ЕЛ ҚОРҒАУ ДАНАЛЫҒЫ НЕМЕСЕ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ
Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабек
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
М.Ғабдуллин музейінің директоры
Армысыздар ардақты әлеумет, құрметті қауым, Астана қаласындағы алаштың игі жақсылары!
Кешегі кемеңгер бабалардан бүгінгі ұрпаққа мирас болып қалған ұлан-байтақ жеріміз әлем картасына үңілген қай жұрттың өкілін де ойлантқандай. Қызғаныштан қимай қарайтындар да жоқ емес. Өзімізге салса «Бұрынғы жеріміз бұдан да көп еді» деуге жауабымыз әзір тұрады. Ондай жауапты айтқызбай қоймайтын көне тарихты жоққа шығара алмаймыз. Мұншалықты ұшы-қиырсыз шексіз шұрайлы кеңістік, қазыналы қоныс ежелден бергіде аса жауынгер халықтардың ғана еншісіне тиесілі болғандығы белгілі шындық. Сондықтан бағзыдан барын қорғай білген батырлық рух қазақ ұлтының басты қасиеттерінің бірі деуімізге толық негіз бар. Бұл жөнінде Мәлік Ғабдуллин 28 жасында «Батырлық біздің салтымыз. Біз бұрын да батыр болғанбыз әлі де сондаймыз» деп айтқан екен.
Біздің ұлтымыз ел қорғау жауапкершілігін даналық дәрежесіне жеткізген, халықтық идеологияға айналдырған бірден бір ұлт. Бала шағынан батырлар жырын жаттап өскен адам батыр болмауы мүмкін бе?! Бұған дәлел кеңестік қызыл тудың астында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің керемет ерліктері. Қолдан жасалған аштықтан, әділетсіз қуғын-сүргін, нәубеттен қаншалықты азап кешкен ұлттың балалары «Елді қорғау» деген ұранға сағы сынбастан, жігері жасымастан жарқылдап шығуы қанға біткен қасиет еді. Міне сол ұрпақтың өкілі Мәлік Ғабдуллин.
Мәлік Ғабдуллин ғылыми жолының бастауынан-ақ батырлар жыры тақырыбын зерттеуді таңдап алды. Сол ізденісті мақсатын жүзеге асыруда жырлардың тарихын зерделеп, табиғатына бойлау арқылы ерлік рухын сіңірді. Ол бір кезеңдерде ұлттық кодымызды жадымыздан мүлдем өшіріп тастау әрекеттері жасалып жатқандықтан, сезгеніңді түгел ашық айта беру мүмкін емес те болатын. Сондағы жігіттік жалау да, жастық жалын да жүрекке тұғырлап, Гитлер әскерімен болған қанды шайқастарда атойлап көрініс тапты. Оны «Эпостың тууы» атты очерктің авторы, орыстың белгілі қаламгері Борис Полевой да дәл басып танығанға ұқсайды.
Бүгінгі жиында Мәліктің өмірбаянын, ғалымдық қарымын да, адамгершілік, азаматтық қасиеттерін де жеріне жеткізе әңгімелеп беруші шешендердің болатындығына еш күмәнім болмағандықтан, біздің ол қалдырған жолды қалай жалғастырып, оның өнегесін қай деңгейде бойға сіңіруге әрекет жасап жатқандымызды қысқаша баяндап айтуды жөн деп ойладым.
Біз өз бағытын өзі айқындап, өз дізгінін өзі нық ұстаған елге айналғанымызға ширек ғасыр өтті. Біздің мемлекеттік мұратымыз — ұлттық болмысымызбен, халықтық қазынамызбен қуаттанған мәңгілік ел құру. Сол нысаналы бақытқа қол жеткізетін биік рухты, мемлекетшілдікті, отансүйгіштікті берікқалыптастыру үшін ұрпаққа үлгі етерлік тұлға іздесек қазаққа өнеге тұтарлық тарихи кемеңгерлер қазақтың өзінде толып жатыр. Соның бірі Мәлік Ғабдуллин. Ерлігі батырлық биігіне, білімі ғылымның шыңына шыққан адамның ұлтын, отанын, тілін, салт-дәстүрін сүюі, халқына қызмет жасауы кімге болса да зор ғибрат емес пе?!
Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейі оның соңында қалған мол мұраларын жинақтап қана қоймай, оның өсиетті ойларын орындауға ұйытқы боларлық іс-шаралармен айналысып жатыр. Оның батырлығы әскери-қорғаныс саласында, ғалымдығы мен педагогтығы білім-ғылым саласында, жазушылығы әдеби-шығармашылық орталарда, қайраткерлік қырлары ел басқару ісіндегі мамандарға, адамгершілік, азаматтық қасиеттері бүкіл бұқара қауымға үлгі етуге әбден лайық. Бұл орайда облыстық білім, облыстық спорт басқармаларымен, облыстық әскери департаментпен ынтымақтастық меморандумдар жасасып, көптеген жұмыстар атқарудамыз. Музей жанынан патриоттар қауымдастығы құрылды. Қаламызда тұрып жатқан беделі биік үлкендеріміз құрған Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі, Соғыс, еңбек, ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдары біздің музеймен өте тығыз байланыста жұмыс істейді. Қаладағы барлық мектептермен, олардағы ата-аналар кеңестерімен жасалған шарттардың негізінде жүйелі жұмыстарымыз күн тәртібіне қойылған. Бұл уақыттарыңызды босқа алу үшін беріліп жатқан жалған ақпарат емес. Өйткені мемлекетіміздің де, ұлтымыздың да болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Біздің жүргізіп жатқан жұмыстарымыздың нәтижесібірден байқалмаса да, жылдан жылға өз жемісін көрсете беретініне сеніміміз кәміл.
Музейде Қобыланды батыр жырын жатқа айтушылардың байқауы, Қобыланды батыр жырының сюжеті бойынша суретшілер байқауы дәстүрлі түрде биыл үшінші рет өтті. Бұл орайда Мәлік Ғабдуллиннің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты ұлығатты еңбегі негізге алынды. Батырлар жырын жатқа білген баланың тілі шешен, рухы биік болатынын, сурет байқауына өзге ұлттың балалары да қатысып, қазақтың қазынасына үңілетіндігін дәлелдеп жатудың өзі артық секілді. Сондай-ақ үш жыл қатарынан өткізілген «Мәлік Ғабдуллин құрмет жұлдызы» байқауына әр мектептің оныншы сыныбынан ең үздік деген ер баласы қатысып, табиғи ерекшеліктен, шешендіктен, спорттан, би өнерінен, білімнен, дүние танымнан сынға түсіп, жеңімпазы анықталып отырады. Озған оқушы 8 мамыр күні үлкен ақсақалдың батасын алып, Мәлік Ғабдуллин жұлдызын жағу құрметін иеленіп, суреті музейге ілініп, келесі жылға дейін дәріптеледі. Сыйақыға берілетін 100 мың теңге өз алдына. Бұл іс-шараның мақсаты елдің ұйытқысы болатын ұл балалардың тәрбиесіне Мәлік айтқандай көңіл бөліп, жалау ұстату. Тағы бір жобамыз қала мектептері арасында өткізілген «Мәртебелім Мектебім» атты көрме байқауы. Әр мектеп музейімізге өз көрмелерін әкеп қойып, сол мектептің құрылғаннан бергі тарихын, оқу-әдістемелік тұрғыдағы жетістіктерін, қандай ұлығатты ұстаздар сабақ бергенін және беріп жатқанын, кімдерді оқытып шығарғандығы туралы бір ай бойы дәріптеледі. Жобаның мақсаты қоғамдағы мектептердің мәртебесін, мұғалімдердің беделін көтеру.
Мұндай мазмұндағы іс-шараларымыз көптеп саналады.
Биылғы мерей той жылында Мәлік Ғабдуллинге байланысты не жасалды дейтінге келсек. Мәлік тойы 2015жылдың науырыз тойынан басталып кетті. Көкшетау қаласының орталығындағы музейдің қасына Мәліктің арғы атасы Қанай бидің ақбоз үйі тігіліп, Абылай ханның ақ туы көкке бойлады. Ол шараға Алматыдағы батырдың қызы Майдан апамыз өзінің күйеуі Алмазбекпен, Мәліктің інісі, көрнекті матиматик-ғалым МыңбайЫсқақовтың балалары Архимед пен Алма бастаған ұрпақтары арнайы келіп қатысты. Бұл тойға Қанай бабадан тараған алты ауылдың адамдары түгел атсалысып, Мәлік тойының басталғанын паш етті. Біздің ең үлкен қуанышымыз, мамыр айында қаламыздың ең ғажап, абатты төрінде Мәлік Ғабдуллин ескерткіші бой көтерді. Оның қалай сәтті шыққандығы туралы БАҚ құралдарында жарияланды. Дәл соған жете ескерткіш былтыр батыр туған аудан Зерендінің орталығында ашылған болатын.
Тамыз айында Құлагер атшабарында көкпардан республикалық чемпионат өтті. Мәлік Ғабдуллинге арналған осы доданы ұйымдастырған Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығына, оның басшысы Бекболат Тілеуханға және бас төреші Рамазан Сәттібайға дән ризашылығымызды білдіреміз.Сол күндері Зерендіде «Батыр туған құт мекен» атты мәденикөпшілік шараның аясында, еске алу кеші өтіп, туған ауылы Қойсалған, Желтау бауырайында ат шаптырылған, палуан күрескен, ас берілген жиын тойға ұласты. Мәлік Ғабдуллинге арналған шахмат турниріне де басшылық тарапынан ерекше көңіл бөлініп, жоғары деңгейде мәресіне жетті. Осындай жан-жақты ұйымдастырылған күрес,бокс, таэквондо турнирлері тағы бар. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрында «Батырлық жолы» атты спектакль 2 қазаннан бастап қойылып жатыр. Мәлік туралы жазылған бұл пъессаның авторы өзіммін. Бұл Ақмола облысы мәдениет басқармасы Мәлік Ғабдуллин музейі ұйытқы болған іс шаралар ғана. Әйтпесе Көкшетаудағы басқа салалар да бейтарап қалмай, Мәлікке қатысты бір талай істерді жүзеге асыруда.
Мәлік Ғабдуллинді халық көзі тірісінде де зор бағалады. Өмірден өткен соң да сағынышпен дәріптеді. Ақындар жырлап, ғалымдар мен жазушылар естелік эсселер жазды. Батыр музейі сонау 1943 жылдан бүгінгі күнге дейін Мәлікке арналған өлең-жырларды жинақтап, ,»Мәлік батыр» атты өлеңдер жинағын, «Ақын халықтың батыр ұлы» атты естелік мақалалар жинағын жеке-жеке кітап етіп шығарды. Артында қалған жазба мұраларынан іріктеп, он бір кітапқа топтап, өткен 2014 жылдың тамыз айында мәдениет және спорт министрлігі жанындағы сараптамалық кеңеске тапсырған болатынбыз. Баспамен де келісім жасалған. Өкінішке орай қаржылық себеп-салдарға байланысты бөгеліп жатыр. Ақшаға байланып, аяғы тұсалып жатқан кітаптардың әрқайсы 450 беттен кемі жоқ. Алдағы уақытта шешімін табар деп үміттенеміз. Елдің руханиятына еңбек сіңіргендерге марапат жасау үшін Мәлік Ғабдуллин медалінің үлгісін де жасап, тапсырыс бергенбіз ол да сәтін күтуде.
Алдағы 25ші қараша күні Көкшетауда «Мәлік Ғабдуллин феноменін зерттеу және зерделеу мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оны Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесе ұйымдастырыпжатырмыз.
Құрметті қауым, Мәлік Ғабдуллин жолы жалғаса береді. Ол жол елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кемелденген Қазақстанның ұлы көшін бағыттап отырған «Мәңгілік елге» апаратын сара жолға өріле қосыла алатын, қазақ баласына кешегі қазақ данасынан қалған қазақ даласының, қасиетті қара жолы іспетті.
Ықылас қойып тыңдағандарыңызға рахмет.