ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

Ш.А. Кыяхметова1, А. Жұмағазынова2
1ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қ., Қазақстан Республикасы
2магистрант, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қ., Қазақстан Республикасы, е-mail:1 аset_shara@mail.ru

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

Мақалада Ілияс Жансүгіровтің осы уақытқа дейін жарияланбаған өлеңдері қарастырылады. Ілияс — өз стилі әбден қалыптасқанша тынбай ізденіп, қазақтың да, басқа елдердің де өлең құрылыстарынан үйрене отырып, заманның тынысын қайткенде тартымды, әсерлі беруге болады, өткен тақырыпты жаңаша қалай меңгеруіміз керек деген тәрізді поэзияның күрделі мәселелерін көп ойлап, терең толғанған ақындардың бірі.

Түйін сөздер: стиль, ақын, суреткер, зерттеу, бейнелілік.

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында өмір сүрген ұлы ақын, жазушы, фольклорист, публицист, драматург, аудармашы, өнерпаз, Жетісу тарихын зерттеуші, ірі мемлекет және қоғам қайраткері І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе.
Қазақ әдебиетінің көшбасында тұрған Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты мақалалар ХХ ғасырдың бас кезінде жазыла бастағаны мұрағат жадығаттарынан белгілі. 1928-1937 жылдар аралығында Ілияс шығармашылығы жайында 70-тен аса сын мақалалар жарияланған. Бұларды біз ілиястану ілімінің алғашқы адымдары деп білеміз.
Ақынның 1920-28 жылдары газет-журналдарда басылған өлеңдерінің таңдамалары және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері мен аудармалары енген «Сағанақ» жинағына (Қызылорда, 1928ж.) жазған Сәбит Мұқановтың алғы сөзі — Ілияс шығармашылығы жайындағы алғашқы сын.


«Сағанақ» жинағының мұқабасы
1929 жылы Ғаббас Тоғжанов «Әдебиет және сын мәселелері» деген еңбегінде: «Жаңа түр іздеу, өлеңді әдемі, көркем шығару жағынан Ілияс көп ақындарымыздың алдында», — деп, ақындығын жоғары бағалаған екен. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1936 жылғы 10 қаңтарындағы санында «Күйші» және «Дала» поэмалары бойынша әдеби дискуссияның ұйымдастырылуы — Ілияс Жансүгіровтің тума талант сөз зергері екендігінің айғағы.
Ақындығының алғашқы кезеңінде айтылған осындай ғылыми ой-пікірлер өз өрісін тауып, толастаған емес. «Осы күнгі қазақ кеңес жазушыларының тілге шебер, өлеңге ұстасының да, алдынғы саптағысының да, көрнектісінің де бірі — Ілияс»- деген бағаны өз кезінде С. Сейфуллин де берген.
1938-1957 жылдары тоталитарлық жүйе жазықсыз жандарды қолдан жау жасаған қитұрқы саясатын әшкерлетпес үшін зерттеушілерді мұрағаттарда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырды. Соның нәтижесінде Ілияс туындылары мұрағат материалдарымен салыстырылып, зерттелінбей, уақыт мәжбүрлеген өңдеу-талдаудан өтпей, социализм идеологиясы талабына лайықталып, бұрмаланған қалпында оқырманға ұсынылды.
ХХ ғасырдың елуiншi жылдарының аяғына қарай «жылымық» кезең келiп, репрессия жылдарында атылғандарды ақтау мәселесі көтерiліп, оң шешімін тапты. Енді қолда бармен аяулы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын сайлап беру міндеті тұрды. Уақыттың құбылуы, әдеби-сыни көзқарастағы түбірлі өзгерістер қаламгер туындыларын уақыт талабына сай қайта қарастыруды діттеді. І. Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаяны, өнерпаздық кескін-келбеті, ақынның бай қолжазба қоры, абақтыда өткен азапты күндері төңірегінде терең талданған еңбектердің қажеттілігін заманның өзі талап етіп отыр десек, артық айтқандық емес. Оның шығармашылық зертханасы да жұмбақ күйінде. Шығармалары бірнеше рет жарық көргенімен, академиялық деңгейге көтеріле алмады. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар ақыннан қалған мұраларды қалың жұртшылыққа жеткізу, насихаттауды мақсат етті. Шығармаларының ұлттық мәні мен мазмұны, шынайы поэтикалық бояуы, философиялық астары өз дәрежесінде зерттелген жоқ. Ілияс Жансүгіров шығармашылығы жайлы жазылған зерттеулерде күмәнді, дүдәмәл тұстар да баршылық.
«Ілияс Жансүгіров — ешқандай да мүшелтойдың межесіне сыймайтын, өмірі баяғыда өлеңге ұласып, өлеңі баяғыда өмірге айналып кеткен, үнемі оқылар, үздіксіз зерттелер – халықпен мәңгілік бірге – ұлы творчестволық тұлға» [1,3]. Шындығында да Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы табанды зерттеуді талап етеді.
Ілияс Жансүгіров өмір сүрген уақыт аса бір күрделі, аласапыран, ұрда жық уақыт болатын. Егер ақын қыруар өлеңдерін өндіріс, революция, отарба, Октябрь мерекесіне арнаса, оған ақын кінәлі емес, уақыт кінәлі деп білу керек. Сол жылдардың қаламгерлері заман талабынан, ырқынан сыртқа шығып, мейлінше еркін жырлап кете алмады. Уақыт ұраны, идея үшін күресуге тиіс болды. Бұл нағыз аяққа түскен тұсау еді.«Қазақ халқының Қазан төңкерісінен әрідегі тарихи бел-белестерін арқау еткен айтулы дастандарында құлан жүйріктік зерделі зергерлік танытып, көсіле-көсіле шабатын Ілияс сөзден алтын сарайлар соқса, кеңес шындығын жырлаған лирикасында сылтыңдап қалады. Қызығы — поэмалары да сол отызыншы жылдарда туған, бірақ онда ақын шабыттылығы алапат!» — дейді М.Әлімбаев.
Оның мол қазыналы шығармашылығында түбегейлі зерттелмеген, әлі басы ашылмаған не бір жұмбақ дүниелер бар. Ақынның өлең құрылысына, тілге, идеяға, жанрға, тағы басқа мәнді мәселелерге байланысты енгізген жаңалықтарын шұқшия тексеріп, халқымыздың игілігіне жарата білейік.
Жеке адам басындағы сезім шарпылыстарынан бастап, адамзат баласын толғандырған әлемдік күрделі мәселелер арасындағы сан қилы ойтолғаныстар — Ілияс поэзиясынан табылатын қасиеттер. Ілияста ұлттық қазанның қаймағы ғана емес, жалпы адамзаттық көркем ой қазанының қайнауы бар. Ол қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық, көркемдік жағынан әлемдік поэзиямен берік қабыстырды. «Жүрегімнің айнасын шаң басқанда, орамалым осы өлең бетін сүртер» («Жанды сөз» өлеңінен) — деп жан сырын ақтарған ақынның салиқалы шығармашылығы ұлы суреткерді тек табиғат қана туғызып қоймай, нақты қоғамдық-тарихи шындық шыңдайтынына көзімізді тағы да жеткізе түсті.
Әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаев «Жетім бота көңілім» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 8.09.1989) «Сарыарқаға», «Мен не көрдім?», «Сенің менен басың бос», «Молданың мінәжаты» (1921), «Қажыдым» (1923), «Ақынға» (1923), «Ызалы қиял» (1923), «Өмір-көмір» (1924), «Тумас па екен?» (1924), «Құрысын» (1924), «Айырылу аттанысында»
(1925), «…моласында» (1927), «А.Б-ге» (1927), «Жаңа өнер» (Түрік ақыны Н.Хикметтен), «Кәмінтерін» атты Ілияс өлеңдерінің кейінгі жинақтарына ілінбей қалғандығын ашына отырып жазады.
Біз өз тұрғымыздан соңғы жылдары шыққан Ілиястың 10 томдығынан осы өлеңдерді іздеп едік, ол жинақтан да таппадық. Ілиястың:
Дүние –дұшпан, мен-долы. Ызам жердің жүзінде. Талақ қылам мен мұны, Ұшам Күннің өзіне.

Немесе:
Қуаныштан, қайғыдан Жетім бота-көңілім. Күшіктен қалған күшіктей Құр қаңқылы көңілдің. Осы болса, өзің ал, Қылар сыйы өмірдің,-
деген асқақ ой мен кестелі айшықтарға құрылған өлеңін бүгінгі ұрпақтың әлі де оқи
алмай отырғаны, әрине, өкінішті-ақ.
Екінші жұбайы Аманшаға арнап жазған «Айырылу аттанысында» (1925), «…моласында» (1927) өлеңдері Ілиястың «Сағанақ» (1928 ж.) және «Өлеңдер» (1933 ж.) жинақтарына енген екен. Неге екені белгісіз, ақынның кейінгі жинақтарына енбей қалған. Кейінгі жинақтарына енбей қалуына төртінші жұбайы Фатима Ғабитованың ықпалы болды ма екен деген ой мазалай береді.
Ілияс Мәскеу қаласына оқуға кеткенде Аманша дімкәстігіне байланысты ермей қалады. Кетерінде «Айырылу аттанысында» деген өлең жазады:
Қой, күнім, көзің төгілді-ау,
Төгілме, бекін, күнішім. Қабырғам қаусап сөгілді-ау, Айырылған деген құрысын.
Көңілден құйын соқтырмас
Көңілім күні кемісім
Көзіме қайда жүрсем де, Елестер осы тұрысың,- деп, аяулы жарын жұбатып, әрі жалындаған ыстық махаббатын білдіріп, қайрат береді.
«Жүрегім — жара, у – ішім… Жүректе қатты сақтармын, Алысқан қолдың жылысын» деп, аттанып кете барады.
Аманша 1927 жылы Ілияс оқуда жүргенде баласын босана алмай қайтыс болады. Бұл қайғылы хабарды Мәскеуде оқып жүрген Ілиясқа ешкім естіртпейді. Ілияс кезекті бір оқу демалысы кезінде ауылға кетіп бара жатып, Алматыдағы жолдастарына келеді. Сол жерде достары оған Аманшаның баласын босана алмай, дүние салғанын естіртеді. Сонда осы оқиғаны көзімен көрген ақынның Есболатов деген досының әйелі «Сыр сандық» деп аталатын естелік кітапта Ілиястың әйелін жоқтап, еңіреп жылағанын жазып, «бүйтіп жарын жоқтап жылаған ерді соған дейін де, одан кейін де көрмедім» деп еске алады. Ілияс Аманша өліміне қатты қайғырып, «Жарымның моласында» деген өлеңін жазады.
Жан жолдас, жатырмысың жер қойнында, Жер үйшік, топырақ төсек өз бойында,- деп басталатын өлең:
Қош, жаным! Тыныш ұйықта қабіріңде Мені тос! Келісімен қосыл бірақ,- деген шерлі жолдармен аяқталады.
Оразақын Асқар Ілияс мұрағатында сақталған «Қапал уезінің Ақсу болысында тұрушы Ілияс Жансүгіров жазған өлеңдер. Айрықша басылуын өтінем. Ішінде газетке бөліп бастыратын қысқа, күйлі сөздер бар. Қазақ басшыларынан ұмытпауын өтінем» деп, (1919 жыл 2-айдың 10 күні) жазып, қолын қойған, ақынның өз қолымен араб әрпінде қағазға түскен, бірақ осы уақытқа дейін еш жинағына енбеген бірнеше өлеңін «Жансүгіровтің жарияланбаған жырлары» [2,5] деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде (1994 ж., 17 маусым) жариялапты. «Түрлі өлеңдер» деген ортақ ат қойылған бұл топтамасының тақырыптары әр алуан. «Сәулеме» (1919) атты махаббат – сүйіспеншілік жыры бар. «Тоқтаусыз толқын кездесіп, Ажарын алды заманның. Шаруаның жолын тез кесіп, Сүреңін алды адамның»,- деп басталатын сол кезеңнің аласапыранын суреттеген «Толқын» (1919) өлеңі бар. «Сәулеме» (1919), «Толқын» (1919), «Кісілік пен хайуандық» (1924), «Қиял өмір» (1924), «Шын үміт» (1919), «Қор болдық, алдандық» (1924), «Сөздің де сөзден соң жүйесі бар» (1919) өлеңдерінің әлі де болса оқырмандарымен жүздесу сәтін күтіп жатқандығын қынжыла жазады. Бұл өлеңдер де кезінде ақынның «Сағанақ» (1928 ж.) және «Өлеңдер» (1933 ж.) жинақтарында басылған-ды. Мазмұны, идеясы кеңестік идеологияға сәйкес келмейтіндіктен сызылып тасталғаны да шындық. Болашақта бұл өлеңдер Ілиястың өлеңдер жинағынан өз орнын табар деген ойдамыз.
Мұратбек Бөжеев пен Баламер Сахариев «Ілияс өлеңдері» («Жұлдыз», 1965, № 5) атты мақалаларында былай деп жазады: «М.О. Әуезовтің көптомды шығармалар жинағын әзірлеу жұмысына байланысты жазушының музейіндегі архив қазынасын ақтарып отырғанымызда атақты ақынымыз І.Жансүгіровтің өз қолымен жазған қысқаша өмірбаянының және бір шағын дәптерге жазған 8 өлеңінің қолжазбасы табылды. Ақын өмірбаянын Москвадағы мемлекеттік Журналистер институтында оқып жүргенде, 1928 жылы 25 январьда жазыпты да, жеке дәптерге әр жылда жазған өлеңдерінен 8 өлеңді көшіріп қойыпты. Мәдениет тарихында бұл сияқты қолжазбаның құндылығы ерекше. «Сенің менен басың бос» деп басталатын атсыз шағын өлеңі кейінгі жинақтарда көрінбейді. Ақынның өмірбаянының да назар аударарлық жақтары мол. Әсіресе, өзінің білім алуы, өскен ортасы, әлеуметтік және өнерпаздық қызметінің басталуы жайында ақынның өзі айтқан ақиқаттар бар». [3,2] Соңынан қос зерттеуші ақынның өмірбаяны мен «Қазақ қазынасы», «Сенің менен басың бос» өлеңдерін «Жұлдыз» журналының 1965 жылғы 5 санына жариялаған екен. Бұл шығармалар да ақын жинағынан әлі орын таппай отыр. Ұлттық кітапхананың Сирек кездесетін қолжазбалар қорын қарастырып отырғанда ақынның Ілиястың «Сталин жолы» газетінің 1936 жылғы екінші санында жарияланған «Құтты болсын» өлеңін тауып алып, оны да оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік. Өлең «Әйел теңдігі» журналының шығуына орай құттықтау ретінде дүниеге келген.
Азат қазақ әйелі,
Құтты болсын жорналың! Жорналыңа жыр жазып, Сізге сәлем жолдадым.

«Теңдігіңе» үн қосып, Мен де талай толғадым. Қуаттады мені де
Сен бақытты болғаның.

Теңдік кілті қолыңда, Бақ есігін аштыңыз. «Сталиннің жолында» Алға қадам бастыңыз.
Ілиястың шәкірті, ауылдасы Тасыбай Мұзбаев «Қамқор еді» [4,204] деген естелік мақаласында: «Мен ақын Ілиястың алдынан тәлім, білім алған көп шәкірттерінің бірімін. 1921 жылдары Ілияс бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Бұл Ілекеңнің Ташкенттен оқу бітіріп келген кезі. Ілиястың өлеңдері менің әлі есімде. Соның бірі «Жас қыздың арманы» атты өлеңі. Бұл өлең былай басталады:
«Қыз етті мені құдай ұл етпеді, Қайғыдан, уайымнан құр етпеді.
Зарланып, жас басымнан тілесем де
Арманға көңіл шіркін бір жетпеді…»
Сондай — ақ Ілиястың «Сұлу қыздың сыры» өлеңі мен «Қолбала» атты поэмасы да біз ертеректе жаттаған шығармалар болатын» деп жазады.
Мырзабек Дүйсенов: «Ақынға» деген өлеңінде І.Жансүгіров бір ақынға қайдасың, неге үндемейсің, дауысың неге шырқырайды деп, одан әрі қарай періштемен ойна, бейшараның жанын тербе, көрге түс, оқ тиіп, қансырағандардың қанын жала, ыза торлап, мелшиіп қалғаның не деп оны сөйлетуге тырысады… Өмірден теперіш көрген бұл «періште» ақын кім? Жаңа заман орнап, өмірге деген көзқарас жаңарып, нұрлы болашақ үшін күрес қызған кезде көмейіне тас кеткендей түйіліп, тоқырап қалған қай ақын? Неге тоқырайды? Оған Ілияс неге жаны ашып, шыр-пыры шығады? Кезінде жұрттың бәрі Ілияс бұл өлеңін Мағжанға арнап жазған деп жорамалдады…» [5,29], — деп жазған еді. Бізге белгісіз Жансүгіровтің мұндай жаңа жырлары табылып, алып ақынның тың да тамаша қырлары танылып жатса, әдебиетіміз үшін де, халқымыз үшін де зор игілік. Абайды, Әсетті өзіне ұстаз тұтқан Ілиясты кейінгі ақындардың өзіне үлгі етуіне мүмкіндік бермеген сол заманға наламыз мол.
Бізге белгісіз Жансүгіровтің мұндай жаңа жырлары табылып, алып-ақынның тың да тамаша қырларын таныстырып жатса, әдебиетіміз үшін де, халқымыз үшін де зор игілік.
Жанат Ахмадиев «Жәдігер шығармалар жәрдемге зәру» атты мақаласында былай деп дабыл қағады: «Мемлекеттік архив қорында Бейімбет, Сәкен, Мағжан, Жүсіпбек сияқты алашқа аты мәлім арыстарымыздың ішінен тек Ілиястың ғана архивтік құжат қоры толық сақталған. Фатима шешеміз «халық жауының әйелі» ретінде өзі де көп қуғын көріп, ой-қырға айдалып жүргенінде, Ілиястың жазбаларын көзінің қарашығындай қорғап, иегершілік етіп, сақтап қалған. Бұл мұраларды Фатиманың көзі дүниеден өткеннен кейін Ильфа Ілиясқызы архивке тарту еткен. Қорда Мағжанға, Ахмет Байтұсыновқа, Бейімбетке, Сәкенге, Жүсіпбекке байланысты құжаттар көптеп кездеседі.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Сарбалаев Б. Жетім бота көңілім. //«Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 ж., 8 желтоқсн.
2 Оразақын А. Жансүгіровтің жарияланбаған жырлары. //«Қазақ әдебиеті» газеті, 1994 ж., 17 маусым.
3 Бөжеев М., Сахариев Б. Ілияс өлеңдері.//Қазақ әдебиеті», 1995 ж., №18
4 Мұзбаев Т. Қамқор еді. Кітапта: Аңызға бергісіз ғұмыр. Құраст: Кыяхметова Ш., Талдықорған, 2015ж. 5 Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Алматы: «Арда» баспасы, 2004 ж.

В статье рассматриваются стихи Ильяса Жансугурова, не опубликованные до настоящего времени. Ильяс-один из поэтов, глубоко воспевших сложную проблему поэзии, он занимался соискательством до тех пор, пока не сформировал свой стиль, изучая стихи казахского и других стран. Здесь собрана огромная коллекция старинных книг Жансугурова. Они являются частью истории казахской литературы. Создавая научное объяснение всего этого, наша общая задача — создать справочник. Очень приятно слышать ответы и воплощать их в свои планы! »Как видите, эта статья была написана в конце прошлого века и до сих пор остается проблемой. Вот почему Ильяс Жансугуров до сих пор неясен и выясняет и публикует побеленные произведения.

The article deals with the poems of Ilyas Zhansugurov, which have not been published to date. Ilyas is one of the poets who deeply praised the complex problem of poetry, he always was searching and studied the verses of the Kazakh and other countries while his own style formed. Here is a huge collection of old books by Zhansugurov. They are part of the history of Kazakh literature. Creating a scientific explanation of all this, our common task is to create a reference book. Very nice to hear the answers and translate them into their plans! As you can see, this article was written at the end of the last century and still remains a problem. That is why Ilyas Zhansugurov is still unclear and finds out and publishes whitewashed works.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *