Е.Б. Абдимомынов докторант, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы қ.,
Қазақстан, edil889@mail.ru
М. ӘУЕЗОВТІҢ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ-ТОЛҒАМДАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
Мақалада қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің әңгімелеріндегі философиялық ойтолғамдардың танымдық сипаты бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша зерделеніп, ұлттық дүниетаным тұрғысынан терең теориялық талдаулар жасалады. Ұлы жазушының әңгімелеріндегі көтерген басты идеясы гуманистік сипатта көрініс беретіндігі жіті сараланып, ұлы ақын Абай мен шығыстық данышпан Конфудзының ізгілік туралы ілімімен сабақтастырыла баяндалады. Ол үшін ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы тарихи жағдайларға шолу жасалынып, тақырыптың зерттеу ауқымы кеңеие түседі. М.Әуезовтің 1920 жылдар мен 1930 жылдары жазған әңгімелерінің мазмұндық, тақырыптық-идеялық сипатындағы ерекшеліктер де өзара ажыратылып, жан-жақты талданады. Сонымен қатар, ұлы жазушының көркем әңгімелеріндегі кейіпкерлердің жан дүниесіндегі түрлі психологиялық көріністердің табиғат құбылыстарымен салыстыра отырып суреттеу шеберлігіне ерекше назар аударылып, салыстырмалы әдіспен сараланады. Түптеп келгенде жазушының әңгімелеріндегі философиялық ой-иірімдердің дәстүрлі қазақ философиясында негізделген өмірмәндік сипаты ғылыми тұрғыда зерделенеді.
Кілт сөздер: әңгіме, философиялық ой, адамгершілік, таным, өмірдің мәні.
КІРІСПЕ
Қазақ әдебиетінің классигі, заманының заңғарына айналған ұлы жазушы М.Әуезовтің шығармалары ұлттық шеңберден биікке көтеріліп, адамзаттық мәдениеттің алтын қорына кірген қымбат қазына. Сондықтан, қазіргі таңда ұлы жазушының шығармашылығына қатысты көптеген іргелі зерттеу еңбектерінің баршылығына қарамастан оның көркем шығармалары жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің нысанына айналып келеді. Әсіресе ондағы философиялық ой-иірімдердің танымдық сипатын айқындаудың маңызы зор болып табылады. Себебі, М.Әуезов шығармаларында көтерілген басты идеялар күллі адамзат баласының ортақ ізгілік, адамгершілік, имандылық, қарапайымдылық т.б. қасиеттердің өмірдегі қолданысының шынайы көрінісін бейнелеумен ерекшеленеді. Шығыстың әйгілі ұлы ойшылы Конфудзы «Ізгілік – адам үшін от пен судан керегірек. От пен судан өлген кісілерді көрдім, ізгіліктен үзілген ешкімді көрмедім» [1, 148] — деп адам баласының бойындағы ізгілік қасиеттің мәні мен маңызын ерекше атап көрсеткен. Сондықтан, М.Әуезов өз шығармаларына арқау етіп ұстанған негізгі «ізгілік» идеясы жалпыадамзаттық сипатқа ие рухани қайнардың көзі. Өзінің жазушылық жолындағы тырнақалды туындылары мақалалары мен әңгімелерінде осындай ауқымды идеяларды көтерген қаламгердің болашақта әлемнің Әуезовіне айналуының бірден бір себебі де осында жатса керек.
М.Әуезов ХХ ғасырдағы қазақ халқының философиялық, қоғамдық, әлеуметтікпсихологиялық және адамгершілік коллизиясын өзінің шығармаларында негізге ала отырып, оның рухани өсуіне зор ықпал етті. Оның аса бай рухани мұрасы өз заманындағы ойшылдар мен идеологтардың, қоғам мен қалам қайраткерлерінің санасына философиялық тереңдігімен, эстетикалық көпқырлылығымен, психологиялық қайшылықтарымен қозғау салып, өмірлік ақиқаттарға өзгерістер енгізді. Осыған орай, бүгінгі күні қаламгердің шығармаларына философиялық таным тұрғысынан жаңаша теориялық талдаулар жасап, заманауи әдіс-тәсілдер арқылы оқып-үйренудің маңызы зор болмақ. Бұл туралы белгілі Мұхтартанушы ғалым, профессор Г.Пірәлі «Қазіргі Мұхтартану» атты монографиялық еңбегінде «М.Әуезов шығармашылығының әр заман талабына сай интерпретациялануы – біздің жас ұрпағымызға ұғынықты болуы мен дүниетанымды кеңейтудегі философиялық құнарын жоғалтпаудың жолы» [2, 4] — деп ерекше атап көрсеткен.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
М.Әуезов қазақ қаламгерлері мен зерттеушілерінің арасында философия тақырыбына алғаш рет арнайы қалам тартқан бірегей тұлға. Оны жазушылық қызметінің айқындала бастаған алғашқы жылдары ақ 1918 жылы Ж.Аймауытов пен бірігіп шығарған «Абай» журналының беттерінен байқауға болады. Сол кездеге солақай саясаттың әсіреқызыл идеологиясының салдарынан «ұлтшыл» деген айып тағылып небары 12 саны ғана жарыққа шығып қайта жабылған бұл журналда М.Әуезовтің алғашқы философиялық ой-иірімдері қалыптасқан мақалалары жарыққа шығып үлгерген. Мәселен, осы «Абай» журналының №3 санында болашақ ұлы жазушының «Философия жайынан» атты көлемді мақаласы жарияланған. Онда жас қаламгердің аса зеректігі ерте байқалғандығы сонша әлемдік деңгейдегі ірі ойшылдармен салыстыруға тұрарлықтай ойлар айтылған. Мақалада «Философия шыннан шынды туғызып һаман ізденетін жолда әуелгі ашпақ сыры дүниенің ең жоғарғы негізін таппақ, қайдан жаралғанын шешпек. Екінші, адамның жанын, ішкі қалпын тексермек, үшінші, адамның дүниеге келген мақсұтын тексермек» [3, 52] — деп даналыққа құштарлықты қалыптастырып бүгінде бүкіл ғылым атаулының атасы саналып келе жатқан философия ғылымының негізгі әрі басты мақсатын айқындап берген. Ұлы жазушының ойынша философия дүниенің негізі мен адамдардың өмірге келгендегі басты мақсатын айқындайтын бір сөзбен айтқанда өмірдің мәнін түсінуге талпыныс жасайтын ғылым. Бүгінде біз бұл пікірді белгілі философ ғалымдар Ә.Нысанбаев пен Ғ.Есімнің де еңбектерінен кездестіреміз. Ол туралы аталмыш ғалымдар қазақ халқының философиялық дүниетанымын зерттеу бағытындағы жұмыстар жаңа басталған кезеңнің өзінде-ақ: «қазақ философиясы – «өмір сүру философиясы», яғни рухы жағынан қазіргі экзистенциализмге жақындау» [4, 144] — деп атап көрсеткен. Демек, өмірмәндік мәселенің жалпы философиялық мағынасын түсіндіріп қана қоймай, қазақ философиясының осы терең экзистенциалдық мазмұнын, халқымыздың өмірмәндік ұғымдарының құндылығын ашып көрсетудің маңызы зор. Осы мәселені М.Әуезов сонау ХХ ғасырдың басындағы тырнақ алды туындыларында ескеріп, ол туралы зерттеу мақаласын жазуы ерекше құбылыс болды. Философия шындығында өмірді тек түсіндірумен шектелмейді. Ол өмірлік құндылықтардың астарлы мәнін анықтауға талпынады және оларды өмірде қолдануға ұмтылады. Осы ғылыми функциясын орындау мақсатында философия бірнеше бағыттарға бөлінеді. Ол бағыттардың арасындағы негізгі айырмашылықтар осы мәнділікті, адамның әлемдегі орны мен міндеттерін түсінудегі өзгешеліктерге байланысты [5, 67]. Қазақы дүниетанымға жақындау болған экзистенциализм осы мәнділікті қарастыратын негізгі бағыттың бірі.
Өз әңгімелерінде түрлі саладағы тағдырдың тауқыметіне түскен адамдар мен қатар жаңа заман адамдарының образдарын жасау арқылы ескі мен жаңаны салыстырып, қазақ дүниетанымының басты ерекшелігі ізгілік, адамгершілік идеясынан бастау алатындығын көрсетеді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бүлінген қоғамның кертартпалығы мен жаңаны жатсынуын бейнелеп, қорғансыз бейшара адамдамдардың тағдырын терең түсініп трагедиялық образдарды молынан тудырды. Сол себепті де М.Әуезовтің әңгімелерінің бір парасы біріңғай трагедияға құрылған туындыларға айналды. Шығарма тақырыбы, оқиға барысы, сюжеттік желісі, кейіпкерлер арасындағы тартыста қарама-қайшылықтар кездесіп зұлымдық, жауыздық, озбырлық үстемдікке шығады. Бас қаһармандар қайғылы халге ұшырап, оқиға трагедиямен аяқталады. «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза, «Жетімдегі» Қасым, «Кім кінәлідегі» Ғазиза, «Оқыған азаматтағы» Мақсұттың шешесі, «Қыр суреттеріндегі» Рабиға т.б. кейіпкерлер жазушының ішкі жан тебіренісі мен ауыр ойтолғауынан туған осындай кейіпкерлер. Әр кейіпкердің образын сомдап тағдырын тереңінен баяндайтын шебер қаламгерге мұндай бейнелерді жасау оңайға түспегендігі анық. Өз әңгімелерінің сюжеттік желісі мен басты идеясына арқау болатын негізгі факторларды өмірдің шынайы құбылыстарынан алып отырған реалист жазушының жасаған кейіпкерлері заман сұранысы мен өткен өмір ағымынан туған образдар. Олай дейтініміз М.Әуезов біріңғай әңгіме жазуға келмес бұрын қазақ халқының өткен тарихын тиянақты зерделеп зерттеу мақалалар жазып, ертегі, аңыз әңгімелерді ел арасынан жинақтап жазған. Қажетті деректерді жинақтау ісінің басын халқымыздың бай ауыз әдебиетінен бастаған. Халық жадында сақталып ауыздан-ауызға тараған үлгілерді теріп Алдар көсе, Асан қайғы, Жиренше, Қорқыт секілді қайраткерлерді аңыз-әңгімелерінің басты қаһармандары еткен. Ал ертегілерді жинақтап, жүйелеуде қазақ қаламгерлерінің алғашқыларының бірі болып «Хиалғажайып ертегілер», «Хайуанаттар жайлы ертегілер», «Салт ертегілер» деп бөліп ғылыми негізде жіктеп берді. Ел аузында көнеден келе жатқан жыр-дастандар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» жырларын жазып, импровизаторлық өнердің шыңы айтысты жете зерделеп «Айтыс өлеңдері», «Ақындар айтысы» деп түр-түрге бөліп ғылыми тұжырымдар жасады. Қазіргі ұлттық әдебиетімізде «Хандық дәуір» деп аталып жүрген үш жүз жылдан астам уақытты қамтитын кезеңде жыраулар поэзиясын зерделеді. Бұл ұлы жазушының ізденімпаздық жолында қарастырған алғашқы тың деректері еді. Іздену жолының келесі баспалдағында халқымыздың озық ойлы кемеңгер ұлдары мен қайраткер тұлғаларының еңбектерін қарастырып, олармен танысуға арнады. Бұл орайда қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов пен ағартушы Ы.Алтынсариннің еңбектерін кеңінен қарастырды. Қазақ халқының көптеген тау тұлғаларының өмірі мен тарихи іс-әрекеттерін жете зерттеп танысқан болашақ ұлы жазушы өз шығармаларына басты қайраткер ететін үлкен екі алып дарын иесін де осы кезде таңдап алды. Оның бірі қазақ елін ашықтан-ашық отаршылдыққа қарсы қару алып күреске бастап шыққан соңғы ханы Кенесары хан болса, екіншісі қазақ руханиятын жаңа арнаға алып келген ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы болды. М.Әуезовтің шығармашылық ғұмырбаянын саралағанда осы екі тұлғаға қатысты еңбектері ерекше назарға ілігеді. Алғашқы қаһарманы Кенесары ханды бірнеше жыл зерделеп әйгілі «Хан Кене» пьесасын жазды. Ол үшін қатаң бақылауға алынып, қуғынға ұшырап, тіпті соңында қамауға алынғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, абақтыдан шартты мерзімге босап шықаннан кейін бұл қаһарманынан басты кейіпкер жасаудан қол үзуге мәжбүр болды. Ендігі жазушылық биігінің асқар шыңына шығуға шамшырақ болатын тұлға ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы болғандығын жете түсінген жазушы Абай тақырыбына аса сақтық пен, тянақты зерттеумен, астарлы символизммен келді. Осы жолда аянбай тер төгіп, шебер шығармашылық жасап, күрескерлік танытты. Нәтижесінде «Абай жолы» секілді алып роман-эпопеяны дүниеге алып келді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Біздің қарастырып отырғанымыз негізінен ұлы жазушының көркем әңгімелері болғандықтан жазушының осы жанрдағы туындыларына арқау болған оқиғалар мен басты кейіпкерді Абаймен байласыты тұстарын ғана зерделеуді жөн көрдік. Дәлірек айтқанда М.Әуезов әңгімелерінің ұлы ойшыл Абай өмір сүрген заманымен байланысты деректерін қарастырдық. Себебі, М.Әуезов ғұмыр кешіп көркем әңгімелерін жазған ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде халқымыздың қоғамдық өмірінде орын алған тарихи оқиғалардың басы Абай заманынан, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған еді. Ол отаршылдық қамыттың қатайып шегіне жетіп, халықты бұратана ету мен бөліп алда билей бер секілді сұрқия саясаттың іске асып жатқан уақыты болатын. Сол уақытта күшейіп халықты жан-жақты отарлауға жедел көшкен солақай саясаттың аяғы 19321933 жылдары қолдан жасалған аштық пен 1937-1938 жылдардағы репрессияға алып келді. Абай заманын түпкілікті зерттеген кемеңгер жазушы М.Әуезов сол заман туралы терең толғанысын былайша түйіндеп жазды: «Халықтың жерін алып, мал-мүлкін әр жолмен талап, еселеп алым-анжылар алып жатқан өкімет, сол халықтың қамы үшін бір де бір әрекет етіп көрген емес. Қараңғы, надан бұратана елдің ортасына мектеп ашып, ағартушылық іс жүргізу, дертін емдейтін емханалар орнату, тағы басқа сәл ғана болса да, әралуан мәдениет елесін беру дегеннің бір де бірі болмайтын» [6, 11]. Бұл ұлы суреткердің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің қоғамдық өміріне берген ғылыми-тұжырымды бағасы. «Қаралы сұлу», «Оқыған азамат», «Кінәмшіл бойжеткен», «Кім кінәлі?», «Қасеннің құбылыстары» секілді әңгімелерінде ұлы жазушынының астарлап көрсеткен қазаққа жат мінездері мен бүлінген қазақ қоғамын суреттеудің басы осы заманда жатқандығын аңғарамыз. Бұл әңгімелерде құбылмалы психология, қазаққа жат әдет-ғұрып, салт-сананың көрініс тауып соңында басты кейіпкерлер сан қилы ауыр тағдырға ұшырайтындығы отар болып ұлттық дүниетанымы бүлінге елдің тағдырымен пара-пар оқиғалар.
Жалпы М.Әуезов мазмұны мен тарихы терең көлемді әңгімелерді жазуды 1921 жыл «Қорғансыздың күнінен» бастап 1947 жылы жазған «Асыл нәсірдерге» дейін жалғастырған. Осы аралықта барлығы 30-дан аса көлемді әңгімелер жазған. Бүгінде Мұхтартанушы ғалымдар бұл әңгімелерді үлкен екі топқа бөліп қарастырып жүр. Оның алғашқысы 1920 жылдары қарапайып ауыл өмірі мен сондағы қарапайым амдардың тұрмысын тереңінен суреттеп жазған әңгімелері болса, екінші жаңа қоғамды, ұжымды суреттеген 1930 жылдардағы әңгімелері. Әңгімелерінің бұлайша екі топқа жіктелуінің де өзіндік себептері бар. Ол ұлы жазушының шығармашылық ғұмырбаянындағы қиын-қыстау кезеңмен байланыстырылады. 1930 жылы жазушыға түрлі айыптар тағылып абақтыға жабылып одан шартты мерзімге 1932 жылдың сәуір айынан бастап босанғаннан кейінгі өмірінде жазған әңгімелері мазмұндық жағынан өзгеріске түсті. Оған қаламгердің әйгілі «Ашық хатынан» бастап бірнеше факторлар әсер еткендігін бүгінгі тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдар айтып та жазып та жүр. Алматы қаласындағы қазіргі Тастақ ықшам ауданының маңындағы арнайы салынған тас қапаста отырып, содан босап шыққан ұлы қаламгер 1932 жылдан бастап Алматы қаласында тұрақтап қызмет атқарды. Осы уақытқа дейін Алматы қаласына келіп кетіп тұрғаны болмаса, ұзақ тұрақтамаған болатын. Бұл да арнайы НКВД-ның тапсырмасы бойынша әдейі қатаң бақылауда ұстау үшін жасалынған әрекеттің бірі еді. Осы уақыттан бастап М.Әуезов сол кездегі қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны Қазақ педагогикалық институтына оқытушылық қызметке орналасады. Мұнда 1932-1934 жылдар арасында екі жыл бойы қазақ әдебиеті мен Орта Азия халықтары әдебиетінен дәрістер оқыды. Ұстаздық қызмет еткен жылдары жазушылықтан, шығармашылықтан бір сәтке де қол үзбеген жазушы осы уақытта шығармашылық жолын жаңа қырынан одан әрі дамытты. Нәтижесінде «Октябрь үшін» пьесасы мен «Білекке-білек», «Үш күн», «Қасеннің құбылыстары», «Іздер» әңгімелерін, және «Абай» [7, 13] атты зерттеу еңбегін жазды. Сонда болашақ «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылуының алғашқы арнайы шығармашылық лабараториясы осы уақытта мықтап қолға алына басталғандығын аңғарамыз. 1930 жылға дейін жазушылық жолында бірнеше кесек туынды жазып дүниеге әкелген қаламгердің «Хан Кене» пьесасы мен «Қилы заман» повесі сол заманда қатаң сынға ұшырап ақыры жазушыны абақтыға жабумен аяқталғандығы аян. Сондықтан 1930 жылдардан кейінгі туындыларында ұлы жазушының астарлап жазу, арнайы үкіметтің тапсырмасымен жазу секілді сан қилы шығармашылық жолы басталған еді. Мәселен, ұлы жазушының абақтыдан босап шыққаннан кеінгі алғашқы шығармасы «Октябрь үшін» пьесасын арнайы үкімет тапсырмасымен жазғандығын дәлелдейтін құжаттар бар. Пьесаны оқу барысында «тапсырма берілген» кезде қазақтар мен аз ұлттар өкілдерінің Қазан төңкерісіне қатысуын баса көрсету талап етілгені айқын көрінеді [8, 108]. Дегенмен, М.Әуезов өз өмірінің ең бір қиын, қатерлі кезеңінде арнайы тапсырмамен, анықталған идеологиялық талаптармен жазылған шығарманың өзінде суреткерлік шындыққа адал болып қалған.
Қазақ әдебиетінде ұлы ойшыл, ғұлама ақын, хакім Абайға ең жақын барып зерделеген зерттеуші М.Әуезов екендігі белгілі. М.Әуезовтің ұлы ақын Абайдың рухани мұраларын жинастырып, баспадан бастырғанда, ол туралы кесек туынды жазғанда, әдебиеттің көркемдеуіш құралдарын молынан қолданып өмір шындығы мен көркемдік шындықты шебер сабақтастыра отырып суреттеуінде үлкен астар бар. Ол жазушының аса зеректігі мен шеберлігінің нәтижесі. Дана Абайды бүгінгі қазақ философ ғалымдары бір ауыздан ойшыл деп мойындап барлық еңбектеріне енгізді. Дегенмен, бұл туралы 1920 жылдары арнайы мақала жазған М.Әуезов «Абайды философ деуге болмайды. Себебі философ болу үшін белгілі философиялық жүйе болуы керек. Абайда олай емес. Абайда данышпан ақындарда болатын философиялық пікір бар» [9, 43] — деп өз ойын білдірген еді. Демек, ұлы ақын Абайдың философиялық ойларын алдымен оның өлеңдерінен іздеуіміз абзал. М.Әуезов өзінің шығармашылығында сөз қылған философиялық ой-толғамдары негізінен өмірдің мәнін түсіндіруге бағыттағанда оған Абайдың философиялық пікірлері де ықпалын итигізгендігі анық. Бұл екі ұлы тұлғаның даналық ойларының өзара үндесуі десек те болағандай. Мәселен, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өмірдің мәні және болмысы туралы терең толғана келіп:
«Махабатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» [9, 60]. – дейді «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңінің бесінші шумағында. Демек, ұлы ақынның мұнда көтеріп отырған мәселесі өмірдің мәнін толық түсіну үшін осы үш сүиуді басты назарға алған жөн. Яғни, адамзатты махабатпен жаратқандығы үшін жаратушы Алланы сүй, одан кейін барлық адамзат баласын ұлтына, нәсіліне, діліне, дініне қарамастан сүй, және осы жолда ең әуелі әділетті бол деп отыр. Бұл әлемдік ойшылдар мен тең түсетін, тіптен асып түсетін асқан гуманизмнің үлгісі. Ұлы ақынды барынша тереңінен таныған М.Әуезовтің бұл пікірді елемей кетуі мүмкін емес. Сондықтан, Абайды тану мен таныту арқылы ұлы жазушы өзінің ғұмырлық шығармашылығының басты бағыты гуманистік ой-толғамдарды барынша жоғары ұстауға бел байлаған. Осы ұстанымды барлық әңгімелерін жазуда арқау еткен. Алғашқы әңгімелерінде қорғансыз адамдардың тақырыбын жиі көтеріп озбырлықты суреттеуінен бастап адамзатқа ортақ гуманистік идеяны насихаттауды қолға алып, оны жазушылық жолының соңына дейін дамытып отырған. Мәселен, «Қорғансыздың күні» әңгімесінде қозғаған тақырыбына, яғни қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына кейін де талай рет оралған. Сөйтіп, «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде» сияқты көркем әңгімелерін жазды. Бұл ұлы жазушының 1920 жылдары жазған әңгімелеріне тән ерекшелік.
Енді 1930 жылдары жазған әңгімелеріндегі философиялық ой-иірімдерге тоқталайық. Бұл топқа негізінен «Білекке-білек», «Үш күн», «Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Ол күнгі Алматы», «Бүркітші» әңгімелері кіреді. Сол кездегі солақай саясаттың тигізген ықпалының салдарынан М.Әуезов прозасы көбіне көп әлеуметтік саясат мәселелеріне қарай ойысты. Мұнда социалистік реализм әдісін кеңінен қолданып бай мен кедейді өзара қырқыстыру секілді таптық күресті тереңірек сипаттау орын алды. Себебі, тұрпайылық белең алған сол қоғам түрмеден жаңа ғана босап шыққан қаламгерді большевиктердің дегеніне көнуге мәжбүр етті. Нәтижесінде 1929-1939 жылдардың арасындағы Кеңес үкіметінің жүргізген қуғындау, жазалау идеологиялық қысымда ұстау саясаты ұлы жазушыны шығармашылық еркіндіктен айырып, көкейкесті тақырыбынан бас тартуға соқтырды. Сондықтан, М.Әуезовтің осы жылдар арасында жазған әңгімелері негізінен Кеңес тақырыбына аналған еді. Оны сол уақыттағы солақай саясатты қолдаушы көзі ашық, көкірегі ояу озық ойлы деген Кеңес үкіметінің миссионер ғалымдары қатаң сүзгіден өткізіп отырды. Дегенмен, ұлы суреткер қаншама қысым көріп, арнайы тапсырыспен жазған шығармаларының өзінде ұлттық мұрат пен мүддені әсте естен шығармастан, айтатын ойларын астарлап суреттеп отырды. Мәселен, қаламгердің сол уақытта жазған көлемді әңгімесінің бірі «Қасеннің құбылыстары» деп аталатын психологиялық шығармасы. Бұл шығармада басты кейіпкер Қасен қазақтан шыққан үкіметтің жергілікті басқару аппаратында жұмыс істейтін кеңсе қызметкері. Оның құдай қосқан жары Жәмила да қазақтың өз арасынан шыққан қарапайым әйел болған басында. Екеуі де қайнаған қазақтың ортасында қырда өсіп, кейін есейе келе қалаға келіп тұрақтаған. Міне, осы кезден бастап олардың бойында түрлі психологиялық құбылыстар орын алып, қазаққа жат қылықтар жасау қылаң бере бастады. Ол қалада Қасеннің қолындағы тұрып, жоғары оқу орнында оқуын оқып жүрген туған інісі жас студент Сәлімнің шақыртуымен қырдағы ауылдан үйлеріне уақытша күн кешуге келген ағасы мен жеңгесіне қатысты оқиғамен суреттеледі. Онда: «Бірақ осы соңғы бір ай, әсіресе қырдағы үлкен аға мен жеңге келгеннен бергі он бес күн Сәлімге Қасен мен Жәмиланы шындап таныта бастаған» [10, 119] — деген жолдар Қасен мен Жәмиланың бойындағы психологиялық өзгерістерді байқатады. Яғни бұрын соңды қазақта болмағат жат қылық, өзінің үлкен ағасы мен жеңгесін төріне шығарып қонақжайлық танытатын қазақи мінез өзгеріп, болмашы нәрсеге айқай шығарып, жақтырмаған қалып танытып, түбінде үйлерінен кетуге мәжбүрлеу ісі. Әңгімеде Жәмиладан күтпеген ауыр сөздер естіген жеңгесі Сәлімге болған жайды былайша баяндайды:
— Мына табақты жамауға болады ғой…. Ақша берсең жаматайын деп ем… Мені ақша ұрламақсың дейді! – деп басын шайқап күрсініп, — бөтеннен де естиім деген сөзім емес еді! Өз туған келінімнен…..алақанға сап аялаған Жәмиладан…..амалың бар ма?
— Туған келін, кешегі мына кенжемнен, төремнен бетер көрген балам, бауырым деген Жәмила! – деп жеңге кемсеңдеп жылап жіберіп, көзін жеңімен сүрте отырып, — құрып қал дейді, ұры дейді. Мені былай қойшы, сақалды басымен мынаған!…. [10, 128]
Осы жайды мұқият тыңдаған Сәлім екеуін бұл үйден алып кетуге бел байлайды. Сәлім ескілік көлеңкесінен бас тартып, жаңа қоғамды, жаңа өмірді қабыл алған жас комсомол. Ол қаладағы орын алып отырған мұндай жағдаймен жылдам танысып, үйренісіп кететін қабілетке ие адам. Жазушы Сәлімнің бейнесі арқылы ескілік көлеңкесінде қалып отырған қазақ халқын, көзін ашып оянуға, жан-жағындағы өзгерістерді қабылдап соған жылдам бейімделуге қажет екендігін меңзейді. Себебі, дәл осы кезеңде М.Дулатов: «Көзіңді аш, оян, қазақ көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамасты» [11, 96] — деп атой салса, белгілі ғалым, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов:
«Қазағым елім,
Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып» [11, 83] — деп бүкіл қазақ қоғамын қалың ұйқыдан оятуға күш салып жатқан уақыт болатын. Алаш арыстарымен ұлттық күрес пен елдік мұрат жолында бір жақта болған М.Әуезов өз шығармаларында алаштықтар көтерген тәуелсіздік жолындағы күрескерлік идеясын астарлап жеткізіп отырды. Бар арманы қазақ елі өткен өмірін өзгертіп, жаңа қоғамның кері әсерлерінен аман қалып, басқа халықтар секілді мәдениет пен өркениетке ұмтылса екен деген талап пен тілектен туған орамды ойлар еді. Сондықтан әңгімеде Сәлімнің аузына «Сіздер әлі баяғының соңында. Ол орыннан жұрттың бәрі кеткен…» [10, 129] — деген сөзді салып, ескілікте қалмай жаңа қоғамға ұмтылып, қазақ елінің көзін ашуға талпыныс жасаған. Әңгімеде басты кейіпкер Қасен қаншалықты қалалық болып түрлі психологиялық өзгерістерге ұшырап, қазақи дүниетанымға оғаш қылықтар жасағанымен Үлкен Алматы биігіне оқтын-оқтын қарап өз ойын бір саралап, өзін жинақтап отырады. Кейде істеген әрекеттеріне іштей өкініш білдіріп, тәубәшілік жасап та тұрады. Бұл бір жағынан ұлы жазушының қазақ халқының ертегілерін терең зерттеп, оның кейбір элементтерін әңгіме жазуында қолданғандығын көрсетеді. Мәселен, Әңгіменің өн бойында Қасеннің Үлкен Алматы биігіне қарап онымен ойын түзеп отыруы М.Әуезов өзі үш топқа бөліп жіктеген қазақ ертегілерінің «Хиал-ғажайып ертегілер» топтамасына кіретін Аяз би ертегісіндегі Жаман кейін Хан болған шағында жыртық тоны мен жаман тымағын хан сарайының босағасына ілдіріп қойып, кейде хан тағының буымен көңілі тасып, асып бара жатқанда соған қарап тәубәсіна келетін оқиғаман ұқсас. Осы тұрғыдан келгенде бұл шығармада соншалықты жағымсыз кейіпкер жоқ, Қасеннің бұлайша құбылуы жаңа қоғамның белгілі бір оқиғалары түрткі болып ықпал етуінің арқасында өзгеруге мәжбүр болғандығын аңғартады. Демек Қасенді қаралап, оқиғаға бір жақты көзқарас қалыптастыруға әсте болмас. Қасен де қазақы ортада туып, қырда өсіп тәрбиеленген, тамыры қазақтың баласы. Оған түрлі жағдайлар әсер етпесе ол өздігінен оғаш әрекетке бармайды. Мұндағы жазушының астарлы ойы егер бүкіл қазақ баласы өзінің рухани тамырынан үзіліп, елдік санасы былғанса осындай оғаш қылықтарға жол беріп түбінде халқымыз құрып, құрдымға кетуі мүмкін деген идеяны меңзеген. Ал мұндай жағдай орын алғанда соны істеуге мәжбүр еткен ипериялық үкімет міз бақпастан бір қалыпты төртеуі түгел күйінде күн кеше бермек. Бұл туралы әңгіменің аяғында аға мен жеңгені Сәлім алып кеткеннен кейінгі Қасен мен Жәмиланың болған оқиғаға еш өкінбестен, керісінше іштей қуанғандары дәлел.
Бұдан шығатын шешім, егер қазақ халқы өздері қалың ұйқыдан оянып жаңашылдыққа ұмтылмаса, империялық үкіметтің сұрқия саясатының құрбаны болып, ұлттық дүниетанымы мүлдем өзгеріске ұшырап, түптің-түбінде ел ретінде жойылып кетуі мүмкін. Оған халықтық емес таптық мүдденің негізінде құрылған алып империялық үкімет бір сәтте ойланып қам жемейді, керісінше болған жағдайға өз арамыздағы алауыздықты кінәлап дегендеріне жетеді деген астарлы ой жатты. Мұның өзі ұлы суреткердің асқан шеберлігі екендігі анық. Бұған біз бүгінгі тәуелсіз еліміздің еркін ойлы азаматы ретінде ашық баға беріп, зерделеуге қол жеткізіп отырмыз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ұлттық әдебиетіміздің қанат жайып, тамырын тереңдету үшін өткен тарихымызды бір саралып, өз уақытында тиісті бағасын ала алмаған, астарлы жазылған шығармалар мен кемеңгер тұлғаларымыздың дүниетанымдарын бүгінгі күн тұғысынан талдаудың маңызы зор болмақ. Белгілі Мұхтартанушы ғалым Т.Жұрбайдың «Әр ұлттың рухани дамудың қандай дәрежесіне жеткені дана тұлғаларына деген көзқарас пен көркемдік өлшемнің деңгейі арқылы пайымдалады» деген пікірі өте орынды айтылған деп білеміз. Ойымызды қорыта келе айтарымыз М.Әуезовтің көркем әңгімелеріндегі философиялық ой-толғамдырдың тамыры тереңде, оның негізі өмірдің мәнін түсіну мен гуманистік идеяны насихаттау секілді ауқымы кең адамзатқа ортақ идеяға негізделген туындылар. Жалпы текстологиялық, хронологиялық жағынан қарастырғанда М.Әуезовтің жазушылық эволюциясында оның мақалаларынын кейінгі орынды көркем әңгімелері алады. Жазушы қаламынан туған әңгімелердің қай-қайсысын алсақ та түсінікке ауыр, терең философиялық трактаттар емес екендігі белгілі. Дегенмен, ол әңгімелерде сан түрлі образды кейіпкерлердің тағдыры мен қарапайым ауыл өмірін, ескі мен жаңа заманды салыстыра суреттеу арқылы рухани құндылықтарды сақтап, сол арқылы өмірдің негізгі мәнін түсіндіруге талпыныстар жасалынған. Таза қазақи дүниетанымының даналық ой-иірімдері өзіндік боямасымен ерекшеленген. Егер ұлы ойшыл жазушының алғашқы мақалаларында философиялық ойтолғамдар айтып, терең теориялық талдаулар жасалса, одан кейінгі көркем әңгімелерінде сол өзі зерделеп сөз қылған теорияның практикада іске асырылуын суреттеген. Яғни қарапайым қазақи тіршіліктегі сан алуан адамдардың тұрмысын шебер суреттеу арқылы дүниенің мәнділігін түсіндіруге талпыныс жасаған. Оны жазушының алғашқы «Қорғансыздың күнінен» бастап барлық көркем әңгімелерін оқып, зерделегенде көз жеткіземіз. Сондықтан, уақыт өткен сайын оларды танып-білудің тамыры тереңдей береді деген ойдамыз.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Құңфудзы. Кеңес пен толғам (Ғақылия). Аударған М.Мағауин. — Алматы:
«Қайнар», 2001. – 224 бет.
2 Пірәлі Г.Ж. Қазіргі Мұхтартану: 1-кітап . – Алматы: «Елтаным баспасы», 2014. – 320 бет.
3 Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек Жолы», 2014 ж. 1 том: Мақалалар, пьесалар. 1917-1920. – 464 бет.
4 Нысанбаев Ә., Есім Ғ. Халықтық дүниетаным. // Егемен Қазақстан. – 1991. – 14 тамыз.
5 Төкенов Ө. Ғылым философиясы және тарихы. (Тәжірибелік негіздегі оқулық). – Тараз, 2008. -193 бет.
6 Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Қазақша және орысша жазылған зерттеулер, мақалалар. Жалпы редакциясын басқарған Ы.Дүйсембаев. – Алматы, «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы», 1959. – 579 бет.
7 Әуезов М. Энциклопедия. Бас редакторы С.Қасқабасов. Алматы, 2011. — 686 бет.
8 Әбдіғұлов Р. Әуезовтанудың кейбір мәселелері. Алматы: Олжа, 2009. – 172 бет. 9 Есімов Ғ. Хакім Абай: (даналық дүниетанымы) – Алматы: Атамұра – Қазақстан,
1994. — 200 бет.
10 Әуезов М. Көксерек повесі мен Бүркітші және басқа әңгімелері. Құрастырған О.Асқар. – Алматы: «Балауса» баспасы, 2006. – 512 бет.
11 Әбдіқадырова Т.Р. Әбдімомынов Е.Б. Алаш және ұлт әдебиеті. (ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті). Оқу құралы. – Тараз, 2017. – 308 бет.
В данной статье с современной точки зрения по-новому осмысливается познавательный характер философских мыслей в рассказах классика казахской литературы М.Ауэзова, проводятся теоретические анализы с точки зрения национального миропознания. Проводится глубокий анализ главной идеи, поднятой в рассказах великого писателя, дающей картину гуманистического характера, она излагается взаимосвязанно с учениями о доброте великого акына Абая и восточного гения Конфуция. Для этого подготовлен обзор исторической ситуации в казахском обществе второй половины ХІХ века, тем самым расширяется исследовательский масштаб темы.Взаиморазличаются и всесторонне анализируются особенности содержательного, тематико-идейного характера рассказов М.Ауезова, написанных в 1920 и 1930 годы. Кроме того, проводя сравнение различных психологических проявлений внутреннего мира персонажей художественных рассказов великого писателя с природными явлениями, обращается особое внимание на мастерство описания, уточняется посредством сравнительного метода.
In this article, from the modern point of view, the cognitive nature of philosophical thoughts in the stories of the classic of Kazakh literature M.Auezov is interpreted in a new way, theoretical analyzes are carried out from the point of view of national world outlook. An in-depth analysis of the main idea raised in the stories of the great writer, giving a picture of a humanistic character, is presented in conjunction with the studies on the kindness of the great akyn Abai and the eastern genius of Confucius. For this purpose, an overview of the historical situation in the Kazakh society of the second half of the nineteenth century has been prepared, thereby expanding the research scope of the topic. The features of the substantive, thematic and ideological character of M.Auezov’s stories written in 1920 and 1930 are varied and comprehensively analyzed. In the addition, comparing the various psychological manifestations of the inner world of the characters of the great writer’s artistic stories with natural phenomena, special attention is paid to the skill of describing, specified by a comparative method.