ОҚУ МЕН ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІНДЕ ОҚУШЫ БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Б.К. Шагирбаева
PhD докторант, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: b_shagirbaeva73@mail.ru

ОҚУ МЕН ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІНДЕ ОҚУШЫ БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Мақалада оқу мен тәрбие үдерісінде оқушы бойында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастырудың мәселелері айқындалады. Жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып жасалғаны жайлы баяндалады. Ұлттық құндылықтарды меңгертуді қарастыра отырып білім алушылардың бойында ұлттық сана-сезім мен отаншылдық қасиеттерді сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу мәселелері қарастырылады.

Тірек сөздер: оқу, тәрбие, ұлттық құндылықтар, оқу бағдарламасы, әдістеме,жаңғыру, үрдіс.
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру зайырлы, азаматтық және ұлттық құндылықтардың адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуы, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі қағидасы. Демек, жалпы білім беру жүйесі алдында ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуының жоғары деңгейіндегі, инновациялық экономика жағдайында табысты еңбек ететін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу міндеті тұр.
«2018-2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатта мұғалімдерге көмек ретінде оқу процесін ұйымдастырудың қазіргі заманғы тәсілдері, әдістеріне сипаттама ұсынған. Солардың бірі – «Құндылықтарға бағытталған тәсіл».
Құндылыққа бағытталған оқу процесі білім алушының бойында жалпыадамзаттық, ұлттық және тұлғалық құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Құндылықты бағдарлау – тұлғаның өз әрекетінде жекелеген құндылықтарды (құндылыққа бағдарлану қабілеттілігі) бағдар ретінде таңдап алу қабілеттілігі (қасиеті), сондай-ақ оларды өзінің жеке әлеуметтік маңызды құндылықтары ретінде сезіне және қабылдау қабілеттілігі.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Құндылықтарды іске асыру құндылықтардан шығатын талаптарға сай болу және күнделікті өмірді сол талаптарға бағындыру. Құндылықтардың мәні бір қоғамның сәтті әрекет етуі үшін қажетті ережелерді, дағдыларды, өмір салтын, мінез-құлық мәнерін қалыптастыруда көрінеді.
Жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілерін басшылыққа алып жасалған.
Дәл бүгінгі таңда жаһандану дәуірінің ұлттық құндылықтарға төндіріп тұрған қаупі үнемі қаперде болуы ескеріліп, бүкіл ұлттық құндылықтардың ұйытқысы қазақ тілін оқытуда басшылыққа алынған тенденциялар, оларды жүзеге асыру жолдары мен тірек қағидалары мыналар:
1) қазақ тілін оқытуды мемлекеттің даму стратегиясымен бірлікте қарау;
2) тілді оқытуды белгілі бір пәндік дағдыларға емес, білім алушының тұлғалық қабілеттерін дамытуға бағыттау;
3) тілдік білім мен біліктерді ХХІ ғасыр адамының бойында сөйлеу және ойлау мәдениетін және адамгершілік мәдениетті қатар дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін бейімдеп, құзіреттіліктер қалыптастыруға бұру;
4) тілді ұлт болашағының мәдени иммунитетін қалыптастырудың тетігі ретінде оқыту. Тілге деген жауапкершілік пен патриотизмді тәрбиелеуге жаңа прагматикалық көзқарас тұрғысынан келу, тілді оқытудың құндылықтық бағдарын сабақ барысында күшейту[1].
Шын мәнінде, оқушылардың құндылық бағдарын қалыптастыру озық әрі көп жұмысты қажет етеді. Орта буынға келген оқушының әлеуметтік ортасы, отбасы, балабақша, орта буында әсер еткен жағдайларға қатысты азды-көпті құндылық бағдары болады. Көп жағдайда ол сапалы білім алу, мектепті нәтижелі аяқтау, жоғары орнына тапсыру, спортта немесе өнер саласында жетістіктерге жету, ата-ана үмітін ақтау сияқты сипатта болады. Бірақ қоғам талабы бұл мәселелермен шектелуді аз санайды. Өйткені жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықты басым ұстайтын мықты рухани діңгек, сенімді рухани байлық қажет.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде құрастырылған оқулықтардың мәтіндерінде интернет желісінен алынған материалдардың берілуі қоғамдық резонанс тудырған болатын. Себебі оқулық пәнді оқытуда оқушының дүниетанымдық, елтанымдық, патриоттық, антропологиялық, аксиологиялық әлеуетін дамытуға жағдай жасайтын құрал.
Осы ретте, жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде құрастырылған 6 сынып оқушыларына арналған Т.Н.Ермекова, Ж.К.Отарбекова, Г.Б. Тоқтыбаева авторлығымен жарық көрген «Қазақ тілі» пәні оқулығының мәтіндерін алып, аксиолингвистикалық талдау жасай отырып, қазіргі мәтіндерінде кездесетін ұлттық және отбасылық құндылықтарды қарастырған жөн.
Аталған оқулық 208 беттен, 10 бөлімнен тұрады. ІІ-бөлім ұлттық және отбасылық құндылықтарды танытуға арналған кішігірім тақырыпшалардан тұрады. Олар: «Ұлттық құндылықтар бастауы», «Туған жер – тұғырым», «Тіл – халық қазынасы», «Қазақтың салдәстүрі – ұлттық құндылығы», «Туған тарихың – түп тамырың», «Ұшқан ұя», «Әке – тірегің, ана – жүрегің» және «Ұл – ұлт болашағы, қыз – ұлт намысы» [2].
Әр тақырыпқа сәйкес қысқа мәтіндер берілген. Тақырыптық жағынан қарастыратын болсақ, оқулықтың мазмұнының өзі адамзат үшін маңызды құнды тақырыптар аясында құрастырылған.
Оқулықтың мәтіндік-ақпараттық мазмұнына талдау жасай келе, авторлар өзіміздің ұлттық сипатымыз бен ерекшеліктерімізді айшықтайтын және ұлтымыздың тарихынан, мәдениетінен рухани нәр алатындай ұлттық құндылықтарды таңдауды әрі оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұғынықты етіп етіп баяндауды үнемі ескеріп отыратындығын байқаймыз.
Мысалы: «Рухы биік, парасаты мол ата-бабаларымыздың арқасында қазақ ұлты көп нәрсеге ие болған. Олар мыналар: асты-үсті байлыққа толы ұлан-байтақ жер; ең әдемі, біртұтас бай тіл; ежелгі ұлттық әліпби. (Күлтегін жазбалары); табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге бағыттайтын қазақтың ежелгі салт-дәстүрі, әдетғұрыптарымен үндескен ислам діні. Сонымен қатар қазақты қазақ еткен – атаға, руға топтасу негізінде құрылған шежірелік жүйесі. Ұлттық құндылық дегеніміз – рухани байлық, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мақсат-мүдделер. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау-бәріміздің парызымыз.(«Мәдениет» журналы»)[2,21-б.]; «Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дарқан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл… (Г. Бельгер)[2,25-б.]; Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен. Әсіресе сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы мен өткірлігі, тапқырлығы таңғалдырады (В.Радлов)[2,26-б.]; «Дәстүр дегеніміз – халық пен қоғамдық ұйымдардың мінез-құлқы, іс-әрекеттерінің рухани негізі. Дәстүр – тарих барысында қалыптасып,ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрып, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік, мінез-құлық қалыптары. Дәстүр адамдардың өмірлік қарекетін реттеудің маңызды факторы болып қызмет етіп, тәрбие негізі болып табылады» (Қазақ энциклопедиясы)[2,27-б.]; «Ұлтты рухтандырып, оның ішкі-сыртқы келбетін көрсететін сипаттарының бірі – дәстүр. Ол да тіл сияқты ұлттың қанында, жанында, рухында жүретін, ұлт үшін аса қажетті, қасиетті нәрсе.Ұлтты рухтандырып, оның ішкі-сыртқы келбетін көрсететін сипаттарының бірі – дәстүр. (М. Арын)[2,28-б.]; «Жастардың бүгінгі міндеті – оқу, білім, тәрбие жұмтары. Сондықтан жастардың жалпы назары мектепке аударылуы керек (Ғ.Мұратбаев)[2,30-б.]; «Ата-анасын ардақ тұту, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармау – жас ұрпақтың адамшылығының белгісі. Қазақы отбасында ата-ана – шаңырақтың шамшырағы, отбасының ұйытқысы»[2,33-б.]; «Ата-бабамыз ұл баланы ел қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуға, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ал қыз – өмірдің гүлң, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Нәзіктік пен инабаттылықты әрбір қыздың бойына сіңіріп өсірген.(Қазақ газеттерінен);Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін! М. Жұмабаев» [2, 35-б.].
Білім берудегі аксиологиялық (құндылықтық) бағытта жас ұрпаққа ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгерту, адамгершілік құндылықтар негізінде адам тұлғасын жетілдіру, оның әлеуметік қатынастарға икемделу мәселелері мағызды мәселе.
6-сынып оқулығында берілген мәтіндері негізінде оқушылардың құндылық бағдарын қалыптастыратын жетекші сұрақтар мен тапсырмалар беріліп, ол оқытудың жаңа әдістәсілдері арқылы іске асады. Мысалы: 1. Қазаққа тән ұлттық құндылық дегенді қалай түсінесіңдер? «Көздің қарашығындай сақтау» дегенді қалай түсінесіңдер? Өз жерлеріңе деген сүйіспеншілікті қалай білдірер едіңдер? 2.«Герольд Бельгер – ұлт жанашыры» тақырыбында эссе жазыңдар. 3.«Егемен елдің ұрпақтары қандай болуы керек?» тақырыбына сұхбаттасыңдар. 4.«Мюнстенберг» әдісімен жылдам оқи отырып, сөздердің астын сызып, шыққан сөздерге үш мысалдан келтіріңдер. 5.«Мен қандай боламын?» тақырыбына сипаттамалық эссе (сөз саны-100)жазыңдар. 6.«Болжау» стратегиясымен өсиет сөзді жалғастырып, диалог құрыңдар. 7. Жоғарыда берілген өсиеттерді негізге алып, қыз бала туралы «Бес тармақ» тәсілімен «Бесжолды өлең» құрастырыңдар. 8. Сабақта өткен тақырып бойынша сыныптасыңа «Конверттегі сұрақ» дайындаңдар. 9. «Артық болмас білгенің» айдарымен берілген мәтінді түсіндірме (комментарий) жасау арқылы оқып, «Тамаша идеялар», «Кластер», «Ақпаратты сүзіп алу» әдістерімен түсіндіріп, ой бөлісіңдер.
Әр баланың ішкі қабілеттіліктері, мүмкіншіліктері, жас және дербес ерекшеліктері, жеке бір қайталанбас әлем ретінде қабылданады. Тәрбиелеу және оқыту барысында әр баланың тұлғасын дамытуға арналған қолайлы жағдайлар, оқушының өзін-өзі іске асыра алуына көмектесетін әдіс-тәсілдер қолданылуы кажет.
Осындай үлкен міндет алдында тұрған кезде елдің ұлтжанды азаматын тәрбиелеймін деген кез келген ұстаз әлемдік және ұлттық негізде жеке тұлғаны дамыту үшін барлық жағдайларды жасап, нақты нәтижелерге жұмыс істеуі қажет.
6-сынып «Қазақ тілі» (Жолшаева М., Отарбаева Ғ., Нұрманова Г. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық) оқулығында «Ұлттық және отбасылық құндылықтар» бөліміне «Отбасы – тәрбие мектебі» және «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» атты айдарлар арнайды [3].
«Отбасы – тәрбие мектебі» тақырыбы айдарында ұлы тұлғаларымыз Абай Құнанбаев, Рабиға Сыздықова, Әбдуәли Қайдар және Бауыржан Момышұлын таныстыру мақсатындағы мәтіндер мен тапсырмалар бар. Мысалы: «Азамат мүшелінің алды осы» деп Б.Момышұлы қай жасты атап көрсеткен»[3, 30-б.]; «Тілші ғалымдар Р.Сыздық пен Ә.Қайдардың еңбектері туралы ақпарат жинаңдар»[3, 34-б.]; «Абайдың оқудан оралуы, Зере әженің бесік жыры және Әбіштің елге оралуы» мәтіндерін негізге ала отырып,Абайға мінездеме жазыңдар[3, 38-б.]; «Ә.Қайдардың «Халық даналығы» кітабынан отбасындағы тәрбиеге қатысты бес мақал-мәтелді таңдап алып, мағынасын ашып жазыңдар[3, 39-б.];
Оқу мәтіндерінде кездесетін «қазірет», фатиха, көшелі, үлкен үй, құт қону, бақыт тілеу, ана құшағы, жүрек жұтқан, тәлім-тәрбие, көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра, көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың, төрелік сұрау, көненің көзі, билік айту, үлкенге жүгіну, жол қысқарту» т.б. көнерген сөздер, тұрақты сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, метафоралар мен теңеулер аксиологиялық стратегияларды айқындауға қызмет етеді. Ұлттық құндылығымызды тұрмысымызда, халықтың рухани өмірі, танымы, болмысы тұрғысынан бағамдауда, оқушылардың бойында, мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінде көрініс беруін мақсат етеміз.
Ұлтты рухтандырып, оның ішкі-сыртқы келбетін көрсететін сипаттарының бірі – дәстүр. Ол да тіл сияқты ұлттың қанында, жанында, рухында жүретін, ұлт үшін аса қажетті, қасиетті нәрсе. Оқулықтың өн бойынан ұлттық және отбасылық құндылықтарды таныту мағынасы айқын көрініс табады.
Б. Әрінова, Г. Раева, Г. Кәрімова, Л. Жұмекеновалардың авторлығымен дайындалған 6сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында «ұлттық және отбасылық құндылықтар» бөліміне «Ұлттық құндылықтар – ел қазынасы», «Ана тілім – айбыным», «Ел тарихы – ұлттық құндылық», «Отбасылық құндылықтар» тақырыптары айшықталады [4].
Оқулықта оқушылардың меңгерген ұғым түсініктерін сыни тұрғыдан бағалауға, құндылық қатынасын білдіруге жетелейтін жұмыс түрлері қарастырылған. Ұлттық құндылықтар туралы жан-жақты мәлімет беру және сол құндылықтарға сәйкес қажеттіліктерді туғызу жолдары қарастырылған. Мысалы, Күләш Ахметованың «Қазақстаным» өлеңін қарасөзге айналдырып жаз. «Тіл-ұлттық құндылық» тақырыбында ойыңды жинақтап, монолог құрастырып айтып бер. Тәуелсіздік күніне арналған құттықтау хат жаз. Мақалдарды пайдаланып жинақы мәтін жаз.Туып-өскен жеріңді, ата-бабаларыңның мекенін көркейту үшін не істер едің? Жауабыңды өмірлік жағдаяттармен байланыстыр.М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңінің толық нұсқасын тауып,өлеңдегі құндылықты білдіретін ұғымдарға өз анықтамаңды ұсын. «Ұлттық тіл – халық тарихының куәгері, деректі көзі, ұлттық руханияттың ажырамас бір бөлігі» деген сөйлемді негізге ала отырып, тілдің құндылық екенін дәлелде. «Ұлттық құндылықтар» тақырыбына мына сөйлемдерді (Отанға қызмет ету – біздің парызымыз; Елін, жерін сүйетін адамды патриот деп атайды; Ана тілін ардақтайық!; Туған тарих – өткеннің белгісі; Салт-дәстүр – ұлттық құндылықтардың бірі) қолданып, жинақы мәтін құра[4,26-
44-б.];
Оқулық мәтіндері мен тапсырмалары арқылы кез келген білім алушы ұлттық құндылықтарымызды барынша бойына сіңіріп, эстетикалық сезімі артып, адамгершілік қасиеттері жоғарылайды. Олардың әлеуметтік-мәдени құзіреттілігі қалыптасып, өз ойын көркемдеп, жинақтап жеткізе білетін, сөздің астарлы мағынасы мен көркем ой үзінділерін түсіне біліп, оны сөйлеу барысында қолдана алатын тұлға қалыптастыруға көмектеседі.
Педагог-ғалым Т.М.Әбдікәрім:«Өзінің ұлттық құндылығын түсінбеген оқушы, ғаламдық құндылықты бажайлай алмайтынын түсіндіру артық демекпіз. Патриоттық сезімде тәрбиелеудің бірден-бір мүмкіндігі – төл оқулықтар. Сол себепті құрастыратын мәтіннің алғашқы теориялық субстанциясы, тірегі – ұлттық мүддені танитын теорияны табу, соның негінде оқулық құрау. Таным теориясының алғашқы шарты – мәтіндердің уағызға бағытталуынан гөрі оқушылардың ойлауын қалыптастыратын жұмысқа қызықтыруында»,деп оқулық мәтіндерінің мазмұны мен мәніне жоғары талап қояды[5]. Олай болса, оқулықтың мақсаты – ұлттық мүддені көздеу, елжандылықты дарыту, білімді ұлттық негізде меңгеріп, оны ғаламдық деңгейге ұштастыру.
ҚОРЫТЫНДЫ
Оқушыларға қазіргі заманға сай сапалы білім берумен қатар дарынды, сауатты, парасатты, жан-жақты дамыған, ой-өрісі кең, әлемдік, ұлттық, отбасылық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі.
Әдіскер ғалым Ш.Қ. Құрманбаева: «…жас жеткіншектің тұла бойына жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңіру әрбір тәрбие, сынып сағаты, пәндік сабақтар арқылы, орталықтар мен үйірмелердің атқарған әрбір іс-шарасы арқылы ұдайы, жүйелі түрде жүргізіліп отыруы шарт»,- деген пікір білдіреді [6].
Еліміздің келешегі – жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, салауатты, жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азаматты тәрбиелеуіміз тиіс. Өйткені, ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойы асыл арманы болып келген «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асырушы, ол, әрине жас ұрпақ.
Сол себепті, біліммен бірге жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырған дені сау, рухы биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер ұрпақты тәрбиелеу мақсат етіледі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 2018-2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2018. – 368 б.
2 Ермекова Т.Н., Отарбекова Ж.К., Тоқтыбаева Г.Б. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2018. – 208 б.
3 Жолшаева М., Отарбаева Ғ., Нұрманова Г. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2018. – 202 б.
4 Әрінова Б., Раева Г., Кәрімова Г., Жұмекенова Л. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Ата-мұра, 2018. – 236 б.
5 Әбдікәрім Т.М. Білім және тәрбие берудің негізі – оқулық.//Тіл білімі.-Астана, 2008.- 110-115-б.
6 Курманбаева Ш.К. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы // «Қазіргі заманғы қоғам дамуы аясында жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру» атты ҚР Тәуелсіздігінің 25жылдығына арналған халықаралық сырттай ғылыми тәжірибелік конференция материалдары. –Өскемен, 2017. – 131-135б.

Б.К. Шагирбаева
Cпособы формирования национальных ценностей в процессе обучения и воспитания ученика
Кокшетауский государственный университет имени Ш. Уалиханова,
Кокшетау, Казахстан
В статье определены вопросы формирования системы национальных ценностей в процессе обучения и воспитания. Стандартная учебная программа для обновленного контента основана на национальных и духовных ценностях. С учетом изучения национальных ценностей будут изучаться вопросы воспитания высокообразованных людей, обладающих чувством национального самосознания и патриотизма, ответственных за судьбу своей страны.

B. Shagirbaeva
Ways of formation of national values in the process of teaching and education learning
Sh.UalikhanovKokshetau State University,
Kokshetau, Kazakhstan
The article defines the issues of formation of national values system in the process of education and upbringing. The standard curriculum for updated content is based on national and spiritual values. Considering the study of national value the students will consider the issues of education of a person responsible for national fate and national consciousness and patriotism.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *