УИЛЬЯМ ШЕКСПИРДІҢ «КОРОЛЬ ЛИР» ТРАГЕДИЯСЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЕРЕКШЕЛІГІ

Ж.Т. Қобланов
ф.ғ.к., доцент, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және
инжиниринг университеті, Ақтау қ., Қазақстан Республикасы, е-mail: koblanov64@mail.ru

УИЛЬЯМ ШЕКСПИРДІҢ «КОРОЛЬ ЛИР» ТРАГЕДИЯСЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЕРЕКШЕЛІГІ

Мақалада Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясындағы кейіпкер табиғатын, кезең көрінісін ашудағы қаламгер шеберлігі жан-жақты сөз болады.
Шекспир өз заманының келеңсіз жақтарын көріп, қолына қалам алған болатын. Қаламгер айналасын шырмап алған кемшіліктерге, озбырлықтарға сын көзбен қарап, адам тағдыры және оның арман-тілегі жайында тереңірек пікір жүргізуге ұмтылады. Романда келеңсіз оқиғаларды бейнелеу, зұлымдық пен соқыр сенімді сынға алу негізгі мәселе болып қалады.
Шығармадағы көңілсіз оқиғаларды бейнелеуде жазушы өмірден түңілу сезіміне берілмейді, керісінше ол қайғы құрсауында да өмірге сенім туғызатын оптимистік, образды тәсілдерді табады. Бұл сол қоғамда жаңалықтың ескілік үстінен жеңіске жетуін көрсетуде айқын байқалады.
Кілт сөздер: трагедия, психологиялық образ, сюжет, конфликт, тақырып, гуманист, дәстүр, қаһарман.

КІРІСПЕ
Шекспир шығармашылығының бірінші дәуірінде-ақ өз заманының келеңсіз жақтарын көріп, қолына қалам алған болатын. Драматург айналасын шырмап алған кемшіліктерге, озбырлықтарға сын көзбен қарап, адам тағдыры және оның арман-тілегі жайында тереңірек пікір жүргізуге ұмтылады. Шекспир комедияларына тән өмір қуанышынан ләззат алу оның трагедияларында да кездеседі. Бірақ оларда келеңсіз оқиғаларды бейнелеу, зұлымдық пен соқыр сенімді сынға алу негізгі мәселе болып қалады.
Трагедияларындағы көңілсіз оқиғаларды бейнелеуде жазушы өмірден түңілу сезіміне берілмейді, керісінше ол қайғы құрсауында да өмірге сенім туғызатын оптимистік, образды тәсілдерді табады. Бұл сол қоғамда жаңалықтың ескілік үстінен жеңіске жетуін көрсетуде айқын байқалады.
Шекспир шығармаларының І-дәуірінде жазылған трагедияларының бірі — «Ромео мен Джульетта» трагедиясы (1595 ).
Трагедияда екі өзара дұшпан отбасында дүниеге келіп, ер жеткен және кездейсоқ бір- біріне ұшырасып, ғашық болған Ромео мен Джульеттаның аянышты тағдыры хикаяланады. Феодалдық қоғамның қайшылықтары олардың еркін махаббатына тұсау болғаны айыпталады.
«Юлий Цезарь» (1599) трагедиясы сюжетінің материалы антик тарихшы Плутархтың «Қос өмірбаяндар» атты кітабынан алынып, онда осы дәуірдің ең маңызды саяси оқиғалары — ежелгі Римдегі республикашыла р(Брут, Кассий) мен монархия қолдаушылары – цезарьшілер (Антоний, Октавий) ортасындағы күрестер бейнеленген. Шығармадағы терең әлеуметтік пікірлер, жау топтардың арасындағы жанкешті конфликт, тарихи тұлғалар характерін жасаудағы шеберлік – бұл трагедияны Шекспир шығармашылығының ең үздік үлгілерінің бірі дәрежесіне көтерген.
ХVІ ғасырдың аяқтарында Англиядағы шексіз биліктің дағдарысқа ұшырауы кездейсоқ жағдай емес еді. Өйткені, ол қоғам туғызған өндіріс қатынастарының бұдан соңғы дамуына кедергі болады. Король өкіметі мен парламент ортасындағы қарама-қарсылықтар өрши түседі. ХVІІ ғасырдың бастарында Елизаветаның билігі аяқталып, таққа Яков Стюарт отырған еді және феодалдық озбырлық күшейген уақытта, король мен буржуазия ортасындағы қайшылықтар мүлдем шиеленісе түседі. Бұл жылдары қарапайым бұқара халықтың, шаруалар мен қолөнершілердің жағдайы ауыр халде қалады.
Гуманистердің «қайғысыз бақытты өмір» туралы қиялдары капиталистік тәртіптер үстемдік ете бастаған кезеңде іске аспайтындығы, бұл бір елес екендігі мәлім болады. Ұлттық тарихи хроника жанры Шекспирдің жаңа дәуірге тән болған көзқарасын толығымен аша алмайтын еді. Соның үшін драматург күйреп бара жатқан феодалдық дүниенің дағдарысын көрсету және туып келе жатқан ақша билігі мен оның тойымсыз, жыртқыш табиғатты өкілдерінің шынайы образын жасауға қолайлырақ болған трагедия жанрына түгелімен ауысады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
«Король Лир» (1605) трагедиясының сюжеті Холиншедтің «Хроникаларынан», сондайақ, Лир туралы басқа да деректерден алынған. Бірақ Шекспир бұл тақырыпты қайта өңдеп, оған Глостер тарихын да енгізген. «Бұл пьеса драмалық тартыстың өткірлігі және көтерілген мәселенің тереңдігі жағынан басқа трагедиялардан ерекше. Шығармада отбасы мәселелері әлеуметтік-саяси оқиғалармен араласып, тұтасып кетеді»[1,52].
Көпті көрген, өзінің күші мен құдіретіне сенген қарт король Лир дүние-мүлкін үш қызына бөліп беру арқылы «мемлекетті басқару қайғысынан» құтылмақшы болады. Ол қыздарынан өзіне деген махаббаттарын, адалдықтарын білдіруін сұрайды. Үлкен қызы Гонерилья мен ортаншы қызы Регана оны дүниедегі барша нәрседен гөрі артық сүйетіндігін айтады. Кенже қызы Карделия болса апаларынан артық ешқандай сөз айта алмайтындығын, тек ғана перзент ретінде әкесін құрметтейтіндігін білдіреді.
Мақтағанды жаны сүйетін король кіші қызының мұндай жауабына ашуланып, бүкіл байлығын айлакер, мейірімсіз екі қызына бөліп береді. Граф Кент «тілдің кедейлігі жүректің кедейлігі емес» деп, Карделияның адамгершілігі мол екендігін айтқанында, тәкаппар Лир оны сарайдан қуып жібереді, қызын болса мұрасыз қалдырады. Карделияның ақылы мен сұлулығына ғашық болған француз королі оған үйленеді [2, 340].
Трагедияның бас қаһарманы Лир — күшті трагедиялық және психологиялық образ. Шығарма басында бұл билеуші барлық нәрсені жеке өзі шешеді. Бұл болса, оның өз күші мен құдіретіне артықша баға беруіне, өзін «әрқандай шаттық пен қайғының әміршісі, патшалық құрған дәуірінде әрқандай өмірдің басы мен ақыры» (Добролюбов), деп түсінуіне алып келеді.
Лир бүкіл мемлекетті екі қызының қолына тапсырғаннан кейін де, өзін ілгерідегідей билеуші деп біледі, жасақтарын сақтап қалғысы келеді. Бұл жағдай қыздарына ұнамайды. Бір қызымен араздасып, екіншісіне көшіп жүрген ожар Лир ақырында сарайдан қуылып, баспанасыз қалады және қысқа уақыт ішінде ащы шындықты аңғарып, айналасындағы әділетсіздіктерді, аштықты көреді және өз қателіктерін түсініп қатты азап шегеді.
Н.А. Добролюбов Лир образына түсініктеме бере отырып, оны теңсіздік белең алған қоғамның «сорлы құрбаны» деп атайды. Лирдің ең үлкен қателігі сонда, ол мал-дүниеден бас тартқанымен, биліктен айрылғысы келмейді, мемлекетті қолда ұстамай-ақ басқаруға болады, деп өз күшіне артық баға береді. Бұл қатесін ол өте кеш, көп қасіретті басынан өткізгеннен кейін ғана түсінеді. Мемлекет билігінен айрылған Лирге қатынас тез өзгереді. Ең алдымен бүкіл байлықты қолына алған және әкеге тәуелділіктен құтылған үлкен қыздары оның талаптарын тыңдамайды, өз биліктерін жүргізеді.
Лир — күрделі және көп қырлы образ. Оның күшті және әлсіз жақтары бар. Билеуші болған дәуірде ол әлсіз еді, өйткені ақиқатты айыра білмейтін. Кедей халге түскен соң Лир шындық пен жалғанды, әділдік пен әділетсіздікті аңдайтын болады, өзін еркін сезінеді. Тақ та, бақыт та енді оған жат болып көрінеді. Оның мінезінде пайда болған бұл өзгеріс үлкен қыздарына жиіркенішпен қарауында ғана емес, ал кіші қызы Карделияның алдындағы кінасын мойындауында байқалады. Лир образы Шекспирге бақыт пен байлық арасында қайғысыз өмір сүріп жатқан ат төбеліндей топ пен кедейлікте жасап жатқан сансыз халықтың қасіретін көрсетіп, ұлы гуманистік идеяларды бейнелеуге үлкен мүмкіндік берді.
Лирдің басындағы қайғыны толығырақ ашуда граф Глостердің тағдырын баяндайтын трагедияның екінші сюжеті ерекше маңызға ие. Король Лир отбасындағы оқиға Глостердің де жанұясында болады. Лир кіші қызын қуып жіберген еді, Глостер болса үлкен ұлы Эдгарды үйінен қуады. Лирдің жақсы көрген үлкен қыздары оған қарсы бас көтереді. Глостер болса өгей ұлы аяр Эдмундтан азап шегеді. Залым Эдмунд жазушының басқа трагедияларындағы Яго мен Ричард ІІІ-ге ұқсап кетеді. Даңққұмар, жауыз Эдмунд алдын ағасы Эдгарды ғайбаттап, оның үйден қуылуына себепші болады, соң әкесі Глостерді қаңғып қалған Лирге жанашырлық танытты деп айыптап, оның екі көзін ойып алып, үйінен қуып шығады. Осындай жолдармен мәртебе арттыруға ұмтылады.
Соқыр болып қалған Глостер қайыршы киімінде жүрген ұлы Эдгарға кездесіп, өзін жетекке алуын сұрайды. «Замана осылай: соқырларды қайыршылар жетектейді», дейді өзегін өкініш өртеген Глостер. Оның бұл сөздерінде терең мағына жатыр, әрине.
Король Лир мен граф Глостер тек ауыр азаптарды басынан кешіргеннен кейін ғана өзгереді; көздері зағип болғанымен ақ пен қараны айыра алатын дана адамдарға айналады.
Лир: Байғұс қайыршы қашып барады. Көрдің бе, достым, өкімет те сондай. Өкімет жүрген жерде өктемдік бар. Шынжырлаулы көк төбет те бір, қызмет бабындағы көп ұлық та бір.
Көшеде жүрген жезөкшені неге сонша сабайсың,
Өзіңнің соған әукең түсіп тұрғанда,
Онандағы дүрелемейсің бе өзіңді
Көңіліңе қашқаны үшін әзәзіл?

Жымысқыны дарға астырды алпауыт,
Жыртық көйлек жасыра алмайды күнәні,
Мауыт кисе – не сұмдық та түспес еді еш көзге.
Кей қылмысты алтынменен аптасаң,
Құрдай ұшып жорғалайды сот өзі,
Егер оны алба-жұлба қып ап барсаң, Кім көрінген көзге шұқып бітеді.
Бұл дүниеде айып тағардай ешкім жоқ, Бұл дүниеде айып тағардай қылмыс жоқ. Тығындай біл көмекейін басқаның
Қара дегеннің ақ болуы қас қағым.
Сондықтан да шатынаған
Көзіңе әйнек ки-дағы,
Көп көрсоқыр саясатшы секілді,
Көрмесең де, көрген болып көрін сен [2,344],-
деп мемлекет басына шығып алған, өз мүддесінен басқа ешнәрсені көре алмайтын «алаяқ саясаткерлерді» әшкерелеумен бірге, өзінің бұрынғы өміріне сын көзбен қарайды.
Байлық пен абырой арттыру жолында әрқандай зұлымдықтан бас тартпайтын Эдмунд «қылышы бар адамға мейірімділік жараспайды», деп тұтқынға түскен Лир мен Карделияны өлім жазасына кеседі. Гонерилья мен Регананы сүйемін, деп оларды сендіреді, апа мен сіңлі ортасындағы қызғаныш дұшпандыққа айналады. Гонерилья Эдмундқа қол жеткізу үшін жесір қалған сіңлісі Реганаға у береді. Бірақ ерінің қиянаты сезілген соң өзін өлтіреді. Глостердің үлкен ұлы Эдгар әкесіне, ағасына және герцогке опасыздық жасаған інісі Эдмундтың зұлымдықтарын әшкерелейді, азапта жатқан Лир мен Карделияны құтқаруға асығады. Бірақ бұл уақытта Карделияны дарға асып өлтірген еді. Парасатты қыздың өлімі әке үшін өте ауыр қайғы болатын. Лир Карделияның денесінің қасына құлап түсіп, жан тапсырады.
Трагедия кейіпкерлері бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі топтың өкілдері. Олардың бірі – мал-дүниеге құмар, рухани азғын, мейірімсіз Гонерилья, Регана, Корнуэль және Эдмунд, екіншісі — биік адамгершілік қасиеттерді өз бойларына жинақтаған Карделия, Кент, Эдгар, сайқымазақ, Лир мен Глостер. Олар — достық, адалдық және мейірімділік сезімдерін сезінетін жандар. Кемшілік көріп, сарайдан қуылған перзенттер мен қызметшілер өз адалдықтарынан жаңылмайды, олар тағы да Лир мен Глостерге жәрдем қолын созады. Мәселен, Кент кек сақтамай, өз киімін өзгертіп, қаңғып жүрген Лирге қайырымдылық жасайды, Карделия Франциядан әскер ертіп келіп, намысы тапталған әке құқығын қалпына келтірмекші болады. Эдгар болса, көзі ойып алынған сорлы әкесінің қайғысына ортақ болуға талпынады. Олар Лирге жанашырлық көрсеткенде, оған патша болғандығы үшін емес, ал азап тартқан байғұс жан ретінде аяушылық танытады. Лирдің сайқымазағы болса, бұрыннан қорлық көріп келген жан, оның образында халық даналығы бейнеленген. Ол Лирдің орынсыз әрекеттерін, үлкен қыздарының әділетсіздіктерін паш етеді және оған не істеу керектігіне кеңес береді. Жалпы, ол Лирдің өз қателігін тезірек түсінуіне себепші болады. Сайқымазақ корольдің барша байлығын екі қызына бөліп беріп, өзінде еш нәрсе қалдырмағандығын, қолында енді өкімет – құдірет жоқтығын оған түсіндіру үшін әсерлі сөздер таба біледі. «Сен саны жоқ нөлсің. Мен сенен жақсымын, өйткені сайқымазақпын. Ал сен ешкім емессің», «Егер сен менің ақымағым болғаныңда еді, ағатай, мен сені… уақытыңнан бұрын қартайып қалғаның үшін сабайтын едім», деп ол мемлекеттің бүлінуі нәтижесінде халықтың тыныштығы бұзылып кетуінен шошынады.
Шекспир сайқымазақтың сөздері арқылы өзінің терең мағыналы гуманистік пікірлерін білдіреді. Заман әділетсіздігін әшкерелеп, сайқымазақ былай дейді:
Қалпақ киіп жасырар
Зұлым ақымақ таз басын Зұлым емес ақымақ
Қинап қайтеді өз басын:
«Бер» дегенге – береді,
«Ер» дегенге — ереді;
Кещелігін ұялмай
Кемеңгерлік көреді [2,272]
Адал, пәк жүректі Кенттің ызалы сөзі мен сайқымазақтың даналық сөздері озбырларға қарсы ашық наразылық белгісі еді. Намысы тапталған және ар азабын тартқан бұл адамдар озбырлық алдында тізе бүгуді білмейтін жандар. Қылмыскер пенделер, атаққұмар және ақшақұмар Эдмунд, Гонерилья мен Регеналар ортасындағы қарсылық пен дұшпандық олардың күшін кемітеді және жеңілісін тездетеді.

ҚОРЫТЫНДЫ
Лирдің отбасында болған қасірет Глостер жанұясында да болуы кездейсоқтық емес . Бұл осы «дәуір рухына», алғашқы капитал топтау дәуіріне тән жағдай болатын:«… махаббат сөніп барады, — дейді қайғыға батқан Глостер, — достық ұмытылды, аға мен іні бір-біріне дұшпан, қалаларда, қыстақтарда ойран, сарай ішінде қастандықтар, әке-шеше мен перзенттерді мықтап ұстап тұрған туыстық жіптер үзілуде…»[3,301].
Жаңа туып келе жатқан капиталистік қатынастар, байлыққа құмарлық адамдар ортасындағы ең қасиетті байланыстарды – туысқандық, отбасы мен достық қатынастарды жаншып тастайды. Соның үшін адамгершілік идеяларды көтеретін таңғажайып образдарды Шекспир дүниеқоңыздықтан таза, пәк адамдар қылып көрсетеді. Бұл тұрғыда дана, сұлу, адал, ержүрек қыз Карделия образы жарқын бейнеленген. Трагедия соңында ол мерт болғанымен, Карделия қорғаған адалдық жеңіске жетеді. Жауыз ниетті адамдар жеңіліс табады. Бұл шығарманың оптимистік рухынан дерек береді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Шекспир В. Таңдамалы. 2 т. Ауд. Ерғалиев Х. – Алматы., 1983. – 454 б..
2. Кекілбаев Ә. Шығармалар жинағы. 12 т. . – Алматы, 2005. – 360 б..
3. Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиетінің тарихы. 3-кітап. – Алматы. «Бастау», 2015.-

Zh.N.Koblanov
Features of the images in the tragedy of William Shakespeare «King Lear»
Caspian state university of technology and engineering to the name Sh.Essenov,
Аktau, Kazakhstan Wonderful English masterpiece William Shakespeare in the tragedy «King Lear». Shakespeare cries the character of heroes and puts it in a medium-sized society.
Not a writer is always optimistic; ten believes in the future. Her poetic personalities are fighting for the sake of honesty, for the soullessness of the soul. Author authorizes analyze images of realistic tragedies.

Ж.Т. Кобланов
Особенности образов в трагедии Вильяма Шекспира «Король Лир»
Каспийский государственный университет имени Ш.Есенова, г., Актау, Казахстан
Художественное мастерство великого английского драматурга Уильма Шекспира в трагедии «Король Лир». Шекспир глубоко раскрывает характер своих героев и осуждает средневековое общество.
Но писатель всегда оптимичен, он верит в будущее. Поэтому его персонажи борються за справедливость, за духовную независимость. Автор статьи всесторонно анализирует образы реалистической трагедии.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *