше аталмауы, бірде-бір елді-мекенде есімі берілмеуі қынжыларлық. Осыны ел ағалары, қаламы ұшқыр қаламгерлер, ақыл-ой иелері ескерсе екен деп осы жолдарды жаздық.

Әдебиеттер тізімі:
1.Ақиық ақын еді (естелік-эссе) – «Көкшетау правдасы», 1996. 15 тамыз.
2. Әлімқұлов Т. Берекештің белгісі – «Қазақ әдебиеті» 1966ж 3- июль 3. Бижанов М. Көкшенің ол бір деген арысы еді «Егемен Қазақстан» 2010. 23 қазан, 5б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *