1Қазақ ұлттық қыздар пеагогикалық университетінің докторанты, Алматы қ. e-mail:
karimova_gulim@mail.ru 2ф.ғ.д. Қазақ ұлттық қыздар пеагогикалық университеті, Алматы қ. e-mail:
ruda1957@mail.ru
ҰЛЫ ДАЛА БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ АЛТАЙ ТАУЫ
Мақалада елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы сайын даламыздың бесінші қыры «Түркі әлемінің бесігі» саналған Алтай жерінің түркі дүниесі үшін маңызды жер екендігін жазбай таныған О.Бөкейдің Алтай жерінің қасиетін жан жүрегімен сезініп, тереңінен түсініп, түйсініп, оның әсем өрнегін, жанды суретін өз туындыларында асқан шеберлікпен өрнектей білгендігі талдана отырып, шығармаларына шолу жасалады. Қазақ әдебиетіне өзіндік бетімен, өзіндік өрнегімен келген қазақ сөз өнерінің айтулы саңлақтарының бірі О.Бөкейдің шығармашылық мұрасы – әдебиетіміздің асыл қорына қосылған рухани қазына. Оралхан Бөкей – асқар Алтайдың ақсүңгі шыңдарынан жарқырап көрінетін, уақыт озған сайын аласармай, биіктей беретін тұлға әрі табиғат жыршысы деп нық сеніммен айта аламыз. О.Бөкей туындылары өз оқырманын туған жер табиғатымен мақтана алуға әрі бағалай білуге жетелейтіні сөзсіз.
Кілт сөздер: табиғат жыршысы, туындылардың көркемдік құдіреті, Түркі дүниесі, Алтай табиғаты, қасиетті мекен, Өртең, сөз өнері.
КІРІСПЕ
Қазақ халқының әлемдік кеңістіктегі орнын айқындауды көздеген, әрі бұлтартпас ғылыми дәлелдерге негізделген елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында төл тарихымыз жаңаша көзқараспен терең зерделеніп, жан-жақты ой елегінен өткізіліп, ұлттық рухты көтеруге жаңаша серпін берілген. Тіпті, бұл мақаланы ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі деп танып, бағалап жатқандар да бар. Біздің ден қоятынымыз – президентіміз сөз еткен сайын даламыздың бесінші қыры. Онда «Түркі әлемінің бесігі. Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттердің ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты» делінген [1]. Ал осы Алтай жерінің түркі дүниесі үшін маңызды жер екендігін кезінде жазушы О.Бөкей де жазбай таныған. Алматыда тұрса да, туған жеріне әдейілеп ат басын бұрып жүретін, ондай дәстүрді өзгелерге де үйретіп, үлгі етуден жазбаған О.Бөкей туған жеріне келген бір сапарында атпен серуендеп жүріп, әлдебір жалды адырдың тұйығындағы ескі қорымға кездеседі. Бір өкініштісі, ескі заманның аттың қылын араластырып, сүтке езіп, қыштан қалаған зираттары, іргесі құлап, жерде шашылып жатыр екен. Мұны көріп жаны күйзелген жазушы: «Жұмыр басты пендеге жарық дүниенің алды мен арты болады деген осы. Зираттардың тұрқына қарағанда екеумізден гөрі мықты, дәулетті, елге қадірлі жандар болған сияқты. Бәлкім Алтайды мекен еткен баяғы көк түріктердің моласы шығар. Қазақтың тарихы осылай жиналмай жан-жақта шашылып жатыр ғой. «Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» деген сөз бар. Осы біз несіне мәз боп жүрміз» деген екен [2,4]. Міне, бүкіл балалық, бозбалалық, жастық шағы өр Алтайдың бауырында өткен Оралхан Бөкей Алтай жерінің қасиетін жан жүрегімен сезініп, тереңінен түсініп, түйсініп, оның әсем өрнегін, жанды суретін өз туындыларында асқан шеберлікпен өрнектей білген. Расында Алтай жері түркі халықтарының тарихы, әдебиеті, мәдениеті бастау алатын қасиетті мекен екендігінде талас жоқ. Өр Алтай, асқар Алтай, асқақ Алтайдан шыққан С.Аманжолов, Б.Сахариев, Қ.Ысқақ, Ә.Асқаров, Д.Әшімхан сынды алыптар шоғыры қатарын толықтыратын тұлға – жазушы О.Бөкей. Замана көші алға озған сайын жазған туындыларының көркемдік құдіреті, поэтикалық қуаты жарқырай түсетін жазушыны замандастары танып-бағалағанда да Алтаймен тұтастықта, диалектикалық бірлікте алуының себебі де осында. Жазушыға телінген атау мен бағалауларға көңіл бөлсек: «Алтайдың артық туған Кербұғысы» (Т.Әбдіков), «әманда биіктен көз салып, осқырынып тұратын, Алтайдың сұр қарлы ақбас шыңдарына ұқсайтын» (Ә.Қаңтарбаев) деп жалғасып кете береді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кез-келген елдің кемелденген әдебиетін алып қарағанда, табиғат тағдыры мен адамгершілік мәселелеріне арналған шығармалар алдыңғы кезекте тұрады. Әдебиет – адам мен табиғат туралы асқақ гуманизмнің эстетикалық көрінісі екені мәлім. Олай болса, шынайы суреткер О.Бөкей туындыларында жұмыр жер төсіндегі табиғи әлем жайында гуманистік ойдың көрініс таппауы мүлде мүмкін емес болатын. Гуманист жазушы Алтай табиғатының сұлулығын, кербездігін тамсана жазумен шектелген жоқ, Алтай төсінде орын алған келеңсіздіктер жайын да ашып айтып отырды. «Өртең» атты туындысында Алтайдың аспанға қарғимын деп шығарып алған иығы секілді таудың бүйірін тесіп, оқшау біткен Қарауылтастың іргесіндегі кешегі әдемі Өртең шоқысының адам көргісіз кейпін суреттейді. Өзі туған жылы ит тұмсығы өтпейтін жыныс орман болған Өртеңнің мәңгі мүгедекке айналған шала-ағаш, қара сирақ қалпына қараған сайын жүрегінен қан ағып, осынау алапатқа душар еткен жауызға мың лағнет айтады; сол жауыз қолына түссе, қайғы-мұңға батып, молақтанып қалған ағаштың басына асып өлтіруге дайын қаламгер: «Өртең – ит тұмсығы өтпейтін орман – отынға айналды… Жап-жасыл тау шалғынының әр тұсында аспанға атылардай соқайған қап-қара ағаш өрт атаулыға лағнет айтып тұрған жарымжан соғыс мүгедектеріндей, соғыс ардагерлеріндей. Әлемдегі әсемдік, сұлулық хақындағы тамаша ұғымға қарсы тұрар қандай да күш, жасыл жайлау – жас күш, көгөрім өскін алдында тізесін бүкпей қоймайды. Өртең орнына көктеген талдар – қанша рет болса да қайта қаулап өсе берер ойпандағы алшын секілді; тек қана жақсылық, тек қана мәңгілік, айналайын табиғаттың жырын шырқап, күнге талпынады. Ойсыз лақтыра салған жатесіздің бір тал шырпысынан жапа шеккен Өртең шоқы жаралы денесін жасырғысы келгендей ақ тұманның астында жатады. Егер жанынан өткен адам қатыгез, арам ниет болса, тұман көрпесін қымтай түседі; ал жанынан өткен адам ақжүрек, табиғат ананы сүйе білетін пенде болса, ақ шәлісін айқара ашып, жарақат тәнін көрсетеді екен» деп байыптайды [3,11].Қазіргі кезеңде жер бетіндегі күллі адам баласын толғандырып отырған толғағы жеткен өзекті мәселелердің негізгісі – табиғат тағдыры болып отыр. Өткен ғасырда қазақ даласын аралаған поляк төңкерісшісі Адольф Янушкевич: «Мен бұл өлкенің жұпар ауасын жұтып, гүлі солмас көктемнің, мәңгі тыныштықтың не екенін білдім. Мақтаулы Европа астаналарының бірінде тұратын мәдениетті деген тұрғындарды қазір мені аялаған халықпен салыстыра келіп, менің жүрегіме қазақ жазирасы Италия жұмағынан артық екенін түсіндім» [4,218] деп қазақ жерінің сұлулығын үлкен тебіреніспен жазған екен. Сол сұлулық, сол байлықтың бүгінде ортайып, азайып, азып бара жатқандығы қаламгер жанына тыныштық бермейді. Бір ғана Өртеңді сипаттау арқылы жазушы бүкіл Алтай даласының адамзат баласының тойымсыздығы, жауапсыздығы мен қатігездігінен қасірет шегіп, тозып бара жатқанын ескертеді. «Болашақтан ұят қой, беу, жарандар! Кетті дейді-ау бұл жерге адам келіп» деп жырлап, тарих, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жөнінде терең ой тастаған ақын К.Салықов сынды О.Бөкей де адамзат санасына қозғау салып, оның жүрегінде табиғатқа деген аяулы ықыласты, махаббатты оятуға тырысады. Адам табиғаттың қожасы деп ұрандатып, «Жер адамға бағынады» деген ұранның салдарынан сайын даламыздың төсінде талай ойран, зардаптың болғаны жасырын емес. Қашан да болмасын жаманшылық адам қолымен жасалатындығы белгілі. Алтайдың жүрегіне түскен жарадай болып, Өртеңнің өртеніп кетуі суреткерді бей-жай қалдырмады. Оның танымында адам баласы жұмыр жердің жұдырықтай бір жүрегі тәрізді. Табиғат адамсыз өмір сүре алады, ал адамзаттабиғатсыз өмір сүруі мүмкін деген адамдық позициясынан айнымаған Оралхан үшін «Әлем» ұғымы туған жері – Алтайдан басталады. Өр Алтайдың құнарлы табиғатына уызы қанып, Алтайдың мың бұрала аққан бұлақтары мен биік шың-құздарына көзі қанығып өскен жазушы үшін Алтай даласы – мәңгілік тақырып. Профессор Р.Сыздықтың: «жазушы Бөкеев – туған өлкесі – әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес» деуі де негізсіз емес. Мектепте оқып жүргенде: Жерімнің аруысың Алтай тауым,
Бауырыңда сыңсып өскен бақша-бауым. Басыңда аппақ болып қар жатса да, Қараймын, қызықтаймын, құмартамын. Таулардың атасысың Шығысымда, Мен де ел көп риза ырысыңа.
Білім ап бауырыңда жүрміз шалқып,
Ай, күнім, анашымсың, тынысым да – деп жырлап бастаған ақын өмірінің соңына дейін туған жеріне тағзым етіп, жырлаудан бір танған емес. Алтайын жер бетінің «аруы» деп таниды, әрбір адам үшін ең бағалы жан – анаға теңейді. Тіпті, Алтай ақын үшін бүкіл өмірі; ай батып, күн тумаса тіршілік тоқтайтыны қандай ақиқат болса, Алтай – Оралхан үшін тынысы, тыныстар ауасы, музасы екені де ақиқат. Оның қай туындысын алып қарасақ та, Алтайға деген ерекше махаббаты мен құрметі сезіліп отырады. Өйткені, Оралханның табиғаты мен Алтайдың табиғаты бір-біріне қатты ұқсас болатын. Ұлы Отан соғысының Батыры, қазақтың аяулы азаматы Қасым Қайсенов жазушының адам мен табиғатты біртұтас бірлікте алып суреттеуі жайында: «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді» деуі де осының дәлелі. Бұл сөздің ақиқаттығына біз титтей де күмән келтірмейміз. Расында О.Бөкей – Алтайдай асқақ, биік, ірі, алып, елгезек, жарқырап шыққан жұлдыз екенін бүгінде мұқым қазақ мойындап үлгерді.Стильдің қалыптасуындағы төрт бірліктің бірі – тақырып ерекшелігі екендігін ескерсек, М.Шолохов Дон казактары,
Ғ.Мұстафин Қарағанды қазақтары, Ә.Нұрпейісов Арал балықшылары жайында жазса; О.Бөкей өзінің саналы ғұмырымен тығыз байланысты кіндік кескен жері Алтай табиғаты жайында емірене жазу арқылы перзенттік борышы, азаматтық бітімі ғана емес, тәжірибесі, білімі, дүниетанымымен ұласып, өзіндік стилі, суреткерлік бітімі қалыптасты деуге болатындай.
Оралхан үшін «Алтай» ұғымы жалғыз тау емес, оның баурайындағы әрбір өзен, көл, шоқы, орман, жайлауымен қосылып кеткен тұтас ұғым. Күркіреме, Сарқырама, Шапшыма, Ақбұлқақ, Қатпас-бұлақ – Оралхан жүрген, табаны тиген, балалығы мен жастығы өткен, кейіннен қара сөзбен өріліп, бірқатар шығармаларында суретелген аяулы мекендер. Алтай бауырындағы барлық дүние жазушы қаламына ілігіп, түрленіп, өзгеше күйге енген. Шығармаларын оқып отырғанда автордың Алтай табиғатынан кемелділік пен кемеңгерліктің нәрін алуға тырысып, онымен бір тұтастыққа ұмтылғанын байқау қиын емес. Ол үшін Алтайдың әрбір тасы, әрбір самырсыны қымбат. Жаны да, ойы да табиғатпен тұтас үйлесімділік тапқан. Ал үйлесім бар жерде ұйыған тіршілік пен өмір ырғағы, сұлулық бар екені түсінікті. Грек философы Демокриттің «Данаға дүние кең, өйткені әлем – әсем ойдың отаны» деген сөзі осының дәлелі. Тау тылсымын сезінетін, табиғат тынысын ұғатын жазушы кейіпкерлері сұлу табиғатпен жан-жүрегі, қан тамыры біте қайнасқан ерекше болмысты, жұмбақ сырлы, тосын мінезді, аңқау да адал ауыл адамдары еді. Ол табиғат құбылысы мен адам жанын бір-бірінен бөлектемей бірлікте алды. Алтайдың ақбас шыңдарына тамсанып өскен жазушы табиғаттың сұлулығын құр суреттей бермей, кейіпкерлерінің ішкі сезімін, тебіренісі мен толқынысын табиғат құбылысымен астастыра суреттейтін. «Мезгіл әуендері» топтамасында қазан айындағы Алтай келбетін бейнелегенде: «Кеше ғана Алтайдың бөктерінде жатқан қар күні ертең келетін азынаңқы қыстың хабаршысындай, орман-тоғайды көміп тастапты. Азанда ғана жауған ақша қар кәмелетке жаңа толған қыздың арындай таза еді. Сен тазалықты содан да сезесің. Мезгілсіз жауған қар өз әбестігіне өзі ұялғандай, тіпті ғұмырының күрмеуге келмейтін қысқалығын сезеді білем, өзгеше жуас күйде. Төтенше көрініске таң-тамаша боп, жас балаша мәз қараған ауыл адамдары биылғы қыстың мына қоқан-лоқысынан шындап тіксініп те қалып еді. Жұқалаң жауған қарды тек ересек адамдар мен ерте тұратындар ғана көре алады. Күннің көзі шыға, еріп кетті. Сонсоң, қазан айының саржағал күзі қайта үстемдік алып, дүниені мәңгі жуастыққа бөлеген маужыр мезгіл басталды. Маужыр мезгіл. Алтай өңіріңде бөлекше ғой» [5,129] деп автор адам аяғы баспаған Алтай өңірінің сұлу, тамаша табиғатын тамылжыған тілмен кестелеп береді. Туындыны оқып шыққан жан өзінің қатал табиғи заңынан басқаны мойындамайтын, бөгденің бөтен қимылын жақтырмайтын, артық-ауыс әрекетті қаламай, қарадан-қарап сіркесі су көтермей тұратын Алтайдың табиғатының суретін көз алдына елестетіп қана қоймай, тазалыққа баулиды. Автор суреттеуіндегі табиғат тірі адамның өзіндей тыныстап, сақ-сақ күліп, күрк-күрк жөтеліп, дүр сілкініп, сыздап қалтырап, ақ көрпесін айқара жамылып, бауырына басып жата қалған. Табиғат көрінісі сәтті детальдар арқылы адамның көңілкүйімен астасып, бірігіп, біте қайнасып кеткен. Кәдімгідей жанды, тірі қалпында бере білген жазушының шеберлігі керемет. Бұл табиғат суретінің «әр қалтарысында адам, адамның сезімі, ойы, арманы, қиялы, адамның көл-көсір философиясы толқып, төгіліп тұр» [6,121].
«Ауылдың өр жағында Көктерек деп аталатын қалың тоғай бар. Сол тоғайды қақ жарып тау бұлағы ағады. Тау бұлағы құлдыраң қағып асығыс ағушы еді. Тау бұлағының ернеуін сан түрлі өрнек жасаған қабыршақ мұз жырымдайтын. Мұз соншалық ғажап ою-өрнек жасап, біресе сувенирге, біресе гауһар моншақтарға ұқсайтын. Сол мөлдіреп тұрған мұз сіздің көз алдыңызға күміс алқаны немесе жақұт өңірді елестетер. Егер сол мұз моншақтың бірін сырт еткізіп үзіп алып, аузыңызға салып таусаңызшы — сонда ғұмыры шөліркемейтіндей әсер аласыз. Сосын сіз сол бұлақтың сылдыр-сылдыр үніне құлақ түріп, шалқаңыздан жатсаңыз, қаяусыз төңкеріліп тұрған көк күмбезіне көзіңіз түседі. Аспан дүние мүңлы арманға, анау бір тізбектеле ұшып бара жатқан құстай ұшқыр ойға итермелейді. Сіз қоңыр салқын таза ауаны жұтып, қай-қай-дағы қиялға шомып ұзақ жатар едіңіз, тіпті арқаңыздан шым-шымдап сыз өткенін де сезбей қаларсыз». Табиғат көркін қаз-қалпында шебер суреттеу арқылы автор табиғаты сұлу Алтаймен бірігіп кеткен. Адам мен табиғаттың бірлігін сомдай отырып, автор оқырманын да осы бағытта ойлауға шақырады. Күнделікті бар мәселені ұмытып, автормен бірге құлдыраңдап асығыс ағып жатқан тау бұлағының мұздай суын ішіп, шалқаңнан түсіп жата қаласың. «Асау табиғаттың аясында асау мінезді адам туыла бермес, ол жерлерде де талай ынжық мен момындар кездеседі. Олар табиғаттың асау мінезін бойына сіңірмеген, туа бітті, жіті көзбен оның сырына үңіле алмаған, өзінің сол табиғаттың кішкентай бір бөлшегі екенін аңғармаған, көзін ашып, тәй-тәй басқан сәттен тіршілік ағымына қойып кетіп, жағалауға көз салмаған жандар» [7,6] қатарына О.Бөкей жатпайтыны түсінікті.
ҚОРЫТЫНДЫ
Шығармалары бірде тұңғиық ойға батырса, бірде өршілдікке, бірде асқақтыққа жетелейтін О.Бөкей жөнінде Ақылбек Жүнісбекұлы: «Кербұғыдай кербез, ешкімге жалтақтамайтын, табиғи таза, тәкаппар, тәкаппар болса да көпшіл, кішіпейіл. Өзіне ғана жарасатын толқынды қара шашын сілкіп тастап, суырылып сөйлеп кеткенде, қара тасқа жан бітіретін шешен, түптеп-тереңнен тартып сөйлейтін көсем, қазақи қалжыңда езуіңді күлкіден айырмайтын артист, философ адам болатұғын» [8] дейді.
Қазақ әдебиетіне өзіндік бетімен, өзіндік өрнегімен келген қазақ сөз өнерінің айтулы саңлақтарының бірі О.Бөкейдің шығармашылық мұрасы – әдебиетіміздің асыл қорына қосылған рухани қазына. Оның туындыларындағы тамылжыған табиғат – Алтай бейнесі ерекше тазалықпен, перзенттік сүйіспеншілікпен суреттелген.Оралханның қаламы арқылы жалпақ әлемге танылған Алтай әлі де тәкаппар, Мұзтау бұрынғыдан да биік, Бұқтырма сарыны бір сәт те толастаған емес. Оралхан Бөкей – асқар Алтайдың ақсүңгі шыңдарынан жарқырап көрінетін, уақыт озған сайын аласармай, биіктей беретін тұлға әрі табиғат жыршысы деп нық сеніммен айта аламыз. Жоғарыда аталған мақаласында елбасымыз: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп нақтылаған. Төл тарихын жетік білетін, әрбір тасынан сыр шертетін О.Бөкей туындылары өз оқырманын туған жер табиғатымен мақтана алуға әрі бағалай білуге жетелейтіні сөзсіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры //https://aikyn.kz/2018/11/21 /73794.html
2 Асқаров Ә. Оралханды сағынғанда («Ауылға оралу» деректі повесінен үзінді) // Дидар, 2003. 27 қыркүйек.
3 Бөкей Оралхан. Шығармалары. Очерктер, публицистикалық мақалалар. –Алматы:
Ел-шедіре, 2013. Т.7. -384б.
4 Қазақ фольклористикасының тарихы. Ұжымдық еңбек. –Алматы: Білім, 1984. -220б.
5 Бөкей О. Таңдамалы шығармалар. 2-том. –Алматы: Қазақпарат, 2003. -390б.
6 Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: «TST-Company», 2006. -360б.
7 Бөкей О. Қар қызы: Хикаялар. / Құрастырған Р.Мәженқызы. –Алматы: Раритет, 2008. -280б.
8 Алтайдың асыл жыршысы. Әдістемелік жинақ. Құрастырушы Г.Жұмағұлова. Өскемен, 2003.
Г.С. Каримова , Р.З. Зайкенова 2
Ұлы дала бейнесі және Алтай тауы
Мақалада елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы сайын даламыздың бесінші қыры «Түркі әлемінің бесігі» саналған Алтай жерінің түркі дүниесі үшін маңызды жер екендігін жазбай таныған О.Бөкейдің Алтай жерінің қасиетін жан жүрегімен сезініп, тереңінен түсініп, түйсініп, оның әсем өрнегін, жанды суретін өз туындыларында асқан шеберлікпен өрнектей білгендігі талдана отырып, шығармаларына шолу жасалады. Қазақ әдебиетіне өзіндік бетімен, өзіндік өрнегімен келген қазақ сөз өнерінің айтулы саңлақтарының бірі О.Бөкейдің шығармашылық мұрасы – әдебиетіміздің асыл қорына қосылған рухани қазына. Оралхан Бөкей – асқар Алтайдың ақсүңгі шыңдарынан жарқырап көрінетін, уақыт озған сайын аласармай, биіктей беретін тұлға әрі табиғат жыршысы деп нық сеніммен айта аламыз. О.Бөкей туындылары өз оқырманын туған жер табиғатымен мақтана алуға әрі бағалай білуге жетелейтіні сөзсіз.
G.Karimova1, R.Zaikenova 2
The image of the Great Steppe and the mountains of Altai 1,2 Kazakh National Women’s Teacher Training University
Almaty, Kazakhstan
In The Article The Head Of State N. Nazarbayev has told about «Seven faces of the great steppe» and he admitted that the Fifth side of our steppe is a place of importance for the Turkic world, which was considered the «Cradle of the Turkic world». In his speech the author has told about Turkic world of Altai land, he noted that the land is described with graceful ornament and with great skill in his works draws a living picture. The creative heritage of Bukey’s work contains with wonderful ornament speech. The creative heritage of Bukey is a spiritual treasury included in the noble Fund of our literature. The image of nature – Altai is described by a special purity, with love for his native land in his works. The wide world was recognized by Oralkhan. We can confidently say that Oralkhan Bokey was a man who he sees the glowing peaks of the Altai mountains every time, endless towering personality and storytellers of nature. Undoubtedly Bokey’s Works has leaded to the fact that the reader could appreciate the nature of his native land.