КІТАПХАНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Н.Ғ. Аниева
г.ғ.м., аға оқытушы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы, anieva78@mail.ru

КІТАПХАНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Мақалада кітапханалық қызмет көрсетуді әдістемелік қамтамасыз етудің үдерістері туралы баяндалған. Кітапханаларды әдістемелік қызметпен қамтамасыз етуді басқаратын білікті кітапханашылар заман талабына сай біліммен қаруланған болуы қажет. Кітапхана жұмысында озық іс-тәжірибені пайдалану, түйінді мәселелерді зерттеп зерделеу, жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану ұйымдастырушылық әрі педагогтық қасиеттерді талап етеді. Кітапханадағы әдістемелік жұмыс кітапхана ісін жаңғыртуға, жаңалықтарды игеруге, кітапханашылардың біліктілігін арттыруға бағытталады.

Түйін сөздер: кітапханалық қызмет, әдістеме , біліктілік, кітапхана, ақпараттық технологиялар, әдіскер, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, әдістемелік мониторинг

КІРІСПЕ
Егеменді еліміздің рухани жаңғыруына, кемелденіп шарықтауына мәдени ошақ – кітапханалар өзіндік үлес қосуда. Бүгінгі таңда кітапхана қоғамның көпфункционалды , көпдеңгейлі, ақпарат таратушы әлеуметтік институты рөлін атқарып отыр. Ұлттық құндылығымызды сақтап, жазба мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында тың жұмыстар атқарылуда. Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етті. Кітапхана дүние жүзінде де, елімізде болып жатқан жатқан іс — шаралардан ешуақытта тыс қалмайды. Бүгінгі ақпаратты пайдаланушылардың интеллектуалдық деңгейі мен сұраныстары күрделі, мазмұны да өзгерген. Адамға қызмет ету, оның көңілінен шығу, іздегенін тез және толықтай тауып беру кітапханашыбиблиографқа жүктелетін үлкен педагогикалық- психологиялық ауыр жүк. “Ғылыми ойлар адамнан адамға кітап арқылы беріледі” деген қағиданы ұстанған кітапхана қызметкерлері де оқырмандарға ғылыми әдебиеттер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен мерзімді басылымдарды өз уақытында ұсынуда.Кітапхана ісіндегі маңызды рсурстардың бірі- кітапхана маманы. Кітапхана қызметкерінің біліктілігіне –сапалы білім, жұмыс тәжірибесі және білімді жетілдіру жатады [1, 28]. Білікті кітапханашы-библиограф кітапхана жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету нәтижесінде кітапхананың қарқынды дамуына үлес қосады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кітапханаларды әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету кітапхананың барлық әдістемелік жұмысын үйлестіретін кітапхананың арнайы әдістемелік қызметіне жүктеледі. Бұл жұмысқа кітапхана басшылары мен құрылымдық бөлімдердің жетекшілері де қатынасады. Соңғы жылдары кітапханалардың әдістемелік қызмет көрсету бағыттарынан маркетингтік бағытқа баса ден қойған кітапханалар әдістемелік қызметтің қажеттілігін түсініп қайтадан кітапханаларға әдістемелік көмек көрсету қызметтерін жандандыруда. Әдістемелік қызметті кітапхананы не кітапханалар жүйесін әдістемелік қызметпен қамтамасыз етуге жауапты құрылым жетекшісі басқарады. Әдіскер мамандығы кітапханашы мамандығының ішіндегі ең күрделі мамандық қатарына жатады. Әдіскер кітапхана ісінің тарихы мен бүгінгі жағдайын, ғылыми-зертгеу мен ғылыми-әдістемелік негіздерін жетік білуі тиіс. Ол ұйымдастырушылық әрі педагогтық қасиеттерге де ие болуы қажет. Әдістемелік жұмыс қызметті тиімді де нәтижелі орындаудың тың жолдарын қарастыратын шығармашылық ізденістерден тұрады. Әдіскер кітапханашылардың жұмысына баға бере отырып, оларды әдістемелік жұмысқа тарта білуі керек. Әдістемелік орталықтарда кітапханашы мамандығы ішінде, әдіскер мамандар кітапханалардағы жаңалықтың жаршысы, кітапхана ісінің қозғалтушы күші ретінде құрметті орынға ие болулары тиіс. Кітапхана жұмысында озық іс-тәжірибені пайдалану, түйінді мәселелерді зерттеп зерделеу, жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану шараларын енгізуді әдіскерлерсіз елестету мүмкін емес. Әдіскер болып міндетгі түрде арнайы кітапханалық білімі бар іс-тәжірибесі мол білікті мамандар тағайындалады.Әдіскер кітапханашылардың көмекшісі бола отырып, ұжым мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болулары керек. Әдіскердің біліктілігі, ой-өрісінің жан-жақты кеңдігі, іс-тәжірибесінің арқасында жұмыс ретін талдай отырып, олқылықтарды жоюдың тиімді шараларын қарастыра алуы,интеллекті жоғары, шығармашылық ізденісте жүретін қасиеттері әдістемелік жұмыс жүргізуде аса маңызды роль атқарады. Әдістемелік құрылымның құрамында міндетті түрде кітапхана ісі мәселелері жан-жақты қамтылған құжаттардан жинақталған арнайы оқырман залы не әдістемелік кабинет болады. Орталық көпшілік кітапханалардағы әдістемелік кабинеттерде кітапханалар жүйесіне байланысты құжаттар: әр кітапхана туралы мәлімет, жоспарлары, есептері мен жұмыстары туралы ақпарат, кітапхана қызметі жайлы әртүрлі анықтамалар, басқа кітапханалармен қарымқатынасы туралы құжаттар жинақталады. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық құжатгар жинақтары да қор құрамының ерекше бөлігі болып табылады. Арнайы папкаларда кеңестер, хаттар, ұсыныстар және басқа да әдістемелік материалдар сақталады[2, 42].
Әдістемелік бөлім кітапхана ісіне байланысты каталогтар, картотекалар, дерекқорлар жүргізеді. Орталық кітапханаларда кітапханалар жүйесіндегі әр кітапхана туралы, кітапханалардың қызмет көрсететін аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпарат жинақталған картотекалар жүргізіледі. Бұл картотекаларды дәстүрлі (карточкалық) түрде, не болмаса электронды түрде ұйымдастыруға болады. Әдістемелік қызметте шұғыл полиграфия өнімдерін басу, байланыс құрылғыларын, мультимедиялық технологияларды кеңінен пайдалану өте маңызды.
Облыстық, аудандық кітапханалардың әдістемелік бөлімдері әдістемелік жұмыстың жоспарын дайындайды. Жоспар негізінен кітапхана жұмысының ағымдағы және болашақтағы мақсатымен үндестіріліп, кітапхананың барлық құрылымдық бөлімдерінің жұмысымен үйлестіріледі. Сондықтан әдістемелік жұмыстың жоспары әдістемелік бөлімнің ғана емес, кітапхананың барлық бөлімдерінің әдістемелік жұмыстарының жиынтық жоспары болып табылады. Жиынтық жоспарды дайындау және оның іске асырылуының негізгі қозғаушы күші болып әдістемелік бөлім танылады. Әдістемелік жұмыстың жоспары кітапхана жұмысының негізгі көздеген мақсаттарының орындалуына бағытталуы тиіс. Әдіскерлер арасында жұмыс әдістемелік қызмет түрлеріне бөлінген уақыт мөлшерлеріне байланысты бөлінуі тиіс. Әдіскерлер күнделікті атқарған жұмыстарын жеке күнделіктеріне белгілеп отырады. Кітапханалардың ғылыми-әдістемелік жұмысы өз алдына екі бағытты қамтитын бөлімдерден тұрады. Бір бағыты кітапхана ұжымына не болмаса ОКЖ-ға арналған әдістемелік көмек, екіншісі әдістемелік орталықтың белгілі бір жүйедегі кітапханаларға арнаған әдістемелік көмегі. Кітапхана ісіне әдістемелік көмек көрсету деген ұғымның түп тамыры «әдіс» деген терминмен тығыз байланыстырылады. Әдіс дегеніміз теория мен істәжірибені ұштастыра отырып зерделеу арқылы белгілі бір жұмыс ретін пайдаланып нақты бір нәтижеге қол жеткізу. Осындай жұмыстардың жүйеленіп жинақталған жиынтығы әдістеме деген ұғымды қалыптастырады. Әдістеме жұмысын ойластыру және жетілдіру — әдістемелік қызметтің міндеті. Ол жұмыс кітапхана ісін жаңғыртуға, жаңалықтарды игеруге, кітапханашылардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Әр кітапханашы, әсіресе жоғары білімі бар маман тек қана кітапхана жұмысының әдістемесін білуімен шектеліп қана қоймай білімі мен біліктілігі оны әрі қарай дамытуға жеткілікті, өзі жеке әдістемелік шешім қабылдауға қабілетті болуы керек.
Кітапханалар жүйесінде әдістемелік қамтамасыз ету шараларын арнайы әдістемелік орталықтар – орталық кітапханалардың әдістемелік бөлімдері атқарады. Кітапхана ұжымына және кітапханалар жүйесіне көрсетілетін әдістемелік көмек жұмыстары бір мақсатты көздейді — кітапханалар қызметін бірыңғай қағидаларға» сүйеніп: ғылыми, белсенді, ұсынысты, жедел, әр кітапхананың өзіндік қызмет көрсету ерекшеліктері ескерілген тиімді жаңа ұсыныстармен, әдістемелермен қамтамасыз ету. Әдістемелік қызмет кітапханашыларды шығармашылық ой-өрісті дамытуға, мәселені шешуде қалыптасқан дәстүрден басқа да қырлар іздеуге, тапсырылған жұмысқа деген өзіндік қолтаңбамен жауапкершілікке тәрбиелейді, білікті маман ретінде ойлауға және іс-әрекет жасауға үйретеді. Кітапханаларды әдістемелік қамтамасыз етудің негізгі мақсаты, олардың жұмыстарын барынша жан-жақты болуына әсер ете отырып, кітапханашылардың білікті маман ретінде қалыптасуына, шығармашылық бастамаларын дамытуға, өздерінің «сара жолын» табуларына ықпал ету, тиімді кеңестер беріп білікті кітапханашылардың жүргізіп жатқан жаңа бастамалары туралы жедел ақпарат тарату. Әдіскерлердің ұсынысы жалаң ұсыныс емес, кітапхана ісіндегі оң қадамдарды дәріптей отырып, кітапханашыларды шығармашылық ізденістерге талпындыру болып табылады. Әдістемелік шешімдер мен ұсыныстарда ғылыми қағидаға, яғни белгілі бір талдау, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйену керек.
Белсенділік қағидасы дегеніміз әдістемелік көмек барысында кітапханалардан келіп түскен сұранысқа жауап беріп қана қоймай, оны әрі қарай дамытып іс-тәжірибеде жаңа әдістер мен жұмыс түрлерін пайдалану жолдарын көрсету. Ең бастысы әдістемелік орталық тарапынан белсенділік таныту, кітапханашылардың шығармашылық бастамаларына кедергі болмай керісінше қолдау көрсете отырып, кітапхана ісіндегі оң бастамаларды игеруге атсалысу. Осыған байланысты кітапхана жұмысын әдістемелік қызметпен қамтамасыз етуде ұсыныстық қағидасының орны ерекше, себебі әдістемелік шешімдер мен ұсыныстардың орындалуы міндетті емес. Олар тек ақыл-кеңес ретінде айтылады, ал кітапханашылар айтылған ұсыныстарды саралай отырып, өз жұмыстарында пайдалануға ыңғайлы оқырман талабынан шығуға көмек бере алатын ұсыныс жолдарын тандайды. Жеделдік қағидасы әдістемелік жұмыс жүргізу кітапхана қызметіндегі олқылықтарды жедел анықтап, оларды уақытылы шешудің жолдарын қарастырады. Уақытымен анықталып, тиімді ұсынылған ұсыныстар мәселенің оң шешілуін қамтамасыз етеді. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету барысында кітапханалардың түрлері мен типтері ондағы қызмет жүргізу тәртіптері мен кітапханашылардың білімі, біліктілігі, кітапхана жағдайының ескерілуі өзіндік қағидасымен жүзеге асырылады. Кітапханалар мен кітапханалар жүйесін әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету өзара байланыстағы бірнеше бағытты қамтиды: аналитикалық, әдістемелік — кеңестік, инновациялық. Тағы бір бағыты біліктілікті арттыру және кітапхана кадрларын қайта дайындау. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз етудің негізі кітапхананың не кітапханалар жүйесінің жұмыс жағдайына аналитикалық талдау жасаудың нәтижесіне сүйенеді. Аналитикалық талдау әдістемелік мониторингке жүгінеді, яғни кітапхана жұмысының бағыттарындағы өзгерістері, орындалу деңгейі анықталып, дамыту мәселелерін қамтитын әдістемелік шешім қабылданады. Аналитикалық талдаулардан кейін кітапханашыларға ұсыныстық кеңестер мен іс-тәжірибелік көмек көрсетуді мақсат еткен әдістемелік-кеңестік көмек көрсетіледі. Бұл көмек тек кітапханашьшар тарапынан түскен өтініш бойынша ғана емес, кітапхана басшыларынан, қүрылым жетекшілерінен түскен өтінінггер бойынша да белсенді түрде жүргізіледі. Оқырмандарға қызмет көрсету барысында кітапхана ісі саласындағы инновациялық оң қадамдарды іздестіре отырып, бағалап кітапхананың іс-тәжірибесіне бейімдеп енгізу мақсатында жүргізілетін инновациялыц қызмет бағыты маңызды деп танылуда. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету барысында кітапханалар немесе кітапхана жүйесіне әдістемелік ықпал етудің тиімді ретін қамтитын бірбірімен тығыз байланысқан қызмет аясы қалыптасады. Әдістемелік мониторинг кезінде анықталған кітапхана ісі саласындағы жаңалықтар, кітапханалық теория мен іс- тәжірибенің жетістіктері туралы кітапханашыларға толық библиографиялық және деректік ақпарат беретін әдістемелік қызметпен қамтамасыз етудегі ақпараттық қызмет аясының маңызы өте зор. Ақпараттық қызмет педагогикалық қызметпен тығыз байланыста жүргізіледі, себебі кітапханашыларға жаңалықтарды енгізу туралы ақпараттарды ұсыну, оқыту, үйрету жұмыстары қатар жүргізіледі. Педагогикалық қызметтің негізіне кітапханашылардың біліктілігін көтеру мен кітапханашыларды қайта дайындау жұмыстары кіреді. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету барысында ұйымдастырушылық қызметтің де болуы тек қана әдістемелік-кеңестік көмек емес, әдістемелік шешімдерді жүзеге асыру жұмыстарын да енгізу қарастырылады. Бұл жағдай кітапхана басшылары мен әдіскерлердің кітапханашылармен тығыз қарым-қатынасы арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде, кітапхана ісіндегі жаңалықтарды кітапхана жұмысында пайдалануға барынша толық жағдай жасалады. Соңғы кездері әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету барысына біршама өзгерістер еніп, ғылыми-зерттеу, зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенетіндіктен зерттеу, зерделеу жұмыстарының маңыздылығы артуда. Зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу кітапхананың іс — тәжірибесін талдап қорытындылауға, кітапхана жұмысына жаңа үрдіс беру мақсатында эксперимент жасауға мүмкіндік береді, кітапханашьшардың шығармашылық ой-өрісін дамытуға әсерін тигізеді. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз ету барысында жоғарыда аталған бағыттар мен қағидаларды қызмет аясында жеке дара пайдалану олардың бір-бірінен оқшаулануы деп танымауымыз керек. Іс-жүзінде олар бірбірімен тығыз байланыста. Әдістемелік қызметпен қамтамасыз етудің негізіне әдістемелік орталықтардың аналитикалық талдау жұмыстары жатады, себебі білікті әдістемелік ұсыныстар кітапхананың ағымдағы жағдайдағы жұмыс ретін, деңгейін талдау арқылы туындайды. Әдістемелік мониторинг дегеніміз — кітапхана ісіндегі өзгерістерді қадағалау. Ол талдау арқылы кітапхана ісінің жай-жапсары туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Әдістемелік мониторинг жасаудың маңызы, кітапхана қызметін үздіксіз бақылай отырып, өзгерістер мен жаңа деректерді анықтау. Әдістемелік мониторинг жасауға:
✓ кітапхана көрсеткіштерінің өсу динамикасы;
✓ кітапханадағы кадрлар қозғалысы;
✓ жаңалықтарды іздестіріп таратуы;
✓ қолданыстағы кітапхана ісі бойынша жинақталған құжаттар легі жатады.
Осы аталған бағыттар бойынша жедел ақпараттар алу, кітапхана көрсеткіштерінің өсу динамикасын бақылау жұмыс барысына баға бере отырып, кітапхананы не кітапханалар жүйесін жетілдіру мақсатында әдістемелік ұсыныстар дайындауға негіз болады. Кітапхана қызметі жайлы деректерді жинақтауда әртүрлі кітапханалық құжаттар (есептер, жоспарлар, басқа да ақпарат көздері); кітапхана қызметкерлерінің жиналыстары, конференциялар, семинарлар материалдары; жергілікті ақпарат құралдарындағы жарияланымдары қолданылады. Десек те, кітапхана жұмысы туралы толық мәліметті кітапхананың не құрылымдық бөлімдерінің жұмысымен тікелей таныса отырып көру, талдау, зерделеу арқылы алған өте тиімді нәтижелі әдіс болып танылады. Жұмысты жан-жақты талдау, зерделеу, енгізіліп жатқан жаңалықтарды анықтау, кітапхана жұмысының әлді, әлсіз бағыттарын бағалау әдісі жұмысқа бақылау жүргізу мақсатында, аяқ астынан барып кітапхана жұмысын тексергеннен нәтижелі болады. Талдау, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кітапхана басшылығының рұқсатымен кітапхана ұжымына кең көлемде кеңестер мен нақты іс-тәжірибелік көмектер беріледі. Талдау, зерделеу жұмыстары кезінде кітапхана жұмысының барлық бағыттары бойынша, не бір белгілі мақсатпен нақты бір бағыттың (тақырыптың) жай-жапсары анықталады. Бұл жұмысты бір әдіскер маман, не болмаса әртүрлі құрылымдық бөлімдердің мамандарынан тұратын арнайы топ жүргізеді. Кітапхана жұмысын зерделеу тиянақгы дайындықты талап етеді, алдын-ала зерделеу нысандары, өткізілетін уақыты белгіленген жұмыс жоспары құрылады. Зерделеу барысында кітапханашының жұмысын тікелей бақылау тәсілі негізгі тәсілдердің бірі болып табылады, сонымен қатар кітапханашылармен және оқырмандармен әңгімелесу, оларға сауалнама тарату арқылы кітапхана қызметі жайлы пікірлерін білу, құжаттармен танысу жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсілдердің барлығы бірін-бірі толықтырып, кітапхана жұмысы туралы толықтай мағлұмат білуга мүмкіндік туғызады. Жинақталған нақты деректерді талдау негізінде кітапхана жұмысының бағыттарына баға беріліп, деңгейі анықталады. Талдау нәтижесі кезінде қарастырылған мәселелердің жағдайы туралы жан-жақты көрсетілген анықтама беріледі. Анықтамада кітапханадағы оң өзгерістерге тоқтала келіп, анықталған кейбір олқылықтардың себеп-салдары мен оны түзету жолдары көрсетіліп, жалпы кітапхана жұмысын жетілдіру, дамыту туралы ұсыныстар беріледі [2,46].

ҚОРЫТЫНДЫ
Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруда, жаһандық әлемге қадам басқан өресі биік оқырманның ақпараттық сұранысын қанағаттандыруда кітапханалық қызметті әдістемелік қамтамасыз ету – өзекті іс. Ақпарат алудың құралы мен тәсілдері дамыған қазіргі ақпараттық технологиялар заманында кітапханаларға өз рөлін, орнын сақтап қалу қиынға соғуда. Қоғам мен ақпарат арасында бәсекеге қабілетті дәнекер болып, қолданушыларға миллиондаған ақпараттар легінде бағыт-бағдар беріп, мәліметтердің, деректердің сапасы мен шынайылығын қадағалап отыру үшін кітапхана озат компьютерлік техника мен жоғары білікті кадрлық құрамнан тұратын қуатты ресурстық әлеуетке ие болуы тиіс.Кітапханалар өз қызметін бүтіндей қоғамның, адамдардың сұранымына бағыттай отырып, азаматтардың ақпаратқа, білімге, идеяға, мәдени құндылықтарға емін-еркін қолжетімділіктерін қамтамасыз етуді өздерінің маңызды міндеттері санайды.Кітапхана қызметін әдістемелік қамтамасыз ету білікті мамандардың қызмет көрсету нәтижесінің деңгейін арттыра бермек.
Кітапхана саласы Елбасының Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген басты басым бағыттарды назарға ала отырып мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен озық елдердің қатарына ену жолында өз кезегінде үлесін қосуда. Қазіргі уақытта кітапханалардың көпшілігі жаңа технология жетістіктерін күнделікті жұмыстарын жандандыру мақсатында қарқынды түрде енгізіп, цифрлық сауаттылықты арттыра отырып оқырмандарға сапалы қызмет көрсетуді және жаппай қолжетімділікті қамтамасыз етуді қолға алды[3,43].
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды сақтап, оны жас ұрпаққа табыстап бойына сіңіруде кітапханалар маңызды рөл атқарып келеді. Еліміздің бірқатар таңдаулы кітапханалары кәсіби әдістемелік көмек көрсету және заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы халыққа ақпараттық қызмет көрсетуде алдыңғы қатарға шығып, елдің дамуына зор үлес қосуда.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Кітапханалық жаңа жобалар– заман талабы// Кітап және кітапхана – 2019. –№1. – Б.28-32. 2 Кітапханашы анықтамалығы. II бөлім/ ҚР Ұлттық кітапханасы; құраст.: К.К. Қоштаева, Г.А. Маханбетова, Г.Т. Рахимжанова, Г.Т. Ауғанбаева. – Алматы, 2016 – 240 б.
3 Кітапханаларды модернизациялау аясындағы заманауи кітапханашы моделі// Кітап және кітапхана – 2018. –№ 04. – Б.43–46.

Н.Г. Аниева
Методическое обеспечение библиотечного обслуживания
Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова, г. Кокшетау, Казахстан
В статье изложены процессы методического обеспечения библиотечного обслуживания. Квалифицированные библиотекари, которые управляют методической деятельностью библиотек, должны быть оснащены современными знаниями. Использование передового опыта в библиотечной работе, изучение ключевых вопросов и использование новых информационных технологий требуют организационных и педагогических качеств. Методологическая работа в библиотеке направлена на модернизацию библиотечного дела, разработку новинок, повышение квалификации библиотекарей.

Anieva N.G.
Methodical provision of library services
Sh. Ualikhanov Kokshetau State University,
Kokshetau, Kazakhstan
The article describes the processes of methodical provision of library services. Qualified librarians, who run the methodical activity of libraries, should be provided with modern knowledge. Best practices in library work, exploring the key issues and the use of new information technologies require organizational and pedagogical qualities. Methodological work at library aims at modernization of librarianship, developing new products, improving the qualifications of librarians.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *